• Ұлттану
  • 21 Желтоқсан, 2017

АЛТАЙДАН ҰШҚАН АҚИЫҚ

Айтмұхамбет Қасымов, филология ғылымдарының кандидаты

...Малдыбаев Жақыпбек – қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш, 1907 жылғы 15-мамырда Шығыс Қазақ­стан облысы, Күршім ауданының Шеңгелді ауылында шаруа отбасында туған. 16 жасынан жылқы бағып, Май­қапшағай алтын өндірісінде еңбек етті. ЧОН отрядының құрамында Қытаймен шекарадағы әскери қақтығыстарда басшылық жасаған. 1928 жылы Зайсан аудандық баты­рақтар комитетінің төрағасы болды. ...1929 жылы жиырма екі жасқа қараған шағында Жақыпбек арыз жазып, өзі тіленіп, қызыл әскерлер қатарына алынды. Сол ақпан айының он үшінші жұлдызында ол Түркіменияның Мерв қаласында орналасқан Түркістан ерекше кавалериялық бригадасының 82-полкына қыз­метке келді. Бұл ең алғашында 1918 жылғы 1-ші сәуірде Саратов қаласында кеңестік бірінші Саратов атты әскер полкы болып құрылған, оралдық казактарға қарсы, Қоқанд, Наманған, Ош, Хиуадағы басмашыларға қарсы опера­цияларға қатысып, үлкен ұрыстарда сынақтан өтіп, шыңдалған әскери құрама болатын. Осы құрамаға Жақып­бек келген жылы да ішкі, сыртқы жаулармен – басмашылармен күрес толас таппаған, дүрбелеңі мол кезең еді. Ауғанстан жақтан Ибрагим бектің, Батыс Қытайдан Ады Ходжаевтың жырынды жігіттері, Түркіменстанда, оның ішіне Мерв ауданының өзінде Атабай, Құдайберді, Мирбек, Шамсудин сияқты әулеттілердің маңына топтасқан басмашылар малды құм ішіне айдап кетіп, бүкіл ауылдарды арғы бетке өткізіп, ермегендерін қынадай қырып, талай қанды қырғын салды. Өзін «Түркімен көтерілісшілерінің көсемімін» деп атаған Оразгелдінің қарақшыларының ізіне Жақыпбектер құм ішінде жеті күн түсіп, ақыры Хангали құдығының жанындағы қанды соғыста қолға түсірді. Москвадағы Совет Армиясының Орталық мемлекеттік архивіндегі (САОМА) Бацкалевич басқарған осы 82-ші атты әскер полкінің атақты Қарақұм жорығы жайлы құжаттарын оқып отырғанда, «Шөл даланың ақ күніндегі» Суховтың басынан өткізген қиындықтарын Жақыпбектердің де бастарынан өткергендерін өз көзіңмен көргендей боласың. Қара тасты қайнатар аптап пен аңызақта кенезесі кеуіп, бірін бірі сүйреген жаралы жандар мен осынау жалыны бет шарпыр қызғылт құмда мәң­гіге көз жұмып, көміліп жатқан пақырларды елестетесің. Жақыпбек те осындай қиын-қыстау ке­зең­де қайнаған ұрыстың бел ортасында жүрді... Басмашылардың үлкен бір тобымен қанды шайқас Хангали құдығының ма­ңында болды. Сол жолы Жақыпбек жалғыз өзі сегіз тұтқынды негізгі отряд тұрған он шақырым жердегі Қаракунгурге айдап әкеледі. Жолда қолдарын босатып алып, қарсы шыққан үшеуін атып, өзі қолынан жараланған Жақыпбек қалған бесеуін алып келіп, штабқа тапсырады. Сол жолғы жеке батылдығы мен ерлігі және Түркімен ССР-і аумағында басмашыларды жоюға қатысқаны үшін 82-кавалерия полкінің қызыл-әскері Малдыбаев бағалы сыйлық – сағатпен наградталды делінген Түркімения Орталық мемлекеттік архивінен алынған құжатта (ф.1, оп.2, д.632). Ал, 1934-38 жылдары Жақыпбектің қолында тұрып оқыған інісі Әбілбек Малдыбаев өзінің бір әңгімесінде «Қызылқұм, Қарақұмдағы түркімен басмашыларына қарсы соғыста командир болып, қыш­лақтарды жаудан азат етудегі ерліктері үшін Жақыпбек «Еңбек Қызыл ту» (1928 жылы белгіленген) және «Қызыл жұлдыз» (1930 жылы белгіленген) ордендеріне ұсы­ныл­ған. Бірақ, Жоғарғы әскери командованиядан бір адам қарсы болып, бергізбей тастапты. Кейін, қайта тексере келе, на­градалардың берілу керектігі туралы Түр­­кімения республикалық газеттерінде жазылған. Ол кісі сол наградалары туралы құжаттарын қайтадан реттеп жүргенде, 1938 жылы қайтыс болды» деген еді. Бәлкім иесін жоғалтқан сол награда қағаздары архивтердің бірінде жатқан да болар. Полк мектебін бітіріп, бөлімше бас­қарды, взвод командирінің көмекшісі болды. Осында жүріп 1930 жылғы маусым айының 22-күні большевиктер партия­сының қатарына өтті. Жақыпбек 8-ерекше кавалериялық бригадасы партия ко­мис­сиясының мүшесі болып, полкта ай­тар­­лықтай беделге ие болды (САОМА ф.8489, оп.2 )... 1932 жылғы наурыз айының 28-де РККА-ның кіші командирі Жақыпбек В. И. Ленин атындағы біріккен Орта Азия әскери мектебінің (кейін – Ташкент әскери училищесі) кавалерия бөлімшесінің бір­­ден үшінші курсына қабылданып, взвод ко­мандирі дәрежесінде бітіріп шықты. Жақыпбектерден кейін РККА Бас бас­қар­масы мен әскери оқу орындары басты­ғының № 9496715-к арнайы бұй­рығы бойынша барлық әскери жаяу әскерлер мек­тептерінде жеделдете оқыту бөлімдері жабылып, олар үш жылдық бағдарламамен оқуға көшірілді (САОМА ф.25046, оп.4, 56-іс) 1931 жылғы 25-қаңтарда өткен ІХ съе­зінде комсомол Қызыл Армияның Әскери-Әуе күштерін өз қамқорлықтарына алады. Сонда, бүкіл Одақ бойынша «Комсомол – самолетке!» деген ұран тасталады. Және сол кезден бастап, ұшқыштардың жеделдетілген курстарына ең таңдаулы кіші командирлерді, комсомолецтер мен жас коммунистерді қабылдайды. 1932 жылы әскери мектепті ойдағыдай біті­ріп, РККА командирі атағын алған жер­ле­сіміз Жақыпбек Малдыбаев та осы таңдауға лайық және өзінің үлкен ынтасы болғандықтан, СССР революциялық Әс­кери Кеңесінің 1933 жылғы 1-қаң­тар­дағы №22 бұйрығымен ұшқыштар және ұшқыш-бақылаушылар даярлайтын 9-әскери мектепке қабылданды. Бұлардың мектебінен жіберілген он екі адамның (Жақыпбектен басқа қазақ жоқ) біразы сабақты үлгер­мегендіктен оқи алмай, қайтадан әскери құрамаларға қызметке қайтарылды. Ал, енді, Малдыбаевтың қазақтың тұңғыш (әскери) ұшқышы екендігін қандай негіз­дерге сүйеніп айтып отырмыз, соған аздап тоқталайық. Әскери ұшқыштардың 9-мектебі Совет үкіметінің шешімімен 1930 жылғы қарашада Харьков қаласының оңтүстік шы­ғысындағы Рогань теміржол станция­сы маңында құрылған (1938 жылы осы мектеп негізінде Харьков әскери-авиа­циялық штурмандар училищесі және Чугуев әскери-авиациялық ұшқыштар учи­ли­щесі құрылған). Жақыпбектер – осы оқу орнының екінші жылғы түлектері. Мен мектептің екі жылғы түлектерінің тізім­дерін мұқият қарап, Малдыбаевтан басқа қазақ фамилиясын кездестірмедім. Харьков авиация училищесі музейінің директоры М. Е. Калижниковтың ақылы­мен олардан бұрын 1928 жылы 31-тамызда құрылған 7-авиация мектебі (Орынбор авиация училищесі) және Борисоглебск ұшқыштар мектебінің бірнеше жылғы оқушыларының тізімдерін қарап шықтым. 1929-1934 жылдары Орынбор мектебінде орыстардан басқа осетин, мордва, чуваш, поляк, неміс, татар, грузин, баш­құрт, латыш, корейлер оқыпты, қазақ жоқ. Ұлты жазылмаған Кадыров Рахман Сұлтанович деген адам оқыған екен, бірақ үлгере алмауы себепті, 1930 жылғы 20-тамызда мектептен шығып қалған. Ворошилов атын­­дағы 3-әскери ұшқыштар мектебінің (При­волжье округі) 1929-1931 жылдарғы оқушыларының тізімінен де (қытайлар оқыпты), 1923 жылы құрылған Бори­соглеб әс­кери-авиация мектебінің құжат­та­ры­нан да ондай деректер табылмады. Демек, Жақыпбек Малдыбаев 1933 жылдың 1-қаңтарында әскери ұшқыштар мектебінің табалдырығын қазақ жігіттері­нің ішінен тұңғыш рет аттаған азамат. 1933 жылғы 14-желтоқсандағы РККА-ның әскери-әуе күштерінің жеке құрамы жөніндегі № 0113 бұйрық бойынша 9-әскери ұшқыштар мектебін бітірген 484 адамның он тоғызына, оның ішінде Жақыпбек те бар, «Әскери ұшқыш-бақылаушы» атағы беріліп, Москвадағы РККА-ның әскери-әуе күштері жанындағы әскери арнайы қызмет мектебіне, фото­қызмет бастығының курсына қабыл­данады (САОМА ф.34403, оп.2, 285-іс). Жа­қыпбек бұл курсты 1934 жылғы 24-шілдеде бітіріп, Орта Азия әскери окру­гінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш-бақылаушы (қазіргіше – аға штурман), сонымен қатар, фотоқызмет бастығы болып тағайындалды. Сол жылы күзде Жақыпбек өз өмірінде тұңғыш рет 75 күндік демалыс алып, сонау Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданындағы Еңбек ауылына келді. Шағын ауыл ел үшін туған ер жігітін хан көтеріп, той жасап қарсы алды. Малдыбай шалдың қараша үйі осы өңірдегі қарапайым шаруа қуған қазақтар үшін бүкіл әлемнің кіндігіне айналып, мәре-сәре болысты. Жанында екі адъютанты бар, ауданнан ауыздығымен алысқан пар ат жегілген қалқаймалы жеңіл арбамен келген. Батыр тұлғалы, бұлшық еттері бұлтылдап тұрған сымбатты жігіт ауылдағы бойжеткендердің біразының жүрегіне шоқ түсірсе, қарадомалақтар оның әскери формасына қатты қызыққан еді. Әсіресе, сол жылы он үшке толған кенже інісі Құмарбек ағасының жанынан шықпай, бала көңілін бекемдеп, «Мен де өскенде ұшқыш болам» деп түйген еді (Ұлы Отан соғысына Құмарбек Малдыбаев ұшқыш болып қатысты). Туған жерін аралап, сағынған саф ауасын сіміре жұтып, ел-жұртының жағ­дайымен танысып, аунап-қунап, өзі де бір рахаттанып қалған еді. Шет жерде соғысты да көріп, инемен құдық қазғандай оқуын да оқып, көк аспанда қырандай қалықтаған Жақыпбек ендігі жерде туған жерге табанының тимесін сезді ме екен, сондай бір рахаттана дем алған. Бірақ, бос жатуға үйренбеген әскери адам ғой, сол демалысында орталықтан тым жырақтағы жадағай тірлік кешіп, шау тартқан әкесін бауырларымен бірге Зайсанға көшіріп әкеледі. Ағасы Омар – колхозда, інісі Шәри Семейдегі мұғалімдер курсында болатын. – Әке, менің жұмысым өте қиын, әрі қауіпті. Елді сағынғанда жанымда болсын және оқып адам болсын, мен мына Әбіл­бекті өзіммен бірге ала кетейін, – деп, шал-кемпірдің жанына Омар мен мектепте оқитын ең кенже інісі Құмарбекті қалдырып, қайтарында бір інісін Сталин­абадқа ала кетті. Әбілбек Сталинабадтағы медицина учи­лищесіне оқуға түсті. Жақыпбек сол жылы Юлия деген дәрігер орыс қызына үйленіп, семья құрды. «Қыз кезіндегі фамилиясы есімде жоқ. Кейін де Малдыбаева болып жазылмады ғой деймін. Оның қай жердікі, қандай оқу бітіргенін де білмеймін, әйтеуір, санчастьта істейтін», – деген еді Әбілбек аға жеңгесі туралы сұрағанда. Архив материалдарын ақтарып отырғанда, Жақыпбектің өз заманының ал­ғыр да зерек, зиялы азаматтарының бірі, қай салада болмасын, өз теңдестерінің ал­дыңғы қатарында болғанына көз жет­кізіп, «тусаң ту, ағасы» деп ризалық біл­діріп отырасың. «Штурмандық қызмет­тен барлығы да хабардар болуы керек» деп ол отряд ұшқыштарына аэрофотобарлау, аэронавигация, тактикадан курстар ұйым­дастырып, сабақ берген, бірнеше алғыстар алған. 1937 жылы Әскери әуе күш­терінің мерекелік парадына осы отрядтан қатысқан үш экипаждың біреуін лей­тенанттар Малдыбаев пен Мамонтов басқарады (ф.35861, оп.1). 1937 жылғы 19-маусымда аға ұшқыш-бақылаушы Малдыбаев Жақыпбек звеноның флагштурманы қызметіне тағайындалады. Флагштур­ман звено командирінің экипажында ұша­тын бас штурманы. Ол ұшу бағытын бел­гілеп, уақытты есептеп, бұйрық беріп, командирге қажетті деректер беріп отырады. ...Архив құжаттарында Жақыпбек Мал­дыбаевтың Москвадағы Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясында оқы­ған­дығы туралы деректер де бар екен. Қызыл тулы 40-авиаотряд бойынша 1937 жылғы 17-наурызда берілген № 22 бұйрықта былай делінген: «Лейтенант­тар Малдыбаев, Гришин, 1-рангалы әскери техник Новиков 1937 жылғы 17-наурыздан бастап академияға емтихан тапсыру үшін Ташкент қаласына жіберілсін». 1938 жылғы 14-қаңтардағы 6754 әскери бөлімнің ко­мандирі капитан Леонтьевтің қолымен жазылған № 10 бұйрықта «Звено штурманы, лейтенант Я. Малдыбаев (әскери бө­лім­дегі жолдастары Жақыпбекті Якуб деп атайды екен) Москва қаласындағы Жуковский атындағы әскери-әуе академия­сынан – штурмандық бөлім­нен келді деп есептелсін» деп жазылған (ф.35861оп.1, 30 іс.). Іссапар ретінде беріліп тұрған бұл бұйрықтарға қара­ғанда, Жақыпбек ака­демия­ны сырттай оқып бітірген. Әбілбек ағаның айтуына қарағанда, Жақыпбек Малдыбаев интернационалдық борышын атқарып, Хасан көлінің соғысына да, Испания соғы­сына да қатысқан. 1936 жылғы 16-ақпандағы парламент­тік сайлауда жеңіп шыққан Испания ха­лықтық майданына қарсы германия-ита­лия интервенттерінің бүлігі бүкіл дүниежүзілік сипат алып, испан халқының өз бостандығы жолындағы күресіне 54 елден еріктілер барып, көмек бергендігі тарихтан мәлім. Совет басшысы Сталин де Испан халқының күресі «тек қана испан­дықтардың жеке ісі емес, ол бүкіл озық ойлы адамзаттың ортақ ісі» деп Хосе Диасқа телеграмма жолдаған екен. Міне, осы соғысқа 160-тан аса советтік ұшқыштар еріктілер қатарында қатысқан. 200 еріктілер оққа ұшып, 59 адам сол Испания үшін Совет Одағының Батыры атағын алған («Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы», М. 1974, 50-бет). Міне, мұндай бүкілхалықтық сипат алып, өмір мен өлімнің беттесіп жатқан аласапыран заманындағы оқиға, ошақ басын емес, Отанының намысын ойлаған Жақыпбек сынды азаматтарды бейтарап қалдыруы мүмкін емес (Испания соғысы жайлы деректерді алу үшін архивке өзің туралы оншақты жерден анықтама, куәлік, өтініш, рұқсат қағаз... сияқты құжаттар тапсыруың керек екен, сондықтан, ол құжаттарға қол жетпеді). – Жәкең сол Испаниядан келе жатып, Ташкент маңында самолет апатынан опат болды, – дейді Әбілбек. – Ол жайлы маған ағамен бірге қызметтес болған бір командир айтып еді. Аға жайлы қайғылы хабарды бізге естірткен де сол кісі болатын. Жерлеуге Зайсаннан Омар, Сталинабадтан Юлия жеңгей екеуіміз бардық. Өзі қатал болса да әділ, көпшіл адам еді, қоштасуға жолдастары көп жиналды. Оркестрмен, салютпен қастерлеп әскери аэродромның ішінде жерледі. Басына қысқаша өмір жолы жазылған, темір құлпытас орнатты. Құлпытастың ұшына, токты қосқанда айналып тұратын ұшып бара жатқан самолеттің моделі орнатылыпты. Сол 1938 жылдың көктемі болатын, каникул таяп қалған соң, мен сол жерде Омар ағамен елге қайттым. Жеңгейім Жақыпбек ағаның қан болған көйлегі мен пимасын бізден «ел-жұрт көрсін, бақұлдассын» деп беріп жіберді... Жақыпбектің бейітін табу ниетінде де жер-жерге сұрау салдым. Өзбек ССР-інің тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының облыстық Кеңесі жанындағы «Прометей» іздестіру клубының жетекшісі Зарифа Ешмурзаеваның көмегімен Жа­қып­бектің әскери Қызыл Ту жанында бөлім екпінділерімен түскен суреті «Ташкент ақиқаты» газетінде, ал, іздеу салу хаты «Ташкентская правда» газетінде жа­рия­ланды. «1938 жылғы көктемде екі әскери самолеттің опат болғаны жөнінде жергілікті ескі қариялар біледі екен, алайда зиратының нақты қай жерде екендігін таба алмай жатырмыз. Үмітіңізді үзбеңіз, көмектесеміз», деп жазады Ешмурзаева. Ал, енді, 1966 жылғы жер сілкінісі кезінде қирауы мүмкін ғой дейін десек, Малдыбаевтардың жиені, Зайсанда тұратын Назархан Өңкебаев ақсақал шамамен 1970-71 жылдары Ташкентке барып, қалалық партия комитетінің хатшысы Мұхитдиновтың көмегімен нағашысының зиратын тауып, көріп қайт­қандығын айтады: «Сол, тура Әбілбек айтқандағыдай құлпытас екен. Қаланың шетінде сияқты болды, ал, оның есімде қалғаны: «Малдыбаев Жақыпбек Есжанович (Есжан – Жақыпбектің ұлы атасы. авт.) қазақтан шыққан 1-ші ұшқыш» деп жазылыпты...» Әрине, халқымыздың тұңғыш ұшқышы, аққан жұлдыздай жарқ ете қалып, небәрі 31 жасында опат болған аға лейтенант Жақыпбек Малдыбаевтың өмір жолы әлі де болса толықтыруды, іздестіруді қажет етеді. Қалың оқырмандар ішінде, келешек ұрпақта зерттеушілер, ғалымдар бар, өздері болған жерлерде еліміздің осынау мақтан етуге тұрарлық бір азаматы жайлы деректерге құлаққағыс ете жүрер деген ниеттеміз. – Жеңгейімнен «Майданға аттанып ба­рамын. Бала әзірше өзіммен бірге» – деген ең соңғы хатты сол Сталинабадтан 1943 жылы алып едім. Жеңгейдің аты ғана есімде, қыз кезіндегі фамилиясын білмеймін. Әке-шешесі жоқ, Ксения және Лена деген екі әпкесі болды. Бір ұлдары кішірек кезінде қайтыс болған, ал, Эмма деген Жақыпбектен қалған бір қызы болуы керек, 1936-37 жылдары туған. Анық хабарын білмеймін, – дейді Әбілбек ақсақал.

Енді очерк қалай жазылды, қандай нәтиже шықты, соған аздап  тоқтала кетейік

Барлығы да Күршім ауданы Қаратоғай орта мектебінің мұғалімі Ақаш Жүні­совтың «Коммунизм туы» газетінің (қа­зіргі «Дидар») 1982 жылғы 9-көкектегі санындағы «Бір ұядан ұшқандар» атты ша­ғын мақаласынан басталды. Онда Мал­дыбай ақсақалдың бес ұлы туралы жазылған еді. Үлкен ұлы Омар Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасып қаза табады. Екіншісі – Жақыпбек – ұшқыш, Испания соғысына қатысып, 1938 жылы опат болады. Одан кейінгі – Шәри де со­ғыс­қа қатысқан, оқу-ағарту, партия-ке­ңес қызыметтерінде жемісті жұмыс ат­қарып, кейінірек қайтыс болады. Медицина саласында еңбек еткен Әбілбектің Зайсан ауданындағы Көгедай ауылында тұратындығы, ең кіші ұлы Құмарбектің Күршімде тұратындығы жайлы жазылыпты. Осы мақалада менің журналистік кәсіби қызығушылығымды туғызып, көп уақыт мазалаған – Жақыпбектің тағдыры болды, қазақстандық тұңғыш әскери ұшқыш Александр Шавров туралы оқы­ғаным бар еді. Ол – Жетісу өңірінің тумасы, Верный гимназиясын, содан соң Севостополь әскери авиация мектебін бітіріп, 1918 жылы Түркістанмен әуе байланысын орнату үшін Шығыс майданына жіберіліп, одан соң Солтүстік-Жетісу майданының қолбасшысы болып, 27 жасында мерт болады. Ал, Испания соғысына қатысқан болса, Жақыпбек отызыншы жылдардың басында ұшқыш болды. Осы кісі бүкіл бір халықтың ішіндегі авиация тыңына ең алғаш түрен салған қазақ болып жүрмесін? Әскери атағы, наградалары бар ма? Бұған дейін неліктен ешкімнің қаламына ілініп, назарына түспеген? Міне, осындай ойлардың жетегімен алғаш рет іссапарға шығып, Жақыпбек ағаның інілерімен, туыстарымен сөйлесіп, біраз деректер алдым.

[caption id="attachment_8880" align="alignleft" width="1000"]Суретте: Қызметтестерімен (1-қатарда, сол жақтан екінші) Суретте: Қызметтестерімен (1-қатарда, сол жақтан екінші)[/caption]

...Ұшқыш жайлы іздестіру жұмыстарын жалғастыра жүріп, Харьковтегі әскери авиация училищесіне хат жолдадым. Көп кешікпей, училище музейінің директоры Михаил Евстафьевич Калижниковтан хат келді. Ол 1933 жылы әскери ұшқыш-бақылаушылардың екінші түлектері бітір­генін, ол кездегі құжаттардың тек Мос­квадағы Совет Армиясының Орталық архивінде сақталуы мүмкін екендігін және сол архивтың адресін жазып жіберіпті. «Шынында да, № 1605 почта жәшігі 9-ұш­қыштар мен ұшқыш бақылаушылар мек­тебінің адресі, Харьковтың түбіндегі Рогань теміржол станциясында орналас­қан. 1938 жылы сол 9-мектептің негізінде Харьков штурмандар училищесі құрылған. Ал, Ұлы Отан соғысы кезінде, 1941-1945 жылдары біздің училище Шымкентте болды», – дей отырып, егер Малдыбаев жайлы деректер табылса, өздеріне де хабарлап, жіберуін өтініп, менің ізденістеріме сәт сапар тілепті. Әрине, келесі хатты мен Москваға жолдадым. Ол жақтан Жәкеңнің 1929 жылғы 13-қарашада әскер қатарына алынғанынан бастап, 1938 жылғы 30-наурызда қайтыс болғанына дейінгі оқуы мен қызметтері жазылған жеке бас листогын алдым хат арқылы. Мұндағы деректер мені одан сайын қызықтыра түсті. Онда 82-атты әс­кер полкының жауынгері, курсант, әс­ке­ри училищені бітіріп, взвод командирі, одан 9-ұшқыштар мектебін бітіргендігі, Мәскеуде арнайы фотоқызмет бастығының курсында оқығаны, әскери өсу жолдары, қайтыс болуына байланысты, 1938 жыл­ғы 8-маусымда әскерилер тізімінен сы­зыл­ғанына дейін жазылыпты. Енді архив­ке тағы да хат жазып, оларда қалай жұ­мыс істеуге болады, кіру үшін қандай құжаттар қажеттігін сұрадым. Жауап алған соң, өзіміздің «Коммунизм туы» газетінің бас редакторы Жұмәділ Әділбаевқа кі­ріп, осыған дейінгі жинаған деректерді көрсетіп, Москваға іссапармен арнайы ар­хивке барып келуге рұқсат сұрадым. Арғы-бергі жолды есептеме­генде, бір жұма іс­сапар жолдамасын жазып берді. Сондағы Қа­зақстанның тұрақ­ты өкілдігі үйінде орналасып, бір жұма Орталық архивте жұмыс істедім. Әжептәуір материал жинақтадым. Бір өкініштісі, «Испания соғысының» қо­рына қол жетпеді, оған Генштабтың арнайы рұқсаты керек екен. Осы сапардан екі-үш ай өткен соң, Москваға кездейсоқ тағы бір жолым түскені. Мәдениет қызметкерлері кә­сіподағының Одақтық съезіне делегат болып сайланып, бір жұма Мәскеуде болдым. Мұндай мүмкіндік «қалтасы тесік» журналистке жиі бола берер дейсіз бе. Сондықтан, жасыратыны жоқ, кәсіподақты мен көр­кейте қоймаспын деп тағы да архивке бар­дым. Таңертең съезге бір бас көрсетіп, үш-төрт күн Жәкеңнің құжаттарын және қа­растырып, зерттедім. Осы екі сапардан кейін, «Қазақтың тұң­ғыш ұшқышы» деген көлемді очерк жа­­­зып, «Коммунизм туына» ұсындым. Бү­кіл қазақтікі дей отырып, бір облыстың шеңберінен шығармағанымыз теріс болар деген оймен, сол очеркті республикалық «Қазақ әдебиеті» газетіне және ұсындым. Сол кезде сол газетте қызмет істейтін күршімдік журналист Талаптан Ахмет­жа­новтың қолына түскен ол очерк 1991 жыл­ғы 1-ақпанда жарық көріп, оқырман жұртшылық арасында пікірталас тудырды. Сол «Қазақ әдебиетінде» 1991 жылғы 2-тамызда Қазақ азаматтық авиация бас­қар­­масының 1-категориялы инженері Әбу Смағұлұлының «Қазақтың тұңғыш ұш­­қышы кім?» деген материалында – 1933 жылы Балашов азаматтық авиация учи­лищесін бітірген қызылордалық Жолдас­бек Нұрымұлы – қазақтың тұңғыш ұшқышы деп тұжырымдалған. Осы мате­риалда «...ұшқыштар мектебін 1933 жылы үздік бітірген ол...Мәскеудегі ССРО Азаматтық Әуе флоты Бас басқармасының 1933 жылғы 22-қыркүйегіндегі № 540 бұйрығымен 2-клас­ты ұшқыш болып бекі­тілген» деп нақты архивтік деректер кел­тірген. Сол кез­дері Ахметов деген автор «Егемен Қазақстанда» «Аспандап ұшсақ несі айып?» деген тақырыппен Президент Н.На­зар­баевқа қазақ авиациясы, ондағы ка­дрлар про­блемасы туралы ашық хат жа­риялаған... Сонымен, бұл очерк, мақалалардан шы­­ғатын қорытынды: Жақыпбек Мал­ды­баев – қазақтың тұңғыш әскери ұш­­қышы да, Жолдасбек Нұрымов – қа­зақ­тың тұңғыш азаматтық ұшқы­шы (екеуі де училищені 1933 жылы бі­тірген). Очерктің бір данасын Жақыпбек оқыған Харьков әскери авиация училищесіне, музей директоры Калижниковтың атына жібердім. Ол кісі «Біздің түлегіміз – қазақтың бірінші ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев туралы материал мен суретін музейдің Ұлы Отан соғысына дейінгі залының көрнекті жеріне орналастырамыз. Очеркті орыс тіліне аударып, училище тарихы туралы кітаптың екінші басылымына енгіземіз» деп алғыс айтып жауап жазып, өзінің қолтаңбасы мен алғысын білдірген училище тарихы жайлы «Крылатые годы» атты кітабын, төсбелгілер салып жіберді. Музеймен бертінге дейін хат жазысып тұрдым. Михаил Евстафьевич кенеттен келген кеселден қайтыс болып, ол кісінің аманатын отставкадағы полковник, ұшқыш, музейдің кейінгі директоры Лев Васильевич Бобейко орындаған екен. «Өзіңізге айт­қандай қазақтың бірін­ші ұшқышы, біз­дің училишенің түлегі Малдыбаев жайлы материалдар мен су­ретті институттың соғысқа дейінгі залына орналастырдық... Қандай тамаша десеңізші, келген адамдар әскери ұш­қыш­тықты игерген тұңғыш қазақтың ерлік өмірбаянымен танысатын болады. Және Қазақстанның осы қыран қанат ұлына көгілдір аспанға жолдаманы біздің 9-мектептің, қазіргі Харьков ұшқыштар институтының бергенін мақтан етеміз. Бізге жолдаған материалдарыңызға қара­ғанда, Сіз өз халқыңыздың үлкен патриоты болуыңыз керек, көп-көп рахмет!..» – деп жазыпты Лев Васильевич өзінің 1997 жылғы 18-желтоқсан күнгі хатында. Шет ел, шет жерде азаматымызды осы­­­­­­лайша ардақтап жатқанда, өзіміздің ел­де қалайша танылмайды деген оймен ұш­­қыш ағамыздың суреті мен қысқаша өмір­баянын «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына да жолдаған едік. Орысша эн­циклопедияның 3-томында, қазақша­сының 6-томында жарық көрді. Жақаңның 90 жылдығы Зайсан өңірінде ойдағыдай атап өтіліп, Зайсанда көшенің аты беріліп, туған ауылы Шеңгелдіде мектептің аты берілген еді. Ұшқыштың 100 жылдығы қарсаңында облыс орталығы Өскеменде де Жақыпбек Малдыбаев көшесі пайда болды, ол көшенің басына Малдыбаевтар әулеті ескерткіш-құлпытас орнатты. Ұшқыштың 110 жылдығы облыс­тық Пушкин атындағы кітапханада қара­пайым ғана атап өтілді. Зерттеу, іздестіру істеріне нүкте қоюға әлі ерте. Ендігі жерде Мәскеудегі Орталық және Генштаб архивтеріндегі Жақаң жайлы материалдар Республика Қорғаныс министрлігі арқылы елге қайтарылып, Жа­қаңның Испания сапары нақтыланып, Ташкенттегі зираты табылса, 1937 жылы дүниеге келген Эмма есімді қыздарына сұрау салынса, Харьковтегі музейдегі сияқ­ты, Жәкең жайлы материалдар өзіміздің ұлттық музейден орын алса...

*** Халқымыз әдебиет пен өнердегі, ғы­лым мен саясаттағы, тіпті қай салада бол­масын, кейінгі ұрпаққа белгісіз болып, олар­дың ұлттық рухын ойсыратып кеткен тарихтың ақтаңдақ парақтарын бір­те-бірте толықтырып, бүкіл бір ұлттың, ха­­лықтың мақтанышына айналған жар­қын бейнелермен қайта қауышып жатуы, әрине, қуанарлық жайт. Жоғарыда аттары аталған екі батыр ағаларымыз – авиация саласындағы тұңғыштарымыздың ме­рейтойлары өз туыстары ғана емес, ел дең­гейінде атап өтіліп отырса, туған облыс­тары орталықтарында еңселі ескерткіштері орнатылса құба-құп болар еді. Халқымызды алғашқылар болып көк жүзінде қалықтатқан екі ағамыздың да ерліктері мен өнегелі өмір жолы мұндай құрметке әбден лайық!

662 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз