• Ұлттану
  • 05 Қазан, 2012

«БІЗ БҮГІНГЕ ДЕЙІН КӨПТІҢ ПІКІРІМЕН САНАСЫП КӨРМЕГЕН ЕЛМІЗ»

Сафуан ШАЙМЕРДЕНОВ, жазушы

Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шаймерденов бұл күндері көзі тірі болса 90 жасқа келер еді. Ол қазақтың көрнекті қаламгері ғана емес, сонымен бірге туған ел-жұртының жыртысын жыртқан айтулы азамат та болатын. Оның қаламгерлік ерекшелігі аз жазып, аз жазса да саз жазатын қасиетке иелігі көпті тамсандыратын. Соған қарамай, Сафекең небір көркем дүниелердің иесі болып қана қоймай, қоғамдық ойды қозғайтын сан-алуан пікірлердің де негізі болатын мақалалардың авторы қатарына жататын. Ол жазушылықты былай қойғанда, ұлтымыздың тілі мен ділі, рухы деп күрескендердің сапының алдынғы қатарында жүретін. Оның бірден-бір белгісі, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде «қаңғып келдіге саятын» Колбинге тік қарап, оның азаматтықтан тыс іс-әрекеттерін сынға алғаны әлі күнге дейін қалың қазақтың есінен шыға қойған жоқ. Журналымыздың осы санында, жазушының мұрасынан алынған, кезінде жарық көрмеген, телеарнаға беремін деп дайындаған сұхбатын оқушылар назарына ұсынып отырмыз. Осы бір сұхбаттың өзінен-ақ Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сафуан Шай­мерденовтың азаматтық бет-бейнесі анық көрінеді. *** – Сіз әдебиетімізде қырық жылға жуық еңбек етіп келе жатырсыз. Жазушы адам жанының инженері деген қағидаға сүйене отырып, мынадай сұрақ қойсақ: Сол өзіңіз зерттеген, өзіңіз куәгері болып саналатын қырық жылдың ішінде адам табиғатында қандай өзгеріс болды демексіз? – Ынсап... Барға қанағат қылу... Ар-ұят... Бұл ұят болады – дегенде қаншама мән жатыр. Өзін-өзі шектеу. Ал, бүгінгі күннің адамдарында осы категориялар жетісе бермей ме деп шамалаймын. Ең алдымен ар-ұят мәселесін ел басқарған адамдардың аяққа басқанын көріп отырмыз. Олар ел-халық мүддесін ойлаудың орнына, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаудың орнына құлқын қамын көбірек ойлап кеткен. Ал, мұның өзі қоғамымыздың тоқырай бастауына жол ашты. Бұл жолдастар көріне қылмыс жасап жүрсе де ештеңеден қорықпады. Ешкімнен именбеді. Осы жұрт мен жөнінде не демек, – деген ой олардың пәрігөйіне (пәруай) де келген жоқ. Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолынды біл. Халық даналығын әкім-қаралардан кім ұстанды? Кілең қаусаған шалдар кеуделерін жалтыратып, жұрт алдына шыққанда әрі күлкің келетін, әрі ренжитінсің. Күлкің келетіні – олар жалтыраққа құмар келетін балаларға ұқсап кететіндігінен. Ал ренжитін себебін, жоспарлап қойып, өздерін өздері наградтап, әрі өз беделдерін, әрі үкіметіміздің шын еңбегі сіңген шын батырларына, шын тер төккен нақты еңбек адамдарына берілетін жоғары наградаларының беделін түсіргендігі. Мұның бәрі халық алдындағы жауапкер­шілікті сезінбеу. Жақсылықтың неде, жаман­шылықтың неде екеніне мән бермеу. Еті өліп кету. Мен бір нәрсе түсінбеймін: жер жыртып, егін салмаған, мал бақпаған, завод-фабрикаларда тер төгіп жұмыс істемеген адамдар неліктен омырауларын Жұлдыздарға толтырып жүреді? Неліктен көзінің тірісінде өз үйінің алдына қақырайтып өзіне-өзі ескерткіш орнатады? Рас, Екі жұлдызға ие болғандарға ескерткіш орнатылуға тиісті ереже бойынша. Бірақ, Жұлдыздарға кім қандай жолмен ие болды? Міне, әңгіме қайда! Бұл бір. Екіншіден, тіпті заңды жолмен ие болған күннің өзінде де сол ескерткішке өзін басқарып отырған халқың қарайды, сол жөнінде ойлану керек емес пе еді?! Амал қайсы, олай ойлау даналардың ғана қолынан келмекші ғой. Ұзақ жыл ел басқарып отырсаң да дана болып жаратылмаған соң амалын қайсы?! – Көптің пікірі дегенге қалай қарайсыз? – Жақсы қараймын. Бірақ, шынын айтар болсақ, біз күні бүгінге дейін көптің пікірі дегенмен санасып көрмеген елміз. Біз қоғамдық пікір айтып үйренбеген халықпыз. Біздің пікіріміз көбінесе әлдеқашан қалыптасып қалған догмалардан тұрады. Ал, догмалар бүгінгі күнге сай келе ме, жоқпа па, ол жөнінде бас ауыртып жатпаймыз. Сол себепті мына, қазіргі жариялылық дәуірінде догмаға құрылған көптің пікірін белгілі бір мақсатпен пайдаланып кететіңдер де табылады. Соны қару етіп қолданып, кек алу, жә болмаса, ел басқарған адам болса, өзі жүргізіп отырған керітартпа саясатына құрал етіп пайдаланып кету қаупі да болмақ. Қазір баспасөзде атазаманда ұмыт болған «феодалдық-байшылдық», «патриархалдық-рулық» деген терминдер, «буржуазияшыл ұлтшылдар» – деген терминдер бас көтере бастады. Бұл терминдердің шынын айтар болсақ отыз жетінші жылдың қоймасынан алынып отырғанын көреміз. Ал, отыз жетінші жылы әдебиет пен өнердегі алааяқ пысық дарынсыздар кек алу үшін немесе көре алмағандықтан кез келген талант иелерін буржуазияшыл-ұлтшыл деп айыптаған. Керек десеңіз, қазір көзі тірі бір сыншы отыз жетінші жылы «Сәкен Сейфуллин – Жапон империялизмінің агенті» – деп те мақала жазған болатын. Халқымыздың нақақтан боздап кеткен ұлы перзенті Сәкеннің ешбір империялизмнің агенті емес екеніне бүгін барша жұрттың көзі анық жеткен жоқ па?! Олай болса мәдени, рухани байлықтарымызды қайта қарап, қайта бағалап жатқан мына қазіргі Ұлы өзгеріс дәуірінде бір кезде буржуазияшыл, ұлтшыл деп мансұқтап тастаған, Горбачев жолдастың сөзімен айтқанда ұмыт қалған әдеби қайраткерлерді бүгінгі оқырман қауымның үдесіне ұсынғанымыз жөн. Шын бағаны солар ғана бере алмақ. – Қазіргі ұлы өзгерістер дәуірінде жазушының атқарар қызметі қандай болу керек деп ойлай­сыз? – Мен жазушыны өз халқының рухани көсемі деп танимын. Сәкен. Бейімбет. Ілияс... Біз оларды көре алмадық. Ал, өзіміз етене араласқан Мұхтар аға, Сәбит аға, кеше ғана көз жұмған Ғабиден мен Ғабит ақсақалдар менің тануымша қазақ халқының рухани көсемдері. Олар үшін ана жақ, мына жақ деген ұғым болған емес. Қай жақтан болса да талант шықса өлердей қуанып, барынша көмектесе білді. Қазақ халқының мәдени тарихында өздерінің алар орнын мықты сезінген олар сол халықтың алдында жауапкершілік дегеннің де не екенін барынша сезіне білген, сонысын ісімен де, өнерімен де танытып кеткен ұлылар. Өз басымның бақыты осы алыптармен дәмдес болдым. Бірге жүріп ел араладым. Өнер жолында ыстық алақандарын сезіндім. Тәлімін алдым. Шарапатын көрдім. Мен мұны мақтанышпен айта аламын. Әдебиетіміздегі алыптарымыз кеткеннен кейін амалдың жоқтығынан мына менің буыным, бір сөзбен айтқанда, мен құралпылар ғана буын тобына қосылып кеткен жаймыз бар. Бірақ, бүгінгі әдебиетімізде үлгі тұтар қайраткер жоқ. Өзіміз үл­кен, ал, қылығымыз бала-шағаның қылығы. Біз жауап­кершілік дегеннің не екенін сезінбейміз. Жасымыз алпыстан алда қашан асып кетсе де елуге енді кел­ген­дермен болымсыз мәселелердің төңірегінде сақалымыз сапсиып айтыса береміз. Мұнымызды ұят санамаймыз. Естіген жұрт бұлары несі? Деп сөгеді-ау, деп те қысылмаймыз. Міне, бүгінгі әдебиетіміздегі алғы буын – біздердің сиқымыз осы. Топ-топқа, жік-жікке бөлініп алып әдебиетіміздің жас буын өкілдерін жікшіліктің, рушылықтың дертіне бөктіріп шыңдап жатқан жәйіміз бар. Бұл жөнінде – ашып айтқанда бос дау-дамай туралы Горбачев жолдас баспасөз қызметкерлерімен кездесуінде дәл бізге арнағандай етіп былай деді: «Ресей жазушылар одағының басқармасының мәжілісінде айқай-сүрең үдеп кеткен кезде мен жолдастарға мына сөзді жеткізуді өтіндім: егер біздің творчестволық, суреткерлік интеллигенциямыз топтасудың орнына, кенеттен, былай қосылып кеткен жайымыз бар. Мағжан Жұмабаев туралы пікір Мағжанды оқымай тұрған кезде оны «Ұлы ақын» деушілер тым көп еді. Кейін Мағжан ақын шығармалары әркімнің-ақ қолына тиіп, кітапсүйер, әдебиетсүйер кауым үйлерінің төріндегі кітап сөрелерінен орын тепкеннен кейін көңілі кайтып қалғандар шыға бастады. Керек десең, «Әй, ол ақын емес қой!» – деген сөздерді де естіп калып жүргенім бар. Мұндайлар көбіне ақындар арасынан шығып жүр. Бірінші топтағылар әу баста Мағжанды үзіп-жұлып оқығандар, сол себепті оны «тәңірі» санай­тындар. Енді оқи қалса, Мағжан тәңірі емес екен, кәдімгі ақын екен. Содан барып көңілдегі Мағжанмен – елу-алпыс жыл бойы ойда жүрген Мағжан бейне­сімен мына шын Мағжанның қабыспай жатқандығы себеп. Бұлар ұғымның құлы. Сол себепті ондайлардың жарасы да жеңіл. Ал екінші топтағыларды мен аяймын. Себебі, олар Мағжанға өресі жетпейтіндер. Бұлар ауыл туралы ойласа, Мағжан аумакты қамтиды. Бұлар тулақты – толымды аймақ деп таныса, Мағжанға бүкіл қазақ жері аздық етеді. Батыс Азия мен Шығыс Еуропаға сыймай жатқан түрік дүниясын қамтиды. Сол үшін зарланады. Соның келешегін ойлай қан жұтады. Бұл – Мағжан ақындығындағы ұлы құбылыс. Бұл құбылысты жәй ғана жерде тұрып түсіну, барлау мүмкін емес. Бұл ұлы құбылыстың ол шеті мен бұл шетіне көз жеткізу үшін жер бетінен көтеріліп кету керек. Ал жер бетінен көтеріліп кету үшін бір-ақ қасиет керек. Ол қасиеттің аты – данышпандық. «Көн құрысса, қалпына барады» дейді қазақ. Бүгінгі күннің біз талант деп танитын әлгі акындары сол құрысқақ көннің қалыбынан шыға алмай жүрген бейбақтар болуы ғажап емес қой. 1-желтоқсан, 1993 жыл. Р.S. Керім ой ақымақтардың да басына оралады. Әңгіме сол ойды саралап кағазға түсіре білуде ғой. * * * Абайша айтқаңда, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» болса, бізше, өлеңнің патшасы – Мағжан. Қанаты қайрылған мына алтын қаламды асыл тәнін жауыз да жалмауыз заман жұтса да, азалы жаны қазақ сахарасының аспанын қалықтай ұшып, әрбір көңілі ояу жүрекке жол тауын жүрген, халқымыздың ұлы перзенті, мақтанышымыз Мағжан ақынның өлмес рухына арнап, туған жеріндегі мұражайына сыйлаймын. 1994 ж.

454 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз