• Ұлттану
  • 28 Сәуір, 2012

Құрсауға түскен тағдырлар

Нұрлыбек Бапахов, ғылыми қызметкер

«АЛЖИР», «Қарлаг» - жан жүрегі - баласынан, қасындағы жарынан айырылып, олар талай ардақты аналарымыздың қасірет мекеніне айналған. Солардың азапты өмірлері қай адамды болсын бей-жәй қалдырмайды. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ сонау тоталитарлық жүйенің құрбаны болған, сталиндік зұлмат жылдарында жапа шегіп, еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері атылғаны былай тұрсын, олардың әйелдерін «халық жауының» отбасы мүшесі ретінде 5 немесе 8 жылға түрмеге қамаған еді. Расында да нәзік жанды, аяулы аналарымыздың тозақ қамауында көрмеген қиындығы жоқ. «АЛЖИР» лагерінде тұтқындар қара жұмысқа жегіліп, арықтар мен тоғанды қолдарымен қазды. Саман кірпіштер құйып, барақтардың, фермалардың сызбасын сызып, өз қолдарымен салды. Ақмоланың қысқы қақаған аяздарында мал бағып, тоңып қалмау үшін Жалаңаш көлінің жағасында қамыс шапты. Иықтарына түскен тауқыметтен қабырғалары қайысып, жандарына жара салған әділетсіздіктен жүректері сыздады. Жалпы, «АЛЖИР» Қарлагтың 26 нүктесі болса, Қарлаг – ГУЛагтың ең ірі әрі негізгі аймақтарының бірі екені тарихтан белгілі. Тіпті, ол мемлекет ішіндегі мемлекетке айналған үлкен империя еді. Лагерьдегі өте қатал тәртіп, мардымсыз тамақ, кездесу мен хат жазуға тыйым салу, күзетшілердің қорлығы өмірге деген құштарлық пен үміт отын сөндіре алмады. Азапты өмір онда отырған қылқалам өнер шеберлерінің шығармашылығына да тосқауыл бола алмады. Олар көбінесе өзінің мұң-мұқтажын, сағынышын, қайғы-қасіретін, бостандықты аңсаған азат сезімін, әлі де болса үмітінің үзілмегенін қағазға шебер бейнелеген. Қазіргі таңда мұражайымыздың кіребері­сіндегі қабырғада саяси қуғын-сүргіндер құр­бандары болған өнер адамдары – суретшілер И. А. Борхман, Л. И. Покровская, М. В. Мыслина, А. Ф. Васильева және тағы басқаларының шығармашылық жұмыстары бар. И. А. Борхманның «Тастар арасындағы қайың» атты картинасында жападан жалғыз тұрған қайың бейленеленген. Тастар – сол тоталитарлық кезеңді, қорқынышты білдірсе, ал осы қара тасты қақ жарып шығып тұрған қайың – жазықсыз жапа шеккен, сталиндік тәртіптің құрбанына айналған тұтқын әйел бейнесі сомдалған. Ол қаншама ауырт­пашылықты, қиыншылықты бас­тан кешсе де, өмірге деген құштарлығын, сүйіспеншілігін жоғалтпаған. Осы автордың «Үзілген сапар», «Үйге» атты шығармаларында тұтқын әйелдердің жақындарын, тума-туыстарын аңсаған сағынышы жүрек сыздатады. Тұтқын әйелдердің естеліктері де сондай зар-запыранға толы. Солардың бірнешеуін «АЛЖИР» мұражайының қорынан алып ұсынып отырмыз. Дәмеш Ермекова, Темірбек Жүргеновтың зайыбы: Туған Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы педагогикалық институттың ректоры, халық комиссары болған Темірбек Жүргеневтың зайыбы Дәмеш Ермекова (Жүргенова) өмірінің соңына дейін жарының кінәсіз екенін айтып, «Темірбек халық жауы емес, жаны таза, жүрегі ақ», - деп өтіпті бұл жалғаннан. Ендігі әңгімені өз аузынан естісек. Кезінде, бұл жүрек – жарды естелікті Сергей Исаев жазып алған екен. 1923 жылы мен Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқыдым, - деп бастады әңгімесін Дәмеш Әміржанқызы Ермекова. Жоғарғы оқу орнына мені үлкен ағайым Әлімхан Ермеков жіберген болатын. «Сенің жаның өте нәзік, адам жанын түсінесің, үлкен дәрігер болып шығасың» - деген еді. Міне, осылайша дәрігер мамандығын таңдадым. Біздің факультетте үш қазақ қызы оқыдық. Халыққа өте танымал, сол кездің көшбасшысы болған Түркістандағы Ақмол Икрамовпен кездесуге бардық. Ол кезде үкімет пен Орталық Комитетке кез келген адам кіре беретін. Бізді ол жақсы қарсы алды. Совет қыздарына ұқсаймыз деп басымызға орамал салмайтынбыз. Жүзіміз ашық, тура айтатын, бір беткей мінезіміз бар, айтқанымыздан қайтпайтын қайсар едік. Совет үкіметіне адал қызмет етсек деген ойымызды айттық ол кісіге. Ташкенттегі өзбек қыздары әлі қараңғы, беттерін паранжамен бүркеп жүреді. Оларды қатарларына қосып, оқуға үгіттеңдер, - деді ол кісі. Содан біз қасымызға орыс қыздарын қосып алып, көшедегі кездескен өзбек қыздарына үгіт-насихат жүргізе бастадық. Әрине, біз де бостандықты аңсаймыз. Бірақ ата-аналарымыз бен күйеулеріміз рұқсат бермейді деген ойларын айтып, олар ағынан жарылды. Өзбек әйелдеріне осындай насихат жүргізгенде қасымызда басқа да студенттер болды, себебі үгіт жүргізу оңай емес еді. Дегенмен жастық не істетпейді, ол кезде біздер өте өжет едік қой. 1928 жылдары өзбек қыздары мен әйелдерінің біразы кимешектері мен орамалдарын шеше бастады. Колхоз жұмысына араласты. Ерлермен бірге егін басында бірге болып, қолғабыстарын тигізді. Оқуымды жақсы оқыдым. Мен неміс тілін жақсы білетінмін. Сондықтан да латын тіліндегі медициналық терминдерді тез меңгеріп кеттім. Мектепті Қарқаралыда бітірдім. Әлімхан ағатайым сондағы мектептің директоры болатын. Білімі жоғары, білікті ұстаздар сабақ берді. Ұлағатты ұстаздарды ол Семей қаласынан шақыртып отырды. Тарихтан Н. Юрьев деген сабақ берді. Ал неміс тілінен неміс мұғалімі оқытты. Біздің үйдің күтушісі де неміс болатын. Сондықтан біздің отбасымыз неміс тілін жетік сөйлейтін. 1913 жылы, менің сегіз жастағы кезім, Әлімхан ағатайым Том политехникалық институтында оқитын, сол жылы атақты ғалым – Потанинді ертіп келді. Біздің үйде екі айдай болды. Онымен бірге екі қарындасы келді. Бірі суретші, екіншісі – ботаник. Олармен Қарқаралының тауарларын аралап, әртүрлі пайдалы өсімдіктерді жинап, кешке дейін бірге жүретінбіз. Бала кезімде мен өте елгезек болдым. Айналадағы ғажайыптарға таң қалатынмын. Сондықтан да болар ғалым Потаниннің ізденімпаздығы маған ерекше әсер қалдырды. Ол айналасына әдебиет пен өнерге құмар жас­тарды жинап әңгіме өткізетін. Қазақтың қол өнер шеберлерінің жұмысымен танысып, қазақ халқының салт-дәстүрі жайлы мағлұматтар жи­нағанын кейін білдім. Бір күні Потанин мені өзіне шақырып алып көп әңгімелестік. Мен оның тілін білмеймін, ол менің тілімді түсінбейді. Бірақ, ыммен біраз жайды ұққандай болдық. Сөйтіп, ол маған бір кітап сыйлады, көп оқы дегенді түсіндім. Әлімхан ағатайыма мына қарындасыңды оқытуың керек, болашағы бар бала, - деді. Біздің отбасымызда алты қыз, бір ұл болатын. Мен тұңғышы едім. Алғашқы баланың салмағы ауыр дейді ғой. Бәріне жауап бересің. Өте пысық болдым. Ат құлағында ер балаша ойнайтынмын. 13-14 шақырым жерге жидек теруге жалғыз өзім бара беремін, қорқу дегенді білмеймін. Әкем 35 жасында қайтыс болды. Анамыз оқымаған. Сондықтан болар Әлімхан ағамның қолында тәрбиеленгенім. Бала кезімде мен атақты адамдармен жиі кездестім. Менің ерте есеюіме Әлімхан ағайымның үлкен көмегі тиді. Біздің ауылға сол кезде Жүсіпбек Аймауытов жиі келетін. Бірде ол маған хат тастап кетті. Өте көркем, әдеби тілмен жазылған хатта маған деген махаббаты жазылыпты. Оның осы жүректен шыққан сөздерін үлкен бір тебіреніспен қабылдадым. Ташкент қаласындағы әдеби кештерде мен Жүсіпбек пен Мағжанның әуендерін үнемі айтып жүрдім. Олардың сезім қылын шертетін сазды әндері көркем шығармадай әсер ететін. Қазіргі әндер оған мүлде ұқсамайды. Тағы бір айтарым Мағжан мен Жүсіпбек өте мәдениетті, қазақша, орысша, әдеби тілде көркем сөйлеген. 1929 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін (САГУ-де) бітірдім. Темірбек Жүргеновке тұрмысқа шықтым. Үйленісімен бізді Тәжікстанға қызметке жіберді. Темірбек онда Халық Ағарту ісінің комиcсары, Наркомы болды, кейін Ташкентке қайта оралдық. Қазақстанға 1933 жылы Левон Мирзоянның шақыруымен келдік. Орта Азия елінде жүрге­німізде Темірбек Қазақстанды өте қатты сағы­натын. Шіркін, осындай университетті қазақ жерінде ашса, қаншама жастарымыз білім алар еді деп армандайтын. 1926 жылы қазақтың педагогикалық институты ашылып, қазақ факультеттері жұмыс жасай бастады. Кейін бұл институт 1928 жылы Алматыға көшірілді. Тұңғыш ректоры болып Т.Жүргенов бекітілді.1935 жылы бұл жоғары оқу орнына ұлы Абайдың есімі берілді. Қазақстанға Голощекин басшылық жасаған соңғы жылдары елде аштық басталды. Себебі, өкімет халыққа малдың еті мен терісін тапсыру міндетін қойды. Жоспарды орындау үшін қазақ жеріндегі бүкіл малды тапсыру керек болды. Бір ғана мысал: біздің Қарқаралыда жеке меншіктің бар малы өкіметке тапсырылды. Елдегілер жұмыс іздеп Қарағанды шахтасына сабылды. Көбі оған да жете алмай, жарты жолда аштан қырылды. Ал оңтүстіктің халқы, Өзбекстанға жол салды. Бірде Темірбек оңтүстік аудандардың біріне машинамен кетіп бара жатса, жолда алты-жеті жастағы бала қол көтеріп, машинаға қарсы жүгіреді: «әкем жолда құлап қалды» - деп жылайды. Келсе аштықтан қалжыраған баланың әкесі сол жерде жан тапсырыпты. Баланы алдап-сулап машинаға отырғызып, әкеңе қазір машина жібереміз деп біздің үйге алып келеді. Маған: «мына баланы жуындырып, тамақтандыр. Киімін ауыстырып, жайғастыр. Әл жинасын, біздің үйде біраз болсын, балалар үйіне апарамыз» - деді. Ия, сол жылдары қаншама ата-ана баласынан, балалары әке-шешесінен айырылды, соның бәрін өз көзімізбен көрдік. ...1936 жылы Темірбек Жүргенов Москвада қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасын ұйымдастырды. Онкүндікте Қазақстанның өнер тарландары мен ақын жазушылары үкі­мет наградаларына ие болды. Осы жолы Күләш Байсейітова СССР халық әртісі атанса, Темірбек Жүргеновке Еңбек Қызыл Ту ордені табыс етілді. Мұны көпшілік біле бермейді. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының іргетасын қалауға себепші болған, әрі оның құрылыс жұмысына араласқан да Темірбек Жүргенов еді. Бірақ, опера театры ол қаза тапқаннан кейін ашылды. Ия, біз басымыздан не өткермедік. Темірбек тұтқындалар алдында үш күн бұрын үйге қатты ренжіп келді. «Дәметай, қаншама жазықсыз адамдарды тұтқындап жатыр, - деді. Ел басқаратын, қолынан іс келетін Есқараев, Нұрмақовтарды тұтқындады. Артынан іле олардың әйелдерін де түрмеге қамады. Бұл жай емес...» Оларға қандай кінә қойды деп Темірбек екеуіміз дел-сал болдық. Сонда Темірбек: Дәметай, егер менің басымда да осындай жағдай болса не істейсің. Мен сені аяймын, түбі саған қиын болады ғой, - деп қатты толқыды. Сонда мен: сен қайда болсаң, мен де сондамын, іздеп тауып аламын, - деп басымды иығына қойып мұңайдым. Басымды сипап отырып бауырына басты. Жүзінде оның ауыр мұң бар еді. Іле оны да тұтқындады. Ертеңгісін Темірбек жолшыбай мені жұмысқа апарып тастамақ болып кеңсесіне кіріп кеткені сол еді, іле-шала бір бөгде адам келіп: Сіз өзіңіз жүре беріңіз - деді маған. НКВД-нің адамдары Темірбекті жұмыс орнында күтіп отыр екен ғой, қайдан білейін. Бір кезде бейтаныс жігіт мені шақырды. Бардым. Ол халық ағарту комиссариатының акт залына ертіп барды да:осында отыра тұрыңыз деп, өзі шығып кетті. Темірбектің айтқаны шығар деп отыра бердім. Біраз уақыт өтті. Есіктен оның көмекшісін көріп қалдым. Темірбек қайда? Білмеймін, бір жерге шығып кеткен. Сол уақытта жүрегім зу ете қалды. Жүгіріп сыртқа шықтым. Машина ішінде шешем жылап отыр. Темірбекті екі жігіт ұстап басқа көлікпен алып кетті. Сені іздеп, бірнәрсе айтқысы келді-ау деймін, қайта-қайта осы жаққа мойнын бұрып қараумен болды. Сасып қалдым, қатты өкінетінім еріммен қоштаса алмай қалғаным жаныма қатты батады. «Не айтқысы келді екен? Кейінгі ұрпаққа жеткізер аманатын да тыңдай алмай қалдым-ау деген өкініш мені әлі күнге мазалайды». Мен біраз уақыт еркіндікте болдым. Сон­дағы аңғарғаным, кезінде жақсы араласып жүрген достарымыз, қызметтес таныстарымыз мені көргенде көше айналып кетіп жүрді. Бір күні Фурманов көшесінен келе жатсам Л. Мирзоянның әйелі Юлия Федоровна Тевосян жолыға кетті. Ол өте мәдениетті, адамгершілігі зор, ақылына көркі сай, білімді әйел болатын. Мен оны көре сала, көрмегендей бұрылып кетіп бара жатыр едім, соңымнан айқайлап: «Дамеш», – деді. Мен жақындамай тосып тұрдым. Юлия Федоровна өзі келіп, қолымды қатты қысып ұстады. Сол кезде менің көзімнен жас парлап кетті. «Дамеш, біз білеміз Темірбек кінәсіз. Оның жазығы жоқ. Левон Мирзоян да таң қалып отыр, адал коммунистерді неге тұтқындайды деп. Көресің, оны әлі босатады. Қайғырма, жылама, әлі-ақ келеді, үмітіңді үзбе» деп жұбатты. Мен көз жасымды сүрттім, сүйтіп екеуіміз екі жаққа кеттік. Кейін Мирзоянды да тұтқындады. Юлия Федоровна мұндай сұмдыққа шыдай алмай, есінен адасып, жындыханаға түседі. Сонда ол: «Левон Мирзоян кінәлі емес, ол адал, ол адал» – дей беріпті. Кейін елге келгесін естідім Юлия Федоровна Қызылордадағы түрмеде қайтыс болыпты. Темірбек тұтқындалғаннан кейін бірер күннен соң бізді бүкіл жанұямызбен тұрып жатқан үйімізден қуып шықты. Мен Қазақ ССР-і Ішкі істер халық комиссары Лев Яковлевич Залиннің қабылдауына бардым. Көрші тұрғанбыз, бір-бірімізді жақсы білетінбіз. Жиналыстарда, әртүрлі кештерде бірге болып жүрдік. Не істеймін, қарамағымда әжем мен анам, сіңілім, ұлым бар, үйімізді алып қойды, қайда барып паналаймыз, - дедім. Темірбек Жүргенов халық жауы, мұны өзі мойындапты, - деді ол. Мен оған сенбеймін, - дедім. Ол нағыз – коммунист, әңгіме бұл төңірегінде емес, баспана жөнінде келіп отырмын деп келген шаруамды айттым. Бір жұмадан кейін бес адамға шағын бір бөлмелі пәтер берді. Біраз күн өткесін мені партиядан, қызметтен шығарды. Сонда институтта бірге қызмет жасап жүрген адамдар халық жауының әйелі деп бетіме басты. Одан өткен қорлық жоқ шығар. Осындай өткен қорлық күнім де көпке созылған жоқ. Мені де тұтқындады. 58-ші статьяның 17-тармағымен 8 жылға кесіп, соттап жіберді. Түрме толған әйелдер. Бәрімізді қайғының қара бұлты басып, зар еңірейміз, көз жасымыз көл болды. Ұлы Отан соғысы басталысымен «соғысқа алыңыз» деп 100-ден аса арыз жаздым. Мамандығым дәрігер. Кейіннен мені Нижний Тагиль қаласының маңындағы лагерьге ауыстырды. Мұнда да әйелдер лагері екен. Лагерьде Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза емшектегі баласымен көрмегенді көрді. Шіркін-ай, күні кеше халқының қамын жеп шапқылап жүрген Темірбегімнен бір айырылып, ұлымнан бір айырылып, өзімнің айдалып кеткенімді қалай ғана ұмытайын. НКВД-нің адамдары әкетіп бара жатқанда сіңілім Аяужан: «Дәметай, сен де Халық жауымысың» – деп мұңайды. Ол сол кезде институтта оқитын «халық жауы» деген сөзді олардың құлағына жақсылап құйған екен. – Сонда мен: «Мен де, Темірбек те халық жауы емеспіз. Кінәміз жоқ. Осыны есіңе сақта!» – деп қолымдағы алтын сағатты шешіп Аяужанның қолына кигіздім. Түрмеде отырғанда да қасымдағы әйелдерге, «Біздің жұбайларымыздың жазығы жоқ, олар адал, біздің де кінәміз жоқ» - деп насихат жүргіздім. Өзім үмітімді үзбедім. Анам, інім Мүсілім, сіңілім Бопан менің ақ екеніме сенді. Шеттеген жоқ, үзбей хат жазып, посылка салып тұрды. Ия, 30-50 ж.ж. адамдардың өмірі қиын болды. Сталиндік террорға қаншама жазықсыз адамдар ілікті. Нағыз ел басқаратын азаматтар парасатты, білікті, қоғам қайраткерлері халық үшін құрбан болды. Ақмола маңындағы «АЛЖИР»-де сегіз жыл болған саяси қайраткерлердің сүйген жарлары қолымыздан келгенінше адал еңбек еттік. Мен лагерьде дәрігер болдым. Көп адамға қол ұшымды бердім. Гүлбахрам, Әзиза, Бибіжамал, Айша, Мариям бәрі ризашылықтарын күні кешеге дейін айтатын. Соғыс басталғанда майдаңға сұрандым, бірақ мені майданға емес, дәрігерлер өте қажет солтүстік аудандарға жі­берді. Лагерьде өткізген барлық қиындықты еш ұмытпаймын. Алда көретін жарығымыз бар екен, жылдар өткесін ақталдық қой, – деп Дәмеш апай бір күрсінді.... Ақталып келгеннен кейін де Дәмеш Ермекова дәрігер мамандығын жалғастырды. Қаншама науқастарға өзінің мейірім-шуағын шашып, талай адамға қол ұшын беріп көмегін де аямады... Аударған: Ғалия Балтабай. Сәуле Рысқұлова, Тұрар Рысқұловтың қызы: «ТҮСІНБЕСТІК» ДЕП СЕНДІК Әлбетте туған үйін жек көретін адам жоқ. Туған үйін кім болмасын ыстық сезіммен еске алып жүреді. Ал, Рида туған үйін есіне алғысы келмейді. Оны есіне алса, аза бойы қаза болады. Себебі ол жарық дүние табалдырығын Бутырка түрмесінде аттаған еді. Сәбиге 4-5 ай есім берілмеді. Оның есімсіз жүруінің де себебі бар еді. Ат қою үшін де алдымен ата-анасының фамилиясы жазылуы керек. Әкесі «Халық жауы» атанған балаға қандай фамилия, қандай есім берген жөн. Жөргектегі жас сәбидің аты-жөні түгілі, алдағы тағдыры беймәлім еді. Бұл түрмеде кімдер болмады... Тіпті Н. В. Бухариннің қайын енесі де болған. Әйелдер әрқайсысы өз ұнатқан аттарын айтып, сәбиге лайықты есім қарастырады. Көпшілік бір ауыздан Рида деген есімге тоқтады. Әзиза әлемнің бір-ақ түнде адам танығысыз болып өзгеріп шыға келгеніне таңданып, басын шайқап, көз жасына ерік беретін. Риданың ащы даусы түрменің сұр қабаттарынан өтіп, көрші камерадағылардың да қам көңілін босататын. Не Тұрардан, не шешесі Әрипадан бір хабар болмай, Әзиза апай ақыры қолына айыптау қорытындысын алды. «Халық жауының» әйелі ретінде 58-ші статьяның 17 тармағымен 8 жыл бас бостандығынан айрылды. Ескі-құсқы шүберектен жөргек, жаялық жасап, кішкене Риданы бауырына қысып, алдағы белгісіз болашағына көз жіберді. Алдағы күн не көрсетеді? Тұрар өлі ме, тірі ме. Сәуле қайда, қай қаланың балалар үйінде? Ақыры Әзиза апайды нәрестесімен этаппен алыс, белгісіз бағытқа алып жүретін болды. Әзиза, қапаланба, осыдан бостандық таңы ататын болса, Риданы өзіміз тәрбиелейміз, бұл қыз біздің қызымыз – түрменің қызы деп этаптағылар келер күн әңгімесін шертіп, қайғы-шерін басатын. Ыңырана қозғалған тұтқындар вагоны көрінген паровозға тіркелінеді. «Түрме қызы» күн санап, айлар бойы жылжып келе жатқан тұтқындар вагонында бірте-бірте езу тартып, күлетінді де шығарды. Сәби күлкісін көрген аналар сағынышын сезіне аларма едіңіз... Жас сәби бәріне алданыш, жұбаныш болды. Бара-бара Риданың нағыз фамилиясын атай бастады мұндағылар. «Рысқұлова Рида Тұраровна» деп толық аты-жөнін естігенде, Әзиза ана қатты толқитын. «Құдай-ау, Тұрар есімін ел ұмытпайды екен. Москвалықтар білуі керек қой, біледі» – деп Әзиза апай іштей ризашылығын көз жасымен білдіреді. Күні кеше ғана еді. 1937 жылдың 21-ші мамыры. Мамыражай түннің бір уағында тынығушылар қалың ұйқыға кетеді. Келісті жердің мамырдағы түні ғажап. Қаракөк аспанда сәулесі діріл қаққан айдың жүзіп бара жатқаны айқара ашық тұрған терезеден айқын көрінеді. Тұрар осынау бір тыныштықта ой елегінен өткізген тұжырымын қағаз бетіне түсіріп, бір сәт ойланып қалып еді. Кенеттен есікті әлдекім дүрсілдетіп кеп ұрсын! Тұңғиық ойдың иірімі тулаған, буырқанған толқынға айналды. Қағаз-қалам шашылып, Тұрар тіксініп қалды. Айбындатып келген 3-4 жігіт есікті тепкілеп ашып жіберді. Тұрар Рысқұлов Кисловодскіде кезекті демалыс­ты пайдаланып, көкейде жүрген көп ойын қағаз бетіне түсіріп отырған шағында НКВД тұтқынына алынды. – Әзиза, мен тазамын. Бір түсінбестікпен бұлар мені мазалайтын болар. Тексереді. Ар алдында таза екенімді халық, партия біледі. Балаларға бас-көз бол, өзіңді сақта... – деп қайталай берді ол. Әзиза апай Тұрарды НКВД адамдары алып бара жатқанда бірге шығады. Машинаға дейін бірге барады, Тұрарды түнделетіп алып кеткенде қарсы беттегі Молотовтың саяжайына әлсін-әлсін қарай береді. Көмекке келер, араша түсер адамды іздегісі келеді. Асығып сонда жеткен еді, алайда онда ешкімді кіргізбеді. Байғыз даусы тым жақыннан естілгендей. Тұрар, Тұрар жоқ. Қайта айналып үйге кіруге оқталып еді, бір қара көлеңке алдын орай екінші қабатқа көтеріліп бара жатты. Қабырғаға жабыса сол көлеңкенің кім екенін айқын аңғарды. Ол көлеңке де Әзизаны тасадан аңдып, қабырғаға жабыса қалды. Бұл кім еді? Қазақстан өлкелік партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы, халықты қан қақсатқан Филип Исаевич Голощекин болатын. Асығы алшысынан келіп, ежелден аңдыған дұшпаны Тұрар Рысқұловты «жөнелтіп» тұрған кезі. Зар жылап қалған Тұрардың жарына екінші қабаттан «сауап» айтып, шоқша сақалы ала көлеңкеде селтиіп тұр еді. Аяғы ауыр Әзиза демігіп барып табалдырықты аттағанда, таң қылаң беріп келе жатты. Үйдің іші астан-кестен. Ертесі күні курорттан Әзизаны да қуып шықты. Бұл 1937-жылдың мамыры еді... Таң атып келе жатқанмен Әзизаны қою қара түн өзінің қорқыныш иірімін, тұңғиығына тарта берді, тарта берді! Түйіншегін алып теміржол торабында поезд күтіп жүрген. Соңынан белгісіз (жансыз) қарақшы сырттай бақылап тұрды. Бәлкім сол көрсоқырлар Әзизамен Мәскеуге дейін барған шығар... Олардың жұмысы сол болатын. Көп ұзамай анасы Әрипа да қамауға алынып, Карлагқа келді. «Түрменің қызы» атанған Рида әжесімен Ақмолада табысты. Әттең шіркін, Әрипа апай лагерьден шығуға 5-6 күн қалғанда қайтыс болды. 8 жыл Карлагта қайғылы өмірі өткен Әрипа апайдың мүрдесі бұл күнде ешкім білмейтін бір төмпешік қана... Әзиза Рысқұлова Карлагта 10 жыл отырады. Орталық қалаларға, әсіресе Алматыға келуге қорқатын. Себебі, уақыт ағымымен қаруланып, тіміскілеген, әлеңкедей жалаңдаған пысықтар, жағымпаздар, ізшілдер кесе көлденең тұрды. Рысқұлов деген тегін естігендер кірпіше жиырылды. Осынау жанкешті тағдыр иесі Әзиза Түбекқызы 1988 жылы 10 маусымда дүние салды. Көзі жұмылғанша Тұрардың ақтығын, таза екендігін айғақтап, дәлелдеп кеткен Әзиза ана мына бір анықтаманы көзінің қарашығындай сақтапты. Военная коллегия Верховного Суда Союза ССР 17 января 1957 г.№44-022397 Москва ул.Воровского, д.13 СПРАВКА Дело по обвинению Рыскулова Турара Рыскуловича пересмотрено военной Коллегией Верховного Суда СССР 8 декабря 1956 года. Приговор Военной Коллегии от 8-го февраля 1938 года в отношении Рыскулова Т.Р. по вновь открывшимся обстоятельствам отменены и дело отсутствием состава преступления прекращено. - Рыскулов Т.Р. реабилитирован посмертно. Начальник секретариата – Военной Коллегии Верховного Суда СССР подполковник юстиции Полецкий. Тұрардың ақталу қағазын қолына алғанда Әзиза Түбекқызы да біржола ақталды. Өмірінің соңына дейін Тұрар есімін қастерлеген Әзиза ана оның қазақ халқының тарихы жөніндегі аяқталмаған еңбегін жоқтаумен өтті. Ал, Риданы 3 жасқа келгенде Әзиза Рысқұловадан бөліп алып, балалар үйіне алып кетіп еді. - Қаптаған кішкене балалар. Әке-шеше туралы ешнәрсе ойламаймыз. Балалар үйінің ботқасын жеп, күн көріп жатқанбыз ғой. Есі кірген балалар әке-шешесінің атын қайталап айта беретін. Жыласа «мама», «папа» деп жылайды. Бір күні орыс қызы: «сені Ақмоладан алып келген, сенің әке-шешең де біздің әке-шешелеріміз сияқты «халық жауы» дейді. Ал мен болсам мына сөзге түсінбеймін. Тіпті әке-шешемнің бар-жоғынан хабарсызбын. Бізді тағы бір балалар үйіне жіберді. Алғашқысында Осакаровкадағы балалар үйі болса керек. Бұл жолы вагонға салып, Тамбов қаласының маңындағы балалар үйіне алып келді. Сонда бір қараторы қыз мені бас салып сүйе бастады. Мен: «сен кімсің, кет әрі!» деймін оған, ол тіпті өршелене сүйеді. «Менің фамилиям да Рысқұлова. Мен сенің әпкеңмін. Мамаңның атын білесің бе?!» деп өзінше тәптіштеп сұрап жатыр. Мен оның өзі түгілі, мамамның атын да білмейтінмін. Құдай-ау, мамамның есімін білетін кезім бе еді. Жас бұлаулаған жанарын бір сығымдап тас­тап Рида әңгімесін әрі қарай жалғастырды. Сөйтсем, бұл менің әпкем Сәуле екен. Біз осылай табыстық. Кейіннен жас ерекшелігіне қарай Сәулені басқа балалар үйіне алып кеткенде, бауырдың не екенін сонда ғана түсінгендей болдым. Бұл кезде ақыл кіре бастаған кез. Енді мен әке-шешем туралы білгім келеді. «Қап, әлгі кездейсоқ кездескен әпкемнен (Сәуледен) неге жөн сұрап алмадым» , деп өкінемін. Әкем атақты революционер, большевик Тұрар Рысқұлов, шешем Әзиза Рысқұлова екенін әбден ер жетіп, есейгенде ғана нақты білдім. Рида апай, сол кездегі жетім балалар немесе НКВД балаларының өмірі туралы білсек... Көрген қиындықтарыңыз болса... - Ата-анадан айырылған жетім балалардың күні құрысын, азық-түліктің жетіспейтін кезі. Тіпті мынадай жағдай болған еді. Жан бағу қарекетімен бір топ жетім балалар өліп қалған тышқанды (қосаяқты) пісіріп жедік. Бұл дейсің-ау, темір төсектің астында жүрген тышқандардың құмалағын малта қылып жеуші едік. Жазды күні өсіп тұрған қандай өсімдік болса да талшық етіп шайнап-шайнап тастайтынбыз. Балалар үйінде ұрлық көп болды. Әрине, мұның бәрі азық-түліктің тапшылығынан еді. Бір-бірінің қиын ұрлап алады. Бұл қылмыстары үшін жазаланып та жатады. Қарны ашқандар тіпті қойманың шығыршығын суырып алып, көзді жұмып тұрып ұрлық істейді. Ауырып, есеңгіреп жатқан күндерім болған... Оны айтып қайтейін. Біздің жетімханада соғыста қаза тапқандардың және мен сияқты «халық жауларының» балалары болатын. Түріміз басқа болса да қиын кезде өте ұйымшыл, тату-тәтті болып өстік. Ананың аялы алақанын сағынамыз. «Широка страна моя родная» деп ән шырқайтынымызды қайтерсің?! Сонда да біз өзімізше патриот болып өстік. Ер жетіп, есейген шағымызда да «халық жауының» балалары деген бәледен құтыла алмадық, қанша талаптансақ та бізді жоғары оқу орны алғысы келмеді. Бізбен басшылар жұғысып сөйлесуден бой тартатын. Сөйтіп, біз шетқақпай өстік... Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова анасы туралы былай деп еске алады: – Әкемнің соңғы еңбегін жоқтап өткен мамамның арман-үмітін айтсаңызшы. Мамам мал дәрігері. «АЛЖИРде» мамандығы бойынша жұмыс істеген. Біз ер жетіп, есейген шағымызда мамам лагерьде мінген жирен атын айтып отыратын. «Жануар ақылды еді-ау, Қарағандының қарлы боранында адастырмай, баратын мекенге жеткізуші еді» деп еске алатын. Мал маманы ретінде Қарағанды лагеріндегі жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай екен. Мен өзім он жылдан астам жетімханада болдым. Әсіресе, Ескендірдің, біздің жалғыз бауырымыздың тағдырын айту бір қасірет. Он жетіге толар-толмас Ескендірді солтүстіктегі лагерьге халық жауының баласы ретінде жіберді. Ол сол жерде өкпе ауруынан қайтыс болды. Әзиза анамыз нағыз ақыл иесі еді... Өмірден өтерде де Тұрар есімін қастерлеп аузынан тас­тамай кетті. Көзі тірісінде «Сталинге хат» деп аталған Шерхан Мұртазаевтың спектаклін көріп қалу бақытына ие болды. Төрдегі Тұрар Рысқұлов пен Әзиза ананың суретіне қайта-қайта қарағыштай беремін. Айта алмай кеткен арманы көп екі тағдыр «біздерді ұмытпаңдар халқым» дейтіндей. Сәуле – биология ғылымының докторы, Алматыда тұрады. Ал Рида Москвада, әкесінің қызмет істеген қаласында аудармашы... Олар тұтқынға алынып, қудалауға ұшыраған, ату жазасына кесілген алаш азаматтарының, «халық жауларының» әйелдері болғандықтан ғана күнәхар саналып, қоғамнан аластатылған жандар еді. Әрине, жазықсыз жапа шеккендердің арттарында ұрпақтары, сонымен қатар сол қаһарлы жылдардың сұрапыл сынағы жайлы ескерткіштей болған «АЛЖИР» мұражайы қалды. Жақынынан еріксіз айырылу қасіреті, мұңға, зарға толы тағдырлар, ананың киелі мейірімінен айырылған балалық шақ. Сол бір азапты «АЛЖИР» лагерінде жазықсыз тұтқын болған нәзік жандардың бастарына түскен тағдыр азабына, заманына төреші уақыттың қойған аты қасірет қайталанбасын. «АЛЖИР» мұражайының ашылуы да, қазіргі таңда тұрақты жұмыс жасап тұруы да қасіретті тарихи оқиғаға мән берілгені. Екіншіден болашақта мұндай сұрапыл азап қайталанбас үшін жасалып жатқан игі шара деп түсінуіміз керек. Естеліктерді баспаға дайындап, түсіндірмесін жазған: Нұрлыбек Бапахов, Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының«АЛЖИР» мемориалды- мұражай кешенінің ғылыми қызметкері.

897 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз