• Келелі кеңес
  • 06 Қаңтар, 2014

«Кембридж білім бергенімен, Құдай бермеген дарынды дарыта алмайды»

Куандык ШамахайҚуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының
кандидаты
– Қуеке, Моңғолияда ержеткен аза­матсыз. Ол елдің демократиялық үдерісінің бас кезіне де куә болған шығарсыз. Демократияны еркін БАҚ жүйесінсіз елестету қиын, Моңғолиялық журналистика біздікімен салыстырғанда қан­дай деңгейде? Билікке ықпалы қандай? Қоғамдық пікір қалыптастыру қауқары ше? Ол жақта қазақтілді журналистиканың дауысы шыға ма?


– 1985 жылға дейін кеңес баспасөзінің үлгісі негізінде дамыған Монғол журналистикасы ширек ғасырлық қысқа мерзімде танылмастай өзгерді. 1989 жылы өзім делегат ретінде қатысқан дарынды жастардың республикалық кеңесінде елдің қазіргі Президенті, сол тұстағы әскери-журналист  Ц.Элбэгдоржының үндеу тастауымен басталып, 1990 жылы наурызда бейбіт жолмен жеңіске жеткен демократиялық революцияның басы-қасында болғаным рас. Осы бір дүбірлі қозғалыстан кейін Монғол қоғамы жаппай жаңарып, дамудың тың әрі еркін жолына түсті. БАҚ сан жағынан күрт өсіп, 3-4 есеге дейін көбейді. Бү­гінгі Монғол басылымдары қоғамдық-саяси жалпы ұлттық сапалы баспасөз және «сары» газеттер деген екі ірі топқа бөлініп отыр. Онда ешбір газет мемлекеттік нысанға жатқызылмайды, 90-жылдардың ортасында жаппай жекешелендірілген. Заң бойынша үкіметтің баспасөз ісіне араласуына тыйым салынады. Өкінішке қарай, шу көтеру арқылы бизнес жасауды көздейтін сары газеттер Монғолия мерзімді баспасөзінің 60 пайызын құраумен қатар, елдің ақпарат кеңістігінде елеулі орын иеленіп отыр.
Монғолияда 1996 жылдан бастап интернет қоғам өмірінің барлық саласында дендеп енді. Журналистикада интернеттің кең өріс алуы шет елден ақпарат алуға, БАҚ-тың электрондық жүйесін жасауға және Web site жүйесін құруға, өз елінің жаңалықтарын әлем жұртшылығына кеңінен жедел таратуға, маркетинг жүйесін кеңейтуге жаңа мүмкіндік жасады. Қазір аталмыш елдің барлық ақпарат құралдары мен газет-журналдарының онлайн үлгісі бар.
Монғолия журналист мамандарын әлемдік қалып (стандарт) бойынша халық­аралық деңгейде даярлау, БАҚ жүйесін ғылыми-зерттеу  жағынан дамушы елдер арасында алға шығып отыр. Монғолия мем­лекеттік университетінде журналист мамандарын оқыту ісі 1960 жылдан бастап қолға алынған. 1962 жылы аталмыш оқу орнының қоғамтану факультетінің базасында журналистика кафедрасы ашылды. 1990 жылдан кейін журналист даярлайтын оқу орындарының саны күрт өсті. 2005 жылғы мәлімет бойынша елдің 19 жекеменшік, 4 мемлекеттік университет, институт, колледждерінде журналист мамандарын оқытып жатыр.   1998 жылдан бастап журналист-ұстаздар халықаралық «Сорос» қорының демеушілігімен «Журналистік білім берудің қазіргі жағдайы, алдағы бағыты», «ЖОО-да журналистиканы оқытудың мазмұнын жетілдіру жолдары» секілді жобалар жасап, жүзеге асыруларының арқасында Монғолия мемлекеттік университетінде (МУИС) қолданыстағы оқу жоспарлары, бағдарламалар, пәндер анықтамалары жаңаша жетілдіріліп, әлемдік қалыпқа (стан­дартқа) сәйкестендірілді. Нәтижесінде журналистік жоғары білім беретін барлық институттар бір ізді қалыпқа (стандартқа) көшірілді. Журналистика ғылымы бойынша философия докторлары (PhD) мен ғылым докторларын (ScD) даярлап, еңбектерін қорғататын диссертациялық кеңес профессор Зүлкәпіл Мәулетұлының басшылығымен Монғолия мемлекеттік университетінің базасында жұмыс істейді. Ғылыми журнал және арнайы басылымдардың сыртында оқулықтар, оқу құралдары, монографиялар бастырып жарыққа шығарады. Сондай-ақ, Монғолия журналистерінің екі одағы мен жеке Баспасөз институты журналистердің біліктілігін арттыру, қайта даярлау мақсатпен қысқа және ұзақ мерзімдік оқыту семинарларын тұрақты ұйымдастырып келеді.
Моңғолиялық журналистиканы бізді­кімен салыстырғанда қандай деңгейде екендігін жоғарыдағы деректер арқылы бажайлай беруге болатын шығар. Ал, билікке ықпалы қандай дегенге келетін болсақ, олар кәдімгідей «төртінші билік» ретінде тең дәрежелі әріптес. Сондықтан да, қо­ғам­дық пікір қалыптастыру қауқары ай­тарлықтай мықты. Ол жақтағы қазақтілді журналистиканың дауысы тым әлсіз. Шынай Рахметұлы, Асқар Шаймерден (Ататаным), Сұраған Рахметұлы сынды бірлі-жарым азаматтардың арқасында ілдебайлап, өлместің күнін көріп отыр.
– Қазақтілді журналист қана емессіз, сол саланың зерттеушісіз де. Елдегі екі тіл­ді журналистиканы бір-бірімен салыс­тырып сипаттаңызшы.
– Бұл негізі, бірер ғылыми-зерттеу инс­титутқа жүк боларлықтай салмақты әрі өзекті мәселе. Журналистика айналып келгенде, қоғамдық өмірді шынайы бейнелейтін айна іспетті дүние ғой. Сондықтан, қоғам қандай болса, журналистика да дәл солай. Бұл тұрғыдан келгенде, екі тілді жур­на­листиканы бөле-жарып қарауға кел­мейтін тұстары да бар. Жалпы айтқанда, Қазақстандағы біртұтас журналистиканың орыс тілдісін зор, қазақтілдісін қор санау еш қисынсыз. Екеуі де бір деңгейде. Орыстілдісінің бар артықшылығы – би­лік­тегі «бизнесмен-шенеуніктердің»  оларға бүйректері бұрып, астыртын қолдау көрсетіп тұратындығында ғана. Айталық, жарнамалық материалдарды, тапсырыстық мақалаларды, әртүрлі PR жазбаларды, өздерінің имидж­де­рін қалыптастыратын немесе клан­ара­лық қақтығыстарда бір-бірлерін қара­лайтын дүниелерді соларға апарып тықпа­лайтындары орыстілді газеттерді керемет оқылымды әрі тартымды етіп көрсетіп жатуы әбден мүмкін. Құлдық сананың шылауынан шыға алмаған сол азғана билеуші топ өздерінше қазақтілді баспасөзге ғана емес, елдің титулды ұлтына мұрындарын шүйіре қарайтындары бәрімізге белгілі жайт. Қоғамдағы осындай кері психология өзгермейінше, оларды қазақтілді баспасөзбен санасатын жағдайға жеткізу қиын.
Тағы бір мәселе, елдегі барлық ақпарат тек қана орыс тілінде таратылатындығында. Үкімет отырыстары, Парламент жиналыс­тары дейсің бе, барлық ресми іс шаралар орыс тілінде өткізілетіндігі қоғамды жап­пай жат жұрттың тілінде таратылатын баспасөзге тәуелді етуге әкеліп соқтырады. Мұның өзге де сан қырлы факторлары бар. Оның бәрін ашып көрсету үшін түбегейлі зерттеу керек. Өз басым қазіргі таңда өзге салада жүрмін.
Бүгінде  үкімет тендерінен қаржы алып отырған, баспасөз саласының осындай күрделі мәселелерін зерттеп тұжырымдауды мойнына алған елдегі бірден бір ұйым – профессор Намазалы Омашев басқаратын Журналистика ғылыми-зерттеу институты. Еуразия университетінің журналистика және саясаттану факультеті де ай қарап отырмаған шығар. Негізі осындай мәселелермен айналысу солардың абзал борыштары. Тым құрығанда, мемлекеттік бюджеттен алып отырған қаржыларын ақтау үшін әрекет жасайтындықтарына сенгім келеді.
– Қазақтілді сараптамалық баспасөз­дің дәрмені қаншалықты?
– Сараптама жасау үшін ең алдымен заңдық кепілдік пен ақпарат алу және оны тарату бостандығының шынайы тетіктері керек. Ішкі, сыртқы және санадағы цензура атаулының бәрінен арылған абзал. Ол үшін сараптамалық жанрдың ең кең тараған түрі болып табылатын журналистік зерттеуге тоқталайық. Журналистік зерттеудің бұлжымайтын рас дерекке негізделетіндігін айтпағанның өзінде, басты ерекшелігі – мәселенің астарына терең үңіліп, оның қыр-сырын толықтай ашып көрсететіндігінде.  Мысалы, үкімет орны елдегі шаруашылық нысандардың кірістеріне салынатын салық туралы заңға өзгертулер енгізуді ұсынып, оны парламент арқылы бекіттіріп алды делік. Заңға неге өзгерістер қажет болды, кімнің мүддесі көзделіп отыр, оның артында кім тұр? – дегенді қазбалап, себебін толықтай табуға зерттеу бағытталуға тиіс. Ол үшін журналист заңдағы өзгерістер бірлі-екілі компания немесе азғана топтар үшін пайдалы құқықтық ахуал қалыптастыруы ықтимал деген болжам жасап алып, оны дәлелдеуді мақсат етеді деген сөз.
Журналистік зерттеу белгілі бір  мәсе­ленің өзгеше тұстары мен ұқсас­тықтарын салыстырып, мәнін анықтауды мақсат етеді. Мәселен, банктерді банкротқа ұшырату үрдіс әр сатылап, үкімет орнының шешімімен жасалып келген болса, оны тереңдеп зерттеу арқылы оған кінәлі құрылым ба, әлде, атқарушы биліктің кері әрекетінің қайталануы ма? – дегенді обьективті түрде анықтауға болады. Журналистік зерттеудің күш-қуаты – әлеуметтік төменгі топтарға, баспанасыздарға, жұмыссыздарға жанашыр болып, шынайы ақпарат берумен қатар олардың санасына сенім ұялата алатын­дығында. Осы мағынасына сай журналистік зерттеудің тақырыбы төмендегі басты факторларды өз бойында сақтайды:
–  жұртшылықтың сұранысына жауап беру, қажеттілігіне сай келу;
– саяси, қоғамдық маңыздылығы жо­ғары, елдің психологиясына ықпал етер­ліктей ауқымды болу;
– адамдарға әрбір өзгерісті, жаңа бет­­бұ­рысты өзіміз жасай аламыз деген сенім тудыру.
Олай болса, журналистік зерттеудің басты обьектілері төмендегілер болмақ:
–  үкімет орны;
– саяси ұйымдар;
– сыртқы қатынас;
– қарулы күштер және ұлттық қауіп­сіздік;
– ірі бизнес орындары, олигархтар;
– білім беру саласы;
– әлеуметтік қамсыздандыру.
Оның сыртында парақорлық, сыбайлас-жемқорлық секілді экономикалық мәселе­лермен тікелей байланысты істер жан-жақты қарастырылады. Журналистік зерттеу құпия қылмыстарды әшкерелеп сынағанымен, ол – сот емес, сондықтан, ешкімді айыптауға, жазалауға қақысы жоқ. Басты қызметі  – белгілі бір әрекеттің салдарын, келтірген зиянын іздестіріп тауып, оны нақты деректермен дәлелдеп, жұрттың назары­на ұсыну ғана. Мәселені тиімді шешудің жолдарын журналистік зерттеу көрсетуі де мүмкін. Алайда, онысы – журналистің саяси көзқарасы емес, тек әртүрлі  көздерден алын­ған ақпаратқа ғана негізделеді. Олай болса, қазақтілді баспасөздің дәрмені қаншалықты екендігін осы талап тұрғысынан қарасаңыз, бәрі белгілі болатын шығар.
– Қазақтілді баспасөздің дерті неде?
– Дербестік пен біліктіліктің жетіс­пеу­шілігі. Сонымен қатар жағымпаздықтың, жалтақтықтың тым белең алуы. Ең үл­кен қасірет көбінесе саланы іскерлігі мен білік­тілігінен гөрі билік басындағы жерлес­теріне немесе таныс сыбайластарына сүйенген дарынсыздардың басқаратындығы. Мемлекет пен үкіметке оппозиция іспетті жұмыс істеп, қоғамдық мүддені ғана ұстанудың орнына биліктің құлақ кесті құлына айналып отырғандығы – қазақтілді баспасөздің дерті ғана емес, қасіреті.
– Қазақ тілінің ахуалы қазақтілді БАҚ жағдайына қаншалықты тәуел­ді, керісінше, БАҚ-тың бағы тілге қанша­лықты қарайлап отыр?
– Тіл мәселесі БАҚ жүйесінде ғана емес, жалпы бүкіл қоғамның бас ауруына айналып отырғандықтан, оны бөліп қарауға келмейді. Ұлты үшін жаны ашитын барлық саналы азаматқа ортақ қасіретті қайталап айта берудің өзі жүрекке зілдей ауыр салмақ түсіреді.
– Біздің (әрине, әңгіме тек қана қазақ­тілді) БАҚ-тардың ақпарат өндіру, тарату, қаржы тарту қабілеттері қай шамада?
– Әлемде БАҚ-тың коммерциялық құрал ретінде көрініс табуы біршама күш алды. Газет, журнал басу, бағдарлама дайындау үрдісі ақпараттық өндірістің саласына айналып, тұтынушылардың нарықтық талаптарына бой ұрған іскерлік сипат, тиімді жұмыс істеуге бағытталған менеджмент, маркетинг қалыптары (стандарттары) енгізілуде. АҚШ ақпарат саласы қызметкерлерінің  «Американың ақпараттық өндірісі – бизнес» деп мәлімдеулері кездейсоқтық бол­маса керек. Батыс Еуропаның өзінде БАҚ-ты – «медиа-өндіріс», журналистердің туын­дыларын нарықтағы өзге тауарлармен бірдей «медиа-өнім» деп атайтын болды.
Коммерциялық бағыттағы журналистикада (profilt seeking) журналист пен баспасөз, ақпарат құралы белгілі бір нарыққа қызмет етуге тиіс деген дүние­таным орнықса, дәс­түрлі журналистикада ең алдымен азамат­тарға, қоғамдық санаға немесе жеке тұлғалар болып табылатын оқырмандарға жол тартуға тиіс делінеді.
Журналистиканың коммерциялық сипаты басымдық танытып отырған кезеңде нарық механизмдері арқылы жүзеге асырылатын БАҚ пен журналистің қызметін экономикалық тұрғыдан үйлестіру маңызды міндет атқарады. Нарық қысымының өзі бәсекелестік аясында қызметін жүр­гі­зіп отырған БАҚ пен журналистің артық­шылығын және «ойын ережесін» анықтап беретіндігімен ерекшеленеді. Коммерциялық фактордың қазіргі БАҚ-тың қызметіне қалай әсер етіп отырғанын Америка журналистикасынан анық көруге болады. Тоқсаныншы жылдардың ортасында аталмыш елдің газеттері өз бюджетінің 80 пайызын жарнамадан, 20 пайызын жазылушылар мен сатудан түскен ақшадан құраған. Яғни, жар­нама берушілер мен оқырмандардың газет қаржы көзін құраудағы ара салмағы 4:1 болып өзгерген. Жарнаманың осыншама зор ықпалы баспасөздің мазмұнына да әсер етіп, мейілінше оқырман қауымның назарын аударатындай материалдар жариялауды көздейтін болды. Айталық, 90-жылдардың басында АҚШ газеті тілшілерінің 19 пайызы спорт, 8 пайызы қылмыс және сот ісі жайындағы мәсе­лелер, 7 пайызы бизнес тақырыбы бойын­ша арнайы маманданған. Олай болса, қо­ғам­дық, әлеуметтік және білім мәселелері бойынша маманданушылар небары төрт-ақ пайызды құраған.
– Қазақ БАҚ-тары менеджмент саласында артта қалып отырған жоқ па?
– Артта қалғандары соншалық, тіпті, жұрт­та қалып, жер шұқып отыр деуге болады. Егер, ондай болмаса, бәріміз газет сандарын кезекке тұрып сатып алатын, телеарналардың бағдарламаларын тамсана тамашалайтын жағдайға жетер едік қой. Біздің медиа-ме­нед­жерлер оқырманы мен аудиториясына мойын бұрудың орнына құрылтайшы-қожайынның көңілінен шығуды, соларға жағынуды ғана жөн санайды. Себебі, оны шығармашылық ұжым сайлаған жоқ. Жем беріп отырған қожайын тағайындаған және оны қызметтен қуып тастау да бір адамның қолында. Көңілі қалағанда тағайындайды, ұнатпаған күні алып тастай салады. Бұл жерде іскерліктен гөрі басқа жағдайлар артығырақ рөл ойнайды. Ал, ұжымды басқарып отырған бас менеджер шынайы іскерлер мен қабілетті мамандарды өлсе де маңына жолатпайды. Себебі, оған жұмыстың мүддесінен гөрі өзі­нің лауазымы қымбат.
Менеджменттің шығармашылық жағы­нан ақсап жатуы қанша қаржы құйсаң да еш ақталмайтындығының бір ғана мысалын бүгінгі «Жетінші арнаның» кескін-келбетінен анық аңғаруға болады. Бүгінде оның қай елдің арнасы екен­­дігін айырудан қалдық. Күнделікті жаңалықтарының уақыты бар-жоғы жиырма­ минутты құрай­тын, онысының жартысына жуығы аудармалық  материалдан тұратын, қал­ғанын «бай іздеген кәрі қыздар мен қа­лыңдыққа зәру бойдақтардың» арзанқол әңгі­ме-дүкендерімен, жалған ұтыс ойындарымен, ресейлік арналардың хабарлары мен фильмдерін көшірумен жабатын дәл осы «Жетінші арна» менеджерлерінің қалай іштері пысып кетпейтінін, жұмыс­тың сегіз сағатын немен айналысып өткізе­тіндіктерін өздерінен сұрасаңыз өте қы­зық болар еді.
– Отандық телеиндустрия қазақ көрер­меніне не беріп, не бере алмай отыр?
– Әлемнің өнеркәсібі жоғары дамыған елдерінің БАҚ-тың дамуындағы елеулі бір көрініс – олардың санаулы ірі концерндердің иелігіне шоғырлануы болып отыр. Олар әлемдік ақпарат нарығына ену мақсатымен іс қызметтерін еларалық бағытқа бұрған. Бүгінде ақпараттық қарым-қатынастың ең соңғы үлгідегі технологиясын пайдалана­тын қаржы, экономикалық ірі базалы корпорациялар халықаралық ақпарат нарығында алдыңғы қатарда жүр. Олардың іс қызметінің бүкіләлемді қамти бастауы ақпарат өндірісінің жаһандануы болса керек.
Тоқсаныншы жылдардың соңында әлем ақпарат нарығында алға шыққан еларалық корпорация – «Тайм-Уорнер» болды. Оның аясында Тернердің «CNN News Group», көңіл көтеруге арналған телевизияның кабелдік жүйесі, НВО-ның ақпараттық және әдеби-көркем бағдарламалар арнасы, сазды әуендік «Warner Musik Group», «New Line Cinema» кино компаниясы, көптеген баспалар, кітап дүкендері, кітапқұмарлардың клубы, Интернеттегі жүздеген онлайн басылымдар, Web сайттар қызмет жүргізеді. 2000 жылы қаңтарда «Тайм-Уорнер» мен «Американ Онлайн»  корпорациясының бірігуі ірі мега-концернге айналуға жол  ашты. Олар бірден ХХІ ғасырды «Интернет дәуірі» болады деп жариялаған. Жаңа концерннің қа­тарына 33 ірі журнал, НВО, CNN, TBS, TNT, Cartoon Network және өзге ондаған БАҚ, кино компаниялар, «Compuserve», «Netscape» секілді компьютерлік ақпарат қатынас жүйесі кіреді.
Екінші басты медиа-концерн – «Уолт-Дисней». Оның қатарына жүздеген ақпарат құралдарымен қатар әлемнің ең ірі телекомпаниясы американдық АВС кіреді. Жоғарыда аталған ірі алтаудың қатарына «Ғох» тележүйесі, «Fox News Channel»-дің иесі Р.Мэрдоктың «Ньюз корпорзйшн», NBC тележүйесі, CNBC кабелдік жүйенің меншік иесі «Женерал Электрик» концерні, тәулік бойы хабар тарататын кабелдік телевизияның MSNBC арнаны меншіктейтін «Майкрософт» корпорациялары жатқызылады.
Журналистика «инфо-ноо» аясындағы көрініске айналды деген сөз жиі естілетін болды. Ақпараттық қатынас жүйесінің жаһан­дануы бүкіләлем халықтары мәде­ние­тінің өзара ықпал етуіне, байытылып дамуына, ақпаратты дүниенің қай бұрышына да жедел жеткізуге лайық­талған ашық қоғамның қалып­тасуына қолайлы жағдай тудырып отыр. Сонымен қатар, елдер мен халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін, өзіндік ерекшеліктерін жоғалтуына, санасын бір қалыпқа салып теңестіруіне ықпал етуі де ғажап емес. Ал, біз әлемдік көштің соңында жүрген ресейлік телеарналардың  батыстық әріптестерінен көшірген арзан­қол бағдарламаларына жатып кеп там­санамыз. Ал, сонда оны өзіміз жасауға қа­рым-қабілетіміз жетпейтін болғаны ма?! Олай болса, отандық телеиндустрияның қазіргі өгіз аяңына қарап бізге бірдеме береді деп күтудің өзі әбестік сияқты.
– Телеэкранға қарап, әсіресе, теле­мамандардың тапшылығына ойымыз ойыса береді. Шынында да солай ма, әлде барды келістіре алмай отырмыз ба?
– Барды бағалай алмай, жоқшылықты қолдан жасап отырған шығармыз. Мен сондай ойдамын. Телевизияға маман таңдауға орасан көп қателіктерге жол беріледі. Әдебиет пен тарихтан бейхабар біреулер онан-мұнан көшіріп, телевизияға деректі фильмнің сценарийін жазады. Осыдан кейін көрерменге жететін туындының сапасы қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Мұның бәрі маманның тапшылығынан болып отырған жоқ. Негізі, телемамандарды газет, журнал редакцияларында жұмыс істеп, жазу-сызу шеберліктерін шыңдаған журналистердің арасынан іріктеп алған әлдеқайда тиімді.
– Қазақ телеэкраны шәкірттік кейіп­тен қайткенде есейеді?
– Адам баласының рухани сұранысына ешкім шек қоя алмасы айдан анық. Сол сұраныс ұлғайған сайын телеөнер туындылары мен шығармашылық иелеріне де қойылатын талап биіктей бермек. Сон­дай-ақ, адамдар рухани тұрғыдан байып, талғамдары өсумен қатар телевизия техникалары да қарыштап дамып келеді.  Әрбір шығармашылық қызмет, соның ішінде телевизия журналистикасының нәтижесі де өз ісінің сипаттарын анықтайтын сапалық жаңа «өнім» болатындығымен ерекшеленеді. Телевизия өз аудиториясына позициясы тұрғысынан өзіне тән болмысы бар телетуындылардың жиынтығы ретінде жетеді. Оны даярлауға шығармашылық ұжым, түрлі саланың мамандары, инженер-техниктер, режиссерлер, теле-операторлар, қаламгерлер, тележүргізушілер атсалысады.
Эфирге шығарылған әрбір телетуынды қыруар дайындық жұмыстармен қатар оны жасау барысындағы «табан ет, маңдай тердің» арқасында пайда болмақ. Белгілі телекомпанияның бағдарламалық саясаты мен тұжырымдамасын жасау, материал-техникалық базасын қалып­тастыру, ақпарат көздерімен бай­ланыс орнату, шығармашылық ұжым­ды ұйымдастыру, олардың жұмыс бағыттары мен еңбек бөліністерін үйлес­тіру, ұтымды ұйымдастыру, ұстанатын ережелерді жасау секілді істерді сол шаруаларға жат­қызуға болады.
Белгілі бір телехабарды дайындау үшін істі жоспарлау, түсіру тобының жұмысын ұйымдастыру, ақпарат жинау, туындының тұжырымдамасын жасау, сценарий жазып, оны редакциялау, монтаждау жұмыстарын бітіріп, бағдарламаға енгізу, аудиторияны зерттеу, олармен кері байланыс орнату өнерін игеру сынды қыруар шаруалар қарбаласып жатады.
Шығармашылық туынды – іс қызметтің іскерлік ізденіс пен қалыптасқан жұмыс формасын үнемі қатар қолданып отырады. Оның деңгейі журналистің шығарма­шылық қабілетіне, алған білімі мен білік­тілігіне, машықтанған дағдысына, игерген тәжірибесіне, ішкі рухани қуатына қарай көрініс табады. Сонымен қатар, туынды жасаушылардың өзгелермен қарым-қатынасы да айтарлықтай рөл ат­қар­мақ.  Журналистің шығармашылық ізденісі іс қызметтің барлық кезеңдері мен сатыларында, тіпті әр қадам сайын қа­­­жет етіледі. Ізденіс шығармашылықтың нақты жағдайымен сәйкескен тәсілдерді талап етеді. Оның өзі жеке адамнан өн бойындағы барлық мүмкіндіктері мен әлеуетін барынша толық пайдалануына жағдай тудырады. Қысқасы, тележурналист бағдарламаға жан-тәнімен берілуге тиіс.
– Әсіресе, мемлекеттік емес телеар­наларда қазақтілді редакциялар неге 2-планда жүреді? Жетекші ұжым болатын уақыт қашан келмек деп ойлайсыз? Жеке телеарналар үшін қазақтілді көрермен жоққа тән, сыры неде?
– Оның екі түрлі себебі бар. Ең бі­рін­шісі, қазақтың қолынан ештеңе кел­мейді деп орынсыз жоққа шығаруға бейім тұратын қоғамда қалыптасқан құлдық сананың салдары. Келесіде, қазақ редакцияларының өздерінің әлсіздігі мен шынайы шығармашылық орта­ның жоқтығы. Жетекші ғана емес, көшбасшы ұжым болуға болады. Ол әркімнің өз қолындағы шаруа. Ал, бізде ешбір теле­арна немесе ғылыми-зерттеу ұйым теле­сұранысты зерттеумен, көрермендер ара­сында сауалнама жүргізіп, мәселенің мәнін түсінумен айналыспайды. Мұндай жағдайда шығармашылық жұмыста қандай береке болмақ. Әркім өз білгенімен ойына келгенін істеп, енжар тірлікпен айналысып жүре береді де.
– Қалай ойлайсыз: біздегі маман­дардың қаншасы журфактан, қаншасы «көше­ден»?
– Cанап көрмеппін (күлді). Қытайдың атақты реформаторы Дэн Сяо Пиннің (дұрысы: Дың Шоу Пиң) «Мысықтың түсі қара бола ма, ақ бола ма, бәрі бір емес пе, тышқан ауласа болғаны» – деге­ніндей, жазу-сызуға қабілетті болса, табиғи дарыны мен біліктілігі талапқа сай келсе мамандықта тұрған не бар.  Журфактың дипломы мен берген дәрісі қарымды журналист болуға кепілдік болмайды. Табиғи түйсігі мен шығармашылық қабілеті, жан-жақты терең білімі болса жарап жатыр, ол мейлі, заңгер, қаржыгер, физик, математик, экономист болсын. Керісінше, жетік білетін салаларын солар­дың жазғаны тиімді болмай ма. Өз басым ешкімді бөліп-жарып қарамаймын. Кім тың ой айтса, елді елең еткізерліктей жақ­сы дүние жасап, тартымды етіп жазса – сол менің әріптесім.
– «Журфактың орнына бес-алты айлық курстардан жоғары білімді жаза білетін жастарды оқытып шығару керек» деген пікірге қалай қарайсыз?
–  Батыс Еуропа жұртына кең тараған «Кембридж білім береді, ал, Құдай жа­рат­­паған дарынды дарыта алмайды» деген сөз бар. Сол сияқты тумысынан еш­теңе жаза алмайтын адамға ерекше дарын мен қабілеттілікті журфак та, курс те  бере ал­майды.
Сұхбаттасқан – А.ӘБДІРЕШ

483 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз