• Ұлттану
  • 19 Наурыз, 2018

Қазақ-қырғыз зар заман поэзиясындағы «Туған жер» концептісінің көріністері

Бауыржан ОМАРҰЛЫ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Зар заман поэзиясында бейнеленетін ізгі мұраттар өткен шақтың еншісіне тиесілі. Жалпы адамзат үшін артта қалған тіршілікте бастан кешкен нәрсенің бәрі қадірлі. Егер, өз дәуірін жырлаған ақындар ғұмыр кешкен шақтағы (осы шақ) бүліншілік пен келер шақтағы қауіп-қатерді қоссаңыз, өткен өмірдің бағасы арта түседі. Оның үстіне, көшпенділік дағдысынан көп алыс кете қоймаған қазақтың қол созым жердегі кешегі дәурені алыстаған сайын, қимас кезеңге айналды. Сонымен, бұл дәуір зар заман ақындарының шығармашылығында идеалданған заман бейнесінде көрініс тапты. Мәселен, келешекке күмәнмен қарап, өз заманынан жиренген Әбубәкір Кердері («Дүние бізді алдап жүр, Алдыңда ажал жарлап тұр») тарихтың қойнауына кеткен уақыттың игі нәрселерін аңсап, торығады («Заманның түбін барлаймын: Бұрынғының бірі жоқ, Соларды жоқтап зарлаймын»). Ал, оның өлеңдерінде өткен өмір бар бояуымен, қимас сезіммен суреттеледі. Әсіресе, тыныштығы бұзылмаған, сән-салтанаты келіскен, салт-дәстүрлері жарасым тапқан қазақ ауылының тыныс-тіршілігін бейнелеу жағынан Мұрат Мөңкеұлының «Сарыарқа»толғауы мен Әбубәкірдің «Қазағым» толғауы өте ұқсас. Мұрат: Күз болса қонушы едік Қаракөлге, Ащылы екі жағы жайлы жерге. Әбубәкір: Қыс болса қыстаушы еді қырға барып, Көлденең шыңыраулы шыңға барып. Мұрат: Біздің ел қайтушы еді Сағыз жайлап, Тепсеңге суы шыққан бие байлап. Әбубәкір: Жаз болса көшуші еді нуды жарып, Көлденең өтуші еді суды жарып. Туған өлкенің құндылықтарын сағы­нып, артта қалған күндердің елесін ойға оралту – зар заман ақындарының бәріне тән дәстүр. Өткенді өлшем етіп, осы шақпен салыстыру М.Бахтин зерттеу­леріндегі «тарихи инверсия» деп аталған ұғымға орайлас келеді. Бұл арқылы шын мәнісінде алдағы уақытта болуға тиіс, негізгі мақсат-мұратқа сай, бірақ әлдеқашан өткен күннің еншісінде қалып қойған нәрселер сипатталады [1, 297]. Зар заман поэзиясында да қазақ ұлтының нағыз болмысы бастан кешкен заманды қайта бедерлеу арқылы көрінді. Олардың таным-түсінігінде қазақ қоғамының бейнесі осы қалыпта сақталады. Болашақ та, бастағы дәурен де сол өлшеммен таразыланады. Аталған ақындардың бәріне ортақ пайымдаулар «қазақ осылай болу керек» деген тұжырымды қалыптастырады. Тіпті, қазірдің өзінде зар заман жыршылары идеал тұтқан қазақы салт-дәстүрлердің орнын толтыра алмай жатқанымыз жасырын емес. «Қазақ осылай болуы керек» деген ұғымның қатарында «қазақтың тұрмысы, қазақтың жері, қазақтың өлкесі, қазақтың ауылы осындай болуға тиіс» деген түсінік қоса қабат жүреді. Сондықтан, бұл жыр жүйріктері көшпенді өмірдің тіршілігін ұлт еркіндігінің межесі санады. Бір-бірімен салыстыра қарастыратын мезгілдік алмасудың заңдылықтарын белгілі ғалым Шәкір Ыбыраев фольклор хронотопының дәстүрі бойынша былайша түсіндіреді: «Адамзат қоғамы дәл өзі өмір сүріп отырған дәуірін еш уақыт толық идеал тұтпаған, өз дәуірінің кемшілігіне, әділетсіздігіне басқа бір қоғамды қарсы қойған. Ол үшін шексіз әділеттілік, мұрат-мақсат, жаппай үйлесімділік, әдемілік, батырлық сияқты ұғымдарын өз ортасынан оқшаулап басқа ортаға, қоғамға апарып теліген» [2, 166]. Зар заман поэ­зиясында да отаршылдық билеген дәуір мен елдің ілгеріректегі еркін тұрмысы тартысқа түсті. Халық енді қайтып мұндай заманның келеріне күмәнмен қарады. Көкіректегі ой-арманды сенімсіздік бас­ты. Осы көңіл-күй Шортанбай Қанайұлы толғауларына да ауысқан: Айтып та айтпай немене, Өткен заман келе ме?

*** Айғыр айтып сойсаң да, Әуелгі заман келмейді. Шығыс елдерінің әдебиетіне тән «қашу», «ауа көшу» утопиясының көріністері Мұрат Мөңкеұлының шығармаларында кездеседі. Ақынның «Үш қиян», «Сарыарқа», «Әттең, бір қапы дүние-ай» толғаулары – қоныстың құтсыздығына налып, көшкен жұрттың хал-ахуалын шынайы бедерлеген біртектес дүниелер. Бәрінде де көшпелі ел өмірінің қайғы-мұңы айтылған. Бірақ, бұлар ауыз әдебиетінде ежелден бар дәстүр бойынша көштің сән-салтанатын асырып, керуеннің мал-мүлкін, керемет жасау-жабдықтарын мадақтайтын өлеңдер емес, көшкен елдің жұртын сағыну сарынындағы толғаныстар. Үш шығармада да біркелкі сурет: иесіз қалған жер, амалсыз қоныс аударған ел, жақсылардың табаны тиген жайлау мен жайылым, сай-сала, енді қайтып оралмас қимас дәурен... Ақын осының бәрін еске алып, өзегі өртеніп тұрса да, мұндай жерді халықтың мекендеп қалуына қолайлы емес. Өйткені, оның ойынша, бұл – ешкімге опа бермеген құтсыз қоныс. Сондықтан, «осы ауыртпалықтан құтылудың бірден-бір жолы – жерді, құтсыз қонысты тастау керек» дейді. Асан Қайғы, Қазтуған, Беркін тәрізді елін бастап, басқа жаққа көшкен елдерді еске түсіреді. Мұндай Мұрат айтатын «ауа көшу» сарыны қазақ арасында ертеден таралған утопиялық аңыздармен сабақтасып жатыр. «Қашу сарыны» тек қазақтарда ғана емес, орыс халқының фольклорында да бар» [3,22]. Сонымен, Мұрат антиутопиясының түпқазығы – «адыра қалғыр, қайырсыз қоныс» десек, мұның себебін ақынның өзі былайша тұжырымдап көрсетеді: Қайырсыз неге десеңіз, Асан Қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс Қалған екен солардан. Біз де бір сондай болармыз, Артық па едік олардан?! Бұл – ежелден келе жатқан жайлы жер іздеу идеясынан туындайтын сарын. Асан Қайғы жерінген («Атамыз өткен Асан би, Мұны да құтсыз деп айтқан жер»), Қазтуған жырау жиренген («Қарға бойлы Қазтуған, Қайғыланып көшкен жер») қоныс қашаннан қазақтың атамекені болса да, елді бір жайсыздық билеп, қауіп-қатердің елесі кезе бастағанда, «берекесі кеткен, киесі қашқан» жұпыны күйде суреттелуі – халықтық көңіл-күйдің әсері. Жан-жақтан анталаған жау бой көтерсе, алдымен жерге көзі түсерін жыраулардың қай-қайсысы да айтты... Туған даланың тулақтай бөлігі үшін қан төккен қазақ үшін ел мен жер – бір ұғым. «Қоныстың құты қашты» деген сөз «жалпақ жұртқа жайсыз заман келе жатыр» дегенді білдіреді. Асан Қайғының «Жерұйықты» іздегені туралы аңыз-әпсаналар – қыспаққа ұшыраған елдің ой-арманының көрінісі. Себебі, «Мұндай саяси-әлеуметтік жағдай елдің наразылығын туғызбай қойған жоқ, халық енді бұл дағдарыстан құтылудың жолын іздеді. Оны қиялдан, әлеуметтік утопиядан тапты. Өйткені, қиыншылықтан, қоғамдық езгіден құтылудың басқа жолын халық білмейтін» [4, 105]. Міне, Асанның жайлы жер қарап, бір мекеннен екінші мекенге кетуі Мұраттың «қайырсыз қоныс» қағидасының қозғаушы күші болып саналады. Ақын бабалардың атамекенді тастап, үдере көшуін отарлау жорығымен байланыстырады. Тек пен тілді, дін мен ділді таптағалы келе жатқан басқыншылық пиғыл «кәуір» сөзі арқылы аңғартылады: Мұның құтсыздығының белгісі: Алты атаның ар жағы, Талөкпенің бер жағы, Сақмардың бойын жайлаған, Сарғая бие байлаған, Ақсуда тайы ойнаған, Еңсемді кәуір басар деп, Едіге бидің көшкен жер. Туған жерді тастап, жаппай көш­кен­дерді санамалап жырлау дағдысы бұл санаттағы ақындардың қай-қайсысында да бар. Мұратта да бұл сарын үзбей қай­таланып отырады: «Нәріктің ұлы ер Шора, Айқайласып, шуласып, Баланы кәпір сұрар деп, Мұңайып ханның көшкен жер... Билікті кәуір алар деп, Қараның ұлы Сидақтың, Қайғыланып көшкен жер...Жаңбыршаның ұлы Телағыс, Елімді кәуір алар деп,Тыным алмай көшкен жер». Ақынның толғауларында аталатын тұлғалар – өткен тарихымызды айшық­тап, кешегі күніміздің бағасын арттыра түсетін, әрісі аңыз-әңгімелерге, берісі дерегі бар шежіре-жазбаларға арқау болған белгілі кісілер. Ол соларды ұлы көштің үстінде, ел бастаған кейіпте көреді. «Еңсемді кәуір басар деп...» – көшпенді өмірмен рухтас жаугершілік заманның тағы бір дабылы. Бұл тұрғыдан алғанда, М.Әуезовтің: «Әдебиеттегі бұл көшпелі дәуір қазақтың жалпы тұрмысындағы, тарихындағы көшпелі дәуірмен жалғасып келеді. Қол ұстасып қатар келеді, егіз болып туды деуге болады» [5, 228], – деген тұжырымы зар заман поэзиясының өзіндік ерекшелігіне, қайталанбас құбылыс екендігіне ден қоюға міндеттейді. Қазақтың тұрмыс-тіршілігіне енген өзгерістердің адами болмысқа, ұлттық психологияға әсері күні бүгінге дейін жеткен рухани мұ­раларымызда нақты көрініс тапқанын ескерсек, бұл кезең әдебиеті мүлде басқаша сипат алғанын аңғарамыз. Бұған себеп болған – жаңа қоғамдық ахуалдың тосын құбылыстары. Яғни, «сырт­қы өмірдің осы сияқты себеп­терінен қазақтың ойына уайым араласқан, көңілі жабығып, қайғы басқан, сөзінен, өлеңінен, әнінен бұрынғы билік, еркелік, еркіндіктің бәрі де арыла бастап, оның орнын арман, зар-шер, қайғы басқан» [5, 228]. Бұл заңдылық ел-жұрттың отаршылдық қамытын кигеніне байланысты екені дауыз. Сондай-ақ, көшпелі елдің отырықшылыққа айналуы да оның әдебиетіне ықпал етпей қоймайды. Ежелгі дәстүрден бірте-бірте ажырап, отырықшылыққа бой үйреткен кезең өтпелі дәуір саналса, бұл уақыт мерзіміндегі ахуал әдебиетте айқын көрінері хақ. Осы процесс барысындағы жаңа үрдістер мен дағдылар бұрын-соңды салт-дәстүрі бұзылмай келген еркін қазақтың ұлттық иммунитетін оятады. Ендеше, зар заман құбылысын туындатқан негізі фактордың бірі – көшпелілік пен отырықшылықтың бетпе-бет келуі. Қазақ және қырғыз ақындарының өлең-жырларында байқалатын бір ұқсастық – елмен қоштасу, туған жердің өткенін аңсау сарынының үндестігі. «Ауа көшу», «қашу» ұғымы көптеген халықтың фольклорлық шығармаларына ортақ екенін жоғарыда айттық.Талауға түскен елден кетіп, жайлы жер, ыңғайлы қоныс іздеу идеясы еркіндік, бостандыққа ұмтылу мұраттарымен орайлас келеді. Кетіп бара жатып, атамекенге қайырылып сөз айту, сол арқылы көкіректегі ащы шерді ақтарып, сағыныш пен мұң өрбіту – екі ел ақындарының поэзиясына тән нәрсе. Әй, жақсылар, жақсылар, Бұл қоныстан кетпесең, Бұны талақ етпесең, ...Жалауыңды жолақ деп, Одаманды одақ деп, Қасына соның ерерсің, – деп Мұрат Мөңкеұлының Қазтуғаны ескерткен қауіп расқа айналып, ел-жұрт үдере көшкен заманда ақындардың қоштасу жырлары көптеп айтылды. «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келедінің» жаңа сипаттағы үлгілері өмірге келді. Қойнауы ырыс-несібеге, жайлауы малға толған туған жерді аңсау сарыны қоштасу жырын айтар тұста айқын байқалады. Асан Қайғы сияқты Жерұйықты келешектен іздемей, өткен өмірді, түтіні түзу тірлікті сағыну зар заман ақындарының бәріне тән. Туған жердің табиғатына тамсана қарап тұрып, өткен күннің елесін іздеу, жастық дәуренді, балалық шақты еске алу үрдісі қырғыз ақындарының өлеңдерінде де ұшырасады. Бұл сағыну мен зарығудың жөні бөлек. Өлең-жырларға өзек болған нәрсе – атақоныстың талауға түсіп, өзгенің ойранына айналған сәтте туындаған мұң мен шер. Қырғыз ақыны Солтобай Тоқтаболат­ұлының Ыстықкөлмен қоштасу жырында өткенге деген сағыныш былайша баяндалады: Ыр кылганым Ысык-Көл Ысылайт белең кайран эл. Жайлооң менен төрүң ай, Жайнапжаткан көлүң ай, Жакаң менен чөлүң ай. Көз ачканда көргөн жер, Кичинемде жүргөн жер, Айдаган малым өргөн жер [6,170]. Бұл – жоғарыда келтірілген Мұраттың «Сарыарқасымен» сарындас, үйлес келетін толғау. Екі ақын да бала кезінде жүрген жерді, тау мен көлді, бел-белестерді санамалап, өткен өміріне ойша саяхат жасайды. Соның бәрін басқаның билеп-төстеп, құтсыз, баянсыз мекенге айналғанына күйінеді. Бұл күйінішті Мұрат: «Шалқыған тасқын судай көңілін басып, Біреуге пенде болып кербездерім», – деп түйіндесе, Солтобой: «Көлдө ойногон балыгың, Көк башы күткөн арыгың. Ысык-Көл сенден айрылып, Көп ыйлайт го карыбың», – деп баяндайды. Х.Досмұхамедұлы қоштасу жырларына мынадай сипаттама береді: «Қоштасу жырлары ата-анадан, достарынан, сүйгенінен, қоғамдық мәні бар құрметті адамдарынан, атажұртынан, туған руынан, сүйікті малынан, тіпті қадірлі затынан айырылып, жоғалтқанда жырланады. Қоштасу өлеңдерін тудыруға себепші болатын мынадай жағдайлар: болмай қоймайтын өлім, ұзатылған қыздың айырылысуы, басқа ру, басқа жерге кету, жер аударылу, ұзаққа сапар шегу (қажыға бару, оқуға кету, т.б.), атақонысты ауыстыру, т.с.с» [7,17]. Мұның ішінен біз жұртпен қоштасу өлеңдерін бөліп алып отырмыз. Бұлардың көпшілігіне отаршылдық өктемдіктің тепкісінен жерді тастап, үдере көшу тақырыбы негіз болған. М.Әуезов қоштасу өлеңдерін: жерге қоштасу, елге қоштасу, өмірдің өткен шағына қоштасу, өтіп бара жатқан заманға қоштасу деп төртке бөледі. «Қоштасудың үшінші түрі өтіп кеткен дәуренді айтып, соны еске түсіру болады. Өткен күн әрқашан қолға қайтып келмейтін, қиынға кеткен қымбатты күн» [5, 34]. Қоштасу сарыны қырғыз зар заман ақындарының шығармаларында көбірек байқалады. Олардың бірқатары басқыншылық пиғыл мен іс-әрекеттерді жұталған жермен көшкен елге қайырылып сөз айтып тұрып, жырға қосады. Көрші елдің «заманчы ырчысы» Арыстанбек Бұйлашұлы «Екі ноғайдың қоштасқаны» деген өлеңінде былайша толғайды: Жамынчы болуп элиме, Суктанатзалимжериме. Балтырканибилектей, Маралдарыңқарасаң, Мала кашка инектей. Үч Алматы жерим ай, Айтыпэндинетейин. Жаманкөрбө, жеримай, Кош аман бол,кетейин [6,132]. Солтобайдың Текес-Жұлдызбен қоштасқанда айтқан өлеңі де осы сарындас. Ақын өзінің ой-тұжырымдарын «құтсыз қоныс» идеясына негіздеп, туған жердің тауы мен тасын, ойы мен қырын, жайлауы мен көлін киелі санайтын Мұрат дәстүрімен сабақтастық танытады. Халықтың шұрайлы жерден ығысатынын алдын-ала сезгендігін «Қара балта темирдин Курч болбосун билгемин, Кара калмак капырдын Журт болбосун билгемин», – деп аңғартқан Солтобай сауық пен сайранның бесігі болған елді мекендерді елжірей еске алады. Жанына жақын жер-су аттарын жеке-жеке атап, қош айтысады: Эстемесеммындайзаман бол, Эсенканжуртуаман бол Өгүз-Кечүү, Тай-Ашуу, Карагай-Таш, Ала-Айгыр, Аман болгун сен дагы, Ажырапкөчтум мен дагы…[6,162]. Қоштасу өлеңдерінен сүттей ұйып отырған елді алатайдай бүлдірген отарлаушыларға наразылық аңғарылады. Демек, бұл жайлауға көшердегі немесе қыстауға қайтардағы қимастық емес, босқынға ұшыраған елдің туған жермен қоштасуы. «Жеріме залым сұқтанған соң, өзге халықтың жұрт болмысын білген соң көшіп барамын», – деп зарлаған, мұң-шер арқалаған жырлар. Сөйтіп, қазақ пен қырғыздың зар заман поэзиясында «туған жер» концептісі «өткенге сағыныш», «құтсыз қоныс», «атамекенмен қоштасу» ыңғайында көрініс тапты. «Туған жер» концептісінің ұлттық-мәдени ерекшелігі және оның қазақ әдебиетінде көркем бейнеленуі» атты ғылыми жоба аясындағы зерттеуіміз арқылы осындай қорытындыға келдік. Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Бахтин М.Вопросы литературы и эстетики. М.: «Художественная литература», 1975. – 504 стр. 2. Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы. Алматы: «Ғылым», 1993. – 296 бет. 3. Сыдиқов Қ. Керімов Ш. Жыр жүйріктері (Алғы сөз) // Алқаласа әлеумет. Алматы: «Жазушы», 1991. – 240 бет. 4. Қасқабасов С. Миф пен әпсананың тарихилығы //Қазақ фольклорының тарихилығы. Алматы: «Ғылым», 1993. – 328 бет. 5. Әуезов М. Әдебиет тарихы. Алматы: «Ана тілі», 1991. – 240 бет. 6. Кыргыз эл ырчылары. Бишкек: Адабият жана искусство институту, 1994. –180 бет. 7. Досмұхамедұлы Х. Аламан. Алматы: «Ана тілі», 1991. – 176 бет.

977 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз