• Ұлттану
  • 02 Маусым, 2017

ТӘУЕЛСІЗДІК АЯСЫНДАҒЫ ТОЛАҒАЙ ТАБЫСТАР

Гүлбаһрам Жебесін, журналист

Қазақстан тәуелсіздік алғалы еліміз жан-жақты түледі. Тың бастамалар, жаңа тұлғалар пайда болды. Бар салада, әр қалада... Алматыдағы осындай мәшһүр тұлғалардың бірі – республикамызда заң саласындағы тұңғыш жеке меншік жоғары оқу орнын ашқан заң ғылымдарының докторы, профессор, Д.А. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өмірәлі Шакарапұлы Жалаиримен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз. – Бұдан ширек ғасыр бұрын, еліміз енді егемендік алған кезде өте күрделі, аса беделді мамандық иелері – заңгерлерді даярлайтын жеке меншік оқу орнын ашу үшін үлкен батылдық керек еді. Бұрынғы мемлекет құлап, оның құрамынан шығып, жеке-дара, жаңа сипаттағы қоғамдық құрылысқа көшкен кезде болатын заңды қиыншылықтарға шыдамай көптеген зиялы қауым өкілдері өз мамандықтарынан бас тартып, базар жағалап кеткені белгілі. Тіпті, біраз уақытқа дейін «жоғары білімнің керегі не, ендігі жерде сауда-саттықпен күн көрген әлдеқайда артық» деген ұшқары пікірлер де қалыптасқаны есімізде. Ғылымға шын берілген, өз ісіне адал адамдар табандылық танытты. Солардың қатарында Дархамбаева Кәшипа Рахымбекқызы екеуіңіз де барсыздар. Төрт баламен қатар ағайын-туысқа да қарайласа жүріп осындай үлкен, ізгі істі қа­лай қолға ал­ды­ңыздар? – Зайыбым Кәшипа екеуіміз де заң­герміз ғой. Әрі оның бух­галтерлік салада да мол білім-тәжірибесі бар. Алла Тағаланың қол­дауымен жеке меншік оқу орнын аштық. Бар дүниені тек мемлекеттік меншік есебінде қысып ұстаған кеңестік тоталитарлық қоғамда мұндай іс өңіміз тұрмақ түсімізге де кірмес еді. Біріншіден, Елбасымыз көреген, озық ойлы жан болды. Ол ескі, дүмше жүйеде қалғысы келмей, елімізді әлемдік өркениет деңгейінде алға жетелеуге ұмтылды. Біз ол кісіге қалтқысыз сендік. Екіншіден, ұлт көсемінің талап-ұсынысымен қабылданған егеменді еліміздің жаңа Ата Заңына сүйендік. Сөйтіп,«жеке меншік оқу орындарында ақылы білім алу заңмен белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылатыны» айтылған 30-бапқа сай еліміз үшін өте қажет білікті заңгерлер даярлайтын жоғары оқу орнын аштық. – Ата заң демекші, 1993, 1995 жылдары қабыл­данған, 2007, 2017 жылдары өзгерістер, толықтырулар енгізілген Конс­титуцияны жетілдіруге Сіз де сүбелі үлес қосыпсыз. Сол өзгерістер мен то­лық­тырулардың мән-маңызы жөнінде қысқаша айта кетсеңіз... – 20 жылдан астам халқымызға қызмет еткен Ата Заңымызды дүркін-дүркін жетілдірудегі басты мақсат – алдыңғы қатарлы, іргелі, озық қоғам құру, әлемдегі ең күшті дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Әр жолы елімізде мемлекетіміз бен азаматтарымыздың құқығы мен бостандығын нығайтудың ең жақсы халықаралық үлгілері пайдаланылды. Құдайға шүкір, халықаралық қалыпқа сай өз құқықтық жүйеміз, тәуелсіз мемлекетке тән барлық атрибуттарымыз, дамыған экономикамыз, мемлекеттік билік жеке тармақтарға бөлінген саяси жүйеміз, осының бәрінің негізі салынған қасиетті Конституциямыз кеше ғана егеменді ел болған біздің ежелден іргетасы қаланған беделді мемлекеттермен иық теңестіріп, дербес бағыт-бағдар қалыптастыруымызды қамтамасыз етті. КСРО құрамындағы Қазақ ССР-інің 1978 жылғы Конституциясы тәуелсіз Қазақстанға қызмет етуге жарамайтыны заңды еді. Біріншіден, ол саяси құрылымы, бағыт-бағдары мүлдем бөлек коммунистік биліктің күллі талап-тілегін қанағаттандыратын саяси құжат. Қарама-қайшылығы да көзге ұрып тұратын. Мысалы, биліктің халықтық сипатта екенін дәлелдеу үшін барлық мәселелерді Кеңес шешеді деп айтылса да, сол Конституцияның 6-бабы бойынша билік тек Коммунистік партияның қолында болды. Ал, КСРО құлап, коммунистік партиядан билік кеткен соң, Жоғары Кеңес әлгі конституцияда көрсетілген кеңестер билігін, яғни дәуірі өткен ескі жүйені сақтап қалуға тырысты, бар билікті өз қолында қысып ұстауға тырысты. Осыған орай, жай заң емес, мәртебесі жоғары екенін көрсету мақсатында тұңғыш рет «конституциялық заң» деген термин пайда болып, 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңында билік бөлу қағидатындағы дәстүрлі үштік «заң шығарушы, атқарушы, сот билігі» атап көрсетілді. Алайда, ондағы «Республика халқының атынан сөйлеу хұқы Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі мен Пре­зидентіне беріледі»; «Заң шығару билігін Қа­зақстан Республикасының Жоғары Кеңесі жүзеге асырады» деген 9-10-баптар кешегі кеңестік жүйеден қалған Конституцияға тән мәнердің сақталғанын көрсетті әрі ол басқару жүйесіндегі екіұштылықты ту­дырды. Бұл тек Қазақстанға емес, сол кездегі посткеңестік республикалардың бәріне тән құбылыс болды. Соның салдарынан өзіндік ұлттық ою-өрнегі бар жаңа сипаттағы мемлекет құруды көздеген ТМД елдерінде конституциялық құрылыс төңірегінде ұзақ-сонар дау туындап, соңы қарулы қақтығыстарға да ұласты. Мысалы, Тәжікстандағы 1992 жылы басталып, бес жылдан астам уақытқа созылып, жүз мыңға жуық адамның өмірін қиған соғыс, қантөгіс жағынан Тәжікстандағыдан қалыспайтын Грузия мен Әзірбайжандағы қақтығыстар, Ресейдегі 1993 жылғы оқиғалар... бәрі өз құзыретін сақтап қалуға жанталасқан Жоғары Кеңестердің өктем өзімшілдігінен туындаған қайғылы оқиғалар. Құдайға шүкір, біз мұндай саяси апаттан аман қалдық. Өйткені, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ерекше көрегенділік, қырағылық, саяси сұңғылалық, данагөйлік танытты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде кешегі Кеңес билігінің өкілетті органы болған Жоғары Кеңес жаңа қалыптасқан президенттік институт­пен қатар қызмет атқарды. Осы бір қа­рама-қайшы екі жүйенің жарыса жұмыс істеуі саяси ахуалдың шиеленісуіне әкеліп соқтырды. Мұны ескі мен жаңаның күресі десе де болады. Басымдық танытқан Жоғары Кеңес бұған дейін қоғамымызға беймәлім, сол себепті жұмбақтау көрінетін, енді-енді қалыптаса бастаған президенттік биліктің әлсіздігін пайдаланып, жаңаша дамуға жол бергісі келмеді. 1992 жылдың басында Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз Қазақстан Республикасының талап-тілегіне, мұң-мүддесіне сай келуге тиіс жаңа Конституцияның жобасы жасалып, ол 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Алайда, Тәуелсіздік туралы конституциялық Заңның негізінде жасалған оның кемшін тұстары аз емес болатын. Жоғары Кеңестің консервативтік бағыттағы топ мүшелері екі палаталы Парламент құруға қарсы шықты. Сөйтіп, бұл Ата Заңда тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттің құқықтық және әлеуметтік бағдары белгіленсе де, басқару түрі нақты көрсетілмеді. Тағы да, қос үкімет тәрізді президенттік және парламенттік республиканың белгілері бар парламенттік республика моделі алынды. Президент атқарушы биліктің басында тұрды. Жоғары Кеңес заң шығарушы құқықты тек өз қолына алғандықтан Президент ойындағысын жүзеге асыра алмайтын. Мысалы, тоталитарлық жүйеге тән тоқыраудан арылу қажеттігін айтып, елді әлемдік өркениет үдерісіне сай алға бастыру мақсатында Президент ұсынған нарықтық экономикаға байланысты заңдар қабыл алынбай, ұзақ-сонар дау-дамайлар туындады. Сондықтан, ескі көзқарастағы етектен тартқан керітартпалардың ықпалынан, үстемдігінен құтылып, заманауи дамитын күшті мемлекет құру үшін барлық билік тек президентте болуы керек еді. Осындай бағытта жаңа, жетілген Конституция керектігін түсінген Ұлт көсемі Н.Ә.Назарбаев бастаған саяси элита 1995 жылы жаңа Ата Заң қабылдануын қолға алды. Президенттік басқару жүйесі белгіленген бұл конституция қағидаттарына сай Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы ретінде билік тармақтарынан жоғары тұрады. Яғни, ол заң шығарушы, атқарушы, сот – үш билікті өз бақылауында ұстап, олардың арасындағы тепе-тежемеліктің сақталуын қадағалайды. Парламентті таратып жібере алады. Ендігі жерде мемлекет басшысы Конституциялық заң күші бар, заң күші бар және өзге де нормативтік құқықтық Жарлықтарды дер кезінде бере алатын болды. Сондай-ақ, Орта Азияда тұңғыш рет екі палаталы кәсіби парламент дүниеге келді.Уақыт өте ел игілігіне қызмет еткен бұл ең басты саяси құжатты да жаңа заман талабына сай жаңғырту керек болды. Сөйтіп, 2007 жылы мамыр айында 1995 жылы қабылданған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты жауапты міндет жүктелген жұмысшы топ құрамына тартылған мем­ле­кеттік құқық қорғау орган­дарының басшылары, заңгер-ғалымдар қатарында мен де өз білім-тәжірибеммен бөлістім. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев басшылығымен Ата Заңы­мыздың әр бабына айрықша көңіл бөліп, зер сала талдап, сараптау нәтижесінде президент біраз құзыретті парламентке беріп, ендігі жерде әлеуметтік сала (білім, денсаулық сақтау, т.б.) министрлерін тағайындарда олар міндетті түрде парламенттің мәжіліс комитеттері сынағынан өтуге тиіс болды. Тағы бір жаңалық – қоғамдық ұйымдарды мемлекет тарапынан қаржыландыруға жол ашылды, басқа да халқымыз үшін пайдалы жақтары аз емес. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бас­тамасымен биыл да Конституциямызға өзгерістер, толықтырулар енгізуге байланыс­ты құрылған жұмысшы тобы бір ай белжазбай еңбек еттік, президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөліміне түскен бар­лық ұсыныстарды сараптап, реттеп, мән-маз­мұнын Елбасымызға жеткіздік. Жұмысшы тобының басшысы, белгілі қайраткер Әділ­бек Жақсыбековтің жетекшілігімен біраз отырыстар, Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен екі отырыс болды. Президентіміз жұмысшы тобы мүшелерінің әрқайсына өз пікірін айтқызып, бәрімізді мұқият тыңдады, кейбір мәселелерді талқыға салып, асқан білгірлігін танытты. Ол кісінің заңгер болмаса да осы саладағы өткендегі, бүгіндегі барлық маңызды мәселелерге жетіктігін, Ата Заңымыздың жаңа нұсқасын қабылдарда бүкіл өркениетті елдердің Конституцияларын оқып, сараптап, мәселеге кеңінен қанық екенін ұсыныс-пікірлері арқылы аңғарамыз. Бізге ұнағаны – Елбасымыз әр ұсынысқа баса назар аударып, қоғамға пайдалы тұстарын қабылдап, халықтық пі­кір-пайыммен қатты санасатынын көрсетті. Мысалы, 26-бап әжептәуір дау-дамайлар туғызып, оны отандастарымыздың 70 пайызы қолдаса да, 30 пайызы қолдамапты, бұл бапты өзгеріссіз қалдырып, азшылықпен де санасатын әділеттілігін көрсетті. Әрине, басқа да өзекті мәселелер оң шешімін тапты. – Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық Заң академиясының аясында Конс­титуциямызға соңғы өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты өткен түрлі саяси-ғылыми жиын­дарда ҚР пар­ламенті сенат спикері Қ.Тоқаевтың «күшті президент, беделді парламент, жауап­кершілігі зор үкімет» деген қанатты сөзі ұранға айналып кеткендей, ірі ғалымдар мен саяси қайраткерлердің аузынан түспеді десе де болады. Әри­не, Елбасымыздың шәкірті іспетті Қасым­жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі көрнекті қайраткерлердің бірі екені белгілі. Тек Қазақстан, ТМД аумағынан ғана емес, күллі ғаламдағы сайысқа түскен қайрат кер­лердің арасынан жарып шығып, БҰҰ-дағы мәртебелі қызметті атқаруы бүткіл түркі жұрты үшін мақтан тұтарлық жағдай. Сондықтан, ол кісіні отандастарымыз, соның ішінде зиялы қауым қатты құрметтейтіні, ой-пікірлерімен санасатыны белгілі. Ендеше, жоғарыдағы қанатты сөзді қалай түсінуге болады? – Айналып келгенде, бұл осы соңғы Конс­титуциямызға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» білдіретін бір-ақ ауыз сөзбен сипаттау. Иә, бұрын парламент өкі­леттігіне байланысты «функция-қызмет» деген сөз бар еді, енді, оны «билік» деп өзгертті. Бұған дейін Президент қадағалайтын, үкі­метке бағынбайтын мемлекеттік органдар үкі­мет құзырына берілді. Сөйтіп, билік бөлісі демократиялық жолмен алға жылжудың жаңа үлгісін көрсетті. Президенттік билік сақталды, дегенмен, оның біраз құзыреті пар­ламент пен үкіметке беріліп, олардың беделі, жауапкершілігі күшейе түсуіне жол ашылды. Сондықтан, үстіміздегі жылғы «Қазақстан Республикасының Конституция­сына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдағы барлық ережелер еліміздегі Ата Заңның мән-мағынасына, рухына, идеясына, нормалары мен қағидаттарына толық үйлеседі. – Президенттік билік түрін қолдап, көптеген мақалалар жаздыңыз, осы та­қырыпта докторлық диссертация да қор­ғадыңыз. Президенттік басқару жүйесі жеке өміріңізге әсер етті ме? – Тек маған ғана емес, көптеген отан­дастарымызға ол кісінің президенттік жар­лықтарының шарапаты тиді деп ойлаймын. Өз басыма келсем, жоғары оқу орнын аш­қанымен, шәкірттерімізге сабақ беретін жер болмай, анда көшіп, мында көшіп, әбден қиналдық. Тоқсаныншы жылдардың басындағы, ортасындағы ауыртпалықтарды еске алыңыз. Шаруашылық есепке көш­кендіктен барлық мекемеде әр тиын санаулы. Егер жан-жарым Кәшипаның ақыл­дылығы, парасаттылығы, бухгалтерия мен заңгерлікті жете меңгерген білімі, ең­бекқорлығы, қажымас қайрат-жігері бол­маса, бүгінгідей дәрежеге жете алар ма едік... Ол адал жар, білікті серіктес ретінде маған үлкен қолдау көрсетті. Біз жаңадан шыққан заңдарды қадағалай оқып, қажетімізге жарата білдік. Белгілі мекен-жайымыз болмай қиналғандықтан сол кездегі Алматы қаласының әкімі Шалбай Құлмахановқа бар жағдайымызды айтып, ол кісі бізге екі қабатты қос ғимараты бар балабақша бөлді. Көп ұзамай Елбасының үкіметке ақшасын төлеп бір мекемені бір жыл жалдағандарға сол орынды сатып алуға рұқсат берген Жарлығы шығып, нәтижесінде әлгі балабақшаны жекешелендіріп алдық. Бүгінде олар он екі қабатты екі зәулім ғи­маратқа айналды, бірі – оқу корпусы, екін­шісі – студенттерге арналған жатақхана. Ал, 1998 жылы қабылданған «Шаруа немесе фермер қожалығы туралы Заң» негізінде өзім туып-өскен Алматы облысының «Ақсу» сов­хозында «Дархан» шаруашылығын құрып, мал және егін өнімдерін дайындауды қолға алдым, ауылдастарыма да көмегім тиді. Басқа да қол жеткізген табыстарымыз аз емес. – Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баев­­тың «Егемен Қазақстан» газетінде жа­рия­ланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тек отандық емес, әлемдік қайраткерлердің, сарапшылардың назарына ілініп, қолдау табуда. Тарихи ірі саяси құжат жүгін көтеретін бұл мақала жөнінде не айтасыз? – Әрине, қолдаймыз. Дер кезінде көте­рілген орынды мәселе деп білеміз.Қазір­гідей жаһандану бел алған заманда рухани жаңғыру өте маңызды, аса қажетті үдеріс екені даусыз. Н.Ә.Назарбаев әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болатынын, сол ұлттық кодымызды сақтай білмесек, оның арты жақсылықпен бітпейтінін ескертіп, осы бағытта бірнеше басты құндылықтарды белгілеп берді: бәсекелік қабылеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы, сананың ашықтығы. Сондай-ақ, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру де айтылды, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігіне, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісіп, алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстарды жүргізу қажеттігіне тоқталды. Өте дұрыс. Өйткені, Н.Ә.Назарбаев «Дініміз ислам, Кітабымыз Құран, Пайғамбарымыз – Мұхаммед, салләЛлаһу аләйһи уә сәл­ләм, тегіміз – түрік» деп атап айт­қа­нындай, біздің халқымыз түркі дүниесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Біздің әліп­биіміздің басқалардан өзіндік ерекшелігі, қырық екі әріптің әрқайсысының өзіндік орны, маңызды қызметі бар, сондықтан, ғалымдар олардың жаңа тұрпаттағы «латындық» сипатын жасауы тиіс деп ойлаймын. Бір әріп өзгерсе сөздің, кейде тіпті тұтас бір сөйлемнің мағынасы өзгеріп кетуі мүмкін екені белгілі жайт. Ал, қоғамдық және гуманитарлық ғы­лымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру, жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру, әлемдегі ең үздік 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуына жол ашу жеткіншектеріміздің дүниетанымын ке­ңейтетін, ой-өрісін дамытатын, интел­лектуалдық деңгейін жоғарылататын ізгі шара болмақ. Әрине, біздің академиямыз да бұл ұлы іске өз үлесін қосады. Осы бағытта жүзеге асырылуға тиіс шараларды жедел қолға аламыз. Бұған дейін де колледж-бакалавриат-магистратура-докторантура үздіксіз білім жүйесі негізінде құқықтану, халықаралық құ­қық, құқыққорғау қызметі, қаржы, кеден ісі салаларында мамандар даярладық. Қаншама ғылым кандидаттары мен доктор­ларының тұсауы кесілді. Енді, Ұлт көсемінің жаңа талаптарына сай тың пәндер қосылуы мүмкін. Бізде көрнекті ғалымдар мен профессорлар дәріс береді,материалдық-техникалық базамыздың жоғары деңгейде екенін ең қатал комиссиялар ашық айтып, ризашылығын білдіреді. Сот медициналық залы, арнайы зертханалар, сот мәжіліс залы, арнайы заң клиникасы (заңдық тұрғыда кеңес беру), лингофондық сыныптар, тегін интернет желісімен әрі интерактивті сыныптармен және компьютерлік сыныптармен жабдықталған оқу криминалистік кешені, бай кітапхана, электронды кітапхана студенттердің заманауи үлгіде білім мен тәжірибені ұштастыра зерттеулер жасап, сапалы ілім алуына жол ашады. Дуалды оқыту жүйесінің нәтижесінде мамандықтарына сай осы істің кәсіби шеберлерімен қоян-қолтық араласып, қастарында жүріп іс-әрекеттерін көзбен көріп, кәсіби іс-дағдыларын үй­ренулері бәсекеге қабылетті білікті маман ретінде қалыптасуларына ықпал етеді. Жатақхана, асхана, спорт кешені де шәкірт­теріміздің көңілінен шығуда. Көптеген халықаралық жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық жүйесі бойынша жасалған ұзақ мерзімдік келісім-шарттар негізінде қос диплом алу мүмкіндігі бар. Өз еліміздегі, алыс-жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарынан студенттер мен магистранттар ауыса алады. Шын мәнінде, академия түлектері бү­гінде президенттік аппараттан бастап түрлі деңгейдегі жоғары мансап иелері және жауапты қызметте, олардың арасында Қа­зақстан Республикасындағы құқық қорғау органдары мен қаржы мекемелерін басқарып отырған лауазымды тұлғалар да бар. Ең бастысы олар өз халқына білікті түрде қызмет етуде. Ендеше біздің басты мақсатымыз жүзеге асты деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет. Алда да сіздерге толағай табыстар тілейміз.

401 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз