• Келелі кеңес
  • 20 Тамыз, 2015

Ауыл қазақтары рушыл емес, Олжас аға!

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ,
Сүлеймен Демирел университеті 
«журналистика» кафедрасының меңгерушісі

ХХ ғасырдың басында Алаш арыста­рының көсемі Әлихан Бөкейханов «Әл­хам­дулла, 6 миллион қазақпыз!» деп жар салған еді, алайда сол ХХ-ғасырдың бірінші жартысында-ақ І дүниежүзілік соғыс, Қазан төңкерісі, қасақана жа­салған ашаршылық, Сталиндік репрессия, ІІ дүниежүзілік соғыс сияқты зұлматтар мен алапат нәубеттер кесірінен 2 миллионға жетер-жетпес қалған қазақ 50-жылдардың соңында ғана еңсесін тіктеп, есін жия бастады. 


Соның жарқын айғағы болар, 1960-1980 аралығында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын ғасыры туды. Сол жылдарда қазақ әдебиеті Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романын, Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпанын», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран», «Сары қазақ» романдарын, Қабдеш Жұмаділовтің «Соңғы көшін», «Тағдырын», Софы Сматаевтың «Елім-айын» және тағы басқа баға жетпес туындыларын берді; қазақ киносының классикалық туындылары – «Қыз Жібек», «Тақиялы періште» де осы жылдардың еншісінде. Бүгін Қазақ тәуелсіздігін алып, өз қолы өз аузына жеткелі ширек ғасыр өтсе де, тоталитаризмнің қылышынан қан тамған замандағыдай туындыларды өмірге әкеле алған жоқ. Бұл ненің белгісі? Ол жылдарда тоталитаризм қанша тырысса да, қазақ рухының тамырына балта шаба алмаған еді. Қазақы ойлап, қазақы пайымдап, түсіне алатын Ғабит Мүсіреповтің, Сұлтан Қожықовтың, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылық одағының арқасында «Қыз Жібектің» қазақы бояуы қалың, ұлттық дүниетанымы бай болды. Біздің үйде сонау 50-шы жылдардың басынан 80-ші жылдардың соңына дейінгі «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті» газетінің тігіндісі сақтаулы болатын. Сондағы бай, шұрайлы тілмен жазылған әдеби туындыларды жата-жастана оқитынбыз. Рас, сол заманның идеологиялық шоқпарымен жазылса да олар «Аз и Я»-ның рухы аңқыған, қазақы шығармалар еді. Бір өкініштісі, қазақтың ұлт болып қалуы үшін қоғамға осындай ірі туындылар сыйлаған әдебиет алыптары өз ұрпағының жат мәдениеттің жетегінде кетуіне тойтарыс бере алмады. Сол жылдарда Алматыдағы қазақ элитасы арасында балаларының қазақша сөйлеп, қазақша тіл сындырғандары кемде-кем. Қазақ зиялылары қазақ мектептерінің жаппай жабылуына қарсы тұра алмады. Өйткені, Алаштың бас көтерерлерін Қазан төңкерісі, 32-33 жылдардағы ашаршылық нәубеті, 37-38 жылдардағы репрессия мен оның 1948-1954 жылдары қайталап соққан екінші толқыны, ІІ дүниежүзілік соғыс жалмап қоймай, олардың азат рухын, еркіндікке деген жігері мен ұмтылысын жойған еді. Қазақ зиялысы үрей құшағында болды, кім өлімге бас тіге берсін, «өткізу үшін шындықты өтірік қостым ішіне» деп Қадыр Мырза Әлі айтқан ахуалға тап болды. Бодан ұлтты әбден табанына салып езгіге ұшыратқан соң, империялық күштер өз идеясы мен идеологиясын ашықтан-ашық жүргізуге кірісті. Қазақтың қаладағысы орыстанып болып, ауылдағысына енді ауыз сала бастағанда КСРО құлады. Бұл турасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы Ыстамбұлда өткен қазақ-түрік бизнес-форумында айтқан еді:
– Біз барлық түркі халықтарының отанында өмір сүреміз. 1861 жылы Қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен соң, біз Ресей патшалығының, кейіннен Кеңестер Одағының отарында болдық. 150 жылдың ішінде қазақтар ұлттық салт-дәстүрінен, тілінен, дінінен айрылуға шақ қалды. Алланың көмегінің арқасында 1991 жылы тәуелсіз ел атандық.
Алып империя құлағанымен одан қалған жара әлі жазылған жоқ. Өкі­ніштісі, қанша жерден тәуелсіздік алдық, дербес ел болдық десек те, көптеген зиялыларымыз әлі күнге дейін құлдық санадан арыла алмай жүр.
«Қазақ әдебиеті» газетінде әлем азаматы, қазақстандық көрнекті ақын Олжас Сүлейменов ағамыздың «Кім отаншыл?» деген мақаласы жарық көрді. Мақала «Түркістан» газетінің сайтында жарық көрген «Олжекем Қазақстанның толық тәуелсіздігінен қорқады. Неге?» деген шағын мақаламызға жауап ретінде жазылыпты. Әрине, Олжас Омарұлы секілді алып тұлғамен, әлемдік деңгейдегі ойшылмен сөз таластыруды мақсат тұтып отырған жоқпыз. Алайда, қазақ ұлтының өкілі болған соң, кейбір келіспейтін пікірлеріне өз ойымызды қоссақ деп отырмыз. Олжас Сүлейменов! Біз бұл есімді мақтанышпен, кеудемізді керіп тұрып, ауыз толтырып айтушы едік. Өйткені, ол қазақтың атын жер жаһанға танытқан алып бәйтерегіміздің бірі емес пе! Мектепте жүргенде, өткен ғасырдың сексенінші жылдарында Олжас Омарұлының орыс тіліндегі өлеңдерімен Қадыр ақынның (Мырзалиев) аудармасы арқылы қазақ тілінде таныстық. «Дала қандай ат қандай…» дегенде жан дүниеміз шымырлап, арқамыз қозып жөнелуші еді. Сол рух, сол екпін, Олжастық дүлей тасқын, қазақы рух, қазақы дүниетаным көкжиегімізді байы­та, кеңейте түсті. Олжасқа деген махаббат гүлдеді. Кейін Олжас Омарұлы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында өзінің Жаяу Мұсаның ұрпағы екендігіне, Олжабай батырдың тұқымы екендігіне мақтанатындығын айтты. Сол кезде осындай тәңіри, текті күштің қайдан бастау алғанына көзіміз жете түскендей болып еді. Осындай тектен жаратылған Олжас Омарұлын ұлтынан жырақ тәрбиеленді деуге қалай ауыз барады. Олжас Омарұлын ана тілінде армансыз сөйлете білген, көрнекті публицист, қарымды қаламгер Сауытбек Әбдірахманов былай деген еді:
– Әлемде бір ұлт өкілінің екінші тілде жазып, сол ұлт әдебиетінің өкілі болып кеткен мысалдары аз емес. Мысалы, молдаван Антиох Кантемир орыс поэзиясының бастауында тұрған тұлғалардың бірі саналады, поляк Юзеф Теодор Конрад Коженевский болса Джозеф Конрад деген атпен ағылшын прозасының шебері ретінде мәлім, тағы бір поляк азаматы Гийом Альбер Владимир Александр Аполлинарий Костровицкий француз поэзиясының даңқын Гийом Аполлинарий деген атпен шығарған, украин Николай Васильевич Гогольдің туындылары орыс прозасының мақтанышы, тіпті, бертінге түссек, Булат Окуджаваның да, Фазиль Искандердің де туындылары орыс әдебиетінің игілігі делінеді… Алайда, ұлттық әдебиет ұғымын екшеудің классикалық өлшемдері солай болғанымен, ешкім де орыс тілінде жазатын Олжас Сүлейменов жырларын орыс әдебиетіне теліп көрген емес. Олжас Сүлейменов – орыс тілінде жазатын қазақ ақыны деген байламға жұрттың бәрі тақ тұрады («Егемен Қазақстан», 2010).
Ақын алғашқы өлеңдерінің өзінде «Маған қарап, қазақты таны!» деп өзінің кімнің атынан сөйлей алатындығын нық сеніммен шегелей білген.
Рас, әлем халқы қазақты ойшылдары мен ақын­дарына, саясаткерлеріне қарап таниды. Олжас Сүлейменов секілді ұлы таланттар – біздің халықтың барометрі. «Адамға табын, жер енді» поэмасы ақынның атын бір-ақ күнде аспандатқан туынды. Ал, «Аз и Я»-сы ұлттық менінен айрылып, өзге ұлттың шылауында кетіп бара жатқан түркі халықтарының, қала берді, қазақ халқының намысын, ұлттық рухын қамшылаған шығарма. Олжас ағамыз бір сұхбатында «Аз и Я»-ның арқасында «ұлтшыл» атанған мені, қазір кейбір ұлтшыл-патриоттар «интернационалист» деп айыптайды» деген ренішін де жасырмайды. Олжас ағамыздың қазақтың қазақ болып қалуы үшін, ұлттық рухымыздың танылуы үшін атқарған еңбегі өлшеусіз. Ол тек ақын емес, сондай-ақ, көптеген істің басы-қасында жүрген қоғам қайраткері. «Игорь полкы жайындағы сөз» жырының түркілік сарынын алғашқылардың бірі болып ашқан ғалым, «Невада-Семей» қозғалысын құрып, ядролық сынақтардың қазақ даласында өткізілуіне қарсы шығып, оның тоқтауына атсалысты. Олжас ағамыз қазақ даласында атом энергостанциясының салынуына үзілді-кесілді қарсы. Әлем Олжасты тыңдайды, ойшылдың әрбір пікірі маңызды әрі оған құлақ түріледі. Туған халқы да Олжас Омарұлының АЭС салу туралы пікіріне құлақ асар деген ниеттеміз.
Олжас ағам жоғарыда аталған сұхбатында дала қазағы мен қала қазағының арасына параллель жүргізе отырып, ауыл қазағының бойында ұлттық дүниетанымның, мем­лекетшілдік сананың болмайтындығын, ол өзінің қазақ екенін сезінбей өсетіндігін, қала қазағының ұлттық санасы биік тұратындығын айтады. Әңгімені сөзбе-сөз назарларыңызға ұсынсақ, Олжас ағамыз былай деген:
– Ауылда өскендердің санасында аталастық, рулық ұғым дамыған. Астанаға (Астана немесе Алматы) келген жастарда жүздік түсінік пайда болады. Уақыт өте осы солқылдақ таным ұлттық сананы қалыптастыра бастайды. Өйткені, қалада ауылдан келгендерді бір атаның, рудың немесе жүздің өкілі деп емес, қазақ деп қабылдайды. Мұндай қарым-қатынас адамға оның алдымен қазақ, содан кейін барып қана бір атаның, рудың, жүздің өкілі екенін ұғындырады. «Мәмбеттің» ұлттық сана-сезімі осындай күрделі жолдармен дамиды.
Бәлкім, ауылда өскен мен өркениеттің бесігінде тербелген Олжас ағамыздың бұл сөздерінің мәніне терең үңіле алмай отырған шығармын. Алайда, мен осы мақаланы жазардан бұрын Олжас ағамыздың барлық сұхбаттарын ежіктеп қарап шықтым. Бұған дейінгі кейбір сұхбаттарында да ол ауыл қазағының жалпыұлттық идеядан жырақ өскендігін айтады. Мәселен, «Свобода слова» газетінің 2010 жылғы 11 ақпандағы санында Тимур Нусимбековке берген «О земле, нации и «господствующих высотах» сұхбатында ауылдық қазақтар туралы осы ойын қайталайды. Олжас ағамыздың орыс тілінде берген сұхбатынан алынып отырған осы бір үзіндіні аудармасыз ұсынғанды жөн көріп отырмыз:
– «В ауле традиционно сильно родоплеменное сознание. Если ты с детства погружен в никем не разбавленную казахскую среду, ты и не знаешь, что ты – казах. Этот обобщающий этноним в твоем сознании занимает не самое первое место. Прежде всего – имя рода, потом – племени. С этим ты приходишь в город, поступаешь в вуз или на завод, и тогда, возможно, узнаешь, что ты к тому же еще и казах. А тот, кто родился и вырос в городе, с малых лет приучается осознавать себя казахом. Возможно, дед с бабушкой напомнят ему пару раз, что он из такого-то рода-племени, но это известие не проникает в глубины его памяти. А то, что он казах, ему постоянно напоминает среда обитания: улица, школа, автобус, потом вуз, рабочий коллектив… Таким образом, в Казахстане аул воспитывает родоплеменное сознание, город – национальное и вместе с тем интернациональное».
Кешіріңіз, Олжас аға! Сіздің қазақы рухта тәрбиеленіп, қазақы намыспен шыңдалып өскеніңізге күмәнім жоқ. Сіздің бөтеннің көзіне шыққан сүйелдей болғандығыңызға да шек келтіре алмаймын. Қаланы басып алған бөтендер, азшыл топтан шыққан сізге «қазақ» екеніңізді үнемі ескертіп отырғаны да рас! Демек, жәбірленудің салдарынан сіз ұлтшыл болдым де отырсыз. Алайда, мен Сіздің ауыл қазағының менталитетін түсінетініңізге және білетініңізге күмәнданып қалдым. Мен де сол қазақ ауылында өскен баламын. Қазақ ауылы болғанда, тарихи процестердің салдарынан Қазақстаннан тыс қалған, алайда этникалық тұрғыдан біртекті, тек қазақтар тұратын ауыл баласымын. Алайда, мен университет табалдырығын аттағанша, өзімнің қай жүзге, қай руға жататынымнан екенімнен бейхабар болыппын. Тек қазақ екенімді білетінмін! Мектепте әуелі 42 (бастауыш сыныпта), кейін 36 (орталау мектеп), артынан 24 (жоғары сыныпта) баламен бір сыныпта оқыдым. Бірақ, бірде-біреуінің руын сұрап көрген емеспіз. Бәріміз қазақтың баласымыз деген идеяда тәрбиелендік. Өркениетке құлаш ұрған қалалық мәдениеттен жырақ өссек те, қазақы мәдениетпен сусындадық. «Әліппені» бітіргеннен кейін, біздің қолымызға «Ана тілі» оқулығы тиетін. Сол оқулық бойынша, ана тіліміздің – қазақ тілі екенін толықтай сезініп өстік. Бастауышты тәмамдағаннан кейін, «Қазақ тілі» (сіз айтқандай әлдебір рудың тілін оқымадық) оқулығымен сусындап, «Қазақ әдебиетінің» жауһарларына ден қойдық. Рас, «Қазақстан тарихын» мектепте оқымадық. Қазақстаннан жырақ жүрген біз түгілі, Қазақстанның өзінде «Қазақстан тарихы» оқытылмайтын.
Жалпы, қазақты рулық деңгейден аса алмаған, қазақы сана-түйсігі қалыптаспаған деп кінәлау кімге тиімді екенін білмеймін. Мектепте жүргенде де, университетте білім алғанда да, қазақ әдебиетінің бүкіл тамыр-таралымы жайында молынан мағлұмат алдық. Ешқандай әдеби қайраткердің еңбегінен руын әспеттеген мысалдарды кездестірген емеспіз, тек бірыңғай қазақ ұлтын мадақтайтын. ХVIII ғасырда өмір сүрген Абай бабамыздың өзі «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!» деп күңіренген жоқ па? Осындай жалпы ұлттық идеяға үндеген рухы жоғары әдебиет тұрғанда біздің рулық, тайпалық деңгейде қалуымыз мүмкін емес. Оның үстіне, жоғары да бүкіл әлем Олжастың аузына қарайды, сол арқылы қазақты таниды деп айтып өттік. Ендеше, әлем таныған азаматтың өз халқы туралы осындай ұшқары ойлар айтуы қазақ туралы бүкіл әлемнің таным-түсінігіне кері әсер етпей ме? Әсер етіп қана қоймайды, қазақтың өз алдына дербес ел болуына күмән-күдігі қоюлай түседі. Олжас Сүлейменов болсын, басқа да қазақ тілінің төрге озуына оппонент болып жүргендер болсын, олардың түсінбейтін бір дүниесі бар. Ол – ұлт патриоттары «Қазақстанда тек қазақтар қалсын, тек қазақ тілінде сөйлесін» деп айтты деген қате пайым. Қазақ ұлт патриоттарының жалғыз талабы – Қазақстанда орыс тілі де, ағылшын тілі де өз мәртебесіне сәйкес қолданыла берсін, бірақ, қазақ тілін декларативтік емес, шынайы мемлекеттік тіл деңгейіне көтеретін шаралар қолданылсын.
Сіз айтып жүрген «өзара тәуелділік» мәселесіне де жауап осы төңіректен шығады. Әлем елдері бірлікте өзара қарым-қатынаста (тәуелділік емес шығар) өмір сүруге мәжбүр және солай еткенде ғана дамудың жаңа сатысына көтеріле алады. Оған ешкімнің дауы жоқ. Дегенмен, өзара тәуелділік шеңберінде ұлттық мәселе тағы да шетін болып қала бермек. Неге Еуропарламентте оған мүше елдердің барлық тілінде іс қозғалады да, Еуразиялық экономикалық одақтың құжаттарының бәрі бір тілде, тек орыс тілінде жазылады. Осы уақытқа дейін одақ көлеміндегі келіссөздердің әуелі оған мүше мемлекеттердің тілінде жазылып, содан кейін орыс тіліне (Еуроодақтың тәжірибесі бойынша) аударылмағаны белгілі. Еуроодаққа мүше елдердің барлығы өз тілінің мүддесін бірінші орынға шығарады. Ал, біз Ресейдің ұлы мүддесі үшін соның ыңғайына жығыла береміз. Олжас Омарұлы, Сіз абыз, аузы дуалы адамсыз. Сізбен кім санаспайды? Алайда, Сіз, Олжас аға, тәуелсіз қазақ жеріндегі Ресей полигондарын жабу немесе Байқоңырдан ұшырылып жатқан улы гептилді «Протондарды» ұшыруды тоқтатуға қатысты бірде-бір мәлімдеме жасамапсыз. Ресей осыдан екі жыл бұрын қазақ даласына төгілген улы гептилдің өтемақысын әлі өтеген жоқ. Бірақ, біздің зиялыларымызды осы бір толғақты мәселе толғантпағанға ұқсайды. Міне, ұлт патриоттарын толғантатын да, қорқытатын да мәселе осы. Осыларды айтып дабыл қағушыларға бүгінде әртүрлі ат қойып, айдар таға бастадық. Сіз де бір сұхбатыңызда ұлт патриоттары қоғамды бөлшектейді, азаматтық ұстаным біріктіреді деген екенсіз. Меніңше, азаматтық ұстаным ұлттың ертеңіне алаңдаушылықтан туындайды. Ұлт патриоттарының да мақсаты елдің ертеңі, болашағы. Демек, біздегі қостілді қоғамның бірін-бірі түсіне алмайтынындай ештеңе көріп тұрған жоқпыз. Тек, қайшылық тілдік мәселеден туындап тұрғандай сезіледі.
Қалай дегенмен, бір нәрсе айқын – қазақтың атын қазақша сөйлейтін ауыл баласы аспандатып жүр!

379 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз