• Ұлттану
  • 07 Қараша, 2011

Ер Тарғын – Қаһарлы Иванның жекжаты

Сарбас Ақтаев жазушы Ақас Тажутов, Бас редактор Эпос пен кейіпкерінің түп-тегі қазақтікі екеніне еш дау болмағанымен, оның оқиғасы негізінен Терістік Кавказда өтеді. Өздерінің ауыз әдебиеті қаһарманы Ер-Тарғу тақырыбына әу бастан ден қойған құмық авторларының тұжырымы да осы тектес. Кавказ жотасының Қазылық деп аталатын кезінде В. Бартольд та айтқан. Темір Қақпаның Дағыстандағы Дербент аймағында екені және талассыз. Демек, шөбі шүйгін, суы мол Қиян жазығы да Кубань өзенінің алқабында. Ал, бізде «Ер Тарғын» эпосындағы жер аттарын ешкім де Терістік Кавказ аймағымен байланыстырған емес. Қазақ зерттеушілерінің орнына ол жұмыс¬ты Қап тауы төңірегінен шыққан авторлар жасап жатыр. Әлбетте, бұны олардың орнына қазақ ғалымдары жасап, ата-бабаларының Құбаң Күлік далаларын жайлап, сонау Азақ теңізіне дейін көшіп-қонып жүргенін дәлелдеп беруі керек еді. Алаш арысы Мұхамеджан аға дәлелдегендей, Ер Тарғын Естерек Дінахметұлының баласы болса, энциклопедиялық басылымдардағы оның өмір сүрген уақыты он бесінші ғасыр дегенге түзету енгізген абзал болар. Өйткені, Дінахмет пен Естерек тарихтан танымал тұлғалар. Дінахмет ормандай көп орыстың тұңғыш патшасы Қаһарлы Иванның, яғни Иван Грозныйдың замандасы. Ал, оның ұлы Естерек Борис Годунов патшалық құрған, орыстың ең жоғарғы билігіне Романовтар әулеті келіп жатқан аласапыран заманда өмір сүріп, өз халқын билеп тұрған. Ол 1575 жылы Кремльдің Успен шір¬кеуінде күллі орыс елінің патшасы һәм ұлы кінәзі деп жарияланған. Сайын-Болат Бекболатұлының бөлесі болатын. Ендеше оны Мәскеу жұрты жақсы білген. Дон казактарында Естеректің қызы әкесінің еркінен тыс алғашқы атаман Сары Азманға тұрмысқа шығыпты деген аңыз бар. Аңызды ақиқат деп қабылдар болсақ, Ер Тарғын Дон казактар қауымының іргесін қалаушы атаманның ғашығына туған бауыр болып келеді. Бәлкім, шешелері бір болмауы да мүмкін. Себебі Сары Азманға шыққан қыз Естеректің орыс әйелінен туған. Осынау жекжаттық желілер бүгінгі күннің биігінен қарағанда, нанымсыздау көрінетін де шығар. Алайда, Естеректің әкесі, Ер Тарғынның атасы Дінахметтің Қаһарлы Иванмен бажа болғаны – тарихи шындық. Ал, оның үлкен бажасы Бекболат болады. Орыс патшасы боп жарияланғанға дейін Астархан ханзадасы, Қасым ханы, Боярлар думасының басшысы, Тверьдің ең соңғы ұлы кінәзі болған. Ол тұста Естерек Ұлы Ноғай ордасын билеп тұрған. Қабардының Темірек Идаров деген ел ағасы, басты кінәзі болғаны тарихтан мәлім. Ол Астраханның ақырғы ханы Деріпсалы Бірінші мен Ұлы Ноғай ордасының тұңғыш билеушісі Исмайылдың, сондай-ақ Бүкіл Русьтің патшасы әрі ұлы кінәзі Иван Төртіншінің (Грозный) замандасы. Оның Алтыншаш, Малхарап және Гөшеней атты үш ару қызы болған. Солар арқылы Темірек Астрахан, Ноғайлы және орыс билеуші әулеттерімен құдандалы, жекжат болған. Үлкен қызы Алтыншаш Астрахан ханзадасы Бекболатқа, Малхарабы Ұлы Ноғай ордасының билеушісі Исмайылға тұрмысқа шыққан. Қаһарлы Иванмен жақсы қарым-қатынастағы екі бажа орыс патшасын балдызы Гөшенеймен көзіктірген. Орыс жылнамаларына қарағанда астана қала – Мәскеуге патшаның қалыңдығы Гөшеней Темірек¬қызы 1561 жылы келген. Оған еріп оның бауыры Доманық мырза, Бекболат ханзада, оның зайыбы Алтыншаш ханшайым бірге келеді. Сол жолы Бекболат ханзада патшаға қызмет ету үшін баласы Сайын-Болатты ертіп әкеледі. Баласының қызмет етуге жарап қалғанына қарағанда, Алтыншаштың сіңлісімен жас айырмашылығы біраз болғанға ұқсайды. Мәскеу жазбаларында Сайын-Болат 1570 жылдан бастап Қасым ханы деп аталған. Оның ізашарларының бәрі ханзада аталып келген еді. Сөйтіп, таратылған Астрахан хандығының мұрагері хандық атағын қайтарып алды. Өйткені ол тұста Қасым хандығы мұсылман иелігі болатын, сондықтан көбіне Астрахан хандығын еске салатын. Қасым ханы ретінде Сайын-Болат 1557 жылы Ливон соғысына қатысып, әуелі «күзет полкінің» қолбасшысы болып, онан соң, орыс әскерлері үлкен қолының бірінші басшысы боп тағайындалды. Онда ол ислам дінін ұстанатын. 1573 жылы Сайын-Болат Қаһарлы Иванның қатаң талабымен шоқынып, Симеон деген ғайсаман есімін алып, Қасым хандығындағы мұсылман тағынан айырылды. Оның үстіне кінәз Иван Федорович Мстиславскийдің қызы Анастасияға үйленді. Иван Федорович Литваның ұлы кінәзі Гедимикастың тұқымынан шыққандықтан Қаһарлы Иванға туыс болып келетін. Сөйтіп, Сайын-Болат Бекболатұлы орыс патшасымен тағы да туысты. Анастасиядан ол Евдокия, Мария, Анастасия деген үш қыз, Федор, Дмитрий, Иван атты үш ұл көрді. Бұрынғы Қасым ханы Бекболат ханзаданың ұлы 1575 жылы күллі орыс елінің патшасы һәм ұлы кінәзі болады. Араға жыл салып ол лауазымды Қаһарлы Иванның өзі қайтып алып, бұған Тверьдің ұлы кінәзі деген атақ береді. Оның бөлесі Естерек, Дінахметтің, Малхараптан туған төртінші ұлы бұл оқиғалардан көп кейін Ноғай ордасының билеушісі болады. Сайын-Болат әкесімен бірге «патшаға қызмет еткелі» кеткенде Ноғай ұлысын Исмайыл билеп тұрған-ды. Тақ 1563 жылы мұрагер ретінде оның екінші ұлы Дінахметке тиіп, орданы ол он бес жыл биледі. 1568 жылы орданың билігі Исмайылдың үшінші ұлы, Дінахметтің інісі Орысқа тиіп, ол он екі жыл ел басқарды. Орыс 1590 жылы кенеттен қайтыс болғаннан кейін орда билігі Ораз-Мұхаммедке, кәдімгі қазақ тарихындағы Ормамбет биге тиеді. Ол ұлысты он сегіз жыл билейді. Ормамбет билігінен кейін Ұлы Ноғай ордасының дербес өмір сүруі тоқталып, оны орыстар тағайындаған билер басқарған. Бұл ұлыс ішінде іріңгезек туғызып, жұрттың наразылығын өршітеді. Оның мысалы: Ормамбет би өлгенде Он сан ноғай бүлгенде, Қара орманды өрт алды, Көкіректі дерт шалды, – деген белгілі өлең шумағы. Ал орданы Дінахмет билеп тұрғанда Мәскеуде Қаһарлы Иван патшалық құрып, билеуші екі әулеттің арасындағы туысқан жекжаттық байланыстар білініп-ақ тұратын. Оған Дінахметтің ІV Иван¬ға жазған мына хаты да куә бола алады. «Екеуміздің бір-бірімізден іргемізді аулақ салмауымызға желеуіміз жетерлік. Екеуміздің де жұбайларымыз бір әкенің қызы. Менің де, сенің де арамызды ашпай қосып тұратын дәнекер осылар. Біздің жерде бір кісінің қыздарына үйленген екі жігіт, бір адамның екі баласы боп саналады...» деп жазады Дінахмет. Ноғайлының әмірі екінші бір хатында орыс патшасының мұның үлкен ұлы Ормамбетке көз қырын салуын сұрайды «аяғыңа бас ұрып айтарым, үлкен ұлым Ормамбет мырзаның Темірек кінәздің туған жиені екені. Оған елші жібергенде осы жекжаттықты ескерерсің деп сенемін», – деп жұбайларының арасындағы туыстықтың бұлардың балаларына да тарайтынын Қаһарлы Иванға тағы да ескертеді. Зайыры, о тұста Ер Тарғынның әкесі Естерек жас болса керек. Ол Ұлы Ноғай ордасының билік басына 1600 жылы ғана келеді. Ормамбеттен кейін орданы оның тағы бір ағасы Дінмұхаммед билейді. Ноғай ұлысын билеуші әулеттің өкілі ретінде Естерек орыстың басқа бір патшасы Борис Годуновтың қолдауын көреді. Естеректің билікке келуімен Ормамбет опат болғаннан кейін ноғайлар арасындағы дау-дамай дүрбелең бірден басылған жоқ. Оның басты себебі Дінахмет пен Орыс хан балаларының арасындағы дүрдіараздық болатын. Бұл тайталаста Естерек үлкен ағасы Ормамбеттің мұрагері Келмәмбет басқарған одаққа енді. Олармен бақталас Орыс хан балаларын Жанарыслан басқарды. Сондай-ақ Исмайылдың кенже ұлы Тынбайдың балалары да оларға қас болды. Ноғайлардың арасындағы алауыздық пен азаматтық соғысқа кезінде жүз жылдан астам көшпенділерден зардап шегіп, енді ғана еңсе көтерген орыс жұрты дым бүркіп, ши жүгіртіп отырды. Бұл дәуірдің қазақ тарихындағы ең бір қасіретті кезең болғаны да тегін емес. Орыстардың тарихи деректеріне қарағанда Ер, Тарғынның әкесі Естерек ұлы Ноғай ордасын 1600-1619 жылдары билеген. Ол қазақ даласына сол тұстағы Мәскеу тағайындаған соңғы әмір-билердің бірі саналғанымен де, ұдайы орыстың айтқанына көніп, айдауында жүре бермеген өзіндік басшылық тәсілі болған деседі. Тарихшылар оны сауатты да сұңғыла билеуші болған деп топшылайды. Дегенмен, билігінің бас кезінде оның өкілеттілігі шектеулі болғаны және шын. Ормамбет бидің өлімінен кейін қырда етек жайған аласапыран бүліктің салдарынан орда оған тұтас бағынған жоқ. Ноғайлылардың бас әмірі Исмайылдың ұрпақтары арасында бірауыздылық болмады. Негізінен Үлкен орданы бірін-бірі алмастырып Дінахмет балалары Ормамбет, Дінмұхамед және Естерек билегенмен, ноғайлылардың біраз бөлегі Орыс хан ұлдарының қарамағында болып, Жетісан, Екісан сияқты шағын ордалар өз алдына отау тікті. Былайша айтқанда, Исмайылдың кенжесі Тынбайдың мұрагерлері ұлы орданың биі Естерекке онша бағына қойған жоқ. Билік басындағы Дінахмет ұрпағының балалары мен немерелерінің арасында да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын бірлік болды деу қиын. Ноғайлылардың бас әмірі Естеректің інісі әрі тақ мұрагері Сайтерекке билік тимей, Ормамбет ұрпақтарының тобын басқарған Келмәмбет ұлық болды. Демек, жағдай онша жайлы емес еді. 1608 жылы Естерек Мәскеуді дүрілдеткен дүрбелең бүлікке орай өз ордасын тәуелсіз мемлекет ретінде қалпына келтіріп Қырым хандығымен, Бұқарстанмен және Түркиямен тікелей қарым-қатынас жасай бастады. Бұл кезде оның әлеуеті артып, керемет күшейіп, жүз мыңдық әскер жинап, Ресейге басып кіріп, қыруар адамын тұтқынға алды ол. 1609 және 1611 жылдардың арасында оның інілері Сайтерек пен Бекмәмбет Рязаньға екі мәрте жорық жасап, үйіп-төгіп біраз байлығын тонап алып келді. Үлкен және Кіші ноғай ордасының бірлескен әскерлері 1613-1614 жылдары екі мәрте Мәскеуге де жетті. Осы кезеңде онда билік басына патшалардың жаңа әулеті келген еді. Соған сәйкес ұлы ноғайлар әмірінің алдында екі таңдау туындады. Бірі бұрынғыдай Мәскеумен жақсы қарым-қатынас, екіншісі – вассал болатын басқа бір үлкен мемлекет іздеу. 1612 жылы поляк королі Естерекке елші жіберіп, Польша аумағында дербес билеуші болуға шақырды. Бірақ ол бұл ұсынысты қабылдаған жоқ. Естерек1615 жылы Түрік сұлтанының боданы болуға тілек білдірді. Жауап ретінде сұлтан төмендегідей талаптар қойды. Соған сәйкес далалықтардың әмірі аманат ретінде Стамболға өз айналасындағы беделді ноғайлардың бірнешеуін жіберуі керек. Сосын ұлдарының бірін Қырым ханының қызына үйленуге көндіруі шарт. Осы соңғы талап «Ер Тарғын» жырындағы оқиға желісіне сәл-пәл ұқсайды. Онда қисса кейіпкері Тарғын батыр туған даласын тастап, Ақшахан бас билеуші боп тұрған Қырымға баруға мәжбүр болушы еді ғой. Ал хан қызы Ақжүніс ақыры оған тұрмысқа шығып, отбасын құратын. Оған дейін Тарғын оймауыттар мен торғауыттарға қарсы аттанған хан қолына қосылып, ерлік жасап, көзге түсетін. Әрине, жыр таза тарих емес, таза тарих болуға тиіс те емес. Өйткені ол тарихи шындықтан гөрі халықтың ой-арманын, аңсаған ертеңіне жету жолындағы жанаямас күресін көрсетуге тиіс. Кейде сол күрестің көрігін қыздырып жүрген қаһармандардың ерлігіне елді еліктіру үшін ол өсіріп те, әсірелеп те айтылуы мүмкін. Сондықтан аталмыш жырдағы Ер Тарғын мен тарихта болған Тарғын батырдың іс-әрекеттерінде алшақтық та, асыра айту да болуы әбден ықтимал. Мәселен, Ер Тар¬ғынның Ақшахан қолына еріп бағындырғалы бар¬ған торғауыттары батырдың біз өмір сүрді деп жүрген мерзімінен Қырым төңірегіне бір жарым ғасыр кешірек келген. Онда олар Моңғолияда, қазіргі Шыңжан аймағында болған. Торғауыттан бөліне қоймаған ойраттардың да Тарғын тұсында Қырым билеушілерімен шайқасуы мүмкін емес-ті. Өйткені олар Қап тауынан да, Қырымнан да құлақ естімес, көз көрмес түу алыста жат¬қан. Есен хан билеп тұрған тұста ойраттар 1439-1450 жылдары Бейжіннің өзіне басып кіріп бағындырмақшы болған. Бірақ қала тұрғындары басқыншыларға зеңбіректен оқ жаудырып, ұдайы тойтарып тастап отырған. Ойраттардың ноғайлы жеріне қадам басуы бұдан біраз кейін 1616 жылы олардың бір тайпасы, атап айтқанда торғауыттар баса көктеп батысқа қарай өтіп, Еділдің төменгі бойына келіп қоныс теуіп, атауы қалмақ деп өзгертілді. Тарихшылардың топшылауынша келімсектер Ұлы Ноғай ордасының Орыс патшалығы мен қазақ хандығының арасында түлкібұлаңға салып амалдауына нүкте қойғызды. Орда ыдырап, дербес өмір сүруін тоқтатты. Тайпаларының бір бөлегі Еділ жағасын қоныстанып, Кіші Ноғай ордасына қосылды. Екінші бөлегі дербес құрылым ретінде Қазақ хандығының құрамына кіріп, Кіші жүз атанды. Міне, өстіп Ер Тарғын қазақтың қаһармандық жырларына ноғайлы батыры, ал М. Тынышбаевтың топшылауынша Ұлы Ноғай ордасының билеушілерінің бірі боп кірді. Ал атақты Естеректің баласы даңқты Дінахметтің немересі Ер Тарғынның Қырымға қашып баруға мәжбүр болуы қалай? Жырда ол елінде беделді бір биді өлтіріп, жазадан құтылу үшін қашады. Әрине, ақиқат бұдан басқаша. Тарихи деректерге қарағанда, Естерек өлгеннен кейін Ұлы Ноғай ордасында тағы да алас-күлес бүлік басталады. Астраханды алып алған орыстарға арқа сүйеп, қырдағы билікті Ормамбет әулеті қолына алуға тырысады. Дінмұхамед пен Естерек балаларының оларға бағынғысы келмейді де, өз жұртын алып Жайық жағасына көшеді. Ол кезде Орыс хан балаларының біразы Ресейдің тілін де, дінін де қабылдап, орыс кінәздары Урусовтарға айналған еді. Исмайылдың кенжесі Тынбайдың баласы Қанай өз адамдарымен орыс бодандығына өтіп, Астраханға кеткен-ді. Дінмұхамед пен Естерек қалмақтардың шабуылына ұшырап, талқаны шықты. Жас Тарғын қалмақ қаруының күшін сонда-ақ байқаған сықылды. Естерек мұрагерлері жұртының негізгі бөлегі жеңілістен кейін Астраханға қарай шегінеді. 1623 жылы Орыс патшасы Ұлы Ноғай ордасын қалпына келтіруді шешіп, оның әмірі етіп Қанайды тағайындады. Дінахмет ұрпақтарынан әсіресе, Естерек балаларынан гөрі Мәскеуге Орыс пен Тынбай әулетінің өкілдері адал әрі ниеті түзу көрінді. Естеректің үлкен ұлы Мәмбет орыстың тұтқынына алынды. Кейін оның отбасының тағы да екі өкілі Қанайдың мұрагері Қара Келмембетті және Ормамбет ұрпағы Әлиді өлтірді деген желеумен абақтыға жабылды. Оларды және Қырым ханымен байланыс жасауға тырысты деп айыптады. Басқаша айтқанда, Естерек мұрагерлері ол кезде Қырымды жақтаушылар сапында жүрді. Ал орда әмірі Қанай торғауыттармен достық қатынаста болды. Өйткені Мәскеу соны қалады. Сөйтіп білеуші әулет қалмақтармен ауыз жаласты да, Естерек мұрагер¬лері Қырыммен жақындасуды көкседі. Соның нәтижесінде Естерек балаларының біреуі Қырымға қашып баруы әбден мүмкін. Оқиғаның бұлайша өрбуі тарихи деректерге де, «Ер Тарғын эпосының мазмұнына жауап береді. Қазақ ауыз әдебиетінде Ер Тарғын жайында жоғарыда аталған екі жырдан өзге «Қырымның қырық батыры немесе «Ноғайлы батырлары» топтамасына кіретін «Естерек ұлы Ер Тарғын» атты тағы бір дастан бар. Батырлардың көбі қазақ тарихына өшпес ізін қалдырған өмірде шын болған қаһармандар. Бір қызығы, Ер Тарғын туралы аталмыш қиссалардың негізгі кейіпкерлері мен оқиға желісі ұқсас. Бірін бірі қайталамағанмен толықтырып тұратыны және бар. Алайда әр нұсқада батырдың әкесі әртүрлі аталады. Кім білсін, жыршы бәлкім сол арқылы қаһарманды халыққа жақындата түскісі келген де болар. Сол сияқты әр жырда оның шыққан тегі мен туған жері де әрқилы. Бір нұсқада Ер Тарғын Қаратау аймағынан, яғни Қазақстанның оңтүстік өңірінен шыққан, қарапайым қара қазақтың баласы десе, енді бірінде Астрахан хандығы әмірінің ұлы еді дейді. Бұл қиссалардың алғашқысы «Ер Тарғын» жырын орыс ғалымы, ағартушысы Николай Ильминский он тоғызыншы ғасырдың алпысыншы жылдары Марабай жыраудан жазып алып, Қазан қаласында жеке кітап етіп бастырып шығарғанын бұрын айтқанбыз. Соны жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары ауыз әдебиетінің асыл мұраларын жинаушы абзал ақсақалымыз Әбубәкір Диваев жазып алып таратты. Қазақтың атақты «Ер Тарғын» операсына арқау болып жүрген осы алғаш¬қы нұсқалар. Тағанды тарихшы Мұхаметжан Тынышбаевтың ел шежіресіне өшпестей боп аты жазылған Дінах¬метұлы Естеректің туған баласы дейтін Ер Тарғын батыр туралы әзір тарихи жазбалар табылғ¬ан жоқ. Әзірше малданып жүргеніміз тарихта болған Қырым¬ның қырық батыры туралы қиссаларды кейінгі ұрпаққа жеткізген Мұрын жыраудың жыр-дастандары. Академик В. М. Жирмунский де ноғайлылардың эпикалық жырлары тарихи оқиғалардың ізімен шығарылып, оларды өз тұрғысынан бағалап, баяндауы сондықтан. Олардың тарихи негізі айқын деген-ді ол. Бұл жырлардың басты қаһармандары мен олардың өміріндегі көптеген оқиғалар шынайы болғанына тарихи деректер куә. Тек жадында сақталған сол тұлғалар мен оқиға¬ларды халық өз өресі жеткен деңгейде шығармашылықпен сұрыптап өзінше жырлаған. Ер Едіге, оның ұлы Нұредин, Мұсахан төре, Қази ұлысын құрған Қарасай – Қазидың әкесі Орақ батыр, хан Мамай, Ұлы Ноғай ордасының негізін салушы Исмайыл, Маңғыт жұртының әмірі Жаңбыршы бізге осы тарихи жырлар арқылы жеткен жоқ па еді. Естерекұлы Ер Тарғын да қазақ тарихындағы сондай тұғыры биік тұлғалар қатарында аталуға әбден лайық. Оны сол санатқа қосу үшін тек тарихи деректер табу керек. Сонда Ер Тарғын қисса қаһарманы болып қана қоймай, толық қанды тарихи тұлғаға айналады.

1013 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз