• Ұлттану
  • 16 Қараша, 2014

Қазақстан мен Румыния арасында өзара құқықтық көмек туралы келісім жасалды

Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек, қолға түскен қылмыскерлерді беру және сотталған адамдарды беру туралы үш мемлекетаралық келісімшартқа қол қойылды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен. 

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Асхат Дауылбаев Румынияға сапары барысында осы елдің Әділет министрлігінің мемлекеттік хатшысы Симона-Майя Теодороюмен келіссөздер жүргізді. 

«Кездесу барысында сұхбаттасушылар қылмысқа қарсы іс-қимыл жасау, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік салаларында одан әрі ынтымақтасудың келешегі жөніндегі мәселелерді талқылады. Оның қорытындысында Қазақстан Республикасы мен Румыния арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек, қолға түскен қылмыскерлерді беру және сотталған адамдарды беру туралы үш мемлекетаралық келісімшартқа қол қойылды», делінген хабарламада.

Қазақстанның бас қадағалау органының басшысы атап өткендей, бұл біздің ел үшін еуропалық қауымдастықпен жақындасу жолындағы кезекті және аса маңызды қадам болды, себебі Румыния Қазақстанмен қылмысқа қарсы күрес саласындағы мемлекетаралық шарттардың барлығына қол қойған еуропалық мемлекеттердің қатарына қосылды.

Тараптар қол жеткізілген келісімдер екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының ынтымақтастығын нығайтуға және Қазақстан мен Румыния азаматтарының конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісіне маңызды үлес қосуға бағытталғандығын атап өтті.

Сонымен қатар А.Дауылбаев аталған келісімшарттардың бекітілуі Қазақстанның құқықтық жүйесінің қарыштап дамып келе жатқандығының және біздің елімізде адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ететін халықаралық үлгідегі көпшілік мойындаған құқықтық тетік құрылғандығының белгісі болып табылатындығын атап өтті.

Қазақстанның Бас прокуроры өз сапары барысында Румынияның Бас прокуроры Тибериу-Михаил Нитумен де кездесті. Тараптар халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстың алдын алу және оны болдырмау бойынша үйлестірілген іс-қимыл жасаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге бекітілген келісім-шарттарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, екі мемлекеттің қадағалау органдарының қалыптасуы мен даму тәжірибелері бойынша ақпарат алмасты, сондай-ақ бұдан арғы ынтымақтастықтың келешегі сараланды.

ҚазАқпарат

283 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз