• Ұлттану
  • 07 Наурыз, 2012

Қазақстан халқы Ассамблеясының ел азаматтарына ҮНДЕУІ

Құрметті отандастар! Қадірлі азаматтар! Мемлекет басшысы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Онда Қазақстан дамуының жаңа кезеңі – бұл экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттерін шешу болып табылады деп көрсетілді. Бүгінгі әлемде бұл – әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың басты мәселесі. Ел Президенті 2015 жылға қарай жоғары табысты елдер қатарына ену міндетінен бастау алатын алдағы кезеңдегі мемлекет дамуының басты басымдықтарын айқындап берді. Ол өз сөзінде «Қазақстан ынтымағы мен келісімі жарасқан әлеуетті мемлекетке айналды», деп атап көрсетті. Президент Н.Ә.Назарбаев, «Біз қайшылықтар мен өзгерістерге толы күрделі кезеңде өмір сүрудеміз, әлемдік дағдарыс әлі 5-6 жылға созылуы мүмкін», деп атап өтті. Елбасы Қазақстан мен оның халқының ең қажетті әлеуметтік-экономикалық сұраныстарын көрсететін 10 жаңа стратегиялық бағыттарды ұсынды. «Бүгінде күллі әлем және әрбір мемлекет қуатты жаһандық және ішкі қатерлерге жауап табулары маңызды. Әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың он бағыты бойынша міндетті орындай отырып, біз экономиканы нығайтамыз, қоғамды тұрақты етеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз», деді Президент. Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыруды жалғастыруды, білім беру мен жұмысқа орналастыруға, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетудің тиімді жүйесін құруды және еңбек ресурстарының жинақылығын қамтитын жаңа кең көлемді жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруды тапсырды. Осы бағдарлама аясында 2020 жылға дейін 1,5 млн. адам сапалы жұмыс орнымен қамтылатын болады. Үстіміздегі жылғы 1 шілдеге дейін әзірленуі тиіс «Қолжетімді баспана- 2020» жаңа бағдарламасы көпшіліктің қызу қолдауына ие болды. Бағдарлама аясында жарты миллионнан астам жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешімін табады. Осы міндетті шешу үшін 1 млн. шаршы метрге дейін жалға берілетін тұрғын үйлерді қолданысқа енгізіп, оны іске асырудың екі механизмін: сатып алу құқығымен және мұндай құқықсыз ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы аймақтарды дамытудың маңызын атап өтті. Қуатты Қазақстан – бұл жаңа зауыттар салынған, жұмыс орындары ашылған, әлеуметтік инфрақұрылымдары дамыған мықты аймақтар, кіші қалалар. Ол электронды үкіметті дамыту арқылы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруды, әкімшілік процедураларды жеңілдетуді, халықтың компьютерлік сауаттылығын жетілдіруді тапсырды. Кадрлық әлеуетті дамытудың негізгі міндеті – жоғары сапалы саяси басқа­рушылар тобын – ХХІ ғасырда Қазақстанды алға бастайтын, басқарушы элитаның негізін құраушы – президенттік кадрлардың корпусын дайындау. Басқа міндеттер арасында сот және құқық қорғау жүйелерін, сот корпусын құруды жаңғырту, Қазақстанда адам капиталының сапасын арттыру, зейнеткерлік жүйені, индустриялық-инновациялық жобалар және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бар. Жолдауда ерекше назар халықтың денсаулығына, адам өміріне қатер төндіретін аурулармен мақсатты түрде және тиімді күресу мәселесіне аударылды. Сонымен қатар, Елбасы кешенді жоспар негізінде білім саласында, халықтың негізгі рухани құндылығы – отансүйгіштік, этносаралық келісім, толеранттылық пен қарым-қатынас мәдениеті, ізгілікке тәрбиелеуді күшейтуді белгіледі. Президент, әлеуметтік жаңғырту – жаңа Парламент пен Үкіметтің қызметіндегі, Қазақстанның барлық басқарушы күшінің негізгі міндеті деп айқындады. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің барлық азаматының және әр адамның тағдырына қатысты айтылған жаңа Жолдаудың бағыттарын толықтай қолдайды. Біз ел бірлігі мен қоғамдық келісім мемлекеттің тұрақты дамуының, Қазақстан халқының бақытты болашағының кепілі екеніне сенімдіміз. Тарих дәлелдеді – біздің Президентіміздің саясаты Қазақстан халқының экономикалық, әлеуметтік даму жолында, демократиялық мемлекет құруда алға басуға мүмкіндік берді. Ел Елбасының басшылығымен ғаламат әлемдік экономикалық дағдарыстан шығып, Қазақстан халқының болашақ ұрпақтарының тағдырына бүгінгі жетістігі әсер ететін үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың жауапты кезеңіне бет бұрып отырған кезде Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық күшті бірлік пен келісімді қамтамасыз етуге, елімізді, халқымызды алға бастап, тарихи тұрғыдағы мәселелерді шешуге қабілеттілігін жұмысымен дәлелдеген Ұлт көшбасшысының бастамаларын қолдауға шақырады. Жақында өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутаттар сайлау қорытындысы Қазақстан азаматтарының Президенттің саяси бағытына сенімі мол екенін дәлелдеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы барлығымыз жұдырықтай жұмылып, Ұлт көшбасшысының бастамасымен тұрақты, дамыған және әлем мойындаған Қазақстанды құратынымызға сенімді. Астана, 2012 жылғы 27 қаңтар.

371 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз