• Ұлттану
  • 19 Қыркүйек, 2012

ДАРА ҚОБЫЗШЫ

Қалия Уразалиева, өнертану ғылымының кандидаты, КазҰӨУ-нің доценті

Халықтың рухани байлығы мен тарихын, мәдени құбылыстарының сан қилы ерекшеліктерін білмей, бүгінгі музыка өнеріндегі тәрбие жүйесін қалыптастыру мүмкін емес. Сондықтан болашақ қобызшы мамандарды кәсіби даярлауда жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие процесіне мәдени мұраларды пайдалану қажет, өйткені болашақ мамандардың рухани дүниесіне белсенді ықпал етіп, олардың эстетикалық талғамы мен сапалық қасиеттерінің дамуына әсер етеді. Олай болса, белгілі қобызшы, шебер орындаушы Жаппас Қаламбаевты еске алып, оның аспаптық музыка өнеріндегі қалдырған ізі туралы сөз қозғалмақ. Қаратау шертпе мектебінің негізін қа­ла­ған домбырашы Сүгір Әлиұлы екені бар­шамызға мәлім, сонымен қатар, ол өзіне дейінгі күйшілердің мұрасын терең меңгеріп, сазгерлігімен күй өнерін жаңа белеске көтерген үлкен дарын. Ол қобыздың «пірі» атанған Ықыластың төл шәкірті ретінде қобызды да жақсы игерген. Мұндай феномен Сүгірдің шәкірті – Жаппас Қаламбаевқа да қонып, жалғасын тапқан. Ол екі өнер мектебін бірдей меңгерген. Біріншісі – домбыра, екіншісі – қобыз. Жаппас Қаламбаев Ықылас күйлерін алғашқы домбыра арқылы үйренеді де кейінірек оларды қобызға лайықтап, өзіне ғана тән мәнерімен, техникалық шеберлігі айқын орындаушыға айналады. Сүгірдің қайталанбас күйлерінің әсері оның бойына сіңіп, ішкі дүниесін тербелетіп, үлкен сахнаға шығуына ықпал етті. Ж. Қаламбаев 1909 жылы Шымкент облысының Созақ ауданына қарасты Талап ауылында өмірге келген. Халықтың бай музыкасы оның дарынын оятып, дамуына әсерін тигізген. Қобызшының өнерге деген ықыласы жас кезінен-ақ байқалады. Бала кезінен сезімтал, ізденімпаздығымен ерекше көзге түседі. Қызы Құндыздың айтуынша: - «Әкемнің атасы – Қасымбек он саусағынан өнер тамған кісі болатын, домбырада күйлерді шебер орындап неше түрлі музыкалық аспаптар жасап гармонмен ән шырқайтын. Әкемнің бойындағы өнерге деген құштарлығын байқаған атам өзі жасаған домбырасымен ән-күй үйреткен. Алты жасынан бастап әкем домбыраны шебер меңгерген, күйлерді бір естігеннен-ақ жылдам қағып алатын. Ал, әжем – Жібек, күміс көмей әнші, ауыл аймаққа беделді, сыйлы адам болған. Осы атам мен әжемнің өнерге деген сүйіспеншілігі менің әкеме дарыған». Ж. Қаламбаев дарынды өнер иелері сал-серілердің музыкасымен сусындап, үлкен жиын-мерекелерге, би-шешендердің бас қосуына, айтыс-тартыстарына қатысып, белгілі халық сазгерлердің өнерін меңгеріп, тыңдаушылардың көңілінен шығып, белгілі орындаушы атанады. «Менің музыкалық талабымның ары қарай жалғасуына, ауылымыздан өте қашық емес жердегі Созақ жәрменкесіне қатынасқан халық таланттары, ақын, жыршы, бишілердің әсері тиді» – дейді екен Ж. Қаламбаев [1]. Оның қобызшылық өнерінің ары қарай қалыптасып, шеңберінің кеңейіп дамуына қамқоршылық білдірген белгілі сазгер, өнер қайраткері, академик А. Жұбанов болды. 1934 жылы Алматыда өткен бүкілқазақстандық өнерпаздар слетіне Ж. Қаламбаевта қа­ты­сып, қобызшылық өнерімен ерекше көз­ге түседі. Сол кезде жаңадан ұйымдаса бастаған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамына қабылданып, оркестрдің іргетасын қалаушылардың бірі ретінде аспаптық өнерін ары қарай жалғастырады. Отандық музыкатанушы Б. Ғизатовтың пікірінше: - «Слетке Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды домбырашылар, қобызшылар, сыбызғышылар, әншілер келіп өз өнерлерін көрсетті. Сахнаға ақ костюм киген, аласа бойлы, қобызшы Ж. Қаламбаев шықты. Қолындағы көпшік тәріздес кішкентай қобызымен ол Ықыластың Аққу», «Қасқыр», Жез киік», «Ерден», «Қамбар» күйлерін нақышына келтіріп орындады. Осы орындаған күйлер арқылы, ол қазақтың кең байтақ даласын бейнеледі. Мұны тыңдаған жұрт қазақ даласының керемет қобызшысы екенін мойындады [2]. 1936 жылы ол Мәскеу қаласында өткен онкүндігінде қазақ өнерпаздарының құрамында болып, жүлдегер атанды. Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінде 1967 жылға дейін альт қобызшылар тобының концертмейстері және оркестрдің жеке орындаушысы ретінде Ықыластың күйлерін шебер орындап осы ұжымда ұзақ жылдар бойы еңбек етті. Қобыз дәстүрін бұзбай біздің заманымызға жеткізген Қаламбаевтың өнерін академик А. Жұбанов жоғары бағалап жазады: - «Жаппас өзінің кыл ішек тағылған қобызын тартқанда, тірек болу үшін сол құлақтың бірін сол жақ шекесіне тіреп қояды. Оның халық қобызын ұстаудағы түйінінің үлкен акустикалық мәні бар. Ал қобыздың орындауы домбырадан анағұрлым басқа, қиын екенін музыка танушылар жақсы біледі. Онда ойнау скрипкадан да гөрі қиынға соғады. Өйткені қобызда саусақтарды басатын мойны жоқ. Солай бола тұрса да, Жаппас не бір техникалық күйлерді құйқылжытып тартқанда, адам баласының ала алмайтын қамалы жоқтығына таң қаласын» [3]. Ж. Қаламбаевтың ойнау ерекшелігі географиялық өмір сүрген ортасына да байланысты. Тарлан домбырашылар Тәттімбет, Сүгір, Дәулеткерей, Дина, Тоқа, Дайрабай күйлерін қобызға салып орындайтын. Сонымен қатар, Жаппас өзінің ауызекі түрде жаттап алған шығармаларына мәнер-стилін қосқан. Ол орындаушы ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне, күй мен әндеріне жаңашыл ырғақ, мақам қосқан шебер күйші. Сол күйлердің образдық әлемін, ойнау тәсілдерін, өрнектеу әдістерін, ойнау техникасын және теріс бұраудағы домбыра күйлерінің даму композициясын қобызға түсіріп, айнытпай орындаған. Мысалы «Қорқыт», «Кертолғау», «Жез киік», «Бес Төре», «Сылқылдақ» сияқты күйлер осының айғағы. Дара қобызшының орындауындағы өзіндік стилі, жоғары көркемділігі музыка сүйер қауымның жүрегін баулитын. Оның орындаушылық шеберлігін жоғары бағалап, көптеген зиялы қауымдар да өз пікірлерін жазып қалдырған. Соның ішінде белгілі жазушы И. Жақанов «Қобыз Атасы - Ықылас» деген еңбегінде Жаппас Қаламбаев туралы өз ойын былай білдіреді: - «Аққу» күйін алғаш жеткізіп, қайталанбас шеберлікпен тартқан адам Қаламбаев Жаппас еді. Әрі құс қанатының желпи қаққан суретін, әрі жанға жайлы есті сарынын тыңдаушының көңілі мен көкірегіне қатар ұялатар құдыретті Жаппастың орындаушы суреткері десе лайық. Қобыз ішегіне жанасқан саусағы біресе дірілдеп, біресе тербеліп, енді бірде көз ілеспес жылдамдықпен жорғалап жөнелгенде адам өмірінің шытырман тағдырын айтуға келгенде, әуен-саздың тілінің мейлінше жүйрік екеніне күмәнсіз сенесіз» [4]. Қаламбаев алғашқы өнердегі қадамын Құрманғазы атындағы кәсіби оркестр ұжымының жеке орындаушысы ретінде бас­тап, кейін сахнаның санаулы шеберлерінің біріне айналады. Оркестрдің жарқын жеке орындаушысы бола жүре, ол осы оркестрдің болашағын ойлап ұстаздық қызметінде де қажырлы еңбек етті. Оның шәкірттерінің ішінде халқымыздың музыка өнерінде өзіндік биік орын алған белгілі қайраткерлер: Ф. Балғаева, А. Исмаилов, А. Жаманшалова, Ж. Қасымов, Д. Тезекбаевтарды атап айтуға болады. Өзінің кәсіби шеберлігі құпиясын шәкірттеріне үйрете жүріп, сым қобыз мектебінің жаңа толқынын қалыптастырды. Өзіндік орындаушылық стилімен ерекшеленетін Ж.Қаламбаев халық музыкасын жинастыруда да елеулі еңбек етті. Көптеген күйлерді қайта жаңғыртып, қолтаңбасын қалдырған феномен. Қобыздың ішкі дүниесін жетік білген ол жеке орындаушы ретінде сахнаға жиі-жиі шығатын. Сондықтан ХХ ғасырдың орындаушылық саласында оның алатын орны биік те, ерекше. Ұлы қобызшы оркестр тәрбиесін көріп өскен, қобызда ойнағанда шығарманың құрылымын дәл сақтауды принцип ретінде ұстаған. Оның өнері жан-жақты синкреттік түрде қалыптасқан. Ол – әрі күйші, әрі сазгер. Сондықтан оның ойнау тәсілі, дәстүрлі өнер мектебіне жатады. Қобыз репертуарын байытып, асқан шеберлікті қажет ететін күйлер мен көптеген халық әндерін қыл қобызға арнап нота беттеріне түсірген. Ж. Қаламбаевты біз тек қана шебер дом­бырашы, майталман қобызшы деп білеміз. Ал оның қыздары – Дина мен Құндыздың айтуы бойынша: – «Әкеміз өмірде өте мәдениетті, қарапайым жуас адам болатын және керемет ән салатын. Жас кезінен әнші болғым келеді деп армандайтын. Қазақтың халық әндерін нақышына келтіріп, өте сазды ән шырқайтын. Дауысы жұмсақ, камералық тенорға ұқсас болатын. Үлкен жиындарда, той- томалақтарда әкем бірінші болып шақырылатын, әйтпесе, тойдың сәні болмайтын. Дина апайдың айтуы бойынша, ол Ахмет Жұбановпен бірінші кездескенде ән айтып, қобыз бен домбыраны тартып өз өнерін көрсетіпті. Сонда Жұбанов: «...Сен әніңді қоя тұр, әншілер баршылық, бізге сенің қобыз өнерің қажеттірек болып тұр деп» – айтып қалыпты. «Өкінішке орай, мен бала кезімде анам Гүлжәмилядан еститінмін, әкем 1934 жылы дауысынан айырылып, ән айталмай қалған. Себебі, қатты ауырып, тамағына суық тигізіп алған көрінеді. Көңіл сұрап келген академик Рахманқұл Бердібаевтың туысы әкемді емшіге апарып емдетіпті. Осы жағдайдан кейін, әкем ән салмайтын болды» – дейді Құндыз бір сұхбатында. Расында, Ж. Қаламбаевтың ән салу құштарлығы оның қобызда орындаған әндерінде де байқалады. Оның «Алтын қорға» кірген көптеген жазылымдарында әндерді қобызбен жұмсақ сазды шалқыған әсем әуенімен ұлттық сипатта келістіре орындайтынын байқаймыз. Орыстың музыка зерттеушісі А. Серов: «Әннің өмірлі болуы, оның орындаушысына байланысты» – деген екен. Олай болса, Қаламбаевтың орындауында қайсы әні болмасын, жүрек қылын шертетін әуез­ділігімен, әсерлі үнімен тыңдаушысын бірден баурап алатын. Оның орындауында қазақтың 24 әні үнтаспаға жазылып алынған. Әндердің орындалуы өте таза, әсем, құлаққа жағымды, шынайы жүректен шығатыны байқалып, тыңдаушыға қатты әсер беретіні рас. Мысалы, Жаяу Мұсаның әні «Жаяу Мұса», Ыбырайдың «Гәккуін», Біржанның, Естайдың, Ғазиздің, Ақан серінің, М. Ержановтың әндері және т. б. Оны қоршаған ортасы Қазақстанның халық әртістері М. Ержанов, Ж. Елебеков, Қ. Байжанов, К. Бәйсейітова, Ж. Омаровалар халық композиторларының әндерін жеткізуші, насихаттаушылар. Осы ұлы әншілердің ықпалы қобызшының шығармашылығына үлкен әсер қалдырған. Демек Ж. Қаламбаев тек қана домбыра күйлері емес, халық әндерін де, кәсіпқой халық сазгерлерінің әуендерін арнайы қобызға түсіріп, көркемдеп орындаған. Ол халық әндерін қыл қобызда орындағанда, әр әннің әуені, ырғақ ерешеліктерін төл нұсқасын сақтап, әрі әсерлей білген. Өкінішке орай, қазақтың көптеген халық әндері оның орындауында әлі де нотаға түсірілмеген. Шебер өнер иесі Ж. Қаламбаев өмірінің соңғы күніне дейін өзінің аспабында «күміс­тей» сыңғырлаған әсем-қоңыр дыбысын сақтап қалған. Қазақ радиосы қорына дарынды қобызшының бірнеше әндері мен күйлері жаздырылып алынған. Сонымен шебер күйшінің есімі композитор ретінде де жұртшылыққа танымал болған. Ол өзі қобызға арнап бірнеше күйлерді де шығарды. Сазгер ретінде Ж. Қаламбаев ұлт аспаптар музыкасының жаңа дәстүрлерін жетілдіріп, өзінің туындыларында да, қобыз мүмкіндігінің жаңа қырларын аша білді. Өз жанынан шығарған туындыларының көбі өкінішке орай, нотаға түсірілмей, ұмытылып кеткен. Бізге жеткен күйлері: «Жап­пас», «Шәркен», «Кең өлке», «Қазақ маршы», «Жұман», «Еңбек маршы», «Күй толғау» және бірнеше романстары. Халқымыздың әуен-сазы негізінде туған бұл шығармалар қазақ музыка өнерінің ең бір озық үлгісі. Аталмыш күйлердің ішінде терең толғанысқа толы, саз-сарынымен, өзінің күрделі біті­мімен «Жұман» атты күйі ерекше назар аударады. Бұл күй өзінің мезгілсіз кеткен баласына арналған. Ж.Қаламбаев халық аспаптар оркестріне де бірнеше күйлерді өңдеп түсірген. 1968 жылдары белгілі композитор Е. Рах­мадиевтың басшылығымен Құрманғазы атындағы консерваторияда қыл қобыз сыныбы ашылды. Арнайы қобыз маманы ретінде Ж. Қаламбаев шақырылды. Ол жас қобызшыларды дәстүрлі күй өнері­мен таныстырып, тәлім-тәрбие беруді жалғастырды. Оның тәрбиелеген шәкірт­терінің бірі Базархан Қосбасаров – Құр­манғазы атындағы консерваторияның білікті маманы, профессор, Қ.Әжімұратов – ҚР Еңбегі сіңірген әртіс, керемет қобызшы, ол өзінің ұстазы сияқты домбыраны да жетік меңгерген, ән де салған. Көп жылдары Құр­манғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің бас тобының концертмейстері болып еңбек атқарған. Әбдіманап Жұ­мабекұлы – ҚР мәдениет қайраткері, К.Бай­сейітова атындағы балалар музыка мектебінің ұлағатты ұстазы. Ж. Қаламбаев ұлттық музыка мәдение­тіміздің көрнекті өкілі, қыл қобыз өне­рін дамытуда оның еңбегі айрықша. Орын­даушы ретінде қалың жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Оның шығарма­шылық мұрасы мен орындаушылық шеберлігі, өзінің қайталанбас сипаты және көркемдік құндылығы рухани бай­лы­ғымыздың биік саласына айналды. Халқымыз бен үкіметіміз үлкен дарын ие­сінің еңбегін жоғары бағалап, оған Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері деген құрметті атақ берді. Қалия Уразалиева, өнертану ғылымының кандидаты, КазҰӨУ-нің доценті Пайдаланылған әдебиеттер: 1.Б.Қосбасаров / Қобыз сыры. Алматы -2002 ж. 2. Б.Ғизатов / Казахский оркестр им.Кур­мангазы. Алматы - 1994 г. 3. Б.Ғизатов /Академик Ахмет Жұбанов. Алма-Ата - 1972 4. И.Жақанов /Қобыз атасы-Ықылас. Алматы.

789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз