• Ұлттану
  • 08 Ақпан, 2012

КЛАССИКТЕРГЕ ТӘН ӨМІР СҮРДІ

Серікқали ХАСАН,

жазушы

Уақыт неткен зымыран еді. Сол уақыт шіркінді кейде алтынға, кейде жақұтқа да балап жатады емеспіз пе? Ал, өмірде, қазақ руханиятында ғасырлардан ғасырларға дейін сарылып келе жатқан сол алтын уақытты бағалай білген, қадірін жете түсінген санаулы ғана адамдар болса, соның бірі де, бірегейі де ақын Қадыр Мырзалиев (Мырза Әлі) ағамыз еді ғой. Ол кезінде бәрін де уақытпен өлшеді. Бәлкім, ол кісі тірлігінде сағатқа қарап емес, баяғыдағы бабаларымыз құсап, таң атысымен-ақ күнге, күннің әрбір қимыл-қозғалысына, оның ажар-келбетіне, өзіне ой салған санаулы ғана сәттеріне қарап та ғұмыр кешкен шығар-ау, дейсің, кейде. Жыр жазып, қағазға шұқшиған кейінгі буын өкілдері тұрмақ, Қадыр аға өмір сүрген қоғамда әрбір қазақ баласына дейін де алтын уақытты Қадырша бағалап, Қадырша өмір сүруге қызығып, соған іштей қатты құмартты да емес пе?!. Сөйткен Қадыр ағаның күні кеше ғана бізді «аһ» ұрғызып, өмірден өткеніне де арада жылдан асып барады екен-ау. Апыр-ай дейсің, ақын ағаның біздің арамызда жүргені, жасы біразға дейін келіп қалса да, қашанғыдай өзінің шабытты, әрі жырсүйер қауымды қатты сағынып, аңсаған қалпындағыдай, еліміздің әр қиырында үздіксіз өтіп жататын әртүрлі жиындарға қатысып, халайықтың алдында өзінің небір тамаша естелік-сырларын айтып, қазақтың маңдайына біткен талайғы дара дарындар мен небір ұлы тұлғалар, әдебиет және ұлттық поэзия¬мыздың жақұт-жауһарлары хақында сыр шашып, ой толғап жүр¬гендігі мен өзімнің арнайы хабарласып, ол кісіні Алматыда өткен бір шығармашылық кешіме шақырғандығым да күні кеше ғана емес пе еді?!. Сол ақын ағам, алып ағам күні кеше өмірден өткенде, өзінің Жайығы да қатты толқып, тулапты дейді. Бұны біз Қадыр ағаны соңғы сапарға шығарып салуға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың қасына еріп, Алматыға келген оралдық зиялы ағаларымыздан естідік. Поэзияны түсінетін, поэзия алыбының әдебиеттегі орнын жоғары бағалайтын әкім ағаның өзі де сонда тебірене толқып, біраз сөз сөйледі. Алып ақынын жоқтаған облыс басшылығы мен зиялыларына Мырзалиевтің Алматыдағы мыңдаған оқырмандары да әбден-ақ разы болды. Сауап тіледі. Ақынның екінші өмірі де жарық, жарқын болатындығына өздері де сенді. Ал, Қадырын сағынатын, Қадырдың жырларын оқымаса, әрдайым оның жүрек жылуын сезінбесе, үйлерінде тыныш отыра алмайтын қалың қазақты қайтеміз? Олар еңбектеген баладан еңкейген кәрілерге дейінгі аралықты да қамтымайтын ба еді?!. Қадырды жаңаша танитын, ақынды жаңаша парақтайтын, онымен жаңаша сырласып, жаңаша ой бөлісетін кез енді ғана басталды дейміз, ендеше!..

Азабың қалған бұл жерде,

Әз әнің қалған бұл жерде.

Азабын қосып әз әнге

Қазағың қалған бұл жерде... – деп, ақын ағаның өзі жырлап кеткендей, қазағымыз аман тұрғанда, Қадырымыздың қадірі де күн өткен сайын өсіп, арта бермек емес пе?!.

Мені Алматыдағы әдеби орта Қадыр ағаның жерлесі, інісі дейді. Бірақ менің өзім де Қадыр аға¬ның – асыл ағаның жырларын сонау бала кезімнен бері-ақ басыма жастанып, жаттап өскенмен, өзін алғаш рет өткен ғасырдың сексенінші жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқып жүр¬ген кезімде, алғашқы курстардың бірінде көрген едім ғой. Старостамыз бірде «үлкен жаңалық, бізге әдебиет теориясынан атақты ақын Қадыр Мырзалиев лекция оқиды екен» деді. Біз сонда өз құлағымызға өзіміз сенбей: «Ә-ә?..» – деп, кәдімгідей-ақ аузымызды ашып қалыппыз. Қалай сенерсің. Старостаның жаңылыс айтуы да мүмкін ғой. Жоқ-ау, бұрын Алматыдағы көп ақын-жазушылар, олардың да ішіндегі атақтылары туралы ілуде бір әңгіме бола қалғанда, Қадыр ағаның бос уақыты жоқ екен, сен Жазушылар Одағындағы жиналыстарға дейін барып қатысқаныңмен, бәрібір, ол жерден ол кісіні еш көре алмайсың дегенді де еститінбіз. Соған шын-ақ сенетінбіз. Таудағы бір тыныш жерде отырып алып, жыр толғатып жатыр-ау деп те ойлайтын едік. Енді сол атақты ақын аға бізге, біздің аудиториямызға келіп, алтын уақытын қиып, лекция оқымақ екен. Рас екен, деканаттан келген апайымыздың өзі де солай деп тұр. Бірақ біз енді қашан ол кісіні көргенше, бұған еш сенбедік.

Біз ол кезде университеттің қала орталығындағы ескі бас оқу корпусында оқитынбыз. Талай ұлылардың ізі қалған, талайғы марғасқалардың түлеп ұшқан ордасы да еді ғой бұл қара шаңырақ. Біз ақынды асыға күттік. Ол бір жаққа жыр кешіне, не біздегі лекциядан да қадірлілеу бір жиындарға кетіп қалып, орнына осындағылар басқа бір лекцияны қоя ма деп те қорқатынбыз. Көңілде қобалжу да, сенімсіздік те көп, бірақ бір күні аудиториямызға жарқ етіп, мүлдем ойламаған жерден Қадыр ағаның өзі де келе қалды. Қолында газеттің ортасына салған жұқалтаңдау қағаздары бар, қарапайым ғана қалпы. Ұлылық дегеннің өзі кішілік, қарапайымдылық екендігін де сонда анық ұға бастағанбыз. Бірақ өзінің болмысында қарапайымдылықтан гөрі, тектілік басым еді.

Біз сол кезде аудиториямызға атағы жер жарған ақын ағаның өзі келгендігін де бірден-ақ сезіндік. Тыныштала қалдық.

Өзгелері тұрмақ, Қадыр ағаны өзіміздің Жайықтың түлегі деп білетін, жаныма біршама жақын тартатын менің өзім де сол сәт ол кісіге осыншама таңырқай қараппын.

Қадыр аға өзінің жырларында қандай сұлу, сымбатты болса, өмірде де сондай көрікті, келбетті адам екен. Артық бір сөзі жоқ. Аудиториямен амандасып, өзін сәл қысқаша таныстырып өткеннен кейін, бірден сабағына кірісті. Әдебиет теориясы сабағын өзіміз де көптен аңсай күтіп жүргенбіз. Сол сабақтан көп нәрсе алғымыз, көп нәрсені байыбына дейін жетіп, түсінгіміз, білгіміз-ақ келетін. Бір жақсы есімде қалғаны, Мырзалиевтің лекциясында қаламыңды жылтыңдатып, конспекті жазу, не беталды сұрақ қою деген де болмайды екен. Тек оны аузыңды ашып, тыңдай бересің, тыңдай бересің.

Ұстазымыз Қадыр Ғинаятұлы сонда бізге әдебиет теориясы туралы уағыз айтып, көп уақыт та алып жатпады. Бірден әдебиеттің теориясы, жанрларының құпияларына қарай кірісіп кетті. Шолу ретіндегі қысқаша әңгіме алдымен ауыз әдебиетінен басталды. Бәрі де түсінікті, әрі өте қарапайым-ақ. Кезек енді новеллаға да келген еді.

Біз оқыс елең еттік. Кезінде Чехов пен Майлинді оқып, қаншама жерден сүйсінсек те, осы бір новелла деген құдіреттің бойындағы жүрекке жылылық ұялататын құпиясына еш түсінбей-ақ қойған едік. Қанша оқысақ та, әңгіме мен новелланың аражігін ажырата алмайтынбыз. Екеуі бір нәрсе секілді. «Жоқ, ол олай емес», – дегенді де ешкім тап басып айта алмайтын. Ал, біздің ұстазымыз жанрды талдамас бұрын, аудиторияға қарап: «Новеллист-жазушы О. Генрийді білесіңдер ме?» – деді. Көбіміз ол кезде американдық атақты жазушының есімін тап басып, танымасақ та, шет жағалатып, білетін¬дігімізді де аңғартқандай болдық. «Ғабит Мүсіре¬пов аға бір әңгімесін аударған Генрий емес пе?» – деп жатқандарымыз да жоқ емес. Егер, сол болса, қысқа жазатын, әдемі жазатын секілді дейміз. Сөйтсек, бұл О Генрий дегеніңіз дәл сол О. Генрийдің өзі екен. Ұстазымыз соның кезінде сөз зергері Ға¬бең¬нің көзі түсіп, әжептәуір көңілі ауған «Соңғы жапырақ» деген новелласын ортаға салды. «Осында қиындау бір сюжет те, көп оқиға да жоқ, бірақ үлкен драма бар», – деді. Осыны айтқанда, ұстазымыз біразға дейін үнсіз қалды. Осы бір үнсіздік, әлгінде ғана ол кісінің аузынан «новелланың өнбойында бір драма бар» дегендігінің өзі де бізге қаралай көп сырды ұқтырып кеткендей болды. Біз ынтыға тыңдадық. Ұстаздың логикасы мен новелланың логикасы қоса-қабат өріліп отырғандай. Ұстаз енді әлгі новелланың өнбойынан қан жүгіртіп отырған драманың науқас бойжеткеннің төсек тартып жатып, өмір үшін арпалысқандығы екендігін; сөйтіп жатып, терезеден оның көзіне түскен күзгі жапырақтардың да шығармаға бір үлкен деталь болып қаланғандығын; содан былай, науқастың жан ауруы емес, әлгі терек басындағы қаудырап, тәулік сайын жерге түсіп жатқан сарғайған жапырақтарды санап, соның ең соңғысы жерге қалқып түскен кезде, менің өзімнің де демім үзілетін шығар деген ең соңғы бір үмітін тілге тиек етті. Новелланың өзін оқысақ та, тап бүйтіп таңғалмас па едік, қайдан?!. Көзімізді бір қылп еткізе алар емеспіз. «Бірақ, – деді сонда ұстазымыз өзінің оң қолының сұқ саусағын сәл жоғары қарай көтеріп, – аталмыш новелладағы драма, осындағы лирикалық сарын дәл осы тұстан басталады. Бұндағы басты мәселе мынада еді; жаңағы науқастың ең соңғы үміті ағаш басынан үзіліп түспек ең соңғы жапырақ екендігі, сондықтан, оның әлгіні үзіліп түспесе екен деп тілеп жатқандығын дәл сол сәтінде қарсыдағы үйде тұратын, осы кезге дейін өзінің талантымен талайларды таң қалдырса да, ұлылығын әліге дейін ешкімге мойындата алмай жүрген қарт қылқалам шебері естіп, бұған дейін ешбір дәрігер шипасын тигізе алмаған науқасты ажал аузынан бір өзі-ақ арашалап алып қалуға бар жанын салады». Қалай дейсіз ғой? Ол да қарапайым. Қарт қылқалам шебері дәл сол күнгі түнде қара жауынның астында жүріп, әлгі манағы кеш түсе-ақ қара жердің үстіне біржолата үзіліп түскен соңғы жапырақтың орнына қылқаламның құдірет-күшімен бастапқы өз табиғи қалпынан еш айнымайтын басқа бір жапырақтың суретін салып шығады... Ертеңгілік науқас ұйқыдан көзін ашса, әлгі соңғы жапырақ әлі де жерге түсе қоймапты... Ертесіне тағы да сол жағдай... Жоқ, бұл соңғы жапырақ әлі де үзіліп түсер емес!.. Науқастың езуіне енді сәл күлкі шуағы үйіріледі... Ал, нуқасқа өмір сыйлаған ұлы қылқалам шеберінің өзі түнімен дүлей жауынның астында сурет салып шығып, таң ата әбден жаурап, өмірден өтсе де, оның атағы енді бүкіл дүние жүзіне тарайды!.. Сондағы лекцияның әсерлі болғандығы, біздің ақын-ұстазға деген құрметіміздің тіптен де арта түскендігі соншалық, біз ол кісімен тәмам қоштасарда бүтіндей аудитория толы студенттер орнымыздан дүр көтеріліп, бірқатарымыз Қадыр ағаны Фурманов көшесі жағындағы аялдамаға дейін де шығарысып салдық. Біз, әрине, сол кезде Алматыдағы атақты жалғыз универсиетте оқып жүргеннен кейін, бұл киелі қара шаңырақта бұрын «Ұлы Әуезовтың лекциясы», «Академик Қабдоловтың лекциясы» дегендей небір атақты лекциялардың болғандығы туралы да көп естіген едік, бірақ ұлы Зекең басқаратын кафедрадан келіп, лекция оқыған Қадыр ағаның лекцияларынан кейін, біздің санамызда «Атақты Мырза¬лиев¬тің лекциясы» деген ұғым да берік қалыптаса бастады. Бірақ сол жылғы қыста Қадыр ағаның зачеті мен емтиханы болатын кезде, мен Оралдан пойызбен екі күн жарым уақыт бойына жол жүріп, кешігіп келдім де, ақын ағаның қолынан төрт пен бес алғандардың қатарынан қалып қойған едім. Деканаттағылар: «Ол кісі атақты ақын, әрі бізге өзі бағынышты емес, Жазушылар Одағынан келіп істеп жүр. Өзің хабарласып, емтиханды қай кезде алатындығын өзің білмесең болмайды», - деп қарап тұр. Мен үшін ең қиыны осы болды. Содан бір күні ағаның үйіне телефон шалып, жағдайымды айтып едім, ол кісі еш сөзге келместен: «Әй, балақай-ай, Жазушылар Одағын білесің бе, өзің? Сонда кел, екінші қабат, пәленінші бөлме?» - деді. Ол кезде ілуде бір атақты жазушылармен кездесу кеші өткенде ғана болмаса, Жазушылар Одағына көп бара бермейтінбіз. Айтылған уақытында зачет пен емтиханға даярланып, Жазушылар Одағына келдім. Ол кісінің Одақта кеңесші болып істейтіндігін білетінмін. Қасында тағы өзі сынды атақты жазушылар болса, теориядан сынақ алудың көкесін көрсететін шығар-ау деп, қаралай жүрексіне де бастадым. Бірақ мен келсем, кабинеті жабық, Қадыр аға Одақтың төрағасына кіріп кетіпті. «Қадыр аға менің келетіндігімді ұмытқан ғой», – деймін. Жоқ, сөйтсем, ол кісі мені ұмытпапты. Сәлден соң, басшының кабинетінен шығып, есігінің алдында тұрған мені көріп: «Бала, келдің бе?» - деді. Есікті ашып, мені ішке өзімен бірге алып кірді. Өзімше ойлап қоямын, енді ұстазым тартпасынан билеттерді шығарып, емтихан ала бастайтын шығар деп. Жоқ, Қадыр аға маған барлай қарап: «Емтиханнан қалайша кешігіп қалып жүрсің? Қайдан келдің?» – дейді. «Оралдан», – деймін. «Орал қалай? Күн суық па?» – «Қар қалың, бірақ суық емес», – деймін. «Қайда жұмыс істейсің?» – «Облыстық газетте», – деймін. «Ол газетте кезінде Қасым, Хамаң істегендігін білесің бе?» – дейді. Қасымы атақты майдангер ақын Аманжолов та, Хамаңы атақты ақын Хамит Ерғалиев ағамыз ғой. Ие, білмей ше? Редакциямыздың мұражайында олардың суреттері ілініп, өздері туралы біраз мәліметтер де жазулы тұратын. Соғып жатырмын. Сөйтіп отырып, ағаның «Билеттері қайда? Емтиханды қалай тапсырамын? Әлде тағы кейінгі уақыттардың біріне ысырғалы отыр ма?» – деп те ойлап қоямын. Жоқ, сәлден соң, ұстазым салмақты қалпына көшіп: «Қажым Жұмалиевтің теориясын оқыдың ба? Зекеңнің теориясын оқыдың ба?» – деді. Қуанып кеттім. Өйткені, бұл екі атақты әдебиет теориясын университетке түспей жатып та, тауып алып, қызығып, ежіктеп, талдап тұрып оқыған едім. «Ендеше, зачеткаңды әкел», – деді де, ішіне әдемілеп бес қойып, «зачет» дегенін қоса жазып берді. Жазушылар Одағының қара шаңырағының ішінде қойылған осы «бес» маған жұғысты болды. Бертінде Жазушылар Одағындағы «Жұлдыз» журналына жұмысқа шақырылдым. Арада бірер жылдай үзілісі болмаса, осы Одақтың үйінде он бес жылдай жұмыс істеп, сол жылдардағы көзі тірі классиктердің көбі¬нің қолын алып, амандасып, ақыл-кеңестерін де тыңдаппын. Бірақ мен алғаш Қадыр ағаның алдына студент-шәкірт қана болып келген соң, бертінде өзім Алматыдағы бірқатар әдеби басылымдарда жұмыс істеп, танымал қаламгерлермен қарым-қатынас жасап жүрген кезімнің өзінде де, ол кісінің алдына бейсеует көп бара алмайтын едім. Екінші рет Қадыр ағаны сонау 90-шы жылдардың басында Түркияға барып келген бір топ ел зиялыларымен бірге «Жұлдыз» журналының редакциясына келіп, «Дөңгелек стол» мәжілісіне қатысқан кезінде көрдім. Қадыр аға сонда түріктің ұлы ақыны Назым Хикмет туралы өте келістіріп-ақ айтты. Оны кезін¬де кеңесшіл болды деп даттаған да, түркішіл болды дап, мақтаған да жоқ, кешегі кеңестік дәуірде түрік ағайындардың оған қандай көзқараста болғандығы мен бүгінгі күнде оның шығармашылық тұлғасына деген көзқарастың түбірімен өзгергендігін, оны осы сапарында өзінің көзбен көріп, құлағымен естіп келгендігін үлкен толғаныспен сөз етті. Осындайда еске түседі, Қадыр ағаны былайғы жұрт тек көбінесе жырлары, теледидарда тетелес кете жатқан әріптестері мен талантты шәкірттері хақында сөз сөйлеп жатқан кездері арқылы ғана біледі. Қадекең сонда өте көңілді, әзілқой, езуін күлкіден еш айыра алмайтын, сені де дәл сондай қалпыңда ұстайтын адам секілді болып көрінетін. Жоқ, сөйтсек, ақын ағамыз нәзік жанды, әрі көңілшек те адам екен. Мен соған таң қалдым. Сонау 90 жылдардың басында Қадыр ағаның 60 жасқа толуына байланысты, Алматыдағы Орталық концерт залында ақын жырларына арналған әндердің концерті болды. Ондайға көп елең ете бермейтін мен Қадыр ағаның кеші деген соң, әріптестеріммен бірге соған арнайы бардым. Алдыңғы орындардың бірінде отыр едік. Төрдегі Қадыр ақынды тым жақын жерден-ақ көріп отырмыз. Кешке талайғы атақты әнші, композиторлар да қатысты. Кеш қызықты, думанды, жұртты риза ететіндей де болып өтті. Бірақ соңынан ақын ағаның өзіне сөз кезегі берілгенде, жаңа ғана әзіл-қалжыңын айтып, бүтіндей залды думанға бөлеп отырған классик ақынымыз (классик деген атақты да оған осыдан аз ғана уақыт бұрын, Қадыр ағаның университеттегі шығармашылық кешін өткізіп отырып, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов ағамыз беріп еді) тебірене толқып сөйлеп: «Өмір деген – концерт. Менің концертімнің бірінші актісі осымен бітті», – деп, көзіне ыстық жас алды. Бүтіндей зал қатты толқып кетті. Қадыр ақынмен енді қашан кездесер екенбіз деп қимай қоштастық. Арада біраз жылдар өткен соң, ақын ағаның Жайықтағы Жымпитыда тұратын анасы дүниеден озып, соған «Жұлдыздың» ұжымы болып көңіл айтып, кіріп шығатын болдық. Қадыр аға ол кезде қаладағы Абай даңғылы мен Гагарин көшесінің қиылысындағы Баспалар үйіндегі бір баспада қызмет атқарады екен. Біз баспаға келсек, аға өзінің жұмысын аяқтап, үйіне кетіп қалыпты. Бас редактор Мұхтар аға Мағауин бастап, Тұрысбек Сәукетаев, мен және баспадан ақын Еслям Зікібаев аға қосылып, бәріміз ағаның үйіне бардық. Қадыр аға үйінде екен. Көңілсіздеу. Өңі де жүдеулеу. Төрде жазушы Бек Тоғысбаев ағамыз отыр екен. Салтанат жеңгеміз төрге дастархан әзірледі. Сондағы Қадыр ағаның әңгімесі тек кеше ғана өмірден өткен анасы туралы ғана болды. Қаншама жылдардан бері Алматыға әкетемін, Алматыдағы жағдайың жаман болмайды десе де, әжеміз бұнда келмепті ғой. «Мен Жымпитыдан орын суытсам, сен ұзақ жолды ауырсынып, туған жерге келмей қоясың. Туған жермен байланысың үзілсе, сенің ақындығыңның да шаруасы бітеді. Сондықтан, мен бұл киелі атақоныстан ешқайда да кетпеймін», – депті. Оған Қадыр аға да көніпті. Араға жыл салмай, бірде оқырмандарымен кездесуге, бірде жаңа бір жыр кітабын тарату, тағы бірде облыстың ұйымдастырып жатқан әдеби-мәдени шарасына қатысамын деп, Қадыр аға араға жыл салмай, туған жерге жиі-жиі барып тұрыпты. Және де, туған жерге барып, ананың ыстық құшағына бөленіп қайтқан Қадыр аға да өзінің ару Жайығынан құр қол қайтпай, жаңа ой, тың идеялар арқаланып, кейде Алматыға дәптер-дәптер жаңа жырларымен де оралып жүріпті. Бұл жағдай туған жердегі қастерлі қара шаңырақта түтін түтетіп отыр¬ған асыл ананың өмірін көпке ұзартса, ақын Қадырдың жыр әлеміндегі үнін асқақтатып, атағын да биіктете беріпті. Біз білмейтін бір құпияның сыры сол күні осылайша ашылған еді. Сонда да Қадыр аға дастархан басында отырып: «Қара кемпір мені жалғызсыратып кетті-ау», – деп көзіне ыстық жас алды.

Бертінде мен алғаш өзімнің бір көркем әңгі¬мемді жариялап, әдеби ортаға танытқан «Жалын» журналының редакциясында жауапты хатшы болып істеген едім. Бұл талантты жазушы, бүгінгі Прези¬денттік сыйлықтың иегері, Қадыр Мырзалиев атындағы Қайырымдылық қордың президенті Мереке Құлкеновтың «Жалынға» жаңадан Бас редактор болып, бүтіндей бір әдеби басылымның жұмысын жаңаша қолға алып жатқан кезі болатын. Жұмысымыз қызу, әрі қызықты еді. Жас таланттарды табу, басылымды мазмұндық жағынан байыту және қоғамның өмірімен біте қайнасу деген мәселе де күн тәртібінде тұрды. Бізге сол тұста Алматыда тұратын көптеген атақты қаламгерлер де қол ұшын беріп, өздерінің жаңа шығармаларымен ортақ жұмысымызға бір кісідей-ақ атсалысты. Бұны жаңа құрамдағы шығармашылық ұжым шығарған басылымның алғашқы сандарынан-ақ та анық байқауға болатын. Соны көріп, Қадыр аға да үйінде тыныш отыра алмапты. Содан бір күні журналдың бір қат нәрсесі ғой деп, «Ойдым-ойдым ойлар» деген шағын эссесін жазып әкеліпті. Ұмытпасам, онда елдің қоғамдық-саяси өмірі, тәуелсіздік, рухани мәселелер хақында сөз етілді ғой деймін. Сол тұстағы бұрынғы кеңестік өңірлердегі тыншымай жатқан оқиғалар да ауызға алыныпты. Аталмыш эссе артынша-ақ журналдың бетіне жарқырап шыға келді. Бұдан кейін де бір дүниелері жарық көрді. Қадыр ағаның сондағы «Жалынға» деген бұл жанашырлығы кейін тағы бірқатар ірі қаламгерлеріміздің де жанашырлық сезімдеріне түрткі болғандығы есімде мұқият сақталып қалыпты. Бірақ, содан былай, мен өзім әдеби басылымдарда істеп, жазушылардың қалың ортасында жүрсем де, Қадыр ағаны көпке дейін көре алмаған едім. Сөйтсе, ол кісі Алматыдағы жиі өтіп жататын әртүрлі жиындарға арнайы шақырылса да, көп келе бермейді екен. Көп уақытын тек оқу мен жазуға ғана арнайтын көрінеді. Бірақ сол жүргенде, Қадыр ағаның өзі жұрт көзіне көп көрінбегенмен, баспасөз беттерінде жаңа бір туындыларымен жиі-жиі жарыққа шығатын. Елмен де жаңа жырлары арқылы жүздесіп, сәлемдесіп жататын. Ел құлағын да сөйтіп елең еткізетін. Былайынша айтқанда, көзі тірі классиктердің қатарына ерте қосылған Мырзалиев бұл кезде тек классиктерге ғана тән өмір сүретін. Өмірдің қызығын көп көруге өзі тап онша қатты құмартпаса да, сол мол қызықты, әрі осынау қызықты өмірді өзінің оқырмандарына жыр-шашу ретінде жеткізуге ғана жанын салатын. Осыдан қаншама жылдар бұрын:

Өнер шіркін – менің басты ермегім.

Сәл жаңылсам,

Өзімді-өзім тергедім.

Бұл өмірдің бұзығы көп –

Көнбедім,

Бұл өмірдің қызығы көп –

Ермедім, – дегенде де, ақын аға өзінің әу бастағы оқырмандарына берген сертінен еш айни алмайтындығын ашық айтқан еді.

Сол сертін Мырзалиев қашан өмірден өткенге дейін де бір бұза алмағандығын ел-жұрттың өзі де көрді ғой!.. Бір кітаптан соң, бір кітабы, бір поэмасынан соң, тағы бір поэмасы да шығып жатпаушы ма еді?!. Жыр-дариядан қолы сәл босап, арқасы кеңігендей болып еді, «Жазмыш» пен «Иірім» атты қос бірдей әдеби мемуарлық кітабын жазды. Бұл да өзгеше дүние болып, ақын-азаматты жаңа бір қырынан ашып, таныта түсті. Шығармашылық қырлары мен сырлары да ортаға салынды. Бірақ осы кітаптардан ақын үні, ақынның жүрек соғысы да анық байқалатын. Біртұтастық, жинақылық көркемдік ойдың да қалыбын құраған. Жаңа жыр, сыршыл сезім дегеніңіз осы секілді. Жалпы, бүгінгі күнде елімізде Мырзалиевті оқитындар көп, Мырза-лиевтің шығармаларынсыз өмір сүре алмайтындар да баршылық. Бәлкім, кітап дүкендерін аралап, сөрелердің бос тұрғандығын, не өзге бір керексіз дүниелермен тоғытылғандығын көріп, өкпе-наз білдіріп жүргендер де солар шығар?!. Ал, кезінде: «Осы Мырзалиев ешқашан ортаймайтын, ешқашан сарқылмайтын қандай дарын иесі, өзі? Бұның кереметтігі неде?» – деп, осыншама таңырқағандарды қайда қоямыз?!. Мен Мырзалиев шығармашылығының кілті демей-ақ қояйын, түу тереңге қарай кететін түп-тамыры оның алыстағы туған жері, ару Жайығында жатыр дей аламын. Мырзалиевтің өзі Ақ Жайыққа арнап, төпелетіп көп жазбағанмен, оның бай шығармашылығының өнбойындағы қызуы, жалыны, түп-тереңі, биігі мен шуағы, құнары мен сөлі, әсемдігі мен сұлулығының көп құпиясы да сол өзінің туған жерінің ыстық топырағымен де өте тығыз байланысты еді. Осыдан біраз жылдар бұрын, оның өзінің кіндік қаны тамып, бүтіндей балалық бал дәурені өткен Жыпитысының өткені хақында:

«Жігіттері жұлқынып,

Жесірлері сыңсыды.

Сырым болып сілкініп,

Сосын біраз тыншыды», – дегендігі де бар еді ғой. Сол Ақ Жайығын ол қашан да сағынатын еді. Сонау атағы аспандап жүрген сексенінші жылдары Қадыр ағаның туған жерге жиі-жиі атбасын бұрып жүргендігін сондағы облыстық газетте қызмет жасаған кезімізде біздің өзіміз де шет жағалатып көре қалдық. «Қадыр келе жатыр» деп, Орал бірнеше ай бұрын-ақ даярлана бастайтын. Оралға ақын ағаның өзінен бұрын, жаңа жырлары жететін. Ол дүниелері жергілікті газеттерде көлдей болып жарық көріп, оқырман-жерлестерінің көзәйіміне де айналып жататын. Қадырдың Жайыққа келуі өзінше тағы да бір үлкен қуаныш. Жыр-шашу, жыр-мерей, жыр-тасу ма дерсің сен оны. Ару Жайық суреткер тұлғасын алақанға салып, аялауды да білетін. Ару Жайық қайраткер ақынға деген сондай сыйы мен құрметінен күні кеше ол кісі өмірден өткен сәтіне дейін де бір танбады ғой!.. 2010 жылы облыс басшылары мен зиялылары бас болып, облыста Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырзалиевтің 75 жылдық мерейлі тойын ел-жұртының да, ақынның өзінің де көңілінен шығарлықтай-ақ етіп, бар сән-салтанатымен өткізгендігін бүтіндей еліміз де көрді ғой!.. Жайығы Қадырын қалайша ұлықтаса да, қалайша көкке шығарса да, жарасатын еді. Соны Жайығы да жақсы түсінді. Әрі Қадыр аға өзінің туған жеріндегі бұрынғы өткен мерейлі тойларының бәрінен де биік болған сол жолғы қуанышына Алматыдан бір топ талантты замандас-қаламдастарымен бірге, өзінен өнеге алып өскен ізбасар-інілері Мереке Құлкенов пен Есенғали Раушанов ағаларымызды да ертіп апарып, елге таныстырыпты. Бұны біз ұлы ақынның кейінгі толқын қаламгерлерге деген зор қамқорлығы мен құрметі деп те түсіндік.

Бірақ осы бір күндерде біз тек «Қазақтың Қадыры» атанған ақын ағаны еске алып, оның соңына қалдырған бай да, классикалық мұраларына қайтара бір ой көзімен үңіліп, оның «Бұлбұл бағына» сүйсініп, одан әрі «Ой орманына» қарай өтіп, «Дала дидарындағы» даралығына бас иіп, «Домбырасының» құлақ күйіне құлшына құлақ тосып, «Алақанының» ыстығы мен жылуын бүтіндей жандүниемізбен сезініп, жыр бесігіне тербетіліп отырып, «Қорамсағына» қол салып, «Көкпарын» көріп, елдің сан ғасырлық дәстүрін өзіміздің көз алдымызға дейін елестетіп, «Кызыл кітабының» әдебиет тарихында мәңгілік сөз етілумен болатындығын әңгіме етіп, «Мәңгі майданының» ұлт рухындағы ұлы сарын екендігін дәлелдеп, «Шырғалаңының» түпсіз терең шыңырау да, көз жеткізбес қия-белдер де емес, өмірдің, шындықтың ақиқатын іздеу тұрғысындағы ой тербелісі екендігіне дейін де көз жеткізумен болыппыз ғой. Неткен шалқар шабыт, неткен телегей-теңіз ой, неткен тегеуірінді талант еді дейсің, енді, ойға қалып. Бірақ ақын сезімнің ғана адамы деп, кім айтты, сізге? Ақын кейде тастүйін болып түйіліп, тарпаң болып тебісе де алады емес пе?!. Кешегі кеңестік дәуірде көлдеріміз бен теңіздеріміз ғана емес, қазақтың сан ғасырлық тарихы мен тарихи өткенінің қазынасы да біршама суалып, тіпті, ол күн өткен сайын, сарқылып, қайраңданып бара жатқан тұста жазушыларымыз тарихи тақырыптарға қалам тербеп, өздерінің том-том тарихи романдарын, хикаяттары мен әңгімелерін жазып жатқанда, ұлттық әдебиетіміздің үрдісіндегі бұл ұлы жорықта ақын Қадыр Мырзалиев те үнсіз қала алмай, жыр тілімен тағы да өзінің тарихи сөздерін айтты.

«Елімізге керек емес ертегі!

Ертегіні өз балам да шертеді.

Тарих керек!

Іргетасы ол халықтың,

Іргетассыз қаланбайды Ертеңі!» – деп ашына жырлады.

Қадыр ақынның қашан да қадірлі, қашан да жүрекке ыстық, халыққа бір табан жақын болған себебі, ол қашан да өз жырларында халықтың өзі, көзі, сөзі, үні, жүрегі, сезімі болып қана сөйледі. Халықтың атынан ойлана да, толғана да, сезімге от салардай отты жырларын бірінен соң, бірін толғата да білді. Ұлы ақын тек тірісінде ғана емес, өмірден өткеннен кейін де «халықтың Қадыры», ұлттық рухани үрдісіміз бен поэзиямыздың қадірі болып қалды.

Қазақ өзінің Қадырын өз кезінде түсінбеді емес, әрине, түсінудей-ақ түсінді де, уақытында оның талантын жоғары бағалап, табанын жерге тигізбей, маңдайын күнге сүйгізбей, өзінің алақанына салып, барынша аялап та бақты. Елінің, жұртының, өз туған халқының өзіне, өзінің жүректен жарып шыққан отты да, қойнауы қалың жырларына деген сый-құрметін, шексіз сүйіспеншілігі мен махаббатын өз уағында Қадыр да жақсы түсінді, ақын аға да өз туған халқының сонау жыраулар заманынан бергі келе жатқан жыр-әлемінің қадір-қасиетін, оның киесі мен өресіне деген сусаған көңіл, ғашық жүрек, еліккен жан-дүниесін әріден танып, бірде:

Бір ойласам,

Ойлайтыным сен, Елім!

Орны бөлек арманыңдай көнемін.

Бабалардың даналығы

Ұрпаққа

Бір айналып соғады-ау деп сенемін! – десе, ендігі бірде:

Сол даламыз мені де құндақтаған.

Туған жерсіз таң атып,

Күн батпаған.

Көкжиекті ысырған көздерімен

Қырдың қыран қазағы қымбат маған, – деп, жырға қосты.

Кезінде біз Қадырдың мақтауын да біршама жетістірдік. Мақтап-мақтап келіп, «Қадыр ойшыл ақын, түпсіз терең ой шұңқырларына дейін де барады, бір қызығы, Қадырдың «ой орманын» шарласаң, еш адаспайсың, қайта шексіз олжаға кенеле бересің» дедік. Бірақ сол Қадыр ақын өнерде тек шындықты ғана айтамын, халқымның өткенін әріден қазып толғаймын дегенде, тым-тым алыстарға қарай шығандап, жырсүйер қауымға ешқашан түсі¬ніксіз, не ұғым-сезімге ауырлық та жасап көр-мепті ғой. Ақын өз кезінде қандайма бір үлкен тақырыпты қозғап, қандайма бір айшықты ой айтып, қандайма бір сезім шарпылысына бөленсе де, ол әр кез өз туған халқының жан-дүниесін тербеп, ішкі рухани әлеміне қарай терең бойлай түсіп:

Мен бұл сөзді ұсақтап,

Майдаламан.

Ел-жұртымсыз – белгісіз – қайда қалам?!

Ақын болып бірдеңе жазарымда

Халық болып алдымен ойлап алам! – деп те ағынан жарылумен болыпты ғой.

Ендеше, сол туған халқың барда, сен де ұмытылмақ емессің, ақын аға!.. Рух болып оянып, жыр-бесік болып тербеле бермексің!.. Ұлының ұлылығы, жыр-мұраның мәңгілігі деген де сол шығар?!.

Біз соған сенеміз!..

461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз