• Келелі кеңес
  • 05 Шілде, 2016

ҚАЙДА БІЗДІҢ МІНЕЗІМІЗ, ҚАЙСАР ҚАЗАҚ?

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист

Жылдың төрт мезгілінде көшіп-қонып, өз ата кәсібімен кең далада еркін өмір сүрген қазақ баласының мінез-құлқы ежелден жайдары, байыпты болса керек. Оған арқау болатын көптеген мысалдарды халық арасында кең тараған сөз тіркестерінен, ән-жырларынан  анық аңғаруға болады.  Айталық, «Тау қозғалмаса, қозғалмайды» деген сөзбен ер азаматтың маңғаз, байсалды мінезін бейнелеп айтса, қазақ әйелі мінезіндегі биязылық пен әдептілікті суреттеген өлең-жырларды, тіпті, санап тауыса алмайсың. Бірақ, мұндай жайдары-жайлы мінез-құлық ұлттың жаппай «қой аузынан шөп алмас» момақандығын, бәріне көніп бас шұлғи беретін ынжықтығын білдірмесі анық. Егер, өте көнбіс, бәріне құлдық ұра беретін жасық жұрт болсақ, осыншама ұланғайыр жерге ие болып отырмас едік. Әр тұстан анталаған жауға төтеп бергендігіміздің арқасында ғана бүгінгі жердің бүтіндігі сақталғаны анық. Бүгінгі күннің өзінде «жер сатылмасын, жалға берілмесін» деп өре тұрған қазақ ресми билікті састырып жіберген жоқ па. 


Соңғы үш ғасыр бойы отарлықта болсақ та, тоталитарлық режимнің қатал құрсауы заманында 1986 жылы Кремльдің ұлт саясатына қарсыласып алаңға атып шығуымыздың өзі ұлтқа тән өр рухтан, батыр қайсар мінезімізден ажырай қоймағандығымызды көрсетсе керек. Де­ген­мен, ұзақ уақыт отарлаған империя қазақы мінез-құлқымызға сызат түсір­мей қоймағаны да ақиқат. Алдымен, пат­шалық Ресей тік мінезді турашыл қазақты жағымпаздыққа, парақорлыққа, халқына опасыздық жасауға үйретті. Ешкімнің ала жібін аттамайтын, барды бар, жоқты жоқ деп қана айтатын қазақты Совет өкіметі жалған ақпар беруге, сұғанақтыққа, баукеспелікке, еңбек майданында көзбояушылыққа үйретті. Совет тұсында ет комбинатында жұмыс істейтіндер – ет, сүт зауытында істейтіндер сүт ұрлайтын қазақы мінезге жат келеңсіз үрдіс қалыптасты. Қазір сол баукеспелердің ұрпақтары лауазымдық қызметке барса болды, қарпып қалуды, қаржы жымқыруды ғана ойлайтын қанға сіңген әдеттерін тастамай келеді. Олардың көбі сотталып, істі болып та жатқанын да көріп жүрміз. Осының салдарынан ұлттық мінез-құлқымыз біршама өзгеріп, қазақ баласы көптеген жат қылықтарға үйір болды. Әсіресе, Брежнев заманында ішімдікке жаппай бет бұруларының кесірінен қазақ азаматтары ата-баба салтында болмаған жиіркенішті әрекеттерге баратын болды. Жеңіл жүріс, некесіз бала табу, ата-анасын қарттар үйіне жөнелту, тапқан балаларынан безіп, жетімханаға тапсыру дегендердің бәрі де совет заманында қалыптасқан кері тәрбие мен көргенсіздіктің салдары. 
Негізі, көшпенділік мәдениеттің аспек­тілері, қазақы салт-дәстүрдің ерекше­ліктері, халық даналықтары, мақал-мәтелдер, ауылдық тәлім-тәрбие, аға буын ақсақалдар  ұлттық мінезді қалыптастырушы бірегей институт іспетті болып келді. Осындай ортадан нағыз қайсар да байсалды ер азамат, ар-ұяты берік адал әйел қалыптасып шықса керек. Өкінішке қарай, қазіргі күні нағыз қазақы мінезге тән адамдарды айналамыздан гөрі көненің қойнауынан көбірек іздейтін болдық. Ежелгі қазақтар ешкімге кіріптар болмай өз мақсат-мүддесімен, атақ-абыройын биік ұстап ғұмыр кешуді мұрат тұтқаны түрлі дерек көздерінен анықталып жатады. Жалпы, ғасырлар бойы абақтысыз, сақшысыз, қазіргідей қаптаған бақылаушы органдарсыз-ақ билердің  байламына көніп, сөзге тоқтаған, өмірлік тәжірибеге бай, алымды, еңбекқор, ақылды халық әлемде сирек шығар. Табиғатпен етене жақын өмір сүргендіктен және жеті атаға дейін қыз алыспайтын, құдаласқанның өзінде жеті өзенді асып барып, өзге ру-жүздің қыз-ұлдарын қосып, жер мен жерді, румен руды табыстырған, ұлттың біртұтастығын сақтаған ата-бабалардың даналығына қайран қаласың. Әрине, қан араласпаған мұндай ұлттың дені сау, жаны таза болмағанда ше. Оның сыртында, іргелес қалаларда тұратын екі қытай бірін бірі түсінбей араға тілмаш салып тіл табысып жүргенде Алтай мен Атыраудың қазағы қыз алысып, берісіп сүйек жаңғыртысып, еш диалектісіз бір тілде сөйлесті, мың жылдық құда, жүз жылдық күйеу болысты. Ұланғайыр даланың қай шетіне барса да, қарға тамырлы қазақ ас-су сатып алып, мейманхана жалдап көрген жоқ. Үйіне кірген улы жыланның өзін бас салып өлтіре салмай төбесіне сүт құйып шығарып салатын қазақтың мінезін қатыгез деп қалай айтасың. 
Көнеден жеткен әдеби мұраларға зер салсақ, қазақ жігіті бос сөзге үйірлігі жоқ. Айтарын тура әрі қысқа да нұсқа жеткізетін, мақтаншақтықтан аулақ, батыл әрі қайсар, өсек-аяңға мән бермейтін, қазымырлықтан аулақ,  ұсақ-түйекке байбалам сала бермейтін, көңілі даладай дархан тұлға елестейді. Қазақ мінезінің артықшылығы да осы болған шығар. Ата кәсібі мал шаруашылығымен айналысқан қазақ баласының әрдайым ұйқысы сергек болғанын дәлелдеп жатудың өзі артық. Таң сәріден малын өргізіп, жайылымға шығаруы керек. Жылқысын қайырып келіп, бие баудың басында құлын байлау, оны араға екі сағат салып, сауған сайын құлын тарту, асау үйрету, ат баптау, ер-тұрман, ноқта-жүгенін, қамшы, арқанын дайындап, таспа тілу, қора-қопсысын жөндеудің өзі Еуропа елдері үшін орташа деңгейдегі бір кәсіпорынның апталық жұмыс кестесінен асып түседі. Кешкісін ел орынға отырған соң да ер азаматтар тері илеп, қамшы өріп шаруасын жалғастырса, әйелдер ас-судың қамымен тыным таппайды, күндік асын әзірлейді, құрт-ірімшік қайнатады, айран ұйытады, қымыз піседі дегендей. Осындай тынымсыз тірлікпен таң атырып, күн батыратын жұрт өсек-аяңнан, салбөксе бос жүрістен аулақ болып, отбасына қамқор, балаларына асқар таудай сүйеу болатыны белгілі жағдай. Ал, енді бала тәрбиесі негізінен ата-әжелердің құзырында болғанымен, әке-шешенің үлгісін алған балғындар өздері де сол еңбекке ерте араласып кетері басы ашық әңгіме. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөздің өзі көшпелі өмірдің тұрмыс салтынан туғандай. Ішер ас, киер киімнен бастап, жылдың төрт мезгілінде тұратын баспанасын, қыстайтын, жайлайтын, күзейтін мекеніне шейін барлығын өздері реттеп келген қазақтың мінез-құлқында инновациялық, менеджерлік, стратегиялық-тактикалық алуан түрлі өнер жоқ деп қалай айта аласың?
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсететін мінезімізді бүгінге дейін сақтап келеміз. Оны сырт көздер де дереу аңғарады, разы болып айтып та жатады. Тарихымызды, мәдениетімізді, ата-тегімізді әлі де болса, тереңдеп біле түсуге деген құлшыныстың артып келе жатқаны қуантады.  Ежелгі көшпелі тайпалар туралы бір жазбада «олар отырса – таудай, жатса – дархан даладай, атқа мінген жүрістері құйғыта соққан желдей» деп суреттеледі екен. Нағыз тектіліктің нышаны дерсің. Мұндай жандардың мінезі қандай боларын елестету аса қиын емес. Еңсесі биік, ниеті адал, қолға алған ісін соңына дейін жеткізе алатын ерік-күш, салмақты салиқалы ой-өріс осындай жандардың бойынан табылса керек. Қазақ баласы кіммен болсын, тең дәрежеде қарым-қатынас жасай білгендігін олардың адамның жасын сыйлап қана төрге шығаратындығынан аңғаруға болады. Ешкімнің биік лауазымына, шен-шекпеніне қарамаған, жағымпаздық-жарамсақтық мінез атау­­лы болмағанын тұрмыстағы салт-сана­­ның әрбір элементінен көріп, пайымдай аласың. «Дат, тақсыр!» деп сөз бастаса, ханның алдында қараша халықтың да тең екендігінің озық үлгісін көрсете білген. Қазіргідей мүләйімсіп жалған мадақты үйіп-төгетін, көпе-көрінеу жарамсақтанып, өз ұпайын түгендейтін, елдің жайын емес, қарақан басының қамын күйттейтін елағалары болмаған. Айналасын алдап-арбайтын, ащы суға тойып алып, кеуде ұрып лаң салатын, ұрғашы көрсе қылмың қағып, ыржалақтайтын, мәнсап пен атақ жолында кімді болса да сатып кететін, қулық-сұмдық, айла-амалды пысықтыққа балайтын, біреудің көзінше өтірік мақтап алып, өзі жоқ жерде өлтіре жамандайтын мінезді қазақ азаматтары өздеріне лайықты санамаған.  Ондай жат мінез бізге өзгелерден жұққан дерт. 
«Кір жуып, кіндік кескен жерін» қазақ баласы анасындай көреді. Топырақтан жаралып, жерден пайда болған адам жер қойнауына сіңіп кеткенде ғана мәңгілік өмірі басталмақ. Қисса-дастандарда небір батыр ерлердің жерден нәр алатыны жыр болып төгіліп жататыны мәлім. Олай болса, мінез-құлықты жерден де бөліп қарауға болмайтын секілді. Төрт түлік малдың төлінің өзі жарық дүниеге келгенде жерге аунап жатып, тәнтіректеп орнынан тұрған соң төрт аяғымен жерді тірегенде одан қуат алғандай денесін тіктеп, жүріп кете береді. Қазақтың «туған жердің төсіне барып, аунап-қунап қайттым» дегенде бір сергіп қалатыны кездейсоқтық болмаса керек. Жалпы, адам баласының туған топырағы оның тағдыры мен өмірінің «бағдарламасын» жасап беретін аса ықпалды кеңістік іспетті. Кейде мінездің өзін туған жерінің табиғатымен байланыстырып жатамыз. Біреудің мінезін  Алтайдың мұз тауларындай асқақ десек, енді бірін көңілі Сарыарқаның дархан даласындай кең десіп жатамыз. Оны негізсіз деуге де болмайды. Әр адам туған жерінің био-қуатымен, гео-магниттік толқынымен, күн, жел, топырақ, суының және аң-құс, тіпті құрт-құмрысқаға дейінгі күллі жәндіктен бөлінетін «ақпараттық» жүйе аясында өсіп, тәні мен жаны, ой-өрісі мен санасы қалыптасады дегенді қазіргі ғылым анықтап отыр. Сол ортадан алыс­тап, өзге елге қоныс аударған адамның табиғи қуатына өзгеріс енеді. Әлде бір заттың жетіспеушілігі туындап, ауырады немесе көңіл-күйі құлазып, әлдебір жайсыз күй кешеді. Оны жас кезінде ешкім аңғармағанымен, шау тартып, қартая бастағанда сезетін көрінеді. Кейде ауруы дендеп медицинаға дес бермеген науқасты туған жеріне әкелсе, көңілі көтеріліп, ауруын ұмытып кететін жағдайлар да өмірде кездесіп жатады. 
Анадан туған кезінде алғаш дүниемен табысқан жерінің био-кеңістігінен, гео-магниттік жүйесінен қуат алып, сергитін болса керек. Мұны да мінез-құлықтан бөліп қарауға келмейді. Қазақтың жерге деген махаббаты ерекше. Қоғамдағы небір әділетсіздікке төзсе де, «жер сатылады, шетелдіктерге жалға беріледі» дегенді естігенде еліміздің бірқатар өңірлерінде жаппай митингке шығуларының өзі қазақтың отаншылдық мінезінің қай кезде қалай өріс алатынын дәлелдеп берді. Ал, қазіргі таңда біздің қоғамдағы ең қауіпті әрі жиіркенішті індет жағымпаздық болып тұр. Жағымпаздық жайлаған жерде жасампаздық іс жасалмайды. Бірде Вашингтондағы Жоан Шоренстайн атындағы Баспасөз, саясат және мемлекеттік қызмет істерін зерттеу орталығының атқарушы директоры, профессор Марвин Калб әңгіме арасында кеңес одағының құлауының басты себебі бастықтың саны тым көбейіп, жұмысты қолма қол атқаратындардың  күрт азаюы болса, екінші фактор – жағымпаздық пен құр мақтаншақтықтың, жалған ақпармен халық пен билік бірін-бірі алдаушылықтың салдары болғанын айтқаны еске оралады. Өзге де көптеген себеп-салдарлар бар шығар. Дегенмен, американдық әріптестің сөзі көңілге қонады. Қазір шынымен де, «турасын айтсаң туғаныңа да жақпайсың» дегеннің кері келіп тұр. Керісінше, адам бойындағы ең бір жағымсыз мінезді асқақтатқан жағымпаздардың айлары оңынан туатын түрлері бар. Жұмыс істемейді, істейін десе де қолдарынан ешнәрсе келмейді. Бар білгендері, жағымпазданып, басшыға жол табу. Реті келсе, ұжымдағы ең білікті әрі жұмысқа қабілетті жандарды күндеп, сырттай бастыққа жамандап барып, бәрін тындырып жүрген өзі болып көріну  үшін тыраштанатындардың тірлігі бір қарағанда күлкілі әрі аянышты.  Ондай келеңсіздікке жол беріп отыратын басшылардың кездесетіні өкінішті. Бір әріптесім қалжыңдаушы еді, бізде кім бұрын бірінші басшыға кіріп, өзін мақтап, өзгені жамандаса сол жеңеді деп. Осындай жолмен тірлік жасап жүргендер барлық ұйым, мекемелерде кездеседі. Оның өзі соңғы кезде тым ушығып, кеңінен қанат жайып бара жатқан секілді. Ал, сол жағымпаздық мінездің қайнар көзі қайдан шығады дегенге келсек, себеп-салдарлары жеткілікті. Ең алдымен, құлдық санадан туатындығында дау жоқ. Өзі өзіне сенбейтін, білімсіздігі мен дәрменсіздігін біле тұра көтере алмайтын шоқпарды беліне байлауға тыраштанатын дарынсыздан туатын ең бір сұрқия мінез осы жағымпаздық деп білемін. Көшпенділер мемлекетінің ұлы көшбасшысы Шыңғыс хан Тэмүжин жағымпаздар мен сатқындардың еш­бір датын тыңдамай бастарын алып отырған. Керісінше, ержүрек батыл, шындықтың бетіне тура қарай алатын жанды кәдірлеген, оларды өзінің сенімді нөкерлері деп білген.
Жалпы, көшпенділерде, соның ішінде қазақы ділімізде жағымпаздық мінез болмаған. «Бас кеспек болса да тіл кес­пек жоқ» деп ақиқатты ханның алдында да ақтарып салатын, «жалғанның балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлгенді артық» санайтын халықта қандай жағымпаздық болуы мүмкін. Олай болса, жағымпаздық – арғысы патшалық Ресей отаршыларынан, бергісі кеңестік қызыл империядан жұққан індет болса керек. Адам боламын деген қазаққа кезінде Абай бес нәрседен қашуды, бес нәрсеге асығуды өсиет етіп кеткені мәлім. Бұл сөзге ой жүгіртіп қараған жан оның жеке адамға емес, іргелі елдің тағдырына алаңдап айтқанын анық аңғарады. Абай барлығын да мінезбен байланыстырып түсіндіреді. Әлем көшіне ілесіп, дамудың жаңаша жолын таңдаған әрбір ел үшін адамзатқа тән озық технологияға ұмтылудың, дүниедегі сан алуан байлықтан өз үлесін алудың, ортақ билікке араласуда өзгелермен тең қақылы болудың маңызы айрықша. Сол үшін де халықаралық нарықта өз орнын ойып тұрып алуға және оны сақтап қалуға, пайдасын еселеп, ұпайын түгендеуге барын салады. Өз елінің бизнестік мақсатын әлемдік аренада жүзеге асыру жолында жан аямай күш салуға міндетті тұлғалардың алдыңғы қатарында мемлекеттік деңгейдегі жоғары лауазымдылар тұруға тиіс.
Ол   үшін  өркениетті әлемде дамушы елдер  қатарындағы біз секілді жұрт табиғи байлығымыздың көптігін алға тартып, арзан жұмыс күшімізді артықшылыққа санау бекершілік болмақ. Ең бастысы, өзгелермен бәсекеге түсетін төл өнімдерімізбен, үздік технологиямызбен мақтанып жүрсек, қанеки! Шетелдіктер Қазақстанда жасалған қандай өнімдері бар екенін сұрағанда кейде ұяттан бетіміз қызарып кетеді. Қазір жақын шетелдер көрші Қырғыз елінде не жасалатынын білетіндігін, ал, қазақтың ешбір тауарын көру тұрмақ естімегендерін жасырмайды. Соған қарамастан, бұрын жасап келген бірдемелерімізді жетілдірудің, алдымен ішкі нарығымызда сұранысты өсіріп алып, кейін экспортқа шығарудың қамын бүгіннен бастап ойластырмасақ, осы күйі әлем елдерінің ішіндегі ең артта қалғандарының өзіне құлдық ұрып, өтімсіз тауарларының тұтынушысы болып қала беретін түріміз бар. Дүниежүзіне ұлттық брендімізбен, өз технологиямызбен ғана танылмасақ, болғанынан боладысы қызық «экспомен» де алысқа шаба алмаймыз. Бұдан бұрын алаулатып өткізген түрлі саммит, форумдардан, «төрағалығымыздан» бүгін не қалды? Әлем бізді танығаны бар болсын, АҚШ-тың кейбір жоғары лауазымды тұлғаларының өзі еліміздің атауын есіне түсіре алмай Қырғызбен шатастырып жатса. Әуелі, атышулы Ауғанстан екен деп ойлап қалмағанына шүкір демеске лажы жоқ. Жеңіл өнеркәсіп, туризм, тау-кен саласы мен ақпараттық технологияда бәсекеге қабілетті бренд жасауға кіріспей кежегеміз кері тарта берсе, ХХ ғасырдың басында Алаш көсемдері айтып кеткендей тағы да «ай, қап!» деп сан соғарымыз айдан анық. Әрине, шешімін күткен мәселе шаш-етектен. Мамандардың айтуына қарағанда, қуат көздері, жол қаты­нас секілді инфрақұрылымдардан туын­дайтын проблемаларды шешу үшін жұмсалатын қыруар қаржыдан бұрын жеке тұлғадан бастап, ұлттық компанияларды, тіпті бүкіл қоғамды толығымен қамтитын жағымды өзгерістер қалыптастыратын тетік қажет екен. Ол үшін он ойланып, жүз толғансаң да айналып келіп, қоғамдық-саяси өмірімізде сол баяғы Құнанбайдың баласы Абайдың айтып кеткен «бес нәрсеге асық болу» туралы өсиетіне келіп тірелесің. Олай болса, барша қазақтың жеке өмірінде, саяси, қоғамдық, әлеуметтік өмірінде Абайдың сөз­дерімен тақырыпталған бес қабілеттілікті  қалыптастырсақ, мұртымызды балта шаппас. «Өңкей жалған мақтанмен, шын­ның бетін бояма» – дейді Абай. Мұны жеке адамның мінезімен ғана емес, бүкіл қоғамдық психологиямен байланыстырғанымыз абзал шығар.
Экономикалық, әлеуметтік өмірдің өзек­тілігін әрі жағдайды дәлме дәл айқын­дайтын дәйекті де шынайы зерттеуге негізделген ақпарат пен терең тұжырымның маңыздылығы бүгінгі таңда айтарлықтай. Жалпы, әлемдік тәжірибеден белгілі болғандай, белгілі бір елдің тұрғындары сапалы әрі нақты ақпаратпен қамтылмаса және халқы оның жақсы-жаманын айыруға қабілетті болмаса ондай жұртты артта қалған керітартпалар қатарына жатқызады екен. Мұндай елдің ақпараттық ағынын тұйықталған, еркіндіктері шектелген топ­тарға қосып, даму көрсеткіштерін мешеулікке балайды. Олай болса, әлемдегі «жоғары дамыған, бәсекеге барынша қа­білетті отыз елдің» қатарына ену үшін ең алдымен мынаған қол жеткізуіміз керек: Біріншіден, ақпарат алу, оны еркін тарату мүмкіндігін қамтамасыз етумен қатар елде барлық мемлекеттік қызмет ашық жариялы болуға тиіс. Екіншіден,  журналистер қан­дай бір саяси күштердің ықпалынан аулақ бейтарап тұруға тиіс. Жүйелі, әділ ақпарат қоғамдағы әр субъектінің жеке қадамына жағымды ықпал етумен бірге оның әлеуетін арттырады, ой-өрісін кеңейтеді, білімін байытады. Сапалы әрі пайдалы ақпарат жал­пыға ортақ сипатта дер кезінде жетіп тұруы еркін экономикалық нарықтың негізін қалыптастыратын шешуші фактор. Батыста қаржы нарығындағы құнды қағаздардың бағасына әсер етуі ықтимал ақпаратты ресми түрде көпке жарияламай тұрып, алдын ала зұлымдық жолдармен біліп алса және оны жеке мүддесіне пайдаланса, ондай тұлғаларға міндетті түрде қылмыстық іс қозғайды. Мысалы, Америка бизнес әлемінің жұлдызы саналатын, тұрмыстық заттарын брендке айналдырған  Мария Стюар деген әйелге  бір компанияның атқарушы директорының көмекшісі маңызды шешім­нің қабылданғалы жатқанын телефон арқылы хабарлап үлгереді. Ол өзінің құнды қағаздарын жедел түрде сатып «ішкі сауданы» (insider trading) қыздырғаны үшін алты ай абақтыға қамалған екен. Оның мәні мынада, құнды қағаздың бағасы үш есеге құлдырауынан бұрын үлгеріп, сатқаны өзгелерден артықшылық иелену болып танылған. Ондай жағдайда кім болса да заң алдында жауап береді. Қоғамда ешкімге артықшылық берілмейді. Ал, бізде болса ше? Министр, әкім, басшы атаулының көбісінің әйел, бала-шағаларының атына тіркетіп қойған жеке бизнестері бары бүгінде ешкімге құпия емес. Мұндай жағдайда ақпарат алу мен таратудағы теңдікті, кәсіпкерлік саласындағы мөлдірлік пен әділеттікті сөз етудің өзі күлкілі болып көрінетін шығар. Дегенмен, әлемдік стандартқа жетуді мақсат еткенімізбен мақтанатын жұртпыз ғой, неге оған өзіміз  сай болмасқа.
«Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйыр­мас» – дейді, тағы Абай. Әрине, бәрінен де ар қымбат. Жеке тұлғалар мен жалпы қоғам мәдениетінің адамзатқа ортақ бір өлшемі бар. Ол – біліп немесе білмей жасаған қателіктерін ашық жариялы түрде қоғам алдында мойындау және жүктелген жауапкершілік пен айыптауларды қабылдау! Егер, бұлай болмаған жағдайда олқылық атаулыдан қоғам ешқашан көз ашпайды, былық-шылықтың бәрі қайта айналып соға  береді.
Сол Абай енді бірде «Бақпен асқан пат­шадан, мимен асқан қара артық» – дегенде нені меңзеді? Туыстық немесе кландық топтар үстемдік құрған қо­ғамда шын дарындылар мен өз ісінің хас шеберлерінің де «екі қолына бір күрек» табылмай жатуы аса таңданарлық жайт емес. Билік органдарының өзіне елдегі айтулы аза­маттардың таңдалып сайлануы, лайықты  орынтаққа тағайындалуы екіталай. Қа­былданған заңдар мен мойындалған келі­сім­­дердің орындалмауы, жаппай алдап-арбау мен көзбояушылық әдеттегі көрініске айналуы ықтимал. Қазіргі таңда басқарушы топтардың арасында командалық тәсіл кең етек алған. Сырттай қарағанда, орынды секілді көрінуі мүмкін. Өзара тіл табысатын, ортақ іске бір кісідей атсалысатын, ұтымды ұйымдаса білетін ұжым секілді. Алайда, іс жүзінде көбісінің іскер командадан гөрі сыбайласқан ұры-қарыларға, жемтіктес жыртқыштарға ұқсастықтары қылаң беріп жатады. Жемқорлықпен күресіміздің түрін де, мазмұнын да түбірімен өзгерту қажет болып тұр. Дәл қазіргідей лауазымды тұлға тойғанынша ішіп-жеп, жиған-тергенін шет ел асырып тасып болғанынша, сосын, барған жерінен қымбат вилла сатып алып орныққанынша, тіпті, барған елінің азаматтығын алғанша күтіп отырып ең соңғы сәтте оған іздеу жариялаудың, сырттай соттаудың қандай мәні бар?!
«Түбінде баяндысы –  оқу оқып, білім алған» – деп, Абай қазіргі күндегі тағы бір өзекті мәселені алға тартты. Әлемдік үрдісте жоғары білім берудің құндылығы – қоғам тарапынан біліктілікке, имандылыққа, танымдылыққа және жеке тұлғаның әлеуметтік орнына, позициясына сай анықталады. Ал, біз тәуелсіздік жылдарында балаларымыздың білімнен гөрі диплом алуына көбірек назар аударатын ескі көзқарастан арыла алмай-ақ қойдық. Соның салдарынан нарықтық экономиканың қатал заңдылықтарына төтеп бере алатын мамандарға әлі зәруміз. Әр отбасы орта мектеп бітірген балаларының бәрінің жоғары білім дипломын алып шығуына мүдделі. Ал, қолынан не келеді, болашақта ол немен айналысады дегенге бас қатырып жатпаймыз. Диплом алса, бір жөні болар деген деп қана ойлаймыз. Алған білімдерінің сапасыздығы мен пайымдарының таяздығы салдарынан жеке тұлғалардың қоғам алдындағы жауапкершілігі босаңсып, жат пиғылдағы діни ағымдардың ықпалына түсетіндер, есірткіге әуестенетіндер тіпті, лаңкестер қатарына еніп кететіндер де бой көрсетуде.
«Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» – деп Абай ескертудей-ақ ескертті. Ал, бізде әлі күнге дейін еңбекті қастерлейтін моральдық құндылық дұрыс қалыптаспай жатыр. Тез баюдың, оған оңай жолмен, тіпті, зұлымдықпен жетудің қамын күйттеушілер жемқорлықтың көрігін қыздыруларының салдарынан адал еңбекке деген ықылас пен белсенділік босаңсыды. Жұмысқа тұру үшін тамыр-таныс іздеудің түпкі мәні беретін параны жалғастыратын делдал табу екендігі бүгінде құпия болудан қалды. Бос қызметтік орынға жарияланатын конкурстардың әділ өтіп жатқандары некен-саяқ. Сайлауда дауыс ұрланатынын, оның әділ өтпейтіндігін барша жұрт сезетін, білетін болған.
Соңғы кездері шығармашылық байқау­лардың да әділ өтпейтіндігін, оған төреші болған, түрлі қоғамдық комиссияға енген­дердің өзі параға сатылатындығын, байқау жеңімпаздарына тағайындалған сыйақы­ларды астыртын бөлісетіндігі жиі айтылып жүр.  Адал еңбекке деген құрметтің осылайша аяқ асты болуы, мәдени деңгейіміздің тым төменге құлдырауы біздің қоғамдық ортаның моральдық жағынан қатты азғын­дап кеткендігін көрсетсе керек. Ел сенген, сыйлаған тұлғаларымыз екіжүзділікпен жо­ғарыға жарамсақтанып, қарақан басының қамын күйттесе, абыройларын айрандай төгіп «сақалын сатып» жүрсе, еңбегін сатып күн көруге тиіс кейінгі буынға олардың көлгірсіген күлдібадам әңгімесінен не үміт, не қайыр?! Міне, жоғарыдағы біз айтқан жағдайлар мен жайлардың бәрі қазақтың ұлттық мінезіне тән қадыр-қасиет пе? Әрине, жоқ! Ендеше, ұлттық қасиетті ұлықтау жаманнан кетік кемшіліктен арылу болса керек. 
Ұлт ойшылдары мен Алаш көсем­дерінің мінезіндегі қайсарлықты, адал­дықты, қайраткерлікті, табандылықты, күрескерлікті, тұлғалықты меңгермек тұр­мақ өз ана тілін де жарытып біл­мейтін шенеуніктер айналасындағы тойым­сыздықты, парақорлықты, масыл­дықты, жал­­­тақтықты, жағымпаз­дықты ғана місе тұтпаса, өзге қандай мінез-құлықты бойларына дарытулары мүмкін?!
Олай болса, ұлт мүддесіне деген адалдықты, мемлекетшілдікті ең алдымен, әлдекімнің қытайша немесе ағылшынша керемет білетіндігімен емес, керісінше, ата-баба дәстүріне, ұлттық мінез-құлқымызға қаншалықты сай келетіндігімен өлшеуіміз қажет болар. Ұлт көсемі, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген өсиетін қазіргі таңда мықтап ұстансақ қана біз ұлттық демократиялық азат ел ретінде дамудың даңғыл жолына түсе аламыз. Онсыз істің бәрі бекер. 

 

 

700 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз