• Ұлттану
  • 11 Қыркүйек, 2014

Ұлы ақын, ұлық ұстаз – Қадыр Мырзалиев

Өмірхан ӘБДИМАНҰЛЫ, 
филология ғылымының докторы, ҚазҰУ-і филология факультетінің деканы

1977 жылдың ақпанында қысқы сессиядан кейін енді-енді жиналып жатқан кезіміз. Тобымыздың старостасы Жалғас Әбнасыров жүгіріп келіп «бізге ақын Қадыр сабақ оқитын болды» деген хабар айтты. Қадыр Мырзалиевтің атағы дүрілдеп тұрған уақыт. Бәріміз сабақ кестесіне қарай тұра жүгірдік. Барсақ, әдебиетшілер тобына Қадекең «Махамбеттану» атты арнаулы курстан сабақ жүргізетін болыпты. Қатты қуанып қалдық. 


Сабақ болар күнді асыға күтіп жүрдік. Ұмытпасам бейсенбі болу керек, сағат 3-тегі сабағына Қадыр ұстаз сәл-пәл кешігіңкіреп келді. Әлі есімде ақынның дәрісханаға кірісі, ә, дегенде-ақ, өзіне тартып алғаны рас. 
Есікті ашып кіріп келгенде, күтіп отырған бәріміз орнымыздан дүр көтеріліп құрмет көрсеттік. Сәлемдесіп, бас изеп, ізеттік білдіріп, ортаға озды. Сырт киімін сондай сыпайылықпен шешіп-іліп, әр қимылын аңдып отырған біздерге қарай бұрылды. Киіктің асығындай жігіт ағасының ішкі қуат-күшін білдіріп тұрған шымырлық болмысы көзімізге жалт ете түскендей болды. Қалың да ұзын ақбоз бұйра шаштан төмен орын тепкен ашық маңдай, қиырдағыны шалатын қаршыға көз, жоталылау қырлы мұрын, бір-бірімен қиюын таба жымдаса кеткен жұқа ерін, жақ тұстан бөлектене келіп сүйірленіп кететін әдемі иек бәрі-бәрі бейне бір шебердің қолынан шыққандай әсемдене біткен. Бәкене бойлы болғанымен кеуде, аяқ тұс әдейі өлшеп бергендей, ұзын-қысқалығы сай келіп тепе-теңдік ұстап тұр. Әдетте, кішкене адамдар көз тарта бермейді ғой. Ал, Қадыр аға түр-тұл­ғасы­мен құдды бір асыл тастан қашап жасаған ескерткіш іспетті көрінді бізге. 
Бүкіл аудитория көз алмастан, дем алмас­тан десем де болады, әр қимылды, әр сәтті бақылап отырмыз. Ол кісі тақта алдына келіп, жайлап сәл алға шықты да: «Менің аты-жөнім Қа­дыр Мырзалиев. Ақын екенімді білетін шығарсыңдар. Баяғыда,  қазір баяғы боп кетті ғой, біраз уақыт сабақ бергенмін, кейін қойып кеттік. Биыл Зекең (Зейнолла Қабдолов) қайта шақырып, жалпы курстан әдебиеттануға кіріспеден, сонан-соң бір арнаулы курстан сабақ оқисың деген соң, келіп қалдық. «Әдебиеттануға кіріспе» келесі жылдан, ал Сіздерге «Махамбеттану» атты арнаулы курстан дәріс оқып, практикалық сабақ жүргіземін, – деді. 
 «Бұл алғашқы сабақ», – деді сонан-соң сөзін жалғап. – Сондықтан да, көп жағдайды анықтап алғым келгені ғой. Сіздер менен біздердің мүмкіндіктеріміз қандай екен?  Қашанда сұраныс пен қанағаттың ара қа­шы­ғын анықтап алған жөн», – деп сөзін түйіндеді. Ары қарай «Махамбеттану» арнаулы курсының «Кіріспесіне» кірісіп кетті. Осы арада Қадыр ағаның  жас кезінің өзіндегі лекторлық шеберлігі мен сабақ өткізуінің сырлары туралы елден естіген бір әңгімені еске ала кеткен орынды. 
Менің Алмахан атты Қадекеңнің Салтанатымен (жұбайын айтып отырмын) бірге оқыған құдағиым бар. Өмір бойы мектепте физика пәнінен сабақ берген білімді адам. Қазір зейнеткер, Шу қаласында тұрады. Әлі күнге дейін мектептен қол үзген жоқ. Сол кісі айтатын мына бір оқиғаны Қадекеңнің білім-білігін, қарым-қабілетін танытатын бір адам қызығарлық әдемі әңгіме деуге әбден болады. «8-9 сыныпта оқып жүргенімізде, ол кезде төртінші курс студенті Қадыр Мырзалиев бізде педагогикалық практикадан өтті, – деп бастайтын Алмахан құдағи әңгімесін. – Бір күні мұғаліміміз ашаң, жіңішкелеу келген, ортадан төмен бойлы жас жігітті класқа ертіп  келіп: «Мынау  Қадыр Мырзалиев деген ҚазМҰ-дің студенті, жас ақын. Бізге практикаға келді. Енді, әдебиет пәнін сендерге осы жігіт жүргізеді», – деп кетіп қалды. Өзі жүдеулеу, үстіндегі киімдері де жарқырып тұрмаған елеусіздеу жігітке алғашқыда еш­кім де  көңіл аудара қойған жоқ. 
Жас жігіт: «Бүгінгі сабақтың тақы­рыбы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», – деді де сабағын бастай жөнелді. Әр сөзін без­бендеп, тебірене сөйлейді екен. Бірте-бірте бәрімізді баурап алды. Бұрын бізге сабақты дәл бұлай түсін­дірген адам болған емес. Алғашқыда күбір-күбірі басым класс іші бір кезде сілтідей тынды. Жас жігіт дәрісін оқып болды да клас­тан шығып кетті. Бәріміз аузымызды ашып, отырыппыз да қалыппыз. Артта отыратын кластан-класқа қалып жүрген бір-екі ересек жігіт  бар-тын, солардың біреуі орнынан атып тұрып: «Әй, қыздар, ауыздарыңды ашып неғып отырсыңдар? Мына жігіт қандай, егер, мен қыз болсам дәл осы жігітті айналдырып алар едім» демесі бар ма?!  Бәріміз «шу етіп»,  әлгі жігітті тарпа бас салдық. Бірақ, ішімізде бір сыр кеткені анық. Салтанат та сол кезде ғашық болып қалды-ау деймін», – деп әңгімесін аяқтап еді, Алекең.
Қадекеңнің «Сөйлесе сөздің шешені, ойласа ойдың көсемі» екендігі жас кезінен білінген ғой. Әйтпесе, 20 баланың көзін бақырайтып қойып, есін алып, елітіп қоя ма?! Ал, бізге келгенде Қадекең ел мойындап, жұрт қол қойған шешен-ді. Шешен болған да, Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы «білмір шешен» еді. Оның үстіне бізге оқитын пәні ақынға, ақындыққа қатысты болған соң, ол шешілмей кім шешілсін, ол төгілмей, кім төгілсін! Әр лекциясын кібіртіктеп қалмай, бірден көсіле сөйлеп бастап кетуші еді. «Әдебиеттану төңірегінде, жалпы ақын-жазушылар туралы қаптаған кітап, қаптаған зерттеулер бар. Жас кезімде мен солардың біразын оқыдым. Бірақ, кешірерсіз, ештеңе таппадым. Бос сөз. Қайран уақыт, зая кет­кен уақыт! Сондай кітаптарды жазған «ғалымдардың» көбі доктор деген атақ алды, дәрежеге ие болды. Кейбіреулері тіптен академик болып жүр. Ал, сұраулар сұрау күйінде қала барды», – деп бастады алғашқы дәрісін, – Міне, біз бен Сіздің міндет осы арнаулы курс арқылы Махамбетке қатысты ең болмаса бір-екі сұраулы дүниеге  жауап табу».  
Әр сабағын тақырыпқа сай құрып, одан ауытқымай, тақырыптың жан-жақты ашылуына күш салатын. Махамбет жайлы көп білетіндігі соншалық, бір тақырып аясы кеңейіп, кемелінен асып төгіліп жататын. Қоңыр дауыс, күмбір үн де небір деректер мен дәйектерді санаға тоғыта еселей құйып, айтар ойды шегелей бекітіп жататын. Қаде­кең Махамбеттің бар өлеңін жатқа біледі десем, өтірік айтқандық емес. 90 минуттық бір сабақта сан өлеңнен үзінді оқып, оларды тақырып танымын ашуға шешуші дәлелдер ретінде келтіріп отыратын. Ал, енді, талай шешенді  көрдік, талай шешеннің сөзін тыңдадық. Бірақ, Қадыр аға­ның ауызекі талдауындай таным талқысын кездестірген емеспін. Махамбет тағдыр-талайы; хан Жәңгірмен қарым-қатынасы: көтерілістің мәні мен маңызы; Исатай-Махамбет достығының ұрпаққа үлгі өнегесі; оның әлемдік ұлылар достығындағы орны; ақындық өнер құдіреті; ақындықтағы дәстүр мен жаңашылдық; поэзияның көркемдік өрнегі; рухтық қуаты; жалпы көркем өнер және адам; қоғам және адам; ұлт және қайраткер; адамзаттықты айқындайтын ұғымдар.
Қадыр Мырзалиев дәрісінің маңызы мен мәйегі міне, осындай сан тарам тағлымды желілерден бастау алатын. Ол осының бәрін таратып айтқанда, ортақтастырып бір тұлғаның бойына жинақтағанда, Махамбет өлең өнерімен әлемдік әдебиеттің,  азаматтығымен адамзаттық деңгейде тұлға­ланып шыға келетін-ді. Оның бәрі поэзия атты ұлы құдіреттен қуат алып жатқанда, тыңдамасқа, құлақ қоймасқа шараң қалмайтын. Қадыр ағаның Махамбет жайлы бір ғана арнаулы курсы Махамбеттанудағы басты мектебімізге ай­нал­ғаны даусыз дүние.Өзіміз де кейін докторлығымыздың бір тарауын Махамбет поэзиясындағы азаттық идеясына арнадық. Сол тұста Қадыр аға ой-танымы бағдар шам іспетті, нұр шашып тұрғаны да талассыз шындық. 
Қадыр Мырзалиев сөйлеу сөзге ғана шешен емес, керемет туа бітті педагог та пси­холог еді. Алғашқысын университеттен бойына сіңдіріп шықса, соңғысы тумысынан творчество адамы болып жаратылған жанға тән қасиет. Сондықтан да, ол ұстазға тән осы екі керектің таразы басын теңгеріп ұстаған ұлық ұстаз болатын. Қадыр аға ақын психологиясын ғылыми негізде меңгерген адам-тын. Бірде ол: «Анна Ахматова не көрмеді! – деп бастады әңгімесін. – Оның басынан кешкенін адам баласына бермесін! Өзінің сүйегі асыл, берік материалдан жаралған ақын жалтақ, қорқақ,  аяншақ адамдарды жек көрген. Бірде оған таныстарының бірі: «Мен тісімнің өзін наркозбен алдырдым. Ауырғанына шыдамадым! – дейді. Соны естігеннен  кейін Анна Андреевна әлгіні адам қатарына қоспай  кеткен. Ал, өзі көшені кесіп өтуге қорқатын еді деп  жазады білетіндер. Ойлану керек. Мен өзім бұған сене алмаймын. Күндіз-түні бомбадан бас көтертпей жатқан кезде соғыстың өзінен қаймықпаған батыр  тұлға (ол сол кездің өзінде қаланы тастап кетуге көпке шейін келісімін бермеген. Сталин оған арнайы ұшақ та жібермек болған) көшеден өтуге қорқушы ма еді? Егер, шынымен қорықса, онда әрине, мән бар.   Халық жауларымен күрестің қызып тұрған шағында  кейбір қауіпті кісілерді машинамен қағып өту – құтылудың бір тәсілі болған. Анна Ахматова сияқты   аң­ғарымпаз ақынның оны білмеуі, ескермеуі мүмкін емес...». Таңға­ларлық байқампаздық. Ақын жан дүниесінің ішкі әлеміне бойлау осындай-ақ болар. Қадекең өзі сынды ақын мінезіндегі өзгеріс құбылысын кәнігі психологтай тап басып отырған жоқ па?! Ол – нағыз психолог. 
Ақын-ұстаз сабақ сайын студент-жас­тардың ішкі әлеміне бойлауға тырысатын. «90 минуттың 15 минуты сендердікі, 75 минуты таза менікі» дейтін үнемі. Ұстаз сабаққа дәл уақытында кіріп, 5 минут сол күнгі са­баққа қатысы бар, бірақ, Махамбеттен өзге дүниеден алынған жалпы  адам тәрбиесі, шы­ғармашылық тәрбиеге тиесілі түрлі қызықты, талас-тартысты әңгімені бастап қойып, сабақ аяқталуға 10 минут қалғанда, оны әрі қарай жалғап әкететін. Мәселен ол бірде: «Адамды ғалым қылатын мектеп те, жоғарғы оқу орындары да емес. Оқымысты болу, білімдар болу тек қана өз қолында. Ол үшін, әрине, Құдай берген қабілет, жігер-қайрат, ең бастысы – сол ілім-білімге деген құштарлық қажет», – деді шәкірттерін үлкен әңгімеге жетелеп.  Мұның ар жағында үлкен тәлімдік дүние жатыр ғой.
«Белгілі бір халықтық қазына есеп­телетін тіл емес, белгілі бір региондық саналатын дін емес, ғылым – бүкіл ха­лық­тарға, бүкіл ұлт атаулыға ортақ, интер­националды дәулет. Міне, осы ортақ та ұлы дәулет өткен екі   мың­жылдық та,   әсіресе, оның екінші жартысында, дәлірек айтсақ, соңғы жиырмасыншы ғасырда қарыштап дамып, ғарышқа қадам басты. Бұл тенденция, әзірше, бұдан әрі жалғаса бермек. Тенденция дегенде мен нақтылы ғарыштық бағытты айтып отырмын.
Басқа жағында біраз күдік бар. Өйткені, дүниежүзінің ірі-ірі оқымыстылары жаңа ғана аттаған жиырма бірінші ғасырдан аса үлкен жаңалық күтпейді. Оның үс­тіне, сөздің тура мағынасындағы Үлкен Ғылымға апаратын бірден-бір жол – жалпыхалықтық білім. Ал, енді, соның жағдайы мақтанарлық емес». Бұл да өткен ойды жалғастырған келесі сабақтың бастамасындағы толғаныс.
Қадыр ағаның практикалық сабағы тіп­тен керемет өтетін. Ол қашанда студентке өзін-өзі жан-жақты ашуға, ал ұстазға ізденіске бейімі білімгерді тани білуге ашу­ға бағытталған бейінділік сабағы болып шығатын. Дәріс сабағында қолына титтей қағаз ұстамайтын ұстаз, жауап берушінің жазып келгеніне жалтақтауын емес, керісінше, өз бетінше сөйлеуін қатты қадағалайтын. Тақырып бойынша баяндама жасағанда да, сол талаптан танбайтын. Шәкірттерінің өзін сөйлетуге, тақырыбын игере алуға тәрбиелейтін. Шығарманың туу үдерісіне бойлауға, шығармашылық тұлға лабораториясын ашуға шақыратын. Ал, өзі әдебиеттегі «ғажап дүниенің»  жаралуындағы сан түрлі құбылыстар сыр-сипатына кереметтей сұңғылалықпен енетін, сөйтіп шығар­ма­шы­лықтың сан қатпарын нақпа-нақ ай­қындайтын. Ол кісінің мына бір әңгімесі осының куәсіндей: «Соғыстың алдында Абдолла Жұмағалиев деген қазақ ақыны болған. Сол болашағы өте үлкен дарын иесі соғыс кезінде ерлікпен опат болған. Соның мінезі де тура Лермонтовтың мінезіндей... Тұрған өрт болса керек. Қасым Аманжоловты сұмдық жақсы көрген. Пір тұтқан. Қасым жоқ жерде біреу-міреу ол туралы қолайсыздау сөз айтса, атып тұрып: «Жаңағы сөзіңізді тағы бір қайталаңызшы!» – дейді екен. Қайталаса, қып-қызыл төбелес шығарады екен. Қасым да оны керемет жақсы көрген. «Абдолла» сияқты поэма тек сондай махаббаттан ғана туады деп білем. Ғажап дүние!»
Біздің ұстаздық-шәкірттік бірлігіміз сол практикалық сабақтардан басталады. Аға қойған  сұрақтарға тиянақты жауап беріп, талқылауларда шама жеткенше дұрыс-бұрысына қарамай өзіндік ойлар айтып, ұстаз назарына іліктік. «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі Махамбет бейнесі» деген баяндамамызды да ұстаз жылы қабылдады. Семестр ортасына қарай Қадыр ағамен университет дәлізінде, ертерек келіп қалса, күтіп алып, университет алдындағы «Бақбақ» гүл тәріздес субұрқақ алдында емін-еркін әңгімелесіп қалатын дәрежеге де жеттік. Бірде ол сол субұрқаққа қарап тұрып: «Жалпы су тіршіліктің нәрі ғой. Су мен бақты Әбунасыр әл-Фараби өте жақсы көрген. Мүмкін оны ақын еткен есте қалған мөлдір су мен жасыл бақ, туған жердің елесі шығар. Махмуд Аббас өз еңбегінде әл-Фарабидің өлеңді арабша да, парсыша да жазғанын айрықша атап өтеді. Туған жерінен өте жастай кетіп, мәдениет жағынан әбден арабтанған данышпан туысымызға  жат өлкеде жүріп өлең шығарудың қажеті де жоқ еді, әрине. Ал, оның арабша, парсыша жазған жауһар жырларының бұл заманға түгел жетпеуі тіптен мүмкін емес. Сірә, ол өз өлеңдерін басқа есім, бас­қа ныспымен шығарған болуы керек. Әде­биет тарихында мұндай құбылыс жиі ұшырайды... Жо-оқ, Әбу Нәсір әл-Фараби мықты ғалым болғанмен, шабытты  ақын болмаған ғой, сондықтан да, оның өлеңдері халық жүрегінде сақталмаған дейін десек, тоғызыншы ғасырдың аяғы мен оныншы ғасырдың бас кезінде  өмір сүр­ген Әбу-ль-фарадж әл-Исфаһанидің «Күй кітабында» ақынымызға берілген мынандай бір ғажап баға бар. «Поэзия – дөңгеленген алтын түйе, оның басы – Әбунәсір Мұхаммедке, өркеші – Әбу Нувасқа, иығы Омар ибн Әби Рабиаға, кеудесі – Әбу Тәммәмға тиеді, қал­ғаны ішек-қарын – оны екеуміз бөлісіп отырмыз». Бұл сөз арабтың атақты ақыны Әбу Фирастың аузынан шыққан» , – деп қалды. Мұн­дай ойлар шәкіртті ізденіске итермелемей тұра ма?!
Сол тұстарда Қадыр Мырзалиевтың екі томдық «Домбыра» жинағы шықты. Өзіміз той басқарып жүргендіктен, той-тамашаның сәніне сұранып тұрған, алдында жеке кітапша болып шыққан кітаптың кем дегенде тең жартысын жаттап алғандықтан, ол оқиғаны қуана қабылдадық. Қадекеңнің кей-кейде жігіт-қыздарға өлең оқытатыны бар еді. Мен өзінің де, өзгенің де өлеңін мәнерлеп оқып бергеніме разы болып, «бұл да өнер» деп көтермелеп қоятын. 
«Домбыраның» екі томдығы  шыққан соң «жирен жырау» деп аталып кеткен (Зейнолла Қабдолов қойған) Рахмет деген ұйымдастырғыш жігітпен ақылдасып, ҚазМУ-де М. Әуезов бірлестігі арқылы кездесу ұйымдастыру жағын ойластырдық. Алдымен «генеральная репетиция» жасап, филология факультетінің №8 жатақханасында кездесу өткіздік.  Жоспарланған күні ағаны Панфилов пен Киров көшесінің қиылысындағы  корпустың алдында өзім күтіп алдым. Сол күтіп тұрған кішкентай ғана уақыттың ішінде Қадекең маған өмірлік тәлім боларлық екі нәрсені үйретіп кетті.
Келісілген уақытта мен ағаны «Бақбақ» субұрқақ жаққа қарап күтіп тұрғанмын. Ол ту сыртымнан келіп түртіп қалып, сасып қалған маған: «Адам – адамның үнемі күтпеген жағынан келеді, қарағым» , – деді күлімсіреп. Түсінген адамға осында үлкен мән бар-ау. Екеуміз сәл шүйіркелесіп, бағытты айқындап, енді жүргелі тұрғанымызда, Зейнолла Қабдолов корпустан шығып, үй жағына қарай бет алды. Бір-екі рет шығарып салғаным бар, үй жағын білетін едім. Біз сырттау жерде тұр едік, байқай қойған жоқ. Сол сәтте кіші ұстаз «Сен тұра тұр», –деп  үлкен ұстазға қарай жылдамдата жүріп кетті. Мен орнымда тұрып қалдым. Сәлемдесіп, сәл тіл қатысып, қайтып келген соң маған: «Ағамыз академияға член-корлыққа ұсынылып жатыр ғой, естіп пе едің? Үлкен кісілер кінәмшіл келеді. Байқамады деп тұра берсек, ұят болады. Осындай құрметті атаққа ұсынылып жатқан азаматқа, алғаш көрген сәтте  «Ақ жол» тілеген жөн. Көмегіміз болмаса да, ақ тілекке қуанып қалады», – деді. Ішімнен не деген кішіпейілдік деп ойладым. Өзі де үлкен тұлға, сонда да інілік ізетті ұмытпайды. Байқамай өтіп кеткен адамға жүгіріп барып, ақ жол тіледі! Зекең де риза болып қалған шығар. Әдемі өнеге, мәңгілік естен кетпес тәлім. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген дана­лықтың нақты өмірлік көрінісі емес пе? Тәлімнің әліппесі ғой бұл. 
Жатақханада кеш өте тамаша өтті. Басқа факультеттегі студенттер де келді. Қадекең тек өлеңмен болмай, терең-терең ойлар айтты. Жатақхананы көріп толқып кетті ме, әйтеуір жастық дәурендегі көңілдің түкпірінен шыққан шырайлы әңгімелердің сыры ағытылды. Сол бір мәнді-маңызды кеш туралы ойларын студенттер көпке дейін айтып жүрді. Әсіресе, студсоветіміз Қанаттың екі езуі құлағына жетіп мәз болды. Біздің жатақ­ханада Қадырмен кездесу болғаны оған үлкен абырой ғой. Біраз уақыттан кейін ҚазМУ-дің сол кез­дегі ең үлкен зал­дарының бірі математика корпусындағы залда «Домбыраға» қатысты үлкен кеш өткіздік. 
Залға ел сыймай кетті (ол кездің студент­тері алтын еді ғой), небір қасқалар мен жай­саңдар қатысты. Ұстаз мерейі өскеніне біз де қатты қуандық. 
Сабақ та аяқталды, сессия да өтті. Ал­­ғашқы семинар сабақта Қадыр аға: «Жал­пы курсты (келесі оқу жылында жүргізетін) маған кафедра міндеттеді, ал, арнаулы курсты өзім таңдадым. Мұның екі себе­бі бар. Біріншісі мен қазір Махамбет шығармашылығымен шын мәнінде шығармашылық ғылыми деңгейде айналысып жүрмін. Себебі, Махамбет туралы драма жазбақ едім. Екіншісі осы сендерге сабақ бергенде өзімнен де, сендерден де бір қызық ой, қажетті деталь туып қала ма деген үміт бар. Жалпы, қандай бір көркем шығарма жазу үшін оның кілтін табу керек. Сонда шығарманы тез-ақ жазып тастауға болады. Ал, кілті табылмаған шығарма жартыкеш болып қала береді. Шығарма кілті кейде он айналып, жүз толғанып жүріп табылады. Ал, кейде оқыстан табыла кетеді. Мен Сіздерден идея күтемін», – деді. Біздер ойланып-ақ қалдық. Қадекең бізден идея күтетін болса, біздер де бірдеңеге жарап қалғанымыз-ау деген мақтаныш сезім де жоқ емес. Мен мұ­ның шын көңілден айтылғанын, болмаса әдістемелік тәсіл екенінің анық-қанығын біле алмадым. Екі ғана мәселе анық. Біз семинар сабақтарына жауапкершілікпен даярланып келетін болдық. Кейін біздің пайдамыз тиді ме, тимеді ме білмедім, Қадағаң «Жаралы жолбарыс» атты драманы ақыры жазып шықты. 
Бұл арнаулы курстан тапқан менің де екі пайдам болды. Біріншіден, «Қазіргі қазақ әдебиетіндегі Махамбет бейнесі» деп Қадыр аға белгілеген тақырып менің «Біржан-Сара» айтысының зерттелуінен» кейінгі екінші ғылыми жұмысым болды. Ол арнаулы курстың ең озық баяндамасы ретінде «Жұлдыз» журналына жариялануға ұсынылды. Бұл мен үшін үлкен табыс еді. Екіншісі мен ХХ ғасырдағы қазақ данышпандарының бірі Қадыр Мырза Әли сынды ұстаз-дос таптым. Өзім үшін бұл ұлы қуаныш. Ол кезде мен газет-журнал айналасындағы беделді жандардан ешкімді тани қоймайтын едім. Лаж жоқ Қадыр ағаға баруға тура келді. Мәскеуге ауысатынымды естігенде қуанып қалған ұстазым, көмегін қолма-қол ұсынды. «Ара» журналына Тұтқабай Иманбеков зам­редактор болып барыпты, соған менің атымнан бар, жазып береді», – деді. Рахметімізді айтып «Араға» қарай шауып жөнелдік. Таптым. Айттым. Тұтқабай ағам жаңа келгенін желеу қылып, құр қол қайтарды. 
«Жазған құлда жазық жоқ», Қадекеңе қайта келдім. Тұтқабайға сәл ренжіңкіреп алды да: «Білім және еңбектің» бас редакторы Абдулхамит Мархабаевқа бар. Ол жақсы азамат, мінездемені аласың» , – деді. Мен  ол кезде Хамаңды танымайтынмын, көрген адамым емес. Лаж жоқ, Қадағаңа сенгендіктен ғана «Білім және еңбек» редакциясына қарай бет алдым. Осы жерде еске алатын бір әдемі әңгіме бар. 1987 жылдан бастап мен Хамаңның әріптесі болып үш жылдай бірге қызмет істедім. 1990 жылдан қанаттас екі факультетте қатар еңбек етіп келеміз. Қазір қызметтегі бастығымын (журналистика факультетіндегі декандығымды айтып отырғаным ғой).  Ол кісіні бір адамдай білем десем, өтірік айтқандық емес. Аса талантты фантаст-жазушылығы өз алдына, сөзге шешен, ойға тапқыр, зілсіз әзіл-қалжыңның кені, жүрген жері ойын тамаша, өмірдің көлеңкесіне емес, күнгейіне  ұмтылып тұратын жарқын мінез азамат. Сол алғашқы кездесуімізде-ақ, ол кісінің сөз тапқыштығына таң қалғаным бар. Жаздың күні терлеп-тепшіп, жүгіріп отырып көк базардың қасындағы биік үйге жетіп, «Білім және еңбектің» қабатын тауып, қабылдау бөлмесіне түлкі қуған тазыдай елеңдей, ентіге кіріп бардым ғой. Бөлмеде мәшіңкі басып жас хатшы қыз отыр,  оның арғы жағында терезенің алдында дембелшең келген жігіт ағасы әңгіме айтып тұр екен. Мен екеуіне «Сәлеметсізді» арнап, ана кісіге көңіл бөле қоймай, әдет бойынша хатшы қызға жылы-ұшырай, ішкі кабинеттің есігі ашық болған соң оған да көз тастап, іздеген адамым көрінбеген соң: «Маған Әбдулхамит Мархабаев керек еді, ол кісі қайда», – дедім. Хатшы қыз маған бір түрлі қарап, күмілжіңкірей күлімсіреп, бірдеңе дегенше, жігіт ағасы: «Әй, ол кісі саған неге керек еді?», – деді. 
–    «Срочный» шаруам бар еді», – деп  жаман орысшамды қосып жібердім. 
–    Шаруаны бізге айтып көр, қолы­мыздан келгенше шешерміз», – деді әлгі кісі.
–    «Жоқ, мен тек сол кісіге айтамын», – деп  мен де болмадым. 
–    Әй, іздеген Мархабаевың мен, не шаруа еді соншалықты өрт алғандай асығыс: «Жүрші өзің», –  деп ішке кабинетке бастай жөнелді. Ыстық күнде маңдайдан суық тер бұрқ ете түсті. «О, Құдайдың ұрғаны-ай», іздеп келген адамымды танымай, онымен сөзге келіп. Бұл надандықты қойсаңшы, ізеттілік деген қайда? Адамның жолы болмайын десе осы да! Қайран Мәскеу, өзімнің де барғым келмеп еді. Жол болмайын десе, осы да!» деген ішкі ой жегідей жеп барады. Ит қуғандай әсіреңкіленіп келіп едім, енді «Сүтке тиген мысықтай» мықшиып, сүмеңдеп соңынан ердім. 
«Иә, не шаруа», – деді  Хамаң орнына жайғасқан соң. Маған «отыр» деген ізет білдірмеді. Сүмпиіп тұрған күйі быды­рықтатып бәрін айтып шықтым. Көңіл де жоқ, күй де жоқ. Хамаң сәл-пәл ойланып «пәмилемді» сұрады. Ұмытпаған екенмін, оны да айттым. Үнсіздік. Бір кезде «Әй, сенің бізге «бір әріпің» шыққан жоқ! Мен саған мінездемені қалай беремін?», – демесі  бар ма?!. Іремей сою деген осындай-ақ  болар. Әсіресе, «бір әріп» маңдайға балғамен періп қалғандай қатты тиді. Пернелі астар, тапқыр ой. 
Мен не деуім керек? Үнсіз тұрып қалдым. Хамаң менің жауап таба алмай қалғанымды сезді де, сәл қабағын жадыратып: «Жә, Қадыр өтінсе, орындау керек, Қадыр жібергеніне қарағанда сен жаман бала сияқты емессің», - деп терефонды терді. Телефонды алған адамды өзіне шақырды. Келген  жауапты хатшы Әлібек Асқаров екен. Мінездемені дайындау туралы тапсырма соған берілді. Мен рахметімді айтып, қоштастым. 
1987 жылы Хамаң ҚазМУ-ге жұмысқа келгенде, мені таныған жоқ. Осы әңгімені оған өзім айтып бердім. Есіне түсіп, біраз күліп алдық. Сонымен, Мәскеу кеттік. Қадыр ағамен 1-2 жылдан кейін сол Мәскеуде жолықтық. Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына келіпті. Оның мәжілісі Үлкен театрда өтті. Алдын ала барып жолығып, онан соң Жазушылар Одағында кездесіп, әңгімелесіп қалдық. Қадыр аға Москва маңын  және жақын облыстарды аралауға қатысқан жоқ, екі күннен соң елге қайтты. «Аш құрсақ студентсің ғой» деп бір жерге шақырып шәй берді. Өз басым біраз әңгімелесіп, қазыналы кенге кездескендей кенеліп қалдым. Қадағаңмен кездесу әрбір адамды рухани байытып тастаушы еді ғой. Ризалық көңілмен қоштасып қала бердік. 
Өмір-өзен ағысы тоқтамайды. Тіршілік тынымсыз, күйбең тірлікпен сағым жылдардың зымырай өткенін білмей де қаласың. Біраз жылдардан соң Алматыға оралып, төрт бұрышын «түгендеп» жүргенде, уақыт жылжи берді. Бұзып-жарып бара жатқан шығармашылық та жоқ, Қадыр ағадан ұялып жүрген жай болды. Арнайы іздеп барып жолыға қоймадым. Кездескен сәтте жылы сәлемнен арыға барған жоқпыз. Көңіл түзу, ниет адал күйде қалдық. Бірақ, маған соңғы кездесуіміз қатты әсер етті. 
Мен 2009 жылы Зекең (Қабдолов) мен Тұрсекең (Кәкішев) басқарған Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы мен фольклористика кафедраларын қосып тарихи әдеттілікті қалпына келтіріп, Қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасы атап, бір кафедраға біріктіргенмін. Сөйтіп, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысын жаңаша жолға қойдық. Оқыту пәндерінің сапасы жетілдіріліп, тәрбиелік клубтар ашылып, жаңа бір үрдіс басталып кетті. Сол тұста кафедра доценті, Сәлима Қалқабаева «Жүздесу» клубын ашып, атақты ақын-жазушылармен бірнеше  кездесулер өткізді. 
2010 жылдың 5 желтоқсанында «Қазы­ғұрт» баспасынан 20 томдығының шығуына орай ақын Қадыр Мырзалиевпен жүздесу кешін өткізді. Көптен көрмей жүр едім, Қадағаң қартайыңқырап қалыпты. Кешті 20 томдықты шығарған «Қазығұрт» баспасының директоры, ақын Темірғали Көпбаев жүргізіп отырды. Жүздесу сондай жылы-шуақты, өте қызықты болып өтті. Қадыр аға әдеттегінше аудиторияға қажетті деп білген әңгімелерін әдемі айтты. Сонда айтқан «Жазмышта» да бар мына бір әңгімесі күні бүгінге дейін есте: «Бұдан оншақты жыл бұрын ұлттық университетте лекция оқып жүріп мен де бір нәрсеге қатты мән бергенмін. Өз пәніме байланысты әдебиет теориясының көптеген оқулықтарымен танысып шығуыма тура келді.  Соның бір де біреуі  шығысты аузына  алмайды. Мысалы, поэзия және оның түрлерін талдағанда сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин... сияқты еуропалық өлең түрлерімен шектеледі. Гетенің  өзі   шығыстың  жеті  данышпан  ақынын    білемін, жетеуі де менен мықты деген. Еуропа ғалымдары, ең болмаса, ұлы ақынның осы сөзіне мән бермей ме?! Ойланбай ма?! Олар қандай формада  жазды екен деп толғанбай ма?! Егер, олар да Еуропа ақындары секілді сонет, романс, ода, мадригал, баллада, терцин жазған болса неге мысал келтірмейді...». Сонда ішімізде, шіркін-ай, «Әдебиеттануға кіріспеден» Қадыр ұстаз дәріс оқыған балада арман бар ма екен (Зекеңнің аруағы кешірсін!) деген сумақай ой жылт еткені шындық.
Қадыр аға осы кеште өлеңдерін оқып, студенттердің өлеңін тыңдап, поэзия жайлы ойын білдіріп отырды. Біз де аға туралы естелік айтып, ұстаздың ұлағаты, ағалық тәлімі жайлы тіліміз жеткенше тебірендік. Ағаға арнайы жайылған дастарханда да солай болды. Бәрі жақсы. Бірақ бір «әттең» менің  көңіл түкпірімде кетті. 
Кездесуде өмір туралы толғанып тұрып аға көзіне жас алып қалды. Мен сөйлеген кезде де жанарында шық барын байқадым. Дастархан басында да бұл жай бір-екі рет қайталанып қалды. Қадыр ағаны бір түрлі аяп кеттім. Мұндайы жоқ еді. Қайыңдай берік жігіттің көрінген нәрсеге көңілі босай қоймайтын. Көңілге күдік ұялағандай ма, әлде қалай?! Қадыр ағадан бөлектеніп қалған бір тұста жігіттерге: «Әй, жігіттер, Қадағаң қартайып қалыпты, байқадыңдар ма, көңілі босай берді», – деп едім, көбірек араласып жүрген Темірғали: «Кейінгі кезде солай болып жүр, дәл байқапсыз, Өмаға!» – деп күрсінгендей болды. 
Иә, бұл кездесу қасиетті Қадыр ағамен соңғы жүздесу екен. Екі-үш аптадан кейін қайран Қадыр ақын, ақылдың ақыны дүниеден озды. Ол жайлы тараған хабар қазақ жұртының қабырғасын қайыстырып-ақ кетті. Маған Қадағаң мұратына жеткен адам болып көрінеді. Алла серік еткен дарынның, ерінбес еңбектің арқасында бәріне де қол жеткізді. Тірісінде бәрін де көрген бақытты жан. Әйтсе де, кеудесінде өзім білетін бір арман бірге кетті ме, деп ойлаймын. Ол кісінің үлкен бір шығармашылық арманы кішірек, тыныш қалада, жеке үйде тұрып, еш алаңсыз шығармашылықпен айналысу еді. Оған уақыт шіркін ерік берді ме?! Дүние апай-топай болып кеткен жоқ па?! 
Көңілге медеуі Қадыр Мырзалиев жырла­рының жылдар жамылғысының астында қалып қоймай, қазақ ұлты бар да ғасырдан-ғасырға жол тартқан ұрпақтың мәңгілік мұра­сына айналарына деген сенім. Ол «ұлы ақын» деген анықтаманы тірісінде естіп кетті. Оны өзі түлеп ұшқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қадағаңның 70 жылдығына арналған салтанатты кеште бүкіл зиялы қауымның алдында академик Зейнолла Қабдолов айтты, айтты да елді соған ұйытты. Бір қызығы, сәл-пәл қарсылық білдіре орнынан тұрған Қадыр ақынның өзін де мойындатты. «Ұлылық деген өзіңмен өзің күресу ме әлде?! Өзіңмен өзің күресу – адамдық, адамгершілік, ұлылық үшін күрес» деген екен Толстой қария. Қадағаң – осының екінші бөлігін өзіне қағида еткен ұлы күрескердің бірі. 
Шындығында, басқаны қайдам, өзім Қадыр Мырза Әлиді ұлы ақын деп білемін! «Пушкин өз заманында алдына жан сал­маған  білімді адам болған. Ол он бір жасын­да әкесінің өте үлкен кітапханасын түк қалдырмай оқып шыққан. Және ол кітаптардың бәрі де тек француз тілінде жазылған. Басқаша айтсақ, Пушкинді жаратқан Кұдай болса, оны ұлы адам қылған ұлы кітапхана!». Бұл да Қадыр ағаның аузынан шыққан сөз. Ол бұл сөздерді өзін де ұлы еткен «Кітап» атты қасиетті құдірет екенін біліп айтқан.  Өз басым Қадыр ұлылығын сәл-пәл болса да түсінетін секілдімін.
Меніңше, Қадыр Мырза Әли – Қазақ поэзиясына өзгеше бір ойшыл өлеңдер әлемін әкеліп, өлеңдегі мән-мағына тұнығын арттырды. Ақын поэзиясының қасиетін танытатын басты белгі ой тұнбасындағы ұлттық сипаттың айқындығы. Оның жыр жинақтарының аттарының өзі-ақ қазақ поэзиясына тән қазақы табиғатты танытып тұрғандай. «Дала дидары», «Домбыра», «Көш», «Жерұйық», «Көкпар», «Қорамсақ», т.б. кітаптарының атауы ойшыл ақынның – ұлттық ұғым-танымынан туған.
Бір бойына алуан қасиетті дарытқан сан қырлы саңлақ дарынға ұлылықты қимау мүмкін емес. Бұл пікірімді ұнатпағанға айтар уәжім жоқ. Өйткені, ұлылықты тану мен бағалау үшін даналықтың қажеті жоқ. Ол – адамдық болмысыңмен сезінуге тиіс ардың ісі. Өзім үшін Қадыр Мырза Әлиұлы ақын – ұлық ұстаз!
Иә, ұстаздық тағылымың мен зиялы-зияткерлік тәлімің мәңгі жүректе, Қадыр аға! Саналы ғұмырымызда Сіздің есіміңізді ардақтап, ұлылығыңызды ұрпаққа үлгі етуді бір сәтте естен шығармаймыз! Ұстаз ұлағаты ұмытылмақ емес, ұмытылмайды да!   

 

475 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз