• Келелі кеңес
  • 05 Тамыз, 2013

ӨЛІМ ЖАЗАСЫН ҚАЛДЫРУ КЕРЕК ПЕ, ӘЛДЕ БАС ТАРТАТЫН КЕЗ ЖЕТТІ МЕ?

Айман ҚҰЛПАТШАЕВА,
журналист

Өлім жазасына мораторийдің жария­ланғанына биыл он жыл толып отыр. 2003 жылдың желтоқсан айында өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыруға байланысты жаза түрімен ауыстыру жөніндегі Жарлыққа қол қойылған болатын. Содан бергі уақытта қылмыстық алаңда не өзгерді? Бүгінгі күні бұл туралы қоғамда қандай пікірлер айтылуда? Жалпы, мораторийдің өмір бойы жарияланбайтынын ескерсек, онда мәселенің бір жағына шығатын уақыт келгендігін байқаймыз. Осы орайда өлім жазасын қалдыру керек пе, әлде одан бас тартатын кез жетті ме деген мақсатта ой қорытуға тура келеді.

Әлемге қарасақ
Соңғы жылдары дүниежүзінде өлім жазасын жоюға және оның қолдану аясын тарылтуға шешуші қадамның жасалып жатқаны байқалады. Бүгінде 130 елде бұл жаза жойылған. Қазір тек Қытай, Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы және АҚШ-та сақталып отыр. Ал, қалған елдерде заң түрінде болғанымен, тәжірибеде мүлде қолданылмайды. Десек те, бүгінгі таңда осы өлім жазасы 68 мемлекетте қолданылуда. Соңғы ресми деректерге қарағанда, 2011 жылы 20 мемлекетте 676 сотталған адам өлімге кесілген, яғни, 2010 жылға қарағанда, олардың саны (Қытайды ескермегенде) 149-ға өскен. Әлі де 18 750 адам үкім бойынша өз жазасын күтіп отырған көрінеді. Қытай мемлекетінде бұл деректер құпия болып есептеледі, сол себептен онда жазаланғандардың негізгі саны белгісіз. Өлім жазасын көбірек қолданып жүргендер қатарына Иран (360), Сауд Аравиясы (82), Ирак (68), АҚШ (43) және Йемен (41) мемлекеттерін жатқызуға болады. Оны орындауда сотталғандардың басын кесу, дарға асу, өлтіретіндей етіп дәрі беру және ату әдістері қолданылып жүр. Ескерте кететін бір нәрсе, АҚШ-та соңғы 10 жылда бұл жазаны қолдану үш есеге, ал, өлім жазасына кесу үкімі екі есеге азайғанын байқатыпты. Оның үстіне, Иллинойс штаты АҚШ-тағы өлім жазасынан бас тартқан 16-шы штат болса, Орегон штатында бұл жазаға мораторий жарияланған. Сондай-ақ, Еуропа мен ТМД мемлекеттерінің ішінде осы жазаны әлі де қолданып келе жатқаны тек Беларусь қана. Бұл мемлекетте өткен жылы метрода жарылыс жасаған екі қылмыскерге ату жазасы беріліп, ол жазаның орындалғанын білеміз.

Қазақстан жағдайында
Елімізде Республика Президенті Жарлығымен мораторий жарияланып, өлім жазасы орындалуын кейінге қалдыру белгіленгеннен кейін, өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен жазаны ерекше режімдегі түзеу колония­сында өтеумен өмір бойы бас бостандығынан айыруға алмастырылды. 2009 жылы 10 шілдеде қабылданған заң бойынша ату жазасын қолдануға болатын қылмыстардың саны 8-ге дейін қысқартылған болатын. Айта кетерлігі, өлім жазасы әйелдерге, сондай-ақ, 18 жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға және сот үкім шығарған сәтте 65 жасқа толған ер-азаматтарға тағайындалмайды. Бұл осынау айрықша қатал үкім – ату жазасы, енді республика аумағында өте аз, сирек қолданылатын жаза түрі ретінде қалды. Мәселен, 2011 жылғы деректер бойынша, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандардың саны 86 болса, оның ішінде мора­торийға байланысты ату жазасы ке­йінге қалдырылғандары – 28. Статис­тика бойынша адам өлтіру, соның ішінде оған оқталу саны 2010 жылы 1418 болса, 2011 жылы ол 1438-ге де­йін өскен. Әрине, адам өлтіргеннің бәріне бірдей ату жазасын бере бермейді. Егер, 2009 жылы осы жазамен сотталғандар саны – 6, ал, 2010 жылы 5-еу болса, 2011 жылы өмір бойы бас бостандығынан айырылғандардың са­ны 10-ға жеткен. Бұл деректер, осы мәселе бойынша әлемде өлім жазасын қолдану жағдайымен салыстырғандағы біздің республиканың хал-ахуалын көрсетеді. Егер, мораторий енгізілгенге дейінгі жағдайды бағамдайтын болсақ, Қазақстанда 536 адамның өлім жазасына кесіліп, өмірмен қош айтысқанын байқаймыз.
Бүгінде елімізде ізгілік идеясын жаңғыртып дамыту тұрғысында бар­лық шаралар атқарылып жатыр. Осы тұрғыда Азаматтық саяси құқық туралы пактіге, екінші факультативтік протоколға қол қойылған. Конституция заңнамалық деңгейде өлім жазасын қолдануға шек қойғанымен, аталмыш құжаттың ратификациялануына кедергі келтірмейді. Қазіргі таңда жасалып жатқан Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында конституциялық, саяси және этикалық өлшемдер барынша ескерілуде. Онда өлім жазасы қолданылатын қылмыстар екі санға азайып отыр. Қолданыстағы заңда олардың қатары 18 болса, жаңа редакция­да 16 болып белгіленген. «Бұл елеулі алға жыл­жу» деп көрсетеді заңнаманы жасаушы мамандар. Конституцияға сәйкес, өлім жазасы адамдардың өліміне әкеліп соққан лаңкестік әрекет және соғыс кезінде жасалған ауыр қылмыс үшін қолданылатын болады.

Қос пікір
«Өлім жазасы керек» немесе «керегі жоқ» деген мәселеге келгенде «осы дұ­рыс-ау» деп, әділ шешімді тап басып айту өте қиын. Өйткені, әлемде де дәл осы мәселе төңірегіндегі пікірлер ертеректен талқыланып келе жатқанын білеміз. Оған атақты ғалымдар, белгілі үлкен ғұлама азаматтар да қатысып, бір шешімге келіп, халықты сендіретін мысал, көңіл толарлықтай дәлел келтіре ал­маған. Өлім жазасын қолдануды жақтай­тындардың айтатындары – қылмыс­керді ату, ол әділетті шара, басқа қыл­мыскерлерге тосқауыл болатындай ескертпе. Оның үстіне, адам өлтірген, оның ішінде әйелге, балаларға зұ­лымдық жасаған қылмыскер, барлық қасиеттен айырылған, өмір сүруге құқы жоқ жауыз, оған мемлекеттің қаржысын жұмсап, қамауда ұстау ретсіз шығын дейді. Ал, бұл жазаға қарсы болатындар – адамды Құдай жаратқан, сол себептен, ол тәңірдің ісі, ал, егер, ол жауыздықпен адам өлтірсе, мем­лекет те оны өлтіріп, сол қылмыс жасаған адам­ға ұқсамауы керек. Оның үстіне, дү­ниежүзілік тәжірибе өлім жазасы арқылы ауыр қылмыстың санын азайта алмағанын көрсеткен. Сондай-ақ, өлім жазасын осы күнге дейін сақтап, қолдап жүрген мемлекеттің сая­саткерлері «өлім жазасы лаңкес­тікке қарсы күрестің тиімді тәсілі, ең күшті дәлелдерінің бірі» деген тұжырым жасайды. Ал, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, өлім жазасы терроризмнің алдын алып, қауіпсіздікті төмендетпек тұр­мақ, керісінше, лаңкестердің беделін арттырып, оның идея­сын қолдап, дәрежесін көтеруге тигізер әсері зор деп белгіленуде. Өлім жазасы қылмыстың алдын алуға немесе қылмысты төмендетуге ықпал ете алмайды. БҰҰ-ға мүше елдер өлім жазасына мораторий жа­риялағанда әлемнің 54 мемлекеті қарсы болған. Өйткені, өлім жазасы адамның ар-намысын қорлайтын жазаның қатыгез түрі болып табылады. Ол адамның өмір сүру құқығын аяқ асты етіп, жазаға тартылған адам кінәсіз болған жағдайда, оны қайта түзеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан да, әлемдегі көптеген елдер жазаның бұл түрін ұлттық заңнамаларынан алып тастау­да. Өлім жазасының балама түрі ретінде бас бостандығынан айыру жазасын енгізген елдердің ішінде Хорватияда – 40 жылға бас бостандығынан айыру белгіленсе, Латвияда – 50 жыл, Швеция мен Болгарияда өмірлік қамауға алынады екен. Ал, Данияда ең жоғарысы – 20 жыл, Эстонияда – 30 жыл, Финляндияда – 10 жыл мен 15 жылдың аралығы көрсетілген.
Сонымен, екі жақтың да ой-пікір­лері дұрыс, дәлелдері көңілге қо­нымды, талаптары орынды. Сол себепті, түпкілікті дұрыс шешім қабылдау үшін бұл мәселеге, ең алдымен, саяси тұрғыдан қарау қажет. Ескеретін нәр­се, жылдан-жылға өлім жазасын қолданатын мемлекеттердің саны қысқарып, ол жазаны қолдану үкімі санының азайып келе жатқаны байқалады. Оның үстіне, кейбір мамандардың пікірінше, атуға жаза­ланған қылмыс­кер өле­тін кезде тек бір-ақ рет қинал­са, өмір бойына бас бос­тандығынан айы­рылып, ерекше режімдегі түзеу колониясында жаза­сын өтеп жатқан адам «мың рет» өледі дейді. Өлімді күту, жақындарынан айырылу азабы, жан-дене азабына қарағанда са­лыстыруға болмайтын азап.
Ауыр қылмыстарды тежейтін тегеурінді тетік ретінде өлім жазасын пайдалануға болатынын айтатындар қылмыскерді 15-20 жылға, одан қалды өмір бойына соттап, сосын, оны біздің салық төлеушілердің, бюджеттің есебінен асыраудың өзіне ойлану керектігін алға тартады. Осы орайда, бас бостандығынан айырылған азаматтардың біреуін жыл бойы түрмеде ұстауға өткен жылы еліміз қазынадан 580 мың теңге жұмсағанын ресми түрде жарияланғанын да айта кеткен дұрыс.

Соңғы сөз
Қалай десек те, ізгілікке қарай аяқ басқан әлем, біздің қоғам болсын, өлім жазасын мемлекет тарапынан белгіленген аса қатігез жаза түрі санайды. Бірақ, қаныпезер сондай айуандықпен адам өлтіріп, жақынынан айырып, керек десеңіз, бір отбасын түгел қырып кетіп жатқанда, оған қалай аяушылық танытуға болады? Мұндай сәтте сол қылмыскерді қарапайым қара халықтың ортасына әкеп, «жазасын беріңдер» десе, сөз жоқ, олар өз қолдарымен-ақ оны төпелеп өлтірген болар еді...

4588 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз