• Ұлттану
  • 11 Қараша, 2014

Бауыржан Момышұлының есімі жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу құралы

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігіне қол жет­­кіз­геннен кейін, осы тәуелсіздіктің тұрақ­танып ны­ғаюын­да экономикалық қуатты­лық, саяси-әлеуметтік тұрақ­тылық сияқты көздер­мен бірге қазақстандықтардың  париоттық рухын қалыптастырып, дамыту мәселесі де басым бағыт­тар қатарында саналады. Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Қазақ­стан­ның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін қа­лып­тастыру – басты мін­дет­теріміздің бірі», – деп айтқанындай, жас ұрпақтың  бойын­да па­триоттық рух қалыптастыру және дамыту аса өзектілікке ие болуда.


Отанды сүю, туған елге  деген сүйіспеншілік – халқы­мыздың ежелден қаймағы бұзылмай келе жатқан тарихи дәстүрі, өмір ережесі. Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқының арғы-бергі тарихына көз салсақ, бір күнде, бір мезгілде ата ұранымен жиналып, топтастырылатын сарбаздар, негізінен, сыртқы жаудан қорғайтын, қорғану мақсатында ұрысқа шығатын, ал, соғыс біткен күні тарап кететін ерекшелік тән. Тарихта қазақ халқының өзге елге бас­қыншылық соғыс жүргізгені болған емес. Ал, өз елі мен жерін қорғау жолында қазақ сарбаздарының көзсіз батырлығы мен қайталанбас ерлігін, Отанын жанындай сүйіп, көзінің қарашығындай қорғайтынын жау­лардың өздері де мойындаған. Тіпті, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ жауынгерлерінің  нағыз патриоттық ерлігі туралы көр­некті жазушы И. Эренбург өзінің 1942 жылы жарық көрген «Қа­зақтар» деген очеркінде бойлары 160 см тө­ңі­­регіндегі қорқу дегенді білмейтін қазақ жігіт­терінің қай­сар ерліктері мен табан­дылығы фашистерге қатты үрей туғы­затынын жаза келіп: «Бір фриц маған: – Бізге қарсы аса қорқынышты солдаттар тап болды – оларды ешқандай оқ та, от та тоқтата алмады, олар тура бізге қарсы жай­пап ке­терліктей жүгірді», – деді деп ерекше таң­данып жазған еді. 
«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ хал­қы­ның ерлік рухы мен дәстүрі – елге деген сүйіспеншілікті ең биік құндылық етіп санауында болса керек. Бұл турасында Елба­сымыздың мына сөздері дәйекті ақиқат бола алады: «Менің бабалары батыр, аналары дана халқым бар. Тағдырдың талай тау­қыметін мойымай көтерген, өмірдің небір шыр­ғалаң кезеңдерінде небір аласапырандарды басынан кешірген төзімді халқым бар... Талай жаудың меселін қайтарып, ел іргесін сөгілтпей, жерін жауға бермей, аман алып қалған батыр халқым бар». Елбасымыздың бұл тебіреністі сөз­дері қазақстандықтарды па­триоттық рухқа шақырады. Патриотизм де­геніміз – әке-шешеңді құрметтей білу; ауыл-аймағыңды ардақтай білу; өз ұлтыңды сүю, ана тіліңді ардақтау; өз халқыңның өткен жолын (тарихын) құрметтеп, оған тіл тигізбеу; өз отаныңды жаудан қорғау екендігін кезінде Бауыржан Момышұлы  ұрпаққа өсиет етіп кеткен.
Елбасымыз отандастарымызды патрио­тизмнің қоғам­дағы тұрақтылық кепілі екеніне баса назар аудара отырып, оның өзі жаңа қа­зақстандық патриотизм екенін атап айтты. Қа­зақстандық патриотизм – кең, ауқымды  ұғым. Ол Отанды сүюдің неден көрінетінін анық­тайды. Атап айтқанда: қазақстандықтардың бірлігі, ынтымақтастығы, татулығы; ана тілді, төл мәдениетті, халықтық дәстүр-салтты, туған жерді сүю; өзге халықтардың тіліне, мәде­ние­тіне, дәстүр-салтына құрмет; құқықтық мә­де­­­ниет­тілік, сыбайластыққа, жемқорлыққа қар­­сы күрес, діни экстремизмдерге және түр­лі қоғамға жат ағымдарға беріл­меу, шынайы рухани-адамгершілік туын биік ұстау, эко­логия­лық мәдениеттілік, экономикалық сау­ат­тылық, төзімділік, өз бетінше өмір сүре білу, өз бетінше адал еңбек ету, өз бетінше шешім қа­был­дай білу, өз бетінше үздіксіз білім алу дағ­дыларын меңгеру, нарықтық қоғамның даму заңдылықтарын білу, бәсекеге қабілетті болу т.б. Бұның бәрі де, түптеп келгенде – патриотизмнің құрамдас бөліктері. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген Бауыр­­­жан Момышұлының сөздері  бар.
Бауыржан Момышұлының өмірі – өнеге, жазған мұралары – патриоттық өсиет. Бауыржан Момышұлының өнегелігі сол, ол – елі мен туған жерін нағыз сүйген, оған қашан да адал қызмет еткен, сын сағатта оны жан аямай қорғаған және қол бастап, жауды жеңуге ерен үлес қосқан ер. Бауыржан Момышұлы өмір сүрген заман айқас пен шайқасқа толы дүрбелең еді. Ұлы Отан соғысы тап болды. Соғыс – елдік пен ерлікке сын. Бауыржан халқының ерлік, адамгершілік, әділдік рухымен өзі де қаруланды, сарбаздарын да сол рухқа шақырды. Оның адалдығы азаматтығымен ұштасып жатты. «Ар, намыс, адам­гершілік, ақ ниет, адалдық – алдымызда темір қазықтай жарқырап, шөлдегенде сусын, қалжырағанда қайрат, шаршағанда шабыт, ашыққанда арымызға ақ малтадай азық, белімізге тірек, көңілімізге қорек, болдырғанда ұс­тап мінген төл аты­мыздай болды», – деп жазды батыр-жазушы. Қазақ халқының жауынгерлік салт-дәстүрі, жаужүрек батырлығы мен ерлігі, қаһармандығы, қолбасшылық қабілет-дарыны, әскерлерді ерлік жасай білуге жұмылдыра білу қасиеті, шешендігі мен әмір ете білу құдіреті Бауыржанның қолбасшылық тұлғасында ерекше толымдықпен көрініс тапты.
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы өзінің «Москва үшін шайқас», «Генерал Пан­­филов», «Қанмен жазылған кітап» т. б. кітаптары арқылы ұр­пақтарды отан­сүй­гіштікке тәрбиелейтін бас тәрбиеші де бола алды. Оның «Ел дегенде емі­реніп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет», «Тәр­биелі адам – тәртіптің құлы, тәртіпті адам – елдің ұлы», «Отан үшін отқа  түс – күймейсің!» т. б. өсиеттері Отанды қастер тұтуға шақырады. Батыр Бауыржан жас­тарға адамгершілік пен ерлікті өсиет етіп, келешек ұрпақтың елін, Отанын, халқын шын сүйген ерлер болып қалыптасуын қалады. Атақты генерал И. В. Панфилов Бауыржан Момышұлының халқына, еліне адалдығын, шынайы отаншылдық сезімін құрметтеп, мақтан тұтып кетті. Орыс жазушысы Александр Бек соғыс кезінің өзінде-ақ «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») романын жазып, патриотизмнің үлгісі ретінде Бауыржан Момышұлының мәңгі өлмес қаһармандық бейнесін жасады.
Халық батыры Бауыржанның тау тұл­ғасы оның 2010 жылы мерекеленген 100 жыл­ды­ғына орай жарияланған өзінің 30 томдық шы­ғармаларында айқын танылса, ұлы Мұхтар Әуе­зовтың «Намыс гвардиясы» атты пьесасына, үл­кен қаламгер Тахауи Ахтановтың  Бәукеңнің Мәс­кеуді қорғаудағы ерлігіне ар­нал­ған романына,  Әзіл­хан Нұршайықовтың «Ақи­қат пен аңыз» романына, белгілі жазушы, батырдың қандыкөйлек майдандас досы Дмитрий Снегиннің Бәукең туралы кітабына, т. б. көрнекті шығармаларға арқау болды. 
Біздің Республикамыздың бүгіндері әлем та­ны­ған қуатты елге айналуы, әлемдегі дамыған елу елдің қатарына көтерілуі, ендігі жерде ең озық отыз ел сапына бағыт алған Даму Стра­тегиясының  жүзеге асырылып жат­қан­­дығы, 2012 жылғы олимпиада ойындарында 200-дей елдің ішінде он екінші орыннан көрінуі, «ЭКСПО – 2017» әлемдік жаңа технологиялық көрменің Астана қаласында өткізілу құқын жеңіп алуы, өмір сапасының еселеп артуы, тағы басқадай та­быс­тарымыз – ұлы патриотизмнің жемісі. Елбасымыздың «Қазақстан  жолы –2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!» атты Қазақстан халқына жаңа Жолдауында айқындалған Даму Стратегиясы – алдағы патриоттық рух сал­тана­тының көзі, жеңістеріміздің кепілі! Н. Ә. Назарбаев: «Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің ке­ле­шегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қасиетті өсиетіміз деп білейік. Отанын Бауыр­жан Момышұлындай сүюді өнеге етіп қал­дырған басқа қаламгер жоқ» – деп айтқандай, Бауыржан Момышұлының отаншылдығы патри­от­­тық тәрбиеде баға жетпес құнды құрал болып та­былады.

 Зәріп САБЫР,
№ 225 қазақ орта мектебінің мұғалімі.
Қызылорда облысы,
Қазалы ауданы

923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз