• Ұлттану
  • 07 Қараша, 2016

СЫРЛЫ ДА, ҚЫРЛЫ – ТІРШІЛІК...

Ерболат ҚУАТБЕК,
сыншы

Табылдыны  ұрлықшы қылған кім? 
Табылдының өлеңі табылды. Ешбір кітабына жария­ланбаған туындысы екен. Екі-үш кітабы ғана бар ғой өзінің. «Жанарымның жарқылы», «Ұнатамын мен сені», «Із тастап аққан бір жұлдыз». Мұны әлеуметтік желі пайдаланушылары жариялап отыр. Еш жерде жарияланбаған өлеңін айтам. Бірақ, ешбір кітапқа, газетке, сайтқа жарияланбағанын өздері де білмеген. Құнды жаңалықты жар қылғанын өздері де білмей қалыпты. Тоқтаңыз, менің сұрағым бар. Мұндай айтулы жаңалықты жария еткендерін білмесе, онда бұл өлеңді қайдан алды? Егер Табылдының жарыққа шықпаған өлеңін шынымен тапса, бар қазақтан сүйінші сұрар еді ғой. Мұнда бір шикілік бар. Өте күмәнді. Зерттеп көрелік. 


Әлеуметтік желі пайдаланушылары бір емес, екі емес, «Қиял самғайды» деп басталатын өлеңді бірнеше мәрте жариялады. «Авторы – қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов» деп берген. 
«Қиял самғайды, 
Үміт лаулайды. 
Жүрек сенеді, 
Арман алдайды», – деп кете береді, әлгі өлең. Табылдының мұндай өлеңін кездестірмегеннен кейін, жоғарыда атал­ған кітаптарының барлығын қайта ақтарып шық­тық. Жоқ. Сайт-порталдардан іздедік. Жоқ. «Мынау – үлкен олжа ғой» деп бір қуандық. Бірақ, әлеуметтік желі пайда­ланушыларының сүйінші сұрамағанына таңдандық. Сонда, олар қайдан алды? Қызық екен. Әрі қарай іздестіре бастадық. Жарияланған өлеңді оқып отырсаңыз, Табылдының жазу стилін байқай алмайсыз. Жоқ, бұл – Табылдының қаламынан туған туынды емес. Мысалы, бұл өлең Афанасий Феттің стиліне ұқсайды. Мәселен, мына өлеңі:
«Сны и тени,
Сновиденья,
В сумрак трепетно манящие,
Все ступени
Усыпленья
Легким роем преходящие».  
Қазақта көп экспериментке барған ақын – Мағжан Жұмабаев. Оның Фетше жаз­ған өлеңі де бар. «Біраз Фетше» деп аталады.
«Жібек түн – 
Бәрі тын.
Сайраған,
Жайнаған.
Екі жас – 
Екі мас:
Жүрек мас,
Көзде жас!
Сүттей ай,
Терең сай:
Бұлбұл,
Гүл-гүл.
Екі жан,
Ыстық қан» – деп жалғаса береді. Жоғарыда аталған туынды мына өлеңдердің заңды жалғасы. Іздеген жетер мұратқа. Әлеуметтік желіде жарияланып жүрген өлеңнің тағы бір иесін таптық. Мақсат Күземханов. 1988 жылы дүниеге келген. Қызықтың көкесі, енді, басталды. Бұл өлең qasym.kz пен «Әдебиет порталына» жарияланған екен. Автордың айтуы бойынша, өлең 2013 жылдың 3 мамыры күні жазылған. Бірінші нұсқа – Табылды Мақсаттан ұрлаған. Күлкілі. Өйткені, ақын 2010 жылы дүние салды. Және Табылды қайда, Мақсат қайда? Бұл нұсқаны сызып тастаймыз. Екінші нұсқа – Мақсат Табылдыдан ұрлаған. Санаға қонымды дейін десең, мұндай өлең Табылды Досымовтың бірде-бір кітабында жоқ. Табылдының стиліне мүлде ұқсамайтынын тағы да қайталаймыз. Бірақ, әлеуметтік желі пайдаланушылары олай ойламайды. Сонда, олар қайдан алды? Бұл сұрақты өздеріне де қойдық. «Дереккөзі қайда?» – деп сұрасақ: «Барлығы жариялап жүр ғой», – деп жауап қатады. Барлығының жауабы – сол. Алғашқы болып жариялаған адамды таппадық ақыры. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген – осы. Табылды Досымовқа: 
«Тырысып маңдайдағы сызба ғұмыр,
Жаураған жаным тағы мұздады бір.
Кеудеге суық сезім айдап тыққан,
Ызғыған желтоқсанның ызғары бұл.
Естиін суық желдің зарын қайбір?
Сыймайды уысыма лағылдай жыр.
Сырласар жан таба алмай Табылдай бір,
Тағдырға тарпаң жүрек бағынбай жүр» деп мұң шаққан Мақсат Күземхановтың өлең ұрлауы мүмкін бе?! Үшінші нұсқа – әлеуметтік желі пайдаланушыларының қателігі. Қателеспей тұрмайды ғой. Бізде қалай? Бірдеңе болса, Мұқағалиға теліп жатамыз. Артығали Ыбыраевтың: 
«Қамықпа досым, қамықпа,
Келер күн көктем сыйлайды.
Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды» деген өлеңін жұрт арасында «Мұқағалидікі ғой» деп жүрген кездер де болған. Табылды мен Мақсаттың оқиғасы осындай әңгімелерден шықса керек. Сондықтан, біз үшінші нұсқаға тоқталып отырмыз. Ешкімді ақтап, қолдап отырғанымыз жоқ. Тек әлеуметтік желі пайдаланушылары сақ болса деген тілек қана. Жаңылыссам, маған – сын, жаңылыссаң, саған – сын.

СЫНШЫНЫҢ  СИЯСЫ  ҚЫЗЫЛ

Бірі ақ, бірі қара түсті таңдайды. Қара түсті таңдаған әлемдегі ең зұлым адам емес шығар? Ең бастысы, ол таңдау жасады. Қара түстің жақсы жағы бар. Қара өлең. Қара көз. Қара қазан. Қара тер. Қара орман. Қара шал. Қара кемпір... Залымның да бір жақсылық жасайтын кезі болады. Ақ түсті таңдағанның бәрі әлемдегі ең пәк жан емес. Әрбір сыншы осы ұстаныммен жүруі керек. Сыншының ақынға (өлеңді екінші орынға қояды), ақынның сыншыға біржақты қарауы – дерт. Жазылмас дерт пе деп қаласың  кейде.  Бұл дерт әдебиет­шілерге жұққан. Сынайтын болса, қазақ тіліндегі ережелерді алға тарта жөнеледі. Ғарыш пен адамның арасындағы байла­нысты санаға сыймайтын құбылыс деп санайды. Ал, сын ақынның болмысын ашып беру емес пе еді? Ақ пен қара де­мекші, Жұмекен Нәжімеденовтің осы аттас керемет өлеңі бар.
«Ақ бор жазбайды екен де,
Тақта қара болмаса.
Жаза алмайды екен қара сия да,
Дәптер аппақ болмаса.
Ақ кеудеме қара дақ боп ұялап,
Жеке адамдар жасағанмен қиянат,
Түсің сенің ақ-ау деймін, дүние,
Әйтпегенде болар еді сиям ақ?!».
Өмірдің өзі – антоним. Бір-біріне қарама-қайшы дүниелер көп кездеседі. Бірақ олар бір-бірінен ажыраған емес. Сын жоқ деген – өтірік сөз. Бұл түсінік қайдан туып отыр? Елге танылып жүрген ақынды сынайды. Жап-жақсы сын. Нанымды. Бірақ, жаман кім? Сыншы. «Ақынға тіл тигіздің», «Сында сенің не жұмысың бар» немесе «Өлеңді түсінетін түйсігің жоқ екен» деп ата жауының соңғы ұрпағын көргендей найза, қылышын ала жөнеледі. Бәрі басылғаннан кейін, «Бізде сын жанры ақсап тұр» деп жар салатын да – дәл солар.
Тұтынушының киімді фирма танымал­дығына қарап таңдайтыны секілді, оқырман да ақынды дәл солай таңдайтындай көрінеді. Қателессем жақсы еді. Хат алмасып жатқандар да бар. Хат алмасса бір сәрі, соңының боқтасуға айналғанына не дейсіз? Әдебиетті қатындардың тірлігіне айналдырудың керегі не? Солай емес пе?..
Сыншының ақында әкесінен қалған құны жоқ. Оның мақсаты қаралау емес. Біле жүріңіз, сынға тек мықтылар ілігеді. Қазақ жерінде қаншама өлеңшінің барын ескерсек, бір том кітап жазуға болар еді. Қаламның қадірін кетірудің қажеті қанша? Жарасқан Әбдірашевтың «Парасат пен пайым» сын кітабын оқысаңыз, пікіріңіз өзгерер ме еді? Жарасқанның сын садағына поэзияның Гераклдары ғана енген.
Өлеңнің алдында ешкім емессіз, құр­метті ақын жолдас! Акутагава айтпақ­шы, «Адамзат Бодлердің бір шума­ғына да татымайды». «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал», – дейтін Абай. Кезінде Жұмекен романын Абайдың ұстанымымен сынап көрген жоқ па? Джером Сэлинджер де сөйтті. «Над пропастью во ржи» романымен танылған жазушы кітабына суретін қоюдан бас тартқан. «Есіміме емес, шығармама қарап баға берсін», – депті. Әдеби ортадан бой тасалаған адам. Жанна Елеусіз деген ақын бар қазақта. Ол да Джером секілді. Өсек-аяң мен дауасы жоқ даудан алшақ. Өлеңімен таныссаңыз жеткілікті.
«...Құстар келіп қойыпты ғой.
Көктемсіз:
Қалтыратты-ау қара суықта өткен сыз?..
Менің нәзік Лүпілдерім тоңып тұр,
Бүрсең қағып бұтақтарда шекпенсіз.
Қар жынынан тоң Ашуы уытты, а...
Ол өзгере қоймас, күнім, жуықта.
Жүрегімде сұңқылдайды бір өлең –
Ұрынарын білмей келген суыққа...
Жеріп олар жерлерінен түстенген,
Жеткенінде жерден биік күштермен.
Көктем маған аяулы осы сәтімен:
Қайта айналып Өзегіне Құс келген...».
Өлеңші дедік қой. Солар туралы бір қызық әңгіме бар. Белгілі бір жазушыға жазбасын көрсетпекші болады. Мақтау алудан да дәмесі зор. Жазушы: «Мынауың – шимай-шатпақ», – деп лақтырып жі­берсе керек. Жігері құм болып қайтқан ол жазғандарын амалсыз отқа тастап кеп жібереді. Парақтар жанбайтын көрінеді. Мұны жақсылыққа балаған ол жазушыға келіп, болған оқиғаны баян етеді. Сол кезде жазушы: «Жазған шығармаң сылдыр су болса, әрине, жанбайды», – деген екен. Мұндайдан  аулақ бол, ақын дос! Бұл дүниеде ақын біткен құрып кетсе, әдебиетшілердің күні қараң болар еді. Тірісі мен өлгені де әдебиетшілерді асырап келе жатқан жоқ па? Абай болмағанда, докторлығы не болар еді?! Сөйте тұра ақындарды жеккөреді-ау. 
Әй, есімі белгісіз ақын! Қай қырдың қазағысың?! Әлде осы хат жазылып отырған сәтте шыр етіп дүниеге келген шығарсың? Елдің мазасын алып. Әлде, қара кемпірдің ертегісін тыңдап отырсың ба? Мүмкін, арамызда жүрген шығарсың? Дүниеден өтіп кеттің бе әлде?! Әй, белгісіз ақын! Сенімен кездескен адам бойыңнан анаңның сүті мен кітаптың иісін сезінсін. Мейлінше адал бол. Бірақ, адал болу – лыпасыз қалу деген сөз. Оны да ескер. Адам – сананың құлы. Ал, сен жүректің ұлы бол! Соңғы демі үзілерде Пушкиннің кіммен қоштасқанын білесің бе? Кітаптармен. Рубцовтың ең адал достары кім екенін ше? Пушкин, Лермонтов, Гоголь. Олармен бөтелке қағыстыратын көрінеді. Әрине, жетіскеннен емес. Бұл жалғаннан шын дос таппағандықтан. Иә, солай, белгісіз ақын!
P.S. Егер, осы хатты оқитын болсаң, жауап берме! Өйткені, сыншының сиясы көк те, қара да емес, қызыл. Есімің белгісіз емес, белгіліге айналады! 

Періште  алтынды  қайтсін?

Мақал-мәтел – халық даналығы. «Ха­лық айтса, қалт айтпайды». Еуропа әл­деқандай қылатын афоризм – осы біздің мақал. Мақалда ұшқыр ой мен дана­лық және дәлме-дәл логика жатыр. Сөз арасына мақал қосқанды құп көретін ұлтпыз. Кейбір сөздің мағынасын білмесек те, ел айтып жүрген соң, жөн-жосықсыз тық­палай беретін болдық. Мақалдың дұрыс-бұрысын зерттеп жүрген біз жоқ. Ха­лықтың айтқанының бәрі жөн дейміз де қоямыз. «Мақалға сын жүрмейді» деген түсінік те қалыптасып үлгерді. Меніңше, екшеп, сұрыптайтын кез келді. Дегенмен сұрыпталған. Бірақ, халық санасына жетіп үлгерген жоқ.
Халық – белгілі бір ақпаратты жеткізуші орта. Ол халық ақпаратты тиісінше келесі ортаға табыстайды. Бірақ, мәселе сол ақпаратты жаңа ортаның қалай қабылдайтынында. Әрқайсысы өзінше түйсініп, қорытынды жасайды. Мақалдың тағдыры да сондай.
«Мақал деген қайдан шыққан, тарихы қандай?» деп бір сәтке болсын ойлап көрдік пе? Бұл құбылысқа зерттеу жүргіз­гендер бар ма? Әрине, әр дүниенің тамыры бар. Мәселен, Қожа Ахмет Яссауидің шәкірттерімен тілдескені. Кеңесте мақал туралы әңгіме қозғалады. Қожа Ахмет Яссауи: –«Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) миғражға көтерілген сапарында Алламен дидарласып, тілдескен екен. Сол кездесуде тоқсан тоғыз мың түрлі сөз айтылыпты. Оның отыз үш мыңы шариғат, отыз үш мыңы тариқат, отыз үш мыңы хақиқат екен. Мұнша көп сөз бір кітапқа сыймаған. Сол себепті халық арасына кеңінен таралмапты. Сендер бүгін осы жерде әрқайсысың бір ауыз аталы сөзден айтыңдар. Мағынасы Құран аяты мен пайғамбар (с.ғ.с.) хадисімен үндесіп жатсын. Бұл асыл сөздер кейінгі ұрпаққа жәдігер болып қаларлық болсын. Сендердің сөздерің миғраждағы сұхбаттың көлеңкесі сияқты боп, жұрт аузында қалсын. «Мақал» деп айтылатын сөз болсын, – дейді. Шәкірттері бірінен соң бірі аталы сөз айтып, кейіннен халық арасында мақал болып қалыптасып қалған. «Терең – батырады, көп – қорқытады» мақалы да әңгіме етіледі. Шәкірттерінің бірі сөзден тосылып қалады. Сонда, өзге шәкірттері:
– Егер жанымызда жүрген қуыс кеуде болатын болса, мұны ертіп не қыламыз? Қол-аяғын байлап суға тастайық, – деп оған жабыла кетеді. Сонда, қорқып кеткен ол:
– Ей, Алла, терең – батырып, көп – қор­қытады екен-ау. Өзің құтқар, – деп шың­ғырып жібереді. 
Құрдастары:
– Болды, босатайық. Бұл да бір ғибратты сөз айтты, – деген екен.
Бұл мысал мақалдың жайдан-жай туа салмағанына кепілдік береді.Енді, мәтел деген де бар. Бұл туралы Ахмет Байтұрсынұлы: «Мақал да – тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан гөрі мақал маңызы шын келеді. Мәтел дегеніміз – кесегімен айтылатын белгілі бір сөздер. Мәтел мақалға жақын болады. Бірақ, мақал тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылады. Мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады».
Мақал-мәтелдерді әріден алуға болады. Мысалы, Орхон жазбаларында «Бастыны еңкейтіп, тізеліні бүктірген» («Күлтегін» жырынан), «Өлімнен ұят күшті» («Тоныкөк» жырынан) деген мақал-мәтелдер бар. Ал, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігінен «Ұлық болсаң – кішік бол, халық үшін бәлік бол», ал «Құтадғу біліктен» «Біліп сөйлеген білекке саналар, білімсіз сөз өз басын жояр» дейтін мақал-мәтелдерді кездестіреміз.
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан. Жиырма тоғызыншы қара сөзінде Абай қазақ мақал-мәтелдері жайлы былай дейді: «Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жара­майтұғыны да бар.Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргенің құрысын. Егер, онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен малтап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. 
Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек, ол – арлы адамның ісі. «Қалау­ын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген – ең барып тұрған Құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар? Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, Құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек». Абай келтірген мақалдарды сөз арасында қолданып жүрміз. Бірақ, сол мақалға еш ден қоймаған екенбіз. Мақалды халық даналығы дегенмен, ол да қателеседі. Қандай жағдайды да Абайдан бастайтынымыз бар. Ол әр нәрсеге өзінше ой түйіп, пайым жасаған. Шынымен, періштеге алтынның не керегі бар? Періште деген – мінсіздік. Адамға тән қасиет емес. Алтын көрсе, пенде ғана жолдан таяды. Тек періште емес. Жолдан таятын болса, періштелігінен не қалды десеңізші?!Абаймен сусындаған Жұмекеннің «Алтын көрсе, періште…» деген өлеңі бар. Жиырма тоғызыншы сөздің поэзиялық нұсқасы. Сонда мынадай жолдар бар:
«Періште кім жол шегер,
Тайғақ дейді аяғы –
Шын періште болса егер,
Жолдан неге таяды?!
Бұзғаны да Алла алдында о да антын,
Ақ пейілдің тартқаны да қаралтым,
Періштені, шынымен,
Қызықтырса сары алтын
Ауруына алтын – ем,
Құлқын құлы ғой надан.
Артист шығар, бәлкім, ол
Періште боп ойнаған
Пиғылы арам әрі ақылы қысқарақ?!
Періштені таяды деп кім айтты,
Кім айтса да, суайтты
Сабау керек еді әу баста ұстап ап!».
Және біреуді (адамды) періштеге теңеу деген – ақымақтық. Сәбиді періште демесең, қалғаны далбаса. Сондықтан, мейлі мақал болсын, мейлі ұлы шығарма болсын қателеседі. Халықтың да қалт айтатын кезі болады.

«УАҚЫТ  МӘШИНЕСІНЕ»  
МІНІП  АП...

Уақыт мәшинесі бар. Өйткені, мен өткен ғасыр мен келер шақта болып келдім. Бұл «көлікті» әрбір адам игілігіне жарата алады. Біз күнде уақыт кеңістігіне сапар шегеміз. Бірақ көбіміз мұны көз алдымызға елестете алмаймыз. Ұстап көргіміз келеді. Сусып кете береді. «Өткен ғасырда болдым» немесе «болашақты көріп келдім» дейтіндер жүз-жүздеп, мың-мыңдап кездеседі. Айтып отырғандардың сөзі шын. Сонда, мұның сыры неде? Бір-ақ ауыз сөзбен жауап беремін.
Жауабым да дайын: өткен шақ, осы шақ, келер шақ деген бар емес пе?! Міне, адам әлденені еске алғанда өткен шаққа, армандағанда келер шаққа сапар шегіп келеді. Қиялында. Ал куәгерлер – қиялын шынайылықпен алмастырып алған адамдар. Мәселен, шөл далада келе жатқан адамның көз алдына неше түрлі нәрсе елестейді. Мұны сағым дейді. Ізім-ғайым жоғалып кететіндер жайлы төменде арнайы баяндайтын боламыз. Басқа ғасырдың «қонағы» болып жүрген шығар?! Әбден мүмкін. Оған ораламыз. Біз айтқан куәгерлер не көрді екен? Соған тоқталайық.
Екі мыңыншы жыл. Украинада болған оқиға. Тәртіп сақшылары көшеде келе жатқан «күмәнді адамды» байқайды. Киімі ескі болғандықтан, қаңғыбас деп ойласа керек. Куәлігін сұрайды. Қараса, Кеңес Одағы кезіндегі құжат түрі. Бірақ, құжат ескірмеген. Маңайындағы зәулім үйлерге таң-тамаша болып отырған «күмәнді адамның» туған жылы «1932» деп көрсетілген. Түріне қараса, қырықтар шамасындағы ер адам. Қолында мұражайдан ғана табылатын фотоаппараты бар. Бірақ, жап-жаңа. Айтуы бойынша, жетпісінші жылдарда өмір сүріп жатыр. Екі мыңыншы жыл екенін естігенде таң-тамаша болады. Содан, тәртіп сақшылары мұны жындыға балап, жындыханаға әкеледі.
Сәл шегінейік. Жетпісінші жылдар. Радиодан хабар жүріп жатыр. Әлдебір ғалым келешек туралы әңгіме айтып отыр. Қазір күнделікті қолданып жүрген техникалар жайлы баяндап жатыр. Ұялы телефон, қысқатолқынды пештің қандай болатынын сипаттап отыр. Жүрек ауыстыру жайлы да әңгіме қозғайды. Әрине, ол уақыт үшін таңсық дүние. Мұны естіген тыңдарман қабылдай алмайды. Олар үшін жындының әңгімесімен бірдей.
Жындыханаға оралайық. Әлгі адамға ел пайдаланып жүрген заттар – бөтен дүние. Дәрігерді күтіп отырады. Қараса, біреуі ұялы телефонмен сөйлесіп отыр, бірі қысқатолқынды пешті пайдалануда. Бірақ, ол атауын білмейді. Сөйтсе, әлгі ғалым біздің «күмәнді адамымыз» болып шықты. Демек, ол келешекте көргенін өзінің уақытына жеткізген. Атауын білмесе де, сипаттап берген.
Дәрігердің кабинеті. Енді, мынаған қараңыз. Өткен ғасырдың «қонағы» кабинетке кірген бетте, дәрігердің швейцариялық сағаты мен қабырға сағаты бір мезгілде тоқтап қалады. Бұл не сонда? Дәрігер не болғанын түсінбей дал. Дәрігер барлық жағдайды сұрай бастайды. Әлгі ғалымның айтуы бойынша, көшеде келе жатып аспанда тәрелке тәріздес беймәлім нысанның ұшып бара жатқанын көреді. Қолындағы фотоаппаратымен түсіре бастайды. Бір сәтте айналасы өзгеріп шыға келеді. Зәулім үйлер. Аң-таң. Одан арғы әңгімені білесіздер. Бұл адам туралы зерттеу жүргізеді. Кім бұл? Мұның таныстары тірі ме? Сөйтіп жүріп бір танысын табады. Әжей. Танысының айтуы бойынша, бұл адам сексенінші жылдары ізім-ғайым жоғалып кеткен. Содан бері хабар жоқ. Бәрі сәйкес келіп тұр. Жетпісінші жылдары ол біздің ғасырға «өткен», қайтып оралғанда радиода көргенін айтады. Ал, енді, ол он жылдан кейін қайда кетті? Қай ғасырда жүр?
Дәрігердің кабинеті. Қонақ бөлмеден шығып кетеді. Ал, сағат? Сағат жұмыс істей бастайды. Біршама уақыт өткеннен кейін емделушінің жағдайын білейін деп барса, жоқ. Қайда? Бұл жындыханадан қашып кету мүмкін емес. Терезеден шығып кетті десең, темірмен бекітілген. Іздеуге кірісейік.
Бірер күннен кейін әлгі адамның танысы хабарласады. Хат келіпті. Саяхатшыдан. Ашып қараса, сурет. Жоғалып кеткен кездегі бейнесі. Фотосуреттің фонында – Киев. Бірақ, қазіргі Киевке ұқсамайды. Постмодернизм стилінде салынған үйлер. Ол қайда жүр дейсіз ғой? Келер шақта. Үшінші уақыт кеңістігінде жүр. Жоғарыда жоғалып кеткен адамдар туралы сөз қозғап отырғаным сондықтан. Қайдан білесіз, олар біздің кейіпкеріміз секілді келер шаққа немесе өткен шаққа «өтіп» кеткен шығар. Қазір бұл әңгіменің барлығы сенімсіз болуы мүмкін. Ғылым мұны әлі нақты дәлелдеген жоқ. Бірақ, соған келе жатыр. Келешекте мұның бәрі қалыпты жағдайға айналатын болады. Дегенмен, бұл жағдай билік өкілдеріне белгілі болуы әбден мүмкін. Қоғамнан бір құпияны жасырып келеді. Ғалымдар уақыт кеңістігінде «сапар шегуге» болатынын дәлелдегенмен, мұны сыртқа шығартпай отыр. Белгілі бір мөлшерде ғана айтылады. Қалғаны – құпия.
Мұндай мысалдар жетіп артылады. Мәсе­лен, бір жылдары АҚШ-та (осы шақта) бир­жадан қомақты сома ұтып алған адам шықты. Мінсіз. Барлығын тұп-тура тапқан. Мұны тұтқынға алады. Сөйтсе, уақыт саяхатшысы екен. Келешектің адамы. Содан бері ол адам жайлы еш хабар айтылған жоқ. Уақыт мәшинесінің қайда екенін айтқаны анық қой. Демек, олар мұның сыры неде екенін анықтады. Бірақ жария қылмай отыр. Тағы бірде, археологиялық қазбалардан шайтанарба табылды. Бесінші ғасырға тиесілі екені анықталды. Ал, шайтанарбаның кейіннен пайда болғаны белгілі. Жақында ұялы телефонға ұқсас зат табылды. Бәрі уақыт мәшинесінің көмегімен жүзеге асқан. Фотодеректер де жетерлік. Қырқыншы жылы түсірілген сурет. Суретте елден ерек киінген ер адам көзге түседі. Киім киісіне қарасаңыз, сексенінші жылдардағы сән үлгісіне келеді. Ол қайдан жүр?
Чаплиннің бір киносынан да қызықты кадрға кезіктік. Онда бір келіншек қолын құлағына тосып сөйлесіп бара жатады. Адам бостан-босқа мұндай әрекет жасамайды. Демек, ол келіншектің қолында ұялы телефоннан басқа дүние болуы мүмкін емес. Уақыт саяхатшысы Чарлидің киносына да ілігіп қалған екен.
Барсакелмес жайлы мақаламызда өткен шаққа барып келген адам туралы жазған едік. Италияның Такома (Сицилия) қаласында болған оқиға. 1753 жылы Альберто Гордони есімді адам қаншама жанның көз алдында қамалдың жанында жоқ болып кеткен. Бір қызығы, арада 22 жыл өткеннен кейін барып жоғалып кеткен орнында пайда болған деседі. Әлгі адамның айтуы бойынша, бір-екі минуттан кейін қайтып келген. Демек, бір уақытта үш шақ (өткен, осы, келер) жүріп жатыр. Ақымақтың әңгімесі деп айтсаңыз, түсіністікпен қараймын. Бірақ, кезінде (жетпісінші жылдары) әлгі ғалымның қазірде біз тұтынып жүрген тұрмыстық техника жайлы әңгімесіне де ешкім сенбеген еді.
Енді ойлап көріңіз. Біз өмір сүріп жатқан шақ осы шақ па? Мүмкін, келер шақ шығар? Өткен шақта өмір сүріп жатуымыз да мүмкін. Менің түйінім біреу ғана: адам уақыт кеңістігі дегенді уақыт атаулыны санасынан өшірген жағдайда ғана түсінетін болады.

Сын  сүйек  сынғанша…

Сын айтамын деп соққыға жығылдым. Тура мағынасында. Бәрі – тілден. Ең жұмсақ буын құлақ болса, қаттысы тіл екен. Мұнда да бір мән жатыр. Қыздың танауын тартқанын да өлең етуге бола ма? Зәр сындырғанын жазбағанына шүкір. Осыны мысқылдап едім, аяғы немен аяқталғанын біліп отырсыздар. Әдебиетке жұдырықтай жүрегімен емес, жұдырықтың өзімен кірмекші болған оның күні қараң. Бірдеңе бола қалса, ақындығымды сөз ететіні несі екен? «Сізді мақтан тұтып жүрсем…» – дейді пәтшағар. Оның түсінігі бойынша, мақтағанды мақтап, даттағанды даттау керек. Басымнан өткен оқиға сынның деңгейін білдіріп отыр. Өтежан Нұрғалиевтің: «Ақынды өлтіру үшін оны мақтау керек», – дегенін айттым. Түсінбеді. Әйгілі хоккейші Валерий Харламов пен оның бапкері Анатолий Тарасов арасындағы қарым-қатынас туралы да айттым. Ұқпады. «Неге мысқылдайсың?» – деп шағымданғаны бар. «Әрбір мысқылда шындық бар», – деп жауап берді досым. Бірақ, мен өз ұстанымымды өзгертпеймін. Көзім көгеріп, жағым сынғанша.
Мұндай әумесердің бір емес, миллиондап кездесетіндігі анық. Ағам: «Мейлі оқылса да, оқылмаса да өлең жазыла береді», – дейді. Бұл сөз өлеңін жариялауға һәм оқуға асығатын жазарманның санасына жетсе, шіркін. Кітаптың тұсаукесерін өткізудің не пайдасы бар? Әйтеуір, бір-бірін алдаған жұрт. Тұсаукесерге еріксіз келген оқырман мен «оқырманым көп екен» деп ойлайтын қаламгер… «Түсінемін» деп оқырман, «түсінеді» деп қаламгер өз-өзін алдайды. Ақынның абыройын жиналған тыңдарманмен есептейтін болдық. Бұл әңгіме айтылып та, жазылып та келеді.«Аға ініні сынайды» деген – қатып қалған қағида емес. Іні ағаны да сынай алады. Сын шын болса. Бір ағамның: «Өлгеннің бәрі ұлы емес», – дегені бар. Жалпы алғанда, қазақ – сыншыл халық. Ене келінді, әке баланы сынайды. Баяғыда сөзден жеңілмейтін бір шал болыпты. «Осы  жолы  сынымнан өте алмас» деген біреу сынауға бармай ма? Былай депті:
– Қолымда көбелек бар. Өлі ме, тірі ме? «Тірі» десе – өлтіріп, «өлі» десе – өлтірмей қоямын деп ойласа керек. Сонда әлгі данышпан:
– Тағдырың өз қолыңда, – деген екен.
Осындай тағы бір мысал. Бұл шал да сынға берік адам болған. Бір күні әлгі шалдың иті өліп қалыпты. Ауыл жастары жиналып, шалға көңіл айтайық деп шешкен екен. «Енді не істейді екен» деп ойлайды ғой жастар. Сонда шал кемпіріне:
– Әй, бәйбіше, Ақтөстің достары келді. Асыңды даярла, – депті.
Сын әлсіз болса, оған берер жауап табылады. Сын шын болса, онда сөзден тосылады. Әлгі сынды көтере алмаған баланың ұлты қазақ екеніне күмәнданып отырмын.Біреуді мақтап, жақсы болып көрінуге болады. Бірақ, өтірік айтып өмір сүргенше, шындықты айтып өлген артық емес пе?! Мұның бәрі – өресіздіктің салдары. Конфуций: «Ой түймей оқысаң – адасасың, оқымай ой түйсең – күмәнға тап боласың», – дейді. Ал Лао-цзы: «Шыншыл сөз әдемі болмайды, ал, әдемі сөз шыншыл болмайды. Мейірімді адам қызуқанды болмайды, қызуқанды адам мейірімді бола алмайды. Данышпан – көп білетін адам емес, ал, көп білетін – данышпан емес», – дейді. Мұны ұғынған жан болса, сынның не екенін білер еді.
Жұмекен Нәжімеденовтің 1983 жылы жазған «Қара өлең» атты өлеңі бар. Осы өлең­ді ел Мұқағалидің «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарамын» деге­нін сынап жазған өлеңі деп жүр. Меніңше, Жұмекен бізді сынаған. Костюм киген өлеңді сынапты.
Өлеңіне қазақтың күпі кигізер едім,
Күпісі бар өзінің – керегі не, керегі?
Өлеңіне қазақтың шекпен кигізер едім,
Шекпені де бар оның – керегі не, керегі? – деп бастамай ма өлеңін?! Осы өлеңде тағы да мынадай жолдар бар:
Жырлар туды жас көңіл –Демек, кигізді өлеңге ол Еуропаның костюмін.
***
Қара өлеңдер жасасын! – салмақты, еркін, терең де өр,
Костюм киген ақындар,
Күпі киген өлеңдер!
***
Киім – мода,
Өлең-жыр – мода емес қой, дегенмен
Киімнің де сән-көркі көрінген жөн                           өлеңнен.
Саптама етік кимейді қазір қазақ өлеңі,
Содан шығар, көп жыршы жалаңаяқ                     келеді.
***
Күпі киген ақынның
Костюмді ойы тамаша,
Киіндірген Абай тек қара өлеңді жаңаша.

***
Соңында:
Өлеңіме өз басым өкшелі етік кигіздім, – деп аяқтайды.
«Көп жыршы жалаңаяқ келеді», – дейді ақын. Мұнан асқан қандай сын бар? Жұмекен қазіргі ақындарды сынап отыр. Өлеңнің құ­діреті – осы. Сондықтан, Мұқағалиді Жұме­кенге айдап салудың қажеті шамалы. Осы өлеңнен «сенсация» іздегендер болды. Әлі де бар. Бірақ, Жұмекен Мұқағали арқылы «пиар» һәм «абырой» жинамаған.
«Жыныс үшеу: еркек, ұрғашы, билік», – дейді Асқар Сүлейменов. «Соңғысынан асқан сатымпаз-салдақы жоқ. Ұрғашының өзі жолда қалады». Меніңше, дарынсыз деген де жыныс бар. Не еркек, не ұрғашы емес.Сыннан оңай һәм одан қиын жанр жоқ. Люк де Клапье Вовенаргтың сөзінің жаны бар. «Авторды сынау оңай да, баға беру қиын», – дейді ол. Ал, Дени Дидро: «Шындық сынды жақсы көреді, қанша сыналса, сонша жеңіске жетіп отырады. Өтірік болса, сыннан қорқады, тиісінше жеңіліс табады», – деген. Оскар Уайльдтің ойы тіптен ерек. «Сыншы – өзге салада жолы болмаған адам», – дейді жазушы. Шындық. Біз де сол жолы болмағандардың бірі болдық. 
Өшімізді сыннан алып жүрміз. Дарынсызға шүйлігіп, дарындыға сүйсінеміз. Бар бітірген шаруа – осы. Бізді асырап отырғандар да – осылар. Сынайтын бірдеңе тапсақ, жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз. Сын айтып қана қоймай, соққыға да жығыламыз. 
Сыншының жұмысы жақсы, негізі.«Кейде үнсіздік ең ауыр сынды білдіреді», – дейді Бакстон. Көз алдыңа әкенің образы келеді екен. Қателік жасағанда, алдыңда әкең үндемей тұрса, одан асқан сын жоқ. Онан да сабағаны артық емес пе?! «Үнсіздік те – дауыс», – деп Олжас Сүлейменов тектен-текке айтпаған. Ал, орыс сынының атасы Велимир Белин­скийдің ойынша, шығармадан қате табу – туындының дұрыс еместігін дәлелдеу деген сөз емес. Меніңше, сын – автордың болмысын ашып беру. Автор – сыншының кейіпкері. Автор мен туындының туыс һәм туыс еместігін дәлелдеу. Автордың деңгейінен де жоғары сөйлеу. Бастысы, сыншының өзі шығармашылық адам болуы керек. Ал, шығармашылықпен айналыспайтын адамнан сыншы шығады дегенге сенбеймін.

МЫСЫР  МИФІ

Мысыр пирамидасына қатысты дүниенің барлығы тек тұспалдар мен болжамдарға құралған. Нақты тұжырым жоқ. Тіпті, оның не үшін салынғаны туралы сан тарау долбар ғана бар. Пирамида перғауындардың қабірі болып саналғанмен, Хеопс һәм Гиза болсын бірде-біреуінен перғауынның мүрдесі табылмаған. Әлемдегі жеті кереметтің қатарына кіретін пирамида жұмбағының шешуі жоқ әлі. Сонда, пирамиданы не үшін салған? Оны кімдер салды? Мысырда Хеопс, Гизадан бөлек 116 пирамида бар екен. «Пирамида» деген сөздің өзі грек тілінен аударғанда «көпбұрыш» деген мағынаны білдіреді. Пирамиданың біз ойлағандай төрт емес, сегіз бұрышы бар екен. Ол тек пирамидаға көлеңке түскенде ғана байқалатын сыңайлы. Жасына қатысты да екі нұсқа бар. Ғалымдардың бірқатары біздің заманымыздан 10-12 мың жыл бұрын салынған десе, бір тобы біздің заманымыздан 4 мың жыл бұрын бой көтерген деп отыр. Пирамиданы салуға 20 жыл уақыт жұмсалған екен. 2 миллион блок кеткен. Әлгі блоктарды 4000 шақырым жерден, яғни, Перуден әкелген деседі. Енді, ойлап көріңіз. Пирамиданың салмағы – 5 миллион тонна. Қаншама қажыр-қайрат кетті десеңізші. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары Нілдің батысында орналасқан Абу-Симбел жартасын қайта өңдеу барысында оған 2200 блок кетіп, 5 жылда салып шыққан екен. Енді, салыстырып көріңіз. Пирамидаға кеткен 2 миллион блокты құрылысшылар 20 жылда салып шықса, ал, Абу-Симбелді қайта өңдегендер небәрі 2200 блокты 5 жыл салды. Және техниканың көмегімен. Пирамидаға кеткен әрбір блоктың салмағы жеңіл көлікпен парапар екен. Сонымен қатар, пирамида цементсіз тұрғызылған. Мектепте пирамиданы құлдар салды деп оқып келдік. Бірақ, ғылым пирамиданы кәнігі құрылыс­шы­лар салған деген байламға келіп отыр. Тіпті, петроглифтердегі жазбаларға қарап отыр­саңыз, ұшақтың, тікұшақтың, танкінің суреттері ұшырасады. Демек, сол уақытта ғаламат өркениеттің болғандығын тағы бір дәлелдеп отыр. Ғалымдар: «Қазіргі ғылым өздері жасап алған шеңберден шыққысы келмейді. Мысалы, пирамидаға байланысты енді зерттеудің керегі жоқ. Жабылған тақырып деп сылтауратады. Пирамидаға қатысты қаншама жұмбақ жатыр емес пе?» – деп уәж айтады. Сөзінің жаны бар. Біздің қоғам мектеп бағдарламасының берген білімімен жүр әлі.
Енді пирамидаға сәулетшінің көзімен қарап көрсек. Жан Пьер есімді сәулетші 10 жыл бойы пирамиданы қалай салған деген сауалдың төңірегінде зерттеу жүргізген екен. Жан Пьер ұзақ уақыт бойғы зерттеудің нәтижесінде пирамиданы спиральдың шең­бе­рінде салған деген тұжырымға келді. Блоктарды жоғарыға пантустың көмегімен жеткізген екен.
Әрі қарай. Пирамида тек Мысырда ғана емес, басқа да жерлерде орналасқан. Бір қызығы, барлығы экватордың бойында тұр. Қытайда да бар пирамида. Бірақ, ол жер­ді көруге һәм зерттеуге тыйым салынған көрінеді.
Пирамиданы перғауындардың қабірі деп келдік. Бірақ, бірде-бір мүрде табыл­мағанын жоғарыда айттық. Заңды сұрақ туындайды. Сонда не үшін салды пирамиданы? Жиырма жылын не үшін сарп етті? Пирамиданы сән үшін салмаған шығар. Энергия. Бір ғана жауап – осы. Ғарышпен байланыс орнату үшін. Қуат алып отырады екен. Тағы бір қызығы, Марстан да бірнеше пирамида тапқан екен ғалымдар. Және Мысыр пирамидасынан екі есе ауқымды көрінеді. Сонда, пирамиданы өзге ғаламшарлықтар салған ба? «Жоқ, пирамиданы сопылар салған», – деп тағы бір болжамын айта жөнеледі ғалымдар. Гравитацияның көмегімен. Ал, гравитация жүктің салмағын жоғалтады. Блогың мап-мамық ұлпадай болып шыға келеді. Бұл жерде бір сиқырдың болғаны анық. Өйткені, блоктарды дәлме-дәл салу – таңғажайып дүние. Және пирамида үш рет жер сілкінісінен аман қалған.
Пирамида  тек  Мысырда ғана орналас­па­ған дедік. Сонымен қатар, ол Атлантидада орна­ласқан. Ол пирамидалар судың астына кетті. Бекжан Кәленұлының «Атланттар – Түрік­тер» атты мақаласында: «Египет абы­зының сөзіне қарағанда, атланттар өте жоғары дамыған, өркениетті ел болған. Пирамидаларды салған – сол атланттар. Ал, грек халық аңыздары бойынша, жоғары дамыған, Атлант пен бұрынғы Құдайлар титандар өмір сүрген ел гиперборейлер елі болатын», – дейді. Егер Атланттар түріктер болса, сонда пирамиданы түріктер немесе түркілер салғаны ма?
Пирамиданың қалай салынғаны туралы білген адам – Эдвард Лидскалнин (1887-1951). Бірақ, ол бар құпиясын өзімен бірге көрге алып кетті. Жалғыз өзі «Coral-castle» атты маржан қамал салып шыққан адам. Неден туындады? Эдвардтың болашақ жары тұрмыстық жағдайы нашар екендігін біле сала үйлену тойы қарсаңында тұрмысқа шығудан бас тартады. Эдвард баз кешіп кетеді. Әлемді кезу барысында ол Флоридаға тұрақтап, төрт акр жерді 12 долларға сатып алады. Маржан қамалдың құрылысы осы жерден бастау алады. Ол да 20 жыл салған екен. Бірақ, жалғыз өзі. Төрт сыныптық қана білімі бар Эдвардтың жасағанын сиқыр демеске лаж оқ. Тонна-тонна жүкті қалай игерді десеңізші. Маржан қамалға мысыртанушылар қызығушылық танытып отыр. Пирамидалардың қалай са­лын­ғанын Эдвардтың білетіндігін айтып отыр ғалымдар. Шынымен де, Эдвардтың көр­шілері маржан тастардың көкте ұшып жүр­генін көргендігін айтқан. Демек, Эдвард Лидскалнин гравитацияның көмегімен жүзе­ге асырған болып отыр ғой. Көршілердің сан мыңдаған сұрағынан жалыққан болуы керек, Эдвард Лидскалнин: «Пирамиданың қалай салынғанын білем», – деген екен. Бірақ, қалай екенін айтпай кетті.

Тізім
Сіз тізімде нешінші тұрсыз?! Әлде онда мүлде жоқсыз ба? Қалайша? Жан-жануар мен жәндік атаулының барлығы сол тізімде емес пе?! Мүмкін, тізімнен шығып қалған шығарсыз? Сызып тастады ма? Сіз де қуғын-сүргінге ұшырап па едіңіз? Әйтпесе, әрбір адам тізімде тұрмай ма? Ол қандай тізім дейсіз бе? Оның түрі көп.
Қуғын-сүргін  дедік  қой.  Содан бастайық.  Мағжан,  Сәкен, Жүсіпбек,  Ахмет,  Әлихан, Жақып.  Бәрі-бәрі  «Халық  жауы» дейтін тізім­нің ішінде кетті. Адалсыз ба,  онда  сіз  «Есі  ауысқандар» тізіміне іліктіңіз. Ал, арам болсаңыз, «Ауқатты  тұлғалар»  тізімінде жүрсіз. Ана отырған кісінің мазасын алмаңыз.  Өйткені,  ол  «Халықтың қалаулы  азаматтарының»  тізімін жасап жатыр. Шаруасымен айналыса берсін.  Ана  бұрышта  отырған жанның  жүйкесі  әбден  тозған.  Неге дейсіз  бе?  Оңай  ма?  Ол  адам «Келесі  айдың  жемқорларының» тізімін құрумен әлек болып отыр. Бұл тізімді жасарда өте абай болу керек. Себебін  сосын  түсіндіремін.  Шашы ұйпа-тұйпа,  киімі  жұпыны  жанды көріп  тұрсыз  ба?  Міне,  сол  бейбақ «Бай-манаптардың»  тізімін  құрап, басын  қасуда.  Түсінде  де  көрмеген сандардан ғой әбіржіп кеткені. Кофе ішіп  отырған  келіншектің  жағдайы жақсы.  Өйткені, ол  «Мемлекетті ұнатпайтындардың»  тізімін  жасап, мәз-мейрам  болып  отыр.  Ал, «Мемлекетті  сүйетіндердің»  тізімін жасап жатқан апайдың халі мүшкіл. Тізімді минут сайын жаңартып отыру – оңай шаруа емес, әлбетте.Әрі  қарай  кеттік.  Бұл  кеңседе жұмыс  жасайтын  қызметкерлердің мінезі  мен  жағдайы  әр  түрлі  болып келеді.  Мысалы,  бұл  жерде  зейнет жасынан  асып  кеткен  ақсақалдар да  қызмет  атқарады.  Мына  бір үстелдің  үстіне  шығып  алған  шал «Ақындардың»  тізімін  жасайды. Әлбетте,  бұл  тізімге  шалдың үстелін  бояп бергендер  ғана  кіреді. Бұл  туралы  «Мүшәйра»  заңының 1-бабының 1-тармағында жазылған. Айтпақшы,  бұл  заң  әлемдегі  ең қысқа  заң  болып  табылады.  1-бап, 1-тармақ.  «Мүшәйра»  заңында жазылмаған бір бап бар, айтпақшы. Ол  бейресми  болып  табылады. 
Жүлделер айналмалы болып келеді. Бақ  секілді.  Бір  рет  сен  алдың  ба, екіншісінде  басқаға  түседі.  Өте тамаша заң, негізі.Тізім  неден  басталып  еді  өзі?  Ол сен  туғаннан  өлгенше  қасыңнан кетпейді. Бала дүниеге келді. Оның дүниеге келгенін куәландыру керек. Онсыз  сен  өмірде  жоқ  адам  болып есептелесің.  Жақсы.  Тізімге  не қатысы  бар  дейсіз  ғой?!  Тіркеудің нөмірі  болмай  ма?  Нөмір  бар жерде тізім бар, демек. Сіз «Өмірге келгендердің»  тізіміндесіз.  Ержетіп, мектепке  бардыңыз.  Ол  жерде де  –  тізім.  Сабақ  айтуға  тізіммен шықпайсыз ба?! Онан «Момындар» мен  «Сотқарлардың»  тізімі жасалады.  Немесе  «Сұлулар»  мен «Ұсқынсыздардың»  тізімі  дегендей. Өзің  де  тізім  жасап  қоясың. «Мен  ұнататын  қыздар»  деп. Ұстаздардың да тізімі бар. «Жақсы оқитындар  һәм  адам  болатындар» және  «Жаман  оқитындар  һәм  адам болмайтындар»  деген.  Не  деген бітпейтін  тізім  десеңізші?!  Жә, оқуды бітірдіңіз. Енді, университеттің тізімін жасайсыз. Оқуды бітіре сала туған-туыстың  тізімін  жасау  керек. Жұмысқа  тұруға  көмек  керек  емес пе?  Жақсы,  бұл  сыннан  өттіңіз делік.  Ендігі  кезек  –  отау  құру. Баяғы  «Мен  ұнататын  қыздар» тізімінің  атауы  «Менің  сүйіктім» болып  ауысады.  Той  жасау  керек. Осы кезде «Құрметті қонақтардың» тізімі  құрылады.  Құдды  бір құрметсіз  қонақ  деген  де  бардай. 
Енді,  сіз  тізімге  ілігесіз.  Жоғарыда аталған  тізімдердің  бірі  болуы мүмкін.  Ондай  тізімге  іліккеніңізді де  білмеуіңіз  –  таңқаларлық жағдай  емес.  Көп  жағдайда  тойдан кейін  банктің  «Құрметті  азаматы» тізімінен  «Қара  тізімге»  ілігесіз.  Әр адамның  қойын дәптерінде  «Дос», «Жау»,  «Қадірлі»,  «Қадірсіз»  деген тізімдер  болатыны  анық.  Бұл  тізім де  сіздің  «шығармаңызға»  топ  ете түседі.  Ғайыптан.  Тізімді  қалай жасағаныңызды  өзіңіз  түсінбей қаласыз. Тізім жыл сайын ауысады, уақыт  өткен  сайын  жаңарады, сосын,  жыртылады.  Төрт  тізімнің бірі  де  жоқ.  Балағаттайтын  құрдас, ғайбаттайтын  жауың  да  жоқ. Сол  кезде  біз  атамаған  тізімді жасауды  бастай  ма  дегенде,  оның алдынан  басқа  тізімдер  шыға келеді.  «Қонақасы»,  «80  жылдық», «Құдайы», «Қаза» секілді. Ақырында өзі  «Өлгендердің»  тізімінде  кете береді. Былай қарасаң, ғұмырымыз тізімнен тұрады екен-ау деп қаласың. Біз  ұмытқан  тізімдер  көп.  Ауызға алмай  кететін  тізімдер  де  бар. 
Сонымен,  өзіңіздің  қай  тізімге жата­тыныңызды білмедіңіз бе? Тізім адамның  қолымен  жасалған  дүние емес пе? Білме­геніңіз де өте дұрыс.
«Ақындар»  тізімі  демекші,  бір ағамның айтқаны бар еді: «Классик деп  жүргеніміздің  барлығы  мықты емес  қой.  Олардың  тізімін  Кеңес Одағы жасап берген. Біз сол тізіммен жүрміз»,  –  деп.  «Абай  жолын» оқымаған  қазақ  –  қазақ  емес» деген қағида қалыптастырып алған. Бұл  –  психологиялық  қадам.  Әлде, «Абай  жолына»  жасалған  жарнама ма?  Әуезовтің  шеберлігін  қаралап жатқан  ешкім  жоқ.  Бірақ,  бұл  тағы да  сол  тізім  жасауға  итермелеудің сыңайы емес пе? Заңғар  жазушы?  Ақиық  ақын? Халық  жазушысы?  Дауылпаз ақын?  Қылқалам  шебері?  Зергер? Классик?  Суреткер?  Халықтың бір  ғана  бағасы  бар.  «Ақын»  һәм «Жазушы».  Болды.  Келіспесеңіз, жарайды,  тағы  да  тізім  жасайық, онда.  Заңғар  жазушыларға  бір бөлек,  ақиықтарға  бір  бөлек, халық  жазушыларына  бір  басқа тізім  құрайық  та.  «Енді, қалғаны  – әдебиетті  тізімге  айналдыру»  деп налығаннан  қайран  жоқ,  себебі,  ол баяғыда тізімге айналып кеткен екен. Оны  жасаған  –  біз.  Әуезовке  «Сіз кімсіз?» десе, «Мен қазақтың заңғар жазушысымын ғой, танымадың ба?» демеген  шығар?  Немесе  Қасым «Дауылпаз  ақынмын  мен  деген» деп  кеуде  кермеген  болу  керек.  Ал, Әбіш  Кекілбаевтың  «Тобыры  несі?! Мен халық жазушысымын» деп жар салғанын естімеппін. Ал, мен ше? Қай тізімге жатамын?! Тізімде  бармын  ба?  Рас  па,  өтірік пе,  біреу:  «Сен  ақын  екенсің»,  – деп  қояды.  «Ақындар»  тізіміндемін десем,  әлгі  шалды  өмірі  көрген емеспін.  Бір  күні  ойға  шомып  келе жатсам,  бір  топ  адам  кездесті. Бірақ,  қоршау  жасап  алған  екен. Бойым  тапал  болғандықтан,  не болып  жатқанын  көре  алмадым. Айналып  есігінің  алдына  келсем, алпамсадай  екі  жігіт  шыға  келді. Қолдарында  қағаз  бар.  «Тізімде барсың ба?» – деп дүрсе қоя берді. Тізімі  несі?  Сөйтсем,  «Мемлекетті ұнатпайтындардың»  тізімін  айтып отыр. «Ол не?» – деп ем, желкемнен алып  шығарып  жіберді.  Сол  кезде Цойдың:  «Біз  мемлекеттің  емес, ғаламшардың тұр­ғынымыз», – деген сөзі  есіме  түсе  кетті.  «Мемлекетке түк  қатысым  жоқ»,  –  деп  айқай салдым.  Естіді  ме,  естімеді  ме,  ол жағын  білмедім.  Бақсам, топ-топ  болып  жиналып, мұндай  жиын  өткізетіндер көп  екен.  Әрқайсысы  – тізімдегі құрметті адамдар.Күнде  митинг.  «Тізімде жоқ  адам  –  өмірде  жоқ адам», «Тізімі жоқтың билігі жоқ»  деген  жазбалары  бар плакатпен  көшеге  шығады екен.  Осыдан  кейін  өзіңді бір  жетім  адамдай  сезінеді екенсің. 
Мен қалайша тізімде жоқпын?  Бір  тізімге  ілігуім  керек емес  пе?  Бірақ, әлгі  тізімге  кірудің жолын  таппадым.  Таппадымы  несі, тізімнің атаулары ұнамайды. Содан, не  керек,  «Тізімде  жоқтардың» тізімін  жасадым.  Қатарымыз  аз емес екен. Кәдімгідей шоғыр болып қалдық.  Дегенмен  мақсатымыз бен  жоспарымыз  болмағандықтан, тарап кеттік. Әлгілерге күлкі болдық соңында. Не дейміз енді?!Тарап кеткеніміз де дұрыс болды-ау деп шештім. Өзің жеке-дара. Ешкімге тәуелді  емессің.  «Тәуелсіздердің» тізімін  жасамадыңыз  ба?»  дейтін шығарсыз?  Жоқ,  адам  көбейген сайын,  тәуелсіздіктің  қадірі  кетеді. Сондықтан, тізім дегенді ұмыттым.
P.S. Дегенмен бәріміз білетін, бірақ, ойымызға  алмайтын  тізім  бар.  Ол арғы  жаққа барғанда  жасалады. «Жақсылық» пен «Жамандық».

Таң  қалмаймын
Валерий Брюсов Мағжанды қазақтың Пушкиніне балапты кезінде. Мүмкін, Пушкин орыстың Мағжаны шығар? Бұл не сонда, салыстыру ма, әлде бірін жоғарылатып, бірін төмендету ме? Мағжан бір бөлек әлем де, Пушкин бір басқа дүние емес пе? Бір-біріне теліп, салыстырудың қажеті қанша? Мағжан деген – Мағжан, Пушкин деген – Пушкин. Ағам айтпақшы, әлдебіреудің жетістігін сипаттау үшін «бәленшекеңнің стиліне ұқсайды екен» деп жатамыз. Сол бәленшекеңдерді кіммен салыстырды екен десейші?! «Мұның бәрі – далбаса дүние», – деп еді сол ағам. Ақын былай тұрсын, адам адамнан өзгерек болып келеді. Әрбір адамның саусақ таңбасы бір-біріне ұқсамайтындығын қайда қоясыз?
«Ешкімге ұқсамайтын өзіндік үні бар қаламгер» деп  бағалап  жатамыз.  Әлбетте,  ол  біреуге ұқсағысы  келсе  де,  бәрібір  ұқсай  алмайтыны –  белгілі  жайт.  Жұмекен  Нәжі­меденовтің: «Александр Блокты қанша аударсам да, бәрібір Нәжімеденовтікі  болып  шығады»,  –  дейтіні сондықтан.  Туындыңызға  «Жұмекенше»  деп айдар  таққаныңызбен,  ешқашан  онікіндей  бола алмайды. Бой да көрсетпейді. Ол сенікі. Болды.Еліктеу  бар  да,  еріп  кету  жоқ.  Оқырман,  ең алдымен,  шығармаға  таңданыс  білдіруі  керек-ті.  Ал,  қаламгерге  туынды  тұтасымен  әсерлі болмағанмен,  бірді-екілі тұсы  ұнауы  мүмкін.  Бір жазушыдан  «сүйікті жазушыңыз  кім?»  деп сұрасаңыз,  тізбелеп айтып  береді. Ал,  басқасынан сұрасаңыз,  бір-екеуін  атап немесе  «мүлде жоқ»  деуі  – заңдылық.  Бұл дегеніміз  ол жазушының таяздығы  мен білімсіздігін  емес, талғампаздығын білдіреді.  Бұл  туралы Дулат  Исабеков «Қарғын»  романында ойын  былайша  өрбітеді: «Таңдану  мен  табыну ешқашан  абстракциялы ұғым  болып  көрген  емес, өйткені бұл екеуі тек жеке адамның  ой-өрісі  мен парасат деңгейіне тікелей байланысты.  Ал,  жеке  адамның  өзі  де, ой-парасаты  да  әрқашан  нақтылы.  Айталық, Теккерей,  Гюго,  Франц,  Шиллер  (прозалық шығармалары),  Скотт  т.б.  дүниеге  белгілі жазушылардың  шығармаларына  өз  басым ешқашан  таңданған  да,  табынған  да  емеспін. Осылай дегенім үшін, бәлкім, маған кейбіреулер тіл  тигізер,  қайдан  шыққан  данышпансың,  өзің не бітірдің деген сияқты толып жатқан кінәлаушы сұрақтар  қояр.  Демек,  олар  –  табынушылар. Таң­данушыны  өз  пікірінен  қайтаруға  немесе сүйіспеншілігін  бәсеңдетуге  болғанмен, табынушыны бетінен қайтару қиын. Ол культ пен фанатизмге ұқсас. Фанатизм мен парасат қатар өмір сүруі мүмкін емес, өйткені, олар – бір-біріне жау  ұғымдар.  Фанатизм  тек  «сауатсыздық» деген ортада «гүлденер» болса, парасат білімді ортада  өніп-өседі.  Демек,  адам  неғұрлым  көп білген сайын, өзінің бұрынғы таңданып, табынып келген  нәрселеріне  қайта  баға  бергіш  болады. Жоғарыдағы жазушыларға табынбайтыным, тіпті, таңданбайтыным, әйтеуір, осылайша біреу-міреу жаза алатын болғандықтан, мұндай шығармалар Адам  творчествосының  потенциалды  мүмкіндігі шеңберінің ішінде жатқандығынан».
Таңданудың  соңы  –  табыну.  Өзін  жоғал­тудан асқан қандай трагедия бар десеңізші. Салыстыру дедік.  Мұны  кез  келген  адамның  қанына  біткен әдет  пе  деп  қаласың  кейде.  «Саған  қарағанда ана  біреу  жақсы»,  «сені  мен  оны салыстыруға келе ме?», «ана баладан гөрі мына бала әп-әйбат көрінеді» т.с.с. Адам мен адамды, жылмен  жылды,  ел  мен  елді  салыстыруға келгенде алдымызға жан салмайтынымыз өтірік емес.
Бірде  бір  топ  ақын-жазушы  бас  қосып отырғанда, біреуі:
–  Академик  Радлов:  «Қазақтар  –  шы­ғыстың французы»,  –  депті,  –  дейді.  Сол  жерде  Асқар Сүлейменов те отыр екен:
–  Жоқ,  олай  емес,  Радловың  қателеседі!  – депті нығарлай сөйлеп.
– Немене, ондай сөзді қазаққа қимай отырсың ба?!  –  дейді  әлгі  сөзді  айтқан  жазушы.  Сонда Асқар:
– Радлов қателеседі, француздар – Еуро­паның қазақтары! – деген екен.
Бұл  жерде  Асқар  біреуге  «біреуді  телудің қажеті  жоқ»  деген  емеурінді  білдіріп  отыр. Шынымен,  бір  адамды  бір  адамға  теңеу  деген оны  қорлау  емес  пе!  Ал,  біздің  ақындар  «сен қазақтың бәленшесісің» десе, мәз болатыны несі екен? Осындайда туған төрттаған бар еді:
«Иесі бар мылтықтан оқ алмаймын,
Арамызды ғасырлық перде жапты-ай.
Мен ешқашан Есенин бола алмаймын,
Бола алмас ед Есенин Ерболаттай», – деген.
Есениннің  өлеңіне  сүйсінгеніміз  бар  шы­ғар, бірақ, табынғанымыз жоқ. Оқығанымыз көп те, аз да  емес.  Дегенмен,  сүйсіндірген  туын­­дылардың қатары некен-саяқ. Ел мақтаған роман­дардан түк таппаған кездер де болды. Мүмкін, бұл өреміздің тарлығынан шығар. Ол жағын біле алмадық.
Өтіріктен де жаман нәрсе бар. Асыра сөйлеу мен көпірме сөз. Мұнан өтірікшінің айтқаны шындық па деп қаласың кейде. Мұны пафос деп атайды. Тапалды  бәйтерекке,  қараны  аққа  балайтын адам. Ең жаман нәрсе – жасандылық. Жасанды адамның  жансыз  заттан  қандай  айырмасы  бар десеңізші.  Пафостың  туын  көтеріп  жүргендер жайлы  Фаина  Раневскаяның  айтқаны бар:  «Тіпті,  ең  сұлу  деген тауыс­тың  артында  кәдімгі тауықтың  бұты  жасырулы тұр.  Сондықтан  да, дос­тар,  көпір­ме  сөздің қажеті қанша?». Мінсіз дү­ние­нің  жоқ  екені анық емес пе?!Фанатизм мен культ дедік.  Елді  билеудің тағы бір жолы – осы. Аңызға  айналған тұлғалар  әр  заманда болды,  болады,  бар. Өнеріне  тамсанып, табынғаны  соншалық, есінен  танып  жатады. Тура  мағынасында солай. Қазақта культқа айналған  ақындардың бірі  –  Мұқағали.  Оның өлеңінен гөрі ол жайлы аңыздар басым. Бірақ бұл – Мұқағали әлсіз ақын деген сөз емес. Тұлға  жайлы  аңыз қанша  көп  болса,  оның  танымалдығы  да сонша  болмақ.  Ал,  аңыздың  авторы  –  халық. Аңызға  айналған  тұлғаға  былайша  анықтама береді: «Пендеге біткен тірліктен ада, періштенің серігі болуға тақау, жұтқаны – бал, құсқаны – құт, табаны жерге тимейтін, аспан мен жердің арасын жалғап тұрған жан». Не деген керемет, ә!
Пендеге  біткен  тірліктен  ада  болса,  онда  ол тамақ ішпейтін һәм зәр сындырмайтын адам ба? Адам деуге де жүрексінеді екенсің. Қасиеті атып жүрсе...
Көрмеген адамның бәрі – аңыз. Ол адам жайлы пікір  басқа  біреудің  айтуымен  қалыптасады. Басқа біреу – өзге біреудің айтқанын жеткізуші. Ал, аңыздың бәрі ақиқат емес. Соның байыбына барып, тұжырым жасаған жөн шығар.

 

391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз