• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2012

КЕТЕ ЖҮСІП

Сыр сүлейлерінің тағы да бір тамаша өкілі – Кете Жүсіп. Ол бұрынғы Түркістан уәләятына қарасты Қазалы  уезінің Қуаңдария болысында, қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 1871 жылы дүниеге келген. Әкесі Ешнияз сал әрі ақын, әрі әнші сазгер болған. Күй атасы Құрманғазымен жақын дос болып, ұзақ уақыт жанына еріп жүріп өнерімен елді сусындатқан. Жүсіпке ақындық дарын тікелей әкесінен дарыған сынды. Оның ата тегі Кіші жүздің, Кете руынан тарайды.Сондықтан ел сүйікті ақынын «Кете Жүсіп» атап кеткен. Кете Жүсіп қадимше жақсы оқыған, әдеби білімі бай, аса сауатты ақын. Өлеңді ол жазып та, суырып салып та шығарған. Талай ақындармен айтысқа түскен. Соның бәрінде оның жырлары түрінің сонылығымен, тілінің сөлділігімен ерекшеленеді. Мәселен, оның «Әлеумет келді жиналып» деген әр шумағы төрт жолдан тұратын, сегіз буынмен жазылған ұзақ өлеңін алсақ, алғашқы екі жолы әдемі ұйқасып, төртінші жол жырдың басынан аяғына дейін бір ұйқаспен өріледі де, шығарманы бір демнен оқып шығуға жол ашып, ұдайы еліктіріп, оқырманын жетелеп отырады. Ол Фирдоуси мен Сайхалидай сөз ұстасы болмағанмен, ұлы Абай мен Бұдабай, Шәді мен Ерімбет, Омар мен Тұрмағамбет тәрізді жыр дүлдүлдерінің «ақыл дариясын жағалап», сол дүрлерге еліктеп өскенін жасырмайды. Көре алмайтын көрмедік Соларға да сын айтар, Сыртынан шулап, табалап, Ешнияздың баласы Атым Жүсіп болса да Әртүрлі үлгі үйреніп, Соларды жүрмін сағалап, – деуі де сонан. Ақын жырларының тақырыбы саналуан, құлашы кең, тынысы шалқар. Бірде өмір туралы толғанса, енді бірде жалынды жастығын еске алып, адал махаббатты жырлайды, әділдік пен адамдықты ту тұтып, жамандықты жат қылып, жақсылыққа жақ болуға үндейді. Жастық, саятшылық, ғашықтық тақырыбындағы өлеңдерінің көркемдік кестесі керемет. Әсіресе, «Бүркіт сынындағы» алғыр қыранның бейнесі қайран қалдырмай қоймайды. Кең тынысты кемел дарынның қаламынан түрлі тақырыптағы өлең-жырлармен қатар онға тарта көлемді дастандар да туды. «Шахзада», «Зейпін қыз», «Мекер қатын», «Сұрмерген», «Өткен заман», «Барымта» секілді дастандары кезінде қисса құсап айтылып, Сыр өңіріне кең тарады. Олардың біразы Шығыс тақырыбына арналса, енді бір бөлегі қазақ тұрмысын суреттейтін төлтума шығармалар. Бұқаралық бағыттағы тамаша туындыларымен,  әуезді ән, әсем жырымен туған халқына қалтқысыз қызмет етіп келген Кете Жүсіп Қазан төңкерісінен туған жаңа заманды да қуана қарсы алып, кеңес дәуірінде он жылдай өмір сүріп жаңа құрылысты, жаңғырған тұрмысты жырлады. Әрине, ақынның қиялынан өріп, қағазға түскеннің бәрі бірдей саф алтын деуге болмас. Оны: Түрлі-түрлі сөз жаздым, Қағаздың бетін қаралап. Ұнамдысын алыңдар Әр қалайда саралап, – деп ақылтаразы ақын Жүсіптің өзі-ақ айтып кеткен. Дүниеге кімдер келіп, кім кетпеген, Табиғат түбі терең қол жетпеген. Өтерін өмірінің білмей тұрып, Маңдайын пенде бар ма терлетпеген?! * * * Көңіл – гүл, өмір – бақша, тілің бұлбұл, Адамзат осы үшеумен жайнар бір гүл. Өмірі адамзаттың жаз бен қыстай, Гүлденіп тұрады ол жасап жыл-жыл. Жапанның жайнап жатқан даласындай, Көрінер өткен өмір бұлдыр-бұлдыр. Бұлтармай сол бұлдырмен жүргенінде, Ордаңдап ор қояндай өмір зырғыр. * * * Ақылдың ауырлығы қорғасындай, Көңілді бұзық іске өрлетпеген. Тынық бол тыпыршымай есің болса, Қаңтардың шуағындай желдетпеген. Лұқпандай мың жыл өмір сүрсең-дағы, Ақыры өлім келеді еңіретпеген. * * * Талапсыз жан болмайды, болса халық, Бақыт – құс, баста тұрмас падишалық. Жақсыны жат санамай жадыңа алсаң, Толқыған көңілі табар ризалық. Әрқашан арғымақпен ақырлас бол, Жабыны не қыласын қарны жарық. * * * Ел ішінде кекесін, дау көбейсе, Ерлерім түзелмейді, ойла, қалпың. Қалайда қарындасқа қоғамды бол, Кеңкиме, кішіктенгін, келсе қартың. * * * Береке татулықтан табылады, Сақтансаң сабырлы боп бұзбай әлпін. Араңа араздық от тұтандырма Білгенге ашу – дұшпан, ақыл – алтын. * * * Көп жүкті көтереді бүтін туған, Ерлік іс – қайғы-шерге белін буған. Аздырмас ата жолын әрқашанда, Жоспарлы ізгіліктің жолын қуған. Бір күні бітсе демі сүрінеді, Топ жарған тұлпарың да озған дудан. * * * Айтысқан жақыны мен жатқа жем боп, Қалады қатар шауып ұмтылудан. Бүтіндеп өзіңді-өзің, ел болмасаң, Ерлерім, еш нәрсе өнбес «жыртылудан». * * * Саламат ел иесі білсең парқын, Пейілің кең болсын жұртқа жүзің жарқын. Жайлы бол жанның көңілін жабырқатпай, Сыр бермей сыпалардың ұстап салтын. * * * Бұл халыққа адам жақпас, Жамандықтан пайда таппас. Жақсылық болса жасай бер Қолыңнан келсе тырмысып. Кім-кімге де ұлындай бол, Жасы үлкеннің құлындай бол. Аңқауырақ қолбаңдау бол, Болма жылмың, тым пысық. Әзірлеген С.Есжанов

745 рет

көрсетілді

34

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз