• Келелі кеңес
  • 18 Желтоқсан, 2014

АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК, КИБЕР СОҒЫС ЖӘНЕ БАҚ ЖАУЫНГЕРЛЕРІ

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері, 
халықаралық журналист

Қауіпсіздік мәселесін сөз еткенде біз ең алдымен «соғыс» деген ұғымды көз алдымызға елестетеміз. Қазір соғыссыз, бейбіт заман. Ешкім қару асынып, танк­терін айдап, ұшақпен бомбалап шекарамызды бұзып келіп, басып алып  жатқан жоқ. Бірақ, бұл жау-жардан мүлде адамыз деген сөз емес. Есесіне мылтықсыз майдан қызып тұр. Қазіргі соғыс бұ­рынғы соғыстан өзгерек. Бүгінгі әлем оқ атпай отарлайтын ақпараттық соғыс заманы. 


Жаңа дәуірдегі компьютерлік, ақпа­рат­­тық-желілік «соғыстың» басты ерек­шелігі – ол тыл мен майданға бөлін­бей­ді және онда шекара жоқ. Сондықтан, дәстүрлі соғыстарға қарағанда қаржы аз жұмсалғанымен қаупі мен зардабы ұшан-теңіз. Себебі, бұл соғыста адам баласы көпе-көрінеу оққа ұшып, шейіт болып, жарақат алып, мүгедектікке айналмаса да сананы улайтындығымен бұрын­ғысынан әлде қайда қатерлі. Тән жарасын емдеуге болады, ал, жан жарасы мен рухани мүгедекті сауықтыру қоғам үшін аса қымбатқа түсетінін ерте бастан түсінуіміз керек.  
Қазіргі ақпараттық технологияның көп­теген пайдасы мен артықшылықтары  бар. Оны әуелгі кезекте санамалап өтейік: Бі­рінші, жеделдік, екінші, экономикалық тиімділігі мен үнемділігі, үшінші, алыс қашықтықтан қызмет көрсете алатындығы, төртінші, ақпарат тарату мен қабылдаудың тұтастық сипаты, бесінші, ақпаратқа қол жеткізу, оны тұтыну мүмкіндіктің кеңдігі т.с.с. Осындай артықшылықтары мен игіліктеріне қарамастан ақпараттық технология арқылы атқарылатын қоғамдық түрлі қызметтер елеулі қауіп-қатерді де тудырып отыр. Осы себептен, қоғамдағы пайдалы іс-қызметтердің ырғақтылығын қамтамасыз ету, ықтимал шығын мен залалды азайту, инвестициялық тиімділік пен бизнес мүмкіндіктерін кеңейту үшін ақ­параттық түрлі қауіп пен зауалдардан қорғану қажеттілігі туындайды.
Жалпы, қазіргі таңда ақпараттық қауіп­ті айналып өте алмайтындай күр­делі кезеңде өмір сүріп отырмыз. Ең бергісі, жеке компьютеріңіздегі маңызды ақпаратыңыз өшіп қалса, бір өзіңіз ғана емес  оның зардабын ұжымыңыз, оған қатысты өзге де мекемелер тартады. Ал, егер мемлекеттік басқарушы органдардың бірі ондай жағдайға ұшы­раса, оның барлық құрылымдары жап­пай ауырпашылыққа тап болады. Елдің басты мәселелерін шешетін буын­дардың аппараттарындағы ақпа­рат­тардың ұрлануы, өшірілуі тіпті тө­тен­ше оқиға саналмақ. Себебі, ондай жағдай қоғам мүддесіне, ұлттық қауіпсіздікке, елдің тәуелсіздігі мен дер­бестігіне де елеулі нұқсан келтіреді. Олай болса, ақпарат дегеніміз белгілі бір ұйымның құнды мүлкі мен құрылғылары секілді іс-қызмет жүргізуге, жұмыстың қалыптылығын үйлестіретін негізгі капитал болып саналатындықтан, ол – міндетті түрде қорғалуы қажет. Бұрын біз ақпаратты қағаз бетіне түсіріп, сақтап, өзгеге таратып келдік. Қазіргі таңда компьютер, интернет желілерінің қолданысқа кеңінен енуі оны электрондық, онлайн түрдегі ресурс ретінде сақтап, таратуға көштік.     
Бүгінгі таңдағы ақпараттық жүйе аса күрделі әрі синтездік сипатта көрініс таба­тындықтан кейде адам факторынан тыс қауіптерді де тудыратын болды. Қазіргі әлем елдерінің байланыс пен қарым-қатынас құралы – Интернет болғандықтан оған ірілі-ұсақты миллиондаған жүйе өзара тіркеліп, қосылады. Нәтижесінде, қыруар уақыт пен шығын үнемделгенімен қаскөйлердің қылмыстық жолмен пайда табуына да мүм­кіндік беріп отыр. Сондай-ақ, алапат қиратуларды әкелетін зиянды бағдарламалар да интернет арқылы кең таралып жатыр. Интернетте мемлекеттік шекара мен шектеу атаулы болмайтындықтан ақпараттық қауіпсіздік мәселесі – бірер ұжым, аймақ, құрлық немесе жеке бір мемлекеттің ғана проблемасы емес. Бұл шын мәнінде, бүкіләлемдік өткір мәселеге айналды. Компьютер, ақпараттық-же­лілік соғыстың зардабына келсек, табиғи апаттан кем түспейтін жайы бар. Тіпті, оны жаппай қырып жоятын атом, ядролық қарудың ықтимал қаупімен де салыстыруға болады. Ақпарат – әскери командалауға (бұйрық) да ауадай қажет екенін білеміз. Егер, ақпарат болмаса, бес қаруы сай қандай керемет жасағың да тырп ете алмай қалады. Олай болса, компьютер, ақпараттық-желілік жүйедегі қауіпсіздік мәселесі қорғаныс саласында да елеулі рөлге ие болады.  
Жаңа ғасырда ғылым мен технология қарыштап дамудың биік белестерін бағындырды. Коммуникация, ақпарат алмасу мүмкіндік пен жеделдік мейлінше артып, көз жетпес алып әлемді барынша «кішірейтіп» алақанымызға са­лып берді. Нәтижесінде, еларалық, ұлт­­­аралық байланыс мейлінше ны­ғайып, қоян-қолтық араласып «дос­пен» де, «дұшпанмен» бетпе-бет келетін бол­дық. Ақпараттық соғыстың сипаты, шеңбері, алаңы компьютерлік техника, бағдарламамен қамтамасыз ету секілді уақытпен жарыса дамып отыр. Даму барысында жаңарып, өзгеріп барған сайын күрделене түсуде. Осының өзі істі қалыпты түрде  жүргізудің, қауіптің алдын алудың  техникасы мен тәсілдерін қысқа мерзімде жедел жасап жетілдіруді талап етіп отыр. Ақпараттық техника құралдарына, желілерге, бағдарламамен қамтамасыз ету қызметтеріне қасақана шабуыл жасау – ұлттық қауіпсіздікке, қорғаныстық қабілетке зауал төндірумен қатар еліміз­ге қарсы қолданылатын күрес пен теке-тірестің бір түрі екендігін де жоққа шы­ғара алмаймыз. Компьютерлік, ақ­­­па­­раттық-желі арқылы жүретін со­ғыс­­­тың құралы ядролық шайқаспен салыс­­тырғанда оның қамтитын аумағы, мерзімі, зардабы мен шығыны тобымен емес, жаппай қырып күйрететін сипатты танытып отыр. «Жаппай қырып-жою» қаруының түрі ретінде ендігі жерде ақпараттық жүйені де жатқызбасқа лаж жоқ.    
Компьютерлік, ақпараттық-желі соғы­сының өзіндік шабуыл түрлері бар.  Атап айтқанда: Бірінші, E-mail (электрондық пошта) хат түріндегі шабуыл; екінші, DOS-шабуыл; үшінші, компьютер вирус­тарының шабуылдары. Оның салдарынан:
* Ақпараттық қорлар зақымда­ла­ды; 
* Ақпараттық қызмет үзіледі; 
* Ақпаратты олжалау, ұрлау орын алады. 
Технологиялық прогрестің тағы бір жетістігі болып саналатын әлеуметтік желілердің (facebook, myspace, biznetwork, ВК т.с.с) де пайдасы мен зияны бірдей болып отыр. Оның салдарынан азаматтары­мыз жеке құпияларынан айырылумен қатар кері әрекеттерге, қылмысқа, бейбе­рекет­тікке, діни секталарға да тартылып жатыр. Ақпараттық қызметті үзіп тас­тайтын шабуылдардың да зардаптары баршылық.  Зерттеушілер ұсынған мәліметке қарағанда, улы кодтардың 60 пайызын АҚШ және Еуропа одағы елдері, 25 пайызын ҚХР,  15 пайызын өзге елдерінен жіберіледі екен. Бұл тек біздің ел үшін ғана қауіпті құбылыс емес. Улы кодтардың белсенділігі барған сайын артып келе жатқандығы ғаламдық проблема. Бұл трансұлттық деңгейдегі ұйымдасқан қылмыс болғандықтан оны­мен бүкіл әлем болып күресіп, ақпа­раттық қауіп­сіздікті күшейтуді талап етеді. 
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін айт­қанда одан БАҚ саласын тыс қалдыра алмаймыз. Мынандай бір әңгіме бар. Ресей-Грузия соғысы тұсында бір дамушы елдің телеарнасы бір күні Ресейді жақтаса, келесі күні Грузияны жақтайды екен. Осылай алма кезек жүре берген. Себебін білуге барғандарға белгілі болғаны, телеарнада екі аудармашы кезектесіп жұмыс істейді екен. Бірі – Ресейде білім алған орыс тілді, келесісі – АҚШ-та білім алған ағылшын тілді. Ақпарат көзі қайдан болса, көзқарас та содан бастау алады ғой. Негізі, оқиға орнында өз тілшісі болып, әр ел әлемге өз терезесінен қарағанға не жетсін. Ал, біздің ақпарат құралдардың қай елде қанша тілшісі бар? Әрине, санамалап бере алмаймыз. Ары кетсе, 2-3-ден аспайды. Негізінен, қазіргі редакциялар мен телекомпаниялардың басты дерек көздері – ресейлік агенттіктер. Сонда, әлемге әлі де болса Ресейдің терезесінен қарап, баға беріп отырмыз. Түптеп келгенде, сөз бостандығы дегеніміздің өзі бұлжымайтын дәл дерек пен шынайы ақпараттан өзге ештеңе емес. Барды бар, жоқты жоқ деп қана айтатын, дерекке өз көзқарасымыз бен субьективтік пікірімізді тықпаламайтын болсақ тәуелсіз журналист деген сол. Кейде оппозициялық басылымдарды тәуелсіз баспасөз деп ұғамыз. Ол да қате! Олар бар болғаны, балама ақпарат пен өзге көзқарас біл­діруші топтар. Ол да керек. Қоғамда пікіралуандығы болмаса, «бір дауыспен, бір әнмен» алысқа шаппаймыз. Оған мысал – жетпіс жыл жырлаған «әніміз» бүгін қай бұрышта қалды? Сондықтан, журналист үшін ең қымбаты деректің дәлдігі мен ақпараттың шынайылығы, оқиғаның боямасыз көрінісі. Қалғаны, үгіт-насихат, саяси қырт әңгіме. Ендеше, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін сөз еткенде БАҚ-да жұмыс істейтін мамандарды даярлау ісіне әдістемелік тұрғыдан шұғыл бет­бұрыстың жасалуы талап етіліп отырғанын естен шығармауымыз керек. Ол үшін ең алдымен ондаған жылдар бойы қолданылып келген, ішінара әлі де өз күшін жоя қоймаған кеңестік жүйе­сінің көне тәсілдерінен түбегейлі бас тартып, әлемдік қалып (стандарт) үлгілерін қабылдағаннан басқа жол жоқ. Себебі, қазірдің өзінде білікті медиа-биз­нес­мендердің, БАҚ саласы менеджер­лері­нің жоқтығынан еліміз баспасөзі нарығында жарнаманың 49 пайызын ресейліктер иемденіп отыр. Бұл ресми мәлімет бойынша ғана. Ал, іс жүзінде одан көп болуы да мүмкін. Осыншама табыстан көпе-көрінеу айырылып оты­руымыздың өзі медиа-бизнеске бейім­дел­ген мамандардың жеткіліксіздігінде болса керек. 
Диплом алып жатқан ма­ман­дар көп болғанымен, оның бәрі БАҚ талаптарын қанағаттан­дыр­май­тыны да рас. Сондықтан, батыстық, америкалық озық тәжірибеге сүйен­сек, ұтылмайты­нымыз анық. Білім берудің батыстық үлгісінің озық болуының мәні мынада: 
* журналистік білім беру ісінде тәжі­рибеге басымдық беретіндігінде; 
* студенттің өз бетімен еңбек етуіне, шығармашылық еркін ой мен іскер­лік қабілеттілігін дамытуларына қолайлы жағдай тудыратындығында.  
Алайда, журналистік жоғары білім берудің әлемдік қалыптарын (стандарттарын) жүзеге асыруда елеулі қиындықтар бар. Ең ал­дымен ЖОО-ның материалдық база­сының сын көтермейтінін атап айтуға тиіспіз. Оның сыртында көп­те­ген университет ректорлары журна­лис­тика мамандығының өзіндік ерек­­ше­ліктері мен маңыздылығына айтар­­лықтай мән бермейді де. Соның сал­дарынан тәуелсіздік жылдарында ашылған факультет, кафе­драларда журналистика саласы бойынша білім беруді қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімін даярлаудың деңгейінде ғана қарастырды. Тіпті, жасырмай айтқанда, журналистика мен филологияны айыра білмейтіндер де баршылық. Олар қоғамда БАҚ-тың, жур­налистиканың рөлінің барған сай­ын өсіп келе жатқандығымен, оның де­мократиялық зайырлы қо­ғам­да «төр­тін­ші биліктің» дәрежесіне көтерілетін ық­палымен, қазіргі жа­һан­дану кезеңін­де ақпараттық майданда ашық соғыс­тың басталғаны­мен, оның өзі ұлттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етудің маңыз­ды бір бөлігі екен­дігімен санаса бер­мейді. Сонымен қа­тар, жергілікті уни­вер­ситеттердің жур­на­листика кафедраларын айтпағанда Астанадағы ЕҰУ-нің өзінде білікті ма­мандар жеткіліксіз. Сондықтан, мамандық пәндерін өзге саланың адам­дарына, көбінесе жур­на­листиканың теориясы мен практика­сынан бейхабар адамдарға беріп қоюы жоғарыда айтқан ойды нақтылай түседі. Мұндай жағдайда не істеу керек? Әрине, студенттердің өз бетімен жеке із­денулері арқылы олқылықтардың орнын толтыруға тырысудан өзге амал жоқ. Оның ең бір тиімді түрі – сапа­лы оқулықтар мен журналистика сала­сы бойынша жарыққа шығарылған ғылыми-зерттеу еңбектерді білім беру ісіне кеңінен тиімді пайдалану. Әсі­ре­се, студент жастардың журналистика теориясы мен тарихының іргелі туын­дыларымен етене танысуларына, зерт­теп, зерделеулеріне аса ден қою қажет болады. Себебі, олар университет қа­быр­ғасында жүргенде оқулықтар мен оқу құралдарын қазіргі заман талап­тарымен байланыстырып пайдалануға дағдылан­баса, ертеңгі күні БАҚ-қа барған соң әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді қорытуға қабі­летсіз болмақ. Шын мәнінде, ғылыми-зерттеу, талдау-сараптау тәсілдерін ерте меңгерген журналистер көбінесе БАҚ саласында өз қабілеттіліктерін тез таныта алады. 
Журналистиканың зерттеу мате­риал­дарының түп нұсқаларын жал­пы­ла­ма түрде ішкі және сыртқы деген екі объектіге бөлуге болады. Жаһандану дәуірінде өз деңгейімізді әлемдік үр­діспен салыстыру, өзіміздің қай тұста жүргенімізді бажайлау, өзгелерден үйрену міндетті түрде қажет етіледі. Оның сыртында, сыңаржақ идеоло­гия­ның құрсауынан құтылған Қазақ­стан бүгінде сыртқы әлемге өз бол­мы­сымен танылды, ашық қоғамға қадам басумен қатар көптеген игі бастама­ларға да мүм­кіндік ашып отыр. Қазіргі таңда әлемнің кез келген елінің кітап-құрал­дарын интернет желісі арқылы пай­далануға, білім беру әдістеме­лері­мен танысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қазақ жур­налистикасы да өзінің даму кезең­дерінде сан қилы зерттеу туындыларын жарыққа шығарды. Алайда, көп жағдайда журналист ға­лымдар өздері зерттеген салалары бой­ын­ша ғана оқулықтар мен оқу құ­рал­дарын әзірлеп шығарумен шек­те­ліп жүр. Журналистиканың теориясы, баспасөз дизайны, журналистика ме­нед­жменті, тележурналистика теория­сы мен тәжірибесі, медиабизнес, фото­жур­налистика, БАҚ заңдары мен құқық негіздері секілді көптеген сала­лар бойынша оқулықтарды айт­па­ғанның өзінде ғылыми мақалалардың өзі өте сирек кездеседі. Оның өзіндік себептері бар. Айталық: оқу процесіне күнделікті ара­ласып жүрген ғалым­дар­дың оқулық жазып әзірлеуге уа­қыттары жоқ; оқулық жазуға ниет­тенген авторларға көрсетіле­тін қолдау жоқ, атап айтқанда, жазған еңбегі үшін қаламақы төлен­бей­ді, өндірістен қол үзіп шығармашы­лық­пен айналы­суына мүмкіндік жасал­май­ды; жазған оқулықтары мен оқу құ­рал­дары уни­верситеттердің баспахана­ларын­да көп уақыт кезек күтіп, кешігіп жатады. Сондай-ақ, ғылыми кеңестер тақы­­рып бекіткен тұста ең өзекті әрі зерт­тел­мей жатқан тың салаларға жіті көңіл бөлмейді. Бір кездері баспасөз тарихы­на көбірек ден қойған болса, бүгінде «пәленшекеңнің публицис­ти­касы», «түгеншекеңнің редакторлы­ғы» секілді қамтитын аясы тар, ма­ңызы төмен та­қырыптармен тым ұсақталып кетті. Сон­дықтан, алдағы уақытта журналис­тика мамандығы бойынша магистрант­тар мен док­торанттарды қабылдағанда, олардың тақырыптарының өзектілігіне жіті көңіл бөлінуі аса қажет.
Аталмыш жайлардың бәрі де бо­ла­шақ журналистерді сапалы әрі қа­жетті оқулықтармен қамтамасыз етуге елеулі кедергі келтіріп отыр. Бүгінде жур­­на­лис­тика теориясының тұжы­рым­дама­ла­ры мен практикалық қызмет­терінің тәсілдерін реформалау қажеттіліктері туындап отырғанда ескі жүйе тұсында жа­рық көрген оқулық­тармен студент­тер­ді алдарқату қи­сын­сыз. Кеңес одағы тұсында жарық көр­ген, бір идео­логия­ның тар шең­бе­рінде тұншықтырылған, әлемдік озық ойдан алшақ, көбінесе компар­тия­ның кезекті съездері мен пленум­дарының шешімдерінен ұзын сонар сілтемелер жасалған, құрғақ уағыздардан тұра­тын оқу құралдары мен әдебиеттерді қазіргі жастардың талғам­дарына сай келеді деуге еш негіз жоқ. Сөйте тұра, оған балама оқулықтар ана тілімізде жасалып үлгермегендіктен ЖОО-ның көп лекторлары сол оқу­лықтарды немесе Ресейдің әдебиеттерін қол­дануға мәжбүр болып жүр. 
Журналистика мамандығына ар­нал­ған оқулықтардың жалпы мазмұ­ны­ның өзі студенттердің шығарма­шы­лық ой өрістерін кеңейтуге, сөй­леу және жазу мәдениеттерін арт­тыру­ларына ықпал етерліктей, оларды ақпарат алу жолын­дағы алғырлыққа, батылдыққа баули­тындай бағытта және жалпы базалық білім беретін пәндермен сабақтасар­лық­тай болуға тиіс. Оның сыртында журна­лис­тика факультеттерінде сөйлеу және қарым-қатынас мәдениеті, кәсіби этика, эстетика, әлеуметтік психология, сая­саттану, экономика, құқықтану секіл­ді пәндердің сапалы оқытылуына айрық­ша назар аударылуымен қа­тар, журна­листерді дәл осы салалар­дың базасында даярлау қажет деп білеміз. Журналист-құқықтанушы, жур­налист-экономист, журналист-сая­саттанушы, журналист-бағдарла­машы, т.с.с. қос ма­ман­дық бой­ынша даярласа, тіпті тиімді болар еді. 
Тәуелсіздік жылдарында жарық көр­ген оқулықтардың көбінен тәжіри­бе­лік іс қызметке қажет ақыл-кеңес­тер­ді, бүгінгі БАҚ тыныс-тіршілігінен жанды мысалдар мен жан-жақты мол мағлұмат­тар беретін тың ізденістердің ізін өте аз көреміз. Сондықтан, ЖОО-дағы әріптестеріміз Ресей оқулық­тары­на ғана бір жақты сүйеніп келеді. Осы орайда АҚШ журналисти­касының тә­жі­рибелік іс қызметке бейімделген, қыс­қа да нұсқа, күрделі ұғымдардың өзін қара­пайым тәсілмен ұтымды түсіндірген, көңілге қонымды әрі тартымды оқулықтарын аударып, қолданысқа енгізудің аса пайдалы екендігін атап айту ләзім. 
Журналистика саласы бойынша отан­дық ғалымдарымыз бен әдіскер­лері­міздің туындылары баршылық. Оны жоққа шығарудан аулақпыз. Алай­да, олардың бастырған оқулық­тарының таралымы аз болғандықтан, бір ғана оқу орнының аясынан шыға алмайды, өзге әріптестерге жетпейді. Сонымен қатар, журналистика саласы бойынша шығарылған оқулықтарға, кітаптарға, әдістемелік еңбектерге рецензиялар жа­зыл­майды, талдаулар жасалмайды, мер­зімді баспасөз арқылы насихаттал­майды. 
Сөз соңында, Білім және ғылым министрлігінің назарына үш маңызды ұсынысты жолдаған жөн деп білеміз: Біріншіден, журналистік білім бе­ретін ЖОО-да қолданылатын оқулық­тар мен әдебиеттер басып шығарумен тіке­лей айналысатын редакциялық алқа ұйымдастырылса. Олар баспаға әзір­лен­ген оқулықтармен алдын ала та­нысып, жарыққа шығарылуына рұқсат беретін механизмді қалып­тастырса. Мұндай ша­ғын штатты Астанадағы республи­калық «Оқулық» ғылыми-тәжірибелік орта­­лығының бөлімі етіп ашуға да болар еді. Екін­шіден, журналистиканың мем­ле­кеттік стандартына, білім беру сала­сына бақылау жасайтын білікті жур­налист маман инспектор тағайындау, министр­лікте тұрақты жұмыс істету қажет; Үшіншіден, журналистерді қазір­гі­дей қызыл тіл бе­зеп, құрғақ уағыз айтуға бейімдейтін ма­мандықтың ба­засында емес, керісінше, экономика немесе заң факультетінің ті­ке­лей бөліміне айнал­дырып өзгертсе, сон­дай-ақ, жеке факультет емес, керісінше, универ­ситет­тің дербес, дара кафедрасы етіп қайта жасақтаса, қазіргі БАҚ-дың талаптарына сай келетін сапалы мамандар даярлап шығаруға мүмкіндік туады. Сонда ғана БАҚ менеджменті жолға қойылады және шынайы қоғамдық пікірді қа­лып­тастыратын, ақпарат нарығында бә­секеге қабілетті журналистер қалыптаспақ.
Сайып келгенде, сапалы дайындалған мықты журналист мамандар еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сақтай алады деп білеміз. 

 

 

718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз