• Келелі кеңес
  • 02 Маусым, 2017

ПРАГМАТИЗМ ЭКОНОМИКАҒА ДА, ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТҚА ДА, РУХАНИЯТҚА ДА ТӘН

Мырзагелді Кемел, профессор

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – «100 нақты қадамы» [1]шын мәнінде еліміздің болашаққа бағдары және әлемде болып жатқан түрлі сын-қатерлерге дфер кезінде берілген жауап. Бұл құжат «2050-Стратегиясын» [2] жүзеге асыру мен мемлекеттігімізді нығайтуға бағытталған. «100 нақты қадам» жоспары жаһандану кезеңінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы қиындықтар мен кемшілікті болдырмауға бағдарланған жүйелі жұмыс. Әлеуметтік даму және рухани адамгершілік саласы туралы сөз қозғасақ, бірегейлік пен бірлік категориялары бойынша қазақстандық үлгі қалыптастыруды жетілдірудегі қадамдардың әрбірі терең мағына мен мазмұнға ие. Адам – қашанда еркіндікті, бостандықты аңсайды, тек аңсап қана қоймай, сол үшін әдіс-тәсіл іздейді, күреседі. Бостандық, еркіндік, тәуелсіздік – асыл арман. Оған жетудің екі жолы бар: бірі – күрес жолы, екіншісі келісім жолы. Ал, тәуелсіздікке қол жеткізген соң, оны сақтап қалу, одан да қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін ел ішінде алауыздық болмау керек. Ол үшін халыққа біртұтас идея, алға жұмылдыратын бағыт, мақсат-мұрат керек. Ұлттық идея – халық мұраты. Бұл – көптен көтерiлiп жүрген тақырып. Идея – грек сөзi, образ, ұғым, түсiнiк мағыналарында қолданылады. Атқаратын мiндетiне қарай идея алуан-алуан қырымен көзге түседi. Мәселен, бiрде ол сырт дүниенi бейнелейтiн қоғамдық сананың пiшiнi болса, ендi, бiрде адамның басты сенiмi орнына жүредi. Әрбір тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ және де кең ауқымды адамдар тобының санасы мен жүрегін жаулап алуда ешбір идея тиімділігі жағынан ұлттық идеямен теңдесе алмайтыны анық. Ұлттық идея – ұлттың сол тарихи кезеңде өзін-өзі тануынан көрініс табатын ұлттық санада басымдыққа ие көзқарастар. Зерттеушілер бұл ұғымның екі қырына баса маңыз береді. Бір жағынан, қауымдастықтың өзін-өзі ұлт деп танып, түйсінуі, екінші жағынан, оның ерекше тарихи адамдар қауымдастығы ре­тіндегі өз көзқарастары, ұстанымдары, құндылықтары жайлы жалпақ әлемге жар салуы. Тарихта мемлекет пен қоғам көшбас­шылары халықтың интеллектуалдық күш-қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ортақ мақсатқа бастайтын жалпыұлттық идея тауып отырған. Қиын-қыстау кезеңнен ұлтты алға сүйреп шығаратын ұлттық идеялар мен ұлттық бірегейліктердің әлемдік тәжірибесін көптеп кездестіруге болады. Ұлы депрессия жылдары АҚШ-ты шыңыраудан алып шыққан Рузвельттің «Жаңа курсы», одан кейін Дж. Кеннедидің «жаңа қоғамы» түптеп келгенде «америкалық арманның» құрамдас бөлігін құрады. Қазіргі кезде америкалықтар өздерін әлемдік көшбасшы, бір полюстік әлемнің орталығы ретінде сезінеді, рухтанады. Екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілген Жапонияның қарыштап дамуына күшті идеологиялық тұғырнама себеп болды. Жапония соғыста тас-талқан болып жеңіліске ұшырағаннан кейін «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек. Қан майданда жеңілдік, бірақ, экономикада жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. «Игілікті мемлекет» ұранын көтерген Исибаси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жоспарлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің экономикасы өрлей бастады. Күншығыс елі ақыр соңында әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналды. Түбі бір, саяси жүйесі бөлек Солтүстік Кореядан қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басымдық тұтқан Оңтүстік Кореяның ұлттық идеясының мәні – бұрынғы отарлаушы ел – Жапонияны экономикалық даму жағынан қуып жетіп, басып озу болды. Кінәсін мойындау идеясы және оны жалпыеуропалық құндылықтарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзінің ұлтшылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызғаны анық. Бір кездері генерал Шарль де Голльдің «Ұлы Франция» ұлттық идеясын жүзеге асырғаны белгілі. Өмірінің 27 жылын түрмеде өткізген Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасында ақ не қара нәсілге бөлмейтін, яғни, апартеидсіз ел саясаты ОАР-дың ұлттық идеясына айналды. Бұл ұлттық идея жүректерге жол тауып, әлемнің қолдауына қол жеткізіп, ОАР-дың өрлеуіне мүмкіндік берді. Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, Қазақстандағы ұлттық идеяның жасы – қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақ­тармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру құраса, одан кейінгі кезеңдегі мақсат Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды. Тәуелсіздік – қасиетті сөз, қастерлі де киелі ұғым. Тәуелсіздіктің туын жел­біретіп, жықпай ұстау, біздің қолы­мызда. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетіп, оны  көзіміздің қарашығындай қорғау – баршамыздың борышымыз. Ұлттық санамыз, саяси өрісіміз сілкініс жасап, өрлеу жолына түскенде, біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан байтақ, өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қас­терлегенін, кешегі тектілердің ұрпағы екендігімізді ұғынып, келешекке жеткізу парызымыз. Ғасырдан ғасырға жібек желі болып жалғасып келе жатқан бабалар аманатын орындап, болашаққа жеткізу біздің еншімізде екені көңілге мақтаныш ұялатады. Біздің әрбіріміз «Мен мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымын» деп мақтанышпен айта алатындай болып оқуға, ізденуге, еңбектенуге тиіспіз. Қоғамда жаһандану үрдісіне күмәнмен қарау бар. Бірақ, жаһандану оған қарап тұрған жоқ, біздің ішімізге батыл еніп кетті. Оны біреу игілік, біреу қасірет дейді. Шын мәнінде жаһанданудың игілігі де, қиындығы да бар. Оны былайша сипаттауға болады: бір ел мен екінші елдің арасындағы кедергілер азаяды, кең көлемде қауымдасудың мәні мен мағынасы артады, ақпараттар беру ісі жеңілдейді, қаржылық, ақпараттық салаларда біртұтас кеңістік жүйесі қалыптасады. Ғаламтордағы ақпараттар ағыны, ұялы байланыс, халықаралық сауда, ғылым, медицина жаңалықтарын енгізу – жаһанданудың жемісі. Оны жек көрмейміз. Демек, жа­һан­данудан қашып құтыла алмаймыз. Жаһандану көрінісінің мысалдары – ЮНЕСКО, компьютерлендіру бағдарламалары, ғарышты игеру, бүкіләлемдік қуатты корпорациялар, Халықаралық сауда ұйымы, Халықаралық туристік ұйым сияқты әлемдік ұйымдар, әлемдік қаржы институттары, т.с.с. Жаһандануды жақтаушылар, жаһандану нарық жүйесінде баға біркелкілігін жүзеге асырады, сондықтан, түбінде бағаның реттелуі, оның бірыңғай әрі салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін екендігін алға тартады. Жаһандану – халықаралық қатынастарды біркелкілендіру. Ха­лық­аралық конвенциялар жүйесі қа­лыптасып, оған түрлі елдер мүше болып, соған сәйкес, өздеріне түрлі мін­деттемелер алып, құқықтарға ие болуы – жаһанданудың нәтижесі. Бірақ, жаппай жаһандану үдерісі мәдениеттің де әмбебаптануына алып келуі мүмкін. Ұлы технология аясындағы рухани тоқырау содан туындайды. Жаһандануға қарсылық білдірушілер оған мықты елдің әлсіз елді езуіне рұқсат беруші деп қарайды, Батыстың Шығысты бағындыруына орайластырылған үдеріс деп санайды. Жаһандануды экономикалық, яки, мәдени империализмнің, тіпті, отарлаудың жаңа түрі дейтіндер де бар. Жаһандану кезінде қуат-күші әртүрлі елдерде, мәселен, экономикасы дамыған елдер мен дамымаған елдерде, әскери күші мол елдер мен әлсіз елдерде бұл жіктелу тереңдей түседі дейді. Байдың байып, кедейдің кедейленуіне, бай елдер кедей елдердің игерілмеген байлықтарын талан-таражға түсіруіне жол ашылады деп санайды. Тұтас халықтар экономикалық босқындарға айналады, халықтардың ұлттық ерекшеліктері мен мәдениетіне қауіп төнеді дейді. Әдетте, мәдениеттер мен дәстүрлердің текетіресі, өмір көрсетіп отырғанындай, жақсылыққа апара қоймайды. Жаһандану еркін кіре бастаған нақ осы сәтте халқымыздың еліктегіштігі де біздің төл мәдениетімізді сақтап қалуға зиянды әсерін тигізеді. Жалпы, еліктегіштік пен өзін төмен санау – біздің ұлтымызға соңғы екі-үш ғасыр ішінде әбден сіңісіп қалған қасиет, одан мүмкіндігінше тезірек арылуға тиіспіз. Жаһандану үдерісі ұлттық мемлекеттер үшін тиімсіз дейді қарсы топтың білгірлері. Себебі, жаһандану нәтижесінде ұлттық мемлекеттердің егемендігі мен дербестігіне нұқсан келеді, ұлттық және стратегиялық тәуелсіздігіне қауіп төнеді. Сондықтан, бүгінгі таңдағы ұлтшылдықтың өршуін жаһандануға қарсы әрекет деп танушылар да жоқ емес. Ұлттық мемлекеттердің әлсіреуіне жаһан­данусыз-ақ әлемдегі миграциялық үдерістердің артуы, туризмнің жаппай өріс­теуі, экономикалық байланыстар кеше­нінің пайда болуы өз әсерін тигізіп отыр. Ұлтшылдықты арттыру арқылы жаһан­данумен күресу нәтиже бермейді. Түп­тің түбінде ұлтшылдық көріністерін мықты ұстана отырып, жаһандық даму үдерісімен қатарлас даму саясатын ұстанған­дардың жолы дұрыс болып шығады. Оның дұ­рыс­тығына ұлттық мәдениетпен бірге орыс, ағылшын тілдері арқылы келіп жатқан жаһандық мәдениеттің қатар дамуы көріністері, АҚШ долларының өз теңгемізбен бірге қолданысқа еніп кеткені, домбыра мен скрипканың бір әуенді бірге ойнай бастағаны дәлел бола алады. Осы арада, тепе-теңдіктің болуына, өзге мәдениеттің төл мәдениеттен артық еніп, тұмшалануына жол бермеуге баса назар аударылуға тиіс. Ол үшін жаһанданудың елге келген ықпалы ұдайы зерттеліп, талданып тұруы керек. Сонда ғана ұлттық мемлекеттердің саяси әрі экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келмейді. Жаһандануды мойындамайтындар мен менсінбеушілер артта қалып қояды. Соны түсіне отырып, жаһанданудың қайтпай қалатындай болып, ішімізге дендеп еніп, рухымыздан, қазақтығымыздан айырып әкететіндей жағдайға апармауы үшін күресуіміз керек. Ендігі керегі – бірлік. Жеке мүдделер адамзат қауымдастығын сақтап қалу­дың проблемасына бағынуы тиіс. Алда­ғы кезде барлық адамдар мен жеке мемлекеттердің мүдделері қажеттілік деген ұғымға бағынуы тиіс. Қажеттілік болғанда күнделікті тірлік уайымынан ертеңгі бірге ғайып болу қаупін үстем санайтын, солай болуға бізді мәжбүрлейтін қажеттілікті айтамыз, осыны бар адам баласы сезінуі керек. «Кезінде тағдырдың жазуымен қасиетті қазақ даласына сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Бүгінге олар тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды. Туған елінің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен азаматтарды бір тағдыр күтеді әр уақытта. Осылай елдігіміздің ертеңі ошақтың ұштағаны секілді «бір халық, бір ел, бір тағдыр» деген үш сөзге сыйып отыр», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы екі ауыз сөзге сыйып тұрған біріктіруші ұғым әрбір қа­зақстандық үшін біліп жүретін дүние. Жыр алыбы Жамбыл бабаның «Жігерлі болса, ер болар, бірлікті болса, ел болар» деген даналық сөзі бар. Шындығында, ел бірлігі болмаса, онда экономика мен әлеуметтік даму тұрмақ тәуелсіздік пен тұғырлылық туралы да сөз айтуға шама жетпес еді. Сондықтан да, бейбітшілік пен бірліктің маңызын ұғынған Мемлекет басшысы құтты мекенге тұрақтылықтың тамырын жайғызатын, бірлікке сызат түсірмеуді көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялағанының куәгерімін. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған-ды. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болды. Айта кетуіміз керек, бұл әлем бойынша бірінші бастама болып табылады. Ассамблеяны  құрудағы мақсат – Қазақстан Республикасында қазақ халқының шоғырландырушы рөлі арқылы қазақстандық патриотизм, Қазақстан хал­қының азаматтық және рухани-мәдени тұтас­тығы негізінде қазақстандық сәйкес­тілікті және бәсекеге қабілетті ұлт қа­лыптастыру үдерісінде этносаралық тату­лықты қамтамасыз ету болды. Ассамблеяның қалыптасу тарихына көз жүгіртсек, бұл идеяны жүзеге асыру 1995 жылы 16 ақпанда Президенттің елі­міздегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен өткен кездесуден бастау алды.Бұл жиында республикадағы ұлтаралық келісімді сақтау және оны одан әрі нығайту үшін республикада жаңа қоғамдық институт – Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде Қазақстан халқын ортақ мүддеге біріктіретін Ассамблея құру қажеттілігі туындап отырғандығына назар аударды. Нәтижеде 1995 жылғы 1 наурызда жаңа институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойылды [3]. Бұл тарихи күн Егемен Қазақстанда  қазіргі заманғы мемлекет құрудың, жаңа түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің, бейбітшілік идеясын іске асырудың, Қазақстан халқының бірлігі мен қоғамдық келісімін сақтаудың жаңа бастауы болды. Ассамблеяның басты мақсаты: Қазақ­стандағы барлық этностардың рухани тұрғыда қайта жанғыруы мен дамуын қамтамасыз ету; өркениеттік және демократиялық ұстанымдарға, мемлекеттік ұлттық саясатта барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру болатындығы айқындалды. 2007 жылы Ассамблея конституциялық орган мәртебесін иеленді, кепілді парламенттік өкілдік – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығын алды. 2008 жылғы 20 қазандағы  «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы»  Қазақстан Республикасы Заңының Ассамблея қызметі мен құрылымдарын, еліміздің қоғамдық-саяси жүйесіндегі оның орны мен рөлін  нормативтік-құқықтық реттеуді, конституциялық парламенттік өкілдікті жүзеге асыруды қамтамасыз етті. Ассамблеяның негізгі стратегиялық құжаттары – «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы», «Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасы» қабылданды. Ассамблея осы жылдар ішінде қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің шешуші буынына айналды. Өзінің тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық тұрақты орган ретінде танылды. Аталмыш бірегей институт елі­міздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақ­сатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді. Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасып келеді. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Бірлік болмайтын жерде береке де, тірлік те  болмайтыны бесенеден белгілі, бұл жайында бабалардан қалған даналық ой, асыл сөздер де жеткілікті. «Бақ қайда барасың? Бірлігі жарасқан елге барамын!» демеп пе еді сондай даналықтың бірі. Түптеп келгенде, Тәуелсіздік жылдарынан беріге қарай жеткен әрбір жетістіктің, асқан әрбір асудың өзегінде – елдегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен бірлік жатқаны да ақиқат. Елімізде білім беру толықтай өзбек, тәжік, ұйғыр тілдерінде жүргізілетін 37 толық және 171 аралас мектеп жұмыс істейді. 81 мектепте 16 этностың тілі жеке пән ретінде жүргізіледі. Қазақ және орыс театрларын қоспағанда елімізде тағы төрт ұлттық өзбек, ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде бірнеше жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынғы халықтық мерекелер 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, масленица, сабантой сияқты ұлттық тойлар жалпыхалықтық мерекеге айналды. Егер, мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этнос­аралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде, стратегиялық басымдық ретінде, қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жету болып табылады. Сондықтан, 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қа­зақстанның Ел Бірлігі Доктринасы қа­былданды. Қазақстанның Ел Бірлігі Доктринасы – халықтың, уақыт талабына сәйкес, бірігу қажеттігін түсінуіне негіз болмақ. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың соны серпіні. Қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Береке басы – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, ағалық мейрімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Қазақ жеріндегі ұлттар мен ұлыс өкіл­деріне Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие. Елімізде мекен еткен ұлт пен ұлыстарға өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалған. Тұрақты жұмыс істейтін ұлттық мәдени орталықтары әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауға зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келеді. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қара шаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат. Сонда ғана «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбіт­шілік, руханият және келісім мәде­ниеті» деп аталған сессияда рухани келісімнің айрықша жеті жоғары мәдени қағидатын айтып өтті. Онда діни тұрақтылық, ортақ жауапкершілік, мемлекеттік тілді өзге ұлттардың меңгеруі, конфессияаралық толеранттылық пен ішкі тұтастық, барлық ұлттың өмір сүру сапасын арттыру, әр ұлт пен ұлыстың мәдениеті мен өнерін дамыту және этномәдени бір­лестіктердің жұмысына серпін беру қағи­даттарына кеңінен тоқталды. Қазіргі таңда бүкіл әлемді шарпыған ғаламдық дағдарыс Қазақстанға да өз салқынын тигізіп отыр. Мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық болмай, экономикалық салада жетістік болмайды деген қағиданы тарих әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан, Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мем­лекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Қазақстанның экономикалық дамуы, этносаралық қатынастардың әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалуы, ең алдымен, қазақ ұлтының еншісінде екендігі анық және бұл, алдымен өзіміздің қазақ үшін керегірек екенін айтуға тиіспіз. Тәуелсіз Қазақ елінде бәрі бар. Тек қана көпұлтты ұлттар мен ұлыстардың арасында өзара түсіністік, тату-тәтті береке-бірлік пен ынтымақ және рухани құндылықтарға деген адалдық ауадай қажет. Бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көп­ұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше. Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қашанда қамқор болып, ағалық мейірімін аямаған. Алаш елі тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскені белгілі. Сол үшін көптеген ұлыстардың өткен және бүгінгі буыны қазақ халқына шексіз риза. Бір-бірімізден үйренеріміз мол этнос өкілдері қазір өз тарихи отандары мен Қазақстанның арасындағы достық көпірі арқылы елімізге инвестиция да, жаңа технологияларды да алып келуші ретінде танылып отырғаны да қуанышты жағдай. Ғасырлар тоғысында еркіндікті аң­саған ата-баба арманы жүзеге асып – егемендікке ие болдық. Қазақ жерінде арайлап атқан елдіктің ақ таңы, ең алдымен, осынау дархан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, алғыр ақылмен, берік тақыммен қорғап, сақтап қалған ата-бабаларымыздың ұлы күрестерінің заңды да нақты нәтижесі.Қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қауым­дастық өкілдері құлақ асатын беделді елге айналды. Ал, қоғамда жиі айтылатын еңбек етуге бейімдік, еңбексүйгіштік туралы айтсақ, елімізде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру, ол «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму, индустрияландырудың екінші бесжылдығы бағдарламаларын, сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік саясаттың арқасында еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім және басқа да кәсіптік қызметтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қазақстандықтардың (бүгінгі заман ерлерінің) табыстарының дербес тарихын ескере отырып, Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеяларын ілгерілетуге, индустрияландырудың және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттауға бағытталады. Елімізде  ең төменгі әлеуметтік  үлгі-қалыптар мен кепілдіктерді енгізу жөнін­де іс-шаралар қабылданды. Еліміздегі әлеу­меттік жаңғырту бәрінен бұрын бар­лық қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға, кедейлердің санын азайтуға және әлеуметтік дүбәралыққа жол  бермеуге бағытталуы негізделді. 2020 жылға қарай экономиканың өсуі ғана емес, әлеуметтік құрылымның ауқымды өзгеруі орын алатындықтан да бұл өте  маңызды. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орындарын жекешелендіру, олардың санын оңтайландыру және кадр­ларды сапалы дайындауды қамтамасыз етпейтін білім беру мекемелерінің  лицензияларын қайтарып алу жөніндегі жұмысты жалғастыру жүзеге асырылмақ. Білім беру жүйесіне Қазақстан тұрғындарының  үштен бір бөлігіндейі тартылған. Мұндағы ең маңыздысы біздің балаларымыздың нақ осы білім беру жүйесінде өсетіні, қалып­тасатыны және есейетіні. Сондықтан да, бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа же­туінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылады. Бүгінгі күндері  жалпы білім беретін мектептердегі оқу үдерісінде білім берудің интерактивті түрлерін пайдалануды кеңейтуді және онлайн-оқытудың арнаулы оқу бағдарламаларын енгізу; Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарларын, оқулықтар мен оқу құралдарын талдаудан өткізіп, оқу орындарында Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен пішінін өзгерту жөнінде іс-шараларды жүзеге асыру;  орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Мәңгілік ел» сияқты жаңа оқу курсын енгізу қолға алынды. Жалпы білім мен мамандауға қатысты білім алумен қатар, біздің азаматтарымыз адамгершілік ілімін де үйрене түсуі тиіс. Толстойда: «Біздің мектептерімізде, жоғарғы оқу орындарында, қажеттісі бар, қажетсізі бар, ғылым-білімнің неше түрі оқытылады, бірақ, біз бақытты болуымыз үшін ең қажетті пән – адамгершілік пәні оқытылмайды» – деген мұңды ой бар. Бұл өте ойланарлық сөз. Адамгершілік пәнін қандай да бір қолайлы сәтті пайдаланып халыққа, оның ішінде, әсіресе, жастарымызға сіңіре түсуіміз керек. Ол үшін біздің зиялыларымыздың нақты әрекеті керек. Әрбір қазақстандық үшін басты құн­дылық – өзінің денсаулығы болуы тиіс. Тәуелсіздіктің барлық жылдарында халық денсаулығына бөлекше көңіл бөлінуде. Оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қар­жыландырудың тетіктерін енгізуді қам­тамасыз етуді; мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі арқылы үкіметтік емес ұйым­дармен, қоғамдық бірлестіктермен әріп­тестіктің жаңа түр­лері ұсынылуда. Әрбір қазақстандық сала­матты  өмір салтынсыз, қимыл-қоз­ға­лыссыз және спортсыз ұзақ өмір сүру мүмкін емес екенін білуге тиіс. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қор­ғау жүйелерін жаңғырту арқылы адами әлеуетті дамыту мәселесіне келсек, мектепке дейінгі білім беруде біз мектепке дейінгі жастағы балаларды жүз пайыз қамтуға тиіспіз. Жалпы, білім беру мектептеріндегі оқытудың деңгейін Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі білім беру деңгейіне жете­леуіміз керек, оларды оқыту нәтижесі оқушылардың саналы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуы тиіс.  Болашағымыз индустриялық-инновациялық бағытта екенін ескере отырып, біз дуалды техникалық және  кәсіби білім беру жүйесін құруға маңыз беруіміз керек. Ал, оны дамытуға осы саланың негізгі клиенттері – өңірлердің аса ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары мен қуатты кәсіпорындары өзіндік үлес қосуы тиіс. Денсаулық сақтау саласындағы бас­ты басымдық – алғашқы медици­налық-санитарлық көмекті дамыту, мем­лекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкердің денсаулық үшін ор­тақ жауапкершілігі – медициналық қыз­меттің барлық жүйесінің басты қағидаты екенін түсінуіміз қажет. Осы орайда, Астана қаласында тек 2015 жылы ғана 15 мың шетелдік азаматтар жүрекке, тағы да басқа ағзаларға ота жасалғанын мақтанышпен атап кетуге тиіспіз. Біз тұрғындардың спортпен шұғылдануына, профилактикалық тексерулердің жиі жү­зеге асуына барлық жағдайларды жасауға тиіспіз. Баршамыз білеміз, ауруды емдегеннен гөрі, алдын алу ұтымды. Әсіресе, мүмкіншілігі шектеулі адамдарға ерекше назар аударуға міндеттіміз. Бұл ретте екі маңызды міндет алға қойылды – кедергісіз инфрақұрылымды дамыту және жұмыспен қамту. Мәдениет саласында біздің басты мін­дет – қазақстандықтардың бәсекеге қабі­летті ментальдігін қалыптастыру, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу. Еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көз­қарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғырту; мемлекеттік ұлттық, кәсіптік және басқа да мере­келерді тойлау­ды мағыналық тұрғыдан жаңғыртатын;  бұ­қаралық іс-шаралар өткізудің бір үлгілік ережесін бекіту; Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерімен бірлесіп облыстар арасындағы ақпараттар және мәдени жетістіктер алмасуды күшейту, әлеуметтік бұқаралық іс-шаралар өткізу моделін әзірлеу істері қолға алынып жатыр. Әлем экономикасы қиын-қыстау кезеңді бастан кешіріп жатқанда, Қазақстан оған қарсы тұру үшін тиімді шараларды қолға алуда. Өткен ғасырда адам санасы мен қоғамдық өмірде орныққан тұтынушылық қоғам тұжырымдамасы әлі күнге дейін жалғасып, әлеуметтік саланың бірізді дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Дамыған елдердің өзі осындай ой-сана мен өмір салтының кесірінен қазіргі күні дағ­дарыс күндерін бастан өткізіп жатыр. Сондықтан, тұтынушылық сананың зияны туралы ел ішінде түсіндіру жұмыстары жасалуы тиіс. Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыр­тылуы – әр түрлі көлемдегі сөздерінде ұдайы айтылып келеді. Елдегі әлеуметтік-эко­номикалық жаңғырту үдерісі қай бағытпен жүретінін тұрғындарымыз ұдайы біліп отыруы тиіс. Ең алдымен жаңғырту үдерісіне залалын тигізетін факторларды білуі керек. Солардың ішінде біреудің есебінен күн көру, әлеуметтік инфантилизм жағдайлары қоғамда шынымен орын алып отырғанына қо­ғам мүшелерінің көңілі толмайды. Қа­зақстанды дамытуда еңбек әлеуметтік жаңғырту мен ғаламдық бәсекеге қабілеттіліктің шешуші ұлттық факторы ретінде бірінші орынға жылжытылуы тиіс. Нағыз еңбектің нәтижесі қоғамда айрықша рух тудырады. Рух нәтижелі еңбекке, толайым табысқа жетелейді. Бұндай рухты еңбекті барлық саласында – өндірісте, шаруашылықта, қызмет көрсету жүйесінде, спортта дендеп енгізуіміз керек. Ең бастысы отан­дастарымыздың санасына еңбектің қадірі мен кәсіпқойлық рухын сіңіруге тиіспіз. Адам өзінің күш-жігеріне, біліміне сеніп ерінбей еңбек еткенде ғана шынайы бақытқа, мол дәулетке жете алатынын ұғындыруымыз керек. Әр бейнеттің зейнеті бар... Бұл жерде бейнет дегенде, тер тамшылатып, қажыр жұмсап, адал атқаратын еңбекті айту ләзім. Қай қоғамның да жасампаздық қуатының күші, қайнары – еңбекте. Рас, тәуелсіздік қоғамымызға еңбек еркіндігін сыйлады. Басып өткен, тарихқа кеткен қоға­мымыздағыдай мәжбүрлеп жұмыс істету жоқ. Әркім нендей кәсіппен шұғыл­данам десе де, еркі, қалауы біледі. Бірақ, күнгей мен көлеңке қатар жүретіні секілді бұл бостандықтың да екінші жағы бар екен. Өздерін-өздері жұмыспен қамтып жүргендерді мемлекет қоғамға зәру маман­дықтарға ақысыз қайта оқытып жат­қанда, еңбек еркіндігін пайдаланып, жаңадан ашылып жатқан кәсіпорындарға керекті мамандық алып, іске кірісудің орнына, жанын қинамай, уақытша, өткінші, бір күндік тірлікті ұстанғысы келетіндер де жоқ емес. Шындыққа тура көзбен қарасақ, қаншама жас азаматтарымыз өздерінің ең сәулелі жылдарын базарларда біреулердің затын сатып беріп, күніне 3 мың теңге алғанын немесе сиырын сатып ескі автокөлік алып, сонымен таксилетіп, уақытша табыспен күндерін өткізіп жүр. Бұдан гөрі өзіне ұнайтын бір мамандықты мықтап иеленіп, күндер өткен сайын маманданып, кәсібилігі мен біліктілігін арттырғаны мақұл болар еді. Осы орайда Америкадағы президенттер әулетінің басшысы, Джон, Роберт Кеннедилердің әкесі Джозеф Кеннедидің ұлдарына: «Сен кім болсаң да мейлің, тіпті, көр қазушы болсаң да, өз ісіңнің ең шебер маманы болуың керек», – деп өсиеттегені әркімге-ақ үлгі болуы тиіс. Сонымен, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы – прагматикалық, іс жүзінде жүзеге асар мүмкіндік қуат­тары қай­нарлы идея. Нағыз жасампаз еңбекпен айналысып жүрген адам­дарымыздың беделін көтеру, оларды өзгелерге өнеге ету қажет. Еңбегі қоғамға сіңбесе, ортақ өркенге үлесін қоспаса, тек қана, қара басының ғана қам-қарекетімен жүрсе, ауылының, қаласының жағдайын түзеу­ге ықыласы болмаса, ондай адам­дарға деген сый-құрмет те өзге болуы шарт. Отанының, мемлекетінің мұрат­тарын ойламайтындарға жол берілмеуі тиіс. Тек қана адал, жасампаз еңбек Ота­нымыздың одан әрі гүлденуіне даңғыл жол салады. Азаматтардың әл-ауқатын еселеу мәсе­лесі – бүгінгі саясаттың негізгі индика­торы. Ол – экономикалық даму арқылы жүзеге асады. Әлеуметтік жаңғырту – біздің әрқай­сымыздың жақсы өміріміз үшін керек. Трансұлттық компаниялардың әлемдік нарықты мейлінше аз уақытта барынша үлкен көлемде жаулап алуға деген ұм­тылысының қарқындылығы, жаһандық ірі мәдениеттердің уақыт өте ұсақ мәдениеттерді жұтып қою қуатының арта түспесе, кемімеуі, экономикалық тәуелді елдердің өз тілін, ділін, мәдениетін, болмысын сақтап қалу қабілеттерінің әлсіреуі күшейіп отырған мына заманда Қазақстан үшін төрт жағы құбыла жарқын болашаққа тек қана экономиканы дамытумен жету мүмкін емес екенін түсінуіміз керек. Егер, қоғамның дамуында ХХ ғасыр ортасына дейін ең алдымен рухани күштер – жазушылар, философтар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары жетекші рөл атқарып келсе, ғылым мен техника, жаңа технологиялар жетілген мына заманда қоғамның экономикалық дамуы оның рухани дамуының алдына шығып, анағұрлым озып кетті. Қазіргі қоғамда жетекші рөлге қаржыгерлер, техника саласының мамандары шығып отыр. Оның өз артықшылықтары көп, кемшіліктері де бар. Бүгінгі күні жаппай комфорт қуған «дамыған» елдердің барлық саясатының «философиясы» тек қана қоғамның материалдық сұранысын қанағаттандыруға келіп тіреліп, соңында осы қоғамды құрап, тұтастырып тұратын адамгершілік, жанашырлық, мейірімділік, қайырымдылық, обал, сауап, қанағат, рақым, адалдық, кішіпейілділік, еңбек пен еңбекқорлық сияқты адамзаттық рухани құндылықтар өз мәнділіктерінен айырылып, құнсызданып, девальвацияға ұшырып отыр. Міне, осындай жалпы адамзат үшін аса қауіпті індеттің алдын алу, әсерін әлсірету үшін, қазақ қоғамын рухани саламаттылықта ұстау үшін, сонымен бірге оның экономикалық тұрақты дамуын да бәсеңдетпеу үшін еңбек сияқты рухани құндылықты басымдыққа алудың маңызы ерекше зор. Қазақстанның әлемдік экономикалардың бәсекеге қабілеттілігінің жыл сайынғы рейтингінде 50-ші орынды берік иеленуі қисынды және болжамды болып табылады. Бұл прогресс әлемдік жетекші экономистер атап өткендей, Қазақстан қызметінің бірден бірнеше салаларда жақсарғандығының заңды нәтижесі. Әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілік рейтингін белгілейтін Бүкіл­әлемдік экономикалық форумның пікірінше, макроэкономикалық тұрақтылық біздің еліміздің басты артықшылығы болып табылады. Тәуелсіз Қазақстанның табысты және ырғақты әлеуметтік-экономикалық дамуы осындай көзқарастың заңды нәтижесіне айналды. Әлеуметтік оптимизмнің жаңғыру үстіндегі қоғамның қуатына айналатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Біздің еліміз дамуының жоғары көрсеткіштері мемлекет пен қоғам қызметінің іс жүзінде барлық салаларын жетілдіру осы қорытындыны растай түсуде. Бүгінде Қазақстан әлеуметтік оптимизм елінің көрнекі үлгісі болып табылады. Елдің экономикадағы, білім берудегі, денсаулық сақтаудағы, әлеуметтік қам­сыздандыру саласындағы екі онжылдықта қол жеткізген жетістіктері көзге ұрып тұр. Бүгінде әлемдік экономика дамуының қазіргі заманғы үрдістерін, сол сияқты жеке алғандағы экономикалық қуатты және әлеуметтік жетілген мемлекеттерді ес­кере отырып, әлемнің бүкіл прогресшіл қоғамдастығы ХХІ ғасырдағы әлеуметтік мемлекетті қарқынды дамытуға ұмтылуда. Бұл ретте тыйымсыз әрі тойымсыз, әсіре тұтыну мен әлеуметтік масылдықтан бас тарту басты шарт болып отыр. АҚШ-тың Демократиялық партиясының ұлттық съе­зінде Барак Обама экономиканың нақты секторын күшейту мен қоғамдағы еңбекке деген құрметті қарым-қатынасты сақтауды АҚШ дамуының негізгі векторлары ретінде атағанын да айта кету қажет. Жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында мемлекет мүмкіндігі мен әлеуметтік күту­лер арасында тепе-теңдік қажет. Қазіргі заманғы әлеуметтік шындықта мемлекет «жайма-шуақ» әлемге апаратын абсолютті жолсерік болып табылмайды. Ол жағдайлар жасауға «көмектесуі» керек. Ал олар жүзеге аса ма, әлде жоқ па – ол енді адамның өзінің жауапкершілік саласына жатады. Қазақстан Республикасында дәл осындай іс-әрекеттер жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында [2]ең басты қағидат экономикалық прагматизм екеніне кезекті рет назар аудартты. Барлық бюджеттік инвестициялар қай­тарымды негізде жүзеге асуы және әлеуметтік-экономикалық даму­дың негізгі көрсеткіштеріне ықпал етуі тиіс. Біз әлемдік дағдарыстың созылуына байланысты еліміздегі бюджеттік саясатты осы қағидат негізінде қайта електен өткіздік. Қазақстанның әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу Тұжырымдамасын іске асыру бойынша Мемлекет басшысы ай­қындаған жеті басымдықтар негізінде назар аударылатын міндеттерді нақтылай отырып, солар бойынша кешенді жұмыстар жүргізуіміз қажет. Осыған орай, біз үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдар­ламасының екінші бесжылдығы ая­сындағы жұмыс­тарды одан әрі күшей­тіп, белсенді етуіміз керек. Бұл ретте басты назар төмендегідей бағыттарға аударылады: - кластерлік жүйені ұтымды пайдалану; - қосымша құны жоғары болатын экс­портқа негізделген өнімдерді шығару; - міндетті түрде инновациялық, со­ның ішінде «жасыл» технологияларды өндіріске енгізу; - мемлекеттік-жекеменшік әріптес­тіктің тетіктерін пайдалану. «Жасыл экономикаға» көшу Тұжырым­дамасы бойынша 2030 жылға қарай еліміздегі егіс алқаптарының 15 пайызы су үнемдеу технологияларына көшірілетін болады. Еліміздегі су көздері көлемі жеткіліксіз бола бастағанына қарамастан, біз осы ресурсты үнемді әрі ұқыпты пайдалануға бейім емеспіз. Ауыз суды үнемді пайдалану үшін нәтижелі әрекеттерді әлі де жақ­сарта түсу керек. Жақын онжылдықтарда әлемдегі су тапшылығы дами түсетіні туралы сарапшылардың пікіріне құлақ түріп, ауыз су пайдалану ісінде бүгінгі күнге дейін жасалып жүрген игі істерді жетілдіре түсуіміз қажет. Ағынды суды пайдалану бағытында өнімділігі аз, бірақ суды көп шығындайтын дақылдардың көлемін біртіндеп қысқартып, оларды көкөніс, майлы және жем-азық өнімдеріне ауыстыру қажеттілігі бар. Қазақстан ет және сүт өнімдері бойынша аса ірі экспорттаушы ел атануы мүм­­кін. Із жүзінде барлық облыстар мен ау­­дандар мал шаруашылығын дамыту үшін қо­лайлы табиғи-климаттық жағдайларға ие. Сондықтан да, мемлекеттік органдардың мін­деті – инфрақұрылымды дамыту, кредиттік ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету. Агрокешенді дамытуда түпкі мақсат жаңа өндеуші кәсіпорындардың желісін дамыту болуға тиіс. Ал, мұның өзі шағын және орта бизнесті дамыту негізінде жүзеге асуы керек. Елімізде таяудағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис құрылуы қажет, онсыз әлемдегі дамыған елдермен иық тірестіре алмаймыз. Ал, бұл бағыт дамыған ғылыми база негізінде іске асады. Біз әр аймақтағы инновациялық жүй­ені толыққанды қайта құрылымдауымыз қажет. Бұл жүйе өз кезегінде экономиканың басымдыққа ие салаларындағы кәсіпорын-дармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп, оларға инновациялық қолайлылық тудыруы тиіс.  Жергілікті ғылыми әлеуетті және технологиялар трансфертін дамыту үшін біз  сырттан, соның ішінде, шет елдерден сарапшыларды жұмылдырып және олармен бірлесе отырып, жобалаушы және ин­жинирингтік орталықтар құрсақ мол жетістікке жетеміз. Еліміздегі агломерациялар әртүрлі, ол Қазақстанның ғылыми қамтымды эконо­микасының ұстыны, сондай-ақ, елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агло­­мерациялар қалыптастыру мен дамыту – маңызды мәселе. Сонымен қатар, көлік инфра­құрылымы – индустриялық экономика мен қоғамымыздың тамырына қан жүгіртетін жүйе. Біздің экономикамызда шағын және орта бизнес секторының үлесі қаншалықты ауқымды болса, Қазақстанның да дамуы тұрақты бола түседі. Ел экономикасында шағын және орта бизнестің үлес салмағы жыл санап өсуде. Біз бұл көрсеткіштерді одан әрі еселеуге күш сала түсуіміз керек. Бұл ретте ең алдымен аса ірі, жүйеқұраушы, сон­дай-ақ, жаңа инновациялық кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес құры­­лымдарын дамыту арқылы өнімділікті еселейміз. Ұлттың жетілуі үшін ұлттың рухы мықты болуы керек. Рух деген не? Рух – адам бойындағы көзге көрінбейтін, адамды бағыттап тұратын қуат. Ол адам бойында кездесетін жақсы қасиеттердің ықпалымен жақсы істерге жетелеуші күш [4]. Жаратылыстағы қарама-қарсы нәрселер – күн-түн, ыстық-суық, ақ-қара, жақсы-жаманның алдыңғылары – рухтан, екіншілері – нәпсіден туындайды. Адамның бүкіл болмысы – осы екі нәрсенің тайталасы. Рух материалдық зат емес, оның көрініс табар жері – жүрек. Жүректің жылуы, одан тарайтын махаббат, ар-ұят, мейірім барлығын тарататын – жүрек. Ал, ақыл қайда? Ақыл да рухтың құрамдас бөлігі, ол да адамның жүрегінде. Рухы күшті адам ақылды, әділ, шыншыл, қанағатшыл, мейірімді болады. Олар шын мәніндегі қайраткер тұлғалар, тұлға болғанда олардың шен-дәрежесі, жасы секілді сырт көріністері есепке алынбайды, ол мейлі академик, мейлі жазушы, мейлі қарапайым, өз тірлігін ғана күйттеп жүргендей көрінетін ауыл адамы болсын, тек бойында рух қуатын көрсетіп тұратын белгілері болса болғаны. Олар бай-кедей, билікші-жұмысшы, белсенді-байқаусыз болып бөлінбейді. Рухы күшті адам – іздегені өз ұлтының неғұрлым көп адамымен тағдырлас, үндес болып келгеніне мүдделі адам. Ал, ұлттық рух дегеніміз не? Рух – жүректе десек, онда тұтас ұлтта бір жүрек емес, көп жүрек, олардың әрқайсысы әртүрлі соғады, қалауы әртүрлі, таным-түсінігі, таратар жылуы әртүрлі. Оларды қалай біріктіреміз, жеке адамдардың рухы қалай бүкіл бір ұлттың рухына айналады? Өзін-өзі тану – адамның қоршаған әлем туралы көзқарасын кеңейтеді; жаңа білім-танымға жетелейді; рухани дамуға жол көрсетіп, өмір сүрудің мағынасын ашады; жақсы және жаман істерді айыра білуді үйретеді; адамдармен жақсы байланыс құруға көмектеседі; адамдарды ел-жерге бөлмей, адамзат деп тануға, оларды ұлтқа, тілге, руға, дінге бөлу емес, біртұтас рухани әлемде өмір сүруге бейімдейді. Түркістандағы Қожа Ахмед Иасауидың кесенесінің қақпасында: «Егер, кім де кім өзін-өзі таныса, ол адам өзінің Құдайын да таниды» деп жазылған[4]. Будда ілімінде де: «Расында, адамның өзiн-өзi жеңуi, өзiне-өзi тиянақты түрде тыйым сала бiлуi, өзiн-өзi көндiре бiлуi басқа бiреудi жеңуінен әлдеқайда артық», – деген ой бар. Өмірдің мақсаты – өзіңді өзің танып-білуде. Сен өзіңді танып-білсең, басқаларды тану қиын емес. Өз табиғатын танып-білмейтіндер, өзгенің табиғатын танып-біле алмайды. Белгілі экономист Абрахам Маслоудың қажеттілік иерархиясына салып қарасақ, адам баласының дамуының мынадай алты сатысы келіп шығады: бірінші, физиологиялық қажеттілік – ұйқы, тамақ, ұрпақ жалғастыру; екінші, қауіпсіздік және қорғау қажеттілігі – киім, тұрғын үй, таза орта, қауіпсіздік; үшінші, әлеуметтік қажеттіліктер – махаббат, қарым-қатынас, белгілі бір әлеуметтік топта болу; төртінші, өзіне сенімділік қажеттілігі – бағалану, білім, қоғамдағы орын; бесінші, өзін-өзі тану қажеттілігі – өзінің тұлғалық потенциалын таныту, талант, қабілет және алтыншы, қоғамға пайда әкелу қажеттілігі. Біздің айтып жатқандарымыз – базис (негізгі құрылым), яғни, діңгек, іргетас, одан кейінгі, үстіңгі құрылым (ішкі құрылым), надстройка – тіл мен дін дейміз. Сананы зерттеу – тілсіз мүмкін емес. Себебі, сананың әрекеті – таным болса, танымның бірліктері тілдік бірліктерде көрініс табады, ғылыми тілмен айтқанда репрезентацияланады. Сананың ең кішкене бірлігі – концепт болса, сол концепт тілде мақал-мәтелдерде, тұрақты сөздерде, қанатты сөздерде, прецедентті мәтіндерде, жалпыдан жалқыға айналған есімдерде, кісі есімдері, жер-су атауларында, т.б. бірліктерде сөз, сөзқолданыс түрінде өмір сүреді. Осы тұста «бұның қажеттілігі қанша?» деген ой туатыны сөзсіз. Мұндай білімдер ең алдымен саясаткерлер, мемлекеттік қызметкерлер, қоғам қайраткерлері үшін өте-мөте қажет, себебі олардың бәрі қоғаммен жұмыс істейді. Ал, қоғам адамдар емес, олардың ортақ санасы – қоғамдық санадан тұрады. Сондықтан, сананы білу – қоғамды білу, сананы өзгерту – қоғамды өзгертуге тең. Тіл жөнінде қоғамда мақұлдаушылық пікірден наразылық пікір басым. Тәуелсіздік жылдарғы тілімізді дамыту үрдісіне қанағаттанбаушылық көп. Оған себеп те бар шығар, дегенмен, біз «барлығы да тез болса екен», дегенге үйреніп алғанбыз. Жетпіс жылда бойымызға әбден сіңісті болған қасиеттен арылу үшін тәуелсіздік жылдары аздық етіп тұрғаны рас. Бірақ, жаман емеспіз. Тілге қатысты көп нәрсе өзгерді: қазақ тілді БАҚ (оның ішінде электрондық) сан және сапа жағынан көп есе артты, мемлекеттік басқару аппараты қазақ тіліне бет бұрды, өз бағасын білетін Қ.Тоқаев, Қ. Бозымбаев сынды бірінші басшылар қазақ тілін тез-ақ үйреніп алды. Бұндай мысалдар көп. Бір айтушылар «Президент қазақша сөйлесе, барлығы қазақша сөйлеп кетер еді», – дегенді бірден олай ете салу қиындығын сезе тұрып, айта түседі. Сонысымен ұпай жинағысы келеді. Тым болмағанда, «кезінде мен айтып едім...» деуге керек болатынына есеп жасайды. Бізге тіл мәселесінде ең керегі – сабыр. Тағы бір он-он бес жылда көп нәрсе өзгереді. Бұл жалаң сөз емес, үрдіс солай – қалаларымыз тез қазақтануда, ал, ол – қазақ тілінің теңдік алуының бас­ты алғышарты. Ағылшын тілі қазақ тілінің есебінен енгізілмейтін Елбасы тарапынан баса айтылды. Дін мәселесіне келсек, Ыбырай Алтынсариннің мына бір айтқанын әрбір дінге мойын бұрған қазақ азаматы есінде сақтаса екен деймін: «Әрбір жақсы амалдардың асыл түбі иманнан, яғни, иланудан келеді. Иманнан бұрын намаз, ораза мәнісін үйретіп мұсылман етемін деуші кісі күнәhар болар». Дінді шындап түсіну және берілу намаз оқумен, қажылық жөнін өтеумен ғана емес, шын берілгендіктен, Алланы сүюден, яғни, Иманмен жасалуы тиіс. Сүлеймен Бақырғани: «Маған күнәм жазылған дәптердi беріп, «дауыстап оқы» деп бұйырса, мен күнәмдi қайда қоямын?!» – деген. Адам өзінің күнәсі қайдан көрінеді, білмеуі мүмкін емес. Тек сол ішкі ойын өзімшілдікпен елемей, басып тастап отырады. Білімділік туралы тағы қайтара айтсақ, бізге ең керегі – білім. Адамның алдында көзге көрінбейтін қабырға болады. Оны әрі қарай жылжытып, өрісті кеңейтіп отыру керек. Ол – білім мен білік арқылы келеді. Графтың кір жуушы қызынан: «Егер, сен графқа тұрмысқа шықсаң, не істер едің?» – деп сұраса: «Онда тек өзімнің ғана кірімді жуар едім» депті. Сиыр мініп мал бағып жүрген балаға: «Байып кетсең не істер едің?» деген сұрақ қойылғанда: «Онда малымды атқа мініп бағар едім» деген екен. Бұл екеуі де – ой шектеулілігінің мысалы. Ойды кеңітетін – білім. Мұхамед пайғамбардың өзі білім алуды намаз бен оразадан жоғары қойған: «Бір сағат ілім үйрену бір кеш бойы құлшылық етуден жақсы, бір күн бойы дәріс алу – үш ай ораза тұтқаннан жақсы». Олжабай батыр: «Ұрпағым білге болса екен деп едім» – дейді. «Білге» деген сөз бүгінгі тілмен айтсақ «оқымысты» дегенге келеді. Сонда аңғалдау, ұрдажықтау келетін батырдың болашақтан үміті – ертеңгі ұрпағының бай емес, батыр емес, шенді-шекпенді емес, оқыған азамат болғанын қалағаны қандай биіктік, қандай ұлылық. Ежелгі грек даналарынан бүгінге жеткен мынадай сөздер бар: «Бір ғана игілік бар, ол – білім, бір ғана жамандық бар, ол – надандық (Сократ). Білімді мен білімсіздің арасы өлі мен тірінің арасы секілді (Аристотель)». Білу үшін – оқу, ақша үшін – кәсіп, күшті болу үшін – бірлік керек, – дейді Ахмет Байтұрсынов. Егер, біздің ұлтымыз бәсекеге қабілетсіз болып қалса, екі ұлы мемлекет пен амбициясы биік, мемлекетқұраушы ұлты­ның саны бізден үш есе көп тағы бір көрші мемлекеттің ортасында тұрып, нарық экономикасына көшу мерзіміміз әлемде негізінен барлық байлық пен халықаралық сауда әбден жолға қойылып, жаңа мемлекеттерге өркениеттен өз орнын табу аса қиындаған сәттерде барып осы жүйеге бет бұрған біздің еліміздің тағдыры – біздің ұлтымыздың ұлт ретінде, мемлекетіміздің мемлекет ретінде сақталып қалу үшін – әлемдік бәсекелестікте лайықты орнымызды табуда болып тұр. Ол үшін біздің экономикамыз ғана емес, билік те, халқымыз да бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Егер, біз бәсекеге қабілетті бола алмасақ, онда мемлекеттілігіміздің ірге­сінің беріктігіне, халқымыздың тіліне, дініне, діліне нұқсан келуі оп-оңай. Бүгінде мемлекеттілігіміздің эко­но­микалық негізі орнықты, ендігі мәселе халқымыздың өзінде. Астананы салудың, Алматыдан ауы­суымыздың бес-алты себептері болды. Бүгінде елордамызды көшіруден туындаған жаңа бір игілік көрінеді: Қазақстанның төрт бұрышынан келген адамдар бір кеңседе отырып, қоғамдық орындарда бірге болып, бір-бірінің оң мінездерінен үйреніп, тұрғындарында жаңа менталитет қалыптасып жатыр. Осы орайда, бес институттық реформаның тағы бір қадамы БАҚ-тағы, интернеттегі, бұқаралық ақпа­раттың жаңа буындарындағы, сондай-ақ, әлеуметтік желілердегі қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыруды ақ­па­раттық қамтамасыз ету және ілге­рілетудің маңыздылығын ұғынсақ, онда біз алдыңғы күндердің үлесінде тұрған ұлттық электрондық ақпараттарды молайту және қолжетімді ете түсу, электрондық кітапхана қорын ұлғайтуды қамтамасыз ету, отандық БАҚ-тарды жаңғыртуды жеделдету істерін қолға алуымыз және игілікті жүргізуіміз керек. Азаматтық бірегейлікті нығайту үшін ұлттық портал қалыптастырып, елдің тарихы мен мәдениеті, қызықты оқиғалары және қарапайым қазақ­стан­дықтардың өмірі туралы бейне және аудиоөнімдерді орналастыру, сондай-ақ шығармашыл азаматтарымыздың туындыларын элек­трондық нұсқада то­лыққанды көруге мүмкіндік туғызу қажет. Адам баласын адастырмай алға же­телейтін үш күш бар: Ар, Ұят, Намыс. Ар – кісіні адамгершіліктен шығар­май ұстап тұрушы күзетші; Ұят – адам арға бағынбай, адамгер­шілік шекарасынан шығып кетіп жат­қанда оянатын ішкі сезім; Намыс – ар мен ұят екеуінен аттап бара жатқан адамды тоқтататын ішкі күш. Осы үшеуі адамның мәдениетін, рухани адамгершілік бет-бейнесін көрсетеді. Бұларды берік ұстану нәтижесінде қазіргі қазақ жеңістерге, жетістіктерге жете түсетініне бек сенімдіміз. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан хал­қына Жолдауын «Қазақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» [5] деп атады. Онда еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қам­тамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігі айтылды. Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырған еліміздің алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Оларды іс жүзіне асыра алатынымызға сенім мол. «Егемен Қазақстан» газетінің 2017 жылғы 17 сәуірдегі номерінде Президен­тіміздің «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» атты мақаласы шықты. Онда экономикалық жаңғыру жолындағы мақсат­қа «біз санамыз ісімізден озып жүруіне, яғни одан бұрын жаңғырып отыруына» жете аламыз деді [6]. Мақалада сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылуымыз қажет екенін баса айтты. Рухани әлеміміздегі прагматизм – халқымыздың ұлттық және жеке байлығын сақтай білу арқылы болашағын жоспарлай алуы, ысырапшылдыққа, артықшылыққа, мақтан мен меймананың тасуына жол бермеу қажеттігін айтты. Бұл қасиеттер орныққан жағдайда елде экономикалық өрлеуге жол ашылып, тұрақтылыққа жетеріміз кәміл.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә. Ұлт Жоспары – «100 нақты қадам. Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің бағдарламасы. 20 мамыр 2015 ж. 2. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа курсы. Қазақстан халқына Жолдау. 12 желтоқсан 2012 ж. 3. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы. Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің Жарлығы. 1 наурыз, 1995 ж. 4. Кемел М. Қазақстандықтардың бірегейлігін нығайту және азаматтық қоғамның бүтіндігі. «Мемлекет тарихы» журналы. № 3-4, 2015 ж. 5. Назарбаев Н., Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік.Қазақстан халқына Жолдау. 31 қаңтар 2017 ж. 6. Назарбаев Н., Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру. Егемен Қазақстан, 17 сәуір 2017 ж.

1018 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз