• Ұлттану
  • 07 Қараша, 2011

Абайды алдымен молдалар мойындаған

Ораз ҚАУҒАБАЙ.

Қытай ғалымы Хуаң Жусияң Бірде белгілі ғалым, тарихшы, ұстаз Өмірзақ Озғанбаевпен Экономика университетінде тосын кездесіп қалдым. Амандық-саулықтан кейін Өмекең: «Бүгін Қытай астанасы Пекиннен келген, ұлты ханзу, Қытай ғалымы өз елінің мәдениеті мен тарихы жайында қазақ тілінде лекция оқиды. Уақытың болса, оның дәрісіне кел», – деп аудиторияның нөмірін айтты. Мен келгенде, лекция басталып кеткен екен. Аудитория студенттерге толы. Ұстаздармен бір топ болып, Өмекеңнің өзі де алдыңғы қатарда отырды. Дембелше келген, көзілдірікті, қырықтың ортасындағы кісі қазақша еркін көсіліп сөйлеп тұр. Ара-арасында плакат, суреттерді көрсетіп, Қытай тарихы туралы тереңнен толғап, қызықты мәлімет, деректерді келтіреді. «Жалпы, сіздер Қытай деп айтатын халықтың аты ханзу, біз ханзу ұлтына жатамыз. Қытай деген – білмей, кемсіту мағынасында қойылған ат. Осыны дұрыс түсініңіздер», – деді бір кезде қытай-түріктанушы ғалым. Өз ұлты Қытайдың ғана емес, бұл шетелдік ғалым қазақ тарихы мен салтын да жақсы біледі екен. Көшпенді далалықтар жайында қытай деректері бойынша біраз әңгімеледі. Қытай ғалымы Хуаң Жусияңның лекциясы кішкене үзілістен кейін қайта жалғасты. Ол біраз «жоспар-тақырыбын» реттеп алған соң, Шыңжаңдағы қазақтар туралы олардың тілі мен ділі жайында сөйледі. Араб әрпімен қазақша жазуды да жақсы меңгеріп алған екен. Тиісті нәрселерді осы жазумен, жазып көрсетті. Түркі тілдерінің көбінде сөйлей алатын әрі жаза білетін Хуаң мырза қазақ тілінің қырғыз, өзбек тілдерімен ұқсастығын мамандарша талдап қызықтырып әкетті. Қытайдың Қашқар, Құлжа қалаларында (1856-1858 жылдары) болған, аты әлемге аян Шығыс зерттеушісі Шоқан Қытай жөнінде бұрын көп жазған. «Құлжаға саяхат» күнделігінде өте еңбекқор қытайлардың осы ерекше қасиетін айрықша айтады. Шоқаннан кейін 1956 жылы Кеңес делегациясы құрамында Қытайда болған Сәбит Мұқанов ежелгі мемлекеттегі «социалистік даму» жайында «Алыптың адымдары» атты таңғажайып деректері бар очерк-кітап жазды. Мен Шоқанның да, Сәбеңнің де Қытай жайындағы шығармаларын қызыға оқыған болатынмын. «Қазақтың осы белгілі ғалым, жазушыларының еңбектерімен таныссыз ба?» – деп ғалымға сұрақ қойдым. Хуаң білетіндігін айтып мүдірмей жауап берді. Кейін бір кездескенінде Сәбеңнің «Ботагөз» романын қазақ тілінде оқығанын айтты. Иә, Қытай ғалымы «Ботагөзді» қазақ тілінде оқыған. Қазақ жазушысы Сәбит Мұқановтың шығармалары оған қатты ұнаған. Ал, Абай ол үшін айтары жоқ ақылман данышпан екен.

Абай. Америка және «Чайн-Таун» Дүниежүзіндегі барлық ұлт-этносты кездесті¬руге болатын Нью-Йорк қаласында жиырма үй қазақ отбасы тұрады. 1994 жылы АҚШ-та болға¬ным¬да осы қалада тұратын руы керей Әбдуахит мені және менің серіктерімді қонақ қылып, үйіне он күндей жатқызды. Америкадағы сол қазақы қонақжайлылықты әлі ұмытқаным жоқ. Нью-Йорктің бір «қала ауданында» Әбдуахитпен бірге Күнтуған деген қоңырат қазақ тұрады. Күнекеңнің де отбасын көріп, үйінен дәм таттым. Абайдың көп өлеңін Нью-Йоркте жатқа айтып, қазақ тағдырына налып, қандастарына қатты кейитін осы Күнекең. Әсіресе, Күнекең Абайдың: «Қайран елім, қазағым қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың, – деген жыр шумағын күнде бір рет айтпаса көңілі көншімейді. Бір күні Күнекең өзінің американдық су жаңа «супер машинасымен» қаланы аралатып жүріп, осы өлеңді әр көшеден өткен сайын айтып, байғұс бір шерін шығарды. «Қазақ жақсы болса, бұрыннан өз алдына мемлекет болса, мен осылай жат жұртта қаңғып жүрмес едім ғой», – деп опынады шетелде кірме Күнекең. Бұрынғы соғыс тұтқыны алпысыншы жылдары Америкадан бірақ шыққан. Өйткені, Күнекең соғыс-қырғында қосақта кеткен боздақ. Күнекең бірде Нью-Йорктегі қытайлар туралы айтты. «Чайн Таун» дейтін кілең «құмырсқа» адамдар тұратын кварталдан өтіп бара жатып тағы да Абайдың өлеңдерін жатқа соқты. «Ғылым таппай мақтанба» деп ғылым, өнер жайында әңгімеледі. Бәрі компьютерді меңгеріп, әлемді аузына қаратып отырған Америка жайында біраз жерге апарды. Абай сияқты «хакім данасы» бар халықтың өзге жұрттардан неге кейін қалып қойғанына Күнекең қатты күйінеді. Өз өмір тағдырынан тәмсіл келтіріп тебірене бастайды. Соңында Абайдың жырын айтып шерін шығарып қария жеңілдейді. «Абайдың ата қонысы атомның ұясы болған. Неге жерді қорғап, елге ие бола алмадыңдар. Семейдегі атом қасіретін естігенде көзіме жас келеді» деп Күнекең топ жетекшісі «Невада-Семей» қозғалысының «сардарына» ренжіді. «Күнеке, біз пәлен ғасыр орыстың отары болдық қой, өзімізде билік болған жоқ», – деп құтылды жетекші. Абай еліндегі «атом қасіретін» Америкада жатып Күнтуған бізден жақсы біледі екен. Өйткені Америка сағат сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ақпарат алатын «құлағы түрік» сергек ел ғой. Америкада Абайды «кірме» Күнтуған көзі жұмылғанша күңіреніп, есінен шығармай бұл дүниеден өтті. Ал, Қытайда Абай атамыз сол жақтағы қазақтардың жүрегінде мәңгілік екен. Тіпті, қытайлардың өзі де ұлы ақынды білуге құштар көрінеді. Мұны Хуаң Жусияң мырза ерекше айтты. Ұлттық Ғылым академиясында өткен Абайды еске алу жиынында Хуаң ұлы ақын жайында қазақ тілінде қағазға қарамай көсіліп сөйледі. Жалпы Қытай еліне Абайдың есімі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары белгілі бола бастайды.

Ақынжанды молдалар және Пекиндегі «Алтын қор» Өтеген кентіне (ГРЭС) жақын маңдағы Әулие Әлмерек кесенесінің ашылу салтанатында Шығыс Түркістанда бала оқытқан бір үлкен қари-молдамен кездейсоқ танысып, әңгімеміз жарасып, біраз ол кісінің жанында болдым. Арғы аталары туыстық жағынан Райымбек батырға жақын көрінеді. Қазақ жиі айтатын дүмше молда емес білімді, ізетті, сұңғыла адам екен. Аздап өлең жазатын көрінеді. Әңгімесі Абайдан басталды. Құнанбай қажыны да сырт қалдырмады. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Абай дұрыс айтқан. Мұсылмандық парызды Абайдан артық білген адам жоқ» деп Молдекең «ұзын-сүре» әңгімеге кетті. Шығыс Түркістанда білімді молдалар Абайдың мәтел, нақылдарын, даналық жырларын жұрт арасында Құран аятындай уағыздап «хакім Абайды» хан көтергенін айтты. Айтпақшы, Молдекең Тезек төренің ұлы жүзге қалай хан (аға сұлтан) болғанын да тарихшылар білмейтін деректермен әңгімеледі. Дінді тарихпен жақсы байланыстырып, киелі кітаптарды ілім-ғылыммен астастырып, әңгіме қозғап, молдекең халыққа жақсылығы тиген қажылар жөнінде есті¬гендерін баяндады. Абайдың әкесі Құнанбай Меккеге қажылыққа барғанда сол жылы Жетісудан да біраз қазақтың мұсылмандық бір парызды өтеу үшін Пайғамбар жатқан қасиетті жерге жол тарт¬қандарын айтып, өткенді өсиет қылды. Босқын болып жат жұртқа кеткен Мүсілім, Ыдырыс және кейінгі атақты Бура молда Абай нақылдарын келтірмей сөз бастамаған. Бұлардың біреуі Абайдың бір шумақ өлеңіне өзі тағы да жанынан бір шумақ өлең қосып айтып, Абайды өзінің «қара өлеңімен» өзгеше жырлап үгіттеген. Өзі молда болса да (Ыдырыс) Абайдың молданы сынаған белгілі өлеңін араб әрпімен жазылған нұсқасы бойынша жиі қайталап, шындықты айтқаны үшін ақынды аса қадірлеген. Ұлты сібе – Қытай ғалымы Қабай деген адамның есімі Қазақстанға белгілі. Бұл абайтанушы, шетелдік осы қаламгер «Абай ауруымен» ауырған. Ол туралы кезінде жазылды. Сексенінші жылдардың соңында Қазақстанға Қытайдан Хамит Ысқақ деген атақты әнші келіп ән айтты. Абай әндерін бұл өнерпаз ғаламат әуенмен орындады. Пекиндегі Қытай радиосының «Алтын қорында» ол орындаған Абай әндері мәңгілік сақтауға қойылған. Алла Тағала кешірсін, Абайды данышпандығына қарап Пайғамбар деп айтуға мәжбүрміз. Әдетте «Пайғамбар» деп Алла Тағаламен тілдескен, оның Елшісін айтады ғой. Ал, Алладан медет сұрап, сыйынып, жалбарынуды бізге Абай пайғамбарша үйретеді. Киелі кітап Құран: «Мадақ айтып, бас иемін жаратушы Аллаға» деп сөз бастайды. Жаратушы Алла Тағаламен оның елшісі Пайғамбар жайында және Құран туралы Абай ата былай деп нақыл-жыр толғайды. Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ, Мүмкін болса, үйреніп сен де ұқсап. Құран рас Алланың сөзі дүр ол, Тәуилине жетерлік ғылымың шақ. Алла Тағалаға қатысты нақыл шумақтағы «хақ», «тәуилин» деген сөздер тікелей Құраннан алынған «діни ұғым» екені түсінікті. Соған карағанда Абай Құран аяттарыньң мағынасын терең түсініп зерделеген. Аллаға оның Елшісі Пайғамбарға сыйынып, әрі жүгінеді.

Түркі тілдерінің түп қазығы Құлжада туып-өсіп, осындағы қазақтардың арасында ержеткен Хуаң мырза орта мектепті бітірген соң мемлекеттік жоғары оқу орнын тәмамдап, тікелей түркі тілдерімен айналысады. Түркі тілдері бойынша магистр атағын алған. Кейін Бейжіңдегі (Пекин) Орталық Ұлттар универси¬тетінде түркі тілдері туралы докторлық диссертация қорғайды. Әсіресе, беріліп зерттегені қазақ тілі. Оның айтуынша, түркі тілдерінің түп қазығы – қазақ тілі. Қытай ұлттық Гуманитарлық ғылымдар академиясының бас ғылыми қызметкері шенеунік болуға да о баста мүмкіндігі болған. Туа біткен ақынжанды талант қызмет лауазымынан бас тартып, түркі тілдерінің ерекшелігін зерттеуге есі кетіп, тіл ғылымымен шұғылданады. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті Хуаң үшін бірінші орында тұрады. Сондықтан, ол Қазақстанның Шығысы мен Батысын, Орталығы мен Солтүстігін біраз аралап, жоғары оқу орындарында болды.

Абай елі немесе Қарауылда қой сойылды Оңтүстік астана Алматыда Хуаң мырза Абайға қатысты біраз шаралардың ішінде болды. Ғылым академиясы да Абай жөнінде қорғалған докторлық диссертацияның мәжілісіне келді. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. Қазақ тілі мен әдебиетіне байланысты Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте және Қыздар педагогикалық институтында оқытушы, студенттермен кездесті. Өзінің ғылыми-зерттеу жұмыс¬тарына байланысты қойылған сауал, сұрақтарға қазақша көсіліп, жауап берді. Абай елі – шығысқазақстандықтардың шақыруы бойынша ол Семейге келді. Өскеменде университетте оқытушы ғалымдармен жүздесті. Кезінде ұлы ақын медреседе оқыған Семей шаһарында екі күн Абай жөнінде жан-жақты біліп, бәрін көзімен көрді. Хуаң сапарының соңында Абай ауданына арнайы барды. Ұлы ақынның кіндік қаны тамған Қас¬қабұлақтың топырағын басты. Жидебайда, Қарауылда қонақта болып, ұлы ақынның туған жер, елін көріп, ерекше әсерден біразға дейін айыға алмай, Абай рухымен жан-дүниесі бірікті. Қарауылда құрметті қонаққа арналып қой сойылып, бас тартылды. Ежелден келе жатқан бұл салтты Хуаң жақсы біледі. Қытайда қазақтар арасына барғанда оған талай бас тартылған. Өйткені, зерттеушінің есімін тек зиялы қауым емес ауыл-жайлаудағы адамдар да құрмет тұтады.

«Қырық ошақ» немесе Абайдағы «қан қысымы» Бұдан біраз жыл бұрын Абайдың өмірден қайт¬қанына 100 жыл толуына байланысты Жазушылар одағында әсерлі жиын өтті. Ақын жайында қалам¬герлер сөйледі, ақындар өлең оқыды. Ән айтылды, күй шертілді. Ағайындары ұлы ақынның көзін көріп, сөзін естіген, дос-сыйлас болған, шайырдың жерлесі Мұхтар Мағауин осы жиында Абайдың өміріне байланысты тосын деректер айтып, тыңдаушылардың бір айызын қандырды. Абайдың дүниеге келген жері өз алдына – Мұхаң ақын өмірден өткен өңір «Қырық ошақтағы» ғұмырының соңғы күндерінен күрсінгендей болып, әңгіме айтты. Ақын қан қысымымен қатты ауырған. Сондықтан, Томск университетін бітірген қазақ дәрігеріне емделеді. Бірақ меңдеген аурудан сақая алмайды Әбіш Мағаштың қазасынан кейін күйік пен сырқат қатар келіп, соңында Абай да ақтық сапарға аттанады. Мұхаң (Мағауин) Абайды еске алу кешінде Жәнібек ханға банланысты қойылған «Хан жолы» деген атаудың мағынасын түсіндіріп, жер-су атаулары жөнінде пікірін айтты. Мұхаң Қытай философы Конфуцийдің еңбек¬терін қазақ тіліне аударған ғой. Абай даналығы осы кемеңгердің ілімінен кем емес.

Құнанбай қажы және Тазабек би Абайдың әкесі Құнанбай қажы кеңестік дәуірде «шынжыр балақ, шұбар төс» қанаушы тап өкіліне жатқызылды. Әдебиетте қатыгез, феодалдық заманның бай-сұлтаны ретінде суреттеледі. Ал, Құнанбайдың халқына жасаған жақсылығы мен шапағаты және тарихтағы орны тәуелсіздік алған соң дәріптелді. Абай ерекше жақсы көрген баласы Әбдірахман өлгенде өзіне айтқан жұбатуында әкесі Құнанбай қажы туралы былай толғанады. Ескендір, Темір, Шыңғыстай Мұсылманға атақты Мұқым қазақ баласы Тегіс ақыл сұрапты Тобықтыны ел қылып, Басын жиып кұрады, Меккеде уақып үй салып, Пәтер қып жатқан шырақты. Бір Құдайдың жолында Малды аямай бұлапты, Әлемдегі тарихи тұлғаларға теңелген, Алланың ақ жолын ұстанып, Меккеде қажылыққа келушілер үшін үй салған Құнанбай қажының кім болғанын бұл жерде дәлелдеп жатудың қажеті жоқ шығар. Құнанбай қажының есімі тек Арқада ғана емес Жетісу жерінде де дүрілдеген. Құнекеңнің Ұлы жүзге белгілі Тазабек бимен жүздесуі және бидің қажыны Қарқара еліне қонаққа шақыруы зерттеушілер біле бермейтін тарихи оқиға. Ерекше еске алатын дерек. Жетісудың генерал губернаторы Колпаковскийге қарсы шығып, жасақ жинаған Тазабек Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен атақты Пұсырман батырдың тоғыз ұлының бірі Тазабек отарлық саясатқа байланысты «тау көкжалы» атанып, жау қолынан шейіт болған сардарлардың бірі. Тазабектің ерлігі мен өлімі жайында белгілі қазақ ақыны Ілияс Жансүгіров кезінде көп деректер жинап, оны кейін жариялаған. Тазабек би Құнанбай қажымен – атақты аға сұлтанмен 1846 жылы Жетісудың бір жайлауында өткен би, болыстардың құрылтайында кездеседі. Патшаның Жетісуды билеген бір ұлығы ұлы жүз бен орта жүздің игі жақсылары мен ру басыларын, төре, сұлтандарын шақырып, Лепсі өңірінде жиын өткізеді (1846 жыл). Осы үлкен жиын басқосуға Қарқара өңірінен Тазабек би де шақырылады. Аға сұлтан, Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбаев тиісті қызметі бойынша ол да Құрылтайға келеді. Құнекеңмен Тазабек міне, осы жиында кездеседі. Бұл жиында сол кездегі ел ішіндегі барымта, ұрлық, жер дауы сияқты мәселелер көтеріліп, оны тоқтатудың шаралары сөз болады. Тиісті құжатқа Тазабек би де қолын қойып, мөрін басады. Бір реті келген тұста Тазабек би Құнекеңді Албан елін көріп кету үшін атақты Қарқара жайлауына шақырады. Бидің өтініші Құнекеңнің көңілінен шығады. Өйткені, Албандармен көрші Қырғыздарға қатысты дүрдараздық өршіген еді және Қытайдың шекара белгілеуіне байланысты дүрбелең де басталған болатын. Орыс ұлықтары аға сұлтан Құнекеңе мұны ескеріп, Қарқараға баруын жөн көрген. Қарқараға Құнекең келді ме келмеді ме ол жағын дәлелдеп айту қиын. Қазақ салты бойынша Тазабек бидің Құнанбай қажыны қонаққа шақыр¬ғаны рас. Кезінде мұны көзі тірі Тазабектің туыстары айтқан болатын. «Шекара сызығына» байланысты аға сұлтан Құнанбай Албан еліндегі барлық жағдайды біліп отырған. Тазабек биден басқа Құнанбай қажы Ұлы жүзде Қонай батырмен де жақсы қарым-қатынаста болған. Димекеңнің төртінші атасы Қонай батыр басына іс түскенде Тобықты елінде Құнанбай қажыға жүгінеді. *** 1989 жылы Қарқаралыда Абайдың әкесі Құнанбай қажы салдырған көне мешітті көріп едім. Қазір ол жөнделіп, қайта бұрынғы қалпына келтірілді. Кеңес Үкіметі орнамай тұрғанда елдегі ілім, білім насихатшылары молдалар мен қажы, ишандар еді. Абай еліндегі атақты Мүрсейіт молда жайында атейстік заманда ешнәрсе айтылмады. Ұлы ақын өлеңдерін қағазға түсіріп, Абай жырларының түпнұсқасын жасаған осы жарықтық еді. Мұны кейінгі ұрпақ білмей өсті. Осы молдекең жайында бұрын ешқандай мәлімет баспа бетінде жарияланбады. Бұдан бір-екі жыл бұрын республикалық белгілі басылымда Мүрсейіт молда жайында өмірбаяндық деректерге сүйенген қызықты мақала жарияланды. Ал, Семейдегі және Жидебайдағы Абай мұражайында Мүрсейіт молда туралы толық мәліметтер бар ма, жоқ па ол жағы беймәлім. Мүмкін бар шығар. Өйткені Абай атамызды алдымен молдалар мойындап насихаттап, соңында солардың бірі (Мүрсейіт) жырларын қағазға түсіріп қолжазба түпнұсқаны жасаған жоқ па?

774 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз