• Ұлттану
  • 05 Тамыз, 2013

ҚАЗАҚИЯҒА БАСТАР ҚИЛЫ ЖОЛ

Жарас СЕЙІТНҰРҰЛЫ,
саясаттанушы

Менің ойымша, елімізде болып жатқан әлеуметтік құбылыстардың мәні мына бір түбегейлі мәселеге келіп тірелетін сияқты: «Бүгінгі таңда қазаққа, жалпы Қазақстан халқына демократия қажет пе?» Черчилль айтқандай «адамзаттың одан тәуір ештеңе ойлап таппағанын» ескергеннің өзінде де, Қазақстан үшін демократияландыру салдары қандай болатынын кім болжап бере алады? Шынымен-ақ, демократия бар пәледен құтқаратын панацея (гр. қандай дерттен болмасын айықтыратын амал) ма? Көкейде сансыз сауалдар туындай-ды. Бірақ, мен үшін бір нәрсе анық: таразы басында Қазақстанның егемендігі, территориялық тұтастығы ма, әлде, демократия принциптерінің жүзеге асқаны қажет пе деген альтернатива (балама) тұрса, сөз жоқ, мен алғашқысын таңдар едім.


Мәселені бұлай қоюыма себеп – көрші ресейлік баспасөз құралдары мен елімізде кейбір тәуелсіз саналатын орыс тілді баспасөздің материалдарымен танысқаннан кейін туған ой. Мақалаларға мән берсеңіз қазақтың ұлттық тұтастығына, ынтымағына қарсы бағытталған пиғылды байқамау мүмкін емес. Кезінде П.Своиктің «Караван» газетінде «Казахстан и Россия: быть ли им в новом союзе?» атты мақаласы қазақтарды біраз дүрліктірген еді.
Артынан оның «XXI век» газетіндегі ақталу сипатындағы мақаласын оқып «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп, тіпті жауына да кеңшілік көрсетіп, кешіріммен қарайтын көшпе­лілердің бір ұрпағы ретінде көңілім сәл жібігендей болды. Бірақ, сенімнен бір айырылғаннан соң қайта сенімге кіру оңай емес. Шынайы ниетіңді, бет-пердеңді бір көрсетіп алғаннан кейін қаншама жуып-шаймақ болған әрекетің күмәнді оңай сейілте қоймайды. Қысқа мерзімнің ішінде позицияңды екі түрлі өзгерту кейінгі пікірлеріңе деген сенімге де көлеңке түсіреді. Осындайдан соң барып: «қазақтардың ұлттық мемлекетін құруға көмектескілерің келмесе өздерің біліңдер, бірақ бөгет жасамаңдар» деуге мәжбүр боласың.
Менің көңілімде күдік сауалдар тудыратын тағы бір жәйт: әкімдерді сайлау, жергілікті өзін-өзі басқаруға байланысты мәселелер. Егер, қазақтардың үлес салмағы аз солтүстік облыстарда әкімдер бүгінгідей тағайындалмай, сайланатын болса, нәтижеде сепаратизмге жол беріп алмаймыз ба? «Сепаратизмге негіз жоқ» деп өзімізді жұбатқанымызбен бір сәт ойлайықшы: күні кеше ғана біртұтас СССР деген империяның азаматы болғанын адам оңай ұмыта ма? Бүйрегі сол жаққа бұрмайды деп сол күнді қайта аңсамайды деп толық сеніммен айта аламыз ба? Бір ғана мысал, әлі күнге шейін солтүстік облыстардағы елді мекендер өз тарихи атауын қалпына келтіре алмай отыр. Егер, осы мәселені жергілікті мәслихат депутаттарының құзырына салсақ немесе сол аймақта референдум жүргізсек, онда ол мәселе қазақтардың пайдасына шешіледі деп айта аласыз ба? Баяғыда Америкаға беріп қойған Алясканы әлі күнге шейін өкініп, әнге қосып жүрген ресейліктердің қазақ жеріне көзін алартпайтынына толық сенім бар ма? Сол Солженицын, В. Жириновский сияқтылардың пікірлерін, ұсыныстарын оқи отыра, Қазақстан тәуелді мемлекет болу үшін авторитарлық биліктің әлі де қажеттілігі бар ма деген ойға еріксіз келесің... Рухани сепаратизмнен реалды сепаратизмге әкеп соқпайтынына кім кепіл? Сондықтан, бұл мәселеде абайлау керек сияқты. Демократияны дәрі дозасына өте сәтті теңеген екен. Санасы тоталитарлық қоғамда қалыптасқан адамдар үшін оны бірден көп мөлшерде беру қаупін ескермеуге болмайды. Өмірде бәрі салыстырмалы. Ең демократияшыл деген АҚШ-тың өзі маккартизмді бастан өткізген. XX ғ. екінші жартысында АҚШ-та «маккартизмнің» нағыз қызған кезінде сенаторлардың тактикасына күдік келтіріп қарағандардың бәрі коммунист деп сезіктеніп, нәтижеде саяси өмірден шығып қалуға мәжбүр болған.
Халықты саясаттандыру оңай, ал, шынайы демократияландыруды бірден бола қалады деу асыра сілтегендік. Ол үшін әуелі қоғамдық сананы әзірлеу керек. Халықтың басым бөлігі демократиялық құндылықтарды терең қабылдауы қажет. Мүшелері құқықтық нигилизмді ұстанатын қоғамда, заңның барлық адам үшін жазылғанына сенбейтін, оны сыйлау дәстүрі әлі қалыптаспаған қоғамда демократияландырудың қаншалықты тиімді нәтиже беретіндігін бопжап айту қиын. Жасыратын несі бар, балаларын заң оқуына көп берсе де қазақтар құқықтық жағынан әлі сауатсыз.
Мені бүгінде бір ашындыратын үлкен нәрсе: ұлттың бетке ұстарлары боп есептелетін қазақ зиялыларының ру-жүздік идеология деңгейінен аса алмай отырғаны. Қоғам мүшелеріне әлеуметтік құбылыстардың қыр-сырларын түсіндіріп береді делінетін қазақ зиялы­ларының қазақтың іштей жіктелуі – Қазақстан мемлекетінің бүктелуі екенін ұғына алмағаны өкіндіреді. Қазақты ру-жүзге бөлу – қазақты бір-біріне айдап салу деген сөз. Әлі де болса ұлттық сана-сезіммен қатар рулық сананың көріністері бой беріп қалатын қазақтар үшін ру-жүздік жіктелуі жайлы әңгімені көбейтудің, оны әдейі қоздырып, жасанды ушықтырудың неге әкеп соғатынын ескерсек екен. Ол дегеніміз – біртұтас қазақ ойын бөлу. Тұтас ұлттық өзіндік сананың қалыптасуына кедергі келтіру. Бізге керегі – ұлттық бірігуді көздейтін ойлар. Ұлт өкілдерін өзара іштей жауластырып қойып, миығынан күліп отырғандарды тани білейік. Әрбір қазақтың ұлттық кемелдік (зрелость) көрсететін кезі келді. Тағдыр қазақтар үшін өз мемлекетін құруға керемет тарихи мүмкіндік беріп отыр. Оны пайдалану не пайдаланбау біздің қолымызда.
Ұлт патриоттарының ортақ бір арман-мүддесі бар: рухы да, формасы да қазақ елінікі екендігін айқындайтын мемлекетте өмір сүру.
Қазақ әлі ұлт емес, халық деңгейінде жүр деген топшылаулар қоғамдық санада кездесіп қалады. Кез келген ұлт туралы теорияны алып қарастырсаңыз да (примордиалистік, модернистік, постмодернистік, салыстырмалы, функционалдық, т.б.) жауап анық: қазақ – ұлт!!! Зерттеуші Э.Смиттің айтуынша «ұлт – бұл қалып емес, ол процесс». Ал, ұлтты қалыптастыру саяси процесс. Қазақты ру-жүзге бөліп жіктеушілер – мемлекетіміздің ұлттық боп қалыптасуына қарсы болушылар. Билік үшін таласта ұлтын, мемлекетін құрбандыққа шалып жіберетіндер. Большевиктік терминологиямен айтсақ, қазақтың «нағыз жаулары» солар. «Бөлшекте де, билей бер» принципіне сыртқы күштер мүдделі. Кім кімнің сойылын соғып жүргенін өздеріңіз-ақ осыдан байқайтын боласыздар. Э.Геллнердің айтуынша, «Ұлтшылдық Ұлтты жасайды». Яғни, қазақ Ұлттық мемлекеті (ұлт – мемлекет) – Қазақияны қалыптастыруды неғұрлым шапшаң жүргізу үшін ұлттық партия қажет. Оны басқаруға өзін құрбандыққа қиюға әзір пассионар тұлға қажет. Қазақ субъект ұлтқа («нация-субъект») айналуы тиіс. Ал, әрбір ұлттық мемлекетте этнократиялық принциптік үстем болуы заңды құбылыс. Оған бола Президент әкімшілігінің, үкіметтің, құқық қорғау органдарының, т.б. телефон анықтамасына көз салып көрудің еш қажеті жоқ. Тағы бір ескертпе, фамилиясы (аты-жөні) қазақтардың бәрінің жаны қазақ па? Ол қандай қазақ? Олардың қай ру, жүзден шыққанын зерттегенше мәдени-психологиялық жағынан қандай екеніне көңіл аудару керек. Мәңгүрт «евнух» қазақ па, әлде маргинал ма? Маргиналдардың өзін бірнеше типтерге бөлуге болады: «маргинал-нигилист», «маргинал-ұлтшыл», «пассивті маргинал» (нем­құрайды һәм селқос маргинал), т.б. «Дәстүршіл» типтердің өзін екіге бөлуге болады: сабақтастықты бүгінгі күнмен ұштастыра білген «жаңашыл-дәстүршіл» (неотрадиционалист) және консерватор, кертартпа дәстүршіл (архаикалық тип). Соңғыға деген қарама-қарсы, екі-ұдай сезім («дизъюнктивті сезім) күллі қазақты жек көруге әкеп соқпау керек. Айтпақшы, аралас некеге алғашқылардың бірі болып шығатындар өз ұлты, этникалық тобында түсіністік таппай, бақытсыз болғандар дейді. Қолайлы мүмкіндік болса, олар бірден өз этникалық тобын тастап кетеді екен. Әр ұлтта этноцентризм болуы тиіс. Этноцентризмі жоқ ұлт – Рухы дімкәс ұлт. Этноцентризм дегеніміз – барлық өмірлік құбылыстарды өз этникалық қауымдастығының құндылықтары мен дәстүрлері негізінде («эталон») қабылдау. Этноцентризмнің индикаторы – моноұлттық неке мен отбасы, яғни, өз ұлтының өкілдеріне үйленуді жөн санайтындар. Орталық Азия халықтарының ішінде өзінің этномәдениетін мықты сақтай алмағаны – қазақтар. Өзбектердің «орыс болғың келсе ең әуелі қазақ бол» деп мысқылдауы кездейсоқ емес. Отаршылдық саясаттың «жемістілігі» сондай, қазақтар ұлттық өңін, бет-пішінін жоғалтып ала жаздады. Соның бір себебін ислам дінінің қазақтарға ықпалының әлсіз болуынан деуге болады. Неғұрлым исламды (реформацияланған) өмірге енгізуді шапшаңдатсақ, соғұрлым ұлтты біріктіре аламыз. Ұлттық тұтастануға бөгет болған тағы бір себеп: ұлт тағдырына қатысты мәселені шешетін орындарда орыс тілді мен орысша тәрбиеленген маргиналдардың басым болуы емес пе екен деген ой келеді. Өз мәдениетінің құндылықтарын игермеген жандар үшін қазақ мәдениеті бейтаныс дүние. Сол себепті де олар бейтарап адам табиғаты өзіне беймәлім нерседен қашқақтап тұрады ғой...
Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін ұлттық салт-дәстүрді сақтап қалған, этнофор иесі боп табылатын ауыл қазағының қалаларға жөңкілуі, кеңестік заманда қалада қожайын боп үйреніп қалған өңі еуропалық жандар мен маргинал-нигилист қазақтарды қуандыра қояды деп айта алмаймын. «Дәстүршіл» қазақтар маргинал қандастарының өз этномәдениеті мен тілін игермеген психологиялық қарсылығын түсіне алмай дал болды. Қалаларда орыс тілінің үстем болуы, жергілікті қала­лықтарға әлеуметтік игіліктерге қол жету жағынан болсын, рухани, т.б. тұрғыдан болсын артықшылық берді. Табиғи түрде Қазақ Рухы қалаға кіргенде маргинал-қазақтар өз комплекстерін көрсете бастады («комплекс превосходство»). «Мәмбеттер» мен «мәңгүрттер» қарсылығы басталды. Екі бөлек мәдениет дербес өмір сүрді. Кеңестік саясаттың зардабы сондай (аға-ұлт – кіші іні ұлт) дәстүршіл қазақтардың қазаққа байланысты нерселерден ат-тонын ала қашып, тіл, салт-дәстүр мәселесін көтергендерге тыжырына, бет-әлпеттері бұзылып қарап аза бойы қаза болды. Абориген халықты өзін-өзі жек көруге жеткізді. «Ел болмаймыз, ел болмаймыз, и-и сол қазақтарды қойшы, т.б.» дейтін сөздердің жиі айтылуы қазақты кемітудің бұқаралық санаға әбден терең сіңгенінен белгі бергендей. Қазақтың аға буын өкілдері кейінгі ұрпағына ата-бабасының аманат қып қалдырған тілін жарымжан күйінде жеткізді. Заман ағымына ілесе алмаған, отбасылық деңгейден аспаған тіл өз функциясын толық атқара алмайтыны сөзсіз.
Маңдай алды, бетке ұстар зиялы қауым моральдық мазохизммен (азған, азғын адам) айналысып, Ұлт рухын дұрыстап көтере алмады. Қанша дегенімен, олардың сөзі мен ұрпақтың жанына ем болатынын ескермеді. Қазақты ру-тайпалық деңгейде тұр­ған африкандық бушмендерге айнал­дырғысы келгендерге қарсылық көр­сете алмай, қайта соларға қосылып кетті.
Аруақты қастерлеу – қазақ үшін қадірлі әрі қасиетті ұғым еді. Мұның төңірегінде де ұсақ-түйек пыш-пыш әңгіме козғап, сол қасиетті сезімдерге кір-лай жағып жібергендей болды. Президентімізге де тек бір ғана жүздің мүддесін көздеуші ретінде сипаттама беруі бүкіл сезім-сенімді аяққа таптағандай әсер етті.
Күні бүгінге дейін номенклатуралы қазақ зиялыларының түк өзгермей, бәз-баяғы қалпында қалғаны ойландырады. Бәлкім, содан кейін де шығар, қоғамдық санада өзге ұлттар кетіп қалса, қазақтар бір-бірімен қырқысып дербес өмір сүре алмайды деген пікірдің болуы. Осы бір сандырақ, ұшқары пікірді маргинал қазақтар да жиі айтады. Менің таңқалатыным, осыншама ұлан-байтақ жерді ата-бабаларымыз қалайша шашауын шығармай ұстап келген? Рухының күштілігін жиі мысалға келтіретін чешендердің өзі де мұндай жерге ие емес. Гәп неде? XVIII-XIX ғ. қазақтардың саны бүгінгісінен де аз болған, соған қарамай, жерлерінен бір титімдей кесек те бермеген. Бүгін ше? Өз елдерінде өмір сүріп отырған өзбек, грузин, армяндардан қазақтардың қай жері кем?
Бір сәт өткен тарих беттерін парақ­тайықшы: осыдан тура он екі жыл бұрын 1986 жылғы желтоқсан айында қазақ жастары тапталған ұлт рухын қорғап қалды. Ұлт намысы сынға түс­кен уақытта қазақ жастары биік өреден шыға білді. Елі үшін отқа түсуге даярлығын дәлелдей алды. Амал не, күш тең емес еді: тоталитарлық жүйенің зілбатпан дүлей күші жастарға бар қуатымен бағытталды. Сол күндері қазақ элитасы ішінен өзіне үлкен тарихи жауапкершілік алатын пассионар тұлғаның табылмауы бөлек бір әңгіме. Ең бастысы – көшпелілер ұрпағы өз рухының әлі бар екендігін көрсете алды. Бүгін орыстар мен орыс тілділердің мүддесін қорғаушы болғысы келгендер күні кеше тұтас халыққа «ұлтшылдар» деген айдар таққанда қайда қалды? Қай орыс, еврей, тб. қазаққа ара түсіп шыр-пыр болды? Джордж Сантаяне: «Те, кто не помнит прошлого обречены на его повторение» деген екен.
Егемендігімізді алған алғашқы жылдары зиялыларымыз да, саясатшыларымыз да халықты тыныштандырумен болдыңыздар. Үлес-салмағымыз аз, ішкі шарт қалыптасқан жоқ деп. Енді не кедергі? Мемлекеттік тілімізді білмейтін адам нан тауып жей алмайтын дережеге жетіп отыр ма? Жоқ, қайта ондай адам президенттік сайлауға түспек. Кейде әлеуметтік утопияға берілгің келеді: қазақ тілі бүкіл түрік тілдес халықтардың ортақ тілі болып, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке, Төле би, Бұқар жырау, Абылай мен Кенесары ханның тілдері БҰҰ-да ресми тілдердің біріне айналса ғой деп. Ана тіліңді неғұрлым көп адамдар білсе, ол соғұрлым өміршең. Оған әлем тілдері боп отырған тілдер тағдыры куә.
Сөз соңында айтарым, алда келе жатқан Президент сайлауында қазақ халқы кімді тандайтынын білдірді ғой деймін. Қаншама сыни пікірлер айтылғанымен, халықтың көбінде әлі сенім, үміт жібі үзілген жоқ. Басқа ұлттарға қарағанда, өзінің саяси ниеті түзу (лояльность) екендігін көрсеткен қазақтар болашақ президенттен ұлт мәселесіне енді бей-жай қарамайды деп үміттенеді. Тарихи тағдырында көп азап шеккен қазақ халқы бақытты болуға әбден лайық!!!

«Жас алаш» газеті, 1998 жыл.
16 желтоқсан.

317 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз