• Ұлттану
  • 03 Маусым, 2013

ДӘСТҮРЛІ МЕНТАЛЬДІК ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ

Қазақтың ұлттық дүниетанымы мен философиясы сан ғасырдан бері халқы­мызбен бірге жасасып келе жатқан фольклоры мен әдебиетінде жатқаны анық. Онда халықтың өмір сүрген ортасына, тарихи кезеңдерді бастан кешіруіне байланысты жинақталған көзқарасының көркем формасы көрініс табады. Ал, соны бүгінгі заман талабымен, бүгінгі үдеріспен байланыстыра талдау ұлттық ғылымымыз бен мәдениетіміздің заманауи бағытта дамуына үлкен әсері болары сөзсіз. Қазақ әдебиеттану ғылымында дәстүрлі мен­таль­дік тақырыбында індете зерттеген ғылыми еңбектер әлі жазыла қойған жоқ. Соның алғашқы бастамаларының бірі ретінде белгілі әдебиеттанушы ғалымдар Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы, Амантай Шәріптердің бірігіп жазған «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік» атты монография­сын атауға болады. Кітаптың жауапты редакторлары – ҚР ҰҒА академиктері Серік Қирабаев пен Сейіт Қасқабасов.


Ұлттық әдебиетіміздің арғы-бергі тарихы мен теориясын зерделеп жүрген ғалымдар талай жылғы өз зерттеулеріндегі дәстүрлі ментальдік мәселесіне қатысты маңызды тұстарды ғылыми жинаққа топтастырған. Кітапта қазақ халқының әр замандағы өзіне тән тұрмысы мен тіршілігіне, ақыл-ойы мен сана-сезіміне, айналадағы дүниені тануының әдебиеттегі көрінісіне жүйелі түрде талдау жасалады. Шығарма мәтіндерінің әлеуметтік, мәдени, психологиялық, лингвистикалық қырларын талдай отырып, іргелес гуманитарлық ғылымдармен пәнаралық байланысты да басты назарда ұстайды. Әлемдегі психоанализ, герменевтика, структурализм, се­миотика, т.б. озық ғы­лыми-теориялық және методологиялық мектептердің қазақ әдебиеттануында әлі кеңінен қанат жая қоймауына байланыс­ты кітап авторлары негізінен шетелдік ғалымдардың тәжірибелеріне сүйене отырып зерттеу жүргізеді. Кітап негізгі үш үлкен тараудан тұрады.
Ғалым А.Шәріп зерттеген «Әдеби-тарихи үдеріс және дәстүрлі ментальдік» атты алғашқы тарауында «Ментальдік» ұғымының пайда болу тарихына, оның философия мен мәдениеттану саласында қолданылуына ерекше назар аударады. Аталмыш ұғымды Еуропа ғалымдарының әр кезеңде қолдану деректеріне ғылы­ми сараптама жасайды. Ал, қазақ мен­талитетінің қалыптасуына әсер еткен факторлар ретінде көшпелі өркениетті, Батыс пен Шығыс арасын­дағы тран­зитті жағрафиялық жағдайды, Тәңір­шілдіктен қалған наным-сенімдер мен Ислам дінінің ұштастығын атап өтеді. Аталмыш тарауда А.Шәріп осының бәрін жинақтай келе қазақ әдебиетіндегі ұлттық ментальдіктің генезисінің, эволюциясы мен трансформациясының рухани көріністерін алты кезеңге бөліп көрсетеді. Мәселен, бірінші кезең­нің көрінісін, сонау, түркілік түпнегіз уақы­ты­нан қазақ хандығының қалыптасуы тұсындағы жыраулық поэзиядан іздесе, екінші кезеңге ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы мен орыс отаршылығы төбе көрсеткен тұсты белгілейді. Дәл осы уақытта ғұмыр кешкен Бұхар жыраудың шығармалары ұлттық бірігу идеясының түпқазығы болғанын айтады. Ал, үшінші кезеңге ХІХ ғасырда қазақ жұртының Ресейдің қол астына өту кезіндегі әртүрлі көзқарас-концепциялар тұрғысында жырлаған ақындарды бірнеше топқа бөледі. Олар: халықты ұлт-азаттық көтеріліске үндеген Махамбет бастаған ақындар, отаршылыққа өткір тілімен наразылық танытқан Дулат, Шортанбай, Мұраттар бастаған «Зар заман» ақындары, ұлттың өзін-өзі сақтау сарынында жырлаған Абай және ағартушылық бағыттағы ақындар. Төртінші кезеңге ХХ ғасыр басында жетекші орынға шыққан саяси күрескерлік тенденцияны бас­ты назарға ала отырып, түрікшілдік, милләтшілдік, жәдитшілдік, Алаш идеяларын ту етіп ұстанған А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, С.Торайғырұлы, М.Жұма­байұлы т.б. ақындарды топтастырады. Бесінші кезеңге Кеңестік Үкімет уақытында тотали­тар­лық жүйе жағ­дайын­дағы таптық мүдденің тасасында күн кешкен этностық белгі-сипат­тарды атайды. Ол белгілер қазақ-кеңес ақындары Қ.Аманжоловтың, Қ.Бек­қожиннің, Ә.Тәжібаевтың, Ж.Мол­дағалиевтің, Қ.Мырза Әлидің, Ж.Нәжі­меденовтің, М.Мақатаевтың, т.б. ақындардың шығармашылығы арқылы сипатталғанына тоқталады. Ең соңғы алтыншы кезеңді Тәуелсіз Қа­зақстан Республикасының жаңғырып, жаңару кезіндегі ұлттық көркемөнерінің барлық саласында бейнеленетін көш­пелі дәуірлердің дүниетанымдық құндылықтары екенін атап көрсетеді.
Ғалым А.Шәріп ақындар шығармашы­лығындағы ұлттық мінез көрінісі мен дәстүрлі ментальдіктің күрделі арақа­тынасын зерделей отырып, оның жыраулар поэзиясында, Абай өлеңдерінде, М.Жұмабайұлы, т.б. қаламгерлердің шығар­маларында бейнеленуіне жан-жақты тоқталған.
Белгілі әдебиеттанушы Б.Омарұлы зерттеген «Зар заман поэзиясы және ұлт ментальдігінің трансформациясы» тарауын­да ХІХ ғасырда ел мен жердің азаттығын аңсаған ақындардың жырлары арқылы сақталған мәдени құндылықтарды ой таразысынан өткізеді. Ғалымның пікірінше «Зар заман әдебиетінің» негізі қазақтың фольклорлық мұралары қалыптастырған төл оппозициялық ұғымында жатыр. Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан т.б. ақындар шығармашылығында молынан кездесетін «Заманақыр» тұжырымының ұшығы халықтың отаршылыққа наразылығынан бас­талатынын тілге тиек етеді. Ал, «ұлт ментальдігі – отаршылыққа наразылық жырларының негізгі ұс­ты­ны» дейді. «Зар заман» ағымының өкілдері шығармаларындағы Ресей отаршылығы басталған кездегі елдің екіге жарылу бейнесінің көрініс табуы, көшпелі мәдениеттің отырықшылыққа ауысуын ақырзаманның белгісі ретінде наразылықпен қабылдауы қалыптасқан ұлттық дүниета­нымның қағидалары негізінде жүзеге асатын заңдылық. Олардың жырларындағы басқыншы империяның саясатымен бірге келген тұрмыстық жаңалықтарды (ақша, самауыр, т.б.) қабылдамау ұғымы да сол себепті деп түйіндейді.
Зерттеуші Б.Омарұлы отаршылық қамытын киген қазақ халқының сол кезеңдегі әдебиетте көрініс тапқан сана-сезімін, ой-толғамдарын зерттеуде бірқатар ғылыми тәжірибелер жасайды. Ол үшін әлемдегі өмір сүру мәдениеті қазаққа ұқсас кейбір елдердің әдебиетіне шолу жасайды. Мәселен, француздардың боданында болған көшпелі фульбе халқының поэ­зиясындағы пайымдаулардың қа­зақ ақыны Шор­тан­байдың жырларымен үндесуі ұқсас­тықтың, тағ­дыр­ластықтың дәлелі деген ой қорытады. Ағылшындардың ота­ры болған Үндістандағы урду тілінде сөй­лейтін халықтың поэзиясының сипатының өзгеруін, дәл біз сияқты қоғам­дық формацияны бастан кешірген көршілес қырғыз, қарақалпақ елдері ақындарының шығармашылығында «зар заман» идеясының көрініс табуын қазақ ақындары жырларымен салыстыра талдау зерттеудің ғылыми маңыздылығын арттыра түскен. Ғалым осы тәжірибелері арқылы тәуелсіздікке ұмтылған әр халықтың мақсат-мұраты, ой-ниетінің ортақ болатынын дәлелдеп шыққан.
Алаштанушы Д.Қамзабекұлы зерттеу жүргізген «Түркі ментальдігі және қазақ ағартушылығы» тарауында ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының жәдитшілдік концепция негізінде күрес жүргізуі, батысқа бетбұрыс идеясының бағыттары, милләтшілдік (ұлтшылдық) кезең қаламгерлерінің ой-тұжырымдарын олардың шығармаларын талдау арқылы ғылыми сараптаудан өткізеді. Бұл жаңа­шыл идеялар тек қазақ арасында ғана емес, түркі халықтарының, мұсылман елдердің көбіне қанат жайғанын айтады. Ғалым Д.Қамзабекұлы білім, ағарту саласында жаңаша тәжірибелерге жүгінген жәдитшілдікті ХХ ғасыр басындағы ақын-жазушылардың барлығы қолдағанын атап көрсетеді. Осы ретте, Қырым татарларынан шыққан тұлға И.Гаспринскийдің, Қазан татары Әл-Маржанидың, қазақ Ә.Бөкейханның, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының, т.б. жәдитшілдік ағымы­ның негізінде елді ағартуға сіңірген еңбек­теріне ерекше тоқталады.
Д.Қамзабекұлы сол кезеңдегі әдебиеттің атқарған міндеттерін екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі, әлеуметтік-идео­логиялық қызмет. Мұнда «қазақтың өмір сүру салты сыртқы күштерден теперіш көрген шақта оның халық ретінде жойылып кетпеуі үшін әдебиет ұлтты ұйыстыру қызметіне араласқанын» айтады. Ақын-жазушылардың жаппай ағартушылық сарынға түскенінің себебін де осыдан іздейді. Екіншісі, әлеуметтік-эстетикалық қызмет. Бұл жерде халықтың қандай жағдайда жүрсе де рухани эстетикалық қажеттіліктен ажырамайтынын тілге тиек етеді. «Қасиет, талғам, түсінік осы қуаттан қалыптасады» деген тұжырым жасайды.
ХХ ғасыр басында жәдитшіл ұлт жанашырларының халықты білім ғана құтқарады деген идеяға тоқталып, білім-өнер алыбы Еуропа үңіле бастауы қазақты қайтсек те қараңғылықтан құтқарамыз деген ұмтылыстан туын­даған еді. Д.Қамзабекұлы олардың Еуропаға үмітпен де, күдікпен қарағанын айтады. Мақсаттары, «жақсысын үйреніп, жаманынан жирену» болғанын да назардан тыс қалдырмайды.
Еңбекте ғалым ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы мәдени-рухани бірлікті саралай келіп мынадай тұжырымдар жасайды: Біріншіден, Ресейдегі Қазан төңкерісі түркі халықтарының идеалдарына қайшы келгендіктен әдебиетте күрескерлік, елшілдік сипат тереңдеді. Екіншіден, қиын кезеңде шыныққан Ресейлік түріктердің жәдитшілдігі басқа сапаға көшті. Үшіншіден, большевиктер бодандаған түркі халықтарында екі әдеби бағыт пайда болды. Олар елшілдік және пролетарлық әдебиеттер еді. Елшілдік бағыт ұлттың мұңын әдебиетте шынайы бейнелеуге тырысты. Ал, пролетарлық бағыт бір сипатты болған жоқ. Арасында даңғаза ұраншылдары да болды, сондай-ақ алғашында дүрмекке ілескенімен, кейіннен заманның кейпін түсініп шошынғандар да болды.
Қорыта келгенде, үш белгілі әдебиет­тану­шымыз әр кезең әдебиетін ғылыми сүзгіден өткізіп, сол арқылы ұлт мен­таль­­дігін зерделеген ғылыми еңбек гума­нитарлық ғылымдар саласындағы осы тақырыпқа қызығушылық тудыратын көзқарақты қауымға таптырмас деректерге толы кітап екенін айтқымыз келеді.

Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология
ғылымдарының кандидаты

1101 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз