• Келелі кеңес
  • 14 Қараша, 2013

ТАРИХТАҒЫ САЯСИ ТӘЖІРИБЕЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТҚА ЫҚПАЛЫ БОЛСА...

Эльмира Телеуова,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Тарих, археология және этнология факультетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты

–Тәуелсіздік жылдары Қазақстан тарихы қайта жазылып, ұлттық және мемлекеттік мүдде тұрғысынан зерттелуде. Кеңестік кезең сіңірген бірізді саясаттың солғын тұстары алынып тасталды. Сонымен бірге, азаттық жыл­­дарындағы еліміздің жеткен жетіс­тіктері басты назарда болып отыр. Алайда, біз тарихты қайта-қайта жазу арқылы тарихи шынайылықтан алыс­тап, дерек­теріміз сан қилы болып кетпей ме?


– Тәуелсіздік жылдары тарих ғылымы кеңестік дәуірдегі таптық методологияның шеңберінен шығып, зерттеудің жаңа бағыттары анықталып, ақтаңдақ беттерді қайта парақтау қолға алынды. Ұлттық мүдде тұрғысынан алғанда, азаттық жылдарындағы тарихнамамызда жетіс­тіктер өте көп деп айтуға болады. Адамзат тарихын сатылы түрде қараудан гөрі, өркениеттілік тұрғысынан зерттеуге басымдық берілді. Қазақ тарихы Түркі өркениетінің ажырамас бөлшегі ретінде зерттеліп, дала тарихындағы көшпелілердің орны айқындала түсті. Қазақстан мемлекеті Евразиялық идеяның жалғастырушысына айналды. Әрине, алғашқы кезеңде позитивтік тұрғыда тарихты жазу ұлттық мүдде үшін өте қажет болды. Тәуелсіздік алған жылдары қазақ қоғамын тұтастыру үшін ұлт­тық бірегейлікті дәріптейтін зерттеулер қажет еді. Қазақтың төзімділігі мен ұлт ретінде өзіне деген сенімділігін арттыру мақсатындағы еңбектер жазылып, олар баспасөз беттеріндегі мақалалардың басты идеясына айналды. 1998 жылдың «Халық бiрлiгi мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланып, сол жылы атқарылған қо­мақ­ты іс-шаралар тарихи зерттеулердің молаюына оң бастама болды. Кеңестік дәуірде саяси құрбандыққа ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері жаппай жарияланып, халық арасында тұл­ғалық қабілетті арттыруға ықпал етті. Ол еңбектерді әрбір көкірегі ояу қазақ сусындап оқыды, талдады. Мұ­ның бәрі сол жылдардағы тарих ғылы­­мының жетістіктері болды. Оның қарапайым көрінісі, қазіргі күні 18-20 жас аралығындағы жастарымыздың әр­бір үшіншісіне қазақ хандарының, Алаш қайраткерлерінің, ру-тайпасынан шыққан, бұрын белгісіз болып келген би-батырлардың есімдері қойылғандығы. Тарихи жадыны қайта жаңғырту қоғамды үлкен серпіліске алып келді. Бұл біздің тарихты зерттеуде тура жолмен келе жатқандығымызды аңғартса керек.
Тарихты қайта жазу мәселесі бүгін де өте өзекті болып отыр. Тарихтану процесінде ғылыми ұстанымдар мен көзқарастарды қайта қарау мәселесі, өркениеттілік (мәдени құндылықтарды басымдылыққа алу) және жүйелілік тұрғыдан зерттеу мәселесі кәсіби тарихшылар арасында талқылануда. Бұл заңдылық. Себебі, кез-келген ғылым саласы жаңа әдістерді іздеуі қажет. Сондықтан, менің ойымша, біздің жағдайда тарихтың қайта жазылуы өсуге алып келеді. Бұрма­лан­ған тұстар ашылып, нақтыланған деректермен толықтырылуда. Тарих деректі әрі қызықты бола түсті. Бұдан тарих ұтпаса, ұтыла қоймас.
–Тарихты жазу бір бөлек те, оны ха­лыққа жеткізу, санаға сіңіру, қоғамның тарихи санасын қалыптастыру одан да маңызды мәселе. Осы орайда, тарих­шы мамандар мен оқу ордаларына түсер салмақ ауыр. Ал, ҚазҰУ секілді ірі білім ордасы осы мақсатты қалай орындауда?
– Ең алдымен, тарих ғылымы қоғамның тарихи танымы мен тарихи санасын қалыптастыруы керек. «Халыққа арналған тарих» (public history) деген ұғым бүкіл әлемдік тәжірибеде бар. Қоғамның тарихи білімін жоғарылатып, қызығушылығын арттыру үшін, оны дәріптеу қажет. Бұл насихат мұражайлар мен көрмелер, тарихи кинофильмдер мен әдеби шығармалар және БАҚ арқылы жүзеге асады. Оның ішінде тарихи оқиғалар мен тұлғалар өміріне арналған фильмдер мен пьесалар, роман мен әңгімелер де бар. Шығармалардағы кейіпкерлердің жеке өмірі мен тағдырының баяндалуы оқырман мен көрерменді баурап әкетуі тиіс. Тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар халықтың тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан, мұнда күш тек тарихшыларға ғана емес, журналис­тер мен киногер мамандарға, мұражай қызметкерлеріне де түседі. Бірақ, бұл та­рихи білім емес, бұл тарихи сана ғана. Егер, қандайда бір тарихи мәсе­леге қатысты оқырман терең білгісі келсе, әрине, кәсіби тарихшылардың еңбектерімен танысқаны дұрыс болар.
Ал, ҚазҰУ-ға келер болсақ, бізде, университеттің барлық факультетінде «Қазақстан тарихы» академиялық деңгейде оқытылады. Мектеп қабырға­сынан тарихи мәліметтердің жиынтығын білетін студентті өз бетінше баға беруге, талдауға, жеке көзқарасын қалыптастыруға бейімдейміз. Себебі, олардың әрқайсысы да болашақта қоғам үшін шешім қабыл­дайтын, ел тізгінін ұстайтын азамат бо­ла­ды. Сондықтан, жеке мүддеден гөрі ұлттық мүддені жоғары қою қажеттілігін түсіндіруіміз керек. Әрине, бұл мақсатқа тарихи танымды көтеру арқылы ғана жетуге болады. Сонымен қатар, білім беру жүйе­­сінде тарихты басқа пәндермен бай­ланыстыра оқыту қажеттілігі де талқыланып жатқан тақырыптардың бірі. Тарихты әлеуметтану, психология, экономика мен жаратылыстану ғылымдарының әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, оның тиімділігін арттыру көзделуде. «Пәнаралық синтез», «Тарихи жады», «Интеллектуалды тарих», «Тарихи информатика», «Семиотика» ұғымдары енгізілді. «Тарихтағы адам», «Адам тарихы» мәселесі қарастырылуда. Тарихты тек оқиғалар мен фактілердің жиынтығы деп қарауға болмайды. Онда адамның өмірі, тағдыры, жетістігі мен қиындықтары жатыр. Тарих қоғамдық ғылым ретінде, өзінің басты қызметі ретінде тарихи танымды қалыптастыруға қызмет етуі керек. Қазіргі тарихты оқыту жүйесіндегі осындай өзгерістер мен жаңалықтар бар.
– Тарихты жазуға биліктің болмаса басшылықтың қандай да бір ықпал-әсері бар ма?
– Бұл сұрақты, менің ойымша, «та­рихтың қазіргі мемлекетіміздің саясатына ықпалы бар ма?» десек дұрыс болар еді. Қазіргі уақыт­та, кеңестік дәуірдегідей тарихшылар арнайы тапсырмалар бойынша тарих жазбайды. Ал, тарихтың бүгінгі күнгі биліктің саясатына ықпалы туралы айтар болсақ, жақында ғана талқыланған салық заңы «Алаш» партиясынан бас­тау алады. Онда: «Салық-малауқат, табысқа қарай: байға – байша, кедейге – кедейше ғаділ  жолмен тартылу», – делінген. Міне, ХХ ғасыр басындағы осы салық саясаты бүгінде жүзеге асты. Сонымен қатар, қазіргі күні Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүргізіліп отырған университеттерге автономия беру мәселесін де «Алаш» партиясының бағдарламасы ұсынған. Расында, қазіргі уақытта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми-зерттеу орталықтарының ашы­луын тиімді пайдалана отырып, осы секілді бағыттарда жұмыс жасауда. Оқытушылардың сайланбалы болу мәселесі де қарастырылған. Бұл жүйеге Қазақстанның барлық ЖОО-на енген.
Әрине, мемлекеттің қабылдаған стратегияларын жүзеге асыруға қатысты тарихшылар тарапынан да орасан жұмыстар атқарылуда. Бұл тарихшылардың тек кәсіби ғана емес, азаматтық та парызы деп ойлаймын. «Ұлттық бірегейлік пен даралық», «Қарапайым адам тағдыры», «Қазақстан–2050» стратегиясында ерекше айтылған, осы тақырыптағы ғылыми ізденістер жүргізілуде. Міне, сол секілді жақсы бастамалар өте көп.
– Шетел тарихында қазақ халқына байланысты бұрмалаулардың өте көп екенін жазады, зерттеушілер. Мәселен, Қырғыз тарихында Абылай хан мен Кенесарыны озбыр, агрессор ретінде көрсетсе, Ресей тарихында ғұндар мен Шыңғыс ханды да орыстардың туысы, ал, қазақтардың түп атасы башқұрттар дейтін ғалымдар бар екен. Қытай тарихында Жетісу жерін өз территорияларына қосып алған карта оқулықтарында да бар көрінеді. Айта берсек, мұндай мысалдар өте көп. Осындай қателіктердің алдын-алу үшін не істеуге болады? Болмаса, оларды біз өзгерте аламыз ба? Осындай тарихи қарама-қайшылықтар орын алған жағдайда қазақ тарихшыларына қойылар талап қандай?
–Тарихтың мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына әсері орасан. Мысалы, қазіргі Ресей мен Украина тарихындағы Киев Русі мемлекеті Ресей тарихнамасында Ежелгі Русь деп жазылған. Қырғызстан өзінің мемлекеттік тарихын Үйсін елінен бастап, өз тарихын ежелдендіруге тырысуда. Түркия мен Армения арасындағы жағдайлар тарихтың қазіргі заманға дейін ықпалы сақталатынын дәлелдеп отыр. Сол секілді, тарихқа қатысты кейбір деректер бізде өз мүддемізге сәйкес болғанымен де, басқа елдердің тарих­намасында, сол елдің мүддесіне қарай ойысып кетуі мүмкін. Сондықтан да, ел тарихшылары қазақ тарихын әлемге таныстыруды басшылыққа алуда. Ел ішінде тарихи бұрмалаушылыққа жол бермеу мақсатында және тарихи шынайылықты қалыптастыру үшін «Халық тарих толқынында» бағ­дар­ламасы аясындағы көп шаралар атқарылды. Интернет ресурстарының ашылуы, тарихи ақпаратқа қолжетімділік тарихты әсерлеуге, шынайлықтан аттап өтуге тосқауыл болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен
Жания Әбдібек

602 рет

көрсетілді

78

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз