• Келелі кеңес
  • 05 Қараша, 2013

Ұлтшыл болу ұят па? (Мәні жоғалмаған мақаладан)

Akatay_middleСәбетқазы Ақатаев,
жазушы
Қазіргі Қазақстанның əлеуметтік-саяси ақыл-ой айдынында ұлтшылдықтың бірімен-бірі қабыспайтын, біріне-бірі қарсы тұратын екі түрі бар. Бірі – «ұлы», əміршіл, отарлаушы ұлттың қаскөй ұлтшылдығы. Екіншісі – жергілікті, тоналушы, отарланушы «кішкентай» ұлттың «ұлтшылдығы». Бұл – қазақтың қара тілімен айтсақ, ұлтжандылық, патриоттық. Демек, ұлтшылдық санына қарай «ұлы» жəне «кішкентай», сипатына қарай өктемшілдік жəне азаттыққа ұмтылыс түрінде екіге бөлініп, əлеуметтік əділеттілік өресінен «жаман» мен «жақсы» болып бағаланады екен.


Əдетте, орталықтары қызыл комиссарлар бұратана басшыларды мақтағанда – «нағыз интернационалист», ал, табалағанда – «барып тұрған ұлтшыл» деп, таңбалайды. «Интернационалист» болып атанған бас­шы бұған шен алмаса да, разы болып жатады (Мəселен, Камалиденов, Меңдібаев, Юсупов жəне т.т.), ал, «ұлтшылдық» қоңырауы тағылған басшы (мəселен, Тə­шенов, Дəуленов) орнынан жұлынып, ісі тергеуге кетеді. Жергілікті басшыларды бұ­лайша «тəрбиелеу» жаппай тəсіл сипатын алып, бала бақшадан бастап, совпартмектебі жүйесіне дейін жайылды. Аудан мен ауыл деңгейіндегі басшылар арнайы совпарт мектепті бітірмей-ақ, мұны «100 пайыз» іске асыруда: қазақты қылқындырып, қазақ еместі көтеріп отырсаң болды. «Интернационалистік» философияның жабайы мəні үлкен ұлттың сойылын соғып, өзіңді-өзің тежеумен түйінделеді. Көне грек философы Фразимах: «Əділет дегеніміз – күштінің сөзін сөйлеу» депті. Сонан бері бұл түсінік өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Мұның шың басына шықты-ау деген сəтін бастан кешіріп жатырмыз. Философия тарихынан бейхабар жандардың бұл концепцияны жақсы меңгергендігіне таңым бар.
– Ұлтшылдық жаман! – деп, бұратана халықтарға зеки сөйлеген орыс шовинисі өз ұлтшылдарына қарап, – Жарайсың, патриотым! – деп, арқасынан қағып, ерке­летіп жатады. Ондайларына шен тағып, атақ-абырой ұсынып, аузынан тастамайды. Орыс ұлтшылдарының баршасы – «ұлы». Олар отаршыл соғыстарға қатысып, шен алған Пушкин, Лермонтовпен ғана немесе құмықтарға қарсы соғыста жүріп олардың тілін үйренген Лев Толстоймен ғана шектелмейді. Бұратана ұлттарды қаламымен ғана қан қақсатып жүрген Д. Лихачев пен В. Быковтар неге тұрады?..
– Ұлтшылдық жақсы! – деп күбірлесіп, ішінен тынады бұратана халық өкілі. Айтқан сөзі дастархан басынан аспайды, қатты айта алмайды. Өйткені, бұл сөзді орыс ұлығы естісе түрмеге қа­майды, жəбірлейді, жасқайды. Даусы қаттырақ шыққандарды өз билеушілері-ақ ауыздықтап отырады. «Ұлтшылдығы» үшін зəбір көрген, таяқ жеген аз санды халықтардың ішінде сормаңдай қазақ та жүр. Ұлтын сүйгендігі үшін жаза кесу, «итжеккенге» айдау жағынан коммунистер патша отаршыларынан да асып түсті. Қазақстанның халқын қырып, жерін тозаққа айналдырды. «Үлкен» ұлттың ұлтшылдығы қазақ хал­қының мойнына бұғау болып түскенін ин­тернационализмнің жарқын көрінісі деп, арқамыздан қағып, күле сөйлеп, мəз қылып отырды. Ал, шынымызды айтсақ, біздей көнбіс халықтың отаршылдыққа қарсы қойылатын ұлтшылдықтан басқа қаруы да жоқ еді. Ұлтшыл болмағандықтан – жерден айрылдық.
Ұлтшыл болмағандықтан – Еділ мен Ертістен, Іле мен Есілден айрылдық. Енді, елден айырамыз деп қоқаңдайды қара орыс. Сонда, ұлтшылдықтан басқа бізде не қалды? Демек, отаршылдық үдеген сайын ұлтшылдық та дəуірлей түсіп, отаршылдық бəсеңсісе – ұлтшылдық та бəсеңсіп отыруы заңды. Ұлтшылдықты қоздырушы күш – отаршылдық. Ұлт­шылдық өздігінен өзі тумайды. Оның себебі бар. Отаршылдық қысымның кез-келген түрі кездесе беретін Қазақстанда ұлтшылдық бар, бола береді, бола беруге де тиісті. Сондықтан, Желтоқсан оқиғасының шындығын əлемге əйгілеп, қазақтың алғысын алған М. Шахановтың «қазақ ұлт­­шылдығы жоқ» дегеніне қарсымыз. Қазақ халқының бүгінде дүниеде бар болып, жасап жатқаны рас жəне келешектен үміті болса, ол – қазағымның бойында ең əуелі ұлттық асыл қасиетінің жоғалмағандығы мен рухының тозбағандығының арқасы. Ал, оған біздің қожайындарымыз қалай ат қояды – оны өздері біледі. Өзімізге беймəлім, бірақ, басқа елдерде дүниежүзін дүрліктірген «қазақ құпиясы» («казахский феномен») деп аталған жаңа құбылыстың есімі – осы. Сөйтіп, біздің қарсыластарымыздың ұлтшыл дегені, біздің бойымыздағы асыл да, киелі қасиетіміз екен. Бұны қазақтың қасиетті жеті қазынасының бірі деп есептеймін, өз басым. Ондай саяси философиялық категорияны ой елегінен өткізіп, оны санамызға орнықтырарлық дəлел іздестіре бастағанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы ойға оралады. Əлем­дік тарихта болат құрсанған армияға қазақтан басқа қай елдің қару ұстамаған жалаңтөс жастары қарсы шығып еді? Тіпті, Берлин қабырғасыда Қазақстанның желтоқсанынан көп кейін құламады ма? Желтоқсан оқиғасында жалаңаяқ, жалаңбас қазақ жастары көрсеткен көзсіз ерлікке, соларды басып-жаншып, қабырғаларын күйретіп жүрген танкис­тер, əскерлер МХК, ІІК албайлары, түрме қызметкерлері əлі күнге дейін таңдай қағады. Қайратымыздың қаны қазақтың бұл жолда төгілген соңғы қаны болғай. Азаттық үшін енді тек тер төгелік! Қазақтың азаттығы тек термен өлшенбек. Қазағым терді неғұрлым көп төксе – тəуелсіздігі де толығырақ, ал, керісінше аз төксе, аянса – соғұрлым аз болмақ. Тəуелсіздік деген өзінен-өзі келмейтінін, өлшеніп келетінін сол ұрпақ білгені жөн.
Дүниені күрт өзгерткен жаңаша ойлау философиясына түрткі болған қазақ жастарының Желтоқсан дүрбелеңі екенін əлем білгенмен, қазақтың сол жастары ұмыта бастаған жоқ па? Біле ме? Əрине, білетіндерінен білмейтіндері көп. Өйткені, тағы да тоқмейілси қалдық... «Үкімет билігін қолына ұстаған қазақ» жəне «қарапайым қара қазақ» болып бөлініп, өзара жауықсақ, Қазақстан кімнің қолында қалмақ? Мұны империя бағамдамай, есепке алмай отырған жоқ. Біресе онан, біресе мұнан қаулаған орыс атамандары «қазақ пен қазақ жұлқыласса арашашы болсам, ақыл айтып, ара түсіп, айламды асырсам» деп армандайды. Өз елінде аттан сыпырылып, есігінде қалған ұлт – қазақ болды.
Ұлттық идеологиясыз қазақ XXI ғасырға кіргенмен, сол ғасырдан шыға алмауы былай тұрсын-ау, қазіргі экономикалық-əлеуметтік өзгерістер де бос сөз болып қала бермек. Жетістігіне таңдайымызды қағып жүрген Жапония, Корея, Тайланд пен Тайвань ұлттық идеология арқасында төбесі көкке жетіп отыр.
Ұлттық идеологиясыз Қазақстанның болашақтағы иесі кім боларын да айту қиын, бірақ, ол қазақ болмасына мен кепіл. Өйткені, саяси билік қазақтың қолында болғанмен, экономикалық биліктің тұтқасын кім ұстап отыр? Ойлан, қазағым, оян!
Ұлттық идеология дегеніміз, əрине, басқа ұлт өкілдеріне деген қиянатты, құқайлықты насихаттау емес. Бұған ұлт өзіне-өзі қол салсын деген жауыздар ғана барады. Қазақ емес ұлт өкілдеріне қиянаттың кез-келген түрін жасау – сорлы қазаққа жау тауып беру, Қазақстанның əлемдік өркениет алдында сағын сындыру, тəуелсіздік жолына тосқауыл құру. Мəселенің саяси қатпары «көпұлтты» Қазақстанда қай ұлт өзінің саяси билігін қамтамасыз етеді, қысқаша айтқанда, Қазақстан кімдікі?» – осыған саяды...
... Осы уақытқа дейін қазақты тор­ғайдай тоздырып, жерге қаратып келген Ресей еді. Ресеймен – ішіндегі немесе тысындағы – көршілес бір де бір мемлекет я халық оңғанын көре алмадым. Маған сенбеген жан КСРО-ның кар­тасына назар салсын. Империя ешкімнің көсегесін көгертпейді, тиіп кеткен жерін оңдыртпайды, наразылық жасаса қан қақсатады. Демек, Ресеймен көрші отыруға шыдағанның ғана жаны қалмақ екен. Ресей өз бетімен жуасымайды. Өйткені, оны жуасытпайтын, бұратана ұлттарға жауықтырып отыратын орыс қоғамында бір ұлы итергіш күш бар. Ол – православие діні. Православие шіркеуінің аз санды халықтарға күлімсірей қарағанына қазағым алданып қалмағай. Православие дін басылары Руське «киелі» деп айдар таққан дəуірде біз секілді халықтар орыс қаруынан қан жұтқан. Оның алтынмен апталған ашамайының астында айшық белгісі тегіннен тегін шал­қасынан 330 туып жатқан жоқ. Айшық – біздің тізе бүккендігіміздің ишарасы. Орыс шіркеулерінің ашамайларының алтын құрамы Қазақстан алтынымен тең. Өйткені, біздің жерден алынған. Православие философиясының өзегі – ұлы мемлекеттілік (великодержавность), мемлекет алдында тізе бүгу, соған қызмет ету, құрбаны болу. Сондықтан, орыс қоғамында ғана құлдықтың «қамалдық» (крепостнойлық) тұрпаты сақталған («закон тайги – медведь хозяин»). Мұны Герцен мен Чернышевский «орыс социа­лизмі» десе, Пушкин «орыс исі» деп атайды. Православиеден құтылмай орыс оңбайтынын ұлт зиялылары сезгенімен, одан құтылудың жолын ойластырған орыс ойшылын мен əлі кездестірмеппін. Біздің эрамыздың IV ғасырынан қуат алған православиеше ойлау жүйесі Грекияны, Византияны, Күнгей Кавказ бен Балқан елдерін күйретіп бітті. Украина, Белоруссия мен Россиядағы қазіргі дағдарыс та соның салдары. Бұл философия дағдарысқа өзі ғана түсіп, өзінің кесірін өзі ғана тартып отырса менің онда ешқандай шаруам да болмас еді-ау! Мұндай философия бізді де қуратып отыр. Болашақ Қазақстанның «орыс жолына» түсуіне болмайды деп, байбалам салуымыз сондықтан. Бұл жол тұйық: жанжалдан бас­талып, жанжалға тіреледі...
...Қауіп – зор, өте зор. Бірақ, қорқуға еш негіз жоқ. Қорықсақ, жалтақтасақ, Қа­зақстаннан айрыламыз. Қорқыту мен үркітуді айлаға айналдырған орыстың күр­кілдек империясында басқадай дəрмен де қалмады. Саусақтың бірін бұған да бүгіп ұстаған жөн. Демек, Қазақстандай алыпты орыс тракторының тіркемесіне айналдыруды үзілді-кесілді доғарған абзал. Орысты теңдік пен достыққа шақыра отырып, қазақтың төл несібесіне қол сұққызбауды, билік маңайындағы құзғын құлқын жыл­мақайларды аластауды, орыс алдында қазақ намысын жібермеуді, ұлтқа жанашыр адамдарды, бұл істің ебін білетіндерді мемлекет ісіне тартуды саяси машыққа айналдыратындай заман туды.
Халқымыз ұйқыда, бағынуға көнбіс. Сондықтан, дəл осы кезеңде оған қорған болу керек. Оянып алған қазақ Азияның алыбына айналатыны сөзсіз.
«Жас қазақ» газеті, 1992 жыл

463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз