• Ұлттану
  • 30 Сәуір, 2014

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы: «ауылдық жерлердегі пошта бөлімдері жабылмайды»

Ауылдық жерлердегі пошта бөлімдері жабылмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Асхат Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Ел аузында ауылдық пошта бөлімдері жаппай жабылуы мүмкін деген күдік бар. Халықтың алаңдаушылығын түсінемін. Сондықтан ауылдарда пошта бөлімдерінің жабылмайтынын нақтылап айтқым келеді. Керісінше, бүгінде әр ауылдағы пошта бөлімінде көрсетілетін қосымша қызмет түрлерін көбейту үшін жұмыстар жасап жатырмыз», — деп атап өтті ол.

Оның айтуынша, дәл осы ауылдық жерлердегі пошта бөлімшелерін дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданған. Онда бөлімшелердегі көрсетілетін қызмет сапасын арттыру ғана емес, сонымен қатар қосымша қызметтер көрсету мәселесі де қарастырылған.

Сонымен қатар, жыл соңына дейін «Қазпошта» АҚ ауылдық жерлерде 29 жаңа халыққа қызмет көрсету орталығын ашады.

 «ХҚКО республикалық мемлекеттік мекемесімен бірлесе отырып, біз ауылдағы тұрғындардың өмірін біршама жеңілдететін ортақ жоба жүргізудеміз. Әңгіме қала халқының өмір сүру әдетіне айналған толық мемлекеттік қызмет көрсету туралы болып отыр. Мұндай 10 пункт қазірде еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 29-ын ашу жоспарлануда. Оларда жергілікті тұрғындар ауылдан шықпай-ақ барлық мемлекеттік қызметтерді ала алады», — деп атап өтті А.Бейсенбаев.

«Қазпошта» АҚ-ның стратегиялық басым мақсаттарының бірі — қазақстандықтарға күнделікті өмірінде қолайлы қызметтер ұсына білу.

271 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз