• Келелі кеңес
  • 23 Маусым, 2014

ОТАРЛАНУДЫҢ ТАҚСІРЕТІ: Алтай өңірі деректерінен (екінші мақала)

Ғани Қарасаев,
тарих ғылымдарының докторы, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы

Дүниенің бар  байлығы – сәбидің бір тамшы көз жасына татымайды
Ф. Достоевский 

  
Ресей үкіметі, жергілікті әкімшілігі тарапынан барша отарланған халықтарға, соның ішінде қазақтарға  жағымсыз тұрғыда баға беріліп,  олардың жерлерін  орыстандыру арқылы өзіндік озық шаруашылық құрудың қажеттігін насихаттау қалыптасқан жүйеге айналдырылды. Мысалы, осы мақсатта: «Қырғыздың арманы – жалқаулықпен ғана емес,  ештеңе істемеумен табиғатты тамашалау болып табылады. Әзірге далада табиғат адам үшін қызмет етіп тұрғанда ұйымдасқан тұрғыда еңбек ету арқылы өнім өндіру деген ұғымның өзі табиғаттың адамға бейімделудің тар шеңберінен шыға алмайды.

 

 
Кара,Стал

Табиғат не береді, көшпенді саусағын қимылдатпастан соны пайдаланады. Қорытындысында жоғары тұрғыдағы дөрекі және дамудан тыс  экономикалық қағида орын алады» – деп жазылды [1]. Жергілікті қазақтарға деген империялық жеккөрінішті, отарлау пиғылын ХХ ға­сыр басындағы  Нақты Статс Кеңесшісі Н.А.Крючковтың төмендегі: «Батыс Сібір мен Түркістан» жер шарындағы аса үлкен территорияны қамтиды, тіпті, кішкентай картаның немесе шағын глобустың өзінде кең ауқымдылығымен көзге түседі. Осындай үлкен көлемімен қатар аймақ өзінің бос жерлерімен таң қалдырады. Яғни, осындай үлкен территорияны қоныстандыру өте аз қарқынды жүргізілуде. Мұндай құбылыс, әсіресе, аталған жерлер арқылы өткенде бірден көзге түседі, жүздеген шақырым бойы ешқандай мекен кездеспейді. Осындай кең аймақ орыс адамдарына бос жерлерге қоныс­тануға, онда жаңа егістікті негіздеп, ауыл шаруашылығын өр­кен­детуге мүмкіндік берер еді. Алайда, жаңа өлкеде ештеңе не­гіздеуге болмайды, себебі, бұл жерлер бүкіл Азияға жайылған және отырықшы халықтардың мәдениетін талқандаған Шыңғыс­хан мен Тамерланның... жырт­қыш ұрпақтарының билігіне бе­ріл­ген болатын. Қазір біз төмендегідей таң­қаларлық жағдайда тұрмыз: бізге қоныстанушыларды орналас­тыру керек, ал, жер қыр­ғыздардікі; біздің мақта өндірісін дамытуымыз керек, кері­сінше ешқандай да бос жер жоқ. ...Қазіргі жағдайдың қалай қалыптасқандығына тоқтала кет­сек: бұл жерлерде өздерінің шаруашылық жағдайларын Та­мерлан және Шыңғысхан дәуіріндегі алғашқы қауымдық құры­лыс кезінен сақтап келе жатқан 4 миллионға жуық қырғыздар бар. Яғни, бұл жерде көшпенді өмір немесе басқа сөзбен айтқанда бос сандалу сақталып отыр.  

...Бізге көшпелі өмір салтын тоқ­тататын мезгіл жетті. Шың­ғысхан мен Тамерланның уақытынан өттік. Біз өзіміздің орыс адамдарына, орыс малшылары мен егіншілеріне жер тауып беруі­міз керек, сондықтан да, Сібірдің барлық бұратаналарын  белгілі шекараға ығыстыруға тиіспіз, сонда ғана босаған жерлерді пайдалануға болады. 

...көшпенділерді толығымен және мәңгілікке белгілі шекараларға ығыстыру және осы арқылы қоныстандыру мен өнеркәсіпті қой шаруашылық түріне тоқтау салып отырған бұл мәселені шешу қажет.  
...Көшпенді өмір салтын қолдау бүкіл Азия тыныс ала ал­май отырған қауіпті әлеуметтік құрылымды нығайту болып та­былады, бұратаналарды толығымен жерге орналастыру (қа­жет­ті, -Ғ.Қ.) жерде ауыл шаруашылығы мәдениетін дамытуға арналған жерлерді босатуға мүмкіндік береді және де қазіргі Азия да­ла­сындағы ... (болашақтағы,-Ғ.Қ.) миллиондаған ауыл­шаруа­шы­лы­ғы қожаларының қалыптасуына жағдай жасайды,» – деген сөзі  дәлел болады [2]. Яғни, арты осыншама халқымызға орны толмас апат әкелген отарлыққа түсуіміздің негізгі жауабы – Қазақ хандығы өмірге келген ХV ғасырдың соңынан ХVІІІ ғасырдың басына дейінгі кезеңде  ел экономикасының  толығымен патриархалды көшпелі мал ша­руа­шылығы болып қала беруінен екендігі белгілі. Ал, оның қоғамды артқа тартушы салдарлары төмендегідей болды:
- Ешқандай жаңашыл дамуға негіз­делмеген шаруашылықтың бұл түрі тікелей ауа райына тәуелді болып, та­биғи-климаттық  жағдайы  құбылмалы   қа­зақ даласындағы жиі қайталанып тұ­ратын жұт  әсерінен қысқы мал азығын дайындаудың мүмкіндігі жоқтығынан     малдың үнемі қырғынға ұшырауы орын алып келді; 
- Малдың  әр түрлі аурудан жаппай өлуі де қалыптасқан жағдайға айналды. Оған қарсы нақты ауқымды  шара қолдану да қамтамасыз етілмеді;
- Көшпелі мал шаруашылығы  кез-келген мемлекеттің дамуында үлкен орын алатын кең көлемдегі ел ішіндегі және халықаралық саудаға қатысуына мүмкіндік жасай алмады. Сонымен қатар, осы мерзімдегі халықаралық сауда жолдарының теңіздер мен мұхиттарға ауысуына орай бұрынғы керуен саудасы тоқтады. Осы арқылы қазақ жері ірі сауда орталықтарынан да ажырап қалды. Ал, халықаралық сауда арқылы елдер мен  халықтар арасындағы озық істерді алмасу, т.б. іске асырылатындығы белгілі. Себебі, аталған уақыттағы еліміздің  экономикасының негізі – шикізаттық бағыт­тағы мал мен оның өнімдері арзан баға­ланды, сонымен қатар оны сыртқа шығару қиынға соқты. Ал, мұның өзі ұлттық ірі саудагерлер тобының қалыптасуына жағдай жасай алмады. Осы арқылы көрші елдердің озық істерін, жетістіктерін пайда­ланудың мүмкіндігі азайды;  
- Көшпелі мал шаруашылығы  халық­тың табиғи өсіміне де кері әсер етті.  Бас­қаны  айтпағанда ана мен баланың  денсаулығын сақтау шаралары іске асырылмады, сондықтан да жаңа босанған ана, балалардың өлім көлемі  молынан орын алды.
Қазақ қоғамындағы орын алған осындай кері құбылыстар әсіресе ХVІІ ғасырдың соңы – ХVІІІ ғасырдың басында одан ары ұлғайып, күрделене түсті. 
- Халық тұрмысы нашарлап, ел ішіндегі бірлік үнемі бұзылып отырды. Аман қалған малға талас  тіпті руластар мен туыстардың арасына жік салды. Барымта болмаған дәрежеге көтерілді; 
- Экономикасы тұралаған мемлекет тұрғындарына жағдай жасай алмады, білім, ғылымның көшпелі мал шаруашылығына қажеті болма­ғандықтан оған назар аударылмады. Өндірістің жоқтығынан қала, қоныстар салынбады. Ал, бұған керісінше дамудың отырықшылық жағдайындағы бізді қоршай жатқан мемлекеттер (Ресей, Қытай, тіпті өзбек хандықтары) білім, ғылым, бәсекеге негізделген дамудың өндірістік жолына түсе бастады. Соғыс техникасынан бастап, барша даму іске асырылды. Өндірісі дами бастаған бұл мемлекеттерге арзан шикізат, жұмыс қолы,  тауарларын өткізетін қосымша аймақтардың қажеттілігі арта түсті. Міне, осылай шаруашылығы заман талабына ілесе алмай,  ішкі қайшылықтар күшейе түскен қазақ жеріне олардың назары барынша ауды. Яғни, ХVІІІ ғасырдың басынан  экономикалық дамудың патриархалдық деңгейінде қалған қазақ қоғамының одан ары дербес мемлекет болып өмір сүруі мүмкін болмады. Енді, осы айтылғандарға дәлел келтіретін болсақ:
Қазақ даласындағы тұрақты түрде орын алып келген  малдың қысқы жұттан, аурудан жаппай қырылуы туралы ХІХ ғасыр көлеміндегі батыс, орыс зерттеушілері  кеңінен жазады. «Менің қазақ даласында  болған кезімде мал табындары оның алдындағы болған індеттен  жаппай қы­рылды.  
... Даланың бай қазағының  тақыр кедейлікке, қайыршылыққа ұшырауына  1-2 апталық жұт жетіп жатыр.  Осындай жұт болған уақыттарда  тобырға айналған қазақтар аш қасқырдай  шұбырып, өлместің  күнін іздеп,  шарқ ұрады»,  – деп көрсетеді аталған бағытта ХІХ ғасырдың 30-жылдарында  Батыс Сібір, Алтай аймағында болған орыс жиһангері П.А.Чихачев [3].  Ал, Н.М.Ядринцевтің баяндауынша: “Осындай кедейлену мен  шаруашылықтың  құлдырауы аса көп малға ие  қырғыз тұрғындары арасында  да кездеседі.Бірнеше уақыттан бері  малдың қырылуы мен оның азығының болмауы  қырғыз даласында жиі орын алуда. Қатты қыс кезіндегі  қырғыз даласындағы  апатты жұт, мал қырғыны  оларды қайыршылыққа жеткізеді.  Бұл қырғынның көлемін 1876 жылғы Батыс Сібір қырғыз-көшпенділерінің  173998 бас малдарынан айырылғандарынан көруге болады, ал, Семей облысы  жергілікті  мал дәрігерінің  есебі бойынша  жыл сайын әр түрлі аурудан  200900 бас мал шығынға ұшырайды. ... Мал шығыны  көшпенділердің  толық кедейленіп, күйзелулеріне әкеліп соғады [4].
«Өлкенің келесі үлкен қасіреті, ... шаруашылықтық тұрғыдан алғанда  мұз  деп аталатын ... қыстың бас кезіндегі (қазан айындағы) қар мен жаңбырдың қатар жаууына орай қардың жоғары қабаты, тіпті, жылқы теуіп сындыра алмайтын мұзға айналып, оның арты қысқы жайылым пайдаланылмай, малдың аштықтан жаппай қырғынға ұшырайтын жұтқа ұласады» – деген айқындамадан аталған табиғат құбылысынан  сол мерзімдегі көшпелі мал шаруашылығының толықтай  дағдарысқа ұшырауын   көруге болады [5].   
Қазақстанның шығысы, Алтай өңірінің тарихын зерттеуші Г.Катанаевтың  төмендегі: «Малынан айырылып,  өз ауылымен  көше алмағандықтан (шекаралық,-Ғ.Қ.) жүйеге алғаш келген әрбір қырғыз аса кедей күйінде көрінетін. Бастапқы кезінде мұндай қырғыз кез-келген  адам­дарға көмекші, жұмысшы болып жалданады, олардың ең кедейлерінің әйелдері мен қыздары үйлерді аралап,  бір үзім нан үшін, атап айтқанда   малды күтуге,  сиыр сауу, кір жуу, бақша күту мен суару жұмыстарына жалданады. Негізінен алғанда Ертіс жүйесіндегі әрбір ауқатты ғана емес,  орта дәрежедегі  казак шаруашылық иесі бірден немесе  екіден  жүйе маңайындағы қырғыздардан  жалдамалалы ер және  әйел қырғыз қызметкерлерін ұстайды», – деген сипаттамасынан жұт салдарынан  лажсыздыққа түскен халқымыздың өткендегі ауыр жағдайын білуге болады. 
Құбылмалы да қатал табиғат жағдайы­ның салдарынан көшпенді өмірге негіз­делген шаруашылықтарының үнемі  күйреуге ұшырап, тұрғындардың тұрмыс жағдайларының барынша нашарлауының салдарынан ел бірлігінің  бұзылуы даламызда үнемі қайталанып келді. Осындай себептерден Қазақ хандығында жікке бөлінушілік орын алды. ХVІІ ғасырдың соңынан ХVІІІ ғасырдың алғашқы жылдарында Тәуке хан қоғамдағы орын алған  бытыраңқылықты  жою жолында  іргелі істер атқарды.  Тұрғындардың өзара түсіністігі мен бірлігін сақтау,  олардың  мемлекет ішіндегі  жүйелі қатынасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру жолындағы шараларды жүзеге асырды. Солардың қатарына «Жеті Жарғы» заңдар жинағын қабылдау болды. Аталған Ереженің маңызын айқындаған көптеген деректер бар. Г.Спасскийдің көрсетуінше: «...Тәуке ханның кезінде бұл ереже ешқандай да бұ­зыл­мастан барынша әділдікпен орындалды және халық арасын­да тыныштық пен сабырлылық орнады». Сонымен қатар: «...бұл халықты шеберлікпен басқарған Тәуекел, Тәуке, т.б. Әр түрлі халықтардан құралған Қырғыз-қайсақ ордасы үнемі тонаумен, өзара қақтығыспен, т.б. айналысып, қазіргі жауларына  мықты қарсылық көрсете алма­ды, сондықтан да қуатты көршілерінің ықпалына және билігіне түсіп отырды. Қырғыз-қайсақтар арасындағы бейбітшілік пен тыныштықты қалпына келтірген сұлтан Тәуке еді, алайда ол қайтыс болғаннан кейін Ордада тағы да бүлік басталып, оны көршілері, соның ішінде жоңғарлар пайдаланды», – деген мазмұндағы  жазбалар  осыған дәлел болып,  Тәукенің билік еткен мерзімінен кейінгі  қазақ қоғамындағы  орын алған дағдарыстар негізіндегі мемлекеттің ыдырауына әкелген  жағдайдан хабардар етеді.
Қазақ хандығындағы көрсетілген уақыт­тағы тоқырау жағдайлары көршілеріне тиімді болып, олардың бар назары қазақ даласына ауды. Осылардың ішінде Жоңғар мемлекетінің билеушілері қолайлы сәтті бос жібергісі келмеді. Жоңғарлар тарихын зерттеуші  В.Кузнецовтың жазуынша: «Оның (Галдан Цереннің, - Ғ. Қ.) қолбасшылық және дипломатиялық шеберлігі нәтижесінде (ХVІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы, -Ғ.Қ.) Жоңғар хандығының беделі  жоғары болып  қала берді».        
«...осы уақытқа қалмақтардың үнемі өсе түскен шапқыншылықтарына орай қырғыздардың солтүстік-батысқа қа­рай (лажсыздан,-Ғ.Қ.) жаңа қоныс аударуы орын алды», – деген ХІХ-ХХ ғасыр басындағы орыс деректері тура атал­ған мерзімде бір орталыққа біріккен  жоңғарлардың  жікке бөлінген қазақтардың дағдарысқа ұшырауын өз пайдаларына шеше білулеріне дәлел болады. Яғни, Тәукенің билігінің соңғы  кезінде-ақ  жоңғарлардың қазақ жеріне назары барынша ауып, оның соңы қарулы  шабуылдармен жалғастырылып отырды. Тарихи мағлұматтарда баяндалатынындай: «Үлкен Орда жоңғарларға бағынды, ал, Орта және Кіші Ор­да­ны олар (жоңғарлар) шапқыншылыққа ұшыратып, Ұлы Петр кезінде қырғыз ханы Тәуке (Ресейге,-Ғ.Қ.) бағынуға шешім қа­былдады, алайда бұл ұзаққа созылып кетті. Тәуке қайтыс бол­ған­нан кейін Кіші және Орта Ордаларда өзара бақталастық басталды. Өздері үшін қолайлы сәтті пайдаланған  тағы да басқа көршілер тұтастығы бұзылған  қазақ даласынан өз үлестерін алып қалудың әрекеттерін бастады.   
Жоғарыдағы сараланғандардың ішінде осы уақытта  Еуразия аумағында қуатты  экономикалық - әскери  мемлекетке айналған  Ресей патшалығы  өзінің негізгі мақсатына жетуге ұмтыла отыра, қытайлықтардың назарына ілігіп, жоңғарлар мен Орта Азия хандықтарының  шапқыншылықтарына ұшырай бастаған қазақ жерін  өзіне толығымен қосуға кірісті. Нәтижесінде: «Қазақ халқы келесі, бесінші империяның – Ресейдің құшағына тап болды. Бұл жолы тағы да  ішкі алауыздықтан, бірліктің жоқтығынан, қазақ жерінің ұсақ хандықтарға  бөлініп кеткендігінен барлық талпыныс жеңіліске ұшырады». Міне, осылай,  жұртымыздың  ресейлік, одан ары кеңестік отарлыққа түсуі ХХ ғасырдың соңына дейін созылды. Ресей империясының қазақ халқын ұлт ретінде жойып, жерін толығымен иеленуге арналған саясаты Кеңестік жүйе кезінде оны қырғынға ұшырату, тегін, тілін,  мәдениеті мен сенімін толығымен жою арқылы одан ары жалғастырылды. Өлкені толығымен орыстық етуді іске асыру   бүркемеленген лениндік ұлт саясаты арқылы   жүргізіліп, әр түрлі сылтаулармен қазақ жеріне ХХ ғасырдың басынан орналастырылғандардың негізін:
- Коммунистік жүйені орнатуға ар­налған төңкеріс, азамат соғысындағы ақ­тарға қарсы қорғанысты іске асыру, Қы­зыл Армияны негіздеу, алғашқы коммуналар құру мақсатында жіберілгендер;
- Азамат соғысынан кейінгі  1920-1930 жылдардағы екпінді құрылыстарды, индустрияландыруды,  ұжымдастыруды, мәдени революцияны іске асыруды сылтауратып жіберілгендер;
- Ұлы Отан соғысы қарсаңы мен  кезіндегі КСРО-ның  батыс және шығыс ай­мақтарынан  сенімсіз деген анықтама беріліп, күшпен қоныс аударылғандар;   
- 1930-1940 жылдардағы сталиндік жеке басқа табыну мен айыптау кезіндегі жазалауға ұшырап Қазақстандағы жаппай ашылған ГУЛАГ түрмелерінде болғандардың қайтпай қалғандары мен олардың ұрпақтары; 
- Ұлы Отан соғысы кезіндегі  КСРО-ның жау басып алған және алуға қауіп­ті аймақтарынан көп мөлшерде жібе­рілгендер;  
- Соғыстан кейінгі алғашқы жыл­дардағы Қазақстанның әскери соғыс  алаңдарына айналдырылуы, әскери  зауыттар салуға  байланысты жіберілген  адамдардың үлкен тобы;
- 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді  игеру мақсатындағы  жіберілген миллиондаған  қазақ еместер;
- 1960-1970 жылдардағы  космосты игеру, екпінді бесжылдықтарды орындау мақсатындағы молынан  келгендер  құрады. Нәтижесінде  ХХ ғасырдың 60-жылдарының ортасына «...қазақтар Қазақстандағы ең көп ұлт дәрежесінен айырылды. Құбылыс Қазақстанға жерлерін жау басып алғандар мен  күшпен қоныс аударылушылардың  үлкен тобы, Ұлы Отан соғысы жылдарында, одан кейінгі  жүздеген мың тың игерушілер келген 50-60 жылдарда одан ары жалғаса түсті.  Қорытындысында  50 жылдардың соңында  (ХХ ғасырдың,-Ғ.Қ.) қазақ этносы  Қазақстан халықтары  құрамының үштен бірінен де аз болды. 
1979 жылғы санақ бойынша  барлық бұрынғы  одақтас  республикалардағы  орыс және орыс тілді тұрғындардың құрамы өзінің ең жоғары  көрсеткішіне жетті. Санақ қорытындысы бойынша төмендегідей құбылыс қалыптасты: Өзбекстандағы өзбек еместердің саны  – 31,3%,  Қазақстандағы қазақ еместердікі – 64,0%, Грузияда грузин еместер – 32,2%, Қырғызстандағы қырғыз еместер – 52,1%, Тәжікстандағы тәжік еместердің саны – 41,2% болды. Осының барлығы Ресей империя­сы мен тоталитарлы одақтың ... жүйелі түрде жүргізген қоныстандыру саясатының заңды көрсеткіші болды. Нәтижесінде, ... радикалды және озық ойлы ғалым-интеллигенция өкілдері өздерінің көз­қарастарын ресми баспасөзде ашық айтпағандарымен негізгі халқы артық­шылық көрсете алмаған Қазақ және Қырғыз республикаларының орны мен атауларын өзгерту туралы пікірлер пайда бола бастады». Бұған қосымша, Н. Хрущевтың Қытайдың жетекшісі  Мао-Цзе Дунмен  кездесуінде  тыңға көп мөлшерде Қытай жұмысшыларын тарту туралы мәселе қаралды».
Қазақ жерін кеңестік отарлау саясатының мәні мен мақсатын  төмендегі:»Халық композиторы Еркеғали Рахмадиевтың еске түсіруі бойынша: «ХХ ғасырдың 50 жылдарында Қазақстандағы тың өлкесіне келген Н.С.Хрущевтың «Ресей патшасының екі ғасыр орындай  алмағандығын мен екі жылда ғана жүзеге асырдым», – деген сөзі толығынан паш етеді. Жағдайдың осылай қалыптасуын  күткен  Кеңестік билік  қазақтардың бабаларынан бері қалыптасқан төл мекендерін  ешкімнен де сұрамастан  бөлуді бастады. Қазақ жерін бөлшектеп, оның аймақтарын РКФСР, Орта Азия одақтас республикаларына беру туралы Мәскеудің әрекетінің мақсатын Д.Қонаев барынша ашып көрсетіп, «Тағыда бір келіспеушілік туралы айтқым келеді. Біздің бір кез­десуімізде Хрущев Маңғышлақ жарты аралын Түркіменияға берудің қажет екендігін мәлімдеді.  Өзінің ұсынысын ол  түркімендер Маңғышлақтың байлығын тез игереді. Түркімендерде  шөл, жартылай шөл аймақтарда жұмыс істеуге бай тәжірибе қалыптасқан және олардың мықты   геологиялық-зерттеу  ұйымдары бар-мыс. Мен бірден қарсы шықтым», – деп жазды. Алысты көздейтін кеңестік ұлы державалық  озбырлығының көлемін Хамит Ерғалиевтың: «Хрущев тың өлкесіне  келген  сапарларының бірінде үлкен жиыннан кейінгі дастархан басында отырып, қызара бөртіп алды да: «Димаш, – депті, – мына Юсупов айтып жүрген  әңгіме менің  миыма қонып тұр. Тегінде, соны алдағы алпыс бесінші жылы заңдастыратын шығармыз».
Димекең ол әңгімеден хабарсыз екенін айтса керек. «Ендеше,  хабардар  болыңыз», – депті де  «бас-аяғы  далиып жатқан  Қазақстанды  республика орталығынан  басқару қияметтен де қиын» екеніне сендірмек болыпты. Сонда не істеу керектігін, тақсырыңыз, былайша таратып айтыпты: Солтүстіктегі астықты бес облыс  Ресей Федерациясына беріледі, осының ал­дында ғана құрылған Талдықорған облысын түгелдей, Жамбыл облысының  шығыс жақ бөлігін  өзіне қосып алған Алматы облысы –Қазақ республикасының құрамындағы  ұйғыр автономиясына айналады. Алматы қаласы соның орталығы  болатын себепті, Қазақстан астанасы Қарағандыға көшіріледі. «Зілзаладан көз ашқысыз» өзбек жерінде  астана болуға қолайлы жер жоқтығы себепті Шымкент соған берілсе, облыс түгелімен көршіге көше­ді. Мұнай кәсіпшілігін  бір жерге шоғырландырмақ үшін, Маңғыстау түбегі Түркіменге беріледі» – деген еске алулары толығымен айқындайды. Алайда, Д.А.Қонаевтың оған батыл жауабы Хрущевтың бұл талабын орындатпады. 
Халқымыз  1917-1991 жылдың соңына дейінгі мерзімде кеңестік жүйе  тарапынан қияли коммунистік ілімді орнықтыру  мақсатындағы сынақтарды ұйымдастыру жолында   үнемі қуғындау мен қырғынға ұшыратылып келді.  Атап айтқанда олар:
а) Қазан  төңкерісі мен азамат соғысы жылдарында құрбан болғандар;
ә) Азамат соғысы аяқталғаннан кейінгі жиырмасыншы  жылдардың басы мерзіміндегі аштықтың құрбаны болғандар;
б)  1920 жылдың соңы-30 жылдардың басындағы  голощекиндік Кіші қазан төңкерісі салдарынан   аса мол көлемде қуғындалып, қырылғандар;
в) ХХ ғасырдың 20 жылдарынан бас­тау алып, 30 жылдардың соңына дейін созылған сталиндік жеке басқа табыну мен асыра сілтеудің  құрбандары;
г)  Кеңес Одағы мен Германия ара­сындағы өзара бәсекеден пайда болған Ұлы Отан соғысы кезіндегі май­данда қаза тапқандар, тұтқынға түскендер  мен тылдағы  ауру, аштықтан жапа шегіп, шығынға ұшырағандар;
д) 1940 жылдардың соңынан  бастал­ған күйзеліс пен ашаршылыққа ұшыра­ғандар;
ж) Арал теңізінің құрғауы, осының негізіндегі  экологиялық ауыр жағдайдан ауруға шалдығып, жапа шеккендер,  т.б.
Осылармен қатар Кеңестік империя кезінде орталықтың ашық шовинистік мүддесіне орай  қазақ жерінің бет-бейнесі барынша өзгертілді. Жеріміз әлемдегі болып көрмеген экологиялық апат аймағына айналдырылды. Мысалы: 
- жер, су, байырғы елді-мекендер атаулары өзгертіліп, барлығы орыстық, кеңестік  сипат алды; 
- еліміздің барша аймағы атом, т.б. жойқын қаруларын жаңа түрлерін сынау орындарына  айналдырылды. Арнайы  әскери, сонымен қатар ядролық қару жабдықтарын шығаруға арналған  жабық қалалар пайда болды;
- жердің астыңғы, үстіңгі табиғи бай­лықтары  жыртқыштықпен пайдаланылды.Шикізатты  өндіріп, орталыққа тасу мақсатындағы алып зауыттар, комбинаттар салынды. Олардың адам өміріне қауіпсіздігі ешқан­дай да ескерілмеді. 
- Қазақстанның орталық, солтүстік аудандарындағы далалы, жартылай шөлді аймақтарды  егін өсіруге қолайсыздығына қарамай  жаппай жырту орын алып, оның кері әсері осы жерлерде бірден біліне бастады; 
- Амудария және Сырдария өзендерінің Арал теңізіне құятын жолын бөгеу ар­қылы теңіз аймағының табиғаты бір­ден өзгеріп, жергілікті халықтың кәсібі­нен айырылып, ауруға шалдығуы, тұрғын­дардың лажсыздан молынан басқа жаққа көшулері орын алды;
- Қазақстан территориясы кеңестік ғарышты  игерудің орталығы болып, кең байтақ жерлерді алатын космодромдар салынып, қызмет істеді.
Осы аталған шаралардың  барлығы қазақ халқының еркінен тыс, олардың  рұқсатынсыз іске асырылды. Қазақ же­рінде «Бөліп ал да билей бер» деген отарлаушылық саясат барынша  қолда­нылды. Халқымыздың қоғамдағы орын алған ішкі және сыртқы терең қайшылықтардың нәтижесіндегі Ресей патшалығы, одан кейінгі  Кеңес империясына  бірнеше ғасырлық бодандықта болуының  жекелеген зардаптары осындай  болды.  
Ұлттық тарихымыздың жоғарыдағы сараланған сын-сағатты кезеңі барлы­ғымызға аса үлкен сабақ болып табы­латын­дығы белгілі. Яғни: «Тарихтың тағы­лымы  біреу-ақ: ол ешқандай  тағылым бермейді дейтін тұжырымға мен үзілді-кесілді қарсымын. Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын  адамдар шынында тарихтан тағылым ала алмайды», – деген айқындама отанының, елінің, ұрпағының болашағын ойлайтын  әрқайсымызға арналғандай. 
Көрсетілген тұрғыдан алғанда ата-баба­ларымыздың қаншама уақыт  бостан­дыққа жету жолындағы құрбан­дыққа ұшырап, бүгінгі ұрпағының қолы жеткен тәуелсіздіктің басты кепілі – әлем­дік талапқа сай экономиканы құрып, дамыту екендігін  тарихымыз дәлелдеп отыр. Осы талап тұрғы­сынан қарағанда: 
- мықты экономиканың  негізіндегі  халқымыздың басқаға тәуелді болған та­рихын зерделей отыра, ұлт болашағына деген қазіргі ұрпақтың жауапкершілігін жүзеге  асыру. Аталған бағытта  санамызда «өткенге сын, келешекке намыс» талабын қалыптастырып,  «қазақ жұртының тұтастығы мен жасампаздығы менің қыз­метіме байланысты» деген ұлттық қа­ғиданы қамтамасыз ету;
- Отанымыздың қуаттылығы мен өміршеңдігі әр кезеңдерде жерімізге түрлі жағдайларда қоныс аударған ұлт өкіл­дерінің  ұрпақтарымен «қазақ халқы осы жердің тарихи иесі, бірліктің  кепілі’ деген түсінік негізіндегі шынайы достық пен силасымшылдық қатынасты іс-қимылға айналдыру бүгінгі және келесі күннің міндетіне айналуы тиіс деп есептейміз.  
Осылар арқылы мемлекетіміздің   еш­қандай да сілкінусіз, қарама-қайшылықты дағдарыссыз өркендеп, алға басуына жеті­семіз деп есептеуге болады. Яғни, Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың: «Өзара  алауыздық пен жан-жаққа тартқан  берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткен­нің тағылымынан  сабақ ала  білуге тиіспіз.  Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда.  Бұл үшін өзімізді  үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуел­сіздігімізді көздің қарашығындай  сақтай білуіміз керек», – деген сөзі барлығы­мызды үлкен жауапкершілікке міндеттейді.

409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз