• Ұлттану
  • 06 Наурыз, 2012

САЯСАТТАНУ ТУРАЛЫ ҒЫЛЫМИ МӘНІ ЗОР ЕҢБЕК

ШАЛТЫҚОВ  ӘМІРЖАН  ЕСІЛӘМҰЛЫ, саяси ғылымдарының докторы, профессор Саясат адамзат өркениетінің бөлінбес бөлігі болып табылады, онсыз қоғамның, тұлғаның өмір сүруінің әлеуметтік прогресі мүмкін болмас еді. Адамзат өмірі дамуының өзекті, шешуші мәселелері түгел дерлік саясатпен байланысты. Саясат олардың мақсат- міндеттерін және құндылықтарын іске асырып, шындыққа айналдырудың негізгі құралы мен тетігі болып табылады. Саясаттың әлеуметтік міндеті қоғамдық дамуда әділ әлеуметтік тәртіпті нығайту, мемлекеттік күштеуді тежеу және адам құқығының басымдылығын қамтамасыз ету болып табылады. Адамзат қоғамының дамуымен бірге саясат ұғымының мазмұны да байып, дамиды. Адамзат өркениетінің қазіргі эволюциясы жағдайында саясат қоғамды модернизациялаудың құралы, әдісі және жолы болып табылады. Осындай саясат қоғамдық жүйені өзгертудің, жаңартудың құралы, тәсілі және әдісі бола отыра, экономикалық, әлеуметтік және мәдени салаларды дамытуды үнемі күн тәртібіне қояды және іске асырады. Қоғамдық қатынастардың құрамдас бөлшегі ретінде саясат- ғылым, адамдар оны пайдалануға түрлі айла-амалдар қолдануына байланысты саясат-өнер. Саясат билік және мемлекетпен ықпалдасып барып, шындыққа айналатын құбылыс. Сондықтан саясатқа ат үсті қарау қауіпті. Сол себепті саясаттанушылар арасында «сен саясатпен араласпасаң, сенімен саясат айналысады» деген қанатты сөз бар. Бұл шындық. Себебі, адам күрделі қоғамдық өмірдегі саясат билігін үнемі сезінеді. Адамдарды билік өз саясатына бағындырудың сан-түрлі айла, әрекеттерін жасап бағады. Ал, азамат, тұлға өз мүддесін қорғау үшін саясатты білуге міндетті. Саясатты білу, саяси белсенділік және саяси мәдениет халықтың да, биліктің де сапасын көтеруге көмектеседі. Аристотельдің пікірінше, «саясатты білетін адам әдемі өмір сүре алады». Қазіргі кезеңде саясат пен саяси қатынастарға, саяси институттардың қызметіне деген қызығушылық арта түсуде және бұлардың экономикаға, идеологияға, мәдениетке тигізетін ықпалы да арта түсуде. Саясатты, саяси қатынастарды, мемлекеттік билікті зерттеу бірқатар қоғамдық пәндердің шеңберінде, ең алдымен, саясаттану саласында жүзеге асады. Сол себепті қоғамтану ғылымдарының құрылымында саясаттану пәні берік орын алып отыр. Саясаттану негіздері қазіргі қоғамдық және саяси құрылыстың мән-мағынасын терең түсініп білуге, адамдардың өмірінде алатын орнын, атқаратын рөлін айқындауға, оларға сан түрлі құқықтары мен бостандықтарын дұрыс пайдалануға мүмкіндік береді. Саяси ғылымдардың негіздерін меңгеру арқылы, әсіресе, қазіргі өтпелі кезеңдегі күрделі қоғамдық-саяси жағдайда еркін бағдар ұстап, белсенді іс-әрекет жасауға, ішкі және сыртқы саясаттың сыр-сипатын, қилы құбылыстарын жете ұғынуға, басқа адамдардың құқықтарын бағалап, қадірлей отыра, өркениетті түрде өзінің мақсат-мүддесін білдріп, оны қорғауына кең жол ашады, жалпы халықтық қазыналарға негізделген демократиялық тәртіпті құрметтеуге, ортақ мәселелерді ұжымдасып шешуге үйретеді. Саясаттану адамдарға саяси қажеттіліктерін мемлекет тарапында іске асырудың жолдары мен әдістерін дұрыс таңдап алуға, демократиялық тәртіптерді және қоғамдық институттарды қалыптастыруға көмектеседі. Ол саяси төзімділікті, келісімге, серіктестікке, мәмілеге келе білуді, саяси шиеленіс, дау-жанжалдарды дер кезінде шешуді, ұлтжандылықты, қоғам мен мемлекет алдындағы азаматтық парызды, жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді. Сонымен, қазіргі әлемде саясаттануды оқып-үйренуге деген қажеттілік мемлекеттік жүйелердің халықтың басым көпшілігін саясатқа араластыруға байланысты екендігімен түсіндіріледі. Адамдардың саясатқа қатысып, салиқалы шешім қабылдауы өзінен-өзі тумайды. Ол үшін газет, журналдарды оқып, радио тыңдап, теледидар көру де аз. Ондағы материалдарды сындарлы сараптап, шынайы қорытынды шығару, саяси өмірдің субъектісі болу үшін жүйелі түрде саясат теориясын игеріп, саяси процеске қатысу жолдарын арнайы оқып-үйрену, іс жүзіндегі тәжірибе керек. Дамыған демократиялық елдерде саяси ғылым әлдеқашан осы сияқты ғылыми білімнің органикалық бөлігі болып қана қоймай, қоғамның бүкіл рухани өмірін ұйымдастыру жолындағы ажырамас элементіне айналды деуге болады.Ол іс жүзінде университеттерде оқытылатын беделді ғылыми пән ғана емес, сондай-ақ азаматтық қоғам қалыптастырудың қуатты құралына айналған. Қазақстан Республикасы егемендік алған жылдарында еліміздің әлеуметтік өмірінің барлық саласы түгелімен өзгеріп, саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйесі әлемдік өркениет үлгісінде қайта құрылып жатыр. Осыған байланысты бүгінгі таңда қазақстандық саясаттану ғылымы қарқынды дамуда, ол тоталитарлық кезеңнен мұра болып қалған дәстүрлердің бұғауын бұза отырып, әлемдік ғылымға етене араласуда. Оның философиямен, әлеуметтанумен, құқықтанумен, басқа да гуманитарлық ғылымдармен өзара байланысы нақтылана түсуде. Саясаттану Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарында міндетті пән ретінде оқытылады. Саясаттану пәнінің мақсаты – студенттерге саяси инситуттардың, құбылыстардың, қазіргі қоғам дамуындағы саяси мәселелердің мәнін түсінуге көмектесу. Соның барысында олардың саяси санасын қалыптастыру, адамзат дамуының баламалы даму жолдары бар екендігін түсіндіру, демократиялық саяси мәдениеттің құндылықтары мен ережелерін бойларына сіңіру. Қазіргі кезде саясаттан тыс, саяси процестер мен қоғамдық даму үрдістерін түсінуге талпынбай өмір сүру мүмкін емес. Бұл, өз кезегінде студенттердің саяси ғылым негіздерін меңгеруіне саяды. Мұндай білімге саясаттануды жүйелі түрде оқып-үйрену процесінде ғана қол жеткізіледі. Саясаттану курсын оқып-үйренуші әрбір адам алған білімін өмірмен, саяси тәжірибемен байланыстырып, саяси мәдениетін көтеруі аса маңызды. Әрине, саясаттану негіздерінен жастарға жан-жақты сапалы білім беру үшін оқу құралдарының маңызы зор екені белгілі. Саясаттанудың ғылым және пән ретінде қалыптасқан жиырма жылдың ішінде көптеген  оқулық,  оқу құралдары жарық көрді. Бірақ, өкінішке қарай, олардың ешқайсысы кеңінен қолданылмағандықтан  көпшілікке белгісіз болып қала берді. Біріншіден, олардың тақырыптарында ала-құлалық байқалып, көптеген саясаттанудың маңызды мәселелері қарастырылмады деуге болады. Соның салдарынан олардың біразы білім стандарттарына сәйкес келмеді және саяси ғылымдағы жекелеген тақырыптардың жиынтығы болып келді. Екіншіден, ондай құралдардың дені өзінің тым академиялылығымен, қажетсіз теорияға бой алдыруымен немесе публистикалық-үстірт стильге ұрынғандықтан көкейден шыға бермеді деуге болады. Тағы да олардың көпшілігінің тілі ауыр болғандықтан, ғылыми терминдері студенттердің түсінуіне қиынға соқты. Отандық саясаттануда осы сала бойынша оқу құралдарын жазып жүрген ғалымдарымыз аз емес. Солардың ішінде шоқтығы биік, тәуелсіз Қазақстанда саясаттану ғылымының негізін қалаушыларының алғашқыларының бірі профессор Әбсаттаров Раушанбек Борамбайұлының есімін бірінші атауымыз қажет. Қазақстандық саясаттанудың негізін қалауға ат салыса отырып, Раушанбек Боранбайұлы ғылымның осы жас саласын одан әрі жетіліп, дамуына үлкен үлес қосып келеді. Ол сегіз тілде 34 монография, оқу құралдарын және 550-ден астам ғылыми мақалалар жариялады, оның ішінде 52-і басқа елдерде жарық көрген. Ол тек Қазақстан көлемінде ғана емес, таяу және алыс шетелдерде кеңінен танымал ғалым. Р.Б.Әбсаттаров Оңтүстік Корея, Түркия, Жапония, БАЭ, Ресей, Украина, Белоруссия және т.б. елдер университеттерінде, ғылыми орталықтарында ғылыми баяндамалар жасады, дәрістер оқыды. 50-ден астам халықаралық ғылыми конференцияларда ғылыми баяндамалар жасады, олар баспасөз бетінде жарияланды. Республикада ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті және оған тәрбилеу, этносаяси қауымдастық, ұлттық және жалпықазақстандық сана, келісім, жалпықазақстандық бірлесу, ұлттық қайшылықтар және оларды шешудің жолдары, салыстырмалы саясаттану және т.б. жаңа бағыттардың қалыптасуы мен дамуы  оның есімімен байланысты. Профессор Р.Б.Әбсаттаров ғылыми кадрлар дайындауда да салмақты үлес қосуда. Ғалымның жетекшілік етуімен саясаттану және әлеуметтану ғылымының аталған тармақтары бойынша 4 ғылым докторы, 20 ғылым кандидаты дайындалды. Біздің еліміз ТМД елдері ішінде алғашқы болып, Болон келісімі бойынша ғылыми кадрлар дайындаудың жаңа жүйесіне көшкенімізге аз уақыт болса да, осы қысқа мерзімнің ішінде профессор Р.Б.Әбсаттаровтың ғылыми басшылығымен оның екі шәкірті доктор PhD атағын алып үлгірді. Ғалымның саяси ғылым саласындағы белгілі еңбектерінің қатарында 2007 жылы жарияланған «Саясаттану және оның проблемалары» атты оқу құралы болды. Бұл оқу құралында автор саяси ғылымның саясат және оның қоғамдық мәні, саяси ғылымның қалыптасуы мен дамуы, салыстырмалы саясаттану, саяси билік, қоғамның саяси жүйесі, мемлекет, саяси партиялар мен қоғамдық- саяси қозғалыстар, саяси идеология мен саяси сана, саяси мәдениет, саяси элита, саяси процесс және саяси технологиялар және т.б. маңызды мәселелеріне ғылыми теориялық әрі қолданбалық сипатта тұжырымдама жасады. Сонымен қатар ғалым осы еңбегінде қазақстандық қоғамның қазіргі саяси жағдайын шынайы деректермен  бейнелеуімен бірге, оның болашақтағы даму үдерістеріне де ғылыми негізделген болжамдар жасауы айырықша маңызды болды. Бұл еңбекте жалпы теория мен практика мәселелері жан-жақты үйлесімін тапқан. Сондықтан да осы ғылыми еңбек саяси ғылымға қызығушылық танытатын көпшілік қауымның, саясаттанушылыардың, магистранттар мен докторанттардың зор ықыласына ие болды. Соңғы жылдарда Қазақстан қоғамында жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге байланысты саяси ойлардың жылдам дамуы жағдайында оқу бағдарламалардың да тақырыптары да өзгерістерге ұшырайды. Міне, бұл өзгерістер оқу құралдарында да дер кезінде көрініс табу қажет. Себебі, жаңа жағдайларда білікті мамандар даярлаудың мазмұны да түбегейлі өзгеруде. Сондықтан, Қазақстандағы демократияның қалыптасуының ерекше белгісі – елдің саяси өміріндегі терең өзгерістер болғандығын ескерген жөн. Бұл өзгерістер, әсіресе, қоғамдық дамудың көптеген проблемаларының айырықша саясаттандырылуы мен саясаттың рөлінде көрініс табуда. Оқу тәжірибесі көрсетіп отырғандай, студенттер көбіне мемлекеттің қазіргі таңдағы жүргізіп отырған саяси мәселелеріне анық қызығушылық танытады, саяси білімді, саяси құбылыстар мен процестерді талдаудың әдістемесінің қыр-сырын меңгеруге ұмтылады. Міне, осындай қажеттілікті ескере отырып, профессор Р.Б.Әбсаттаров 2011 жылы «Саясаттану негіздері» атты 2- томдық жаңа оқу құралын жарыққа шығарды. Мұндай оқу құралының дүниеге келуі қазақстандық саясаттану әлемінде үлкен оқиға болды.  Бұл еңбектің ең басты ерекшелігі – оның бүгінгі стандарттан өзгешілдігі саяси ғылымды жаңа тұрғыда қарау қажеттілігі. Ал, бүгінге дейін қалыптасып қалған стандарт қандай? Ол – батысшылдық, еуроцентристік, яғни, барлық өркениет әуелі Батыстан, Еуропадан шыққан деп әлі де келе жатқанымыз. Бұндай көзқарас тек қана саясаттануға ғана  емес, ол қоғамдық ғылымдардың бәріне тән құбылыс. Мысалы, жалпы саясаттану ғылымында саяси ойдың пайда болуын Платон, Аристотель, Цезарь, т.б. сияқты батыс ойшылдарының есімдерімен байланыстырып  келетіні белгілі. Ал, профессор Р.Б.Әбсаттаров Шығыстың саяси идеялары Ежелгі Грекия мен Ежелгі Римнен әлде қайда бұрын, біздің дәуірімізден екі мың жылдан астам бұрын пайда болған деп тұжырымдап, ең көне саяси ілімдер Мысырда, Үндістанда, Палестинада, Қытайда және Ежелгі Шығыстың басқа елдерінде пайда болғанын дәлелдейді. Мысалы, Көне Үндістанның аса көрнекті саяси шығармасы, саяси өнердің өзіндік бір энциклопедиясы болған «Артхашастра, немесе Саяси ғылымындағы» патшалық өкімет тұсындағы саяси басқарудың теориялық-қолданбалы принциптерін атақты итальяндық ойшылы Никколо Макиавелли мың жарым жылдан кейін ХУ1ғасырда ғана бұл принципті өзінің «Тақсыр» деп аталатын белгілі еңбегінде қарастырып, талдау жасаған. Бұндай көзқарас, әрине, саясаттануда үлкен бетбұрыс жасайды. Ал, орта ғасырдағы саяси ойдың дамуы туралы сөз болғанда, батыстың саяси ойына негізінен христиан діні мен Рим шіркеуінің күшті ықпалын алға тарта беретінініміз анық. Осы аталмыш оқу құралында орта ғасырлық Шығыстағы саяси ойдың тарихи дамуы тек Шығыстың ғана емес, Еуропаның, жалпы бүкіл адамзаттың әлеуметтік-саяси іліміне қосылған үлес болды деп тұжырымдап, автор оның аса көрнекті өкілдері әл- Кинди, Бируни, әл- Фараби, Ибн Сина, Омар Хайям, Ганджеви Низами, Әлішер Науаи және басқаларының еңбектерін талдайды. Бір ғажабы, бұл еңбекті оқи отырып, аталған Шығыс оқымыстыларының деңгейі  осы дәуірдегі батыс ойшылдарынан әжептәуір жоғары екендігіне көзің жетеді. Бір ескертетін жай, автор екі өңірдің ғалымдарының еңбектерін талдай отырып, оларды бір- біріне қарсы қоймай, олардың арасындағы сабақтастықты баса көрсетеді. Қазақстандық саяси ойдың тарихына келгенде автор тағы да өзіндік тәсіл ұсынады. Отандық саясаттану оқу құралдарында қазақ халқы тарихында аса ірі ойшылдардардың қатырында әл- Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қащғари, Қожа Ахмет Иассауиді, одан кейін Шоқан, Абай, Ыбырайды ғана атайтынбыз. Аталмыш оқу құралында қазақ жеріндегі саяси ой тарихын әріден, У111-1Х ғғ. бастап, автор Қорқыт Ата адамдардың, халықтардың бостандығын, еркіндігін, достығын, жақсылығын, патриотизмі мен адамгершілікті, махаббаты, адалдықты, ептілікті, әдептілікті, үлкенді құрметтеуді, кішіпейілділікті, т.б. толып жатқан әлеуметтік саяси мәселелерді жырлағанын паш етеді. Сонымен бірге оғыз -қыпшақ жұртының дәстүрлі әлеуметтік -саяси өмірін, халықтардың, адамдардың мінез-құлқын, қарым- қатынасын,, т.б. көптеген әлеуметтік-саяси түсінік ұғымын зерттеген. Оның жырындағы ел қорғау, күллі оғыз-қыпшақ елінің топтасқан  бірлігі, достығы, беріктігі, ар- намыс үшін күресу, ізгі ниетті болу, тәрбие, бейбіт өмір мәселелері жөніндегі ой- пікірлері мәңгі асыл қағида, әлеуметтік-саяси мұра. Қорқыт Ата бүкіл Шығыстың, Қазақстанның әлеуметтік- саяси ойларының жинақталған ұлы тұлғасы. Сондықтан да оның әлеуметтік саяси идеялары тек Шығыстың ғана емес, Еуропа халықтарының да ортақ игілігі болып табылады деп тұжырымдалған. Профессор Р.Б.Әбсаттаровтың бұл жаңа оқу құралының ерекшелігі – оның ірегелілігі,  жүйелілігі, мәселелердің, проблемалардың нақты қойылуы мен барынша ашылуы болып табылады. Бұнда ХХ1ғасырдың басындағы болмысына сәйкес саясаттанудың негізгі ұғымдары мен әдістер жүйесі, саясаттанудың саяси технологиясы ашып көрсетілген. Отандық және шетелдік бай материалдардың негізінде оқырманға Қазақстан мен әлемдік қауымдастықтағы саяси дамудың өзекті мәселелерінен жан-жақты мағлұмат алуына жәрдемдесетін саяси құрылымдар мен процестер, билік пен басқару қатынастары және басқа да мәселелер туралы  кең сипатталған. Сонымен бірге саясаттанудың жете зерттелмеген проблемалары мен дискуссиялық мәселелеріне де айтарлықтай көңіл бөлінген. Екі томдықтың бірінші томында мынадай өзекті мәселелер қарастырылады: саясаттану ғылым; саяси ғылым тарихы; саясат қоғамдық өмір жүйесінде; саяси билік; саяси режимдер; қоғамның саяси жүйесі; мемлекет және азаматтық қоғам; саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, қозғалыстар; саяси элита және саяси көшбасшылық; саяси процесс; саяси сана; саяси мәдениет; тұлғаның саяси әлеуметтендірілуі; саяси технологиялар. Ал, оның екінші томында саясаттанудың  әлеуметтік- этникалық қауымдастықтар және ұлт саясаты; саяси оппозиция; саяси жанжалдар және оларды шешу жолдары; саяси тұрақтылық және ұлттық қауіпсіздік; адам құқықтары; саяси маркетинг; халықаралық қатынастар, саяси басқару; салыстырмалы саясаттану; саяси болжамдау сияқты өзекті мәселелері қарастырылады. Атап өту керек, оқу құралы Қазақстан Республикасы мен Еуразия елдерінің Мемлекеттік Білім беру стандартына сәйкес әзірленген. Онда Мемлекеттік стандартта көрсетілген, оның оқу курсын студент оқып үйрену барысында мазмұнын меңгеруі тиіс саясаттану бойынша мәселелер барынша қарастырылады. Саяси қатынастар проблемаларын теориялық тұрғыда баяндаумен қатар, оқу құралында қазіргі Қазақстан қоғамындағы оның ерекшеліктерін ашуға да жете көңіл бөлінген. Сонымен қатар, оқу құралында жеткілікті дәрежеде айқындалмаған, әлі де пікір- талас тудыратын мәселелер мен түбегейлі зерттелмеген проблемалар да қозғалып, олардың шешу жолдары қарастырылады. Бұл оқу құралының тағы бір ерекшелігі - ол оның кешенділігінде, яғни, студенттерге тек дайын материалдар ғана ұсынып қоймай, олардың осы пән бойынша өзінің жеке білім деңгейін объективті анықтауына, оқу құралымен өз бетінше жұмыс жасауына мүмкіндік беру. Себебі, қазіргі кездегі негізгі талап - бағдарламалық материалдармен өз бетінше жұмыс істеуде студентке жәрдем беру болып табылады. Сондықтан да ол студенттердің семинар мен баяндамаға даярлануына, рефераттар жазуына, саясаттану бойынша сынақ пен емтиханға даярлану барысында ыңғайлы да тиімді оқу құралы болып табылады. Мұнда көмекші материалдар мен дискуссиялық тақырыптар молынан қамтылған. Сондай-ақ саясаттану пәнінің тақырыптары бойынша қосымша тестердің сұрақтары мен жауаптары студенттердің емтиханға дайындалуына көмек ретінде берілген. Тестілердің басты міндеті - бұл студенттердің саяси білім деңгейін бақылау, олардың өзін-өзі байқауы мен бағалауды қадағалау. Бұл саяси ғылымды меңгеруге талаптанған барлық студенттерге барынша көмек көрсететіні анық. Айта кету керек, осы ұсынылып отырған екі томдық оқу құралы автордың жиырма жылдай уақыттан бері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқып келе жатқан лекция курстары негізінде әзірленген. Оның мазмұны университетте саясаттану пәні бойынша қабылданған оқу бағдарламасына байланысты білім беру процесінің  логикасына сәйкес келеді. Шын мәнінде, бұл  оқу құралында әлемдік, еуразиялық және отандық саяси ғылымның жетістіктері, әр жылдарда жарық көрген саясаттану бойынша оқу құралдары мен монографиялардың материалдары кеңінен қолданылған. Жалпы алғанда, профессор Р.Б.Әбсаттаровтың екі томдық оқу құралы саяси ғылымды меңгеруге тырысатындардың бәріне, бәрінен бұрын қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистрлері мен докторанттарына барынша жәрдемін тигізеді деп ойлаймыз. Қорыта айтқанда  белгілі саясаттанушы ғалымның бұл жаңа еңбегі тәуелсіз Қазақ елінің саяси ғылымының одан әрі дамып, өрістеуіне қосқан үлкен үлесі деп бағалауымыз керек. Алғаш рет қазақ тілінде саясаттанудан жарық көрген екі томдық оқу құралы кең, ауқымды, іргелі, кешенді және ғылыми мәні зор еңбек. Сондықтан да, айта кететін жәйт, осы оқу құралын мемлекеттік сыйлыққа ұсынуға лайықты деп есептейміз.

11404 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз