• Келелі кеңес
  • 03 Сәуір, 2015

КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ

Көңіл  шіркін  қазір айран тамған сүт­тей тез бұзылатын болып жүр ғой. Тір­ліктің бір заңы – құбылмалылығы екенін білсек те, аумалы-төкпелі кезең пейі­лімізді жүдеулікпен жөрмейді-ау дегенді қаперге алмаптық. Енді, шұбат ішсе шуақ кіретін мінез де өзгер­гендей. Бұл тойымның кет­кенінен бе? Олай ойлағанымыз тым ағаттау да болар, көлгірсуді кірістірмей айтсақ, жоқтың өзіне аз уақытта-ақ көн­­терілі бо­лып алған жоқпыз ба? Ес­кінің аяғы қашанда жаңаның басы деп, на­рықтық экономикаға тұрмыстық көз­қараспен қарасақ буыныңа жылы қан ұйығандай болады. Бұл ша­руа­ның думанын қыздырып, ісін жетелейтін білгір менеджерлердің іс-қимылы әлі жанданып кете қойған жоқ. Сондықтан, қазірше нарықтық қатынастар туралы там-тұмдап болса да экономистер мен тарихшылар алабұртқан көңілге басу айтады.


– Нарықтық экономика қазақ халқы үшін бәлендей керемет жаңалық емес, – дейді тарихшы ғалым Әзімбай Ғалиев, – ХVІІІ ғасырдың аяғында қазақ құрт қайнатып, жүн мен сүйекті айырбасқа жаратып, одан пайда тапқан. Сондықтан болар, XIX ғасырда қазақ даласында сүйек-саяқ, жүн-жұрқа далада шашылып жатпаған. Ал, қазір қазақ жеріндегі байлықтың қызығын шетел инвесторлары көруде. Олар ретіне қарай қаймағын өзі жеп, қаспағын бізге жалатуда. Соның салдарынан республикамызда ұлтаралық дәулет айырмашылығы күшейе түсуде. Шындығында өкіметке иек артып жаман үйренгенбіз, өзгенің дәулетіне көз аларту психологиясы басым. Соны өзге емес өзіміз істейікші деген ниет жоқ. ХІХ ғасырда біздің ұлттың ішінде де ірі қалталы капиталистер болған. Жетісудан шыққан Маман Тұрысбеков саудамен айналысып, Петербург пен Уфада мұсылман балаларына арнап медресе аштырған. Бұл дегеніңіз – даму. Жеке кәсіпкерлікті дамыту, қолға алу, өзгеге үлгі ету.
Нарықтық экономикаға саясат пен идеологияны араластырмай дұрыс жүргізсе, ол жемісті болады. Ал, бізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолға алынған реформалар басталмай жатып оның өмір сүру алаңына үрей көлеңкесі түсті. Бұған баспасөзде елігіп кетті. Баспасөз тілді, дінді, ділді насихаттай берсін, бірақ, сонымен қатар қалай баюға болады, соны да үйретсін, үгіттесін. Себебі, мәдениет де­геннің өзі байлық, ырыспен келмей ме? Дүниенің өлшемі – ақша. Олай болса адам психологиясын да өзгертуіміз керек. Мәселен, өз отбасыңды асырай алмай жүріп, айт­қан имандылық уағызыңның құны, жомарттығыңның сәні бес тиын емес пе? Туысқангершілік, ағайыншылық, жекжат-жұрағатыңа арқа­ланған мінезіңді таста, – одан да тауар өткіз. Жеке кәсіп­керлікпен айналыс, бойыңдағы іскер­лік қабілетіңді көрсет.
Мұнысы, кемеңді толқынға лайықтап қайта жаса, қазақ халқының барлық жақ­сы қасиеті нарық өскен тұста байлық­тың жанынан ғана табылады деген емеу­­ріні-ау. Санамызға салмақ түсіп кеткендей. Теперіш татын таңдайдан кетіре ал­май, тіршілік белгісі білінген кезде ғана бүгінгіні бүтіндеу үшін кешегімізді түгендеп, етек-жеңімізді жинағанымызға да сүт пісірім ғана уақыт өтпеді ме? Дүние кірін жуып дәстүріміз түлеген шақтың өзі жоғарыдағы пікірге қарағанда, сабын жаққан терідей сусылдап қолда көп тұрмай ма...
Тарихшы ғалымның сөзі қисынсыз да емес көрінеді. Әр нәрсенің жетегінде кететін алаөкпелеу мінезімізден бе, соғымсыз отырмайтын қазақ ірі қараның басын базардағы нарыққа салмай-ақ көңіл­дегі бағамен 300-400 мыңға бір-ақ жеткізді. Алтыбақан алалық дас­тарқанымыздан бастал­ғандай. Ұшын­ған баға жылмыңдаған ұрлықты ертіп келді. Оның арты ушыққан қылмысқа айналды. Ағайын арасы, туыс-жекжат бір-бірінен суынып, жасалар той кейіндейді. Бір-бірімен астасып жатқан ұлттық салт-дәстүріміздің аппақ бетіндегі нәзік тұс­қа қара тамшы тамып кеткендей әсер қалдырады. 300-400 мың теңгенің соғымын алуға кез-келгеннің шама-шарқы жете бермейді. Сонан соң тістің суын сорып отырмайық деп жіліктеп алады. Өз әуле­тіне шақтап алған дүние қазақтың жақсы дәстүрі «соғым басын» беруге кейде жетсе, кейде жете бермейді. Осылайша жақсы ғұрпымыздың көбесі үнсіз  сөгілетіндей.
Сапырылысқан сан ойдан көңіл ала­ңын баса алмаймын. Жаңа мен жақсыға да елек керек. Сары майды айтпаған күннің өзінде кішкентай құрттың өзі 100-120 теңгеге шығып кетті. Оған ауылдағы замандастарымызды кінәлап, өзіміз сиырды қай бауырына отырып сауатынымызды білмесек те, қалада тұрып қалам ұстағанымыз ақыл айтатын болдық. Түптей ойласақ, бұл – мәселенің бір жағы ғана екен. Кезіндегі кеңес одағының саясаты үйдегі ыдыс-аяғымызбен бірге жүріпті. Жергілікті кеңес ауылдағы зәру заттардың тізімін жасап, оны сүт, ет өткізетіндерге ғана тиесілі етіп қойыпты. Күнделікті тіршілікке қажетті үнді шәйі, орамал, сабын, т.б. қазақтың ырысы – дастарқаны. Оның ұлттық сипаты ішінара болса да ет пен сүттің жоспарын орындау үшін арнайы инспекция ашқан, мемлекеттік жүйе шеңберінде ойлайтын әкімдер «іскерлігінің» бодауында кеткен. Оны да енді аңғарғандаймыз. Нарықты экономика тұсында қолда барды ұқсата алмасақ, ұсқынымыз кетіп-ақ қалатын түрі бар. Ол үшін заман талабы – жеке кәсіпкерлікті дамыту керек.
Кезінде жоғары партия мектебін бітір­ген досым жаңадан үйленген інісінің тойына, алыс-берісіне үзілді-кесілді қарсы болды. «Нан табудың өзі қиындап отырған мына тұста той жасайтын бизнесменнің бала­сысың ба?» – дейді. Сұрағы қаптаған сұрқай өмір. Тұрмыс деңгейіміз төмен. «Әркімге – еңбегіне қа­рай» деген принцип бүгін демогогия. Тарық­қаннан тіршіліктің алдында тізерлеп кеткендейміз.
Қазіргі экономикалық дағдарыстан шығудың баламасыз бір ғана жолы – на­рықтық қатынастар, яғни, ауру емі осы болып тұр. Тек емді дұрыс қолдана білу керек. Осы орайда қарапайым бір мысал ойыма орала береді. Дәрігер басы ауырып алдына барған бес адамның бәріне бірдей анальгин немесе цитрамон ішуді ұсынбайды, себебі, бес организмнің бес түрлі ерекшелігі болады. Әлгі дәрі біреудің бүйрегінің, біреуінің жүрегінің дертін қоздыруы мүмкін. Емдеу жолы ортақ болғанымен, ерекшелік міндетті түрде ес­керіледі. Ендеше, пысық­тығымыздың ар­қасында ғана нан тауып жеймін деп көріктінің бәрін пиғылға салып, пышаққа жарайтындардың барлығын жайратып базарға салып, дәстүріміздің берекесін кетіріп алмайық. Етегімізді басып, ел­дікті сақтайық. Ең бастысы нарықтық қатынастың түлкі бұлаңынан халықтық дәстүрдің аяғына қан түспесе болғаны да.

Ділдәр МАМЫРБАЕВА,
журналист

385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз