• Ұлттану
  • 16 Шілде, 2012

Мұратбек Жоламанов. «Құлагер»

Айгүл Кемелбаева, жазушы

Көштің көркі түйе еді, Шыңырауға қауға байлап бақ. Майлықожа. Қазақтың құдай дарытқан табиғи болмысы айрықша қазыналы, елгезек, зерек, имансыздықтан жиренетін, ұсақ өлшемдерді менсіне қоймайтын, адам баласын алаламайтын халық екенін бөгде жұрт біледі. Бұл оның кей ұлтқа өлсе де бұйырмайтын биік парасаты мен жаратылысы. Алайда, қазақтың өзін-өзі дер кезінде тану мен қадірлеу жағы кемшін, ауызбіршілігі аз, күншілдік пен бақталастықтың ми батпағына батып, өзін-өзі қолдай да, қорғай да алмай қалатын дәрменсіз кейпін тағы жат жұрт әбден зерттеп, біліп алған. Соның үшін арсыздары қорқаулардай қазақты жабыла талайтыны бар. Қазақтың текті ұрпағының кей зұлмат сәт қор болып, қансырайтыны осы себепті. Мейлі, жат жарылқамас. Ал, өз жылатпайды деп айтып кеткен бабалардың асыл сөзі неге аяқасты басылып, қазақтың ең талантты деген, артық туған ұлдары бұл өмірден қор болып өтеді? Неге тірісінде еленбей, өлгенінде сұралмай қала береді? Олардың қайғылы тағдырын ойласаң, өзіндегі түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетудің хас шебері кейбір халықтардың қаншылдығына, даналығына таң қалмау мүмкін емес. «Жомарттың қолын жоқтық кеседі» десе де, олардың шырқап кетуіне біздің өзара сыйластығымыз аз, даңғазадан басқаға мойын бұра алмай қалатын, аңғалдығымыз, күншілдігіміз, салғырттық пен надандығымыз бөгет болатыны күмәнсіз. Асыл мен жасықты дер шағында айыра алмай қоршылық көреміз. Бұл Абай өсиет қылып айтқан біріміздің тілеуін біріміз тілесуіміз қажет екенін анық ұққанда жылдам құритын жаманшылық. Ұлт болып нығаю содан басталмақ. Ал, өмірдің өзі шынында қызған кезінде соғылатын темір тәрізді емес пе?! Марқұм суретші Мұратбек Жолама­новтың тағдыры көкейге осы тектес күйік­ті ойлар салды. XX ғасыр басында аталарымыздың кеудесін өксікке толтырған «Ай, қап!» – әттеген-ай өкініші арада жүз жыл өтсе де ортаяр емес. «Өкінер кезің болды ғой!» деп Абай зар қақты, біз әлі бейқамбыз. Неліктен?! Өзгелерге жем болу үшін бе?! Мен суретшіні шамасы 1998 жылы «Хабар» арнасы таратқан репортаждан көрдім. Қазақ баласының жаудыраған ботадай тұнық көзі, жарық дүниеде күні санаулы қалғанын сол бір қимас, сағыныш тұнған көздері танытып тұрды. Ол жалындаған жас, отыздан енді асқан шағында өліп бара жатқан шерменде халінен бұрын өзімен бірге өнері өлмесе екен деген қуатты ойдан рухтанып, жаны жарқырап тұрғандай әсер етті. Көзіме жас тығылды. Ақан сері, Біржан сал тәрізді киелі өнер иелерінің тағдыры бұл қазақта қайталана беретініне налыдым. Бұрын бейтаныс суретші бейнесі жүрегіме осылайша ұялап қалды. Мұратбек Жоламановтың арт жағында шедевр туындысы «Құлагер» картинасы тұрған еді. Япырмау, ол өзінің Құлагер болмысты пырақ екенін анық ұқтырып кетті. Мұратбек өмірден өкпе дертінен озды, қазіргі медицинада оған емделіп жазылуға әбден болатын еді, кедейшілік көнбістік түбіне жетті. Бірақ, Мұратбек таланттарын қорғау үшін ұлттық идеясы әлі толыспай жатқан момын қазақ болған соң осы кепке тұтылды. Мүмкін, ол басқа ұлттың өкілі болып туса мерзімінен бұрын көктей солмай, танымал суретшілердің ортасында жүрер ме еді. Орыс, еврей, татар, өзбек болса мұншалық қараусыз қалмас па еді деген ой кимелейді, тиесілі несібесін айырып, бала-шағасын асырар еді. Мұратбектің тағдыры біреудің пешенесі емес, исі қазақтың дарындарын торитын тәрізді. Отарланған кезең кесірі аз ұлттарды іштен жегідей жейді, өзін тануға, хас жақсысын тіршілігінде аялай білуге қабілеттерін жойып жібереді. Доңыздың емшегін емген жолбарыстың күшіктері тәрізді қауқарсыз қылмақ, сөйтіп елдіктің азулы, қайратты қалпына сұмдық нұқсан келтіреді. Өйткені ондай жұрт санасы күрт кеміп, мәңгүрт күйге ұшырайды. Өзін өзге атаулыдан кем көру, бөтен халықтардың артықшылығын ұдайы мойындай беру, орысша айтқанда «комплекс неполноценности» қазаққа тән дүниенің бәрін жаман көргізсе, жерінуге итермелесе, онда бұл рухтың қорлануы һәм жеңілуі. Сондықтан «қолда барда алтынның қадірі жоқ» бола бермек. Жылтырағанның бәрін алтын көретін сыпыра теңгермешілік таланттардың артықшылығын жасырып, оздырмай, дараландырмай, өнерге қырсығын тигізе бермек. «Майлықожа ақын жырында «Көштің көркі түйе еді, Шыңырауға қауға байлап бақ» дейді. Бұл жақсының қадірін біл, игі жақсыны сақта деген сөз. Жақсы не үшін керек? Ел-жұртыңды қарға-құзғынға талатпай, өнер-біліммен алға оздырып, халқың қатардан қалмау үшін керек. Руханияттың көркі, қоғамды өрге сүйрейтін таңдаулы қауым, ауыр жүкті күллі жақсылар арқасымен көтереді ғой» – деп халықтың өзін-өзі сақтау түйсігінің күштілігі әңгіме болғанда филолог Омар Темірбек ой толғаған болатын. Қазақтың екі алып империяның ортасында алысып, таланып, таршылыққа тұтыларын зар заман ақындары күңірене түйсінді. Нақысбек шешен айтты деген бір сөз бар: «Орыс темір ноқта, қытай қайыс ноқта», «Орысқа ойыңды, қытайға қиялыңды айтпа». Мұратбек Жоламанов «Қағанаттың құлауы», «Көк бөрілер», «Сырым батыр», т.б. полотноларын салды. Оның «Құлагер» атты аққудың қоштасу әні тектес, ана тілімізді ғасырлар шеруінде бүлдірмей, шұбарламай адал сақтап келген көшпелі дәурен біткен; ата-бабаларымыздың өмір салты өзгерген; кейінгі ұрпақтың көзінен бұлбұл ұшқанының символына айналған Құлагерді бейнелейтін көркем полотносы бар. Суретшінің жаны мен рухы осы картинада дер едім. Жылқы жануардың көзі Мұратбектің өз көзінен аумай қалған екен. Ақан серінің Құлагері аңызға айналды, оған да тәубе. Ерте шапқан жарыстан, Шулатып кешке озатын. Боз тұлпарды өлтірген Нығмет қандай тозақы. Бұлай деп жырлаған, халық ақыны Кенен Әзірбаев. Хас жүйріктерді әр кез қызғаныштан құрту, қасақана өлтіру неткен бақастық, мұны трагедиялық шыңға алып шыққан Ілияс Жансүгіров Құлагердің беймезгіл ажалынан өз тағдырын көрді. 1937 жыл алаш арыстарына мұны тегіс көрсетті. Қазақ үшін тұяқ ұғымы өте қастерлі. Солтүстік Американың команчи, апачи текті үндіс тайпалары біздің бауырымыз болатын, сондықтан ат құлағында ойнайтын. Олардың отарлаушылардың басқыншылығынан құрып бітуін классик жазушы Джеймс Фенимор Купер «Могиканның соңғы тұяғы» деп таңбалап кетті. Сол кезде Құлагер нәсіл боп шалынды. Мұратбекке келіншегі Гүлжәміш: «Мынау Ақанның Құлагері ғой» дегенде, ол «Мен өзім» деп жауап берген. Мұратбек Жоламанов кенепке салған Құлагер баран түс емес, ақбоз ат, боз биенің сүтіне шо­мыл­дырғандай сиқырлы сұлулыққа оранған. Құлагердің бір ипостась тұспалы рухани тазалық. Аппақ құрбан. Құрбан шалуға пұт құдайлардан бермен мұқтаж адамзат нәсілі тұрғанда мұндай құрбан шалынбай әсте тұрмайды. Ал, құстай ұшып келе жатқан Құлагердің алдын тосқан, ала жіптен есілген арқан ше? Суретшінің адалдық пен арамдық қатар жүрмесе несі өмір дегені. Бұл керулі ала жіпті енді тұсаукесер дейікші. Марқұм суретшінің рухын өлтірмейтін, өнердегі үлкен кеңістікке самғайтын еркіндік аңсаған құпия күшке айналсын, қарасы кетіп, ағы молықсын. Илайым Мұратбек Жоламановтың өзі өлсе де өнері өлмесін, қазақтың асқақ рухы өшпесін. Картинадағы аңдыған ажал – ала жіп ишараға толы, реквием, суретші өзіне жазған эпитафияны астарлап тұрған сияқтанады. ­Ғалым Жайлыбай ақынның Сейфолланың сұлу Сәкеніне арналған «Рух» атты өлеңі бар: Ақбоз атты құлатқан жала – керме, Магаданға мола іздеп бара берме! Сәкен деген – халқымның рухы ғой Рухтарды көмбейді қара жерге. Менің атам Кемелбай репрессиядан айдалып кетіп, сүйегі Магаданда қалған, жазықсыз күйді ғой, аты өшпесін, рухы сөнбесін деп, Құдай оның немересі болған соң маған қалам дарытты. Құдайдың сүйген құлына кеңшілігі шексіз. Қазақ мұны өз сеніміне лайықтап аруақ қолдады дейді. Мұратбектің Құлагері ғажап бол­ғанда ақ түсті. Құлагердің суреттегі көзі­­не арбалғандай көп қарадым, ол құса-шер, арман, қиялын жылқы жарықтықтың көз жанарына аумай көшірген. Құлагердің көз сипаты ұшып бара жатқан құс бейнелі екен. Жадыма аңыратып қазақтың қос халық әні түссін: «Ұшырдым ұясынан балапан қаз-ай» мен «Ұшады көгала үйрек көлге қарсы, Ұясы жануардың желге қарсы». Жұлдыздай аққан Құлагер. Көз емес, бейне құс қанатындай ағып бара жатқан дәурен өзі бар. Қазақ дүние жалған дейді. 21 мамыр 2008 жылы семейлік сурет­ші Нұрбұлан Өтепбаевқа Мұратбек Жола­манов туралы түсірген «Қыздарым, саған аманат» атты телефильмді көрсеттім. Авторы журналист, жазушы Мұнайдар Балмолда. Оралдан жіберілген дискіні Нұрбұлан аға байыппен көріп шықты. Менде суретші суретшіні айнытпай таниды, Мұратбек өнерін талдап берсе деген ниет болды. Рас екен. График суретші Нұрбұлан Өтепбаев, эпикалық шабытпен тебірене сөйлеп былай деді: «Мына жігіттің Құлагері жан ай­қайы. Қазақтың ұлттық болмысын, табиғатын көрегендік қасиеті, сезімі, соны қабылдау қасиеті ерекше. Нә­зіктік бейне мен батырлықты қатар қойған жігіт. Бейнелеу өнерінде ол батырларды келсаптай қылып бей­не­лемейді, нәзік қылып береді. Өз жолы, ұстанымы бар. Форматты, ком­позициялық ұйымдастыру қабілеті күшті, картиналарында алып тастайтын артық ештеңе жоқ. Суретші картина жазықтығын ұтымды әрі шебер ұйымдастыра білген. Бұл бейнелеу өнерінде өте маңызды, әрі көркем бейнелеудің негізі саналады. Көп адамдарға жол ашып берді. Суретші бейнелеу өнерін қуғандар үшін әбден терең ой тастап кеткен. Бізде көп суретшілер құрғақ еліктеуге ұрынады, әлемдік қылқалам өнерінің ағымына ұқсап бағушылық – бұл мінезсіз екпін, тығырыққа апарып тірейтін жол, сондықтан нақты осы қазақы иісті бейнелеп бере алмай жүр. Тәрбие мен дәстүр үзіліп кеткендіктен шығар. Көбіне қазақтық жетіспейді. Мұратбек, сірә, тегі, атасы күшті жігіт. Қазір қазақтың даласы мен ана сүтімен табиғи дарыны байланысып жатқан өнер адамдары аз. Мұратбек Жоламановты Шоқан Уәлихановпен салыстыруға болады, жасы да шамалас. Ол сол аққан жұлдыздардың бірі, өз шығармаларында бойын кернеген ой-қиял толғауларын аз ғұмырында жасап үлгеруге асыққан суретші. Терең ойлы, суреттерінің маз­мұны, композициялық ізденістері өз елінің өмірінен алынған. Ұлт тарихынан үзінділер, қазіргі заман көріністерін тапқырлықпен бере білгендігін аңғарамыз. Ұлтжанды, үлкен сезім бойына біткен дарын иесі. Шын шебердің өнердегі арман, қиялы ата-баба дәстүрімен, туып өскен ортасымен біте қайнасып жатады. Мұратбек шынайы көшпелілердің шайыры, туған ұлтының қайғысы мен мұңын, батырлығы мен данышпандығын паш етуге ұмтылған нағыз азамат суретші. Мұратбек Жоламановтың өнердегі тегі мен тірегі оның ұлтжандылығында жатса керек. Суретші техникасының басқалармен мәнер ұқсастығы болғанымен картиналарының мазмұны терең, мәселе, міне осында. Дәстүр жоқтықтан осындай таланттарды ел өткізіп алады, жаны қиналғанда қол ұшын бермейді, себебі оны танып тұрған жоқ. Қазақтың қалталы азаматтарын нағыз талантты тану қасиетіне тәрбиелемеген соң солай. Өнермен шұғылданған адам шырмаулы болады, сырын сыртына шығарып айта алмайды. Суретші өзінің ішкі қиналысын картинасы арқылы бергісі келеді. Бұл қиналған жігіт. Намысқой, өткір. Беталды бояу жоқ. Құлагер. Әдейілеп қарасақ, тұяқ, саусақтарын пропорциональды салыстырмалық түрде жуан қылып салған. Оның бір атауы – тек. Оның тұлпардың тұяғын көрсетуін қазақтың дала табиғатында мықтылығын көрсетеді. Айға ұлыған көк бөрі. Шоқиған. Біздің жұртта бұрын солай өмір сүрген. Аттың аяғы («Батыр») жерде нық тұр. Бізге өнертанушылар керек. Сол дәстүрге айналмаған». Шынымен өлгенің бе, Құлагерім, Салбырап саптыаяқтай төменгі ернің. Баспа-бас қызға бермес жануарым, Басылмас бір шырқамай менің шерім. Ақан сері Қорамсаұлы Құлагеріне жоқ­тау айтып, тұлпарының атын өшпестей қылып, еліне аманаттап кетті. Үш жүзге аты мәлім Әнет бабаның ұрпағы Нұрбұлан аға толғанысты сөздерін шашау шығармай жазып алдым. Құлағыма жағып барады. Құлагермен қазақ Сәкен Жүнісов романынан соң қайта қауышты, оны әуелде құдай жылқы қылып жаратқан еді, одан соң қайран жануар әнге айналды, арада жүз жыл аунағанда Құлагер ұлы рух болып тірілді. Ғабит Мүсірепов сахнаға шығарды. Кейінірек Құлагерге құмар қылған Мағжан ақынның Ақан сері туралы эссесі; Мағжан Жұмабаев сосын Ілияс Жансүгіров поэмасын ашқызды; Ілиястың Құлагері мені Мұратбек Жоламанов әлеміне жетектеп әкелді. Ұрпақ сабақтастығы осы болса керек. Бұлар менің халқымның аяулы, асыл перзенттері. Оларды шын сүйсем, ол менің өзімді сүйгенім, қастер тұтсам шыққан тегімді, қазақтығым мен азат­тық рухымды ардақ тұтқаным, өзге жұрт­пен иық теңестіргенім ғой. Нұрбұлан Өтепбаев Мұратбектің өзге картиналарын талдауға көшті: «Сұлуды қайдан аласың, шын бейнені салу керек. Шындықтан бәрі қорқады. Бала, кекіл мен тұмар керек. Бала бейне қайдан туады? Ол шындықтан, суретші бойында жүрегі тазасын бейнелеп қалады. Суретші бейнелеген жас отбасы карти­насына көз салсаңыз, жазира жүзіндегі мейірім тұнған ана мен бала махаббаты ерекше мәнді. Әйел адамның жүзінен сабырлылық, ыстық сезім анық байқалады. Отағасы өңінде ризалық сезім айқын. Бейбіт өмір, қарапайым жан рахатын суретші сүйіспеншілікпен көрсете білген. Бұл мейірімді, кең пейілді халық тұрмысының бір фрагменті. Жас суретшінің бойында қаншама күш, қаншама жігер болды десеңізші. Өнер құдіреті деген осы болар, сірә». Марқұм суретші өзін іздеп барған Мұнайдар Балмолдамен әңгімесінде былай депті: «Қазақтың жастары ше­тел­дік кино жұлдыздарына, қолдан жасалған «жалған батырларына» еліктейді. Білмейді ғой... Өтірік неге керек? Біздің қазақ баласына Алпамыс пен Қобыланды, Ер Тарғын, Сырым, Иса­тай мен Махамбет емес пе керегі?! Өз батырларымызды біле білсекші. Жастардың ол білместігіне өзіміз кінәліміз. Сен де, мен де! Балалардың рухын ұлттық тәрбиемен тербетуіміз керек!» («Жайық үні», № 46. 16 қараша, 2006).

598 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз