• Ұлттану
  • 21 Тамыз, 2017

Рухани жаңғыру– басымдық негізі

Бақтияр Сманов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

ХХІ ғасыр аса өзгермелі, шапшаң дамушы ғасырға айналып отыр. Әлеуметтік жаһандану үрдісі адамзатты қай бағытқа алып бара жатқаны барша жұртқа белгісіз. Әйтеуір, батыс мәдениеті мен өркениеті басымдық таныта бастағаны анық ақиқат. Оның үстіне ғаламда жаңа күш алған төртінші өнеркәсіптік революция ғылым мен техниканы, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жедел дамытуды талап етуде. Осынау әлемдік үдерістерден кейін қалып қоймау үшін тәуелсіз Қазақстан да өзінің үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басты. Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың үстіміздегі жылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Жолдауында: «Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары ғана емес, болашаққа, «Қазақстан - 2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын көпір болмақ... Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуіне лайықталған», – дей келе оған қажетті бес басымдықты талдап, жіктеп берген-ді. Нақтырақ айтқанда, мұндағы бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Бұл – цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету міндеті. Оның аясында елімізде 3D принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салалар дамытылмақ. Екіншіден, жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларға көңіл бөлінеді. Бұл, негізінен, өнеркәсіптік, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және т.б. Үшіншіден, экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауы тиіс. Төртіншіден, аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы қажет. Бесіншіден, жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту секілді келелі мәселелер. Еліміздің Үшінші жаңғыру кезеңі, негізінен, осындай әлемдік жаңа технологияларға сүйенетіні анық. Бұл Қазақстан мемлекеті алдағы уақытта мүлде жаңа бағытта дамиды деген сөз. Біз осы бір айтулы кезеңде тек қана экономикалық өсіммен, жаңа өндірістік технологиялармен ғана айналысып, жалпы, рухани дүниемізді ұмыт қалдырмақпыз ба?! Міне, осы сұрақ әркімнің көкейінде көптен жүрген ой еді. Мемлекет басшысы биылғы 12 сәуірде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы терең мазмұнды, ұлттық-идеялық мәні зор мақаласында бұл күдігімізді сейілткендей болды. Сейілтіп қана қоймай әркімнің жүрегіне қозғау салды. Үшінші жаңғыру кезінде Қазақстан бәсекеге қабілетті мемлекет болып қалыптасуы тиіс. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Бәсекелестік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін». Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен ғана емес, адамдардың бәсекелестік қабілетімен де айқындалады. Сондықтан, еліміздің әрбір азаматы бәсекелестікке қабілетті болуға тиіс. Ал, мұның өзі, сайып келгенде, қоғамдық сананы түбегейлі жаңғыртуды талап етеді. Әрине, жаңа заманның әлемдік жаңа технологияларына ден қойып, оны терең меңгеру қажет-ақ. Сонда ғана бәсекелестікке қабілетті ел боласың. Дегенмен, әлемдік ақпараттық технологияларды сауатты үйренумен бірге өзіңнің қазақ екеніңді, тіліңді, діліңді, дініңді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, туған әдебиетің мен төл мәдениетіңді ұмытпағаның жөн. Бүгінгі жас ұрпаққа қойылатын бұл талап ұлттық тәрбие арқылы жүзеге аспақ. Ең бастысы, Елбасы ұсынып отыр­ған рухани жаңғыру ұлттық кодты сақтай білуден басталады. Сондай-ақ, ұлттық бірегейлікті сақтаудың жолдары ретінде ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр, атадан балаға табысталатын асыл мұралары бар қазақ халқының ұлт ретінде ұйысуына негіз боларлық барлық рухани құндылықтарымызды жаңа заманға лайықтап пайдалануымыз қажет. Ұлттық мәдениет пен ұлттық дәстүр тек алдыңғы буын ұрпақтардың рухани тәжірибесін ғана сақтап қоймай, мәдени мұрадағы құндылықтарды жаңғыртады. Қазақ жұртының Мәңгілік Ел болуы рухани құндылықтардың ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға қызмет етуіне тікелей байланысты. Сондықтан, ұлттық бірегейлікті қамтамасыз ету мақсатында ұлттық дәстүр мен мәдениетті қайта жаңғырту қажеттігі туындап отыр. Мұнда алдымен ұлттық мәдениеттің негізін құрайтын құндылықтарды қайта қалпына келтіру, адамдарды рухани тұрғыда оятатын ұлттық тіл мен ата дәстүрді қайта жаңғырту, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасы – мәдени-рухани мол мұрасын белсенді түрде меңгеру, ұлттық намыс пен жігерді, ұлттық сана мен рухты ояту, ұлттық генетикалық код негізін құрайтын мәдени мұралар мен ұлттық дәстүрлер ұрпақтар сабақтастығының сақталу жолдарын негіздейді. Елбасы айтқандай, «Дәстүр мен мәдениет – ұлттық генетикалық код. Қазақстандық мәдениет еліміздің барлық азаматтары үшін патриоттықтың өзегі болуы қажет». «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын еңбегінде ХХІ ғасырдағы ұлттық санаға қатысты прагматизм, бі­лім­нің салтанат құруы, Қазақстанның ре­волюциялық емес, эволюциялық дамуы, са­наның ашықтығы сияқты мәселелерді кө­терген Елбасы рухани жаңғыру бойынша таяу­­дағы жылдарда атқарылатын міндеттерге де кеңінен тоқталды. Соның бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру міндеті. Бұл тосыннан көтеріліп отырған мәселе емес. Ол туралы еліміз тәу­ел­сіздік алғалы бері айтылып келеді. Ал, рес­ми түрде Мемлекет басшысы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан –2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін мәлімдеген еді. «Ол кезең де таяп қалды, – деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында.– Сондықтан, біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден бас­тап кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек». Осылай деген Елбасы латыншаға көшудің терең логикасы бар екенін, бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, ақпараттық коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылымды игеру мен білім беру үдерісінің ерекшеліктеріне байланысты туындап отырған мәселе екенін баса айтты. Енді, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданбақ. 2018 жылдан жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісеміз. Жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кирилл алфавиті де қатар қолданыла тұрады. Жалпы, егемен ел болғалы латын қарпіне көшу жайы үнемі айтылып, күні бүгінге дейін қаншама тал­қы­лауларда сан-алуан ұсыныстар беріліп, әлі бір тоқтамға келе алмай жүрген өзекті мәселенің бірі еді. Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 2006 жылғы ХІІ сессия­сында сөйлеген сөзінде де латын әліпбиі туралы әңгіме өрбіткен болатын. Онда: «Латын әліпбиін қарайтын кез келді. Бұл мәселені кезінде кейінге қалдырған едік. Қалай болғанда да, латын әліпбиі бүгінде телекоммуникациялық салаларда ба­сым­­дыққа ие болып отыр. Сондықтан да, бұрынғы кеңестік елдердің көпші­лігінің латын әліпбиіне көшуі де кез­дейсоқ емес. Мамандар осы мәселені зерт­теп, нақты ұсыныстар жасауы тиіс», – деген еді Ұлт Көшбасшысы. Ал, арада алты жыл өткеннен кейін Елбасы тағы да бұл тақырыпқа қайта оралып, «2025 жылы Қазақстан латын әліпбиіне көшеді», – деп нақтылап айтуы еліміз жұртшылығының көптен күтіп жүрген көңіл түкпіріндегі күпті ойы еді. Қазірде біздің елімізде латын жазуына көшуге байланысты барлық мүмкіндіктер, қажетті алғышарттар жасалған деп айтуға болады. Өйткені, бұл мәселені Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы, республикамыздың зиялы қауым өкілдері, тілтанушы, саясаттанушы ғалымдарымыз бен ғылым-білім саласының мамандары 1990 жылдардан бері келелі әңгіменің өзегі етіп келеді. Аталған Халықаралық қоғамның негізін қалаған белгілі тілші ғалым, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Қайдар ағамыздың латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуының арнайы үлгісін де жасап, мерзімді баспасөз арқылы ел назарына ұсынғаны жадымызда. Сол кездердегі және қазіргі ресми талқылауларда, әрине, қарсы пікір айт­шылар да болмай қалған жоқ. Бірақ, халықтың басым көпшілігінің жаңа латын әліпбиіне көшуді қолдайтыны ашық байқалды. Осыған байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында латын жазуына орай көптеген ұтымды ұсыныстар айтылып, нақтылы іс-шаралар белгілеу жолдары, дәлелді ойлар мен пайдалы пікірлер мейлінше жеткілікті жазылды. Өйткені, қазіргі заманның соңғы технологиялық жетіс­тіктері, барлық ақпараттық-комму­ни­ка­тивтік байланыс құралдарының желісі латын әліпбиіне негізделгеніне ел-жұрттың көзі жетті. Бүгінде халықаралық ұялы байланыс жүйесіндегі қысқа түрдегі жазбаша мәтінді хабарлар алмасу қызметі де латын жазуымен ел тұрғындарының күнделікті тұрмысына еріксіз енді. Бұл өскелең өмір­дің қажеттілігі мен биік талабынан туындап отырған жағдай екені әмбеге аян. Осы аталған жайттардың бәрі елімізде латын қарпіне көшудің алғышарттары жасалғанын көрсетеді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­гогикалық университетінде жақын­да өткен латын графикасына көшу мәсе­лелеріне арналған басқосуда А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты ресми өкілінің былай дегені бар: «2007 жылдан бері осы мәселе бойынша жинақталған сұрақтардың жауабын таптық. Қазір түркітілдес мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, ғалымдарын шақырып, комиссия құру керек деп жиі айтылып жүр. Тіл білімі институты шетел тәжірибесінің оң-солын зерделеп шықты. Бізге осы тәжірибені пайдалану керек, себебі басқа ұлттың ғалымы бізге әліпби жасап бере алмайды. Отандық тілтанушыларға әліпби таң­дауға басымдық берілуі тиіс деп ойлаймын. Әліпбиді тіл мамандары жасайды. Алфавит жасауды идеологиямен, саясатпен, экономикамен байланыстырудың қажеті жоқ. Әліпби ұлттық мәселелердің барлығын шешпейді. Дегенмен, тіл мәселесін шешкен соң, қалған шаруалар өздері-ақ реттеледі. Сондықтан, қазіргі кезеңде бұл – таза лингвистикалық проб­лема». Ал, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақовтың мына сөзінің де жаны бар. «Меніңше, түркі тілдес халықтардың әліпбиін ескерген жөн, – дейді ол. – 90-шы жылдарға дейін біз, мәселен, өзбектермен, түрікмен, әзірбайжандармен де еркін сөйлесіп, жазуларын еркін оқи беретін едік. Қазір олардың жазуын онша оқи алмаймыз. 1924 жылға дейін бір халық болдық, еркін түсіністік. Қазір түркі халықтары бөлініп кеткендіктен, бір-бірімізден алшақтап бара жатырмыз. Жаһандану дәуірінде ағылшынға ауып кетпей, түркілердің ортақ әліпбиін сақтап қалған жөн. Жоқ сөздерді бір-бірімізден алайық. Рухани жаң­ғырудың бір жолы – осы. Кезінде түр­кітілдес алты елдің 34 әріптен тұратын ортақ әліпбиін жасағанбыз. Екі таңбаны қосып немесе алып тастауға болады. Сонда, бір-біріміздің еңбектерімізді еркін оқи аламыз. Алдымен қазақ сөздерін, одан кейін түркі сөздерін, содан кейін ғана ағылшын сөздерін алу керек. Түркі тілдес елдер – біздің таянышымыз». Қалай дегенде де, әліпби ауыстырарда ана тіліміздің жалынды жанашыры болған ұлт руханиятының көшбасшысы, тілтанушы-реформатор, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының: «...Әліпби деген тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жинағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы...», – деген басты талабын есте берік ұстағанымыз абзал. Өйткені, қазіргі кезеңде латын әліпбиі ұлы ағартушы ескерткен өз заманындағы өнер құралдарына (қазіргі кезеңде «ақпараттық-технология құралдары» деп ұғуыңызға болады – Б.С.) орнатуға ыңғайлы келіп тұр. Елбасы ұсынып отырған екінші жоба – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы. Осы жоба бойынша тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мә­дениеттану сияқты гуманитарлық ғы­лымдардың бағыттары бойынша әлемдегі ең таңдаулы 100 оқулық әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, жастарға дү­ниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалады. Тіпті, 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттер осы оқулықтармен оқытыла бастайтыны көңілге қуаныш ұялатады. «100 оқулық» бағдарламасы бойынша жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім беретін болсақ, білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлауға қол жеткізуге мүмкіндік аламыз. Жіктеп айтар болсақ, әлем елдерінің ең таңдаулы оқулығын оқыту арқылы студенттеріміздің дүниетанымы кеңейіп, жаһандық өркениеттен хабары арта түсетіні сөзсіз. Бұл іске еліміздің қарашаңырақ жоғары оқу орны – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жаңадан тағайындалған ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев бастаған жетекші ғалымдары да жаңа серпінмен белсене атсалысуға бекініп отыр. Елбасы ұсынған үшінші міндет: «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру. Біз отбасында, балабақшада, мектеп пен жоғары оқу орындарында жастарымыздың бойында туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіре отырып тәрбиелесек, күні ертең олар туған елін де, Отанын да қадірлеп, қастерлейтін жанашыр ұрпақ болып қалыптасары сөзсіз. Өйткені, «Туған жер» бағдарламасы жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған өміршең құжат болып табылады. Сондықтан кәсіптік және орта мектеп те, жоғары оқу орындары да алдағы уақытта осы құжатты жүзеге асыруға жұмылуы тиіс. Президент Н.Ә.Назарбаев осы еңбегінде «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, халықтың санасына одан да маңыздырақ әсер ететін – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз қажеттігін ескертіп, ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы әзірленуі керектігін айтты. «Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі, – деді Елбасы. – Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы даланың көз жеткісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз өз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз». Осылай деген Елбасы мәселе тек еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрмағанын, мұндағы негізгі идеяның түп-төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейтінін ескертті. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтынын еске салды. Меніңше, бұл өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Өйткені, еліміздің қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – қаншама ғасыр өтсе де бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын мәдени құндылықтар болып табылатыны сөзсіз. Егер де, Елбасы ұсынған бұл жоба жүзеге асырылатын болса біздің талантты буын ұрпақтарымыз Қазақстанның қасиетті жерлерін біліп өсіп, онымен мақтанып қана қоймай, қазақ халқының ежелгі тарихынан, мәдениетінен терең білім алатыны, өзінің қазақ болып туғанына қуанатыны айдан анық мәселе. «Қазақта бұрын мемлекет болмаған, мәдениет, өркениет болмаған» сұрқұлтайша сайрайтын жатжерліктер де біздің қандай халық болғанымызды осыған қарап ойланар еді. Біз шынында да өзіміздің ертеден келе жатқан көне тайпа, сан мыңдаған жылдарға куә болған ежелгі халық екенімізді әлі күнге әлемге таныта алмай келе жатқан халықпыз. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жасалатын болса, сол бойынша шетелдік туристер елімізге саяхаттап, келіп жатса, қазақ елін, оның қалыптасу тарихын шетелдіктер де жете тани түсер еді. «Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек»,– дейді Н.Ә.Назарбаев аталған мақаласында. Елбасы бұл жобаның да негізгі мақсаттарын көрсетіп берді. Алдымен, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі керек. Ол ұлттық рухани құндылықтарымыз негізінде бүгінгі қазақстандықтар жасаған жаңа мәдениет болуы тиіс. Сондықтан мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың жаңа тәсілдерін ойластырған абзал және мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде ғана емес, әртүрлі осы заманғы мультимедиялық тәсілдермен де таралғаны жөн. Ол үшін біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек. Ұлттық мәдениеттің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныс­тыру рәсімдері өткізіледі. Елбасының бұл идеялары мен ұсыныстары, шын мәнінде, қазақ елін әлемге мойындатудың басты бағдары болып табылатыны даусыз. Тарихы мен мәдениеті тереңнен тамыр тартқан қазақтардың әлем өркениетінде өз орны барын дәлелдеп шықсақ қана біз нағыз Қазақ Елі – Мәңгілік Ел боламыз. Елбасы ұсынған жобаларды жүзеге асыруға ғалымдарымыз, зерттеушілеріміз, жазушыларымыз, өнер қайраткерлері, тіпті бүкіл зиялы қауым атсалысып жатса мақсатымызға тез жетеріміз анық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ел болып, жұрт болып жұмылсақ алар асуымыз оңай еңсерілмек. Түйіндеп айтқанда, Елбасының «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты өмірлік мәні зор, терең философиялық еңбегіндегі ұсыныстары мен кеңестері Қазақстанның үшінші жаңғыруы кезеңінде халқымыздың ұлттық сана-сезімін биік деңгейге көтеру арқылы Мәңгілік Елдің мәңгілік ұрпақтарын тәрбиелеу, қалыптастыру ниетінен туындаған шынайы жанашырлық көзқарастың, нағыз патриоттық сезімнің айғағы деуге болады.

1141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз