• Ұлттану
  • 09 Сәуір, 2014

АЛАШТЫҢ АМАНДОСОВЫ

Омирхан АбдимановӨмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ,
филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і  
журналистика факультетінің 
деканы

Қазақ журналистикасының ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуына ерекше еңбек сіңірген ғалымдар шоғырының бірегей көшбасшысы – Тауман Салықбайұлы Амандосов екендігі даусыз дүние. Бұл күнде ананы да, мынаны да данышпан қылып көрсету, істемегенін істеді деп өтірік айту сәнге де, әдетке де айналып бара жатқаны жалған емес. «Құрыққа сырық жалғап» жүрген бүгінгі ғалымсымақтарды «мэтр» деп марқайтып қоятын жата беріс әдіс те пайда болды. Істеген нәрсесі анықтамалықтан аспай жатса да, ол өзінің алдындағының бәрін ұмытып, журналистиканың тарихын да, теориясын да, тәжірибесін де өзі жасағандай болып жүреді.


Кейінгі жылдары бұл саладан қол үзіңкіреп кеткеніммен, жоғары оқу бітіргеннен кейінгі өмірдің біраз уақыты журналистикамен тығыз байланысты болды. Газет, телевизия жұмысына араластық, бес жылдан астам әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде тележурналистикадан дәріс оқыдық, сол тұстарда республикалық басылымдарда телеөнерге қатысты мақалаларымыз жарияланды. Сондықтан да, журналистикаға қатысты ілімнің жай-күйін бір кісідей білем десем, артық айтқандық емес. Сол өзім қызмет еткен жылдар деңгейінен де, бүгінгі күн биігінен де қараған тұста менің көзім анық жеткен жайт, қазақ журналистика ілімін қалыптастыру мен дамытуда Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Марат Барманқұлов сынды тұлғалардай еңбек сіңірген адам жоқ. Оның бірі қазақ журналистикасын теориялық тұрғыдан жетілдіріп, ұлтық журналистиканың ғылыми тінінің беріктігін қамтамасыз етсе, екіншісі қазақ журналистикасының тарихын жасауға өлшеусіз еңбек сіңірді, ал, үшіншісі ХХ ғасырдың төл өнері, қазақ қана емес, әлемге таңсық  журналистиканың жаңа да жас саласы тележурналистиканы теориялық жақтан тұжырымдап, тәжірибелік тұрғыдан әдістемелеп, оқулық та, оқу құралын да жазып, тың дүниені жас журналистердің жатсынбай үйреніп, жылдам қабылдауына толық жағдай жасады. 
Осынау еңбек десе ерінбес шын ғалымдар бір жазғанын қайта қайталамаушы еді-ау... Бүгінгілер бір шығарған кітабының атын он айналдырып өзгертіп, қайта-қайта бастырып, ана атаққа да, мына атаққа да ұсынып, желімдей жабысып айырылмай, тамыр-таныстарының арқасында «бармақ басты-көз қыстымен» бірінен кейін бірін алып жатыр емес пе? «Ар азған, ұят тозған» заманда оның еш сөкеттігі  болмай тұр. Жоғарыда аталған үштікте ондай ардан аттаған қасиет жоқ еді. Мен осы үш азаматпен де тиісті дәрежеде жақсы араластым. Бірі – пікірлес, ақылдас аға, екіншісі – тағылымды тәлімгер, үшіншісі – қызмет бабында тікелей басшым болған тұлғалар. Солардың ішінде менің алғашқы танысқан және ертерек білген адамым Тауман Салықбайұлы Амандосов еді.
Мен Алматыға оқу іздеп келгенде, Қаз МУ-дің филология факультетіне түскен болатынмын. Журналистика факультетінің студенттерімен жақсы қарым-қатынаста болдық. Бір байқағаным, олар біздің Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев, Сейділда Ордалиев, Рымғали Нұрғалиев,  Алма Қыраубаева, т.б ұстаздарымызды өте жақсы білетін де, біз олардың ұстаздарымен таныс емес едік. Оның себебі, біздің ұстаздар оларға әдебиет теориясы, әдебиет тарихынан дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізетін, ал, журналистикадағы оқытушылардың біздерге еш қатысы болмайтын. Оларды анда-санда жиын-мәжілістерде көріп қалғанымызбен, көбін жыға тани бермейтінбіз. Ұмытпасам, екінші курста ғой деймін, қоғамдық-саяси дайындық (орысшасы ОПП) деген қосымша мамандық беретін факультативті сабақ оқитын болдық. Әркім бір қосымша мамандық таңдап,  сол бойынша белгілі маманның дәрісін тыңдап, білімін кеңейтеді екен. Мен журналистиканы таңдадым. Бізге сабақ жүргізуге журфактан Тауман Амандосов бекіпті. Әрине, ондай қосымша мамандық сабағы негізгі оқудан тыс уақытта өтетіні белгілі. Белгіленген күні дәрісханаға Тауман Салықбайұлы келгенде, бәріміз таңдана қарап қалдық. Көркіне көз тойғандай өте әдемі кісі екен. Бозалаң тарта бастаған шашы, кішкенелеу келгенімен, жалт-жұлт етіп тұратын өткір жанары, ұшы жіңішкелеу келген қыр мұрыны, әдемі біткен сүйір иек бәрі-бәрі бірін-бірі толықтырып, мәрмәрдан қашап жасағандай бет-жүзі өзіне ерекше көрік береді екен. Сылтып басатын аяғы жағындағы оң қолына ұстаған сәнді таяғы да өзіне жарасып тұр. Шәкірт деген ұстазға сыншы ғой, Тауман ағай бізге ә, дегенде-ақ, ұнады. Қытымыр қатал да, жайма көңіл жұмсақ та емес, әр әрекеті, әр ісі, әр сөзі орнықты, не нәрсені сөз қылса да біліп айтатын біліктілігі көзге ұрып тұратын зиялы да зияткер жан екен. Бүкіл болмыс-бітімі тәртіптің де, тәлімнің де кісісі екенін танытқандай.
Алғашқы сабақтан-ақ, біздерді бірден өз мамандығының қыр-сырына қанықтырып, қызықтыра жөнелді. Ұлдарға жылыұшырай қарағанымен, қыздарға жылы қабақ таныта қойған жоқ. Қыздардан журналист шықпайды дегенді сол кісіден естідік. Өз мамандықтарыңа икемделе беріңдер, журналист болу сендердің қолдарыңнан келмейді деген сыңай танытты. Сол себеп болды ма, «жаза аламыз» деп жүрген қыздарымыздың біразы ертесіне алған бағыттарынан тайқып, басқа мамандыққа кетіп қалды. Таукең оған қуанбаса, өкіне қойған жоқ. Бұл сабақтың бір ерекшелігі қатып қалған қасаң тәртіппен емес, кең көлемдегі пікір алысу, яғни, ұстаз бен шәкірт арасындағы шынайы қарым-қатынасқа құрылатындығында болып шықты. Ептеп тіл бар, оқыған-тоқыған бар, ұстаз көңілінен шығар сұрақ бар, кейде ұнап қалар жауап бар, не керек, сол бір семестрдің төңірегінде Тауман ұстаздың назарына ілігіп қалдық. Ұстаз бен шәкірт арасында сырт көзге байқала бермес бір жылылық орнады. Сонымен әлгі екі аптада бір болатын факультативті сабақ та өте шықты. Біз үшінші курсқа көштік. Тауман ағаймен кездесе қалсақ, сәлем бергенімізде (ол кезде қазіргідей қолды ала жүгіру жоқ) назар аударып, бас изеп өтетіндей «таныс» болып қалдық. Содан бастап, журналистиканың ұстаздарынан М. Әуезов бірлестігінің «Сатираға» арналған кешінде бас баяндамашы болған декан Темірбек Қожакеев пен Тауман Амандосовты танитын болдық. Міне, менің қазақтың үлкен азаматы Тауман Салықбайұлы Амандосовпен таныстығым осылай басталған-ды. 
Үшінші курсты бітірген жылы мен МГУ-дің журналистика факультетіне ауысып кеттім. Сөйтіп, журфак түгілі өзіміздің филфактың оқытушыларымен де ара-қатынас үзіліп қалды. Алайда, менің Тауман Салықбайұлымен нағыз таныстығым сол Мәскеуде басталды. Оның себепкері журналистика факультетінің деканы Ясен Николаевич Засурский болатын. Қанша дегенмен, Мәскеудің аты Мәскеу ғой, ондағы оқу жүйесі ол кезде бізден басқашалау еді. Факультеттің өзі жеке бір ғимаратты түгел алып жатыр. Баспасөз, телерадио, халықаралық, баспа және әдеби редакциялау бөлімдерінен тұратын, бір курстың өзінде 300-350-дей адам білім алатын факультетте сан-алуан шетелдік студенттерді айтпағанда, орыс тілінде, Одақтас Республикалар тілінде, шет тілінде жазатын «кеңестік» жастар журналистиканың қыр-сырын меңгеретін. Жалпы, дәрістік сабақтарды  бірге тыңдап, лабораториялық және іс-тәжірибелік сабақтарды мамандыққа сай бөлек оқимыз. Кейде топтардың бөлшектелгені соншалық, бес-алты баладан аспай қалады. Арнаулы курстарды таңдаған пән, таңдаған профессорыңнан оқисың, «анаған бар, мынаған бар» деп еркіңнен тыс жіберіп жатқан ешкім жоқ. Екі-үш суденті бар оқытушы азырқанбай, он бес-жиырма студенті барлар көпсінбей, оқыта береді. Мақсат сапалы білім беруде деп біледі. Факультет деканы Ясен Николаевич Засурскийді  мүлде көрмейсің десе болады. Анда-санда жасыл «Жигулиден» түсіп, не мініп жатқанда сыртынан көзіміз шалып қалады. Жарықтық өзі бір қызық кісі еді. МГУ-де оқыған үш жылда ол кісі үстіне киіп жүрген қоңырқай сұр костюм, қара шалбар, қара туфлиін бір ауыстырған емес. Қайда жүрмесін, қай жиында болмасын көйлегі мен галстугін ауыстырса, ауыстырар, сол киіммен жүретін. Тек ғылыммен айналысатын, ұстаздық қызметіне берілген қарапайым кісі еді. Өзі Мәскеуде мектепті 14 жасында экстерн бітіріп, одан соң Мәскеу педагогикалық институтының ағылшын тілі факультетіне түскен. Оны аяқтасымен, «Иностранная литература» журналына редакторлық қызметке алынып, содан МГУ-дің журналистика факультетінің шетел әдебиеті мен журналистикасының тарихы кафедрасына 1953 жылы келген екен. Декандық қызметті 1965 жылдан бастапты. Содан 2007 жылға дейін аттай 42 жыл декан болды. 2007 жылдан журналистика факультетінің президенті. Өз ісіне әбден берілген, әрі істің көзін табатын жан болмаса, осынша ұзақ жыл басшылықта болар ма еді? Және бір орында бастық болып тапжылмай қырық жылдан астам тұру кез-келгеннің қолынан келе бере ме?
Біз оқып жүргенде ол кісі факультетке қатысты жалпы мәселелермен ғана айналысып, студентке қатысты барлық мәселені төрт орынбасары әрқайсысы өз саласы бойынша шешіп жататын. Факультеттің өзіндік жеке оқу бөлімі бар, кез келген  мәселе сол бөлімдегі инспектор қыздардан да аспайды. Сондықтан, сен керек емес Засурский саған керек болсын ба?.. «Аш бәледен қаш бәле», «Сен тимесең, мен тимен бадыраң көз» деп, ол кісіден алыстау жүретінбіз. Әйткенмен де, бір жайтпен ол кісінің қабылдауына сұрануға  тура келіп қалды.
Сонымен, бір күні ойға алғанды іске асырмақ болып, Засурскийдің қабылдауына бардым. Дәл қазір есімде жоқ, аптаның бір күні түстен кейін қабылдау уақыты болатын. Қабылдау бөлмесіне кірсем, сонда Тауман Салықбайұлы отыр. Көзіме оттай басылды. Бірден бұрынғы ауыз жыбырлатып сәлемдескенді қойып, жүгіріп барып қол беріп сәлемдестім. Шырамытып, қасынан орын ұсынды. Қайдан жүргенімді сұрады. Осында ауысып келгенімді айтып едім, «Ә, дұрыс болған екен мамандығың басқа болғанымен, жалпы Мәскеу білімнің кені ғой, көп нәрсе үйренесің», – деп қоштап қойды. Сөйткенше ішкі жақтан Засурский шықты. Ол кісі қабылдауында отырған кісілермен сол күтіп отырған кіреберісте амандасып, келген мәселесінің жайын сұрап, жауабын бірден беріп, шешетін істі сол жерде реттеп тастайды екен. Таукеңе келгенде, «Сіз отыра беріңіз. Сізбен артынан жеке сөйлесеміз» – деді. Маған келгенде, мен «Сізде жеке айтатын шаруам бар еді» – дедім. «Онда күте тұрыңыз» –деп, ары қарай басқаларды сұрастыра бастады. Отырғандардың 95 пайызының шаруасын шешіп, сонан соң маған бұрылып, «Сіз жүріңіз» деп, мені кабинетіне ертіп алып кетті. Мен өз жағдайымды айтқаннан кейін, бірден Чебировқа қоңырау шалып, өтінішін айтып, келісімін алып, шаруамды  тез арада шешіп берді. Ертесіне Чебировтың атына өтініш жазып барып, қонақүйден орын алатын болдым (бірақ бұл мәселе шешемнің жағдайына байланысты шешімін таппай қалды). Мұндай қуанбаспын, кабинетінен қалай шыққанымды білмеймін. Ясен Николаевич менімен ере шығып, Таукеңді өзі қолтығынан ұстап, кабинетіне қарай алып кетті. Таукең маған сен күте тұр дегендей, иек қақты. Қабылдау бөлмесінде хатшы қыз бен менен басқа жан адам қалған жоқ. Олар өте ұзақ отырды, хатшы қыз кофе апарып берді. Одан сұрап едім, әлі шыға қоймайды дегенді айтты. Мен сол жердегі газет-журналдарды қарап, Таукеңді күтіп отыра бердім. Бір сағаттан аса уақыттан кейін іштен Таукең шықты. Жүзі нұрланып тұр екен, шаруасы дұрыс бағытта шешілген-ау деймін, көңілді. «Жүр, бала», – деп соңынан ертті.  Екінші қабаттан түсіп, сыртқа шықсақ, қараңғы түсіп қалыпты. «Бала мен Қазақстанның постпредствосында жатыр едім, жақын жерде тамақтанатын тәуір орын бар ма?» – деді. «Мына жерде Азия, Африка институтының жақсы асханасы бар еді, жабылып қалған шығар» – дедім. Таукең менің шалалығыма мырс еткендей болды да, жымиып: «Мен саған тәуірі дедім ғой, ресторан, кафе деген болмаушы ма еді», – деді. Журфактың корпусы Қызыл алаңның қасы ғой, жақындау біреуін атап едім, «баста онда» деп, солай қарай бет алдық. Екі сағаттай отырып, әңгіме-дүкен құрдық. Әрине, әңгімені өрбітуші де, сұрақ қоюшы да Тауман аға. Менікі ол кісінің сұрағына жауап қайтару, айтқан әңгімесін тыңдау ғана. Таукең менің жайымды көп сұрады. Өз жайынан да біраз мәлімет берді. Мәскеуде докторлығының мәселесімен жүр екен.        Я.Н. Засурскийге сол жағдаймен жолыққан болып шықты. Келер жылы Тауман Салықбайұлы Ясен Николаевичтің жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының тарихы, өркендеуі және өзекті проблемалары» тақырыптағы докторлық диссертациясын  қорғады. 
Тауман аға маған адамды ел-жұртқа қарай бөлмейтін, жанға жатырқамай қарайтын азамат болып көрінді. Өйткені, жөн сұраса келгенде, ол кісі  екеуіміздің еліміз де, жеріміз де келмейтін болып шықты. Соған қарамастан Тауман аға көп ақыл айтып, ақ жарыла сыр шертті. Әлде алыста оқып жүрген қарапайым қазақ баласы болған соң ба, сондай бір жақын тартып сөйлесті. Таукең адаммен ара қатынасын шыли жақындатпай да, алшақтатпай да ұстайды екен. Рестораннан шыққан соң, такси ұстап өз ақшасына қонақүйіне жеткізіп салдым. Осындай үлкен ұстаз-ғалым, айтулы азаматпен азғана болса да бірге отырып, сұбхаттасқаныма, қысқа уақыттың өзінде-ақ адамдық қасиеттерін байқағаныма көңілім өсіп, қатты қуанып қайттым. Жатақханама келген соң да, ол кісіні қайта-қайта есіме алып, сол жылы Мәскеуде үйленген келіншегіме әбден мақтадым. Себебі Мәскеуде жүргенде елден келген қазақтың талай марқасқасын көрдік. Олар әртүрлі еді. Біреулері бейне бір сен соған қарыздардай, «рахметі» жоқ жұмсауға жаны құмар-тын. Біреулері «Болмаған Белинский, толмаған Толстой» болып, кегжиіп, кісімсініп жүретін. Ондайға «атамнан әрман» деп, біз де жолай қоймайтынбыз. Әрине, қазақтың жақсы азаматтары да болды. Оларға ағалап, өзіміздің де жанымыз қалмайтын. Соның бірі ғана емес, бірегейі Тауман Салықбайұлы Амандосов еді.  Бұл менің ол кісіні екінші көруім болатын. Адамдық қасиеттері мен азаматтық тұлғасы көңілден өшпестей жатталып қалды. 
Мәскеудің де оқуын тауыстық. Елге келдік. Жезқазған кеттік. Алматыға оралдық. Жұмыс іздедік. Табыла қоймады. Содан не керек, Камал Смаилов ағама (Телерадио комитетінің төрағасының телевидение жөніндегі орынбасары) жол тауып, сол кісінің жолдамасымен Қазақ теледидарының Сұлтан Оразалин басқаратын әдеби-драмалық хабарлар редакциясына орналасып, қызметке енді-енді кірісе бастаған тұста, журналистика факультеті ассистенттік орынға конкурс жариялап жатыр деп, Рахманқұл Бердібаев ұстазым факультет деканы Темірбек Қожакеевке ертіп барды. Сөйтіп Рахманқұл аға сынды ұстаздықтан басқа еш жақындығы жоқ көкемнің көмегімен конкурсқа құжат  тапсырдым. 
Бұрын мені танымақ түгілі, кім екенімнен хабары жоқ Темкең Рахаңның арқасында зорға илікті. Ол кезде ҚазМУ-де аса жақын болмаса да, жүз таныс және екі адам бар еді. Бірі – Мәскеуде оқып жүргенде ұстазымыз Жәнібек Жайықұлы Бектұров таныстырған Рымғали Нұрғалиев, екіншісі –сол Мәскеу таныстырған Тауман Амандосов. Бұл кісілерге аса жақын танымайтын болған соң бармадым. Көп нәрсенің жайын біле бермейміз ғой, сөйтсем, конкурсты Тауман Салықбайұлы басқаратын «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» кафедрасы жариялапты. Мен тапсырған құжатқа конкурсқа жіберілсін деп бірнеше адам қол қояды екен. Соның бірі Амандосов болып шықты. Темекеңе ол кісіні танитынымды айтып  едім, ежірейе қарап, кіржие қалды. «Танысаң, бар қол қойғызып ал, неғып тұрсың?», – деп, жекігендей болды. «Мұнысы несі екен», дедім де, қойдым. Бұл қыркүйек айының ортасы, студенттер ауыл шаруашылығы жұмыстарында жүрген, әлі сабақ бастала қоймаған кез. Тауман Салықбайұлының лаборанты ол кісінің жұмысқа дүйсенбіде шығатынын айтты.
Дүйсенбі күні Тауман ағаның алдына бардым. Мені көргенде, «Оу», – деп орнынан көтеріле сәлемімді алды. Амандық-саулықтан соң, қайдан жүргенімді сұрады. Мен бар жайды баяндадым. Сәл ойланып қалды да, «жарайды» деп қол қойып берді. Бірақ, көңілсіздеу, немкеттілеу қол қойғанын байқадым. КЗД (Комиссия по замещению должностей) деген бар екен. Факультеттегі соның басшысы Марат Карибаевич Барманкулов атты азамат болып шықты. Аты Мәскеуде естіліп тұратын. Бірінші көруім еді. Сондай бір аңқылдаған ақпейіл, кісіге қылдай қиянаты жоқ, жүзінен адалдық белгісі танылып, ақ ниетті, кісілікті кісі екені көрініп тұратын, адамға  жұғымды жан екен. Өзі орыс тілді, телерадио журналистика кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқаратын ол, Мәскеуден бітіргенімді құжатымнан көріп қатты қуанып қалды. «Бізге керек екенсің», – деген соң, мен де, әйтеуір бір септігі тиеме деп, Мәскеудегі оқытушылар жайлы, Засурский туралы айтып қалып едім, тіпті, елпілдеп қалды. Маған емес, әрине, Засурскийдің атын атағанға. Қағаздарыма қол қойып, кейбірін жөндеп, көмектесіп те жіберді. Мұндай да кісі баласына жамандық ойламайтын, жаны таза адамның адамгершілік қасиеттеріне қалай риза болмассың?!. Сонымен не керек КЗД-ның отырысы болды. Комиссия мүшелері іште, мен сыртта. Темкең бастап олар іштен шыққанда, Марат Карибаевич орысшалап, «Маған келіп кет», –деді. Таукең маған бірден «жүр» деп, өзіне ертіп алып кетті. «Ал, «академик» (осы сөзді ол кісі кейін мені көрген сайын айтатын болды. Алдында  ыңғайсыздау естілетін тым биік атаққа бірте-бірте құлақ үйреніп, ағаның ініні еркелетуінің бір белгісіне айналып кетті) Әбдиманов қызметке алынуға рұқсат берілді. Бұл жақсы... » – деді Таукең әр сөзін созыңқырап, – «Бірақ сені мен өз кафедрама ала алмаймын, оны жаңа комиссияға ашық айттым». Менің жаным шығып кете жаздады. «Неге, аға?!» – дедім жалма-жан. «Енді оның себептері көп, бастыларын айтайын, біріншіден, сенің баспа ісіңде тәжірибең жоқ. Бұған дейін істеген жерлерің газет пен телевидение екен, олардың жұмыстары біздерге келіңкіремейді. Екіншіден, мен қасымда «шпион» (дәл осылай айтты) ұстағым келмейді. Мына, Қожакеев екеуіміздің арамыз нашар, ол өзінің бір сенімді адамын менің кафедрамда ұстағысы келеді. Сені соған пайдалануды көздеп отыр, өйткені сен менен гөрі оған жақынсың (жерлестігімді меңзеп тұрған болуы керек, осыған дейін Қожакеевтің атын естігенім болмаса, таныстығым жоқ екенін қайдан білсін), кафедрада не болып жатқанын жеткізіп отыратын «көз-құлақ» (өз сөзі) адамның маған керегі жоқ». «Ағатай-ау оныңыз не, мен ондай адам емеспін, сөз тасып, не болыпты?», – дедім мен, арман болған қасиетті қайран ҚазМУ көзден бұл-бұл ұшып бара жатқандай болған соң. «Сөзді шығын қылма, бос сөз неге керек? Саған бәрібір қалай болғанда да, менен Қожакеев жақын, анау-мынау артық сөз айтпа, оданда мені тыңда. Сен жұмысқа алынасың, мен өзімдегі оқытушылық орынды Маратқа бердім. Осыған риза бол, ал жақсы», – деді. Мен «Рахметтен» басқа не демекпін, сыртқа шығып, Қожакеевке соқтым. «Әй, Амандосов не айтты», – деді ол өзінің жақсы лекторларға тән сәл қарлыңқы даусымен. Сөйлеу мәнерінде сәл мысқыл ма, әлде кекету ме, әйтеуір, бірдеңенің табы сезіліп тұрды. Мен әңгіменің Марат Карибаевичке қатысты жерін айттым. «Басқа ештеңе демеді ме, әйтеуір, саған жібіп қалды, өзіндегі қызмет орнын сағатымен басқа біреуге бірінші рет беруі. Мейлі Маратқа барасың, енді біраз күннен соң факультет кеңесінен өтесің, сонан соң октябрьден бастап сабаққа кірісесің, Маратқа барып, сабағыңның жайын ақылдас, ол қуанып қалды» – деп, мені жайыма жіберді. 
Замандасы Шериаздан Елеукеновтің Тауман Амандосов туралы айтқан: «Тәкең адамды қабілетіне, жұмыс істей білуіне қарай бағалайтын, оның ең бір жақсы қасиеті – ешкімді алаламайтын, жершіл емес еді. Тәкеңнен кейінгі ұрпаққа қалатын үлгі болса, міне, осы болуға тиіс», – деген сөзі – бүкпесі жоқ, шын мәніндегі шынайы берілген әділ баға. Бұны мен өзім куә болғандармен толықтыра аламын. Оның бірін Мәскеуде байқағанымды жоғарыда айттым. Екіншісін төмендегі әңгімеленетін жайттарға байланысты түйгенмін.
1987 жылы ҚазМУ-де қудалау бастал­ғаны жалпақ жұртқа аян. Жоғарыдағы басшылықтан ректор Өмірбек Жолдасбековтен бастап, бүгінгі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сынды болашағынан көп үміт күттіретін талантты жас басшылар қудалауға ұшырады. Желтоқсан әсіресе журфакқа ызғарлылау келді. Алдымен, желтоқсан оқиғасына қатысты студенттер мәселесін қараған тарихшы Жақыпбеков бастаған  құрамы кіл «Мен атайын, сен тұр» мен «шаш ал десе, бас алатын» орыс-қазақ жан алғыштарынан құралған арнайы комиссия журфактағы екі студентті, ақын Аманғазы Кәріпжанов пен тағы бір өте батыл, ұлтжандылығы керемет  қызды (мұрағатымнан қарасам аты жөні сақталмай қалыпты, кешірер) оқудан шығарып тынды. Төртінші курстың оңтүстіктік тағы үш-төрт студентін де шығармақ екен, коммунист ретінде олардың мәселелері партбюрода талқыға түсті. Ашық партия жиналысы болған соң, коммунист болмасақ та, бізде қатыстық. Ә, дегенде-ақ, Козьменконың оң қолы, партбюроның төрағасы Сова бастаған орыстар жағы екілене сөйлеп, екпіндете келіп, коммунист студенттер тағдырын оқудан шығаруға әкеп тіреп қойды. Әншейінде жер баса алмай жүретін қазақ коммунистер көздерімен жер шұқып, үндей алмай отыр. Коммунистерден жалғыз Равиль Калимуллин деген доцент (ұлты татар) студенттерді жақтап сөйледі. Калимулиннен кейін Тауман Амандосов өткір де дәлелді, дәйекті,  пікірлер айтып, студенттер тағдырына араша түсті. Сөйтіп зәрлі жиынның ызбарын қайтарды. Тәукеңе ешкім қарсы шыға алмады. Студенттер қатаң партиялық сөгіс алып, университетте қалдырылды. Шындығын айтқанда, олардың аман қалуы – Равиль мен Тауман Салықбаевичтің арқасы. Меніңше, бұл да азаматтықтың белгісі. Оңтүстік немесе Темірбек жетектеп жүргендер ғой деп, Таукең «екпінділерге» қосылып кеткенде, іс насырға шабар еді. Амандосовқа сол кезде араздықтан гөрі, шәкірт тағдыры қымбат болғандығы анық. Бас араздықты азаматтыққа жеңдірген ұстаздық жүрекке қалай риза болмайсың. 
Жазалау мұнымен тынып қалған жоқ. Енді Темкеңе қатысы бар деген оқытушылардың барлығы ақ-қарасына қарамай, жұмыстан шығарыла бастады. Біраз орын босады. Ол жағдай Таукеңнің кафедрасына да соқпай өткен жоқ. Таукең жас талапты жігіттер іздей бастады. Бірде кафедрасында жай бір бас қосып қалғанымызда, Таукең оқытушылық жұмысқа лайықты қандай талапты жастар бар екенін бізден сұрай қалды. Мен келгеніме көп болмағандықтан, әрі, көбіне, орыс топтарында сабақ беріп жүргендіктен, бірді-екілі болмаса, бітіріп кеткен жігіттерді біле бермейтінмін. Темкеңе де, Таукеңе де жақын жүретін сол кездегі жас оқытушылардың бірі Айтқазы Байдәулетов жақында ғана бітіріп кеткен талантты ақын жігіт Бауыржан Жақыповты мақтай жөнелді. Сол жігіттен артығы жоқ, жұмыстары жөнді болмай жүр, соны шақырыңыз дегендей ұсыныс жасады. Таукең Бауыржанды білетіндігін, оны тез іздеп тауып келу керектігін тапсырды. Айтқазы Таукеңнің бұл өтінішін жылдам орындап, Бауыржан Таукең кафедрасынан алдымен тәжірибеден өтіп, содан соң оқытушы болып орналасты. 
Мұнда тұрған не бар? Кім кімді жұмысқа алмай жатыр деген сұрақ тууы кәдік. Мәселенің мәні зор. Айтқазы мен Бауыржан Таукеңнің жақыны да, жерлесі де емес. Екеуі де Семей жақтың жігіттері. Ал, Таукең – батыстан. Қожакеевтей «досы» қуылып жатқан уақытта, қазақ біткенді жау көрген орыстарға дес бермей, бар билікті қолға алып, күшіне мініп тұрған Таукең өз жерлестерін неге іздемеске? Бірақ, ол кісінің «адамды қабілетіне, жұмыс істей білуіне қарай бағалайтын, ешкімді алаламайтын, жершіл емес» ар-ұжданы мұндайға жібермеді. Азаматтық бәрінен де басым тұрды. Бауыржанды талантын бағалай білгендіктен  қызметке шақырды. Көрегендігі көп ұзатпай өз жемісін берді. Сенім ақталды. Бауыржан Таукеңнің тікелей ізбасары болды. Сол кісі бекітіп беріп кеткен тақырыптан кандидаттық қорғады. Дәл Таукең айналысып жүрген тақырыптарды кеңейтіп, жаңа заман талаптары тұрғысынан келіп, академик З. Қабдоловтың кеңесшілігімен докторлығын қорғады. Сонау бір факультет деканының орынбасары болған тұстарда: «Ақындығың мықты еді, декандығың дүдамал» деп әзіл айтқан аттасы, қазақтың абзал азаматтарының бірі Бауыржан Омаровтың базынасын өз іскерлігімен жоққа шығарып, жеті жылдай журналистика факультетінің деканы болып, іскер басшы ретінде танылды. Қазір қазақ энциклопедиясының директоры.
Сол бір 87-37-ге айналған алмағайып заманда, Козьменко бастап жаңадан таққа отырғандар өздеріне ұнамайтындарды факультеттен аластаудың оқытушыларды аттестациядан өткіземіз деген сылтау-әдісін тапты. 11 адамнан тұратын комиссия құрылды, басым бөлігі – «ақылды» халықтың өкілі. Ымы-жымы бір олар өздеріне жақпайтындарды бір-екі қазақ қосылса болды, оңай құлата салады. Төрағасы Козьменко болған комиссия не оңсын. Оның нағыз плагиатшыл ғалым екені кейін белгілі болды ғой. Арты ашылған соң, Мәскеу жаққа зып берді. Кезінде оның докторлықты кімнен көшіріп алғандығы туралы марқұм Сәбетқазы Ақатаев ашық жазған жоқ па?! Құдай жарылқап, мақала қазақ басылымында жарияланып, жаны қалды. Орыс басылымында жарияланғанда, қазір өзі қызмет істеп жүрген Мәскеудегі Халықтар Достығы Университетін түсінде де көрмес еді.
«Адам-түлкі» деген рас-ау, әп-сәтте кешегі Темкеңнің адамы саналып, оң қолы болып жүргендердің көбі Козьменконың досы болып шыға келді. Жыланның да тілін табатын шіркіндерге не дерсің?! Сөйтіп, Темкеңнің атын жамылып, талайдың жолын кес-кестегендер жазадан құтылып, жазығы оңтүстіктік болған момақан еңбек торылар «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылғанның» кебін киіп, жұмыстан қуыла бастады. Доценттер Д. Ыс­қақов, М. Үмбетаев, М. Қалдыбаев мамандықтары факультетке сай келмейді деген сылтаумен, аға оқытушы Р. Сатаев, т.б. қызметке сай емес деп жұмыстан қуылды. Сол бір адам тағдырын ойыншыққа айналдырған Козьменко басқарған жазалаушы  комиссияның кезінде, Таукең адал да абзал азамат екенін тағы да танытты. Адамдарды Қожакеев үшін қудалауға емес, әр тағдырдың мәселесін адал шешуге тырысты. Ол комиссияның талқысына мен де түстім. Өзімнің есебім бойынша Қожакеевтің адамы болып есептелетіндіктен, қазақтардың салмақ-санына қатысты 7 адам жақтап, 4-еуі қарсы болып, үш дауыс басымдықпен өтуім керек еді, жақтаушымның бірі кем болып, 6 да 5-пен әупіріммен әрең өттім. Сонда көп жағдайды байқап отырған Тауман аға: «Мен  Өмірханға дауыс бердім, менен күдіктеніп жүрмесін», –деп, дауыс қағазын Марат Карибаевичке көрсетіпті. Маған қарсы дауыс берген бір қазақ сол күйінде анықталмай кетті. 
Т.Амандосовтың жүрегі жақыным деп емес, жалпы қазақ деп соғатынына сол кезде тағы бір көзім бір жеткен-ді. 
Таукеңнің ел қызығарлық қызық-қызық әдеттері де бар еді. Сол кездегі жастар алдыңғы толқын ағалардың ішінен Тауман аға мен Қайыркен Ескендірұлынан (Телерадио лабораториясының меңгерушісі болған) қарызды көп алушы едік. Ақша басқаларда да бар ғой, осы екі ағамыз әрі мол қол, әрі көңіл қалдырмайтын жомарт еді. Сыпа кісі ғой, Таукеңнің ақша ұстасын, қарыз беруін кереметтей қызықтайтынбыз. Ақшаны үнемі ұзын, жұқа блокноттың ішіне бүктемей салып жүретін. Біздерге үнемі: «Ақшаның киесі бар, ол жақсы көріп, күтіп ұстағанға ғана келеді» деп отыратын. Әлгі ұзын блокнотқа алған уағыңды, беретін уақытыңды жазып қоятын. Қайтаруды созып кетсең, сұрамайтын. Созып жүріп, қайтарған кезде, «Қайтаруға мүмкіндік болатын уақытты дәл айту керек», – деп қатаң ескерту жасайтын. Қарыз қайтарғанда, ескі, бүктелген ақшаны алмайтын. Қарызды бүктелмеген ақшамен қайтаруға тырысатынбыз. Телерадио лабораторияда инженер болып істейтін менімен түйдей құрдас Нұрлан деген жігіт болды. Жақсы жігіт еді марқұм. Сол Таукеңнен 100 сом ақша қарыз алып, айтқан уақытысында бере алмапты. Ол кезде 100 сом деген көп ақша. Сөйтіп жүргенде кенеттен қайтыс болып кетті. Соның жаназасында Таукең Нұрланда қарызы барын,  оны кешкенін, тек марқұмға қиын болмасын деп айтып тұрғанын мәлімдеді. Әрине, айтпай да қоюға болады. Тауман ағаға өзінің ар тазалығын, марқұмның иман тазалығын ойлағандық шындықты айтқызды-ау деп ойлаймын. Кейін өзі де осылай деп түсіндірді. Одан Амандосовтың азаматтық тұлғасы биіктей түспесе, кеми қойған жоқ. Қайта біздің алдымызда оның жұмбақ бейнесі біртүрлі асқақ көрінді. 
Тауман Салықбайұлы Амандосов филология, журналистика факультеттерінің қалыптасуы мен дамуына орасан зор еңбек сіңірді. Басшы ретінде оқу үдерісінің жолға қойылуына қызметтік тұрғыдан көп тер төксе, ұстаз-ғалым ретінде журналистика факультетіндегі теориялық ілімнің орнығуына аса зор еңбек сіңірді. 1946 жылдан 1991 жылға дейінгі Таукеңнің саналы ғұмыры университетпен тығыз байланысты екен. Студенттен факультет басшысына дейінгі сатылардан өтіп, бір ұжымда тапжылмай 45 жыл қызмет істепті. Соның ішінде 9 жыл филология факультетінің  деканы болса, кейіннен журналистика факультетінің жеке бөлініп шығуына зор еңбек сіңіріп, төл факультетін 6 жыл басқарыпты. 1969 жылы замана сұранысына сай жаңа телерадио кафедрасын ашып, оған өзі басшылық жасады. 1976 жылдан өмірінің соңына дейін «Журналистік шеберлік және әдеби редакциялау» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.
 Тауман Салықбайұлы – факультеттегі таза журналистикаға қатысты ғылыммен айналысқан, журналистика теориясы бойынша докторлық диссертация қорғаған тұңғыш ғалым. Өз өмірінде 100 баспа табақтан астам ғылыми еңбек жазған ұстаз 11 кітап шығарса, соның жетеуі монографиялық еңбек, үшеуі оқу құралы, біреуі оқулық екен. Солардың ішінде «Қазақ кеңес баспасөзінің жанрлары» оқулығының орны бөлек. Ең алдымен, ол – журналистика саласындағы теориялық мәселелерді арқау еткен қазақ тіліндегі тұңғыш оқулық. Бұған дейін қазақ журналистикасына арналған оқулық шыққан емес. Оқытушылар қазақ аудиториясына көбіне-көп орыс тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарын пайдаланатын-ды. Тауман Салықбайұлы осы оқулығы арқылы журналистикадағы жүйелі  теориялық білім беруді жолға салды десе де болады.
Тауман Салықбайұлы өз еңбектерінде журналистиканың теориясы мен тәжірибесін үнемі бірлікте алып қарастырып, олардың өзара байланысына баса назар аударып отырды. Ол шын мәнінде кеңестік кезеңде жетілген, дамудың жаңа өрісіне бет алған қазақ көсемсөзін жалаң теорияға ғана бағындырып қоймай, журналистикадағы бай тәжірибенің атқарар қызметін   айшықтай көрсетті. Оған көптеген дәйек-дәлелдер келтіріп, байыптаулар жасады. «Журналистік творчестволық процесс белгілі бір заңдылыққа сүйенеді. Ал осы заңдылық бірнеше баспалдақтардан тұрады. Сол заңдылықтың баспалдақтары журналистиканың атқаратын қызметі мен принциптері, теориясы мен тәжірибесінен құралады» деген Т. Амандосов ойларының астарында журналист шығармашылығының жетілуі теориямен қанаттанған тәжірибе арқылы ұшталатынын бекіткен нақты түйін жатыр. Теориялық таным мен іскерлік тәжірибені қанаттастырған шығармашылық тұлға ғана мамандықты игеруде игі жетістіктерге жетері хаһ. Осы бағытты нақты ұстанғанда ғана, қазақ публицистикасы кемелдене түсетіндігіне дана ғалым үлкен сеніммен қарады. 
Таукең еңбектерінде журналистиканың теориялық мәселелерін зерттеу менімен бітті деген ой елес бермейді. Ол өз еңбектерінде публицистиканы зерттеудің болашақ бағыттарын, оның мәселелерін зерттеуге үнемі жол сілтеп отырады. «Публицистика жанрларының жалпы даму жолдарын, дамудың жалпы заңдылығын зерттеу, сонымен қатар, жеке жанрлардың даму ерекшеліктері мен ішкі заңдылығын зерттеу – қазіргі кезең қойып отырған зор міндет. Зерттеулердің барлығы да публицистиканың жалпы даму заңдылығына негізделе жүргізілуі керек», – деген талап пен тілек кейінгі ұрпақтың еншісіндегі ұлы мақсаттарды айқындайтындығы бесенеден белгілі. Қазіргі зерттеулер осы талаптан көріне білсе, кәні. Өз заманында алғашқылардың бірі болып, журналистикалық ілім қалыптасуының негізін қалаған ғұламаның оның болашағын ойламай тұра алмайтындығының мысалы бұл. Жоғарғы айтылған пікірді бүгінгі зерттеушілер сан қабат қатпарлар астарына үңілдірер ғылыми ізденістеріне шырақ етсе, жаңашыл зерттеулеріндегі бағыт-бағдарының адастырмас нысанасы ретінде ұстанса, нұр үстіне нұр болар еді.
Таукеңнің жақын іні-шәкірті, ғалым-жазушы Абдул-Хамит Мархабаевтың мына сөздері осы тілек аясынан шығып жатқан іспетті: «Амандосовтың өзгелерден өзгешелеу болатындығы сонда, ол журфактың күн сайынғы бітпейтін де қоймайтын қат-қабат шаруасының арасынан уақыт тауып, жастар оқитын арнайы оқулықтар жазып шыққандығын айтсаңызшы! Амандосовтың кітаптары бүгінгі күні де мән-маңызын жойған жоқ, мейлі мың жерден дүниені компьютер қаптай берсін, интернетке жүгінетіндердің қатары көбейе берсін. Қысқасы, Амандосов Амандосов болып қалды. Сол кісінің жанқиярлық еңбегінің арқасында журналистиканың оқу жүйесі қалыптасты. Журналистика жапсырма мамандық емес, бүтіндей ғылыми салаға айналды. Журналистиканың жауаптылығымен қатар сапасы артты». Бұл Амандосовтың журналистика ғылымына сіңірген еңбегінің ұстаздан шәкірт озған сипаттағы дуалы ауыздан мойындалғаны деп білем мен. Менің пайымдауымша, бүгінгі журналистика ғылымында жүргендердің білімі мен білігі тұрғысынан алғанда, А. Мархабаевтың алар орны ерекше. Тілге шешен, ойға жүйрік Хамаңның аз жазса да саз жазатын қасиеті, жазғанынан кілтипан табу оңай еместігі, бір кітабының атын сан өзгертіп, «мың кітап» етіп жүргендерден жүз есе артық. 
Иә, замана сұранысына сай журналистиканы зерттеудің теориясы мен методологиясын қалыптастырған Тауман Салықбайұлы Амандосов есімі, тарихтан еш өшпек емес. Еңбектері құбылмалы тарихтың қысасты тезінен еш кедергісіз өтеріне мен кәміл сенемін. Егеменді елдің тәуелсіз сана иегеріне айналған бүгінгі-ертеңгі ұрпақ Тауман Салықбайұлы еңбектеріне әлі сан оралып, өз керегіне жаратарына сенім мол. Заман өзгереді, өзгергенді көз көреді, бірақ ғалымның өткен ғасыр асқарынан ұшырып, болашаққа жолдаған «хаты» еш жоғалмақ емес. Өлмес мұраның өміршеңдігі – келер ұрпаққа аманат. Қазақ көсемсөзінің көшбасшысы «Алаштың Амандосовы» деген атқа әбден лайық Таукеңдей тұғырлы тұлға туралы аз-кем сөзімізді осылай аяқтағанды жөн көрдік. 

346 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз