• Ұлттану
  • 05 Қазан, 2012

Қобызшы Фатима Балғаева

ХХ ғасырдың 1930-шы жылдары барша­мызға белгілі – ұлттық өнерімізде үлкен өз­герістер бола бастады. Бас қалаларда музыка мектептерінің іргетасы қаланып, театр, филармония, консерватория ашылуға алғы шарттары қалыптасты. Жаңа қоғамның саяси және әлеуметтік өзгерістермен байланысты, елімізде халық аспаптар оркестрі құрыла бастады. Бұл орайда дәстүрлі өнердің дамуы халық арасында өткізілген түрлі сайыстармен слёттер, сондай-ақ, халық шығармашылығының онкүндіктері, ұлттық музыка жинақтау экспедициялары, фольклорлық кабинеті мен халық аспаптар оркестрінің ашылуы сияқты шаралармен жалғасып отырды. Жүргізген шаралардың мақсаттары – дәстүрлі музыканың үлгілерін белгілеу, аспаптық орындаушылықты жаңа оркестрлік формаға енгізіп, концерттерге қатыстыру арқылы дарынды өнер қайраткерлерін тәрбиелеуге бағытталды. Бұл жағдай дәстүрлі өнердің идеологиялық шырмауға түскенін және оның өз заманына сай жаңа көзқарасқа ие болғанын көрсетті. Ұлттық оркестрдің негізін қалаушы, көр­кемдік жетекшісі және алғашқы дирижёры, академик, өнертану ғылымының докторы, ҚазССР-ның халық әртісі, профессор Ахмет Жұбанов болды. Ол домбыра мен қобызды тарту өнерінің тек ұлттық шеңберде қалып қоймай, еуропалық мәдениеттің жақсы жақтарын бойына сіңіріп, жан-жақты жетілуіне ықпал етіп, дәстүрлі музыка қызметінің жаңа түрлерінің пайда болуына жол ашты. Халық оркестріне жан жақтан жиналған орындаушылар өздерімен бірге халықтың домбыра мен қобызда орындау мектептерін алып келді. Заман ағымына, уақыт талабына орай, осы ғасырдың отызыншы жылдары еліміз Еуропалық мәдениетке еліктіруге бет бұрды. Соның нәтижесінде алғашқы оркестр құрылған шақта, қобыздың жаңа түрлері пайда бола бас­тап, көне аспап жаңғырту жолдарына түсті. Қыл қобыздың дыбыс беру әдісін табу, оны белгілі бір заңдылыққа жеткізіп қалыптастыру мәселесі тез арада шешіліп жасала қоймағаны анық. Қобыз сияқты құпиясы көп, жасырын сыры мол, күрделі аспапты өзгертіп, жаңа қобыз жасау үшін қаншама уақыт керек болды. Осылайша, дауысы жоғары, дыбыс бояуы қобыз бен скрипканың үнаралығындағы жаңа аспап – үш ішекті сым қобыз сахналық өмірге келді. Нәтижесінде жылқы қылы тағылған екі ішектің орнына, үш қатар скрипка ішектері тағылып, жаңартылған қобыздың дыбысы күшейе түсті, оны прима қобыз немесе сым қобыз деп атады. Жаңартылған үш ішекті қобызды шебер игерген, сол арқылы музыка өнерін жан-жақты насихаттауда елеулі үлесін қосқан, халқымыздың біртуар қыздарының бірі, қобызшы – Фатима Жұмағұлқызы Балғаева (1927-2005) 1927 жылы 5 мамырда Шымкент облысының Қызылбастау аулында дүниеге келді. 1928 жылы Балғаевтар отбасы Алматы қаласына көшіп келді. Жас кезінен-ақ Ф.Балғаева бай музыкалық ортада өсті. Сондықтан, музыка өнерін үлкен қызығушылықпен бойына сіңірді. 1942 жылы Ф.Балғаева Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясындағы қазақ халық аспаптары оркестріне үйренуші ретінде қабылданды. Бұл кезде 15 жасар Фатиманың алғашқы үлкен өнердің есігін ашуы еді. Алғашында домбырашы Науша Бөкейхановтың шәкірті болып, кейіннен Республикаға танымал домбырашы Қали Жантілеуовтен дәріс алды. Ұстазы Қ.Жантілеуовпен бірге оркестрде бірінші пультте отырды. Екі-үш жылдың ішінде домбыраны жетік меңгерген Ф.Балғаеваның жүрек түкпірінде жасырынған өзгеше мақсаты бар еді. Ол оркестр құрамындағы әйгілі қобызшы Жаппас Қаламбаев пен Гүлнафис Баязитованың қобыз аспабында ойнауына қатты әуестенетін. Әсіресе, қобыз ойнау әдіс-тәсілі, аспаптан төгілген әдемі ғажап үні, Балғаеваны еріксіз баурап, оның ішкі жан-дүниесі осы аспабын таңдауға итермеледі. Мұны дер кезінде сезген Ж.Қаламбаев, Фатимаға қобыз ойнауды үйретуге жалықпады. Ал, Балғаева аз уақыт ішінде күрделі аспапты тез меңгеріп алды. Осылайша сым қобызшы өзінің кәсіби музыкалық еңбек жолын Құрманғазы оркестрінде бастады. Өзінің музыка өнеріне деген алғашқы қадамын қалыптастырған ұжым – Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде, оның мүшесі, кейіннен қобызшылар тобының жетекшісі әрі жеке орындаушысы ретінде 22 жыл бойы қажырлы еңбек етті. 1944 жылдың 24 шілдесінде Алматы қаласында Құрманғазы атындағы консерватория ашылып, 1945 жылдың қыркүйегінде халық аспаптары бөлімінде алғашқы сабақтар басталды. Бұл бөлімнің құрылуы академик, ғалым, сазгер Ахмет Жұбанов тікелей еңбегінің арқасы екені белгілі. Сол жылдары Ф.Балғаева өз қабілетін жоғары біліммен ұштастырмақ ниетімен жаңадан ашылған Құрманғазы атындағы консерваторияның қобыз сыныбына оқуға түседі. Сол кезде Петербург консерваториясының профессоры А.С.Ауэрдың шәкірті, белгілі скрипкашы И.А.Лесман А.Жұбановтың өтініші бойынша скрипкамен қатар қобыз сыныбында да дәріс жүргізді. И.А. Лесманнан алған сабақтарын еске алып Ф.Балғаева ол туралы өте жылы жазады. Беделі биік ұлағатты ұстаз, сабақ беру мәдениеті, көркемдік талғамы маған үлкен әсер етті. Білгірлігінен басқа талапшылығы жоғары болды. Осы кісінің арқасында, аз уақыттын ішінде мен үлкен жетістіктерге жеттім [1]. Ф.Балғаева жоғарыда мінездеген скрипкашы Лесманнан сабақ алғаны кәсіби маман ретінде қалыптасуына зор ықпалын тигізді. Ұлағатты ұстаз қобызшыларға сабақ бере жүріп, скрипкашылардың озық әдістемелерін, жинақтары мен өзінің педагогикалық мол тәжірибесін пайданала отырып «Қобыз үйрену мектебі» және «Техникалық жаттығулар» атты еңбектерін жазып шығарды. Оның жоғары мәдениеттік терең білімі, Ф.Балғаеваның маман ретінде қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. И.А.Лесман қобызшыны жеке орындаушылықпен қатар, ансамбльмен бірге орындауға да баулыды. Ф.Балғаева кәсіби педагогикалық орданың бірінші кірпішін қалаған «пионер» атанған ұстазына ризашылығын білдіріп өтті. Ұстазы оған ансамбльмен бірге қосылып ойнауды, нақты интонацияны тауып жоғары, кәсіби музыкалық көзқарастың қалыптасуына зор септігін тигізді. Ұлттық оркестр құрылған шақта, қобызға арналған бірде-бір оқу құрал немесе арнайы шығармалар жоқ еді. Осы аспапқа арналған алғашқы шығармаларды Қазақстан композиторлары А.Жұбанов, М.Төлебаев, Л.Хамиди, Е.Брусиловский, С.И. Шабельский жазды. Ал Фатима Балғаева жаңа үш ішекті қобызға арналған ұлттық классикалық шығармаларды жоғары кәсіби шеберлікпен бірінші болып ойнаған қобызшы. Әрине, жаңадан музыка өнріне келген үш ішекті сым қобызға сол уақытта арналған әдістемелік құралдар мен Қазақстан композиторларының шығармалары жоқ кезі еді. Ал, Фатима болса өз өнерімен осы кәсіби жаңа қобызға композиторлардың қызығушылығын тудырғаны рас. Нәтижесінде, композиторлардың ішінде ең бірінші болып Ахмет Жұбанов «Қобызға арналған бес пьесасын» жарыққа шығарды. Оның ішіне «Ария», «Романс», «Көктем», «Жез-киік», «Вальс» атты шығармалары кірді. Композитор мұнда қобыз бен фортопьяноға өңдеудің өзгеше тәсілдерін тапты. Содан кейін, Қазақстан композиторлары қобызға арнап қазақ күйлері мен әндерді, шағын пьесалар мен шығармаларды шығара бастады. Осылайша жаңа туындыларды бірінші болып қобызшы Ф.Балғаева орындады. Осыған дәлел музыкатанушы С.Райымбергенованың сөзін келтіруге болады: «Ее исполнительская деятельность, мастерство и вертуозность побудили многих видных композиторов Казахстана писать музыку именно для кобыза – А.Жубанова, Л.Хамиди, Е.Брусиловского, М.Койшыбаева, С.Мухамеджанова, К.Кумисбекова и других» [2]. А.Жұбановтың аспапты-камералық туындылардың ішінде «Қобызға арналған бес пьесасы» үздік болып табылады. Фортепьяноның сүйемелдеуімен орындалатын туындыларда композитордың әуендік дарыны, музыкасының лирикалық табиғаты кеңінен ашылды. Әсіресе, «Көктем» мен «Арияда» анық көрініс тапқан. Пьесалардың әуені әсем, әрдайым үні жаңаша шығып, әуендік тыныстары кеңейе түседі. 1950 жылы Ф.Балғаева консерваторияны бітіріп, халық аспаптар оркестрінде сым қобызшылар тобының концертмейстері болып көп жылдары елеулі еңбегін сіңірді. Сонымен қатар, ұстаздық, орындаушылық және ғылыми еңбек жолдарын нәтижелі жүргізе білді.Оның өміріндегі ерекше атап өтетін оқиғалар: – бүкіл дүниежүзілік жастар мен студенттердің фестивальдерінде: Берлинде (1951 ж.), Бухаресте (1953 ж.) және Мәскеуде (1957 ж.) қобызда жеке ойнап, лауреат атағына иеленуі. Берлинде өтетін халықаралық байқауға қатысу үшін А.Жұбанов арнайы «Көктем» атты пьесасын жазды. Композитордың бұл шығармасында табиғат сұлулығы мен адамның жан дүниесін тіршілік ләззатқа бөлейтін көктем көрінісінің әдемі әсері берілген. Қуанышты әсем шығарма, вальс жанырында суреттелген. Осындай сипатта жазылған «Көктем» шығармасын Балғаева жан тебіренісімен, аспаптың шуақтай төгілген әуенімен тыңдаушыларының жүректеріне жеткізе орындап бірден баурап алды. Қонсерваторияның түлегі, қазір ДМШ № 1 А.Қашаубаев атындағы мектептің директоры С.Райымбергенова Балғаеваны еске алып осындай пікір білдіреді: «У каждого своя судьба, но у первого выпуска отделения народных инструментов Алматинской консерватории вся жизнь была предопределена. Шесть выпускников, шесть выдающихся личностей – Ш.Кажгалиев, Ф.Балгаева, Б.Сарыбаев, Ф.Мансуров, Х.Тастанов К.Мухитов.посвятили всю свою жизнь развитию казахстанской культуры. Главная особенность их труда – это работа над профессионализмом, оттачиванием исполнительской культуры. Когда смотришь на творческий путь Ф.Балгаевой, то понимаешь, что это была счастливая судьба избранных людей: быть первой красавицей, быть первой выпускницей консерватории, первой Лауреаткой Всемирного фестиваля молодёжи в Берлине, быть концертмейстером оркестра, первой пробовать новые кобызы и усовершенствовать исполнительские приемы игры на реконструированных инструментах, быть первым исполнителем многочисленных переложений и новых сочинений для кобыза. У Фатимы был исполнительский дар. Она была настоящим художником, когда она играла, то невольно рождалось впечатление, что она в присутствии зрителей заново создает исполняемое произведение. Она умела одухотворить произведение своей индивидуальностью и неиссякаемой любовью к жизни. Народный кюй «Жез киік, «Былқылдақ», песня Абая «Айттым сәлем Қаламқас», «Лебедь» Сен-Санса, «Итальянская полька» Рахманинова в ее исполнении обрели новую жизнь, потому что для нее, каждая интерпретация это был поиск звука, мягкого интонирования, особого звукового соотношения между солирующей на кобызе мелодией и аккомпаниментом. В испонительстве для нее никогда не было мелочей, она всегда относилась к игре как истинному творчеству, она всегда пом­нила, что от ее первого исполнения зависит судьба музыкального произведения» [2]. Фатима Жұмағұлқызы қобыз өнерін бірінші болып шет елдерге таныстырып насихаттаған. Соның нәтижесінде ол Берлинде өткен фестивальда көзге түсіп, озық маман орындаушы атанды. Осы кезде оның орындаған шығармалары: Е.Брусиловский – Би, «Ер-Тарғын» операсынан, И.Брамс «№ 1 Венгір биі», П.И.Чайковский – «Мелодия». Концерттік эстрада да ол орындаған көп­теген шығармалар стилистикалық нақтылығымен, жоғары орындаушылық шеберлігімен ерек­шеленді. Осы жерде бір еске салып кететін жағдай, ол сол кездегі үш ішекті сым қобызда Ф.Балғаева виолончельдің аппликатурасымен орындайтын. Бұл тәсіл саусақтың жылдам қозғалуына біраз қиындықтар туғызатын. Сол себебтен, үш ішекті қобызда көбінесе кішігірім шығармалар ғана орындайтын. Оған қарамастан, Ф.Балғаева осы аспапты жоғары дәрежеде меңгеріп, Қазақстан композиторларының қобызға арнаған жаңа туындыларын өте әсерлі орындайтын. «1958 жылы бірінші рет Мәскеудің Үлкен театрында өткен Қазақ Республикасының әдебиеті мен мәдениеті күндерінің соңғы қорытынды концертінде, СССР халық әртісі Н.Тілендиевтың жетекшілік еткен симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен, Фатима Жұмағұлқызының жеке орындауында өнер көрсетуі, қазақ музыка өнерінің даму тарихында тұңғыш кездескен тамаша оқиға еді» – деп еске алады консерваторияның профессоры М.Кәлембева сұхбатында (20.11.07) Негізі, композиторлардың жеке аспапқа арнап жазған туындылары шебер орындаушылардың даралығына байланысты болып келетіндігі сөзсіз. Опера, симфония және кантата жанрларының негізін қалаушысы Евгений Брусиловский өзінің бай шығармашылығында ысқышты аспаптарға да арнап бірнеше туындыларды жазып шығарды. Соның ішінде қобызшы, ҚССР халық әртісі, профессор Ф.Балғаеваға 1960 жылы соната арнады. Бұл туынды үш ішекті сым қобызға арналған тұңғыш күрделі шығарманың бірі болып саналатын. Халық музыканы жетік меңгерген композитор, осы жанрды кеңінен насихаттап, ұлттық негізінде шығарған. Белгілі өнертанушы-ғалым В.С.Виноградов: «Евгений Брусиловский настолько пропитался казахской интонацией, что музыкально мыслит по-казахски» – деп ой білдірген. Сонатаның ауқымы және орындаушылық мәнерлілігі кон­церттік шығармаларға жақын, бірақ орындау мүмкіншілігі күрделі. Фатима Жұмағұлқызы тек қазақ даласының туған топырағында емес, сонымен қатар, кеңес­тер одағының көптеген қалаларында, өн­діріс орындары мен колхоз-совхоздарда, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Түркіменстан, Украина, При­бал­тика Республикаларында өнер көрсетіп, тыңдаушылардың ықыласы мен сый-құрметіне бөленді. Одақтық және Республикалық концерттік ұжымының құрамында Фатима Жұмағұлқызы көптеген шетелдерде болып, өз өнерін қалың жұртқа таныстырды. Кезінде қобыздың «падишасы» атанған ол, қазақ радиосының алтын қорына қобызда орындалған көптеген шығармаларды үнтаспаға жазды. Ол қобызға арналған шығармалардың орын­даушылық шеберліктің қалыптасуына қомақты үлес қосты. Өзінің орындаушылық мектебін қалыптастыра отырып, қобызда үйретудің әдісте­меліктерін жазып шығарды. Үлкен өнер иесі, тәжірибелі ұстаз Ф.Балғаева Алматы консерваториясының халық аспаптары кафедрасын, соңынан қобыз-баян кафедрасын 18 жылдай басқара жүріп (1970-1988), жастар арасындағы шебер орындаушыларды тәрбиелеу ісіне зор үлес қосты. Осының арқасында өнерге еңбек сіңірген көптеген қобызшы - орындаушыларды, педагогтарды, жоғары жетістіктерге жетуіне жол ашты. Сондықтан да, ол Қазақстанның кәсіби музыка мәдениетінің дамуына, қобыз мектебінің қалыптасуына зор еңбек сіңірген маман ретінде танылады. Сондай-ақ, қазақ музыка мәдениетін өркендетуіндегі жаңа жетістіктері үшін 1954 жылы Қазақ КСР-не еңбегі сіңірген әртісі атағын иеленді. Консерваторияда қызмет еткен 45-50 жылдың ішінде қобызшының сыныбынан 100-ден астам шәкірттер тәрбиеленіп шықты. Оның шәкірті, ҚР еңбегі сіңген әртісі, профессор М.Кәлембаева өз ұстазын еске аладып, өмірде өте қарапайым, жауапкершілігі мол адам еді. Оның атқарған еңбегін бір сөзбен тәмәмдау мүмкін емес. Ол еңбекқор, диапазоны кең музыкант, музыка саласында, оның дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосқан қайраткер, тәжірибелі ұстаз болатын. Ф.Балғаеваның ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдістемелік еңбектерінің де мәні зор. Қобызда үйрену әдістемелік құралдарын және бірнеше Қазақстан композиторларының қобызға арналған шығармаларын жинап, жарыққа шығарды. Құрамына көптеген шығармалар енгізілген жинақтары, жоғары оқу орындары мен музыкалық колледждерде күнделікті қажетті оқу құралдарына айналды. Қазақтың мемлекеттік консерваториясының алғашқы түлегі, көрнекті ұстаз, Қазақстан Республикасының Халық әртісі, профессор Ф.Балғаева өмірінің ақырына дейін ұстаздық қызметін жемісті атқарып келді. Калия Уразалиева, өнертану ғылымының кандидаты, КазҰӨУ доценті. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Ш.Рауандина / Народная артистка Фатима Балгаева.Алматы. 2. Қ. Намазова / Қалдырған мәңгілік із.Алматы. 3. К.Уразалиева / Ғасырлармен үндескен қобыз. Астана.

2339 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз