• Ұлттану
  • 16 Шілде, 2012

КЕНЕСАРЫ ХАН ТАҒЫЛЫМЫ

Үмбетхан Сәрсембин, философия ғылымдарының кандидаты

Тәуелсіздіктің рухы қазақ тарихының барлық кезеңдеріне тән, батырлардың рухымен тәуелсіздіктің рухы сақталып келді. Қазақ тұлғаларының батырлығы тарихи уақыттағы елдің басын біріктіруші күшке айналды. Соның бірі Кенесары хан феномені. Кенесары хан феномені тарих шындығымен қатар, тұлға болмысының ерекше табиғатын, рухын көрсетеді. Ұлт тұлғасының ел топырағына сіңген рухы жаңа буынның ішінен ұлт тұлғасы рухының оянуына тікелей ықпал етіп отыратындығына Кенесары ханның тарихы толығымен куә: «Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның баласы Кенесары Орта жүздің саяси өмірінде жүз жыл бойы басшылық рөл атқарған шаңырақта дүниеге келіп, тәрбиеленді. Саяси белсенді қызмет Кенесарының атасынан бастап, аға-інілеріне және әпке-қарындастарына дейін әулеттік дәстүр болып есептелді, бұл жағдай болашақ көтеріліс басшысының мінезі мен саяси-идеялық көзқарасының қалыптасуына терең әсер етті». Қазақ батырларының рухани өмірі осы шындықты меңзейді, уақыттың ағымын білу, сол ағыммен ел мүддесіне қарсы келе жатқан саяси әрекетке қарсы тұру – бұл ел тарихындағы батыр болмысының рухани қырларын көрсетеді: Сөз шығады ақылдан, Ақыл айтар жақсы ғой, Айрылмаған жақыннан. Бақытты бала туады, Мейірімді қатыннан. Бір хикаят сөйлейін, Арғы атасы Абылай, Қасым ханның баласы Кенесары батырдан. Кенесары хан феномені ұлт руханиятында осылайша ел тағдырына парасат биігінен қараған қайталанбас тұлға бейнесінде қалды. Руханият ұлттың тамыры, тарихи танымы, кісілік түсінігі, елдік зердесі. Бұқар жырау бастаған қазақ жырауларының Абылай ханның тұлғалық рухын сомдаған рухани мұрасы Кенесары ғана емес, өзге де қазақ тұлғаларының қалыптасуына ықпал етіп отырған. «Халық аңыздары мен қиссаларында жырланған атасының образы Кенесарыда бала кезінен болған деу керек. Ол Абылайды мақтан тұтатын және өзінің әрқашан оның ісін жалғастырушы және оның құқықтарының заңды мұрагері екендігін атап айтып отыратын. Міне, сондықтан Кенесарының патша өкіметі орындарына жазған хаттарында және қазақтың әртүрлі руларына арнаған үндеулерінде Абылай есімі жиі аталатынын көреміз. Кенесары «атасы Абылайға тиісті жерлер үшін» күресетіндігін және «атасының жолымен жүретіндігін» ашық және бүкпесіз жариялады. Өзінің үндеулерінде ол «Абылай тұсында қазақтар еркін және бейбіт өмір сүргендігін» еске салып отырды. Абылай есімі Кенесары әскерінің жауға шапқандағы ұраны болды» – деп жазады Е. Бекмаханов. Нағыз ұлт зиялыларының рухы халықтың ұлттық ойлауы мен табиғаты сақталған жерде ғана көтерілмек. Ал, Кенесары ханның тарихи бейнесіне қарайтын болсақ, ел тәуелсіздігі жолында ол ұлт мүддесіне жан -жақты қызмет еткендігін байқаймыз. Ол батырдың даланың табиғатын меңгеру, әсіресе, ұлт табиғатын, дәстүрін, ұлт руханияты рухын көтеру жолындағы қызметтерінің рухымен, идеяларының ақиқаттылығымен айқын. Кенесары хан тарихын зерттеуші ғалымдарымыз атап көрсеткендей «...Хан болуға үміткер басқаларға қарағанда, Кенесары хандық билікті тартып алушы емес: оған заңды құқығы бар адам және билік ол үшін Абылайдың саяси бағдарламасына сабақтас өзінің нақты саяси бағдарламасын іске асыруына мүмкіндік бермекші». Атадан балаға және немереге берілетін батырлықтың рухын Кенесары хан осылайша дәлелдеп кеткен. Тарихи деректерге сүйенсек, «Қасымның ерекше қабілеттілігін оның дұшпандары да мойындаған. Мысалы, Орынбор Шекара Комиссиясының төрағасы Ладыженский Қасым туралы былай деп жазған: «Ол пайда табуды ғана ойлаған, тонаумен өмір сүретін, жай қарақшыдан жоғары тұр. Ол қырда ат ойнақтатып шыға келіп, ал үкімет тарапынан сәл ғана сес көрсетілсе, із-түзсіз көзден тасаланатын жан емес. Ол мұндай ғайыптан пайда болатындардан шығу тегі жағынан да, алдына қойған мақсаты жағынан да және қабілеті жағынан да жоғары тұр, сондықтан оны елемеуге болмайды». Тектілік – қазақ тұлғаларының өздерінің ғана емес, тұтастай қазақ елінің рухын үнемі сақтап отыратын құндылық. Кенесары ханның тарихи іс әрекетінің қалыптасу негіздерін зерттей келіп, Е. Бекмаханов ханның өзі айтып кеткен сөздерін де келтіреді: «Кейіннен өзінің атасы мен әкесі өмірінің ауыр жылдарын есіне ала отырып, Кенесарының былай деуі тектен-тек емес-тін: менің атам – Абылай Сібірде дүниеге келіпті, ол Аягөз және Қарқаралы округтерінде көшіп-қонып жүргенінде, Сібір отрядтары қыр соңынан қалмай, тынымсыз өмір кешті. Өз әкем Қасым мен ағам Саржанды да Көкшетау округі мен Есіл өзенінің бойын қоныс етіп жүргенінде, Сібір отрядтары үздіксіз қуғындап отырып еді». Ата-баба рухы – ел рухы, ел рухы – бұл ұлт рухы. Билеріміз айтып кеткен, елде жүріп атаңның намысын қорға, түзде жүріп, Отаныңның намысын сақта деген ұғым тұлғаларымыздың өмірлік ұстанымына, ел болмысының рухани тірегіне айналды. Ұлттық рух ел тәуелсіздігі жолындағы ата-бабаларымыздың елдік қызметтерінің бет-бейнесі, сол бет-бейнені сақтау, рухани ізді жалғастыру – қазақ зиялыларының негізгі ұстанымы. Кенесары хан идеясы – Кенесары хан билік құрған қазақ қоғамында дін, сауда айналымы, шаруашылық, тәртіптілік, зиялылар кеңесі тікелей ұлт мүддесіне қызмет етуге бағытталған. Ұлы тұлғаның тарихи қызметтеріне куә болған Нысанбай жыраудың ел тарихында қалған мына бір сөздері тарихи шындық: Кенесары кеткен соң, Иесіз қалды тағымыз. Наурызбай төре кеткен соң, Бастан тайды бағымыз. Бұлбұлдай сайрап жүр едік, Байланды тіл мен жағымыз. Азғанымыз емес пе, Қойшыдан сынды сағымыз. Артында қалған жетім ел, Кетті елдік сәніміз. Ақырында, әлеумет, Осындай болды халіміз... Хан рухы – ұлттық рухтың бастауы, ұрпақ рухының тірегі. Ханның бейнесін сомдап, рухын халыққа толғауымен жеткізетін – жырау, жырау руханиятындағы тарихи шындықты ұғынып, хан рухын бағалап, зердесінде сақтап отыратын – халық. Тұлғаларымыз тарихта осылайша ел мүддесіне қызмет етуде кісіліктің жолын сақтап кеткен. Бұл кейінгі ұрпақтың рухын асқақтата түсетін дүние. Батыр дүниеден өтсе де, оның тарихы, рухани тұлғасы мәңгі өмір сүретін феномен. Сол себептен, ұлт руханиятындағы батырларымыздың тұлғалық бейнесін сомдау тарихтан келе жатқан негізгі түйін.

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Ны­санбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет. 2. Бекмаханов Е. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Көп томдық. – Астана: «Астана полиграфия» АҚ, т 18. – 2010. – 450 б. 3. Қазақ тарихи жырлары (хрестоматия) / (Құрастырушы және жауапты редактор Б.С. Рахымов). – Қарағанды: Болашақ-баспа, 2009. 458 бет. 4. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40-жылдарында (Оқу құралы). – Алматы, «Санат», 1994-416 бет. 5. Батырлар жыры, 7-т. Тарихи өлең-толғаулар, дастандар./ (Құраст. Е.Дүй­сенбайұлы). – Алматы: Жазушы, 2008. – 288 б.

1090 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз