• Келелі кеңес
  • 06 Қаңтар, 2014

ЕКІНШІ КЕЗЕҢ: ЕУРАЗИЯ ОДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ БЕРЕДІ? немесе ұмтылысымыз бен ұтылысымыздың ара-салмағы қандай?

Жания Әбдібек журналист

Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің жұмысы саясиланған және комиссия мүшелеріне Ресей тапсырма береді. Н. Назарбаев. Минск. 24 қазан 2013 жыл Евромайданды көріп отыра ойланып қалдым: неге Украина Еуропаға ұмтылады? Халықтар неге Еуропада өмір сүргісі келеді? Неге Еуропа­лық Одаққа, қосылғысы келеді? Сон­ша­лықты Еуропада керемет бар ма? Несімен тартымды? Олигархтарымыз да, көшбасшыларымыздың отбасы мүшелері де Еуропалық мемлекеттердің азаматтығын алуға ұмтылады. Неге?.. Қазақтар, біз ұлттық тағдырымызды кіммен байланыстыруымыз керек? Шығыста туып, Батыста өлу шарт па? Неге еуростандарт азиялық стандарттан жоғары? Қазақ студенті ретінде осы сұрақтар мені мазалайды. Нұрлыхан Қалмахан, ҚазҰУ-нің 1 курс студенті

Журналымыздың 2012 жылғы 11 санында «Еуразия идеясы, Еуразия Одағы, Еуразия парламенті бізге не берді?» деген тақырыпта «Келелі кеңес» өткізіп, ондағы қойылған сұрақтарға белгілі сая­сат­керлер мен тарихшылар, әрі қоғам қай­раткерлері жан-жақты жауап бер­ген еді. Содан бері де біраз уақыт өтті. Сөйткен Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасындағы Еуразиялық эко­номикалық Одақтың құрылғанына да биыл үшінші жыл. Үш кезеңмен жүзеге асырылатын Еуразиялық экономикалық Одақ қазір екінші кезеңіне аяқ басты. Бірінші кезең – Кедендік Одақ аясында экономикалық интеграциялаудың алғышарттары жасалып, бірқатар іс-шаралар атқарылса, екінші кезеңде – Бірыңғай экономикалық кеңістік құру шаралары басталып та кетті. Осыған орай, көкейде түйіткіл көп. Осы мәселе төңірегіндегі сауалдарды жо­ғарыдағы назарларыңызға ұсынып отырған ҚазҰУ-нің 1-курс студенті де төтесінен қояды. Шынында да, Еуразия Одағының екін­ші кезеңі бізге не береді? Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та Минскіде өткен басқосуда одақтың Қа­зақстанға тиімсіздігін, бастапқы кезде сарапшы мамандардың қателігінен инте­грацияның басталып кеткендігін баса айтты.

Міне, осыған орай, журналымыз тағы да «Екінші кезең: Еуразия Одағы Қазақ­с­­танға не береді? Ұмтылысымыз бен ұты­лысымыздың ара-салмағы қандай?» атты «Келелі кеңес» өткізді. Оған эко­­­номика ғылымдарының докторы, про­фессор Тоқтар Есіркепов, философ Әбдірашит Бәкірұлы, саясаттанушы Расул Жұмалы, саясаттанушы Әзімбай Ғали, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, саясаттанушы Сейілбек Мұ­са­таев қатысып, орамды ой-пікірлер айтты. – Өздеріңізге белгілі, соңғы уақытта Еуразиялық Одақ төңірегінде дау-дамай жиі туындап жүр. Одақ құрамындағы Ресейдің саяси және экономикалық ықпалының артуы одақ ішіндегі тепе-теңдіктің бұзылуына алып келуде. Және бұл жайт Белоруссия мен Қазақстан тарапынан наразы пікірлер туындатуда. Құрылғанына үш жыл болған бұл одақтан Қазақстан қандай пайда көрді, яғни, осы аралықтағы біздің ұмтылысымыз бен ұтылысымыздың ара-салмағы қандай? Және Еуразиялық Одақ идеясы қалай пайда болды және қайда бара жатыр? Әзімбай Ғали: – Еу­ра­зиялық концепция бастапқы кезден-ақ өзі­нің империяшыл сипатымен көзге түсті. Не­­гізгі идеяны қағып алып, дамытқандар Ре­сей саяси элитасы болды. Ре­сей басшысы В. Путин сол Еуразиялық концепцияның жүзеге асырушысы болса, ал, оның идеологы Дугин секілді антиатлантист зиялылар. Жалпы, Еуразиялық концепцияның негізгі белгілері: антиатлантизм секілді батысқа қарсы көзқарастар, Ресейдің оқшау дамуды көздеуі, Батыс пен Еуразияны қас субъекті ретінде көрсетуі және басқаларды өздеріне қосып алып, империяның сойылын соғуы керек деген идеялар. Мұндай концепция Сталиннің кезінде де бар болатын, содан кейін бұл идеяны дамытушы идеологтардың бірі Гумилев болды. Өкініштісі сол, біздің үлкен Еуразиялық университет антиатлантист, ресейшіл Гумилевтің атында екендігі. Бұл өте таңғалатын құбылыс. Мүм­кін, сол кезде, яғни, 90 жылдары өзек­ті болып, еліміздің тұтастығын сақтау үшін керек те болған шығар. Бірақ, дәл қазір артықтау, өйткені, ол Қазақстанның имиджін бұзады. Тағы бір айта кетерлік жайт, Еуразиялық концепцияға және оның бастамасы – Кеден Одағына АҚШ қарсы.Тіпті, бірнеше рет ескертпелер де жасады. Қазір АҚШ және Еуропа Ресей банктеріне қарсы бірқатар шаралар қолданып жатыр. Бірте-бірте Ресейге жұмсақ түрдегі санкциялар, шектеулер қоюда. Украинадағы жағдайларда да Батыс өзінің белсенділігін көрсетіп отыруы бекер емес. Менің ойымша, егер біз Еура­зиялық проектке толығымен кіретін болсақ, біздің экономикалық дамуымызға геосаяси шектеулер қойылады. Бұл бізге үлкен қиындық туғызады. Өйткені, Еуразиялық проекттердің геосаяси және геоэкономикалық болашағы өте бұ­лың­ғыр. Алғашқы кезде Еуразиялық идеяға қарсы пікір айтқандарға наразы болып, қысым жасап, жұмыстан шығаруға тырысты. Ал, бүгінгі таңда Елбасының өзі бұл проектің практикасы жөнінде министрлерді сынға алуда. Осыған дейін «Еуропаға жол» атты концепция бар болатын. Сол концепцияға сәйкес, Ор­та Азия мен Еуропа елдері тек эконо­микалық бағыттарда саяси интеграция жасап және соның ішінде басты рөл Қазақстанға берілуі тиіс еді. Міне, Еуразиялық Одақ тиімсіздігін көргеннен кейін, «Еуропаға жол» концепциясы қайта жандануы мүмкін. Астана оны ұмытпай, оның жан-жақты, тиімді идеяларын қайтадан жаңғыртуы керек. Бұл біз үшін перспектива және Елбасының өзі бұл идеяны қолдайды. Менің пікірімше, Қазақстанның түпкі мақсаты Еуропалық Одақ пен НАТО болуы қажет. Жалпы, ұлт­жанды азаматтар, мемлекетшілдер де сол бағытты қолдауы керек. Соңғы кез­дерде еліміздің Ресеймен қатынастары күр­деленді. Қарапайым оқиғаларға байланысты шиеленістер туындап жатыр. Бұл бастама ғана болуы мүмкін. Біздің Ресеймен қатынастар ары қарай шиеленісуі мүмкін. Елбасымыз Н.Назарбаевтың В.Путинге Кедендік Одақ тек экономикалық байланыстармен шектелсін, құқықтық негізді сақтайық дегендей ескертпелер жасауы тегін емес. Біздің экономикалық саясатта жіберген үлкен қателігіміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірмегеніміз. Егер, осы ұйымға кірер болсақ, Кеден Одағы бізге түк­ке де жарамай қалатын еді. Жыл­да ке­лесі жылы кіреміз деген оймен келе жа­­тырмыз. Және біраз қарқыннан айы­рыл­дық. Осындай жағдайларды көріп-біліп отырып, қазіргі таңда еліміз геосаяси, идео­логиялық, геоэкономикалық тұрғыдан алғанда тығырықта тұр деген қорытынды жасауға болады. Тоқтар Есіркепов: – Кеңес Одағы құ­ла­ған­нан кейін, оның құрамында болған 15 мемлекет әлем­де өз орнын табуға ты­рыс­­ты. Ал, қазір сол про­­­цестің екінші ке­зеңі жүріп жатыр деп ой­лай­­мын. Балтық елдері Шығыс Еуро­па­ға қосылып кетті, Орталық Азия елдері Қытаймен байланыста дамып ке­леді. Бұл кезеңде кейбір елдерге Шығыс серіктестігіне немесе Еуро­одаққа қосылу секілді таңдау тұр. Сондықтан, дұрыс таңдау жасауымыз керек. Қазақстан үшін Еуропа мен Ресей секілді екі үлкен жо­­лайрық тұр. Егер,­ Еуропа әлемге өзінің үлкен өркениетімен, ғылым-білі­мі­мен, мәдениетімен танылып, үлгі болып отыр­ған үлкен өркениет болса, ал, Ресей­ден басқаша пиғыл байқаймыз. Яғни, Еуроодаққа қарсы одақ құрғысы келетін секілді. Бұрын «Ресей Кеңес Одағын жаңа формада құрғылары келе ме?» деп ойлаушы едім, қазір қарасам, олардың ой­ларында бұрынғы Ресей империясын қалпына келтіру бар екен ойларында. Өйткені,соңғы уақытта Романовтардың мұражайларын жандандырып, насихаттау қолға алынуда. Өздерінің дамуына тікелей балта шапқан коммунистер екендігін, оның ішінде Ленин унитарлы Ресейді федеративті мемлекетке айналдырып жіберді деген секілді Кеңес Одағына қарсы ойлар жиі айтылып жүр. Олардың бас­ты арманы унитарлы Ресейді қайта қалпына келтіру және бұл саясаты ашық түрде жүргізіліп жатыр. Еуразиялық экономикалық Одақты жүзеге асыруда үш қадам айтылған болатын. Ал, одан кейінгі төртінші, бесінші қадамдары қандай болады деген ой туын­дайды. Ресей президенті В.Путин 2011 жылғы сай­лауалды сөзінде өздерінің Еуразиялық Одақ құратындарын айтты. Экономикалық деген жоқ. Біздің ел тарапынан 2011 жылы Мәскеуде 17 шартқа қол қойылып, бірыңғай экономикалық кеңістікті қолдаймыз делінген болатын. Сонда, ұлт жанашырлары Одақтың саяси бағыт алып бара жатқанын айтқанда, оларға билік басындағылар одақтың жау­лары деп, құлақ аспаған еді. Ал, билік мұның артында саясилық жоқ, эко­номикалық одақ деп сендірген-ді. Қа­зір Ресейдің ақ­парат көздеріне, саяси элитасының пі­­кіріне және ең бастысы, Путиннің сөз­­­­де­ріне қарасаңыздар, бұл одақтың со­ңы түбінде жаңа империя құруға алып келе жатқандай. Егер, олар­дың ойында Ре­сей империясын қал­­­­пына келтіріп, уни­тарлы мемлекет құ­­ру бар болса, біз, Қазақстанның оларда неміз бар? Ресейдің унитарлыққа ұм­­­тылуының бір дәлелі, ондағы кейбір ұлт­­тық автономияларды экономикалық әлеу­еті төмен деген секілді желеулермен бірік­тіріп, ұлттық де­ген атаулардан ақырындап арылтып жатыр. Осындай жағдайды көріп отырған Қа­­зақстан үшін дұрыс жол – Еуропаны таң­дау. Бұл идея туралы арнайы бағ­­дар­лама да қабылданған еді. Елбасы қол қойған «Еуропаға жол» деген бағдар­ламаның мерзімінің біткеніне және еліміздің ішкі жағдайларымызға байланысты соңғы жылдары бұл мәселе тоқтап тұр. Соңғы мәлі­мет­тер бойынша, еліміз бен Еуроодақ арасында түрлі келісімдерге қол қойылып жатыр. Екіншіден, АҚШ пен Еуропа ел­дері арасында еркін эко­но­микалық ке­ңіс­­­­тік құрылмақшы. Сондықтан, Қа­зақстан үшін ең тиімдісі Еуро­памен бай­ланысты күшейту. Ал, бұл Еуропамен интеграцияның бірін­ші қадамы. Қа­­зір біздің Еуропамен экономикалық бай­ла­нысымыз жақсы. Осы кездегі елдегі на­рықтың 50% жуығы Еуропадан келетін тауарлар, яғни, біздің экономикалық байланыстарымыз Еуропа елдерімен мықты. Елбасы соңғы жылдары табиғи ресурс­тарды жай инвесторларға емес, тех­но­логия әкелетіндерге беруі керек деген секілді ой айтып жүр. Сол типтес бай­ланыстар Еуропа елдерімен орнатылуы тиіс. Сондықтан, осы ба­ғыт­ты одан әрі күшейтіп, ал, Ресеймен арадағы одақ тек экономикамен ға­на шектеліп қалуы тиіс. Расул Жұмалы: – Әңгімені Еу­разия­лық идеяның өзі­нен баста­сақ. Бұл идея пайда болған тұс­та, ХІХ ғасырда ол онша жаман идея бол­ма­ған да шығар. Оны көтерген орыс­тың Н.С.Трубецкой, П.Н.Савицкий, Г.В.Бернадский, кейін Л.Гумилев, одан соң А.Дугин сияқты кейбір зиялылары еді. Олардың көздегені Еуразиядағы өркениеттер, мемлекеттер, халықтар бір-бірімен тығыз араласып, саяси, дүниеәуи, сауда, басқа да қарым-қатынаста байланыста болсын деген идеяның төңірегінде туындады. Еуропа елдері соғыс арқылы емес, өркениетті, бейбіт жолдармен ортақ мәмілеге келіп, бір-бірін сыйлай отырып, тұтастықты іске асыру болатын. Әу баста осындай пікір болды. Және ХХ ғасырда бұл идея негізінен ұмыт болды да, ғасыр соңында қайта жанданды. Біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы МГУ-да оқыған дәрісінде алғаш Еуразиялық Одақ қажеттілігін көтергені де сондықтан. Осындай әділ, тарихи жаңа формацияда біз мем­ле­кеттер бірлестігін, экономикаға, сая­сатқа негізделген бірлестік құрсақ деген идея айтты. 1994 жылы Ресейлік тарап: Кремль, Ельцин, ресейлік саясат­керлер бұл идеяға немқұрайлы қарап келді. Менсінбеді, турасын айтқанда. Посткеңестік кеңістікте қандай да бір интеграция туралы Ресейден басқа бас­тамаларды көтеруге қандай қақысы бар дегендай сыңай танытты. Бірақ, арада уақыт өткеннен кейін, Ресейде билік ауысып, Путиннің келісімен бірте-бірте жаңа интеграциялық құрылымдардың бастау алғаны байқала бастады. Яғни, Н.Назарбаев ұсынған атауды алып, Еуразиялық Одақ, тағдырлардың ортақтығы туралы ойларды бүркеме ретінде пайдаланып, сол баяғы Ресейлік империя болмаса, Кеңес Одағын қалпына келтіруді жүзеге асыруға көшті. Яғни, бұл аты Еуразиялық болғанымен, ал, шын мәнісінде кезіндегі кеңестік үкімет сияқты құрылым. Кеңес Одағы тұсында 70 жыл бойы «кеңес халқын, кеңес формациясын құрамыз», «кеңестік меншік орнатамыз» дегендердің барлығы тек бүркеме болды да, іс жүзінде жаппай орыстандыру саясатын жүргізді. Басқа ұлттарды өздерінің ұлттық болмысынан, сана-сезімінен айыру, қай жағынан болмасын, саясат, экономика, әлеумет, мәдениет, тарих, т. б. саласын толығымен Кремльге бағынышты ету көзделді. Ке­зін­­дегі кеңестік саясаттың ұстанған ба­ғыты осы еді. Сөз жүзінде – совет, іс жүзінде – орыс. Еуразиялық Одақтың бағыты да сол. Алғашқы кезе­ңінен бастап, Ресейдің меңзегені шын мәнісінде интеграция немесе тең дәрежелі мемлекеттердің әділ, өзара тиімді ықпалдастығы емес, бұл баяғы Кеңес Ода­ғын қайта қалпына келтірудің бір амалы болып отыр. Еура­зиялық Одақ соның бүркемесі ғана. Соның нәтижесінде көріп отырғанымыз, өзіне жақын Қазақстан, Белоруссия секілді ел­дер­ге аярлық көр­сетіп, Кедендік Одаққа қол қойғызып, асығыс, мейлінше тездетіп, айналасы екі-үш жылдың ішінде Кедендік Одақ құ­­рылды. Ортадағы құжаттардың барлы­ғы Белоруссияға да, Қазақстанға да тиім­­сіз. Әсіресе бізге! Ортақ одақ деген ұғым болғанымен, басым бөлігі ресейлік мүд­­делерге негізделген келісімшарттар болып отыр. Ортақ Кедендік кодекстегі белгіленген салықтар, баж салығының 92% Ресей орнатқан жүйе болып табылады. Үш мемлекеттерден жоғары тұратын, одақты басқарып отырған кедендік комиссия мүшелерінің 70-80% ресейліктер. Оның басшысы кезінде Ресейдік вице-премьері болған Виктор Христенко. Яғ­ни, екінші Кремльді жасақтап алды. Дауыс беру жүйесінде де 70-80% Ресейдің қолында. Қалған 30%- ын Қазақстан мен Белоруссияға бөліп берген. Екі мемлекет бірігіп, Одақ үшін шешім қабылдай алмайды, ал, жал­ғыз Ресей екі мемлекетке қатысты шешімді өзі қабылдай алады. Осындай өте әді­летсіздіктер көп. Кедендік Одақтың әу бастағы көздеген мақсаты да сол болатын. Осындай шектелген форматта болса да, бұрынғы Мәскеудің өктемдігін орнатып, империялық статусын қайта жаңғырту. Ал, қазір Кремль ауқымды кеңейтуге тырысуда. Басқа елдерге сес көр­сетіп, сауда соғыстарын, санкциялар жариялады, газды жауып тастады; Украина, Молдова, Армения, Азербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдер­ге одаққа кіруге ықпал жасауда. Тіпті, интеграциялық жеңілдіктер дегендей ұсыныстар айтуда. Қыспаққа алғанмен, бұл мемлекеттер одаққа кіруден бас тартып отыр. Бұл интеграциялық одақ «өлі туған бала». Кедендік Одақ болсын, одан кейінгі кезеңі ортақ экономикалық кеңістік болсын, Еуразиялық Одақ та солай. Бұл ешқандай интеграциялық құрылым емес, бір жақты, Ресейге тәуелді бір коалицияны, әскери саяси блогты қайта құру болып саналады. Екінші кезең басталды. Біздің би­ліктің көріп отырғаны «аузының күйіп» отыр­ғаны. 2009-2010 жылы еліміздің эконо­мистері, тәуелсіз сарапшылары, саясат­тану­шылары осы мәселені көтерді. Олар асығыс ше­шім қабылдап, келісімдерге негізсіз қол қоюға, біздің экономикалық мүмкіндіктерімізді, ерекшеліктерімізді, ұлттық және мемлекеттік мүдде­ле­ріміздің ескермей Одаққа енуге бол­майтынын айтуындай айтты. Ер­телі-кеш осындай жағдайлардың алдымыздан шығатынын, соңы неге апа­ра­тынын, ұтылыстарға алып ке­леті­нін айтып, шырылдаумен болды. Ал, ең келеңсізі, сол кездегі ресми би­лік өкілдері Ертісбаев, Ерімбетов се­кілділер сы­на­ғандарды қылмыстық жазаға тарту керек деді де. Бірақ, уа­қыт өте біздің көріп отырғанымыз, зиялы қауым, экономистер, депутаттар, министрлер, тіпті, Президенттің өзі де бұл өте тиімсіз, әділетсіз қадам екеніне көз жеткізді. Сондықтан, қазір мүмкіндігінше тек қана экономикамен шектеуге тырысып отыр. Яғни, ортақ ва­люта, ортақ парламент, қандай да саяси бірлестік болмайды, тек қана экономика. Бұның өзі жеткіліксіз. Меніңше, мәселені турасынан қою керек. Әлі де кеш емес, Кедендік Одақтан шығуға тиіспіз. Себебі, экономикалық мәселелерді Кедендік Одаққа беріп қоюымыз – біз жыл сайын өзіміздің егеменді, тәуелсіз лауазымдарымызды Ресейге қолдап ұстата салғанымыз. Кедендік комиссия дегеніміз Мәскеу дегенді білдіреді. Бұл бір-бірімен синонимдес ұғымдар. Бұл интеграция экономикада үлкен ұтылыстар алып келуде. Біздің импортымыз Ресейден, Белоруссиядан екі есеге көбейді, ал, олар­дан экспортымыз екі есеге азайды. Біздің бәсекеге қабілетті аз ғана тауарымыз бар. Оның өзін Ресей түрлі желеумен, себептермен кіргізбейді. Әділ сауда, байланыс жоқ. Олардың тауарлары бізге енбейтін болса, олар дау шығарады, біздің интеграцияға қарсы екенімізді алға тартады. Ал, біздікілерді ен­гізбейді. Белоруссияға да дәл солай. Бү­гінде олар ірі кәсіпорындарымызға кіріп жатыр, банк секторына енуде, қазіргі банктердің әлсіреуіне байланысты «Сбербанк» арқылы біздің қаржылық нарықты иемденуге тырысуда. «Сбербанк» секілді ресейлік банктер несиелерді төмендетіп, барлық тұтынушылардың өзіне тартып, нарықтың бір бөлігін иемденіп алғаннан кейін бағаларды көтеруге кіріседі. Ендігі кезекте, теміржолға қатысты шараларға кірісуде. Ресейлік теміржолшылар үл­кен жеңілдіктерге ие болып отыр. Сол арқылы «Қазақстан темір жолы» секілді ұлттық компаниямызды әлсіретпек. Дәл сондай жағдай, Қазақстан әуе жолына да қатысты. «Эйр Астананы» қазір ығыстырып, ашық бәсекелестікке «Аэрофлот­пен» тайталастырып, сол арқылы тізе бүктірмекші. Арменияға да дәл солай кірген. Ұлттық әуе компаниясын бағаларды төмендету арқылы банкротқа ұшыратты. Қазіргі кезде Арменияның әуе кеңістігі Ресейдің меншігінде. Келесі қадамы тендерлерде болып отыр. Тендерге біздің кәсіп­орындармен тең дәрежеде қатысуға мүдделі. Әрине, Ресей Қазақстаннан 10-15 есе ірі мемлекет. Қазақстаннан айыр­машылығы олардың ұлттық компа­ниялары, ұлттық банкі­лері барлығы мемлекеттің тікелей қолдауына ие. Сондықтан олармен әділ бәсе­келестік бәрібір болмайды. Ресейдің пиғылы –Эко­номикалық интеграцияның шеңберінде Қазақстанды экономикалық тұрғыдан мейлінше қауқарсыз, өзіне меншікті ету, барлық активтерді өздеріне қаратып алу. Ал, өздеріңізге белгілі, экономикалық тетіктер кімнің қолында, саясат та соның қолында болады. Сон­дықтан, мұ­ны­мен Экономикамен шек­телдік, ары қарай Ресей бара алмайды деп тоқмейілсіп отыруға болмайды. Ресей астыртын, өте қатқыл саясат жүргізіп жатыр. Активтерді сатып алып, өздеріне тәуелді ету, Қазақстанға түк қалдырмау, ең болмағанда бақылау акция­ларын өзіне қаратып алу деген секілді. Біз 3 жыл бойы ұтылып келе жатырмыз, орыстану саясаты жүргізіліп келе жатыр, барлық салада, тек экономикада ғана емес, ақпараттың 90% Ресейге қарап отыр. Сондықтан, тығырықтан шығатын жалғыз жол – Кедендік Одақтан бас тарту. Бұл әлемдік практика. Қандай да бір одақ тиімсіз болса, одан жарты, бір жыл бұрын ескертіп барып шығуына толық мүмкіндік бар. Бұл Қазақстанның Ресейге қарсылығын білдірмейді. Бірақ, қарым-қатынасты нақтылау керек. Ресей – бұрыннан келе жатқан қазақ халқының көршілесі. Әрине, Қазақстан, ол мемлекетпен саудалассын, ынтымақтассын, ықпалдассын, егер бір алғышарт орындалатын болса: екі ел тең дәрежеде, ішкі істеріне қол сұғу болмайтын болса және өзара тиімді болатын болса. Ресейдің қазіргі көздеп отырғаны – бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған он бес мем­лекеттің тым құрығанда жартысын Кедендік Одақтың құрамын енгізу. Армения қазіргі кезде еріккеннен Кедендік Одаққа кіреміз деп отырған жоқ. Армения тұйық мемлекет, Азербайжанмен Қарабах үшін соғыс жағдайында отыр. Иранмен, түркі тілдес басқа да мемлекеттермен қарым-қатынастары жақсы емес, қауіпсіздігі өте күмәнді, ішкі экономикалық әлеуеті өте төмен. Сон­дықтан, Армения Ресейге тәуелді. Осының пайдалана отырып, Путин мәжбүрлеп отыр. Бірақ, мұның еш қисыны жоқ. Себебі, біріншіден Кедендік Одаққа Арменияның саяси элитасы қарсы. Олар бұл одақтың ешқандай да Кедендік Одақ емес, Ресейдің қарамағына кіру екенін жақсы түсінеді. Путиннің Ереванға сапарында да жастардың демонстрацияға шығуы олардың келіспейтінін білдіреді. Екіншіден, Армения бұл одаққа кірмейді, тек сөз жүзінде ғана коньюктуралық көмекті алып алудың реті ғана. Кірген күн­нің өзінде Одақтың жұмысын іске асыру неғайбыл? Себебі, Кедендік Одаққа енген мемлекеттермен ортақ шекарасы жоқ. Түркияға да қатыстысы осы. Түркия –Дүниежүзілік сауда ұйымының деңгейінде дамып отырған мемлекет, өзін Ке­дендік Одаққа еніп шектеп қоятын мем­лекет емес. Меніңше, бұл тек қана сөз жүзіндегі әңгіме. Ал, Украинаның одаққа ену-енбеуін Майдандағы жағдай анықтайды. Украинаның одаққа енгісі жоқ. Алайда, олардың Ресейге экономикалық тәуелділігі өте зор. Ресей кезінде достық нышанның көрсеткіші ретінде іске асырып алды, құбырлар тартып, экономикалық активтерді иемденіп алды. Қазір осы байланыстарын Украи­наның ішкі істеріне араласа алатын саяси қысым жасау құралы ретінде пайдаланып отыр. Бұдан сабақ алуымыз керек. Ресейдің экономикалық ықпалының соңы қандай саяси қысымға алып келетінін түсінуіміз қажет. Әрине, қазіргі ресейлік саясаткерлер, БАҚ Украинаның Батысы мен шығысының бөлініп отырғанын айтады. Бұл бос сөз. Украина халқының басым бөлігі Ресейдің құйтырқы әрекеттерінен кейін өркениетті түрде өз таңдауларын жасады. Ол – Еуропалық Одақ. Кеңес Одағына енген елдердің көпшілігі Путин­нің осындай өктем саясатын көргеннен кейін, Ресеймен мейлінше алшақ болуға ұмтылуда. Балтық елдері, Польша, Грузия, Әзірбайжан құлықсыз, тіпті, Белоруссия басшысы Лукашенконың өзі де Кедендік одаққа қатысты мәлімдемелер жасап, өздеріне тиімсіз екендігін, одақтан шығуға ниетті екендерін білдіріп, сез­діруде. Біздің Елбасыдан бастап, билік те сыни пікірлер айтуда. Кеш те болса көзіміз ашылды. Бірақ, Кедендік Одақ болсын, Еуразиялық Одақ болсын мақсаттары біреу ғана – Ресей империясын қайта құру. Қазақстан үшін бұл егемендіктен айырылудың бірден-бір жолы. Мұның алдын алатын бір ғана жол – Кедендік Одақтан шығу. Әбдірашит Бә­кір­ұлы: – Расулға үлкен рахмет! Бұл мә­се­лені анық­тап, өте түсінікті тіл­мен жүйе­леп айтып берді. Кедендік Одақ – кәсіби сая­саткерлердің бұрыннан көтеріп келе жатқан мәселесі. Бү­­гінгі келелі кеңе­сіміздің тақырыбы біз­дің бағыт Батыс па, Шығыс па дегенге сая­ды ғой. Батысқа қарай тоқта­латын болсақ, болашақтағы Еуразия Одағы тікелей Ресеймен байланысты. Оның түпкі мақсаты Еуропаның өзінен басталады. Еуропада ХІХ ғасырда эко­но­микалық дағдарыстар жиі орын алып, әлеу­меттік дүмпулер жиі болып отырды. Еуропа ойшылдары сол кезеңді Еуропа өркениетінің құлдырау кезеңі деп үлкен еңбектер жаза бастады. Мәсе­лен, Шпенглер «Еуроның өшуі» атты еңбегінде әлемде бұрын-соңды 8 өркениет болды деп анықтады. Сонау Майядан бастап, Грек, Қытай, Үнді, Визан­тия, Рим, т.б. өркениеттері болды, ал, бо­ла­шақта Орыс-Сібір өркениетінің ақы­рын аю секілді орнынан көтеріліп ке­ле жатқандығын айтты. Оның жа­­­­­­­зуынша, бұл Орыс-Сібір өркениеті орыс­­­­тардың ерекшеліктерінен емес, І Пе­тр бастаған Еу­ропаға ұмтылуынан туын­дады. Және Еуропа өркениетінің құшағына сый­мауынан туындады деген ой жазады. Шпинглердің бұл анықтамасы орыстардың өздерін ерекше сезінулеріне, орыстың өз өркениеті бар деген идеяларға алып келді. Біз Еуропада, Азияда емеспіз, Еуразиялық құрылымбыз деген идея осы­дан келіп шығады. Біздің халықтың 70 жыл бойы қалыптасқан орысшыл менталитетін Ресей саясаткерлері шебер пайдаланып, сонымен қатар бүгінде Ресейдің алып нарығы Қазақстан үшін жұмақ деген идеяны біздің санамызға сіңіруге ұмтылып отыр. Шын мәнінде, ол жұмақ емес. Сон­дықтан, біз Ресейге де, Қытайға да бағынышты болмай, Еуропалық өркениетті үлгі тұта отырып, елдегі демократиялық үрдісті мейлінше дамытып, коррупциялық ахуалды төмендетуіміз керек. Халыққа арқа сүйей отырып қана, бәрін қалпына келтіруіміз қажет. Тоқтар Есіркепов: – Соңғы болып жатқан саяси жағдайларға қатысты көпшіліктің, әлеуметтік желілерде де ай­тылып жатқан Қазақстанның Кедендік Одақтан опық жеуі секілді мәселелер осыдан 3-4 жыл бұрын айтылуға тиіс еді. 2011 жылы осы мәселе туралы мен шырылдап айтқан болатынмын. Сол жылдары құйтырқы саясат жүргізілді деп ойлаймын. Мысалы, 2010 жылы Кеден Одағы жұмысын бастамас бұрын, 17 қараша күні «Коммерсант» газетіне сол кездегі премьер-министр Карим Масимовтың сұхбаты шықты. Сонда біз бірінші рет екі ел арасындағы Кеден Одағы туралы 17 құжаттың дайындалып жатқандығын естідік. Мемлекеттік БАҚ-тар бұл туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Ешқандай ресми сайттарда, министрліктердің сайттарында келісімшарттардың мәтіндерін жарияламады. 2 жылдан кейін ғана аталған мәселені көтере бастадық, оның өзін­де Президенттің бастамасымен. Бұл не деген жауапсыздық! Қоғам неге немқұрайлы қарайды? Расул Жұмалы: – Тоқтар ағамен келісе­мін, аталған келісімдерге қол қоя салға­нымызға қазір «қолымызды мезгілінен кеш сермеп» отырмыз. Бірақ, мұндағы өрес­кел жағдай әлі күнге дейін жалғасып ке­леді. Жоғарыда айтылған халықаралық деңгейдегі мұндай келісімдер міндетті түр­де парламенттің, азаматтық қоғамның, сарапшылардың, халық сүзгісінен өтіп барып қана ойластырылып шешілуі керек еді. Ал, интеграцияға қатысты дүниелер міндетті түрде референдумға түсуі керек. Ресеймен көрші ретінде әділ, тең дәрежедегі ынтымақтастыққа қол жеткізуімізге болады. Оған жал­тақтаудың еш реті жоқ. Бұл айна­лып келгенде ішкі саясатымызға қарама-қайшы дүние. Ол мейлі әлемдік түрлі экономи­калық ұйымдар болсын, Еуропалық Одақ, Дүниежүзілік Одақ болсын, оларға Ресейлік призма арқылы қара­май, шешім қабылдағанда ұлттық мүдде­лерді алға тартуды үйренуіміз керек. Мәселен, Дүниежүзілік сауда ұйымына Ресей бірінші еніп кетті де, ендігі кезде біз Ресейдің ұйымнан үйрену кезеңін өткергенін күтіп отырмыз. Ол өтпей біз ене алмаймыз. Өзіміз тәуелсіз шешім қабылдай да алуымыз күмәнді. Он бес жыл бойы тиісті келісімдер жүргізіп келіп, нақты іске келгенде қауқарсыз болып отырмыз. Тәжікстан еніп үлгерді. Соғыс жүріп жатқан Ауғанстан бізден бұрын енетін болды. Сондықтан, халықаралық байланыстарда өзіміздің ұлттық, мемлекеттік мүдделерімізді алға тартуымыз керек. Ол ешкімге қыр көрсету, сес көрсету емес. Сейілбек Мұсатаев: – Мен пікір­сайысты мы­­­на­дай деректермен қыз­­дыр­ғым келеді. Ке­­ден Одағында тауар экспорттау жағы­нан озып тұрған Ре­сей Федерация­сы бо­лып табылады, кедендік статис­тика бойын­ша оның үлесі – 62,2 %, Белоруссия – 26,6 %, Қазақстандікі – 11,2 %. Белорустардың үлесі қазақтардан екі есе көп болса, орыстардың үлесі беларус пен қазақтардың үлестерін қос­қаннан екі есе көп. Яғни, солтүстік көршіміз үшін бұл одақ тиімді. Кеден Одағына кірсек, арзан тауарларға қарық боламыз деген үмітіміз ақталған жоқ. Керісінше, қымбатшылық күн өткен сайын қал­таны қағып, алқымнан қысып барады. Оның зардаптары қандай болып жатқанын көріп жүрміз, түптеп келгенде, бұдан мемлекет те, жеке азаматтар да зиян шегуде. Кедендік Одақ ауқымында автомобильдерді экспорттау саласында да Ресейдің айдарынан жел есіп тұр. Қазақстандағы ең көп сатылатын ресейлік автомобильдер, Кедендік Одаққа кіргелі бері қазақстандық автосалондардың сату рейтингінде орыс автотехникасы бірін­ші орынды бермей келеді. Тек бір ғана «Лада» автокөлігінің қазақстандық ав­то­нарықтағы сатылу үлесі 52 % жетіп отыр. Бұған енді ГАЗ, УАЗ, КамАЗ сияқты таза ресейлік маркалар мен орыс жерінде құрастырылатын шетелдік маркаларды қоссақ, Қазақстандағы сатылатын ресейлік автоөнеркәсіп өнім­дерінің біздің ішкі нарығымызда алатын үлесі бұдан да көп. Басқаша айтсақ, Қа­зақстанда сатылатын әрбір екінші жаңа автомобиль ресейлік болып отыр. Бұл экономикалық экспансия емей немене? Негізінде, Кедендік Одақ құрудағы басты мақсат – оған мүше елдердің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды ашық, мөлдір және ешбір кідіріс-кедергісіз дамыту болатын. Бірақ, іс жүзінде бұл игі мақсатқа жету оңай болмай тұр. Бұл туралы қазақстандық кәсіпкерлер Кедендік Одақ жұмыс істей бастаған сәттен-ақ зарлап келеді. Тіпті, Минскіде өткен басқосуда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бұл одақтың қызметін сынға алғаны белгілі. Әсіресе, жүк тасымалы, тауар экспорты, кедендік рәсімдеу салаларында кедергілер әлі күнге дейін көп екен. Мысалы, Қазақстанда өндірілетін алкоголь өнімдері Ресей мен Белорусь нарығына кіре алмай отыр. Ал, бұл мемлекеттер­де өндірілген арақ-шарап еліміздің дүкен­дерінде толып тұр. Қазақстан Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Ғұсман Әміриннің мәлімдеуінше, 2013 жылы ресейлік және беларустық алкоголь өнім­дерінің біздің елімізге импорты 22 % артқан, сөйте тұра, қазақстандық спирт­ті ішімдіктердің Кеден Одағына экспортталуы 16,5 % кеміген екен. Қазақстандық ет-сүт өнімдерінің Кеден Одағы аймағына экспортталуы да мәз емес. Минскіде өткен Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңесте Елбасы Н. Назарбаев осылай деп сын айтып, мұндай кедергілердің Ресей тарапынан болғанын жасырған жоқ: «Қазақстанның ет өнімдері әдейі өткізілмейтін жағдайда тұр. Өйткені, Ресейде оларға Қазақстан Республикасының санитарлық сертификаттарында жоқ нормаларды қолданып келеді. Ал Белорусь елі жаңа техникалық регламенттің енгізілуіне байланысты азық-түлік тауарларын Ресей нарығына тиісті көлемде алып шыға алмай отыр. Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі техникалық регламентті кеңейту бизнес ортаны жақсартқысы келетін Қазақ­станның саясатына қайшы келуде». Яғни, Ресейдің мүддесіне орайластырылған жасанды бюрократиялық кедергілер Кеден Одағының кеңірдегінен қысып, өзге мүше мемлекеттер үшін тиімділігін тө­мен­детуде. Экономист маман­­дардың жал­пытанылған пікіріне сүйенсек, Кедендік Одақтың бірегей Кеден кодексі әзірленгенде Ресейдің мысы басып, ресейлік Кедендік кодекстің қағидалары мен талаптары негізге алынып кеткен. Осыдан келіп, Кедендік Одақта Ресейдің мүддесі басым тұратын сыңаржақ жағдай қалыптасты. Бұрынғы фритрейдерлік бағыттағы Қазақстанның дербес Ке­дендік кодексі аясында кедендік алым-салық айтарлықтай төмен бол­са, Кедендік Одақтың біртұтас ко­­­дексі алым-салықтардың деңгейін айтарлықтай көтеріп жіберді. Өйт­кені, оның негізінде Ресейдің про­тек­­ционистік сипаттағы бұрынғы Ке­дендік кодексі тұр. Кеден Ода­ғының аумағында жүк тасымалдаудың қиын екенін логистикалық тасымалмен айналысушылар да әуел бастан айтып келеді. Жүк тасымалымен айналысушылар кедендік рәсімдеуде әкімшілік қағазбастылық көбейіп кетуінен шека­раларды кесіп өтудің қиындағанын, ке­дендік бюрократиядан көп уақыт жо­ғалтып отырғандарын айтып наразылық білдіруде. Мұның барлығы тасымалдау шығындарын арттырып, тауарлардың бұ­зылуына ықпал етуде, түптеп келгенде, тасымалданатын тауардың бағасы шарықтап қымбаттауда. Кеден Одағындағы Ресейдің жасап отырған озбырлығына Белоруссия да наразылық білдіріп отыр. Бұл туралы 2013 жылғы қарашаның соңында Белорусь Республикасының Бірінші вице-премьері Владимир Семаш­ко мәлімдеді. Оның айтуынша, Кеден Ода­ғының заңнамасындағы шикі­ліктер­ден белорустық өнеркәсіп зиян шегуде. Әсіресе, белорустардың ауыл шаруашылық техникаларының Ресей на­рығына енуіне тосқауылдар қойылуда. Оған қоса, Ресейдің ойлап тапқан импортталатын автотехникаларға салынатын «утилизациялық салығы» беларустың МАЗ авто техникасының құнына 18% пайыздық үстеме қосуына алып келіп, бәсекелестікке төтеп беруін төмендетуде. В. Семашконың айтуынша, мұның барлығы беларустардың шаш етектен шығынға батуына ықпал етіп отыр. Әбдірашит Бәкірұлы: – Өздеріңізге білгілі, Еуразиялық Одақты Путин Еу­ропа­лық Одаққа балама,бәсекелес ре­тінде көр­сеткісі келіп отыр. Енді Еуроодақ пен Пу­тиннің арасындағы қатынас қайтадан салқындай қалса, Қазақстанның ДСҰ-на кіруі сол салқын­дықтың температурасы қандай болса, сондай бағытқа кейін шегеріледі. Тағы бір мәселе, біздің фермерлер кез келген техниканы басқа елдерден емін-еркін сатып ала алатын. Кедендік Одаққа кір­ген­нен кейін, оларға төленетін баж са­лығы Ресейге төленетін баж салығымен бірден теңесті де, біздің фермерлер басқа елдерден Ресейдің баж салығымен сатып алуға мәжбүр болыр отыр. Қазақстанның климаты шұғыл континенталды болғаннан кейін, бір жылы жемісті болса, екінші жылы олай болмауы мүмкін. Сондықтан, Ресей ең алдымен соққыны аграрлық сек­торға жасап отыр. – Жалпы, Кедендік Одақтың ал­ғашқы кезеңінен ұтылған тұстарымыз айтылды. Енді, біз, жағдайдың бәрін көріп білгеннен кейін бағыт-бағдарды қай жаққа қарата алуымыз керек? Расул Жұмалы: – Әрине, ұлттық мүдде бәрінен биік тұруы керек. Қазақстанның сыртқы саясаты, халықаралалық саясаты, оның ішінде интеграциялық саясат еліміздің ішкі жағдайына байланысты болуы тиіс. Неғұрлым мемлекет мығым, ұйымшыл болатын болса, сол мемлекеттің сыртқы мүм­кіндіктері де жақсара түсе­ді немесе керісінше. Сондықтан,не нәр­се болса да Қазақстанның ішінен бастау керек. Біздегі экономикалық, әлеуметтік жағдайларға байланысты, саяси бәсекелестіктен, жемқорлықпен күреспен, тағысын тағылар. Неғұрлым осы мәселелер айқын, демократиялық сипатта болатын болса, бәлкім Қазақстан мүдделеріне қай­шы келісімдер де қабыл­данбас еді. Яғни, айтпағым Қазақстан ішкі мәселелерді: экономика мен мәдениет жағы бар, тіл, діл, дін мәселесі дұрыс шешілуі керек. Біздің билік басындағылар қоршаған ортамыздың Ресеймен ғана шектелмейтінін түсінуі тиіс. Біздің геосаяси жағдайымыз өте күрделі, ірі мемлекеттердің өз мүддесі бар, бұл заң­дылық. Бірақ, қазақтың ертеден келе жатқан саясаты байсалдылықты ұстау, ара-қашықтықты сақтау. Қытаймен де, мұсылман әлемімен де, Америкамен де,жалпы барлық әлем елдерімен солай. Кей жағдайда Қазақ­станның ішкі қарым-қатынастарында шешім қабылдаудың айқын еместігі, шетел лоббиінің бар екендігі байқалып жатады. Өз күшімізге сенуіміз керек. Қарапайым ақпарат кеңістігіміздің өзінде қаншама ре­сейлік арна бар.Украинадағы жағдайға да Ресейлік призма­дан қарап отырмыз. Бұл дұрыс емес. Көпвекторлы саясат ұс­танғанымызбен, әрқайсысынан бірдей қашықтықта алшақ тұруымыз керек. Басқа елдердің амбициялары бізге қатысты болмауы керек. Үлкен саясатқа Қазақстан орта деңгейдегі мемлекет болғандықтан, араласудың қажеті жоқ. Бұл әлемдік практика. Өз мәселелерімізді түгендеп алуымыз керек. Тоқтар Есіркепов: – Кеден Одағы сырт қарағанда экономикалық одақ болып көрін­генімен, шындап келгенде, ол геосаяси одаққа айналып барады. Ресейдің ендігі көздегені көпполярлы әскери блог­тар құру, ал, оның іске асырушысы Кеден Одағы. Қазақстан секілді ортадеңгейлі дамушы елде даму потенциалы өзіне жет­кілікті. Яғни, корпорациялық, инте­грациялық байланысты мейлінше сақ жүргізуге тиіс­піз. Біз тек шикізатты өндіруді дамытып, индустриялы бағдарламаларды енді ғана дамытып жатырмыз. Сондықтан, Қазақстанға қандай да бір одақтарға кірерде жан-жақты ойлану керек. Ал, бізге дамуға басты бағыт беретін Еуропа болар еді. Себебі, онда ең бастысы адамның құ­қығы, бостандықтары, еркіндігі, адам құндылықтары бірінші орында тұр. Әбдірашит Бәкірұлы: – Бір жағы­мызда Ресей, бір жағымызда Қытай тұр. Екі мемле­кеттің сыртқы саясатында кор­рупцияға маңызды көңіл бөледі. Екеуі де шикізат алып отырған елдердің, мәселен, Қазақстаннның коррупциялық жағдайын одан әрмен өршітуге, билігінің ұлттық мүддеден алшақтауына, оған тікелей ық­палын арттыруға тырысады. Біз сыртқы емес, ішкі жағдайдағы интеграцияны дұрыс жүзеге асыруға тиіспіз. Сонда ғана алып мемлекеттермен интеграцияға бара аламыз. Сейілбек Мұсатаев: − Минск самми­тінде Кеден Одағына Армения кіреді, одан кейін Қырғызстан, сосын Украина кіруге ынталы, тіптен, Үндістан мен Түр­кия да кірмекші-мыс деген әңгімелер айтылғаны есімізде. Бірақ, іс жүзінде бұл аталған мемлекеттердің халқы Кеден Одағына кіруге қарсы екенін әлемдік қауымдастық кейінірек біле бастады. Қазір Украинада «Евромайдан» деген атпен белгілі халық толқуы басылмай тұр, украиндықтардың талабы – Украина Евроодаққа кіруі тиіс, ал, Кеден Ода­ғына кіруіне ол елдің халқы үзілді-кесілді қарсы. Украина билігі әскер мен полицияны барынша пайдаланып, қарсылық акциясын басуға ниеттенгенімен, қару­лы қақтығыста жүздеген адам жара­қаттанса да, түрлі-түсті «майданға» үйренген украиндықтарды алған бетінен қайтару қиын болып тұр. Тіптен, күні кеше ереуілшілер Киев қаласының әкімшілігін, түрлі мемлекеттік ғимараттарды басып алып, президент әкімшілігіне шабуыл жасады. Евроинтеграцияны қолдаушылар Украинаның Кеден Одағына қосылуына қарсылық ретінде мезгілі шектелмеген қар­сылық көрсететінін жариялады. Олар Кеден Одағына кіруді – Ресейдің боданына айналумен тең деп түсінеді. Армения билігінің Кеден Ода­ғына қосыламыз деген мәлімдемесі де ол елдің ішінде қат­ты наразылық туындатып отыр. Бұл шешімге қарсылық ре­тінде азаматтық ұста­нымдарын білдіру мақсатында Армения астанасы Ереванда мыңдаған адам қатысқан үлкен митинг өтті. Митнингті ұйымдастырушы – Армения президенттігіне үміткер кандидат болған Паруйр Айрикян армяндар евроинтеграцияны қолдайтынын айтты. Оның бастамасы қоғамдық қолдауға ие болып, «Абыройлы отан» азаматтық бастама ұйымы, «Мұра» оппозициялық партиясы, Армен Мартиросян және Давид Санасарян сияқты қоғам қайраткерлері бастаған мыңдаған еревандықтардың қарсылық шеруіне ұласты. Кеден Одағына кірмекші болып отырған Қырғызстан 2015 жылы Еуразиялық эконо­микалық одақ жұмысын бастағанда оның толық мүшесіне айналады екен. Бұлай деп сәуегейлікпен айтқан – Ресей Президентінің кеңесшісі – Сергей Глазьев. Дегенмен, мұндай маңызды саяси шешімді қабылдау Қыр­ғызстанға оңай болып отырған жоқ. Бір жағынан қырғыздар 1998 жылғы 20 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіріп алған. Яғни, қырғыз ағайындар 15 жыл бойы ДСҰ қызығын көріп, нанын жеді, артықшылығы мен пайдасын көрді. Осы жерде: «Олай болса, Қырғызстан Кеден Одағына несіне кірмек?» деген сұрақ туындары сөзсіз. Оның сыры мынада болса керек. Қырғыз экономикасы негізінен Қытайдың тауарларын рээкспорттаумен (импортты үшінші елдерге қайта экспорттау, қазақша айтсақ, алып-сату) пайда табатыны баршамызға мәлім (Қазақстанға – «Дордой» көтерме базары, Өзбекстан мен Тәжікстанға – «Қарасу» көтерме базары арқылы). Кеден Одағы құрылғалы қырғыз шекарасына «құлып» салынды. Оштағы қырғыз-өзбек арасындағы қантөгіспен аяқталған жанжалдан соң Өзбекстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы да нашар. Осындай қиын жағдайдан рээкспорттық сауда дағдарысқа ұшырап, Қырғыз экономикасы абдырап қалды. Енді олар орын алған қиындықтан шығу­дың жолдарын қарастыруда. Сондай жолдың бірі – Кеден Одағына кіріп, «үлкен ағалардың» қамқорлығын көру. 2013 жылғы 19 қарашада Мәскеу қаласында өткен Еур­азиялық экономикалық комиссияның кеңесінде Қырғызстанның Кеден Одағына кіруінің «жол картасы» мақұлданды. Қырғызстанның экономика министрі Темір Сариевтің айтуынша, «жол картасы» бұл ел үшін маңызды бес мәселені қамтиды: республика кәсіпкерлерін қолдайтын арнайы қор құру, еңбекті көп қажет ететін өндірістерді дамытуға тәжірибелік көмек беру, «Дордой» және «Қарасу» көтерме базарларына қолдау көрсету, еңбек мигранттарын қорғау туралы жеке келісім жасау, Қырғызстанның сыртқы шекараларын жарақтандыруға көмек көрсетілуі. Ең бас­тысы – Қырғыздар Кеден Одағына кіргені үшін оның мүшелерінен $1,2-1,6 млрд. қайтарымсыз көмек алады екен. Алайда, билік қолдағанымен, Қырғызстанның ішіндегі бірқатар саяси күштер Кеден Одағына кіруге қарсылықтарын білдіріп, саяси шерулер өткізіп те үлгерді. Сонымен қатар, Қытай Халық Респуб­ликасының (ҚХР) төрағасы Си Цзиньпин Бішкекке жасаған былтырғы ресми сапарында «Ұлы Жібек жолын» жаңғыртатынын айтып, бұл жобадан Қырғызстанның құр алақан қалмайтынын аңғартты. Кеден Одағына кірсе, Қытаймен қарым-қатынастары қалай болары беймәлім. Кірмеске амалы тағы жоқ. Осылайша, Қырғызстанның не істерін білмей дал болып отырғаны, ал, Кеден Одағы болса, «экономикалық маска» киген Ресейдің саяси ойыншығына айналып бара жатқаны байқалады. Ойымды қорытып айтар болсам, «Бақсам, бақа екен» демекші, Кеден Одағына кіру – пайдаға кенелу емес. Одақтың ішінде де өзара бәсекелестік пен ұлттық мүдде үшін күрес қызып тұр. Осындайда «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген аталарымыздың айтқаны тағы да ойыңа келеді. Бәлкім, Минскіде айтқан Елбасымыздың сынынан кейін Ресей өзінің амбициялық айылын жиып, Кеден Одағының жұмысы жақсарып кетер деген үмітіміз бар. Бірақ, біз мынаны ұмытпайық: болашақта құрылады деп отырған еуразиялық одақтың атына заты сай емес. Үш қана мемлекет бірік­кен шағын одақты «Еуразиялық» деп дабырайтып айтуға келіңкіремейді, Еуразияда қаншама мемлекеттер бар. Басқасын айтпағанда, Қытай, Үндістан, Жапония, Түркия сияқты ірі мемлекеттер. Менің ойымша, Қазақстан үшін өзінің геосаяси жағдайы мен транзиттік әлеуетін ұлт­тық мүддеге сай пайдалана отырып, еркін сауда мен ашық қарым-қатынасқа негізделетін жан-жақты экономикалық даму анағұрлым тиімді болар еді. Кезінде, Қазақстанда «Еуропаға жол» сияқты мемлекеттік бағдарламалар болды, бізге сондай кешенді, кең ауқымды іс-қимыл керек. Әлде, біздің «Европаға жолымыз» Ресей мен Белоруссиядан әрі аспағаны ма? Тағы бір назар аударатын мәселе, болашақта құрылады деп отырған Еуразиялық Одақтың атына заты сай еместігі. Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) жөні басқа, оған толыққанды мүше болуға ұмтылуымыз керек. «Дарияның түбінен құдық қазба» деген халық даналығын ескерген жөн. Әлемдік ауқымдағы сауда-экономикалық ұйым тұр­ғанда, Қазақстан қандай да бір аймақтық одаққа кіріп, кіріптар бол­май-ақ, тәуелсіз ел ретінде ДСҰ мүше болып, Еуразия кеңістігі мен Орталық Азия­дағы экономикалық хаб пен экспорт-импорт шлюзінің рөлін атқаруға, көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыта отырып, ұтымды транзиттік дәліз бен ірі қаржылық орталыққа айналуға тырысқаны жөн.

451 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз