• Ұлттану
  • 05 Шілде, 2016

ЖЕР ТАҒДЫРЫ – ЕЛ ТАҒДЫРЫ Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Дос КӨШІММЕН сұхбат

– Қазақстандықтарды, оның ішінде қазақ қоғамын толғандырып отырған мәселелердің өзектісі – жер. Дос аға, осыған орай, халық пен жер мәселесіне байланысты арнайы құрылған комиссия мүшелерінің аталған мәселеге көзқарастарында қайшылық жоқ па? Болса, қаншалықты және қандай?


– Әрине, қайшылық жоқ болса, комиссия құрылмас еді... Меніңше, комиссияның мүшелерінде, шартты түрде, үш бағыттағы көзқарас бар сияқты. Біріншісі – «Жер туралы Кодекске» 2015 жылғы Парламент қабылдаған өзгерістер мен толықтыруларды толығымен қолдайтын азаматтар. Екінші топқа – жерді жекеменшікке сатпау керек және шетелдіктерге жалға бермеу қажет деп санайтындар. Ал, үшінші топқа кіретіндер – осы екі бағытты жарастырып, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сынбайтын» жолды іздеушілер. Шынын айтқанда, әрбір көзқарасты жақтайтындар комиссия жұмысының нәтижесінде өздерінің позиция­ларын өзгертуі де мүмкін. Басты мақсат – халықтың көңілінен шығатын ортақ шешім табу. Дау тудырып отырған екі ғана мәселе. Оның бірі – жерді сату не сатпау мәселесі, ал, екіншісі – жерді шетелдік инвесторларға жалға беру не бермеу.  
– Өзіңіз комиссияның өткен отырысында жер мәселесі туралы ой қозғап, сөз сөйледіңіз. Сондағы пікірлеріңізді таратып айтып берсеңіз.
– Мен Жер туралы комиссияның төрт отырысында да өз пікірімді білдірдім жә­не өзімнің көзқарасымның дұрыстығын дә­лелдеуге күш салдым. Біріншіден, жерді сату – қазақтың болмысына, менталитетіне, философиясына жат. Біреулер бірінші орынға – экономикалық мәселені қойып отыр, сол арқылы қазақ халқының «жерді – ана» деп қабылдайтын ұлттық рухани психологиясына көңіл бөлмеді. Халықтың бұл өзгерісті қабылдамағаны да осының белгісі. Екіншіден, Конституцияда «жер – мемлекет меншігі» деп жазылғанымен, шын мәнісінде, жер – қазақ халқының еншісінде. Жердің иесі – халық. Мемлекет жерді реттеуші ғана. Олар оның тиімді пайдаланылуына жауап береді. Үшіншіден, жерді өзіміз де өңдеп, пайдаға жарата аламыз. Шетелдік инвесторларға жерді беру керек дей­тін­дердің  басты дәлелдері  – «Сол арқылы Қазақстанға жаңа технология келеді» мен «Жерді өңдеудің жақсы тәжірибесін аламыз» деген уәждер. Меніңше, жаңа технологияны да сатып алуға болады, сол елдерге барып, жаңа тәжірибені де үйреніп қайтуға әбден болады. Мойындауымыз керек, мем­лекеттік  билік өзіміздің азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетсе (банк жүйесі, салық жеңілдіктері, лизинг, т.т.) біздің аза­мат­тардың қолдарынан бәрі келеді. Оны Комиссияға қатысып отырған кәсіпкерлер де айтты. 
– Жергілікті жерлерде болып жатқан комиссия отырыстарында оң үрдістер бар ма? Комиссия жұмысының  қорытын­дысына қатысты қандай болжам айта аласыз?
– Бүгінге дейін Жер комиссиясы тек бір ғана аймаққа барып, жергілікті жердің комиссиясымен кездесу өткізді. Кездесу кезінде сөйлеген адамдардың 60 пайызы біз­дің көзқарасты қолдаса, 40 пайыздайы өзге жағындағы пікірлерін айтты. Шынын айтқанда,  облыс әкімшілігінің өздері жи­наған  адамдары бұндай көз­қа­расты ұстанады деп ойламаған едім. Де­мек, халықтың көпшілігі жерді сатуға, шетел­діктерге жалға беруге қарсы.  
Сұхбаттасқан, 
Дина ИМАМБАЙ

317 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз