• Ұлттану
  • 28 Қыркүйек, 2016

ҚАЗАҚ БИБЛИОГРАФИЯСЫНЫҢ ҚАРЫМДЫ ҚАЙРАТКЕРІ

Алтынкүл  Байбосынова,
кітапханашы

Қазақ мәдениеті мен кітапхана-библиографиялық ісін дамыту саласында еңбек ете жүріп Жолдыбике Нүсіпқызы Кәриева қарапайым кітапханашы, білгір библиограф, ұлағатты ұстаз, республика кітапханаларына арналған ғылыми-әдістемелік орталығының бас маманы, сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Қазақ кітаптарының тарихын зерттеп, құнды және сирек кездесетін кітаптар мен қолжазба мұраларды келер ұрпаққа жеткізу саласында келелі жұмыстарды жүзеге асыруға мұрындық болды. Қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты құнды деректерді жинақтау ісінде қажырлылық пен  ізденімпаздық танытумен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының тарихында өзіндік өшпес із, қайталанбас айшықты қолтаңбасын қалдырды.    


Ж.Кәриева 1960 жылы  Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебін бітіріп тәжірибелік сұрыптау шаруа­шылығында қатардағы жұмысшы санатында еңбек жолын бастады. 1962 жылы Алматыдағы  Қазақ  мемлекеттік  қыздар педагогикалық институтының кітапхана факультетіне оқуға түсіп, оны 1966 жылы бітірген дипломды маман Қаскелең аудандық кітапханасына жұмысқа орналасты. Осында жүріп ауыл еңбеккерлеріне қызмет көрсетумен бірге кітапхана-библиография ісінің тәжірибесінен өткен Жолдыбикеге 1967 жылы Қаскелең мәдени-ағарту училищесінің кітапханасынан меңгерушілік орын ұсынылды. Осында өзінің ұстаздық жолын жалғастырып 1969 жылы кітапхана ісі саласының ең қызықты бөлігі библиография пәнінің оқытушылығына тағайындалған соң он жылдан аса қызметін жалғастырды. 
Кітапхана ісін түбегейлі жетілдіріп орта­лықтандырылған жүйеге көшіру және оның қоғамдық-саяси маңызын терең­дету жөнінде арнайы қаулы-қарарлар қа­былданып, республикалық кітапхана ма­ман­­дарының мәжілістерінде озық тәжіри­белерді насихаттау науқаны басталған тұста 1978 жылы Ж.Н.Кәриева Қазақ ССР-інің А.С.Пушкин атындағы мемлекеттік көпшілік кітапханасының сол кездегі директоры Н.Қ.Дәулетованың шақыруымен осы мекеменің ғылыми-әдістемелік орталығына бас маман болып келді. 
Туған тілдің мәйегімен ауызданып қормалды  ауылда  туып өскен Ж.Кә­рие­ваның бойында отанға, ана тіліне деген құрмет бәрінен жоғары тұратын. Қазақтың қаймағы мол жиналатын осынау қасиетті құтты шаңырақ оны жатсынбай қарсы алып, ұлтжандылық қасиетін шығармашылық жобалармен ұштастырып жүзеге асыруына, шынайы табиғи дарынын онан әрі  ұштап толық пайдалануына арналы жол ашты. Ендігі кезекте тапсырылған қызметтің қоғамдық жауапкершілігін түбегейлі түй­сінген білікті маман жаңа қызметіне құл­шына кірісіп кетті
Төл тілімізде республика кітапхана­шылары мен мамандары үшін аса қажет құралдардың тапшылығына байланыс­ты елімізде орыс тілінде жарық көрген кә­сіби басылымдарды қазақшаға аударып пайдалану әдістемесін қолданған Ж.Кәриева «Қазақстандағы кітапхана тану ісі және библиография» кітапханалық-библиографиялық ғылыми материалдар жинағы, «Орталықтанған кітапханалар жүйесінің жылдық жұмыс жоспары мен ин­формациялық есебінің үлгі-құрылымы», «Орталықтанған кітапханалар жүйесінде оқырманмен жүргізілетін жеке жұмыстар», «Кітапханаларда жүргізілетін көпшілік жұмыстардың түрлері: ұйымдастырып өткізу әдістері», «Кітапхананың мәдени комплексте алатын орны», «Орталықтанған кітапханалар жүйесінің жұмысын ұйым­дастыру», «Орталықтанған кітапха­налар жүйесінің кітап қорын нәтижелі пайда­ланудың тиімді жолы – жүйе ішінде кітап алмасу» тағы басқа да сан алуан әдістемелік құралдарды аударып, мамандар сұранымын өтеуге және кітапхана ісінің ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік негіздерін кәсіби тұрғыда оқып білуіне өзіндік үлесін қосып,  қазақ  мәдениеттану ғылымын жетіл­­дірді.
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлері мен жергілікті мамандарға, алыс ауыл тұрғын­дарына  кітапханалық қызмет көр­сету, тікелей ақпарат жеткізу басты назарда болды. Бұл салада Ж.Кәриева «Мал шаруашылығы комплекстеріндегі кітапхана спутнигін ұйымдастыру», «Орталықтанған кітапханалар жүйесінің информациялық-библиографиялық қызметін жетілдіру – оның қорын пайдалануды күшейту», «Кі­тап­хананың еңбек коллективіне көмегі», «Маскүнемдік  пен алкоголизмге қарсы күрес – баршамыздың борышымыз», «Республика кітапханаларының шалғайдағы мал шаруашылығы еңбеккерлері арасындағы кітапханалық-библиографиялық жұ­мыс­тары» жөнінде әр-алуан тақырыпты ғылы­ми әдістемелік құралдарын дайындап шығарды. 
Ұлттық кітапхананың ғылыми-әдіс­темелік бөлімінің республикалық кең ауқымды қызметі тек ағымдағы саяси-идеологиялық, экономикалық даму дең­гейінде ғана шектеліп қалған жоқ. Қазақ халқының тарихи-мәдени құндылықтарын жан-жақты насихаттау бағытында атқа­рылған танымдық деңгейі жоғары ғылыми негізді қыруар жұмыстардың мол шоғырын жасауда Жолдыбике Нүсіпқызы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық мол еңбек сіңірді.
Қоғамдық қызметтегі осындай қажыр­лы  шығармашылық пен ересен ең­бегі,  ұйымдастырушылық қабілетін жо­ғары баға­лай білген кітапхана ұжымы мен Ұлт­тық кітапхананың Бас директоры Р. Бер­діғалиеваның ұсынуымен 1990 жылы  Ж.Кәриева кітапхананың ең жауапты саласы сирек кездесетін кітаптар мен қол­жазбалар бөлімінің меңгерушілігіне та­ғайын­далды. Ендігі кезекте кемел маман ХХІ ғасырға жаңа саяси қадаммен бет алған Қазақстан Республикасының екпіні тың  серпілістері белесінде жауапкершілігі мол жаңа міндетіне құлшына кірісті. 
Кітапхана қорындағы арнайы мамандар болмаса былайғы жұртшылық көзінен таса жататын, әсіресе кейінгі жас буынға аты да заты да беймәлім  құнды кітаптар мен қолжазбалардың пайдалануға тиімді көздерін қарастыру,    уақыт табынан сар­ғайып тозған мұраларды жаңарту, консервациялау мәселелерін шешіп оқырманға қайта ұсыну, олардың   қолжетімдігін ұйым­дастыруға барынша күш салды. Сол еңбектің ал­ғашқы  қарлығашы «Кітаптар қазынасы әлемінде» сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың түрлі-түсті суретті және түсіндірмелі жолкөрсеткіші 1991 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрді.  Онда Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен құнды қолжазбалар бөлімінің арнайы қорында бөлек сақталынып келген шығыс қолжазбалары, араб, парсы, ескі шағатай тіліндегі кітаптар, түрік тілдес халықтардың ортақ мұралары, қазақ баспасөзі, шығысты зерттеген ғалым­дардың еңбектері, кирилловтік баспа кітап­тары, азаматтық баспа кітаптар, шетел тілдеріндегі ескібаспа кітаптар, ескіқытай вень-ян жазба тіліндегі корей халқының кітаптары, көлемі кіп-кішкене кітаптар, автордың қолтаңбасы бар кітаптар туралы топтастырылған ғылыми библиографиялық шолу жасалып, беймәлім мұралар туралы қызықты мәліметтер келтіру арқылы сирек мұраларды оқырман қауымға кеңінен таныс­тырып өтеді. 
Көзі қарақты қауым асыға күткен алаш арыстарының мұрасын қайта жаң­ғырту ісі қолға алынды. Бөлімнің штатын ұлғайтып жаңа қызметкерлер алуға мүмкіндік шектеулі болса да арабтанушы ғалымдардың ұлт мүддесі үшін болмашы жалақыға жұмыс істеуге келісім беруімен бірге Жолдыбике Нүсіпқызының беделі мен белсенділігі арқасында ізденіске толы жұмыстар үздіксіз іске асырылып жат­ты. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынған Х.Досмұхамедұлының «Қырғыз-қазақ тіліндегі сингармонизм заңы» кітабы араб әрпінен қазіргі кирилица таңбасына түсіріліп дайындалып 1992 жылы жарық көруі сол тұстағы қарбаласы мол қызметтің бір ұшқыны ғана. Кітапхана қорындағы Ахмет Байтұрсыновтың кезінде төте жазумен жарық көрген «Әліпби» кітабы репринтті басылым ретінде қайта шығарылды. Бұл  жәдігерлік Торғай елінде ашылған  М.Ду­латов пен А.Байтұрсыновтың мұра­жайына басты тарту, құнды сыйлық  ретінде ұсы­нылды. 
Ақын Шәкәрім  Құдайбердиевтің ба­ла­сы Ахат Шәкәрімұлы өз қолымен кітап­ханаға тапсырған қолжазбалар мен шы­ғар­маларының тізімі, шығыс әдебиеті  қорында сақ­талып келген қасиетті Құран Кәрім қолжазба кітаптары, бұрын соңды кездес­пеген Әлішер Науаи, Низами Гәнд­жауи, Әбілқасым Фирдоуси, Қожа Ахмет Иассауи, Сүлеймен Бақырғанидың біртуар құнды  қолжазбалары мен олардың сақталу деңгейі жөнінде Ж. Кәриева ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізіп, зертханалық сараптама нәтижелерін жариялады.
Ұзақ  жылдар бойы қалтарыста қалып келген деректерді іздестіру барысында Ұлттық кітапхана қорында сақталған Қожа Ахмет Иассауидің үрім-бұтағын ашып талдайтын «Насаб-нама»  түпнұсқа ше­жі­ресінің 1991 жылы табылуы иассауитанушы ғалымдар ғана емес күллі түркі жұртшылығына үлкен жаңалық әкелді. Арабтанушы ғалымдар М. Жармұхамедұлы мен М. Шафиғи көне араб әрпінен кири­ллицаға түсірген шежіренің қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде жарық көруіне Ж.Кәриева басшылық жасап барынша жанашыр болды. Жағымды жаңалық ке­зінде баспасөз бетінде жарияланып, оқыр­мандар үшін арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып тұсаукесері өткізілді. 
Ұлттық кітапхана қорында литографиямен шығарылып сақталған Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани Хикмет» кітабының нұсқасын  Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Әдебиет тарихы бөлімі ғалымдарының аударуымен 1993 жылы жарық көруі ел өміріндегі елеулі оқиға болды. Бұл жаңалық күллі Түркі елдері мамандары мен ғалымдарының назарын өзіне қаратты. Сол 1992 жылы Ұлттық кітапхана қорынан табылған төрт жүз  он екі беттік «Хикмет  Хазірет  Сұлтан Қожа Ахмет Иассауи» қолжазбасы негізінде өзіндік ерекшелігі мол жаңа нұсқасы қазақ тіліне аударылып баспаға дайындалды.Бұл жөнінде түрік ғалымы Исмаил Доған  өзінің «Қожа Ахмет Иассауи» мақаласында: «Ұлы шайырдың дүниетанымын және ислам дінінің қағида-шариаттарын танып білуге тигізер пайдасы ерекше», – деп баға берді (Турк дуниясы. – 1994, қаңтар. 42-б.). Экономикалық дағдарыс тұсына тап келген қолжазбаның жарық көруі кешеуілдеуіне байланысты Ұлттық кітапхананың Бас директоры Р. Бердіғалива мен Ж. Кәриева тиісті құжаттарды дайындап, баспада жатқан жаңа нұсқасын сол тұстағы Мә­де­ниет, ақпарат және қоғамдық келісім ми­нистрі М. Құлмұхамедұлының қарауына тапсырды. Қазақ мәдениетінің тарихын жете тү­сінетін, ұлттық құндылықтарды жоғары бағалайтын ұлтжанды азаматтың тікелей осы екі нұсқаны салыстыра қарап, өзіндік айырмашылық пен артықшылықтарын зерттей отырып араласуымен аталмыш рауаят «Жалын» баспасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша  2002 жылы көлемді алғысөз, ғылыми түсініктеме, түсіндірме сөздіктерімен қоса жарық көрді. Кітаптың алғысөзінде «Диуани Хикметтің» жұртқа мәлімсіз болып келген бұл нұсқасын көзінің қарашығындай сақтап келген Ұлттық кітапхана басшылығы мен сирек кітаптар және қолжазба бөлімінің қызметкерлеріне ғалымдар атынан ризашылық білдірілген. Мұндай ықыласты жылы лебіз жылдар бойғы еңбектің лайықты қайтарымы болатын.Ұлттық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Жалын» баспасының директоры, жазушы Бексұлтан Нұржекеев,   Түрік, Иран, Араб елдерінің Алматыдағы елшіліктерінен ресми өкілдер шақырылып, ғалымдар мен мамандардың, зиялы қауым­ның қатысуымен арнайы таныстыру рәсімі өткізілді. Жаңа басылымның ислам әлеміндегі ғылыми мәні, онда айтылған адамгершілік пен парасаттылық ұстаным­дарының түркі дүниесі мәдениетіндегі алар орны, қала берді күллі адамзат қоғамының рухани дамуына тигізер пайдасы жөнінде пайымды пікірлер тарқатылды. Бұл күнде зейнеткер Ж. Кәриева осынау айтулы шара­ның құрметті қонағы ретінде арнайы шақы­рылып, төрден орын ұсынылды.
Өмірден өкінбестей орнын тауып өзінің ниетіне сай адамгершілік ұстындары берік, адал да қайратты азаматпен отау құрып, дүниеге Ләзиза мен Рүстем атты балалар әкелді. Сөйтіп қызметте де, тұрмыста да шынайы бақыттың бел ортасында жүріп есейді.
Жолдыбике апайдың  төрінде ілулі тұр­ған жылқышы әкесінің ат үстінде мы­ғым отырысына көзі түскен жан кім болса да осынау емендей берік текті тұлғаның тамыры тереңнен тартатынын айтпай-ақ ұғынса керек-ті. Кеше ғана Алатау етегіндегі аңызы мол Жалпақсай ауылында кітап пен атдорбасын  қатар көтере жүріп еркін ойнап өскен, тынымсыз еңбекпен шыңдалған дала қызы бүгінде асыл жар, ардақты ана, құрметті әже атанып шау тартқанына қарамастан қолынан қаламын тастамай ата-баба тарихын тарата отырып балалары мен немерелеріне туған жер, отан ана туралы қасиетті  ұғымды дарытуға тырысуда. Өмір өзен өз арнасын кеңейтіп жалғаса бермек.

611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз