• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2012

Алтын тіс

Мақсат РСАЛИН ҚР мәдениет қайраткері Бірман деген жас жігіт әскери борышын өтеп, екі жыл көрмеген туған ауылына, қарт әке-шешесіне жеткенше асығып келе жатады. Оның ауылы темір жол стансысынан жүз шақырымдай қашық, бұйрат-бұйрат құм ішіндегі бір шағын ауылда екен. Бұл пойыздан түскен кезде ауылына күніне бір-ақ рет қатынайтын жалғыз автобус күндіз кетіп қалыпты. Ертеңіне бір келетін автобусты вокзалда отырып күтуге шыдамы жетпейді. Әскери өмірдің ыстық-суығына шыныққан жігіт жол қапшығын иығына асып алып, жолға түсіп алып, жаяу-жалпы  тартып кетеді. Егер жол-жөнекей көлікті біреулер кезігер болса, соған отырып, ауылға жетіп алармын деп ойлаған ол, өлеңін ыңылдап айтып, қара жолдың шаңын бұрқылдатып,   керзі етігі гүрс-гүрс етіп, жалғыз өзі жүріп келе жатады. Күн қызарып бата бастағанда ізінен келе жатқан бір мотоцикльдің дарылдаған дауысын алыстан құлағы шалады. Көп ұзамай, өздері де көрінеді. Дар етіп дәл жанына кеп тоқтаған “Урал” мотоциклінің арбасында отырған өңкиген тақырбас дәу қара жігіт те, мотоцикль руліндегі жіңішке сары да Бірман танымайтын мүлде бейтаныс біреулер екен, өз ауылының адамдары болмаса да жас сарбаз олармен күліп амандасады. –       Ия, солдат, қайда бара жатсың?-дейді жіңішке сары шіңк-шіңк етіп. –       Әскерден келе жатырмын, ағалар! Анау Қарталы деген ауылдың баласымын, соған жеткенше шыдамай, асығып жолға шығып кетіп едім. Өздеріңіз қай жаққа барасыздар?- дейді  сыпайы жөн сұрап. –       Отыр мотоцикльге!- дейді жуан қара гүж-гүж етіп. Жас жігіттің ойында ештеңе жоқ, қуана-қуана мотоцикльдің артқы орындығына жармасады, –  Жақсы болды ғой, Алла жазса, бүгін түнде үйде болам,-дейді іштей қуанып. Дырылдаған мотоцикль, бұрқыраған шаң... Түн ортасы ауа мінген көлігі бір жерге кеп тоқтап тұрғанда ғана, қаннен-қаперсіз қалғып-мүлгіп келе жатқан жігіт: –       Ағалар, біз қайда келдік? Біздің ауыл ма, мынау қай жер?- дейді . –       Онда шаруаң қанша?! Көп сөзді көбейтпе!- дейді ақырып. Жас жігіт ішінен  жол соғып,  шаршап-шалдығып келе жатқан соң бұл  адамдардың сіркесі су көтермей, ашулана жауап беріп отыр-ау деп ойлайды. Тас қараңғы түн. Маңдала. Қарауытқан қалың мола. Қалқиған құлпытастар. “Бұнда неге тоқтағанбыз? Мынау түстері суық бейтаныс екі жолаушы өзіме бір қауіп ете ме “деп бойына үрей кірген солдат жігіт не істерін білмей, бір сәт отырған орнында сілейіп отырып қалады. –       Әй, не мелшиіп отырсың? Бол, жылдам  түс! Ұста мына сүйменді!-деп ақырады дәуі. –       Жаның бар ма сенің, ал анау күректі! – деп екіншісі зіркілдейді. Ауылдың тап маңына келіп тұрып, ата-анамды көрместен өліп қаламын ба деп қауіптенген Бірман олардың бұйрығына қарсыласпай, дегендерін істей беруге тырысады. Ойы – ретін тапса, қашу. Екі еркек сарбаз жігітті дедектетіп итеріп, көне қорымның шет жағындағы сыз иісі аңқыған, төбе боп  үйілген топырақтың жанына әкеледі. –       Бар, ана жерді қаз!-дейді біреуі солдатты желкесінен түйіп. Қарап тұрмай, өздері де бір шетінен қаза бастайды. –       Бол, күйбеңдеме! Жаның барда жылдам қаз! Әйтпесе, әпсәтте таң атып қалады, -деп асықтырады. Қарулы үш жігіт таң сібірлей бастағанда, сыз топырағы әлі дұрыс кеппеген шеткі жас моланы қопарып ашып тастайды. –       Бол, енді ананың ішіне түс!- дейді бұйыра сөйлеген тақырбас жуан қара. –       Көрдің ішіне ме? –дейді Бірман дауысы қалтырап. –       Сенімен тәжікелесіп тұратын уақыт жоқ, бол тез түс!-деп ақырады арық сары. Жас жігіт ішінен иманын үйіріп, “Өлген жерім осы болды-ау! Осы екеуі жаналғыш Мәңкүр-Нәңкүр шығар сірә. Менің тура келген ажалым осы екеуінен болатын болды-ау !-деп қамыға ойлаған жас жігіт енді қашудың да, қарсыласудың да мүлде мүмкін еместігін ұғады. Тағдырға лажсыз мойынсынған ол көр шұңқырдың ішіне сүйретіле секіріп түседі. Сыртта қалған екеудің бар бұйрығын үнсіз орындап тұрған Бірман бір сәт кеудесінде жаны бар адам емес, жансыз темір роботқа айналып кеткендей сезінді өзін. –       Анау ақ шүберекке оралған өліктің бетін аш! –       Қолындағы алтын сақиналары мен алтын сырғасын шешіп ал. –  Өліктің езуіне мына темірді тығып тұрып, ауызын барынша аш. Ауызындағы бар алтын тістерін мына қысқашпен суырып ал!- деген қысқа-қысқа бұйрықтар ғана естіледі. Жас жігіттің жан тері шықты. Өлі аруақтың көрдегі тыныштығын бұзған  күнәһарлардың мыңғырына дыңғыр етер емес. Операция үстелі басындағы ассистентіне бұйрық беріп, жұмсап тұрған хирургтер сияқты тіпті. Қолы қалтырап, қорқыныш пен үрейден әл-қуаты  құрыған   байғұс жігіт саусақтағы алтындарды алғанымен, жас өліктің тісін жұлуға дәті жетпеді. –       Әй, сүмелек, өлген адам саған жабысар деп қорқып тұрсың ба, неге былжырап тұрсың? Болсайшы! –        Неден қорқасың, оны сен өлтірген жоқсың ғой! –       Бол, тез қимылда! Әйтпесе, өзіңді тас төбеңнен тік күрекпен бір соғып, көрге тірілей көміп кетерміз!-деді олар бірінен-бірі өте зіркілдеп.  Бұлардан ол да шығар деп қорыққан солдат жігіт өліктің ауыз қуысының арғы түкіпіріндегі бір алтын тісті жалмажан жұлқылай бастады. Ол құрғырдың да оңайлықпен алына қояр түрі жоқ. – Мә, мына балғамен ұрып жіберсең, оңай алынар!-деп жоғарыдағылардың біреуі қазылған көрдің ішінде тұрған бұған қарата балға лақтырды. Қағып алды. Қолы дірілдеп, тұла бойынан мұздай тер  шұбырып, жүрегі қалтырап, алтынмен қапталған  азу тісті қысқашпен тартып тұрып, амал жоқ зілдей темір балғамен тарс еткізіп бір соғып еді, серейе қақиып жатқан, ақ кебінге ораулы өлік бір сәт көзін ашқандай болды. “Қорыққанға қос көрінер” деген, маған солай елестеген шығар деп ойлаған ол, өлі аруақтың бетіне тура қарауға дәті шыдамай, көзін жұмып тұрып, шірене тағы да балғамен бір соғып еді, өлік ыңылдай ойбайын салсын. Зәресі зәр түбіне кете есінен танып, Бірман тұрған жерде құлап түсті. Ал анау жоғарыда тұрғандардың жаны тіпті тәтті екен, естен танып құлап жатқан жігітке қол созып, көмектесіп, шығармақ түгілі, алды-арттарына қарамастан, мотоцикльдерін қыздыруға шамалары келмей, құрал-жабдық пен мініп жүрген көлігіне қарауға мұршалары келмей, бәрін-бәрін ашық-шашық тастай салып, жаяу-жалпы құла далаға қашты. Жүрек дүрс-дүрс. Шаңды бұрқыратып, тері сүмектеп, қашқаннан қашып отырып, үлкен трассаның бойына шығып, келе жатқан көліктерге жанұшыра қол көтеріп, тіпті олардың қай бағытқа бара жатқанын сұрамастан, көздеріне көрінген біреуіне бассалып мініп алды. Қорыққаннан талып қалған Бірман бір талай уақыттан соң есін жиып, өз-өзіне келіп, епптеп көзін ашса,  қасында айдай сұлу аппақ қыз ақ шүберекке оранып алып, бұған көзі жәудірей қарап отыр екен. Күн тас төбеге көтерілген. Төңірек жап-жарық. Бейтаныс қыздың кім екенін, өзінің қайда жатқанын есіне дұрыстап түсіре алмаған солдат жігіт алдындағы қыздан: –       Қарындас, біз қайдамыз? – деп ақырын ғана сұрайды. –       Біз Баян сұлу мен Қозы Көрпеш құсап, бір моланың ішіндеміз, - дейді қыз күліп. –       Моласы несі? – деп таңғалады жігіт. –       Иә, сенбей тұрсың ба? Менің моламның ішінде отырмыз,- дейді қыз оның аңғалдығына таңғалса да, оны  сездірмей. –       Кімнің моласы?.. Сонда сіз кімсіз? –дейді жігіт шошына. Сенбейін десе, шынында да жер иісі бұрқыраған жас топырақтың үстінде, терең ғып қазылған шұңқырдың ішінде отыр. –       Әрине, сен – Қозы,  мен – Баян емес екеніміз айдан анық. Ал бірақ...сонда сен өзің  кімсің?.– деп қыз өзіне қарсы сұрақ қояды. –       Мен солдатпын, атым Бірман. Демалысқа үйіме келе жатырмын. Мына иек астындағы Қарталы деген ауылдың баласымын. Жолшыбай тоқтап, мені өздерімен бірге осылай қарай ала кеткен мотоцикльдегі екі адам қорқытып, осы жерді қаздырып, ұстамасыма қоймай, балға, қысқаш беріп, өмірі істеп көрмеген нәрсемді қинап істетіп жатыр еді. Жан беру оңай ма? Амал жоқ, әке-шешеме аман-сау жету үшін ыңғайларына көнбегенде қайтейін...– деп жас жігіт, ұяттан кірерге жер таппай, қыз алдында тұрғанына қысылмастан, жылап жіберді. – Тып-тыныш жатқан аруақтарды мазалағаныңа қысылдың ба, кім білсін... Қайта, сен мені қазып алмағанда мен тірілей көміліп, ажалымнан бұрын өлетін бе едім?! Неге ұяласың? Мен осы жақын маңдағы бір ауылдың қызымын. Атым Гүлжан. Әке-шешемнің қартайғанда көрген жалғызы едім, педучилищеден соң мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жүргем. Танертеңгісін жұмысқа баруға асығып жатып, басымды жуып, одан ток шәйнекке су құйып, токққа қосқалы жатқанымды ғана білемін. Одан ары не болғанын білмеймін. Сірә, ылғал қолмен байқамай шәйнекті ұстаған соң, ток соққан шығар мені. Ұзыннан түсіп серейіп құлап жатқан мені  өлдіге жорып, жұрт жылап-сықтап, көміп тастаған ғой. Сен қазір мені ілестіріп үйіме апар. Жалғыз қыздарынан айырылып, қайғыдан қан құсып, естен танып жатқан шығар сорлы әке-шешем. Өлді деп көмген қыздары көрден шығып келіп тұрғанын көрсе, тіпті ақылдарынан адасар. Ептеп барып, түсіндір. Менің үстіме киім әкел, мен бір жерде бой тасалай тұрайын, - дейді ақылды қыз. Жігіт мән-жайды түсінген соң, өзіне-өзі келіп, үсті-басын реттеп, Гүлжан қыздың айтуымен, оның үйіне барады. Бата қыла келген жолдастарының бірі екен деп аңырап жоқтау айтып, алдынан  шыққан қос қарияға  “Марқұмның  жаны жәннатта болсын!” деудің орнына, өзінің кеше түнде басынан кешкен хикаятын әңгімелейді. Біресе жылап, біресе қуанған қарттар сенер-сенбестерін білмейді. Ұзақ жылдар физика пәніненн мұғалім болып, кейін зейнеткерліке шыққан соң ауыл мешітіне ие боп жүрген ауыл молдасының: “ Гүлжан қызымыздың бойындағы  электр тогын суық топырақ өзінің бойына  тартып алған соң, қызымыз тірілген ғой, ондай жағдай ғылымда болады”, -деген  ақылымен, ақыры қыздың туыс бір жеңгесін жігітке ертіп жібереді. Қалың талдың ішінде ақ кебінге оранып, ауыл жаққа қарап екі көзі төрт болып, туыстарынан бір хабар күтіп отырған Гүлжан қыз туыс жеңгесімен қуана қауышады. Аядай ауыл у-шу, гу-гу. Өлді деп көмген адамның тіріліп, бір күннен соң, үйіне өз аяғымен келуі бұл маңда ешқашан болмаған оқиға. Ел-жұрт күні кеше өз орталарында жүрген адам емес, алыс бір планетадан келген тіршілік иесін көруге келгендей, Гүлжан қыздың ата-анасы тұратын орталықтағы еңселі ақ үйге қарай анталай ағылсын. Кеше жоқтау айтып жылап келген ағайын-туыс, көрші-көлем енді қос қарияның қуанышына ортақтасып, құтты болсын айта келіп, қазаның арты тойға ұласып,  қайтадан мал сойылып, қазан көтеріліп, шағын ауыл бір тосын мерекеге тап болғаннан бетер. Ақыры ауыл ақсақалдарының ұйғарымымен, “Шыққан қыз шиден тысқары” деп, бәрі дәм үстінде ақылдасып, ойласа келе, көрден өз қолымен алып шыққан, ауылына демалысқа келе жатқан солдат жігітке о дүниеден оралған Гүлжан қызды қоспақшы болады. Ол да ай десе ауызы, күн десе көзі бар, ертегідегі сұлулардай үлбіреген әдемі қыздан қалай бас тартсын. Оның үстіне, Гүлжан да оны ұнатып қалады. Түр десе түрі бар, бой десе бойы бар, кескін-келбеті келісті жігіт қандай сұлу қыздың да арманы емес пе. Сонымен, қазалы хабар құлақтарына енді тиіп, алыс жақтан келген ағайын мен  ауылдағы көрші-көлем, жекжат-жұрағаттың бәрінің тегіс бастарын қосып, үлкен той істеп, жиналған қауымның ақ батасымен, қыз әкесі Гүлжанын көрші ауылда тұратын солдат Бірманға ұзатады.  Бір баласы екеу болып, күтпеген жерден келінді болған Бірманның әкесі мен шешесінің де қуаныштарында шек жоқ.  Оның үстіне, жол үстінде кездескен қос қарақшы арам ойларын жүзеге асырып, моланы тонап болған соң, қаннен-қаперсіз еліне келе жатқан Бірманды ешкімге айтып қоймас үшін, өлтіріп те кетуі әбден мүмкін еді-ау деп ойлағанда, екеуінің де зәрелері зәр түбіне кетеді. Қарақшы демекші, мола басында қалдырып кеткен мотоцикльдің нөміріне қарап, оның иесі кім екенін полицейлер  анықтап, екеуін де қолға түсіреді. Сөйтсе, осындай лас іспен көптен айналысып жүрген ұйымдасқан қылмысты топтың мүшелері екен. Тергеу барысында олардың бар қылмысы анықталып, әділ жазасын тартып, темір торлы түрменің төрінен бір-ақ шығады. Ал, Бірман болса, армияға қайта барып, азаматтық борышын аман-сау атқаруын одан әрі жалғастырып, келесі жылы елге, келіншегі Гүлжан мен кішкене ұлы Біржанға аман-сау оралды. Қазіргі кезде ол мектепте дене шынықтыру, еңбек және алғашқы әскери дайындық пәндерінен дәріс береді, жоғары оқу орнында  сырттай оқып бітірді. Ал келіншегі Гүлжан жас та болса, елге сыйлы жан. Ол да еңбектен қол үзбей жүріп, сырттай жоғары білім алып, ата-енесінің көңілінен шығып, екі ұл, екі қызын жетектей жүріп, бастауыш мектептің завучы дәрежесіне жетті. Қартайған ата-анасына апта сайын бала-шағасымен барып, отын-суын қамдап, үйін жинап, кір-қоңын жуып, азық-түлігін апарып береді. Оның әке-шешесінің де Бірман дегенде ықыластары бөлек. Оны тіпті күйеу бала деуге ауыздары бармайды, Гүлжанның сыңары – егіз балаларынның біреуіндей көреді тіпті. Өмір болған соң, оның ащысы да, тұщысы да болады. Кей-кейде ыдыс-аяқ та сылдырламай тұрмайды. Сондай сәттерде Бірман мен Гүлжан екеуі өздерінің ең алғаш қалай кездескендерін еске алып, рахаттана күліп алады. Жолдастары оларды “Қозы мен Баян” деп атап кеткен. “Осы заманның Қозысы мен Баяны, бұрынғы заманның қос ғашығы бір-бірінен айырылғысы келмей, өмірлерін қиса, бұлар бір-бірін өлімнен құтқарып, содан соң бір-бірін көріп барып, ғашықтық сезімдері оянған”,–  деп әзілдеседі. “Әу баста, менің маңдайыма жазылған тағдырым сен шығарсың. Егер сен мен әскерде жүргенде, мезгілсіз қайтыс болып кетсең, кім біледі, онда  мен мәңгі сүр бойдақ болып өтер ме едім өмірден”,– деп күледі Бірман. “Кім біледі…”,- деп күледі Гүлжан күйеуінің толқынды қара шаштарын ерекше мейіріммен сипалап. Әйтеуір әр адамның тағдыры бір-бір кітапқа жүк болатындай, қызықты хикаяттарға толы  екені анық. Ал бұлардың өмір тарихы өзгелерден мүлде бөлек екеніне дау жоқ. Әйтеуір, бір-бірін көре сала, “сүйдім, күйдім” деп өліп-өшіп қосылып, артынша ыстық-суығы басылған соң, бір-бірінен жеріп, көңіл қалдырар қылықтар көрсетіп, ит пен мысықтай болып, сот алдына сүйресіп жататындардан мүлдем бөлек… Ерлі-зайыптыларды Құдай қосады демей ме, бұл да Құдайдың ісі шығар. Естіген жұрт ертегі-аңыз құсатып айтқанда, сырттан келген адамдар оларды бір ертегі кейіпкеріндей көріп, таң-тамаша қарап қалғанымен,  олардың қарапайым отбасыларынан еш айырмашылығы да, артықшылығы да жоқ. Жұрт қатарлы бала сүйіп, мал өсіріп, отын-суын қамдап, жұртпен бірге жұмыстарына барып, барға қанағат деп, жоққа салауат деп, қарапайым тіршілік ағынымен біркелкі күн кешіп, аман-сау көрген әрбір таңына шүкіршілік етіп, өмір сүруде. Тіпті бір кезде солардың басынан сондай бір ерекше оқиға өтті дегенге сену қиын. Жол торып, қарақшылық жасап, бейіт қопарып жүргендер өмірде кездеспесе, кім біледі, тірілей жер астына көмілген жас қыздың сүйегі ендігі құрт-құмырысқаға жем болмақ түгілі, үгітіліп, топыраққа айналып та кетер ме еді?!. Осындай көңілсіз ойлар кейде есіне түссе, ол қатты тітіркеніп кетеді.  Қараңғы түн, сұп-суық топырақ астында тұншыға тырмысып жатқан сәтін көз алдына елесететі де, аман-сау жұрт қатарлы жербасып, тірлік кешіп жүргеніне тәубе етеді. “Бір жамандықтың да бір жақсылығы болады” деген рас шығар, сірә. Өмірдің қандай жағдайына болса да, мақал-мәтелі дайын тұратын халқымыздың осы бір даналығы өмір тәжірибесінен алынғанына талас жоқ. “Халық айтса, қалып айтпас” дегендей, рас, бәрі де рас…

470 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз