• Келелі кеңес
  • 15 Қараша, 2017

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ

Дина Имамбай, әлеуметтанушы

Бүгінгі таңда Қазақстанның Үшінші жаңғыруын іске асыру аясында негізгі бағыт ретінде рухани жаңғыру үдерісіне басымдық  беріліп отыр. Рухани саланы жаңғырту қоғамдық сананың деңгейіне тікелей байланысты. Сондықтан, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында сананы жаңғыртудың мазмұнын құрайтын бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлік, дамудың ұлттық моделі сынды бағыттарды белгілеп берді. Елбасы бас­тамасы бүкіл қоғамның қолдауына ие болып, мақалада айтылған стратегиялық міндеттерді орындау мақсатында түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда рухани жаңғырудың негіздері, ұлттық сананы айқындайтын бағыт-бағдарлар, ұлт­тық бірегейлікке қол жеткізудің жолдары мен жетіспей жатқан тұстары жөніндегі ой-тұжырымдарымен бөлісу үшін  журналымыздың келелі  кеңесінде философия ғылымының докторы Жақан Молдабеков, жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбаев, философия ғылымының докторы Берік Аташ және «Ақиқат» республикалық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы бас қосқан еді. Осы отырыста айтылған ғалымдар пікірін оқырман назарына ұсынамыз. 

– Қазіргі күні қоғамда Елбасы Н.Назарбаевтың «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы кеңінен талқыланып жатқаны белгілі. Мақалада айтылған әрбір бастама бойынша мемлекеттік комиссиялар құрылып, арнайы жобалар атқарылуда. Осы ретте еліміздің әрбір азаматы рухани жаңғырудың мән-мағынасын жіті аңғарып отыр ма, озық жағымыз бен кемшін тұстарымыз қайсы деген сұраққа жауап іздегіміз келеді. Жақан Молдабеков: – Жаң­ғы­рудың үшінші кезеңінде мемлекеттік деңгейде осындай іс-шаралардың өріс алуы кездейсоқ емес. Өйткені, талқыланып отырған мәселе күрделі және оның түрлі деңгейде шешімін тауып жатқан, шешімін күтіп отырған жақ­тары да бар. Қоғамда, ел арасында түр­лі пікірталастар айтылып жатыр, бұл, біріншіден, Қазақстанда қоғамдық қатынастардың қалыптасу кезеңдері, әр салада, әр өңірде, әр ортада біркелкі еместігін білдіреді. Екіншіден, соған байланысты бүгінгі Қазақстанның жетіс­тіктерін ескере отырып, ел, қоғам, мемлекет ретінде ресурсы қандай деген сұраққа жауап ізделуде. Үшіншіден, Қазақстан стратегиялық мақсаты айқын мемлекет ретінде әлемдік деңгейде мойындалды, олай болса, болашақта мемлекеттік деңгейде, ұлттық немесе кәсіби деңгейде не істеу керек деген мәселелер өзектіленбек. Бұл бар мүмкіндікті толық пайдаланбай отырғанымыз, яғни, жаңа деңгейге кө­терілуге мүмкіндігіміз бар екенінің айғағы. Дегенмен, осы бағытта не жетіспей жатыр деген сұраққа келетін болсақ, мамандар арасында түрлі көзқарас бар. Оның объективті жағдайларына терең бармай-ақ қойғанның өзінде, бір жағдайды еске салғым келеді. Қоғамдық даму деген кезде біз әлеуметтік-экономикалық немесе әлеуметтік-мәдени дамуды қоса айтамыз. Бұл нені аңғартады? Яғни, әлемдік деңгейде де, ел ішінде де салааралық, ұлтаралық, мәдениетаралық байланыстарда пайдаланбай жатқан мүмкіндіктер мол. Енді, осы «Рухани жаңғыру» кезеңінде бұрынғы және қазіргі озық тәжірибе, үлгілермен біріктіретін қандайда бір қуат көзі, бастамалар бар ма деген сұраққа жауап іздеу, терең ғылыми түсінік жетіспей жатыр. Онсыз жаңа идея туындамайды, бұрынғы идеяны қайталау орын алады. Қазір біз сондай ыңғайды байқап отырмыз. Өйткені, айтылған идеялар, ұсынылған бастамалар бар, ал, енді соларды іске асы­рудың жаңа мүмкіндіктерін, тәсілдері мен тәжірибелерін табу қоғам үшін, жеке адам үшін аса маңызды. Рухани жаңғыру дегенде, ең алдымен жеке адамға қатысты мәселелерді қозғау керек. Бұл ретте бүгінгі жеке адамның ой-өрісі қандай деген сұрақ туындайды. Ал, ой-өрістің ең үлкен өлшемі – рух, рухани күш. Яғни, өміріміздегі мәңгілік құн­дылықтардың мағынасын ашып бе­ретін бірден-бір көрсеткіш рухқа байланысты. Рух адамды жігерлендіретін, ізгі істерге бағыттайтын, бастама, қайнаркөз, құрал десек те болады. Осы ойымызды тиянақтайтын болсақ, бізде бүгін жаңа талапқа, жаңа қарқынға сәйкес білім де, жүйелі түсінік те жетіспей жатыр. Оның себебі неде? Мәселен, қазір білімге, ғылымға ұмтылу туралы айтып жатсақ та, мемлекеттік деңгейде іс-шаралар қолға алынса да, гуманитарлық білімнің деңгейі өмір талабына сәйкес емес. Яғни, гуманитарлық білім осы рухани жаңғыруды тездетудің бірден-бір ұтымды тетігі, негізі бола алады. Бұл тарихта дәлелденген, өмірдің өзі көрсетіп отырған шындық. Бірақ, өкінішке қарай, ол бізде талапқа сай жүйесін таба алмай отыр. Тиянақты түсініктер жетіспегендіктен, олқылықтар көп. Ниетіміз дұрыс-ау, бірақ, ойымызды тереңдететін нақты тұлғалар да қазір санаулы. Содан да, бұл ағым қазір қоғамдық деңгейде өріс ала алмай отыр. Сондықтан, гуманитарлық дүниетаным мен дәстүрлі мәдениетті қолға алатын ерекше бір кезең келгенін мамандардың өздері түсінуі керек екенін қалың көпшілікке жеткізу бәріміздің ортақ міндетіміз екенін еске салғым келеді. Философия ғылымының өкілі бол­ғаннан кейін, тағы бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Біріншіден, осы жаңғыру философиясы деген мәселе қозғалуы керек пе, керек емес пе, оны қалай түсінуіміз керек, оған кім жауапты? Бұл маман ретінде бізге, азамат ретінде кез-келген қоғам өкіліне өмірдің өзі қойып отырған басы ашық сұрақ. Екіншіден, кез-келген ғылымды дамыту үшін оның әдіснамалық негізі болуы керек. Бұл арнайы зерттеуді қажет ететін, әркімнің қолынан келе беретін нәрсе емес. Бірақ, бұл өзекті мәселе. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының әдіснамалық негізі бар ма деген сұраққа келеміз. Оған әлі тісіміз батпай жатыр, ол деңгейге жете алмай отырмыз. Бірақ, даму арнасы осыған алып келеді. Өйткені, жаңғырған сана өмірдегі деңгейден озық болуы керек. Бұл жағынан, әрине, озық жағы да, қалып бара жатқан тұстары да аз емес. Мен бұл арада санамыздағы олқылықтарға назар аударып отырмын. Олай болса, осы рухани жаңғыруды жаңа деңгейге көтеру үшін оның философиясын және әдіснамасын қалыптастыру қажет. Сонда, ол барлық саланы қамтитын біртұтас жүйеге түсіп, қоғамды топтастыратын факторға айналады. Міне, рухани жаңғыруды ғылыми тұрғыдан қарастыратын болсақ, осы жағына мән беру керек. Үшіншіден, жаңару идеологиясы да күн тәртібінде тұрған мәселе. Жалпы идеология деген сөзді бұрын түрлі мағынада айтып жүрдік, бірақ, партиялық көзқарас бір бөлек те, идеологияға деген қоғамдық қажеттілік басқа. Сондықтан, бұрын-соңды айтылып келе жатқан идеологиямен шектеліп қалмай, оның аясын кеңейтетін, жаңа деңгейдегі бағытын көрсететін, соны тиянақтап беретін кезең келді. Егер де, осы үш деңгейді ұштастыра білсек, онда бізде жеке тұлғаның мәдениеті, ұлттық деңгейдегі мәдениет қалыптасады. Бұл сананың озық болуы үшін, халқымыздың мәдениетін көтеру үшін керек. Ұлттық жаңғыру деген мәдениетсіз өсіп-өркендей алмайды, әр адамның, көпшіліктің көңі­лінен шықпайды. Елбасы үшінші жаңғырудың басты ұстанымы ретінде прагматизм қағидасы алды. Бұл бізге жалпы мемлекеттік, қоғамдық деңгейде керек ұстаным. Бірақ, екінші жағынан қарағанда, бәсеке, жеке бастың қамын ойлайтын әрекет бар.Ол бұрыннан айтыс-тартыс болып келе жатыр. Қоғамдық деңгейдегі бәсеке бар, адамдар арасындағы бәсеке бар, біз соны ажыратып жатырмыз ба? Жоқ, қазір әркім өзінің жеке мүддесіне қатысты бәсекені ұстануда, әрине, ол да керек. Бірақ, ол түптің-тү­бінде, қайда апарады? Ал, гуманитарлық ұғымдардың негізінде бірлік жатыр. Бәсеке мен бірлік бірдей ме, бірдей ұстаным ба? Міне, осы ортақ мәселеде мен өзіме, әріптестерім мен замандастарыма ой тастағым келеді. Ой тастау бар да, ойды іліп әкететін орта бар. Ондай орта қазір көп емес, сол ортада біз жүрміз. Сонда білімнің, соның ішінде гуманитарлық-әлеуметтік білімнің салмағы қандай деген сауал өзінен-өзі туындайды. Бұл менің жаныма батып жүргеннен кейін айтып отырмын. Басқа сала өз алдына, гуманитарлық-әлеуметтік білімдер тиісті деңгейде дамымаса, ұлттық мәдениет ақсап қалады. Бұны дәлелдеудің қажеті жоқ, бүгін біз мойындамасақ та, ертең өзінен-өзі алға шығады. Қазірдің өзінде кейбір теріс құбылыстар қылаң беріп отыр. Сондықтан, біз бұрынғы дәстүрімізді жалғастыру керек дегенде бүгін қандай ортада қандай дәстүр қалыптасып жатқанын назардан тыс қалдырмауымыз керек. Аманхан Әлім­­­­ұлы: – Дәс­түр­­дің озығы да, тозығы бар ғой. Жақан Мол­­­дабеков: – Дұ­­­рыс, енді, сол озығы дегенге ке­лейік. Атадан келе жат­­қан тек­тілік дәстүрді қалай түсініп, қаншалықты іске асырып жатырмыз? Мысалы, өзім жұмыс істейтін ұлттық университетте студенттерден осы оқу орнында кімдер жұмыс істеді деп сұраcаңыз, көпшілігі жауап бере алмайды, бұл барлық ортаға тән кемшілік. Сондықтан, әрбір мекемеде соның негізін қалаған тұлғалар туралы қысқа да нұсқа мәлімет болса, үлкенді сыйлау дегеннің нақты бір өрнегі болар еді. Әйтпесе, келді, кетті, ұмытылды. Осындай сөз жүзінде ғана айтылатын, іс жүзінде мән берілмей жатқан мәселелер аз емес. Жақсы идеяларды, жақсы ойларды айтып жүрміз, соларды жүзеге асыратын кім, ол қайда жүр? Сөз бен істің аралығында айырмашылық болмау керек екенін білеміз, бірақ, сол бағытта не істеліп жатыр деген сұрақ күн тәртібінде тұр. Айтып өткеніміздей, рух дегеніміз жоғары игілік, ізгілік. Осы қасиеттерді ұстансақ, жанашырлық та табылған болар еді, бауырластық пен сыйластық та артқан болар еді. Мінеки, Елбасы Н.Назарбаевтың рухани жаңғыру бастамасының астарында осындай үлкен мән-мағына жатыр. Бұл бәрімізді ойландыруға тиісті. Аманхан Әлім­­ұлы: – Бей­біт аға, Ел­басы аталған ма­қала­сында ұлттық сана, ұлттық бәсекелестік, Қа­зақстанның ұлт­тық жаңа әліп­­биі жөнінде сөз қозғады. Бұ­лардың көпшілігі бұған дейін ашық айтыла бермейтін ұлттық мәселелер. Осы ретте өзіңіздің тарихшы, жазушы ретіндегі ойларыңызды білсек. Бейбіт Қой­шыбаев: – Ең алдымен біз «жа­­ңару» мен «жаңғыру» деген ұғым­дардың өзін дұрыс тү­сініп алуымыз керек. Жаңғыру дегеніміз түлеу деген сөз, «ренессанс», «возрождение». Ал, модернизация – жаңару. Осы сөздерді орынды қолданбай жүрген сияқтымыз. Өйткені, Елбасы мақаласында сананы жаңарту, заманға бейімделу жайында айтылды. Яғни, менің ойымша, жоқ нәрсені жаса деп отырған жоқ, бұрыннан барды заманға лайықтап жаңарту керек. Философ та осындай тер­миндерді түсіндіріп бергені жөн болар еді. Аманхан дұрыс айтып отыр, бізге жаңа өзгерістердің рухани жағы, ұлттық мәселелер жақын. Кеңес үкіметінің тұсында «Әділет» тарихи-ағарту қоғамын құрдық, оның мақсаты сталиндік қылмысты әшкерелеу болатын. 1988 жылы басталған сол идея әлі күнге ескірген жоқ. Одан туындайтыны – халықты тарихпен, тарихтың ащы шындығымен тәрбиелеу. Біздің тарихтың халыққа беймәлім тұстары көп. Өйткені, Кеңес заманында қуғын-сүргін, ашаршылық туралы айтқызған жоқ. Большевиктер осылайша халыққа қарсы мемлекеттік қылмыс жасады. Жергілікті ұлт азшылыққа айналып, дәстүрлі экономикасы тұралады. Сол қылмысты жасыру үшін Ресейдің құрамындағы автономиядан одақтас рес­публика құрылды. Егер, сол 1936-1938 жылдары одақтас республика болмасақ, бүгін тәуелсіздікті көрмеген болар едік. Өйткені, Кеңес үкіметі тарағанда, автономиялы республикалар Ресейдің құрамында қалды. Яғни, біз тәуелсіздікті қырылған халықтың есебінен алдық. Сондықтан, оларға мәңгілік борыштармыз. Міне, сананы жаңғырту үшін қазақтың осындай қаралы тарихын айту, жеткізу керек. Сол арқылы біз халықтың санасын жаңа деңгейге көтереміз. Елімізге күштеп қоныстандырылған өзге халықтың өкілдері де қазақтың шынайы тарихын білген жоқ. Олар бір кездері қазақтың ұлттық мүддесі шектелгенін, жазықсыз қырылғанын білуге тиіс. Рухани жаңғыру аясында тарихшы қауым осының бәрін көтеріп, ұлттық мүддені басшылыққа алатын болса, көптеген мәселені жолға қоямыз. Елбасы оның да жолын көрсетіп берді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тарихы туралы интерактивті карта жасауды тапсырды. Енді, оны жүзеге асыратын мекемелер қазақ халқының мемлекет болған кезеңдерін сонау Түркі қағанатынан бастап, Шыңғысхан заманы, одан бергі Қазақ хандығына дейін шолу жасай келіп, империяның қоластына қалай түскенін, қалай мемлекеттілігін жоғалтқанын айқын көрсетуге мән беруі қажет. Тәуелсіздікті қалай алдық, неден ұтылдық, қандай жетістікке жеттік дегенді көрсетсе, бұл жай сөзден гөрі, әлдеқайда жақсы тәр­бие береді, санамызды жаңартады да, жаңғыртады да. Сонда, біз бүгінгі үрдістерді дұрыс түсінетін, бағалай білетін, болашағына дұрыс көзқараспен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ұлттық мүдде мен прагматистік көзқарас тұрғысынан қарау оң бағыт-бағдар алуымызға мүм­кіндік береді. Сананы жаңғырту бүкіл қазақстандықтарға ортақ мақсат-мүдде екенін түсінуіміз керек. Сонда ғана бірлігі бекем, Мәңгілік Қазақстанды құруға болады. Қазіргі жаһандануға жұтылып кетпеудің амалы да ұлттық мүддеге бекем болу, ұлттық үрдістерді жоғалтпау. Бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру керек дейміз, ол үшін жердің иесін қалыптастыру керек. Халық өзінің ұлттық, дәстүрлі экономикасын жаңғыртқанда ғана жердің иесі сезінеді. Ол үшін құлық керек, қолдау керек. Ата-баба кәсібіне көшуге жағдай жасалса, мал басы да өседі, дәстүр де жаңаша дамитын болады. Жердің нағыз қожасын қалыптастыру жергілікті жерлерде қолға алынуына байланысты. Практикалық прагматизм деген де осы. Берік Аташ: – «Рухани жаң­ғыру» – Елбасы Н.Назарбаев мақсатты түр­де ұсынған құн­ды құжат. Ал, бағ­дар­лама аясын­дағы жобалардың тұ­жырымдамасын құру саясатта­ну­шы, әлеуметтанушы, философ ғалым­дардың еншісінде. Ай­талық, мақалада прагматизм деген ұғым бар, мәселені осындай терминдерді түсіндіруден бастау керек. Прагматизм – ХХ ғасырдың соңында Батыс­та пайда болған философиялық бағыт. Праг­матизмнің жағымсыз жақтары да бар (өзімшілдік сияқты), жағымды жақтары да жеткілікті: нақтылық, нәтиже, жетістік, сөзден іске көшу дегендей. Жалпы, рухани жаңғырудың өзіне прагматистік тұрғыдан қарау керек. Бірақ, бізде көбінесе сөз көп. Идеяны айту бар, прагматистік тұрғыдан жүзеге асыру бар. Мәселен, әлемнің дамыған елдері нақты прагматизмді ұстана отырып, бүкіл халқын игілікке жеткізді. Қазір постмодернизм сияқты әртүрлі ағымдардың жастарға ықпалы күшейіп барады. Шоулар көбейді. Ұрандау, әсірелеу бар да, ал, оның нәтижесі мен түпкі мазмұны төмен деңгейде. Мысалы, ұлттық бірегейлік, соның ішінде, ұлттық идея жайында айтып келе жатқанымызға көптеген жыл болды. «Мәңгілік ел» жобасын іске асыруды бастадық, бірақ, енді бұл да шоуға айналып кетпеуі тиіс. Ең бастысы, идея ұсынылды. Осы ретте рухани жаңғыру бойынша атқарылатын шаралар туралы ақпаратты жастарға жеткізу үшін жаңа технологияларды қолдану керек. Бұрынғыдай айтып, жазып қоя салуға болмайды. Сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы түрлі мәсе­лелер гуманитарлық ғылымдарға деген сұраныстың жоғары екенінкөрсетіп отыр. Мысалы, экстремизм, терроризм қаупі пайда болды, кім керек – дінтанушы керек. Қоғамда суицид жиіледі – психолог керек. «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға философтар мен саясаттанушылар керек. – Қазақстандық қоғамда біртұтас ұлт қалыптастыру идеясы көп жылдардан бері айтылып келеді. Осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да ұлттық бірегейлікке ұлттық мем­лекеттілікті құрудың басты шарты ретінде баса мән берілді. Жақан Жанболұлы, осы ұлттық бірегейліктің қалыптасу негіздері жөнінде айтсаңыз. Жақан Молдабеков: – Бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарайтын кезең енді келді. Бұған дейін бізде ұлттық бірегейліктің сыртқы сипаттары болды. Сондықтан, осындай оңды бастамалар ұлттық бірегейліктің алғышарттарының бірі болып есептеледі. Өйткені, бірегейлікке қол жеткізу бір күнде жасай салатын немесе күштеп енгізетін нәрсе емес. Бұл бағытта іс-әрекет пен болжам үндесуі керек. Ұлттық бірегейлік мемлекеттік деңгейде қалыптасты ма, қоғамдық деңгейде мойындалды ма? Сұрақты қоя отырып, салмақты ой айту әркімнің қолынан келмейді. Өйткені, әркімнің деңгейі, мүддесі, мақсаты бірдей емес. Бірегейлік қалыптастыру үшін бағыт-бағдарымыз айқын болуы қажет. Жақсы идея бар, оны жүзеге асыру, ұйым­дастыру, басқару ісі қаншалықты сауат­ты, қаншалықты ұтымды жүргізіліп жа­тыр? Өйткені, істің нәтижесін, сапасын, жағымды жақтарын көрмесек, сезінбесек, жақсы идея жағымсыз жағынан көрініс табады. Біз қазір билікті көп сынаймыз. Олар да біздің замандастарымыз ғой. Егер, бір мекеменің ішінде 20-30 адам болса, соның бесеуі терең түсініп жатса ол қуанарлық нәрсе. Соның өзі қай ортада бар, қай ортада жоқ, мен білмеймін. Ол арнайы зерттеуді қажет етеді. Қоғамның әрбір мүшесі азамат, маман, белгілі бір ұлттың өкілі саналады. Сол жасына, мәртебесіне, қызметінің түріне қарай алып жүретін құндылықтары бар. Ол құндылықтар қандай деңгейде, оларды дұрыс игеріп жатырмыз ба деген сұрақ өзінен-өзі туындайды. Біз қазір адамгершілік мәселесін дінге беріп қойдық. Білім саласында бұл жағы ақсап жатыр. Жаңағы бірегейлік деген мәселе жеке тұлғадан басталады, ары қарай этникалық топтан жалғасын табады. Содан кейін, халық, ұлт деңгейіне жетеді. Осы тұрғыдан қарағанда, ұлттық бірегейліктің қандай кезеңдерінен өттік, қоғамдағы көріністері қандай, ол эволюциялық жолмен өтіп жатыр ма деген сұраққа тиянақты жауап табу қиын. Ұлттық бірегейлік деген түптеп келген кезде ұлтқа жанашырлық, саяси тілмен айтқанда, патриоттық сезім, әлеуметтік тұрғыдан айтсақ, азаматтық позиция. Ға­лымдар осы ұғымдарды тиісті деңгейде түсіндіріп беруі тиіс. – Дүниежүзі елдерінде ұлт құры­лысы мен мемлекеттілікті сақтау үде­­рісі қатар жүруде. Елбасы аталған ма­қалада дамудың ұлттық үлгісін ұста­­натынымызды жеткізді. Осы орайда бағдарлама бойынша атқарылатын іс-шараларды жүзеге асыруда нені бас­шылықа алуға тиіспіз? Бейбіт Қойшыбаев: – Ұлттық біре­гейлік мәселесіне ұлттық мүдде тұрғы­сынан қарау керек. Қазақ саяси ұлт дең­гейіне көтеріліп, өзге ұлт өкілдері қа­зақ ұлтының төңірегіне топтасса, шынын­да да, ұлттық мемлекет құрылады. Мәселен, бізде көптеген тілде оқытатын мектептер бар, бұл біріктіруге апармайды, керісінше бөлшектеудің әдісі. Сондықтан, мектепте білім тек мемлекеттік тілде берілуі керек. Қалған ұлт өкілдерінің тілі пән ретінде оқытылуы тиіс. Тіл туралы заң қабылданған 1989 жылдан бері миллиондаған бала мектеп бітірді, яғни, халқымыздың жартысы мемлекеттік тілде сөйлеп кетуі керек еді. Бірақ, олай емес. Себебі олар қазақ тілін шалағай оқыды. Отаншыл азамат дайындайтын да, ұлттық бірегейлікті қалыпастыратын да ұлттық мектеп. – Елбасы тапсырмасы бойынша құрыл­ған комиссиялар тиісті жобалар бойынша жұмысқа кірісіп кетті. Алғашқы нәтижелер де баршылық. Енді, осы рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша комиссиялар жұмысының қалыс қалған жақтары мен қаперге алатын тұстары жайлы ұсыныс-пікірлеріңізді білсек. Жақан Молдабеков: – Рухани жаңғыру бастамасы дер кезінде көтерілді. Енді, оны тереңдетудің мүмкіндігі мен бағдарларын іздестіру жүріп жатыр. Бірақ, ол бүгінгі таңдағы қажеттілікке жарай ма деген сұрақ ойландырады. Осы мәселелер төңірегінде ой-пікір таластырсақ, сұхбаттассақ, одан ешкім ұтылмайды, керісінше ұтамыз. Сондықтан, рухани жаңғырудың мән- мағынасын түсіне білуіміз керек, түсіндіре білуіміз керек. Бүгінгі талапқа, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, түрлі бастамалар іске асырылса және соған лайықты мемлекеттік қолдау болса, талай нәрсеге қол жеткіземіз деген ойдамыз. Арнайы құрылған комиссиялар мен ғалымдар арасында жүйелі байланыс қалыптасса құба-құп. Олар рухани жаң­­ғырудың мән-мазмұнын танымдық, теориялық тұрғыдан түсіндіріп берер еді. Сонда, басым бағыттар бойынша ақылдаса, ашық пікір алмаса отырып, тиімді шешімдер қабылдау мүмкіндігі жоғарылайды. Міне, осындай пікір алмасу дәл бүгінгі күні керек. Рухани жаңғыру бағдарламасына ғылыми көзқарас қалыптасу үшін оның әдістемелік негіздері осы жаңа талапқа сай болуы қажет. Бұл тек ғылыми мәселе ғана емес, ұлттық, мемлекеттік мәселе болып отыр. Бүгінгі таңда да, бұдан кейін де. Сондықтан, білікті мамандар жиналған ортадан тиянақты нәтиже күтуге болады. Бейбіт Қойшыбаев: – Жақаң орынды айтты. Қазір бізге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз ету шараларымен шұғылдану керек. Ол халықтың санасын жаңа сатыға көтеруге ықпал етеді. Бұл тұрғыда БАҚ, газет-журналдар тарапынан да дұрыс насихат жүргізілгені жөн. Менің ойымша, жалпы халықты тарихпен тәрбиелеуді жолға қою керек. Мысалы, жергілікті жерлерде өткен кезеңді түсіндіретін жәдігерлерді жинақтап, өлкетану музей­лерін ашу, қазақтың шежіресін жинау, архив деректерін көтеру, т.с.с. Осының барлығына бүкіл ел болып жаппай араласуы қажет. Мәселен, 1920-1930 жылдардағы ашаршылықта опат болған адамдардың тізімін жасаса, оның үлкен тәрбиелік мәні бар. Тарихты жаңғырту деген осы. Сондай-ақ, Президент айтқан интерак­тивті карта даярлауға да ғалымдар қатысуы керек. Мұндай карта ауыл-аймақтың бә­рінде жасалуға тиіс. Бүгінгі Қазақстан қалай құрылды,оған кімдер үлес қосты және т.б. Міне, осы жұмыстарды тиісті дең­­гейде жүргізсек, біз көптеген мәселенің ше­­шімін табамыз және ұлттық бірегейлікке қол жеткіземіз.

3185 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз