• Ұлттану
  • 05 Қазан, 2012

Ықылас Дүкенұлының «Жез киік» күйі

Қобыз өнерінің пірі, халық күйшісі Ықылас Дүкенұлы шығармашылығының қалыптасуына эпостық жырлардың, аңыз-әңгімелердің, ертегілердің, тарихи оқиғалардың ықпалы зор болды. Күйші жастайынан өте бай рухани ортада тәрбиеленіп, өзінің ерекше дарындылығының арқасында ауызекі түрде дамыған бай дәстүрлі халық фольклорын өзінің бойына сіңіре білді. Ол Жанақ пен Шөже, шертпе күйлерінің шеберлері Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай өнерін тамашалап, жоғары бағалап, олардың шеберлігіне құмартқан екен. Сонымен қатар, Ықылас бақсы сарындарын жаңашыл жолмен өрбітіп, көркемдеп, кәсіби тұрғыда халықтық жолмен дамытты. Пайымдауымызша, Ықыластың классиктік деңгейге көтерілуіне Қорқыттан бастап, өзіне дейінгі қазақ даласындағы аттары аңызға айналған қобызшы өнерпаздардың тәжірибесін жинақтап, көркемдік биіктікке көтеріп, қорытуының нәтижесі. Бүгінгі таңда бізге жеткен күйшінің он алты күйінен басқа туындылары да болуы мүмкін. Композитор шығармаларының тақырыптық байлығы («Ерден», «Айрауықтың ащы зары», «Жолаушының қоңыр күйі»), терең философиялық («Кертолғау», «Шыңырау»), халық өмірінің айнасы болған күйлері («Бес төре», «Жарым патша») белгілі. Ал, «Жез киік», «Аққу» туындылары ғашықтық сезімге толы лирикалық күйлер болып жіктелді. Осы тұрғыда Ықылас Дүкенұлының «Жез киік» күйі – қазіргі заманғы қобыз музыкасының көркемдік құндылық тұрғысынан шоқтығы биік үлгілерінің бірі. Халық жадында, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жеткен туынды айрықша сюжеттік және музыкалық семантикасымен қызықтырады.  Күй атаулының дүниеге келтіретін себептің баршасы халық санасында күй аңызы түрінде сақталып, таралып отырғаны белгілі. Бұл жөнінде ака­демик А.Жұбанов: «Жез киікке» арна­ған күйінде композитор өз ойын, сезі­мін бейнелейді. ...оптимистік ша­быт­қа толы күй. Күйді тыңдағанда оның ме­лодиялық сазының басынан ая­ғы­на дейін ширағы және сымбатты болып келетініне... өмірге деген сүйіс­пеншілігіне бас иген автордың таланты» – деп еді [1, 263 б.]. Музыкатануға ортақ әдістің халықтың дәстүрлі музыкасын зерттеуге қолданғанда келелі шешім беретіндігі белгілі. Орталық Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерінің мәдениетін зерттеуші Т. Б. Гафурбеков: «В профессиональной музыке письмен­ной традиции название дается произве­дению из сознательного желания конкретизировать замысел, в силу чего оно по функции равнозначно программе. В устной музыкальной культуре конкретизация музыкального замысла не всегда находит отражение в названии. Оснавная функция названия в устной культуре – указательная. Совмещение двух функции – программной и указательной – происходит не всегда, отсюда столь многочисленны случаи, когда очень трудно найти в музыкальной ткани кюя отражение названия» [2, 15 б.], – дейді. Ал, күйдің аңызына байланысты: «Легенды, сопровождающие кюй, так же как и названия не всегда можно считать программной. Среди них множество таких, которые являются историей создания кюя, их конкретно-бытовой характер не согласуется с общим характером общей инструментальной музыки казахов, в которой многие исследователи справедливо видят искусство высокого обобщения подобных легенд о создании кюя вполне объяснимо, если учесть нерасчлененность форм духовной деятельности в феодальную эпоху, что привело к тому, что сама музыка и стихийные попытки ее осознания» [2, 19 б.] деп жазады. Ғалымның осы ойы Ықылас Дүкенұлының «Жез киік» атты күйіне қатысты шығарманың аты мен музыкасына байланысты көптеген шешімін табуды талап ететін сұрақтарды туындатып отыр. Біріншіден күй – бүгінгі таңдағы қобыз өнерінің ең асыл, құнды шығармалардың бірі. Ал, екінші, оның этнофондық сипаты мен күйдің аталуында алшақтық бар секілді. Киік сөзінің этимологиясын қарас­тырып, күйдің генезисін ашуда түсіндірме сөздікте мынандай ұғымдар кездеседі: «киік» – айыр тұяқты, ешкіге ұқсас, жабайы, тағы аң, «киіктің асығындай» – ықшам, кішкене, «киік кеней» – киіктің асығы, «киік желін», – емшегі киіктің желініндей, «киік емшек», – сүтті ем­шек, «бала киік» – жас киік, «киік мүйіз­ді» – мүйізі киіктің мүйізіндей, «киік сирақ» – сабы киіктің сирағынан жа­салған, «кісі киік» – ешкіммен жақын­даспайтын, адамға үйір емес [3, 256 б.] Жазушы-композитор Илья Жақанов өзінің Ықыластың жастық шағы туралы повесінде қобызшының аспап арқылы дүние сырын біліп, замана сырын жырлауды мақсат тұтқан кезін суреттейді. Тал бойына даналық пен ақылдылықты терең сіңіріп, адам жанын күй құдыретімен емдеп жүрген кезінде Қоңыр төренің қызы Айкүміске алғашқы пәк сезімі оянып, көкірегіндегі шынайы құштар көңілі кітапта былай бейнеленеді: «Төрелердің соры қыздарында! Аппақ сүйегін біз қорлайды екенбіз. Не дейін Ықылас? Айға қол созған бір сәбисің сен. Сенде не қайран бар? Дариға-ай, бұл дүниеге неге келдім, Келдім де бір жемтіктің соңына ердім...– дүниеге келген жақсы, келмеген одан да жақ­сы! Қобызыңнан, қобызыңның үнінен, ессіз тілегіңнен айналдым, Ықылас! Қолыңнан түк келмесе, Құдайменденің мына қара суына батыр да кете баршы! Мен де тынайын, сен де жоқ жерден әлекке түспе!» [4, 74 б.]. Бұл жас Ықыластың Қоңыр төренің Айкүміс атты қызымен арасындағы махаббаттың «ел-жұрт азулыға жем болып, арсыздың табан астында тапталып, қор болып, қажыған» кезінде жалындаған сәті еді. Әрине, Арқаның мыңғыраған малының арқасында биліктің тұтқасына қолы жеткен төренің аппақ сүйегінің қызын адам жанын күй құдыретімен тазартып, емдеп, қазақ даласын тербеп отырған күйші болса да, бірақ, сіңірі шыққан кедей Ықыласпен ешкім өз қанын шатастырғалы жоқ. Сөйтіп, өмір өз кезімен өте берді. Айкүміс бір келесау біреудің соңына еріп, ал Ықылас қобыздың тылсым шектері мен ысқыштың мол мүмкіншіліктерінің сырын ашып, өз халқын күй құдыретінің күшіне сендіріп, қайталанбас туындыларын бірінен соң бірін еліне сыйлап отырды.. Күйші ару Айкүміспен үш жылдан соң мынандай сәтте кездесті: «...Бір кезде оң жағынан бір боз төбелердің арасынан жан ұшырған үрейлі айқай, айқай емес, жер мен көкті қалтыратып бақырған әйел дауысы шықты. Аңырып тоқтай қалысты. ... анадайдан сорайып көрінген жалғыз құлпытасты құшақтап, аңыраған ақ көйлекті, шашы жалбыраған әйелді екі жігіт жұлқылап жатыр. Мына сұмдықты көріп шыдау мүмкін емес еді. Олар ескі бейіт басына келді. ...күн жеп, жел мүжіген боз құлпытасты құшып, өкірген жас әйелдің бет-аузы көгеріп, қос етек ақ бәтес көйлегінің парша-паршасы шыққан. Білектері балтырларына дыз етіп тиіп, шоқтай күйдіріп, осып жатқан қамшы ізінен қан шапшыды. ...Заматта көз алды түнек боп, дүние шыр көбелек айнала беріп, Ықылас аттан құлап түсті... Ықылас көзін ашқанда батыс жақ қан қызыл боп өртеніп, күн де ұясына батыпты. Әкесі басын көтеріп, өбектей құшақтап, үнсіз түнеріп отыр. Сол, сол Айкүміс! ...Есіл Айкүміс арудың бұл дүниелік болмай қалғанын Ықылас сонда ғана білді. Айкүміспен шын қоштасу, мәңгі қоштасу сол жолы ғана болды... Айкүміс зары Ықылас жүрегіне шемен болып қатты» [4, 80 б.]. Күйдің құрылымын классикалық рондо пішініне жатқызатын болсақ, мынандай формула құруға болады: А+А1+В +А2+С+В2 +С2+А3 Ықылас Дүкенұлының «Жез киік» күйінің негізгі әуендік тірегі ІІІ-ІV-V сатылар бойынша жоғары бағытта әуендетілетін дыбыстық құрылым. Екі тактылы кіріспеден кейін үлес салмағы синкопаланып келген негізгі музыкалық әуен басталады. Айта кететін жағдай, осы ІІІ-ІV-V сатылар күйдің даму бойында әртүрлі ырғақтық, өлшемдік, әуендік, әуездік трансформациялануға ұшыраған күй желісінің негізгі мәйегі бола тұра, әртүрлі ырғақтық, өлшемдік, әуендік, әуездік өзгерістерге ұшырасады. Ал, өзінің терциялық үндік қашықтығы мұнда канондық түрде сақталады. Ысқыш бойының мол сырын ашқан Ықылас, бір дыбысты қайталау әдіспен динамикалық тәсілдердің жаңаша жолдарын тапты. Бірте-бірте лақылдап шыққан дыбыс жан-дүниеге эффектілі әсер береді. Күйшінің бұл жаңалығы: Әлсіз, синкопалық «ля» дыбысы 13 такты бойына қайталанып, күйдің бірінші бөлімінен бастап өзінің үстемдігін айқындағандай әсер етеді. Үш дыбыстан құрылатын негізгі әуен бір­неше нұсқаулық өзгерістерге ұшы­райды деп жоғарыда айтылғандай, 18 тактідегі 1 тактылы кіріспеден кейін шең­берлене, соль-фа дыбыстарына негіз­делген әуен желісі өрбиді ІV-V сатылардың функциялары ны­ғайып, бірте-бірте күй желісі ІІІ-V сатыларға ауысады. Күй құрылымындағы негізгі тірек ретінде келтіріліп отырған ля дыбысы әртүрлі ұсақ ырғақтық өзгерістерге ұшырап, 8 рет бірқалыпты қайталанғаннан кейін триоль-дуоль ырғағы іріленеді. Бұл ырғақ шеберлікті талап ететін орындаушылық тәсілдерінің бірі. Күйші-орындаушы саусақ жүргектігімен қатар ысқышты шек бойында орынды түрде пайдалана білуі қажет: Сатылана келе кварта, квинта қашық­тығына төмендейді, қайтып алғашқы қалыбына келеді (екінші октаваның ля дыбысы). 30-тактіде ІІІ сатыдағы фермато белгісі қобыз күйлеріне тән монокаданстық аяқталу түрінің белгісі: №36 Жоғары, төмен бағыттағы монока­данстық дыбыс иірімдері екі такты қайталанғаннан кейін, миксолидиялық ладта күй әуені әуездік-ырғақтық өзге­ріске түсіп және алғашқы әуеннің транс­формацияланған айналым көрінісін кескіндейді (зеркальное отражение). Күйдің әр бөлімі ре-ля квинталық бурдонмен көмкеріліп, (осы дыбыстылық бөлімнің соңын және келесі бөлімнің басы міндетін атқарады. ІІ-ІІІ-ІІ-ІV сатыларда бос шек, қос шекпен иірімделіп, негізгі ля дыбысы трельдермен (орындаушылық тәсіл) әрлене, кадансқа тіреледі: Осы каданс екі рет қайталанғаннан кейін, шығармада бара-бара жаңа бір өте көркем, сұлу эпизод туындайды. Мұнда формулалық мотив фа-соль-ля вариантты түрде өзгеріп, әшекейленеді. Күйдің тірегі дыбысында ырғақтық, штрих­тық өзгерістер енеді. Мартеле, стаккато штрих­тары – туындының виртуозды сипатын айқын­дайды. Аспапты музыканы зерттеуші Ә.Мұхам­бетованың пайымдауы бойынша күй соңында аяқтау-кадансы пайда болады [5, 108]. №42 10 тактіге созылған каданс, домбыра аспа­бын­дағы даму әдістеріндей, оның шырқау шыңы – сағаға жетеді. Күй әуені триоль-дуоль ыр­ғақтарына ұсақталып, миксолидиялық лад бөлімі қайталанып, тоқталу (люфттік белгілер), трель, дыбыс екпіні үдетіле түсіп, мазмұны тереңдетіледі. «Жез киіктің» соңында VІІ, ІV сатылар әртүрлі ырғақтағы дыбыс иірімдерінің тірегі міндетін атқарады. Қоңыр үнмен алынған фа дыбысының миксолидиялық бояумен безендірілуі – қобыз күйлер каданстарына тән қасиет. Осылай, Ықылас Дүкенұлы Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, қобыз күйлерін классикалық деңгейге көтере алды. Оның «Жез киік» күйі ғашықтық сезімді білдіретін лирикалық күй екені белгілі болды. Яғни, Ықылас шығармашылығында қобыз өнері өзіндік жанр, стиль ретінде айқындалып, аспап мүмкіншілігін өз қолтаңбасының арқа­сында жоғары дәрежеге көтергені тарихи шындық деп қорытындылағымыз келеді. Күйші шығармалары қазақтың музыкалық мәдениетінде күрделі жанр, формаға ұласып, композитор, орындаушылар, дирижерлардың шығармашылығына шабыт беріп, қуаттандырып келеді. Ұлы қобызшының туындылары концерттік сахнада жиі орындалып, тыңдаушылар сүйіспеншілігіне бөленуде. Ықылас күйлерін Халықаралық конкурстардың лауреаттары, дипломанттары (Ә.Қазақпай, С.Медеубек, С.Ақмолда, Ж.Жетпісова, Р.Оразбаева, Е.Мырзалиев және т.б.) асқан шеберлікпен орындап келеді. Қорыта келгенде, Ықылас Дүкенұлы мұрасы ұлттық мәдениетіміздің сарқылмас өзегі болуда. Айгүл Ерғалиева өнертану кандидаты, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР: Жұбанов А. Ғасырлар пернесі. – Алматы: Дайк-пресс, 2002. – 400 б. Гафурбеков Т. Творческие ресурсы национальной монодии и их преломление в узбекской советской музыке: автореф. ... докт. иск. – М.: 1989. – 46 с. 3. Жақанов И. Ықылас. – Алматы: Өнер, 1990. – 256 б. 4. Қасқабасов С. А. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 242 б. 5. Мухамбетова А. Казахский кюй. – Алматы: Дайк-пресс, 2002. – 208 с. Kobyz іs an ancіent musіcal іnstrument. Korkyt (VІІІ-ІX c.) іs a founder of kobyz musіc. Thanks to the outstandіng talent of a great kuіshі, classіc of kobyz musіc Ykhlas Dukenuly many legends, tales etc. have got іndіvіdual musіcal self expressіon. Folklore talent was not only genіus performer but also a composer who іn hіs musіc has revealed іn a new way the content, plot lіne, іmage cіrcle. Іn hіs creatіve works he has enrіched metro-rythm and melodіc –іntonatіon structure of kuіs gіvіng them a form of completed musіcal works.

4769 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз