• Ұлттану
  • 07 Қараша, 2011

Халқының мүддесін ту еткен

Аманжол Қошанов.

Академик Манаш Қозыбаевтың ғылымдағы орны, сан-салалы қоғамдық қызметі жылдар өткен сайын даралана түсуде. Мәкеңнің ғасыр тоғысындағы еліміз, халқымыз үшін тынымды еңбегі оның шығармашылығының дәуірлеу кезеңі болды. Бұл – ақиқат. Жарты ғасырға жуық ғылымдағы өмірінің соңғы 15-20 жылы халқына тікелей қызмет етіп, сан-қырлы қабілет-талантын қазақ халқының шынайы тарихын қалпына келтіруге аянбай құлаш ұрды. Қазақ халқының көне дәуірден бүгінге дейінгі тарихына зерттеушілерді бастап, шын мәнінде Қазақстанның жаңа тарихын өркениет қалыбына келтіруге аянбай атсалысты. Бұл зерттеушінің пешенесіне жаңа дәуір сыйлаған, тағдыр дарытқан бақыт еді.

Осы жағдайды ғасырлар бойы армандаған елдің егемендігі туындатты. Тарихи аренаға шығып, өздерінің міндет-миссиясын орындауға дайын екенін талай зиялы қауым өкілдері, қоғам, мемлекет қайраткерлері таныта білді.

Солардың алдыңғы шебінде бірегей, жарқын жұлдыздар санатында Мәкең болуының өзі де тарихи заңдылық еді. Ол кісінің бұған дейінгі арпалыс, толғанысқа толы өмір тәжірибесі, халқына қызмет етсем деген биік арманы, халықтың тарих жолындағы күреспен өткен ауыр тағдырын ғылыми, азаматтық елегінен өткізіп шындыққа жол ашу – осының бәрі, біздіңше, Мәкеңді тарих ғылымындағы үлкен күрес жолына еріксіз әкелді.

Мәкең өткен ғасырдағы ұлы демократтар – Әлихан, Ахмет, Міржақып еңбектеріне көп үңілетін, жиі қолданатын, оларды: «қайтсек егемен халық боламыз, оның келешек тағдыры қандай жағдайда, қай жолмен өрбіп, өркениетті елдер санатына қалай қосыламыз» деген сұрақтар толғандыратын. Әсіресе, халық өміріндегі жер тағдыры, бірлік, кәсіпкерлік жөніндегі пікірлерін қазіргі өмір талабына сәйкес әрдәйім алға тартатын Мәкең.

Мәкең кең ауқымды, ғылыми көзқарасы, білімі жан-жақты, әрдәйім, әр жағдайда жаңашылдыққа ұмтылыс жасаған, сирек кездесетін интеллектуалдар қатарында болды. Орталық басылымның бірінде 2001 жылы ауқымды мақаласы жарық көрді. Ол тарих ғылымындағы бүгінгі таңдағы көкейтесті, шешуді қажет ететін мәселелер жөнінде еді. Тарихшы мамандардың есінде болар – көтерілген проблемалар жалпы ТМД елдері тағдырына ортақ болатын. Батыл да, дәлелді түрде тоталитарлық жүйеде қалыптасқан жалған көзқарастардан әлі арыла алмай келе жатқанымыз, Ұлы Отан соғысы тарихында стратегиялық басқарудағы олқылықтар, ұлттық жауынгерлер қосындарының әлі толық ашылмай келе жатқан беттері, социализмнің идеяларын жаппай қаралаудан арылып, шын мәнінде одақтас республикалар: «кеше кім едік, бүгінгі әлеуметтік, экономикалық жетістігіміз неде» – деген сұраққа бүкпесіз, шынайы жауап іздеуіміз керек екенін, жалпы Қазақстан тарихшыларының жаңа дәуірдегі міндеттері жөнінде баса айтылып еді. Бұл көзқарастар келешек ғылыми жоспар-бағдарламаларға ұласып жатқандайды.

Академик Қозыбаевтың ғылымдағы айтулы жетістіктері Қазақстан тарихындағы егемендікке құлаш ұрған соны кезеңге сай келіп, оған үндес -рефрен іспетті әсер қалдырушы еді. Бұл жәйт жалпы тарихшыларымызға тағдыр тарту еткен, казақ халқының арман-талабына сай үлкен құбылыс еді. Мәкең университеттік жүйелі білім алып, азаматтық санасының қалыптасу жылдары отан тарихын тоталитарлық идеология бағындырып, зорлықпен бұрмалаушылық кезеңін көзімен көріп, қолымен ұстағандай еді. Бұл көзі ашық, көкірегі халқына теңдік аңсаған азаматқа тарихи сын, шыңдалу кезеңі еді деседе болғандай. Мәкеңнің ғылымдағы жолы университет қабырғасынан басталып, отан соғысы, партия тарихының іс-әрекетіне терең бойлап, сан қырына үңіліп, оның талай құпияларын ашуға мүмкіндік берді. Осыған байланысты оны қатаң жүйе шындық іздедің деп соққыға да жықты. Бірақ Мәкең көзқарастары одан шыңдала түскендей еді. Оның ғылымдағы өмір жолы Қазақ энциклопедиясы басшылығында, Академияның тарих және этнология институтын басқарған жылдары еліміздің рухани жаңғыруына сәйкес келіп, зерттеушілік таланты барынша ашылып, Мәкең тарих ғылымының жаңа дәуірдегі сардары дәреже­сіне дейін көтерілді.

Мәкеңнің қабылеті ерте танылды. Бір сыр бөліс­кен әңгімесінде, университет қабырғасына орыс тілін шала біліп, бірақ шағын уақытта меңгеріп кет­кенін айтатын. Екінші курста тарих пәнінің доценті (шамасы жер аударылғандардың бірі болса керек) реферат жазуға тапсырма беріп, Мәкеңе «Ағайынды Гракхтардың реформалары» деген тақырып тиіпті. Реферат жоғары бағаланып, ұстаз: «Бұл рефератты студенттерге оқу құралы ретінде ұсынуға болар еді» дегені жадында сақталыпты. Осының өзі талапты студенттің саралау қабылетінің деңгейін танытқандай еді.

Жас ғалым Манаш Қозыбаевты трибунадан мен алғашқы рет 1965 ж. Қазақ ғылым академиясының үлкен залында тыңдадым. Бұл ұлы жеңістің 20 жылдығына арналған үкіметтік дәрежедегі конференция еді. Зиялылар назарында Баукеңнің (Момышұлының) өзіндік тұлғасы мен баяндамасы болды. Мәкең арындаған, бұлқынған жігер иесі, қалыптасқан ғалым ретінде танылды бізге. Әлі есімде, баяндамасын: «Дорогие соотечественники ...» деп бастады. Бұл қаһарлы соғыс кезіндегі үндеу, жарлықтардың калыпты әсері шамасы әлі жадымыздан кете қоймаған кезі еді. Республикамыздың соғыс арсеналы ретіндегі рөлін ғылыми дәлелдеп, тыңдарман назарын баурады.

Жалпы Мәкеңнің ораторлығы ерекше болатын, оның баяндамалары соны пікірлер, тұжырымдарға негізделіп, әдеби, көсемсөздік формасы ерекше өз алдына әсер ететін. Оның сыры Мәкеңнің тағы бір талантының қыры Академия қабырғасында талай үлкен-ұлағатты жиындарда толығынан танылды десек қателеспеген болармыз. Ол – халқымыздың ұстамды, пайымды, керек жерінде батыл да ашық түрде паш етілетін шешендік өнері еді. Қазақ тіліндегі еліміздің көрнекті ғалым, мемлекет, қоғам қайраткерлеріне арналған баяндамаларының толғанысқа толы, сыршыл беттері ақ өлең формасында төгілетін. Кейбір азаматтардың реті келгенде Мәкеңе еліктейтіндері байқалып жүрді. «Ойымды Мәкеңше жеткізгім келеді» деушілер де болды. Бұл сегіз қырлы талант иесінің төңірегіндегілерге тікелей әсері болатын. Есімде, Академияның үлкен залында академик Марғұлан туралы толғанысы, Республика сарайында көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері Мақтай Сағдиев, халқымыздың ұлы демократтары туралы баяндамалары осындай терең де сыршыл ойымен жұрт назарын аударғаны белгілі. Осы бағытта Мәкең «ұлтжандылық», «азамат», «тұлға», «қайраткер», «отаншылдық», «Отанға қызмет ету» т.б. ұғым-категориялардың тарихи негізі мен жаңа дәуірде өзгеріп отыратын заңдылықтарын ашуға мән беретін. Бұл жағынан тарихи құбылыстың фәлсәфалық негізіне үңілу ойшыл ғалымдарға тән қасиет екені белгілі үрдіс.

Академик Қозыбаев жоспарлы зерттеулерді былай қойғанда, жеке бір проблемалармен айналысқанның өзінде тың көзқарас, соны пікір айтып, осы төңіректе бөлінген қысқа мерзім ішінде жан-жақты көп ізденетін. Кезінде Ұлттық тарих жылына байланысты Әбілхайыр хан тұлғасына көп үңілді. Қазақстанның Ресейге «өз еркімен» қосылуына байланысты еліміздің батыс өңірі Ресей мен Иран, Түрікмен кыспағында қалып, егемендігімізге үлкен қауіп төнгенін, Ресей елшісі Тевкелевтің айлалы, екіжүзді саясаты жөнінен маған бөлісіп сыр шерткені есімде. Осы оқиғалар әлі де кешенді, терең жан-жақты зерттеу қажет ететінін айтушы еді. «Әбіл­қайырдың жеке тұлғасына кейде жасанды айып тағудың орнына, оның айтулы мемлекет қайраткері болғандығы әлі де кемшін зерттелуде», дегенді. Осы секілді Мұхамед Қайдар Дулати, Жалаңтөс Бахадүр туралы баяндамалары, пікір, тұжырымдары кезінде ерекше назар аударған. Әсіресе академик Қозыбаевты Абылай хан тұлғасы толғандыратын. «Біздің тарихымызға халықаралық деңгейдегі, Қытай, Ресей, Орта Азия көлемінде қазақ еліне байланысты сыртқы саясатта тікелей араласып, ықпал етіп, көзге түскен қайраткерлер қажет-ақ» деп отыратын. «Бұлар тарихымыздың қадау-тіреуіштері іспетті, бізді жалпы өркениет үрдісіне апарып қосатын бағаналар деуге болады» – деуші еді. «Әттең әзір тарихи деректер жетіспейді, әйтпесе сонау Жошы мен Батуды да қарастырып көруге болар еді» дегені есімде. Мәкеңді Кенесары ханмен үлкен мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтың тағдыры көбіне-көп толғандырып, олардың мүшел тойларына байланысты тыңнан, соны пікірлер ұсынуға дайындалу үстінде жүрген болатын. Тағдыр оған жеткізбей кетті.

Мәкеңді бүкіл халық ризалығына бөлеген еңбегі атақты қанішер, нағыз конкистадор Ермактың жауыздығын ғылым тұрғысынан негіздеп, әшекерелеуі болды. Орыс тарихшылары, Скринников бастаған шовинистік топ Ермакты ұлттың жиһангер тұғырына көтеріп, империялық тұрғыдан мадақтаумен болды. Мәкең бүкіл Ресей тарихшыларына кереғар, соны пікірмен қарсы тұрды, ғасырлар бойы армандаған халықтың мүддесін ғылым жүзінде батыл паш етті. Соңынан академик М.Қ.Қозыбаевқа мемлекеттік сыйлық беру шешімі кабылданғанда, комиссия мүшелері «халқымыздың мүддесіне араша түскен тарихшы-ғалым» деген пікірге сайды. Әрине бұл тұжырымда Мәкеңнің «ақтаңдақтарды» ашудағы, тағы да сан алуан ғылымға қосқан жаңалықтары ескеріліп еді. 1993 жылы Павлодар облысына Ғылым күндерін өткізуге барғанымызда, Ақсу ауданының әкімі Қуат Есімханов Мәкең екеу­мізді қонаққа шақырып, қаланың бұрынғы «Ермак» атын «Ақсуға» ауыстырып, орталық алаңдағы Ермактың мүсінін бір түнде ысырып тастатқанын айтып: «Мәке, бұл тарихи шындықтың орнына келуіне сіздің еңбегіңіз халық тілегіне сай келді, казағымыздың іште ғасырлар бойы күса, шемен болып жатқан ұтылыс кегі шешімін тауып, рухани деміміз ашылғандай болды» – дегені бар.

Мәкең кабинетке ғана байланған ғалым емес еді, қызмет талабымен облыстарға, тарихи ошақтарға жиі шығатын. 90 жылдардың аяғында, Кенесары ханның мүрдесін іздеп Қырғызстанда, Қордай асуында болғаны мәлім. Атақты Аңрақай шайқасының болған жерін төңіректеп, Балқаш көлінің шығысы мен Алакөл, Жоңғар кақпасына дейін барып, жергілікті жер-су аттарына, топонимдерге үңіліп, белгі-стелла орнататын жерді анықтап қайтқаны бар. Келгеннен кейін Әбілхайыр, Абылай, Ағыбай қосындары, қалмақ қолдары жердің стратегиялық шайқасқа лайық ойпат-қыраттарын еске ала отырып, ұрыстың панорамасын көз алдына елестеткендей суреттегені бар. Шамасы, осылай пайымдауына Ұлы Отан соғысына байланысты зерттеулерінің де әсері болды-ау деймін. Соңғы кездегі бір әңгімемізде «Мәскеудің әскери-тарихи музейімен байланысым бар еді, каражат болса Кенесарының бас сүйегін тауып бергілері бар, осыны бір жүзеге асырсам» – деп еді. Оған жете алмай кетті.

Мәкеңді Академия тағдыры терең толғандыратын, өтпелі кезең қыспағына түсіп құлдырағанын республиканың бүгінгі болмысы мен келешегіне балта шабумен тең деп есептейтін. Ғылымсыз халық – тұл, мәселені дереу шешу қажеттігін қай трибунадан болмасын батыл да баса айтатын. Соңғы жылы Академия жұмысын кайта құру жөнінен үкімет салааралық комиссия құрып, оның жұмысына бірге қатысып жүрдік. Талқылау үстінде талай ауытқулар болды. Соңғы бір отырыста: «Егер іс насырға шауып, мәселе дұрыс шешімін таппаған жағдайда, Сатпаев академиясын қоғамдық негізде қайтадан құруға дейін баруға тура келер, бұл Академияның құрамынан шығуға дейін барамыз» – дегенді ашын­ған, батыл түрде айтып еді. Заман, пікір түзеліп, Ғы­лым Академиясының жаңғырғанын, ғылымның күш алғанын көзімен көріп кетсе, академик Қозыбаев өзін бақыттымын деп санар еді-ау деген ой көңіліме орала береді.

Мәкеңмен бірге көп жылдар тығыз аралас, пікірлес, қызмет бабында бірге болдық. Академик­тің мүшел тойы Алматыда, туған елі Қостанайда өтті. Сол тойларды басқарысып, баяндамалар жасауға тура келді. Осының бәріне көңіліме разылық сезім ұялайды. Еңбегін халқы, елі бағалаған үлкен ғалымның, айтулы азаматтың мерейтойы да өз дәрежесінде өтіп жатты.

Мәкеңнің жеке басының азаматтық өресі, іскерлік қасиеті, кісіге көмекке, жақсылық жасауға әрқашан дайын тұратындығы бөлек бір құбылыс. 1989 жылдың июнь айында екеумізде Академияның сайлауында академик атағын алу үшін үлкен додаға түсіп, ойдағыдай сайландық. Бірақ, басқа мамандықтар бойынша, әсіресе мүше-корреспондент атақтарына үлкен талас болды. Сайлау түнгі сағат 3-ке дейін созылды. Тарихшыларға берілген бір орын үшінші турға түсетін болды. Осы бір қысылтаяң жағдайда Мәкең: «Берілген орын өлейін деп тұр, Кеңестен лайық ешкім жоқ (Нүрпейісов Кеңесті айтады), берейік дауысымызды» – деп жар салды. Ақырында -Кеңес мүше-корреспондент болып сайланды. Ол кісі үнемі жұмыс үстінде болатын. «Нағыз ғалымдардың кол жеткен табыстарының 99 пайызы еңбекке, 1 пайызы талантқа саяды» – деген кағида Мәкең шығармашылығымен дәлелденеді десек қате айтпаған болармыз.

Мәкең уәдешіл, дос-жаранға қайырымды болатын. Қызмет бабымен, басқа жағдайда: «Осындай ұсыныс бар, қалай қарайсыз» – дегенде көбінен-көп: «Жәрәйді» деп, өзіне тиісті жағын толығымен орындайтын.

Мәкең қазақша жұмсақ әзілді көңілдене қабылдайтын. Әлі есімде екеуміз бір Астанаға үлкен жиылысқа барып, түскен мейманхана көңілден шықпай, таныстар арқылы басқа бір жәйлі орынға жайғастық. Люкс номердің алдыңғы бөлмесінде қағаз қарап отыр едім, Мәкең келесі жәйда теледидардан көп сериалдың біреуін көріп отырып, «Әбеке, тез, бұлар нағыз қызыққа енді кірісейін деп жатыр, көріп қал» – деп шақырды. Кейін үйге қайтқан соң Мәкеңе: «Астанада «тез, көріп қал» деп шақырғаныңды Раушан келініңізге айтып едім, ол таң қалып: «Әу, Мәкең де солай екен ғой», деді деп едім, соған мәз болып, рахаттанып күлісіп алғанымыз есімде. Тағы бірде Иранда конференцияға қатысып, жаз болатын, үстіне бір жеңіл сафари киіп келді. Менде бір жеңіл ақшыл жейде-шалбар киіп жүргенмін. «Мәке, сафариіңіз лайықты екен, құтты, киіс көтерсін», дедім. Ол кісі менің үстімдегі шүберекті ұстап: «Сенікі осы ерекшелеу ме деп тұрмын» – дегені. «Мәке, біреудікі біреуге қыздай деген, не айтқаныңыз» – дегеніме өзіне ғана тән жәйлі сылқылдақ күлкісімен көңіл хошын білдіргені бар-ды.

Қашанда арамызда жылы күлімсіреп, үлкен істер тындырып, қазақ ғылымының ең ауыр жүгінің бір бөлігі – тарих ғылымын қайта жаңғыртып, өркениет жолымен өрге сүйреген асыл да ардақты әріптесіміздің дауылды, күреске толы өмірі жарқылы мол найзағайдай көрінуші еді. Ұлтым, халқым, елім, ділім деп соққан үлкен жүрегі ғылымды қалай жаңғырту жолында дамылсыз ізденіп, кесек-кесек пайымдауларымен алда тұратын. Мәкең шын мәнінде ұлттық деңгейдегі кемеңгер, кең ауқымды патриот болды. Академик М.Қозыбаев өзінің рухани ұстаздары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновпен сырлас әрі үндес көрінуші еді. Мәкең осы ұлы тұлғалардың рухани мұрагері іспетті еді. Бәріміздің бағымызға қарай осы бір өліара 90 жылдардағы өтпелі кезеңде халқымызға әлімсақтан еншілес ұлы да ғибратты тарих ғылымын академик Қозыбаев басқарып, абыроймен талай айтулы шешімдердің бағытын сілтеп еді. Жас мемлекетіміздің ірге тасын қаласып бекітуде оның еңбегі қазақ тарих ғылымына алтын әріппен жазылып қалуы күмәнсіз.

Ел тарихымыздың парасатқа толы жарқын беттерінің бірі сөзсіз академик Қозыбаев еншісінде.

Өмір жалғасын үзбейді, бірақ ұлы ғалым батыл айтып, сарадан жол тартып, әрдәйім шынайы, объективті шындыққа, әділдікке бағыттайтын академик Қозыбаевтың орны өз алдында.

Академик М.Қ.Қозыбаев, біздің Мәкең, ғылымдағы үлкен, ұлағатты жолымен, жеке азаматтық даралығымен әрдәйім біздің жадымызда.

678 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз