• Келелі кеңес
  • 23 Желтоқсан, 2013

МЕН ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ БӘРІНЕН ДЕ ЖОҒАРЫ ҚОЯМЫН

Жәнібек ЕЛЕКБАЕВ,
«КазНефтеГазпром»
компаниясының президенті

Жер бетін мекендеген әрбір халық үшін ең қорқынышты нәрсе – ұлттық болмысын жоғалту. Қашан да ұлт ретінде бейнесін жоғалтқан халықтың рухы биік басқа халықтарға қосылып кететінін байқау қиын емес. Ұлтты сақтаудың басты жолы – тілді, мәдениетті, дінді сақтау. Қазақ халқы – бақытты халық. Осы күнге жеткенге дейін Кеңестер Одағының құрамында болған елдің перзенттері білім аламыз деп КСРО-ның әр түкпіріне сапар шекті. Олардың көпшілігі сол білім алған қалаларында тұрақтап қалып жатты. Бірақ, сол туған елмен тамырларын үзбеген қазақ жастары Мәскеуде, Санкт-Петербург сияқты көрші елдің алып қалаларында жүріп, ұлттық рухың күшті болса, Отаныңнан алыста жүріп те ана тілге құрметті, ұлттық мәдениетке деген құштарлықты сақтауға болатынын дәлелдей білді. Сондай Мәскеудің төрінде жүріп,талай ана тілімізге қатысты ірі жобаларға жетекшілік етіп, Ресей астанасында қазақ тілінде газет шығарып, қазақтың жазушыларына қамқорлық танытып жүрген азамат «ҚазНефтеГазпром» компаниясының президенті Елекбаев Жәнібек Орынбасарұлының сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.


– Қазақ жастары Кеңес Одағы кезінде де, еліміз тәуелсіздігін алған шақта да бір кездері одақтың жүрегі саналған Мәскеуде білім алуға құштар болды. Баласын Мәскеуде оқыту талай әкенің арманына айналғаны да рас. Орыс тілін білмейтін қазақ аз, тіпті, Ресейдің орталығы түгел өз ата-бабасының жерінде тұрып, ана тілін білмейтін қандастарымыз барда, бөтен елде тұрып, ұлттық рухты жоғалтпай, ана тілімізге қатысты осындай жұмыстар жасауыңызға не әсер етті?
– Мен үшін анамның сүтімен, әкемнің қанымен бойыма тараған қазақ тілін құрметтеу – бірінші кезекте өзіме ауадай қажет рухани азық дер едім. Дүние байлығы, алтын-күміс қарынға қуаныш сыйлағанымен, жүрекке, адамның жанына жылулық сыйлайтын рухани байлықпен теңесе алмайды. Біз қазақ деген халықтың перзенті болғандықтан, оның тілі мен мәдениетінің заңды мұрагеріміз, жалғастырушысымыз. Оны әр қазақ қай елде тұрса да, қайда барып білім алса да ұмытпауы керек. Мен 1983 жылы Мәскеуге оқуға аттандым. Сол жерде оқып жүріп, Мәскеуде 22 жылдан астам уақыт қалып өмір сүремін деген ой болған да жоқ. Жоғары білім алып, елге ораламын деген сәтте Қазақстанда менің мамандығым бойынша жұмыс орны табылмады. Бес жыл оқып, қызметке бөлу басталған кезде, менімен бірге оқыған орыс жігіттерін отбасыларымен Қазақстанға шақырып жатты. Мен де сондай бір жұмыс туралы естіп, Алматыға зауытқа орналасайын деп келген сәтімде «жұмыс жоқ» деп қайырған қысқа жауапты естіген едім. Одан кейін Қазақстанға оралған талай құрбыларымның өз мамандықтарымен жұмысқа орналаса алмай қиналғанын естіп жүрдім. Сонау қиырдан мамандарды отбасыларымен шақырып, үй, жүмыс беріп жатқанда, осы елде туып-өскен бізге неге жұмыс жоқ деп таң қалғанымызды жасырмаймын. Әрине, ол сол кездегі ұлттық кадрлардың өсуін тежеуге бағытталған саясаттың әсері екенін кейіннен ұқтық. Солай Мәскеуге оралуға тура келді. Бірақ, жүрегімнің түкпірінде, әйтеуір елге оралатыныма сенімді едім. Елден жырақта жүрген адамның туған жерге деген сезімі өзгеше болады. Елдің, халықтың қадірін басқа елде жүріп сағынған жан ғана жақсырақ түсінетін шығар. Мәскеуде жүріп, екі жылдай «Қазақ тілі» қоғамын басқардым. Он бір жылдай «Мұрагер» атты қазақ мәдени қоғамына жетекшілік еттім. Екеуі екі бөлек қоғам. Екі қоғам да сексенінші жылдардың аяғы мен тоқсаныншы жылдардың басында құрылған. КСРО-да коғамдық ұйымдар туралы заң қабылданып, заң түрінде рұқсат берілген шақта барлық ұлттар өздерінің қоғамдық ұйымдарын құра бастады. Бірақ та, қазақтың басын қосатын мұндай ұйымдар заңды болмаса да бұрын да бар еді. I960 жылдары Мұрат Әуезов, Мақаш Тәтімов сияқты қазақ жастары «Жас тұлпар» деген қоғамдық ұйым құрған, Ресми рұқсат болмаса да қазақтар арасында бұл үрдіс Ресейдің барлық қалаларында көрініс тапты. Жастар бірігіп, мерекелерді бірге өткізіп отырған. Ал, заңды қоғамдық бірлестік пайда болған шақта жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік туды.
– Біздің қоғам әлі де екіге жарылған тілдік ортамен ерекшеленеді. Өкінішке орай, әлі де бір ғана қазақ де­ген ұғымның маңына топтасу мәселесі кенжелеп келеді. Осындай ана тілін білмейтін қаракөздерімізді ортамызға қалай тартуға болады деп есептейсіз?
– Осы туралы пікірімді білдірмес бұрын, мен өткен шаққа шегініс жасап, Мәскеуде оқып жүрген кезімдегі бір жәйді еске алғым келіп түр. 1986 жылы Қазақстанда желтоқсан көтерілісі болғаннан кейін Мәскеудегі оқу орындарында жаппай жиналыстар өткізіліп, сол кездегі ресми бағаларды көлденең тартып, қазақ халқы, Қазақстан туралы жағымсыз пікірлер айтыла басталды. Сонда арамызда Ақтөбеден келген Қуаныш есімді жігіт болатын. Орысша оқыған, орысша тәрбие алған қазақтың жігіті. Бірақ, ана тілін білмегеніне қатты намыстанатын. Қазақша сөйлеймін деп бізден қолына түскен газет-журналды ежіктеп жүріп оқып, қазақ тілін үйренді. Сонда ұлттың басына туған қиын шақта, тілін білмесе де, өз ұлтына қатысты ащы сөздерді есту қазақ тілінен ажырап қалған қазақтардың өзіне қатты әсер етті, намыстарын қайрады. Ұлттық рухын оятып, өз ұлтының, өз тілінің қажеттілігін анық сезген шақ болды. Бұл осыдан 26 жыл бұрынғы оқиға, яғни, қазақ ұлтының рухани серпілісі кезінде болған бір ғана мысал. Ал, қазіргі кезде қазақ тілін білмейтін жастардың кемшілігін бетіне баса беру арқылы біз олардың рухын түсіріп, ортамызға тартудың орнына алыстатып жіберуіміз мүмкін. Сынды айтқан дұрыс шығар, бірақ, бірінші кезекте олардың тіл үйренуіне жағдай жасап, білетіндеріміз қолымыздан келген көмегімізді аямасақ бұл мәселенің тез шешілуіне үлес қосар едік. Көп тіл білген қазақ жастарына пайда әкелмесе зиянын тигізбесі анық, «Екі тіл білдің – екі өмір сүрдің» демекші, орыс тілді болудың да себебін білу керек. Өкінішке қарай, қазақ мектептері болмағандықтан, орысша оқыған қазақтардың ұрпақтары да ата-аналарының құлықсыздығынан, сол орысша тәрбиенің ықпалынан шыға алмай жатыр. Бірақ, қазір Қазақстанда, әсіресе, Астанада байқағаным, орыс тілді ата-аналардың өздері қазақ тілін білмесе де баласын қазақ мектебіне беруді қолға алыпты. Бұл үрдіс қарқынды етек алуда. Дегенмен, қазақ тілін білмей, білмегенімен қоймай, қарсы пікір айтып жүргендер де бар. Олар өздері білмегендіктерін ақтау үшін бе, қазақ тілінің болашағын жоққа шығарады. Тіпті, қазақ тілі – кәсіптің тілі бола алмайды, ол тек қана отбасы, ошақ қасының тілі деген ұғымдағы адамдар да кезігетіні рас. Бірақ, кім қалай айтса да қазақ тілі дамып, керегесін кеңге жайып келе жатыр. Қазақтың бірігуін қаламайтын сыртқы күштер де осы ойларды өрбітіп, қазақты қазаққа қарсы айдап салуға дейін апарып отырған жағдайлары кездеседі. Дін мен дәстүрдің арнасын бұзып жатқандар да бар. Сондықтан, тілді еш уақытта жеке дара бөліп-жарып қарастыруға болмайды. Тіл – дәстүрімізбен, мәдениетімізбен, діни сені­мімізбен тікелей байланысты. Сондықтан меніңше, қазақ тілін білмейтіндерге сын ай­туға болады, бірақ, оны қайталай бергеннен олар тілді біліп кетпейді. Керісінше, оларды арамыздан алыстатып, өзімізге қарсы қойып алуымыз мүмкін. Қазір еврей халқы өздерінің мүлдем қолданыстан шығып кеткен, өлі тілі – иврит тілін қайтадан жандандырып, үйреніп алды. Алғаш ол тілді тірілтуге ат салысқан Герсель деген ғалым өз баласын дүниеге әкелгеннен бастап басқа тілді араластырмай, баласының аузынан шыққан әр сөзді заттың атауына айналдырып отырған. Сөйтіп, бұрынғы кітаптарын қарап отырып, өз тілдерін қайтадан қалпына келтірді. Қазір кез-келген иврит тілін білетін еврей мың жыл бұрынғы кітаптарын еркін оқи алады. Оның қасында қазақ тілінің жағдайы жақсы, тек үйренуге ниет болсын. Ал, қазақ тілі – кәсіптің тілі екенін маңғыстаулықтар мұнай саласына қатысты баяғыда дәлелдеп қойған. Ең алғаш тәуелсіздік жылдарында мұнайға қатысты жобалар басталған шақта Маңғыстау өңіріндегі барлық жобалардың құжаты тек қазақ тілінде толтырылды. Олар сұраныстарын жазып, ол кезде интернет жүйесі жоқ, факспен жіберіп отыратын. Басқалар аударып, тапсырыс алуға дайындалғанша, мен қазақ тілін білгеннің арқасында тапсырыстарды бірінші болып алып жүрдім. Қазақ тілі – менің кәсібімнің күшеюіне ықпал ете алған тіл.
– Бүгінгі күні ұлттық идеология өте өзекті мәселеге айналып келеді. Ұлттық идео­логия деген ұғымды қалай бағалайсыз?
– Қазақстанда тұратын түрлі ұлттар қазақ ұлтының маңына топтасуы қажет екені анық. Әлемдегі қай мемлекетті алсаңыз да, тілді бас­ты орынға қояды. Ал, жаһандық идеологияны насихаттап жүрген елдердегі жағдай мүлдем басқа. Ұлттық идеология деген де қазақстандық ұғым, қатар айтылады. Қазақстан деген сөз парсышадан аударғанда «стан» – Қазақ елі деген үғымды білдіреді. Сондықтан, басқа ұлт өкілдерін қазақ ұлтының айналасына ашық түрде топтастыру қажет деп ойлаймын. Бір ұлттың төңірегіне жиналу – әрбір мемлекетте, әрбір елде іске асып отырған мәселе. Әр ұлт өз тілін, дінін сақтап қалса да олардан келетін қауіп аз. Қайта ұлтсызданғандардан қорқуымыз керек. Қазақстандық ұлт дегенге қарсылық білдірдік, бірақ, қазақ және қазақстандық деген тең ұғым деп қарастырсақ, онда оның жөні басқа. Ол арқылы қазақтың санын көбейтуге болар еді. Мысалы, Өзбекстанда өзбектердің саны жиырма миллионға жетті. Олардың жартысы тәжіктер қалғаны біздің қазақ сияқты ұлттар. Өзбекстанда өзбек тілін білмейтін адам жоқ. Біз де сондай күнге жетсек деп армандаймын. Қазір Ресейде құжатында ұлты жазылмайтын болды. Себебі, ұлтын жаза бастаса, Ресей Федерациясындағы орыс ұлты өкілдерінің саны жыл санап азайып келе жатқандығы анық байқалады. Мен жиырма жылдан астам уақыт сыртта жүрдім, бірақ, еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы Қазақстанның азаматтығын алдым. 2010 жылы түпкілікті Астанаға қоныс аудардым. Оның басты себебі, балаларымды ұлттық тәрбиеден ажыратып алудан қорықтым. Өзге елде жүріп, отбасымызда қазақша тәрбиелеуге тырысқанымызбен, орыс мектебінде оқып жатқандықтан басқа ұлттың тәрбиесі оларға бәрібір әсер етер еді. Әсіресе, Ресейдің қазіргі саясаты көңілімде алаңдатушылық туғызады. Жириновский сияқты саясаткерлері биліктің айта алмағанын мінберлерге шығып айғайлап жүр. Солай десе де, қазір Ресейдің өзін-өзі сақтап қалуы да үлкен мәселе. Ол елдегі қалың қазақ бір күнде көшіп келмес, сондықтан да, Ре­сейде бәрі ты­ныш болсын. Себебі, көрші елдің ішінде тыныштық болмаса, ол Қазақстанды да айналып өтпесі анық.
– Қазақ жастарына кәсіпте жетістікке жетуде қажетті басты қасиет қандай деп ойлайсыз?
– Мен енді мұнай-газ саласында өнім шы­ғарумен айналысамын. Біздің салада инже­нерлік білімнің рөлі зор. Кәсібіңді күшей­тіп, әлем бойынша тиімді жұмыс жүргізу үшін, ағылшын тілін меңгеру де жастарымызға қажет. Бірақ, өз тіліңді бірінші орынға қоя білу – парыз. Ана тілін білген жастың өнер үй­­рену жолында бірнеше тілді үйренуге талпынысы болғаны тек қуантады. «Білімді мыңды жығады» демекші, терең білім мен талаптың өмірде жетістікке жетудегі орны ерекше. Әрбір азамат өз ісінің маманы болса деген тілегім бар. Сонымен қатар қазақ жастары ұлттық құндылықтарды бағалай білсе, аталарымыздан қалған асыл мұрамызды тұрмыста да қолдана білсе екен деймін.
Сұхбаттасқан Нұргүл Қарағойшина

434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз