• Ұлттану
  • 21 Тамыз, 2017

«Бесеудің соты»: отыз жыл өткен соң

Болат ШАРАХЫМБАЙ, журналист

Бастау сөз:Кімде кім өткенін ұмытса, сөз жоқ, ол қайталанады. Ұмытқанды тағы бір еске салмақ үшін... Кімде кім өткеннен сабақ алмаса, дәл сондай талайлы тағдырды тағы бір бастан өткізу нәсіп етіледі. Кейінгіге сабақ болмақ үшін... Бұл – қоғамның даму диалектикасының заңдылығы. Өткен ғасырдың 20-30 және 50-60 жылдары аралығында КСРО-ның түкпір-түкпірінде белең алған «қоғамдық сілкіністер» араға уақыт жіберіп 1986 жылы желтоқсанда Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматыда қайталануы – осы айтқанымыздың бірден-бір дәлелі. Әлемді дүр сілкіндірген әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін жұртшылық әлі ұмытқан жоқ. Оның зіл-батпан қайғы-қасіреті жүректерде әлі жаңғырып жатыр. Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндері Орталықтың озбыр саясатына наразылықтарын білдіру үшін шеруге шыққан жасқазақтарға билік мұздай қаруланған әскерлерді қарсы қойды. Жанарларында ұлттық намыс жарқылдаған жастар олармен үш күн бойы (екі күн емес!) айқас жүргізді. Қан төгіліп, бас жарылса да қайсар жүректі жасқазақтар өз талаптарын қойып, ожар күшке жалаң қолдарымен қарсы тұрды. Бірақ, күш тең емес еді. Жастар көтерілісі аяусыз басып-жаншылды, алайда «қызыл» империяның өктемдігі олардың рухын жеңе алмады. Әркім білуге тиіс бір анық нәрсе, бұл құбылысты бурадай бұлқынған сол үш күн, үш түнмен немесе ұлттық намысын биік ұстап шеруге қатысқан жастарға жасаған репрессиялық жазаның нәтижесімен шектеуге болмайды. Бұл – мәселенің бір жағы. Енді, мәселенің екінші жағына келсек, Желтоқсан құбылысы – 1985 жылы басталған демократиялық жариялықтың алғашқы қарлығашы ретінде еліміздің саяси- қоғамдық өміріне, идеологиялық жұмыстың мазмұнына түпкілікті әсер етіп, Орталық би­ліктің ұлттық мәселеге тең құқықтық дио­лог тұрғысынан қарауға негіз қалаған шын мәніндегі жойқын «сілкініс» болды. Алайда, жетпіс жыл бойы қаһары бет қаратпаған Орталық билік қазақ жас демократтарының талабын түсіне алған жоқ. Нәтижесінде – аяусыз басып-жаныштады, қатыгездікпен қанға бөктіріп, ымырасыздықпен тұн­шықтырды. Көпшілігіне нақақтан жала жауып, жазықсыз соттады, қызметтен қуды, оқудан шығарды, басқа да өрескел заңсыздықтарға жол берді. Зиялы қауым өкілдері, шығармашылық интеллигенция мен идеология саласының қызметкерлері де алдын-ала дайындалған құрықтан құтыла алған жоқ. Олар да Орталықтың қан шеңгел қысымына тап болды. Тіпті, кейбір айтқанға көнбейтін, айдауға жүрмейтін «әділет күрескерлеріне» ашықтан-ашық «соғыс» жариялап, азаматтығына қара күйе жағып, сағын сындыруға тырысты, қудалады, партиялық жазаға ұшыратты. Бір сөзбен айтқанда, қазақты қорқытып-үркітіп «тезге салу», «кімнің кім екенін тағы бір еске түсіру», «екінші рет бас көтертпейтіндей етіп сазайын тартқызу» мақсатында мемлекеттік «жазалау машинасы» (Ол кезде мемлекеттік «жазалау машинасының» рөлі Мәскеу метролитетінің қолында болатын – Б.Ш.) ештеңеден аянып қалмады. Соның ең бір сорақы көрінісі – 1987 жылы мамыр және маусым ай­ларында Желтоқсан көтерілісінің «ең басты айыпкерлері» ретінде жауапқа тартылған бес қазақ жігітіне қатысты жүр­ген атышулы сот процесі. Өзінің рухы мен мазмұны жағынан бұрын-соңды болып көрмеген осы сот процесінен бері табаны күректей отыз жыл уақыт өтті. Арадан қаншама су ақты, жел соқты. Қан­шама өмір-өзеннің суы тартылып, қаншама өмір-арнаға қайтадан жан бітті. Сол бір «оқиғаны» тезірек ұмыттыру үшін қаншама әрекеттер де жасалды. Алайда, тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылар емес. Сол бір сот процесі жұртшылық есінен шығар емес. Бұл түсінікті де. Себебі, адам баласы армандаған тарихи шындық көпе-кернеу аяқ асты болып, тарихи әділет әміршіл-әкімшіл тоталитарлық үстемдіктің алдында аяусыз жеңіліске ұшыраған күн еді ол. Әрине, түптің түбінде әділет жеңіске жетті, шындық қайта оралды. Алайда, ол біздің ой-санамызда, жан-дүниемізде ұлттық трагедия – бүкілхалықтық қасірет күні күйінде қалып қойды. «Социа­лизмнің» алқызыл туы астында «жарқын коммунизм» идеясы аясында еркіндік ұранын жоғары көтеремін деп, қатыгез тағдырдың тәлкегіне ұшыраған сол бес жігіттің «қылмыстық ісі» қоғам мен халық арасында әлі күнге дейін үлкен қызушылық тудырып келе жатқаны сондықтан. Түсінген кісіге, бұл «істе» – елді сол кезгідей езгіге салып, жалған ура – ұранмен басқаруға болмайды; ұлттың арысын, халықтың намысын аяқ асты етуге болмайды; өйткені, түптің түбінде шындық бұлқынбай тұрмайды, әділет жеңбей қоймайды, деген ескерту леп бар. Олай болса, біз сол ұлттың басына күн түскен күндерге шегініс жасап, осыдан отыз жыл бұрын болған «Бесеудің ісіне» қатысты сот процесіне енді бүгінгі күннің көзімен қарап, еске түсіріп көрейік. «Бес арыс»: олар кімдер еді?: Менің алдымда Алматы облыстық «Жетісу» және «Огни Алатау» газеттірінің 1987 жылғы 19 июньде (Ол кезде ай аттары осылай орысша жазылатын – Б.Ш.) шыққан сан­дарының көшірмесі жатыр. Газеттің бұл сандары әрбір қазақ баласы үшін аса қастерлі де қасиетті. Себебі, мынада: Желтоқсан бүлігінің «бас айыпкерлері» деп танылған «Бесеудің ісіне» қатысты сол бір атышулы сот процесінен түсірілген суреттер облыстық қос басылымның тап осы сандарында жарияланған. Онда екі кадр бар. Сот үкімін тыңдап тұрған сәті бейнеленген бірінші суретте – «айыпталушылардың» төр­теуі ағаштан жасалған тар қоршаудың ішінде, ал біреуі қоршаудың сыртында жеке дара тұр. Бесеуі де тікесінен тік қас­қайған қалпы. Қолдары артында, еңселері биік. Жүздерінен қорқып-қобал­жудың, абыржудың ізі де білінбейді. Басын салбыратқан ешқайсысы жоқ, алға қаймықпай қасқая қарайды. Жігіт­тердің осынау түр-тұлғасына қарап, олар өздерін кінәліміз деп есептемейтіні, ақ-адал екендіктерін паш етіп, сот әділ үкім шығарады деген сенімде тұрғанын аңғаруға болады. Оларды алты ішкі әскер қызметкері қоршаған. Біреуінің бет-әлпеті суретке түспей қалыпты. Олар да түрегеп тұр. Арт жақтағы қара-құрым адамдар да тікесінен тұр. Түр-түсіне қарап, олардың көпшілігінің еуропатектілер екенін аңғаруға болады. Қарама-қарсы тұста – сот мүшелері жайғасқан. Сотқа төр­а­ғалық етуші Е. Грабарник көзін тө­мен түсіріп, шұқшиып үкімді оқып тұр. Оның бет-жүзі анық көрінбейді. Өзі кінәлі адам сияқты басы еркінен тыс салбырап кеткен. Бұл – Желтоқсан көтерілісіне қатысты ең атақты суреттердің бірі. Реті келгенде айтып өтетін жайт, жігіттердің әділетсіз соттан именбей қас­қайып қарап тұрған осы келбеттері талай­лардың еңсесін көтергені шындық. Есесіне үстем билікті қатты үркітті. «Сот төмен қа­рап қалған, ал, «басбұзарлар» бастарын көтеріп, өздерін кінәсіз жандардай ұстайды» деген сылтаумен осы суреттер үшін бір топ БАҚ қызметкерлері қатаң әкімшілік және партиялық жазаға тартылып, қуғынға ұшырады. Бұл жөнінде сәл кейінірек сөз ететін болғандықтан, негізгі әңгіме желісінен ауытқымайық. «Сот іс қарады» деген тақырыппен берілген сол суретте кімдер бейнеленген еді? Олай болса, сол бес жігіттің аты-жөн­дерін жадымызда тағы бір жаң­ғыртып, қайталап атап өтудің реті келіп тұр. Олар: қоршаудың ішінде солдан оңға қарай бірінші тұрған – Түгелбай Тәшенов, «Алмаатаотделстрой» тресіндегі №39 құрылыс-монтаж басқармасының балташысы. Қамауға 24 желтоқсанда алы­нып, 15 жылға сотталды. Екіншісі – Жам­был Тайжұмаев, Алматы энергетика -құрылыс техникумының 3 курс студенті. Қамауға қаңтардың 21-күні алынып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Үшіншісі – Қайрат Рысқұлбеков, Алматы архитектура-құрылыс институтының 1 курс студенті. Тұтқынға 1 қаңтар күні алынып, өлім жазасына кесілді. Төр­тіншісі – Қайыргелді Күзембаев, «Ал­матыпромстрой» тресіндегі №40 құрылыс-монтаж басқармасының электрмен дәнекерлеушісі. Қамауға 7 қаңтарда алынып, 14 жылға сотталды. Бесіншісі – Ертай Көпесбаев, Алматы архитектура-құрылыс институтының 1 курс студенті, Қайраттың курстасы. Суреттен көрініп тұр­ғандай, соңғы «айыпкер» қоршаудағы төрт жігіттен бөлектеніп оқшау тұр. Әрі кастөм-шалбар киіп, галстук тағып алған, мұнтаздай таза. Сұрақ: ол басқа жігіттерден неге оқшау тұр? Неге тап-тұйнақтай? Өйткені, Е.Көпесбаев басқа жігіттер сияқты уақытша оқшаулау ка­ме­расында отырмаған, сотқа дейін қаладан ешқайда шықпау туралы қолхатпен жүрген, сотқа куәгер ретінде шақырылған. Алайда, сот барысында оның да «кінәлары» дәлелденіп, тұтынға тура мәжіліс залынан алынған. Сөйтіп, 4 жылға кесілді. Бұл мәліметтерден нені аңғарамыз? Жігіт­тердің үкім кесіліп, түрмеге түсу тағ­дыры ұқсас болғанымен, әрқайсысының ұсталу мерзімі мен тану критерийлерінің әрқалай өткеніне көз жеткіземіз. Осының өзінен-ақ «Бесеудің ісін» жүргізу барысында қыл­мыстық-процессуальды заңның талап­тары мен ережелері өрескел бұрмаланып, бұзылғанын аңғаруға болады. Бұл жайт М.Шаханов жетекшілік еткен парламент Комиссиясының қортындысында да нақты көрініс тапқан. Мысалы, «бұзақыларды» тану шұғыл оперативтік жолмен алынған фотосуреттер арқылы жүргізілген. Ол қалай жүзеге асқан? Яғни, жасақшылармен ми­лиция өкілдеріне, әскери қызметкерлерге «ұрыс алаңынан» түсірілген фотоальбомдар көрсетіліп, алаңдағы көпшілік арасынан «қажетті бұзақыларды» тану туралы өтініш жасалған (Шындығында, талап етілген). Бұдан кейін куәнің «бұзақыны танығаны» туралы арнайы протоколдар толтырылған. Протокол деген аты болмаса, заты атына мүлдем сай келмейтін көзбояу еді олары. Өйткені, ол толтырылған протоколдарда қосымша куәларсыз алынған айғақтар заң тармақтарына еш сай келмейтіні былай тұрсын, «қылмыскерді» тану критерийі ретінде адамдардың ұлттық ерекшеліктері мен белгілі бір киім үлгілері ғана есепке алынып отырған. Көрдіңіз бе, бірінші кезекте «бұзақыларды тану» ұлттық ерекшеліктері бойынша жүзеге асырылған! Мінеки, тек жасақшылар мен милиция, әскери қыз­меткерлердің фотосурет арқылы «тануы» бойынша ғана жігіттердің тұтқынға алынуы бұл істің әуел бастан-ақ шикі айғақтарға негіз­делгенін аңғартады. Әңгіме ауаны оқырманға түсініктірек болу үшін, осы жерде екі халық бір-біріне алауыз болған сол аласапыран кезеңге қысқаша шолу жасап өтейік. Көтеріліс кезінде бейбіт шерушілерді ұрып-соғу, жәбірлеу, итке талату, ұстап әкету, изоляторға тығу, автокөліктермен қала сыртына лақтарып, ақ қар, көк мұзға жа­лаңаш жалпы күйінде айдалаға тастап кету жазалаушыларға аз көрінгендей, ізге түсу, аярлықпен аулау, тану, құрықтау, тергеу, күш көрсету, соттау, түрмеге отырғызу сияқты заң­сыз өрескел әрекеттер 1987 жылы кең етек алды, әрі жыл бойына жалғасты. «Тәртіп бұзғандарды» жазалау негізінен үш бағыт бойынша жүрді. Бірінші бағыт – шеруге қатысқандарды іздеу, тану, ұстау, тергеу, соттау, түрмеге отырғызу; екінші бағыт – «ұлтшылдар» мен «ұйымдастырушыларды» іздеп табу, партиядан шығару, оқудан, жұ­мыстан қуу; үшінші бағыт – «ұлттар арасына от жағушыларды» анықтау, процентомания бойынша қызметтен шеттету, партиялық қатаң жазалау, жұмыстан шығару. Осының бәрін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В. Колбиннің өзі тікелей бақылауында ұстады. Ол Желтоқсан көтерілісінен соң-ақ шұғыл түрде заң қорғау органдарының басшыларын өзіне жинап, олардың алдына «ұлтшылдар» мен «көтерілісті ұйым­дастырушыларды» табу міндетін қой­ғаны сол екен, жергілікті ұлт жастарын аяусыз әшкерелеу, қатаң жазалау дүрбелеңі басталды да кетті. Әсіресе, тергеушілер мен соттар осынау үлкен сенімді мүм­кіндігінше рекордтық қысқа уақытта аяқтап шығуға жандарын сала кірісті.Мысалы, тек 1987 жылғы қаңтар айының ішінде он бір адамға сот үкімі шығарылды. Ең алдымен келген жаңа жылды қарсы алып, жұрт жұмысқа енді кірісіп жатқан 5 қаңтарда Алматыдағы №19 жұмысшы -жастардың кешкі мектебінде ұстаздық ететін Жансая Сәбитованың «қылмыстық ісі» сотта қаралды. Шындығы керек, басқа соттарға үлгі-нұсқау есебінде өт­кен бұл отырыста үкім шығарушылар үздік-создыққа салынып, уақыт өлтіріп жатуды артық көрді. Сот істі апыл-ғұ­пыл қарады. Сөйтіп аспанға көз тігіп отырып шешім шығарды да, ол шешім бойынша Ж.Сәбитова әп-сәтте бақандай бес жылды арқалап шықты. Әділдіктің ордасы болуға тиіс Жоғары Сот өзінің әріптестеріне Желтоқсаншыларға үкім шығарудың өнегесін осылай көрсетті. Одан кейін 9 қаңтар күні Жоғарғы Сот тағы бір желтоқсаншы «айыпкер» Қазақ мемлекеттік университетінің 1-курс студенті, комсорг Құрманғазы Рахметовтің «ісін» өндіріске алып, көзді ашып-жұм­ғанша жеті жылға бас-бостандығынан айыруға үкім етті. Сонан соң 13 қаңтар күні Алматы еткомбинатының жұ­мысшысы Б.Жуандықовты бес жылға кесті. Ал, 14 қаңтар жазалаушылар үшін ең «жемісті» күн ретінде есте қалатын шығар. Бұл күні үш бірдей желтоқсаншы өз сазайын тартты. Атап айтқанда, Алматы театр-көркемсурет институтының 4-курс студенті Ж.Тілегеновті бес жыл­ға бас бостандығынан айырса, сол күні Алматы қалалық соты №23 құ­рылыс басқармасының электрмен дәне­керлеушісі Е.Мейірбеков пен Н.Рса­лиевтің «қылмыстық ісін» қа­рап, әрқайсысына төрт-төрт жылды ар­қалатып жіберді. 22 қаңтарда жұмыссыз Қ.Қал­мұратов бес жылға, 28-і күні киімдер фабрикасының бухгалтері Н.Салихова үш жылға, 28 қаңтарда № 23 құрылыс басқармасының тас қалаушысы М.Мұзафаров төрт жылға, 30-ында жұмыссыз М.Асылбаев жеті жылға, сол күні Қазақ мемлекеттік университетінің 4-курс студенті О.Ыс­мағұловты дәл осындай «айыппен» үш жылға бас бостандығынан айыру туралы сот үкімі шықты. Тергеушілер мен соттардың жел­тоқсандық «қылмыскерлерді» жаза­лауда аса бір белсенділікпен құлшынған тұсы – 1987 жылдың ақпаны мен нау­рызына сәйкес келеді. Мысалы, ақпан айында 20, наурыз айында тағы да 20 желтоқсаншының «ісі» өндірісте қаралып, оларды әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айырғаны жө­нінде сот үкімдері жарияланды. Желтоқ­саншыларды жазалау одан кейін де өз жалғасын тапты. Бұл орайда, әсіресе, маусым айы ерекше есте қалды. Маусым айында жоғары мәртебелі сот он екі адам­ға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті. Соның ішінде қоғамға айрықша әсер етіп, жұрттың есінде сақталып қалғаны 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысының «бас айыпкерлері» деп танылған бес жігіттің «қылмыстық ісіне» қатысты жүрген сот процесі. Сол кездегі қалыптасқан тәртіп бойынша ашық сот жағдайында өткен бұл сот процесі шын мәнінде зорлық пен зұлымдықтың, өктемдік пен әділетсіздіктің ең бір өрескел сорақы көрінісі ретінде тарихта қалды. Сот қалай басталды? Жоғарыда ай­тып өткендей, өзінің рухы мен мазмұны жағынан бұрын соңды болып көрмеген осынау сот процесі 25 мамырда басталып, үш аптаға созылды. Сотталушыларға негі­зінен телерадиоорталықтың қызметкері, жасақшы С.Савицкийді «қасақана өлтірді» және «ұлтаралық араздықты қоздырды», «бүлікті ұйымдастырды» деген «айыптар» тағылды. Үкім 16 маусымда жария етілді. Сотқа Қазақ КСР Жоғары Сотының мүшесі Е.Грабарник төрағалық жасаса, Қазақ КСР прокуратурасының бөлім меңгерушісі, юстиция аға кеңесшісі Е.Баймұхаметов мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысты. Үш аптаға созылған сот мәжілісінде 73 куәгер, 6 жәбірленуші тыңдалды, алайда айыпкерлердің кінәлары толық мойындарына қойылған жоқ. Көптеген мәселелер сол анық­талмаған дүдәмал күйінде қалды. Алайда, мемлекеттік айыптаушының «Біз­дің қоғамымыздың сілімтіктеріне тиіс­ті жазаларын беру керек» деген соңғы айыптау сөзі сот процесінің бүкіл ахуалына түпкілікті әсер етіп, жазалаушылар «жеңіске» жетті. Сот төрағасына ойдан әділетсіз үкім құрастыруына осы сөздің өзі жеткілікті еді. Кейіннен осы сот процесі туралы ой тербеген, қалам тартқан зерттеушілер мен журналистердің бәрі «бұл сот отырысы құдды бір 1937 жылғы репрессияны еске түсіретін көрініс болды» деп жазды. Ең қызығы, бұл істің қалай басталып, қандай нәтижемен аяқталатыны сот отырысының алғашқы күні-ақ белгілі болған еді. Аталған сотқа қоғамдық айыптаушы ретінде бастан-аяқ дерлік қатысып, сот барысын стенографиялық әдіспен қағазға түсірген Әділбек Оразов сол ауыр кезең жөнінде былай еске алады: «Соттың алғашқы күні-ақ байқағаным, оған қатысып отырғандардың 80 проценттейі орыс халқының өкілдері екен. Телевизия келді, 25 мамырда сот басталды. Алайда, алғашқы үзілістен соң-ақ телевизия өкілдері әлдекімдердің нұсқауымен залды тастап шығып кетті. Савицкийдің әкесі мұның себебін сұрап еді, оған нақты жауап берместен, судья іске көшті. Ә дегеннен «қылмыскерлердің» бәрі өздеріне тағылған айыптаулардан бас тартты, Күзембаевтан басқаларының бәрі де протоколдарға өздеріне қысым көрсетілгендіктен қол қойғандықтарын мәлімдеді. Ал, Қайыргелді о бастан еш­қайсысына қолын қоймапты. Соның нәтижесінде түсініксіз жағдайлар орын алды, куәгерлер шатаса бастады, бір-біріне қарама қайшы жорамал-дәлелдер келтіріп бақты. Әрқайсысының айтқандарын екшелей келе, оқиғаның даму барысын, уақытын пайымдасақ, бесеуінің де Са­вицкийдің өліміне еш қатысы жоқ. Ойлап қараңызшы, Ленин (қазіргі Достық) мен Абай проспектісінің қиылысынан Бейбітшілік (қазіргі Желтоқсан) пен Сәтбаев көшелерінің қиылысына немесе керісінше жүгірсең де 10 минутта жету қиын деп ойлаймын. Тіпті күлкілі жайт қой!» («Жас алаш», 217, 218, 219, 220, 221, 222, 223, 224, қараша, 1991 ж.). Енді сол сот процесіне тілмаш болып қатысқан саясаттанушы Дос Көшімді тыңдап көрейік: «Сот процесі басталғанда журналистер оларды суретке түсіре бастады. Сонда Қайраттарды тұрғызып қойып: «Сендер өздеріңді «кінәлімін» деп санайсыңдар ма?» дегенде, барлығы: «Жоқ», «жоқ», «жоқ», «жоқ» деп жауап берді. Сол кезде судья Грабарник бір­ден үзіліс жариялады. Үзілістен кейін келсек, бірде-бір журналист жоқ. Қысқасы спектакль есебінде олардың мойын­дағанын түсірткілері келген ғой. Өйткені, алдында қорқытып, үркітіп мойындатқан. Ал, олар сотта бәрібір бас тартты. Соттың осылай басталғаны есімде. Жалпы, сот өте ауыр өтті. Сотталып тұрғандардың ішіндегі орыс тілін нашар білетіні Тә­шенов еді. Қайрат та сәл-пәл нашар білді. Сондықтан мен көбіне осы екеуінің сөз­дерін аударып тұрдым. ...Маған жігіттердің әр сөзін бақылап отыруға тура келді. Шамам келгенше, жұмсартып жақсы жағына тартамын, ал, прокурор жаман жағына тартады. Ең соңында Қайрат өлеңін оқыған уа­қытта сот төрағасы Грабарник маған: «Аударып бер», – деді. Мен: «Мұны ау­даруға болмайды. Бұл – ата-анасымен, туған-туысымен, туған жерімен қоштасуы ба­ғытында жа­зылған», – дедім. Сол жерде күзетіп тұрған әскердің басшысы менің сырттай бөлімде оқитын студентім болатын. Сол жігітке барып: «Маған Қайраттың дәптерін алып бер» деп өтіндім. Әйтпесе, олардан ештеңе алғызып, бергізбейтін. Сөйтіп, Қайраттың өлең жазылған қойын дәптерін алғызып, туған-туыстарына тапсырдым... Спектакль бәрі. Өйткені, мен про­куратурада істі аударып отырғанда-ақ: «Мынау атуға келеді», «Мыналарға он бес жылдан беріледі» деп айтып жатты. Сот бітіп, солардың айтқандары тура келгенде жағамды ұстадым. Яғни, бәрі алдын-ала келісіп-пішілген нәрсе. Бұл маған өте ауыр тиді, екінші жағынан мен әділетсіз жүйенің қандай болатынын түсіндім...» («Жас Алаш», № 99, 13 желтоқсан, 2016ж.). «Бесеудің сотына» бастан аяқ дерлік қатысып, ондағы әділетсіз көріністердің куәсі болған, ең бастысы бірін-бірі танымайтын, бұрын-соңды мүлдем кездеспеген екі адам­ның өз көзімен көргендері осындай. Бұдан қандай ой түюге болады? Көріп отыр­ғанымыздай, соттың сценарийі алдын-ала әбден ойластырылып, мұқият дайын­далған. Ол бойынша «айыпталушылар» билік­тің шешіміне қарсы наразылық шеруіне шығып, оған өздерінің кінәлі екендіктерін мойындап, қателіктері үшін «кешірім» сұрауы тиіс еді. Жігіттердің «өз кінәларын» мойындарына алатынына тергеушілер де, соттаушылар да толық сенімді болатын. Күмәндары жоқ еді. Алайда, ойлары жүзеге аспады, бірнеше ай бойы мұқият дайындаған жоспарлары, «төккен терлері» босқа кетті. Сот отырысының алғашқы күні-ақ төрағаның: «Өз айыптарыңды мойындарыңа аласыңдар ма?» деген сұрағына жігіттер «Жоқ!» деп жауап берді. Жазалаушы жақ «қылмыскерлерден» басқаны күтсе де, дәл мұндайды күтпегені анық. Сол-ақ екен залда түсініксіз жағдайлар орын алып, сот төрағасы шұғыл түрде үзіліс жариялады, жігіттердің мойындаған сәтін түсіруге келген БАҚ өкілдеріне енді сот мәжілісіне қатысып отырудың өзі мұң болды. Өйткені, алдын-ала дайындалған сценарий іске аспады. Оның үстіне сотқа қатысып отырғандардың сексен пайызы «айыпталушыларға» қарсы куәлік беретін, «арнайы дайындықтан» өткен адамдар еді. Ол сот залынан түсірілген суреттерден де анық байқалады. Міне, Желтоқсан шеруіне қатысып, «адам өлтірді», «ұлтаралық араздықты қоздырды», «бүлікті ұйымдастырды» деген «айыппен» істі болған арыстай бес жігіттің соты осылай басталып еді. Жазалау мен жала жабудың арасы: Кез келген мемлекет үшін оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Әркімнің де өмір сүруге құқы бар, бірақ ешкімнің де адам өмірін өксітуге қақысы жоқ. Адам өміріне қасақана, мейлі, кездейсоқ немесе жала жабу арқылы қол сұғу – қолданыстағы заңдар бойынша жауапқа тартылуы тиіс. Бұл бұлжымас қағида құқық қорғау органдары мен оның жекелей қызметкерлеріне де тікелей қатысты. Алайда, баршаға белгілі осы қағиданың заңдылығын ең алдымен өздері қадағалауға тиіс құқық қорғау органдары тарапынан үнемі сақтала бермейтіні өкінішті. Міне, осындай келеңсіз көріністер мен құқық қорғау мекемелері тарапынан жіберілген өрескел заң бұзушылықтар атышулы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі ереуілшілерді жазалау науқаны кезінде кең етек алды. Олардың істеген іс-әрекеттері қолданыстағы заң талаптарына қайшы болғандығы былай тұрсын, ешқандай адамгершілік этикасына да жатпайтын еді. Қазір еске түсіріп отырсаң, азаматтарды қорлауға емес, қорғауға тиіс халық қызметшілерінің істеген іс-әрекеттеріне қарап жаның түршігеді, жүрегің сыздайды, ызаң келеді, тіпті тісіңді қайрап, кек қыла бастайсың. Сөзіміз дәлелді шығуы үшін кейбір фактілерге жүгінейік. Алдымен, ішкі істер мекемелерінің заңды белінен басқан жөнсіздіктері жайында бір-екі ауыз сөз. Парламенттік Комиссия мүшелері сол кездегі ішкі істер мекемелерінің алаңда, көшеде, жатақханада, тағы басқа жерлерде ұсталған, кейіннен қамауға алынған желтоқсаншыларға қатысты іс-әрекеттерінің қаншалықты заңды екенін білу мақсатында әкімшілік құжаттарын тексеріп байқағанда, көптеген заңдардың өрескел бұрмалағанын анықтаған. Мысалы, құжаттар арасында қамауға алынғандар мен жазаға тартылғандардың дәлелді себептері толтырылған протоколдар атымен жоқ болса, көптеген істерде тіпті «тәртіп бұзушылардың» түсініктемелері мүлде тіркелмеген болып шыққан. Кей тұста түсініктемелері тіркелгеннің өзінде ұсталғандар ешбір тәртіп бұзбаса да, ешқандай кінәлары болмаса да бірнеше тәулік бойы мәжбүрлі түрде тұтқында ұстаған. Ол-ол ма, ұсталғандарды «істемеген кінәларын» мойындату үшін нешебір дөрекіліктерге барған – қорқытқан, үркіткен, балағаттаған, ұлттық намысқа тиетін сөздер айтқан, одан қалса қол жұмсаған, аяқпен тепкен, тағы басқа да қорлауларға жол берген. «Ішкі істер қызметкерлерінен жәбір көргендердің арасында әлі кәмелеттік жасқа толмаған «желтоқсаншылар» да бар еді», – дейді Коммисия мүшелері. Сол ұсталғандар өз түсініктемелерінде милицияның қараптан-қарап тұтқындағаны, қол жұмсағаны, одан да басқа түрлі әрекеттерге барғаны туралы, мәселен, ақша мен бағалы заттарды күшпен, айламен қорқытып тартып алумен айналысқаны, ар-намысын қорлағаны, тағы да басқа заңсыздықтарға жол бергені жайында жазған екен. Алайда, ішкі істер қызметкерлерінің іс-қимылын қадағалап отыруға тиіс құзырлы орындар мен жауапты адамдар оған көз жұмбайлықпен қараған. Осыдан кейін сұрақ туады. Жоғарыда айтқанымыздай, адам мемлекеттің ең қымбат қазынасы болса, оның құқықтары неге қолданыстағы заңдар бойынша қорғалмаған? Қараптан қарап ұстауға, қол жұмсауға, дөрекі сөйлеуге, басқа да заңсыз іс-әрекеттерге неліктен ерік берген? Қарапайым азаматтардың жазығы не?.. Бұл – бір. Енді, бес жігіттің «қылмыстық ісіне» тергеу жүргізген, соттаған құқық қорғау қызметкерлерінің өз міндеттерін қалай атқарғандығы жөніндегі әңгімеге ойысайық. Жігіттердің баяндауынша, тергеушілерде аяушылық деген болмапты. Өндіріске түскен қылмыстық іс белгілі бір нәтиже беруі үшін не істеп, не қоятындарын күні бұрын жоспарлап, бәрін алдын ала кесіп-пішіп қояды екен. Әрі қарай тергеу амалдары сол жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Бұл не деген сөз? Яғни, тергеушілер өздерінің ішкі есебі мен арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін түрлі зымиян әрекеттерге барған – қорқытқан, үркіткен, кемсіткен, ауыздарына ақ ит кіріп, қара ит шыққан, жәбірлеген, күш көрсеткен, тіпті қол жұмсап, аяқпен тебуге де ерік берген деген сөз. Мысалы, Қайрат Рысқұлбековтың «ісіне» тергеу жүргізген А.Дубаев пен С.Державецкий оның «айыбын мойнына қою» үшін қандай айла-шарғыға бармады десеңізші! Ұрған, соққан, жанына рецидевист жансызын отырғызған, араға туған-туыстарын салған. Одан да түк шықпаған соң: «әкеңді сыйласаң мойындайсың, әйтпесе, әкеңнің өзін соттаймыз», деп психологиялық қыспаққа алған. Ешкімнің ойына келмеген осындай зымиян әрекеттерден соң ғана Қайрат «мойындағаны туралы құжатқа» қол қоюға мәжбүр болыпты. «Әкемді соттап жіберсе үйдегілерді кім асырайды деп ойладым, маған ең ауыр тигені осы болды. Сөйтіп, амалсыздан қолымды қоя салдым» деген ғой қасындағы жігіттерге жаны күйзеле (Қайыргелді Күзембаевқа). Міне, осы «мойындау» Қайраттың «қылмыстық ісіне» соңғы нүкте қоюға негіз болған құжат ретінде алға тартылғанын сот қортындыларының нәтижесі анық көрсетеді. Алайда, ол сот отырысының алғашқы күні-ақ өзіне таңылған «айып­тан» үзілді-кесілді бас тартты. Құ­жатқа өзіне тергеушілер тарапынан қысым жасалған соң амалсыздан қол қойғанын, олармен бетпе-бет жүздестіруді талап етті. Бірақ, өз рөлін ойнауды ғана мақсат тұтқан сот оған мән бермеді, Қайраттың жан айқайына көз жұма қарады. Қайрат Рысқұлбековке тағылған, әрі жазасын ауырлатқан ең үлкен айып жасақшы С.Савицкийдің өліміне қатыстылығы. Бірақ, кейбір куәгерлер жасақшы өлтірілген уақытта айыпталушының қаланың мүлде басқа шетінде жүргенін айтады. Құқық қорғаушылар ол куәлердің түсініктерін назарға алмағанын қалай түсінсек болады? Қайратқа «кісі өлтірді» деген ауыр айыптың тағылуына бірден-бір себепкер болған Е.Көпесбаев кейін мүлде жаңа түсінік берді. Ол әлдебір тергеушілердің өзін аяусыз ұрып-соғып, қорқытып-үркітіп, Қайрат жөнінде теріс мәлімет беруге күштеп мәжбүр еткенін жазды. Бірақ, құқық қорғау органдары оны да елеген жоқ. Енді, «Бесеудің соты» бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Соты шығарған үкімге келейік. Үкімнің бесінші бетінде мынадай күлдібадам жолдар бар: «Рыскулбеков, Ташенов и лицо не установленное следствием с целью умышленного убийства народного дружинника Савийцкого подбежали к нему и стали наносить ему удары в жизненно важные органы». Сонда деймін-ау, тергеу барысында анықталмаған жұмбақ жандары кім? Олар неге табылмаған? Ал, табылмаса, сот олардың жоғарыда есімі аталған жасақшыны жер жастандырғысы келген ниетін қайдан білген? Зерттеушілер айтпақшы, бәлкім сол жұмбақ жандар дегендердің өздерінің осы өлімге бір қатыстылығы болмады ма екен деген де ой келеді... Олардың «адам терісін жамылған арандатушылар» емес екеніне кепілдік бар ма? Біреуді біреу біліп болмайтын аласапыранда ондай күмәнді жағдайлардың кездескені де рас еді ғой. Қалай дегенде, сан мыңдаған жандар лықсыған толқын секілді ары-бері сапырылысып, ию-қию болып жүргенде, бақытсыз жасақшыға басқа біреудің қолы қате тиюі әбден мүмкіндігін кім жоққа шығара алады? Ал, ат шаптырым алаңның күнбатыс жағындағы «Зеленстрой» тресінің кеңсесі орналасқан үйдің терезесінен қарап тұрып, «қылмыскерлерді байқаған» куәларға келетін болсақ, олардың «қолында таяғы бар Рысқұлбеков жерге құлаған жасақшыны үш рет, Тәшенов болса екі рет ұрды» деп шегелеп айтуы осы күдікті одан сайын қоюлата түседі. Өзіңіз ойлап қараңыз, екі жақтың жаппай жұдырық сілтесуі кезінде жасақшысы қайсы, желтоқсаншысы қайсы ажырату былай тұрсын, кімді кімнің неше рет ұрғанын санап тұру қисынға келе ме?.. Тіпті, куәлардың қырағылығына күмәнданбағанның өзінде, жүз-жүз елу қадам жерден танымайтын адамды есте сақтап қалу мүмкін бе? Осы тұста айта кету керек, Қайрат Рысқұлбеков пен Ерлан Көпесбаев екеуінен басқасы тергеуге дейін бір-бірін мүлде танымаған, көрмеген, білмеген, кездеспеген. «Мен, мәселен, өзіммен бірге сотталғандардың ешқайсысын бұрын таныған да, білген де емеспін. Оларды тергеу барысында ғана көрдім», – дейді бесеудің бірі Жамбыл Тайжұмаев. Қайыргелді Күзембаев та «Қайраттармен бәрімізді Жоғарғы Сотқа апара жатқанда ғана танысқанын» айтады. Сол секілді Түгелбай Тәшенов те өзімен бірге сотталған жігіттермен (оның ішінде Қайратпен де) «тергеу амалдары жүріп жатқанда алғаш рет кездесіп, таныстық» дейді. Көрдіңіз бе, жігіттер сотқа дейін бірін-бірі мүлде танымаған, көрмеген, кездеспеген. Жасақшы өлім құшқан жерде жігіттер бірге болса, олар бірін-бірі танымауы мүмкін бе? Тым болмаса, бір мезгілде «қолындағы таяғымен жерге құлаған жасақшыны үш рет ұрған Рысқұлбеков пен екі рет ұрған Тәшенов» бірін-бірі қалай танымауы мүмкін? Өкінішке орай, тергеу кезінде де, сот барысында да бұл жағдайлар еш назарға алынбаған. Иә, бір-біріне егіз қозыдай ұқсас фактілерге қарағанда, куәгерлерге Қайрат пен Түгелбайдың суреттері алдын-ала көрсетіліп, арнайы дайындықтан өткендігін болжауға болатындай. Шындығында, Қайраттың тұтқындалуына айғақ болған да дәл осы сурет еді. Оның бірде автобусқа шабуыл жасағандардың арасында, бірде жасақшыны ұрғандардың қатарында, енді бір сәтте «Қазақстан» қонақ үйінің қасында көрінуі және осы аз уақыттың ішінде 9 автомашинаны өртеп, 152 машинаны зақымдап, 326 ішкі істер қызметкерлері мен 196 әскерилерді жаралап, ауруханаға түсіруге қатысуы қандай пері болса да, ешбір ақылға сыймайтын-ақ нәрсе. Егер, шынында да, осылай болса Қайраттың есімін «әлемдегі ең қауіпті қылмыскерлердің қатарында» Гиннестің кітабына ұялмай енгізуге болатын-ақ факті емес пе? Қайран қаларлығы, ол осының бәрін бір мезгілде істеген. Соттың сөзіне сенсек, ол мемлекетке 302644 сом зиян келтірген. Бір қызығы, дәл осы көрсеткіш – цифрлар желтоқсан бүлігіне қатысты сотталушылардың барлығына да айып ретінде тағылып, тура осы жолдар әріп-нүктесіне дейін өзгерместен басқа Желтоқсаншылардың да іс-құжаттарына (Мысалы, Е.Жұмажанов, Н.Салихова, Ж.Әуезов, Д.Исабеков, Н.Шыныбаев, Е.Көпесбаев, тағы басқалардың) көшіп отырған. Бұдан кейін осы «қылмыстың» бәрін бір адамның мойнына қойып, асқан ыждаһаттықпен «дәлелдеп» шыққан тергеушілер А.Дубаев пен С.Державицкийдің «іскерлік қабілетіне» қайран қалмай көріңіз... Анасына жолдаған соңғы хатында Қайрат: Иә, мен сіздерден ешнәрсе жасырмаймын, мен 1986 жылы 18-ші желтоқсан күші алаңға бардым... Тек қана ол жерге барған себебім, бар мақсатым, біріншіден, ол жерде не болып, не істеп, не қойып жатқанын өз басым, өз көзіммен көру болды. Екіншіден, алаңда уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр дегенді елден естіген соң өз басым қолымды жайып «күл болмасаң, тұл бол» деп отыруға еркектік ар-намысым жібермеді. Ел қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспін. Құдайға шүкіршілік, кеудемде нағыз ерге лайық намыс баршылық. Оның үстіне «Қыздың жолы жіңішке» деген. Менің түсінігімше, әйел адамға ер адам тұрмақ, аң екеш аңдардың-хайуандардың еркегі де ұрғашысына мүйіз болмаса, тұяқ көтермейді. Ал, біз – бәріміз де аң емес, адамзаттың ұлы-адамбыз... Міне, қысқаша айтқанда осындай түсінікпен, әйел затына ер болып, өз қол ұшымды беріп көмектесуге, оларды арашалап, қорғау үшін барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенінше бар көмегімді бергенім де рас. Ол үшін әлі күнге дейін өкінбеймін, керісінше үлкен мақтаныш тұтамын. Бірақта, бір құдай өзі куә, адам баласын өлтіргенім жоқ! Мұндай айуандық жасаудың өзі, сормаңдай менің қолымнан келмейді. Еш уақытта, ешқашанда... Ал, әйел затына айуандықпен қол көтеріп, шашынан тартып көкпарша сүйрегені үшін милицияны ұрып-соққаным да рас. Ол адам күні бүгінгі дейін аман-есен, зыр жүгіріп жүр. Өз қолымнан жасаған бір теріс қылық – бар қылмысым осы ғана... Ал, маған «жығылғанға жұдырық» деп зұлымдықпен мойныма ілген «адам өлімі» менің ісім емес. Мұның бәрін ию-қиюын келістіріп, көпе-кернеу жала, жал­ғандықпен мен сорлының мойнына жүз қайтара орап ілген «ұялмайтын бес гектардай беттері мен талмайтын жақ берген», албасты атқан тергеушілер мен әбжылан жалақорлардың ісі. Мен өте-мөте жақсы білемін және сеземін. ...Иә, мен сорлылығымнан жазықсыздан-жазықсыз ату жазасын алдым. Өйт­кені, өзімнің кінәлі емес екендігімді, адал­ды­ғымды, қолымның қан емес екенін қанша зар еңіреп айтқаныммен, өзімді еш ақтай алмадым. Дүниеде адам баласының өзін-өзі ақтауы өте-мөте қиын екені кеудесінде жаны барлардың бәріне жақсы белгілі. Сондықтан маған да бұл жағынан өте қиын... Міне, өздеріңіз естігендей, «ату жа­засын» 20 жылға ауыстырды. Бұл, әри­не, біреуге қуаныш, біреуге жұбаныш, ал біреуге азап, өз басым бұл үшін қуан­ғаным жоқ. Өйткені, асыл анашым! Түсініңізші, мен сорлының бұл тас зын­данда жазықсыздан-жазықсыз еш отыр­ғым келмейді. 11 ай ішінде әбден қайғы-қасіреттен жүйке тамырым жұ­қарды, әбден шаршадым. Сол себепті жазықсыздан-жазықсыз өз-өзімді 20 жыл бойы қинағым келмейді. Және сіздерді де қинап азаптағым келмейді. Менсіз де, асыл анашым-ай, тағдырдың тауқыметін көп көрдіңіз ғой. Түсінген жанға сол да жеткілікті. Басыңызды 20 жыл бойы торлаған сізге қайғы-уайым болмаймын. Ардақты анашым! Бар жеткен жерім осы. Аяғыңызға жығылайын! Ақ сүтіңізді ақтай алмай көз жұмып бара жатқаным үшін сорлы балаңызды кешірерсіз. Өтінемін, кешірім өтінемін. Бауырларым, сендер де кешіріңдер!.. Ерте ме, кеш пе нағыз адам өлтіруші қылмыскер әлі-ақ табылады. Бұл ақиқат, жүрегім сезеді. Менің өліміме тек жалақорлар мен тергеуші, соттарды кіналаңдар!», –деп жазғанда, «адам терісін жамылған» тергеушілер мен соттардың шын мәніндегі келбеттерінің қандай болатынын көрсетіп беріп кеткен ғой, қайран жас!.. Жазалау шаралары туралы айтқанда, осы сотта аудармашылық қызмет жасаған саясаттанушы Дос Көшімнің арқасында қолға түскен Қайраттың көк дәптеріндегі жазбалар да назар аудартпай қоймайды: «Дүниедегі ең сұмдық зұлымдықты сот залында азамат сотында көрдім. Сот әділетсіздікпен кәрін септі, жас гүлге өлім төкті, зұлымдықпен атып тұрды да, «ату жазасы» деп жас жүрекке найзаны сұқты – кетті. «Бақ түссе – таңдайымнан, тас түссе – талайымнан» көріп алдым, маған өлім қорқынышты емес, өйткені адалдығым одан да биік тұр». Судья Гра­барниктің өзіне өлім жазасын кескен сәттегі көңіл-күйін осылай қағазға түсіріп кеткен ғой, қайран Қайрат! Қайраттың хаттары мен күнделіктегі жазбаларына қарағанда, ол соттың әділетті шешім шығаратынына шын жүректен сенген сияқты. Алайда, оның күткен үміті ақталмады. Ақталмайтын себебі де бар еді. Өйткені, әлемді қаһарымен ықтырып отырған КСРО басшыларына, оның Саяси Бюросына өздеріне қарсы бас көтерген жас демократтардың мәселен қайтарып, бетін жасқап қою үшін үлкен бір құрбандық керек еді. Ол Қайрат бола ма, әлде Түгелбай бола ма, не Қайыргелді, не Жамбыл бола ма, жоқ мүлде басқа біреу бола ма, көздері қарауытқан партия бюрократтары үшін бәрібір болатын. Олар тек құрбандық шалуға лайық «кандидатураны» ғана іздестіріп бақты. Ал,қыршын Қайрат осынау «саяси оқтың» өзіне қарай бағытталғанын ә дегенде сезбей қалған сияқты.Бұдан шығатыны, бұл бесеу болмағанның өзінде алаңда ұсталған кез-келген жігіттің «ұлтшыл» атанып, дәл Қайраттың кебін киюі ғажап емес еді. Себебі, бұл сот процесі бұрын айтылғандай СОКП ОК Саяси Бюросының партиялық тапсырмасы бойынша ұйым­дастырылған саяси шоу-спектакль болатын. Оны жігіттердің өздері де іштей сезген секілді. Осылайша бұлтартпас айқын дәлелдері болмаса да құқық қорғау орындары «жоғарыдағылардың» көңілін табу үшін Рысқұлбековты осы қасіретке байлап беруді жөн деп тапты. Өйткені Жоғары инстанция жасақшы С.Савицкийді өлтірген адамды тез арада табу туралы ауызша бұйрық түсірген болатын. Кейіннен Қазақ КСР прокурорының арнайы жарлығымен жасақшыны өлтірген адамды, яғни, «Қ.Рысқұлбековті тапқаны үшін» құқық қорғау жүйесінің 5 қызметкеріне наградалар мен сыйлықтар үлестірілгенде, оның ішінде тергеушілер Дубаев пен Державецкий, сондай-ақ, Жоғарғы Соттың мүшесі Грабарниктің аттарына ерекше құрмет көрсетілуі көп жағдайды аңғартса керек. Қайрат Рысқұлбеков түрмеге түскен соң да қол қусырып жатпағаны белгілі.Қиюы қашқан тергеу ісі мен сот процесінде ағат кеткен қателіктерді жіпке тізгендей етіп түгендеп, касациялық тәртіппен Қазақ КСР Жоғары Сотына, КСРО Жоғарғы Сотына бірнеше рет шағым түсірді. Ол шағымдарында өзінің жасақшының өліміне еш қатысы жоқ екендігін айтып, кінәсіздігін түгендеп көрсетумен болды. Бірақ, тағдыры алдын ала шешіліп қойған жігіттің бұл жазғандарынан еш нәтиже шықпады. Жоғарыдағылар «оның кінәсі толық мойнына қойылған, лайықты жазасын алған» дегеннен бір танбады. Мысалы, 1987 жылы 8 шілдеде жазылған хатта «Қылмысыңыздың ауырлығына байланысты өлім жазасын өзгертуге негіз жоқ» деген жауап алды республика прокуроры Ғ.Елемесовтен. Одан соң іле-шала Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Мұ­қа­шевтың атына «Кешірім жасау жөнінде сұраныс» хат жазып, «өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын» дейді. Алайда, Жоғары Кеңес Президиумы төрағасының да өзінің ондаған, жүздеген әріптестері секілді өзі өсіп-өніп шыққан әкімшілік-әміршілдік әлемінің мүддесін жанын салып қорғауға тырысатынын жас жігіт қайдан білсін? 1987 жылы 20 тамызда Қ.Рысқұлбековке шығарылған Жоғарғы Соттың үкімін күшіне қал­дыруды мақұлдаған Мұқашевтың қолы қойылған қаулы да шықты. Міне, осы­лайша Қайратқа өзіне шығарылған үкімнің орындалуын күткеннен басқа амалы қалмады деуге болады. Ал, бұл кезде оның тағдырына әлем жұртшылығы назар аударып жатқан еді. Ақыр соңында халықаралық Адам құқын қорғау ұйымдарының ара­ла­суының арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы А.Гро­мыконың 1988 жылғы 28 сәуірдегі жарлығымен Қайратқа кешірім жасалып, өлім жазасы 20 жылға бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Бірақ, одан не үміт, не қайыр? Арадан бір ай өтер-өтпесте мамырдың 21-і күні қыршын Қайратты өз камерасында асылып қалған жерінен тапты. Оған өзін-өзі өлтірген деген анықтама қойған. Бұған негізгі айғақ-дәлел ретінде Қайраттың жоғарыдағы өлім алдындағы жазған хаты алға тартылады. Бірақ, бұл хаттың Қайратқа тиесілі екендігіне оны жақсы білетін адамдардың барлығы күмән келтіреді. Ата-анасы, бауырлары, достары да «Қайраттың өзін-өзі өлтіруі мүмкін емес» дейді. Сенбейді. Кейін режиссер Қ.Әбенов хаттағы жазудың Қайраттың қолына ұқсамайтындығын, стилі Семей диалектісіне жақын екендігін және өзге де көптеген қайшылықтарды көрсетіп, үлкен мақала да жазды. Бұл мәселемен кезінде парламенттік Комиссия да тыңғылықты айналысты. Комиссия құрамындағы тәжірибелі юрис­тердің тұжырымына сенсек, мысалы Қазақстанға арнайы шақыртумен келіп, осы іспен жеке танысқан юрист-эксперт, Латвия адам құқын қорғау жөніндегі лигасының кеңесшісі В.Богдановтың айтуынша, бұл – нағыз қаскөйлікпен жасалған қастандық. Алайда, Қайратты тура келген ажалдан құтқарып қалу мүмкін болмады. Неге? Өйткені көздеріне қан толған гарбочевшілер мен колбиншілер оны 1987 жылдың 16 мау­сымында-ақ құрбандыққа шалып қойған болатын. Жендеттер ақыры дегендеріне жетіп тынды. Еске салып өтсек, Комиссияның қор­тындысында Желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін сотталғандардың істерін қайта қарау, осы оқиғаларға байланысты қылмыс жасаған лауазымды адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту, заңсыз сотталғандарды толық ақтау және сотталған уақыты үшін өтемақы төлеу, тағы басқа шараларды жүзеге асыруға шақыра келіп, Қазақстан басшылығынан жазықсыз сотталған Қайрат Рысқұлбеков өлімінің себептерін ресми түрде тексеру, өзіне өзі қол жұмсағандығы немесе біреулердің көмегімен опат болғандығы анықталған жағдайда кінәлілерді заң бойынша жауапқа тарту сұралған болатын. Үлкен өкінішке орай, боздақтың жұмбақ өліміне қатысты қылмыстық іс сол жабулы қазан күйінде қалып келеді. (Жалғасы бар)

1523 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз