• Келелі кеңес
  • 08 Қазан, 2012

Діннің мемлекет пен ұлт қалыптастырудағы рөлі қандай? немесе Санаға тұсау салынғаннан кейін басқаша ойлау мүмкіндігі болмайды

Ақбота ИСЛӘМБЕК, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің 4-курс студенті, Жас ғалым үйірмесінің төрайымы

Соңғы кездері мемлекет пен дін және ұлт қарым-қатынасы жөніндегі мәселе алыс шетелдерде ғана емес, бір-біріне жақын, бір кездері бір одақта болған ТМД елдерінің өздерінде де өзекті жағдай ретінде кеңінен әңгіме болуда. Өйткені, қазіргі заман әрі уақыт талабы Мемлекет, дін, ұлт туралы жаңа ойлар менен тұжырымдардың, содан соң, алуан пікірлердің үрдісінен шықпай, аталған түсінік-танымдарға жаңаша көзқараспен қарауды талап етуде. Оларға заманауи жаңа талаптар қою, сосын, олардан нарық кезеңіне сай іс-әрекеттерді күту бүгінгі күннің елеулі мәселесі. 1918 жылы 23 қаңтар (5 ақпан) айында Кеңестер Одағының алғашқы қабылданған декреттерінің бірінде Мемлекет пен дін арасын бөліп, оны социалистік жүйе талабына сай реттеген еді. Ол декреттің бірінші бабындағы «Шіркеу мемлекеттен бөлінеді» деген сөйлем 1871 жылғы Париж коммунасы декретінің бірінші бабымен сайма-сай келеді. Яғни, бұдан, кезінде мемлекет пен дін арасын бөліп тастау бір топтарға айрықша қажет болғанын аңғаруға болады. Міне, осындай бөліністен соң мемлекеттің негізін қалайтын ұлттың да діни ұғым-түсінімі, салт-дәстүрі бұзылып, діннің ұлт пен мемлекетке жасайтын ықпалы күрт өзгерді десек, қателеспейміз. Осындай мәселе бүгінгі күндері де күн тәртібінен бір түскен емес. Шынында да, діннің мемлекет пен ұлт қалыптастырудағы рөлі қандай? Олар бір-бірімен қарым-қатынасты қай дәрежеде, қандай бағыт-бағдарда құрулары керек? Осыған орай, біз кезекті келелі кеңесімізге Халықаралық педагогикалық білім беру, еларалық Ш.Айтматов академияларының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Смановты, Нұр-мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің PhD докторы, дінтану кафедрасының меңгерушісі Алау Әділбаевты, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, мәдениеттанушы Мұртаза Бұлұтайды, филология ғылымдарының докторы, дінтанушы, Сүлейман Демирел университетінің профессоры Ислам Жеменейді, журналист, дінтанушы, «Жалын» журналы редакторының орынбасары Құдияр Біләлді шақырған едік. Енді, назарларыңызға сол келелі кеңестен туған пікір-тұжырымдарды, ой-түйіндерді ұсынамыз. – Хұжрат сүресінде: «Ей, адам баласы сендерді бір ер, бір әйелден Адам Хауа анадан жараттық. Сондай-ақ, сендер бір-бірлерінді тану үшін ұлттар, рулар қылдық» деген аят бар. Міне, бұдан біз дінге ұлттың жат емес екенін байқаймыз. Ал, ұлт бар жерде мем­лекет болады. Осыған орай, «қазіргі мемлекет, дін және ұлт арасындағы қарым-қатынаста Сіздердің байқағандарыңыз не? Кемшілік неде? Қай тұстарда нені игере алмай жатырмыз? Нені игердік?» деген сауалдар туады. Сондықтан, діннің мемлекетті, ұлтты қалыптастырудағы рөлі жайлы әңгіме қозғасақ. Ислам Жеменей: – Бүгінгі бас қо­суымыз қазақ елінің тәу­ел­сіздігінің 20 жыл­­­дығындағы жаңа бас­­тама деп есептесек болады. Себебі, бұған тәуелсіздікте қалыптасқан хал­қымыздың жаңа буыны бас қосып отыр. Сондықтан, ең бірінші, осы басқосуымыз елімізге қайырлы болсын деп Алладан тілеймін. Ал, енді, дін, ұлт, мемлекет байланысын қай бағытта, қай тұғырдан қараймыз тақырып соған ауысады. Себебі, дін мемлекет үшін саяси жағынан билік тізгінін ұстап отыруға немесе елдің ауызбірлігін қамтамасыз етуге де құрал болып келеді. Қоғамдық тұрғыдан да солай бола алады. Адамның психологиясын, ахлағын қалыптастыруда рөлі айрықша. Олай дейтініміз, Иранның тарихы оған мысал, Ұлы Дарий: «Бір мемлекеттің баянды болуына тіл және дін бірлігі керек», - деп өсиет еткен. Ал, өздеріңіз білесіздер, Еуропаның Ислам әлеміне жасалған Крест жорықтары да елдерінің ынтымағын, бірлігін қамтамасыз етіп, өздерінің билігін нығайту үшін, Исламның кеңірек қанат жаюын тоқтату үшін дінді желеу етіп пайдаланды. Бұл, діннің саяси тұрғына мысал. Ал, Исламның басқа діндерден мемлекетті басқаруда өзгешелегі бар. Себебі, Ислам адамзат тағдырына, мемлекет тағдырына тек саяси тұрғыдан қарамайды. Оның артықшылығы, адамға баға беруінде. Пәк, тақуа, таза, иманды, әділетті Адам арқылы, қоғамның, ұлттың, мемлекеттің қалыптасуына ықпал жасайды. Менің ұсынысым, осы жерде отырған дінтанушы бауырларымыз өз ойларын діннің мемлекетті құрудағы қандай ықпалы барын тарихи деректермен нақтылауға атсалысса игі. Одан кейін, Ислам діні басталған кезеңнен бастап діннің саяси рөлі өзгешелеу көрінуінің себептері неде деген мәселелерді қарастырсақ. Бақтияр Сманов: – Әңгіме дін, ұлт туралы болғаннан кейін, мен басымнан өткен тә­жірибемді айтқым келіп отыр. Біз тәуелсіздік ал­ғаннан кейін, алғаш Ата Заңымыз қабылданды. Са­лалық заңдар түзелді. Со­ның бірі «Діни сенім бос­тандағы және діни бірлестіктер туралы» заң еді. Заң өзіне тиісті қызметін атқарды. Өзгертулар мен толықтырулар да енгізілді. Ол 20 жылдай бізге қызмет етті. Сол 1992 жылы қабылданған заңның кемшіліктері болды. Оны да байқадық. Соның артынша, бұрынғы кемшіліктерімізді ескере отырып, мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін жаңа заң қабылдадық. Ол «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» деп жаңаша аталды. Бұрынғы заңда кемшіліктер мемлекет тарапынан да, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан да, діндарлар тарапынан да бір түйінді мәселеде алшақтықтары байқалатын. Мәселен, бұрынғы Ата заңымызда мемлекеттің діннен бөлінгендігі туралы бап болатын. Сол бап діндарларға да, басқаларға да үлкен әсерін тигізді. Діни бірлестіктердің басшылары, діндарлар дін мемлекеттен бөлінген, мемлекеттің дінге араласуына хақысы жоқ дегенді негізге ала отырып, өздерінің бірлестіктерінің ішкі мәселелеріне ешкімді араластырмады. Былай айтқанда, білгенін істеді. Одан кейін, керісінше, кейбір әкімдер, басшылар дін мемлекеттен бөлек дегенді ұстанып, дінге мемлекет ішіндегі жеке мемлекет ретінде қарап, бойын аулақ ұстауға тырысты. Міне, осының барлығы заңсыздықтарға жол ашты. Тәуелсіздік алғаннан кейін, ел Президенті Аппаратында Діни бірлестіктермен байланыс бөлімі жұмыс істеді. Кейіннен бұл бөлім секторға айналды. Одан соң біз оны бөліп, Үкіметтің жанындағы Дін істері жөніндегі кеңес деп те атадық. Сол кеңесте 4-5 жылдай жауапты хатшы болып қызмет еттім. Ондағы қызметкерлер заңның өзгеруіне, толықтырулардың енгізілуіне шамамыз келгенше бас көз болдық. Сонда байқағаным, біз бұрынғы Кеңестік кезеңдегі ізбен жүріп келдік те, заңымыз да сол ізге түсті. Қазіргі заң, менің байқауымша, бұрынғы заңға қарағанда, әрине, жетістіктері көбірек. Ал, енді, Ата заңымызда мемлекет діннен бөлінген жоқ деген жолдар алыныпты. Керісінше, бұл жәйт жаңа заңда беріліпті. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені, Түркия, Малайзия сияқты зайыр­лы мемлекеттерде де мемлекет діннен бөлінген деген сөз жоқ. Қазір осы заңымыздың күніне енгеніне жылға жақындады. Дегенмен, бұл заңда әлі де болса олқылықтар бар деп ойлаймын. Өйткені, біріншіден, діндарларымыздың, діни бірлестіктеріміздің кейде қателіктер жіберіп жатқанын байқаймыз. Екіншіден, бұдан француздық, ағылшындық, американдық үлгілер заңды демократияландыру тұрғысында негізге алынғаны байқалып отыр. Бұл дұрыс та шығар, әрине. Бірақ, біздің осы жаңа заңымызды Ресейдің заңымен салыстыра қарағанда, маған біраз ой келді. Мәселен, олардың заңдарында миссионерлік қызмет деген атымен жоқ. Ал, бізде, миссионерлік қызметке молынан орын берген. Сегізінші бап түгелімен миссионерлік қызметке арналған. Жеті тармақтан тұрады. Енді, қараңыз, миссионерлік қызмет қазаққа қаншалықты қажет? Бұл қазақтардың көпдінді ұлтқа айналуына жол ашпай ма? Көпдінді ұлт, көпдінді мемлекет деген атаулар мақтанарлық жәйттар емес. «Төріңе шығарсаң да төбеңе шы­ғарма» деген атам қазақтың даналық ұла­ғатын неге ескермейміз? Меніңше, Ресейдің заңында миссионерлік қызмет жайлы арнайы баптың берілмеуінде, тіпті ондай қызметтің аты да аталмауында үлкен мән, айтылмайтын сыр жатқан секілді. Мысал ретінде, өз басымнан өткен жағдайды айтуыма болады. Бір университетте оқып жүргенде, бізбен бірге араб бөлімінде бір қыз оқыды. Сол курстасым осыдан 4-5 жыл бұрын, телефон шалып, қолында елден келген ағасының студент-ұлы тұратынын, оның басқа протестанттық бағыттағы бір дінге кіріп кеткенін айтты. Сонан інісіне ата дініміздің игілікті жақтарын насихаттап, бері қайтарып алам деп жүріп, ана қыздың өзі діндар, нағыз намазхан болды. Ал, әлгі бауыры сол күйі тауық басып шығарған үйректің балапаны сияқты өзге діннің айдынында жүзіп құрыды. Екінші мысал, мен Президент Әкімшілігінен кейін, қыздар инс­титутында 5-6 жыл декандық қызмет атқардым. Сонда қыздар арасынан 3-4 қыздың басқа дінге, секталарға барып жүргенін байқадым. Олардың бірімен шақырып сөйлескенімде, арасындағы бір қыздың бәрін үгіттеп, апарып жүргенін анықтадым. Ол өте талантты, сыпайы, сабағын жақсы оқитын, өнерлі қыздардың бірі еді. Сөйлескен кезде, христиандық діннің «Елуліктер» деген тармағының шіркеуіне барып жүргенін айтты. Содан олармен түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін, қалған қыздар қайтты да, әлгі ұйымдастырып жүрген қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқитын мақтаулы қызымыз қайтпай қойды. Ақыры, ол қызды оқу үлгерімдерінен кінәрат тауып оқудан шығарып жібердік. Содан кейін, христиандық баптистердің тобына өтіп кеткен тағы бір қыз оқыды. Оған оқу орнымыз зайырлы оқу орны екенін айтып, мұндай білім беру мекемесінде діни үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынатынын айттық. Кейін, ол қыздың әкесі хабарласып, бұл олардың жеке шаруалары екенін жеткізді. Қысқасы, ол қыз да райынан қайтпады. Өйткені, сол сектаға олар отбасымен түгел өтіп кеткенін білдік. Бұларды айтып отырғаным, осы жәйттардың барлығында да миссионерлерғе біздің болашақ қазақ тілі мамандарымыз қажет. Оларға қолқабыс ететін, қандастарымызды, діндестерімізді үгіттейтін сауатты жастар, үздік оқитын ұл-қыздарымыз керек. Тағы бір назар аударатын жағдай бар. Қазір 48 түрлі дін бар. Кезінде бұлар 30-дың айналасында болатын. Ресейдің заңына қарасақ, 8-баптың, 5-тармағы бойынша «Ресей, орыс» деген анықтамаларды арнайы заңның талабына сай ғана қосуға рұқсат етеді. Онда ол діни ұйым Ресейде кемінде 150 жыл ресми тіркеліп қызмет етуі тиіс. Ал бізде, өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ахмадия Жамағаты, Қазақтың Ұлттық христиандық қоры дегендер болды. Олар «Қазақстан Республикасы, қазақтың, ұлттық» деген анықтама сөздерді оңды-солды пайдаланды. Бұл да түбірлей дұрыс емес. Заңға уақыт өте келе өзгертулер, толықтырулар енгізілетіні баршаға белгілі. Дегенмен, қазіргі заң біраз епке келді деп айта аламыз. Алау Әділбаев: – Бүгінгі тақы­ры­­­бымыз күрделі та­қы­рып­тардың бірі. Бү­­­кіл адамзатты тол­ған­дырған, философтардан бастап, адамзат ойлана бастағаннан бе­рі, өркениет, мәдениет болған жерлерде де, бол­маған жерлерде де әр­қашан дін, діни сенім болған. Дін мәселесі адам­заттың ең ежелгі және адамзаттың негізгі қажеттілігін өтейтін құндылық. Негізінен алып қарасақ, дін туралы Батыстың анықтамасы мен мұсылман анықтамасы екі бөлек. Батыстағы діннің анықтамасын көп жағдайда, материалистік, позитивтік бағыттағы діннің анықтамасын көреміз. Ал, негізінен, дін мемлекеттен бөлек деген мәселе бізге Еуропадан жұққан індет. Әйтпесе, Ислам дінінде дін мемлекеттен бөлек деген ұстаным жоқ. Діннің келген мақсаты Иллаһи Мұсылман анықтамасына қарасақ, дін –– саналы адам баласы (санасыз адамдарға дін міндет емес) үшін өз еркімен, ешқандай мәжбүрлеусіз, біреудің зорлығымен емес, адамның өз еркімен екі дүние бақытына жеткізетін Иллаһи жоғарғы құдіреттер тарапынан жіберілген Иллаһи заңдар жиынтығы. Яғни, ақыл-ой иелеріне бүкіл екі дүниесін реттейтін жүйе. Сондықтан, дінді мемлекеттен бөліп, мемлекетті діннен бөліп, екеуін қақтығысқа қойып қою Батыстың індеті. Өйткені, Ислам діні адамзат өмірін реттеуге келеді. Діннің қоғам өмірінде қаншалықты керек екенін көру үшін, біз Исламның басқа тұстарын да байқау керекпіз. Тарихтан да діннің өркениетке жетудегі рөлін көреміз. Айталық, Еуропалық менталитеттің қалыптасуына христиандық діннің еңбегі орасан зор. Иудейлерді де алып қарасақ та, олар үшін діннің рөлі үлкен екенін байқаймыз. Ислам дінінің шыққан кезеңінің өзін алып қарасақ, діннің қаншалықты орасан зор күшке ие екенін көреміз. Ислам діні келмес бұрын, араб халқы адамзат өркениетіне, тарих сахнасына шыққан белгілі ел болмаған. Ру-руға, тайпаларға бөлінген бір-біріне әлімжеттік жасаудан аспаған қауым еді. Бірақ, Иллаһи бір дін келу арқылы 23 жылдық қысқа мерзімде бөлек-бөлек рулар бір үлкен үммет, көпұлысты, іргесі мықты мемлекетке айналды. Және бүкіл әлемге сол мәдениетті жая алатын күшке ие болды. Демек, о бастан діннің қоғамдағы рөлі өте жоғары. Ұлтты құратын діні мен тілі. Міне, осы тұрғыда ең алғаш дін туралы заңдарымыз қабылдауға атсалысқандарда үлкен олқылықтар кеткен сияқты. Өйткені, оны қабылдағандарды да нағыз дінді білетіндер деп ойламаймын. Алғашқы Дін заңдары бүкіл миссионерлік ағымның ағылып келуіне түрткі болғанын кімнен жасырамыз. 20 жыл бойы алысып жүріп, жаңа бір заң күткен едік. Оның да жақсы жақтарымен қатар, осал тұстары барын байқадық. Әсіресе, ол осал тұс мұсылмандарға тиіп кетіп жатқан баптарынан көрініс тапты. Жалпы, ХІХ-ХХ ғасырлар діни ренессанс ғасыры деп аталады. Маркстік идея бойынша, адамзатты жұмыспен, іспен, барлық керегімен қамтамасыз етсе, олар дінді қояды делінген. Ал, қазір керісінше, өркениет, білім, ғылым дамыған сайын діннің қоғамдағы рөлі одан сайын арта түсуде. Қайта керісінше, оқыған зиялы азаматтардың ішіндегі дінге деген құлшыныстарын ашуда. Өйткені, діннің адамзатты еріксіз еліктіретін құпия тұстары бар. Кезінде атеистік бағытта болған Ресейдің өзінде, бүгінгі күні дінге деген құлшы­нысының артқанын көреміз. Олардағы «Битва экстрасенcов» бағдарламасын бүкіл халық қы­­зы­ғушылықпен көреді. Кеше ғана атеизмді ұстанған елде, үш қайнаса сорпасы піспейтін материализмнің, рухани күштер бар екенін көрсететін жаңа тұстары дамып келе жатыр. Қазақ ұлты үшін, басқа діндерді былай қойғанда, Ислам дінін әрдайым алға тартуымыз керек. Біз өзге діндер қоғамына қарсы емеспіз. Қазақ елі болғалы бері, шын мәнінде қазақтың ұлттық мәдениеті Исламмен біте қайнасып кеткен. Сондықтан, бірінші ретте көпшілікті құрайтын қазақ халқының ұстанған діні Ислам дініне басымдық берілмейінше, ұлт пен діннің арақатынасы реттеле қоймайды. Өйткені, біз барлығына көпұлттымыз, көпдіндіміз деп жүрген кезде қаракөз қазақтарымыздан айырылып қаламыз. Шын мәнінде, Қазақстанның ең көп құрамдас халқы – қазақ халқы. Бізге ешқандай да миссионерліктің де, ол туралы заңның да қажеті жоқ. Сондықтан, біз өкінішке орай, діннің алапат күшін енді-енді байқап жатырмыз. Жан-жақта жарылыс, атыс болып жатқан кезде ғана көп нәрседен кеш қалып қойғанымызды түсініп жатырмыз. Құдияр Біләл: – Қазіргі «Ақи­қат» журналы кезінде «Қазақстан ком­му­нисі» болған. Оның «Ақиқатқа» айналып, бүгінгі күнде дін ту­ралы тақырыпты қоз­ғауының өзі заман­ның да, қоғамның да өзгергенінің көрінісі. Бұған сүйсініп қа­рау керек шығар. «Қа­зақстан коммунисінің» идеологиясы біз­ге дін мемлекеттен тысқары деген ұғым қалыптастырып кетті. Сол ұғымнан әлі ажырай алмай жатырмыз. Коммунистердің айтқанының жаны бар еді. Өйткені, Кеңестік кезеңде дін болмаған. Дін болмаған соң, ол мемлекеттің ішінде тұрсын, сыртында тұрсын айырмашылығы жоқ болатын. Бүгінде, сол Кеңестік кезеңдегідей, дін өз бетінше дамиды деген қате түсінік туындады. Шынтуайтына келгенде, мемлекеттен тысқары ешнәрсе болмау керек. Біріншіден, мемлекеттен тысқары нәрсе, ол мемлекетке қауіп туғызады. Бұл бақылаудан тыс дегенді білдіретін түсінік. Екіншіден, ауырғанын жасырған өледі деген тұрғыда сөз қозғағым келеді. Жастарымыздың мешіттерде көбейе бастауы –– қауіпті құбылыс. Неге? Себебі, біріншіден, дінге биғат деген ұғым бар. Аптасына бір рет намаз оқу үрдісі қалыптасты. Шындықты айтсақ, бір парызды орындасаң, қалғанының қатысы жоқ деген қате түсінік. Жұма намазға аптасына бір барсаң, 5 уақыт намазды оқудың қажеті жоқ деген түсініктер пайда болды. Мені алаңдатқан жәйт, олар неге жұма намазға барады деген сауал. Мешітке барушылардың бірде-біреуі оған діни наным-сенімін дамытып, діндар боламын деген оймен бармайды. Барлықтары тірліктерінің оңға басып, тілеу үшін барады. Міне, осы ниетпен жұма күні барша жастар қауымы мешітке жиналып, сол намазға жығылып, тілек тілеген сәтте бүкіл ниет-тілектері қабыл болады деп ойлайды. Яғни, ойлаған мақсат-тілектерін Құдайдан сұрайды. Құдайдан басқа сұрайтын жолдары қалмаған деген сөз. Сұраған тілектері тілеген уақыттарында бірден қабыл бола қоймайды. Келесі апта тағы барып, сұрайды. Одан кейін Қадыр түнін күтеді. Сол түнде де ниет-тілектері қабыл болмаса, тағы күтеді. Ойлаған жұмысына тұрмайды, тілеген байлықтары бола қоймайды. Көлік мінудің ауылы алыс екенін түсінеді. Осыны аңдып отырған, басқа діни ұйымдар, сол жастарды өздеріне тарта бастайды. Тіпті, олардың ниет-тілектерінің орындалмауының себебін өздерінше түсіндіреді. Бұл жердегі кінә, діннің дұрыс еместігінде деп түсіндіреді. Әке-шешелерің намаз оқымаса, ондайда да ниетің қабыл болмайтынын айтады. Тағы бір екінші топ, асты дәретсіз ішкенің дұрыс емес деп те шығады. Міне, жастарды аңдып отырған түрлі ағымдар өздерінің ұсыныстарымен жастар санасын, дін туралы пікірлерін өзгертіп өздеріне тартудың амалын табады. Осының барлығы, діннің бірлігін жояды. Мемлекет бұған мән бермейді. Егер, сол жастардың тілегін мемлекет шешіп берсе, жастар мешітке шын ниет, шынайы мұсылмандық жолымен барады. Ал, бүгінгі жағдай қауіпті. Мемлекет пен дін, ұлт тұтастығы осындайда керек. Ал, жастар ұлт, мемлекет, дін болашағының негізі. Мұртаза Бұлұтай: – Мына мәселелер 22 жыл бойы айта-айта әбден жауыр болған мәселелер. Қиналып отырмын. Себебі, қа­лың тұманның ішін­де келе жатырмыз. Жалпы, қазақтар тұр­­ғысынан айтатын болсақ, тарихта Ислам діні қазақтардың ба­сын қосу және мемлекетіміздің іргесін бекіту жағынан өте жақсы рөл атқарған. Себебі, қазақ қазақ болғалы дінге, тілге бөлінген жоқ. Қоғамға іріткі салатын ағымдар қазақтың санасында болған жоқ. Міне, сол қалпымен қазақ баласы кешегі тәуелсіздікке дейін келді. Тіпті, сол қазақ Кеңестік кезеңнің тұсында да діни тұтастығын жойған жоқ. Ағымдар бізге тәуелсіздікпен келді. Тәуелсіздікке дейін халық өзінің ұлттық сипатын, тілін, тегін, дінін сақтап қалуға тырысты. Бірақ, тәуелсіз болғаннан кейін, біз сол тұтастығымыздан айырылып қалдық. Қазіргі бас қосуымыз таңға дейін болса да, біз дін мәселесінде бір тоқтамға келе алмаймыз. Қазір, бір жерде екі молда қосылса, дау шығары анық. Басы даулы болса, аяғы жанжалға баруы әбден мүмкін. Яғни, қазіргі біздің қоғамымызда дін деструктивті рөл атқарып жатыр. Ол пәк дініміздің өзі емес, айналасындағылардың және қанаушы топтардың бойындағы деструктивті қасиет. Жаңа заңдарымызды Ресей заңдарымен салыстырды ағамыз. Әр нәрседе Ресейге жүгінеміз ғой, бірақ, дін мәселесіне келгенде Ресейді үлгі тұтпаймыз. Неге? Егер, Ресей өзінің діни тұтастығын сақтап қалу үшін түрлі механизмдерді қолданып, заңдарын шығарып, оқулықтарын беріп жатса, неге олардан үлгі алмасқа?! Біз барлық мәселеде Ресейді негізге аламыз. Тек дін мәселесіне келгенде, американшыл болып, не Батыс саясатына еліктеп кетеміз. Адам құқықтары бюросы, миссионерлік қызмет деп айтып жатырмыз. Егер, біз сондай Ресейшіл болсақ, олардың механизмінен үйреніп, келген кірме ағымдарды жоймаймыз ба?! Қазіргі қоғам мүлде өзгерген. Күнде 10-15 адамды өлтіріп жатыр, жарылыстар болып жатыр дегенді естиміз. Бұл ешкімді де таң қалдырмайтын болып қалды. Ал, Кеңес Одағында кішкентай бір жағымсыз ақпарат бола қалса, бүкіл халық соған уайымдайтын, қоғамдық пікір лезде қалыптасатын. Айталық, бір бала-бақшада су болмай қалса немесе көшедегі бір ағашты біреулер кесіп кетсе, оны бүкіл халық мемлекеттік деңгейде талқылап, таң қалатын. Ал, қазір адам өлімі болып жатыр десе, таң қалмаймыз. 20 жылдың ішінде қоғам қатты өзгеріске ұшырады. 20 жыл бұрынғы қоғамымыз бен қазіргі қоғамымыздың қашықтығы жер мен көктей десем қателеспеймін. Халықтың санасының улануы дәл осы қазіргі қоғамымыздың санасының улануындай тарихта болмаған шығар. Мен басқа ұлттарды емес, өзіміздің қазақтарымызды айтып отырмын. Біздің дінге деген көзқарасымызды, дінді қалай түсінетінімізді, дін мен мемлекеттің арақатынасы қалай болатыны, діннің ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі, білім мен ғылымға әсері туралы бір ойға келе алмай жатырмыз. Интеллектуалды орта да жоқ. Қоғамның қыспағы, ортаның ықпалы бар. Қазір көп адамдар діни сенімдер, ритуалдар мен әрекеттерді қоғамдағы өзгерістермен пара-пар жасап жатыр. Ол саналы түрде ме, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Қоғамда діннің, діни ағымдардың рөлі, діни-саяси идеологиялардың ықпалы күшейіп келе жатыр. Адамдар жаңа қоғамда өмір сүріп, тіршілік ету үшін қазіргі заманның ортасына бейімделу керек екенін түсінуде. Айталық, бір кішігірім кәсіпорын бар делік. Егер, оның басшысы діншілдігімен көрінетін болса, онда оның қызметкерлері міндетті түрде оның ықпалымен кетіп барады, әр жерде солай болып жатыр. Шынымды айтсам, менің көңілім қалды. Себебі, мына қазақтың дінге бөлініп, баласының әкесіне, ағасының інісіне діни негізде өш болып, қарсы шыққанына мен қарсымын. Тіпті, кешегі Кеңес Одағындағы тып-тыныш жүрген қоғамды, қазір, сағынамыз. Жақында еліміздің Бас прокуроры статистикалық мәліметтер көрсетті. Елімізде 2012 жылдың алғашқы 6 айында, 2011 жылдың 6 айымен салыстырғанда қылмыс 70пайызға көбейген. Ал, сауаттылық, діни сауаттылық та, ғылыми сауаттылық та кері кетіп жатыр... Менің беретін бағам, Қазақстандағы діни ықпалдар, діни тасушы құралдар арқылы түрлі ағымдар түптің түбінде еліміздің жер байлығына қызығады. Адамның саны аз. Оған қоса, кеше ғана тәуелсіздік алған халықтың санасын бұрмалау оңай екені белгілі. Себебі, біз тәжіктер, өзбектер сияқты өз салт-дәстүрімізбен, тілімізбен қалып қойған консервативті қоғам болмағандығымыздан ондай бұрмалау әлдеқайда оңай болады. Бізде Ресейдің, Еуропа мәдениетінің жоғары болуы, құлдық сананың болуы діни ағымдар үшін өте қолайлы орта болды. Сол үшін Қазақстан нысанаға алынған. Саяси-экономикалық ықпалға түскен елдердің алпауыт империалистік мемлекеттердің саясатының ортасына айналатыны белгілі. Сондықтан, Қазақстанға ықпалды кіргізу үшін, компьютерге салатын ақпарат тасымалдаушы диск сияқты дінді құрал ретінде пайдаланды. Түркиядан келген ағым болсын, Арабиядан келген ағым, Пәкістаннан келген ағым, Ираннан келген ағым болсын, қай ағым болса да халықтың санасын улап, ірітіп, арасына неше түрлі алауыздықты салары анық. Бұл әңгіме 90-жылдардың басында басқаша басталған. Намазға қалай тұру керек, қолды қалай қою керек деген сауалдармен басталған алғашқыда. Келімсек ағымдар бұны өз жағына тиімді пайдаланды. Ал қазір, бұл ағымдар мемлекетті басқаруға араласқылары келеді, мемлекеттің ішкі мәселесіне араласқылары келеді. Ағымдарға бөліну барлық деңгейде жүріп жатыр. Кішігірім жанұядан анау билікте отырғандар арасына дейін бөлінушілік, алауыздық қалыптасып келе жатыр. Сондықтан, осындай нәрселерді доғару керекпіз. Сауаттандыруға ден қою керек. Адамзатқа, халыққа пайдасы тиетін, елді біріктіретін шаралар жасауға көшу керекпіз. Бір-бірімізге мейірімді болу керекпіз. Қазір бір адамның пікірінен кішкене өзгеше пікірде болсаң, бірден саған жау ретінде қарап, кәпір деп шығара салады. Мыңдаған жылдар бойы келе жатқан қазақтың ағайыншылық қасиетіне үлкен залал тиіп отыр. Оны сақтап қалу керек. Мұқан Исахан: – Кезінде ХІХ ғасырда Радлов 6000 шақырым аймақты мекендейтін қазақ халқы бір дінді, бір салт-дәстүрді ұстанады. Дүниетанымы, пайымы, ойлау жүйесінің бәрі де бір екеніне көз жеткізіп таң қалған. Ол осыншама аймақта өмір сүретін қазақтың ішкі рухани тұтастығының бір екеніне сонша тамсанған. Бұны айтып отырғаным, мемлекет деген ортақ мәмілеге келген индивидтер қауымдастығының мекендейтін аумағы. Яғни, ортақ тіл табысқан адамдардың құрған, жоғары саяси ұйымы. Мемлекет тәуелсіз болса ғана өмір сүре алады. Мәңгі мемлекет бола ма деген мәселеге ғалымдар әлі жауап тапқан емес. Неге? Себебі, түрлі идеологиялар тұрған кезде, плюрализмге жол берілген кезде, мемлекет ешқашан өзінің біртұтастығын сақтай алмайды. Мемлекеттің діні бір болса, тілі бір болса, қоғамдық идеологиясы бір болса ғана оның тұтастығы ұзақ уақытқа сақталады. Ғылымда бұны этатистік мемлекет деп атайды. Радлов айтқандай, қазақ халқының тәуелсіздік алғанға дейін пайымы, діні, ділі бір болып келді. ХІХ ғасырға дейін біз бұны сақтап келдік. Орта Азияның тарихына қарасаңыз, тұңғыш рет өзбектер, тәжіктер, қырғыздарға қарағанда ұлттық мемлекет құрған қазақтар еді. Біз мемлекет құрғанда Қоқан, Хиуа, Бұхар хандықтары болды. Бірақ, бір ұлттың атымен аталған мемлекетті алдымен біз құрдық. Мұртаза ағамыз қазақтың діни сенімдерінің бір болғанын дұрыс айтып отыр. Мұхаммед Хайдар Дулати Қасым ханды Мұхаммед Шайбанимен соғысып болғаннан кейін, өзінің астанасы Убай-Шубараға кері аттанып кетеді деп жазған. Убай-Шубара – Сібірдегі Тюмень жері. Халқымыз сол аймаққа дейінгі жерді иелік еткен. Сол кезде Сібірдің Көшім хандығы болды. Көшім хандығының құрамында біздің қазаққа тән рулардың барлығы болған. Қазақ мемлекеті қалай құрылды? Ислам дінін ұстанатын қазақтардан құрылды. Яғни, ата-бабамыз этатистік мемлекет құрды. Бұл дегеніміз, дәстүрі, салты, діні бір мемлекет. Өкінішке орай, біз бұл құндылықты сақтап қала алмадық. Ал, дін деген не деген сұраққа дұрыс ойлар айтылды. Шынымен де, дін бір халықтың о дүние мен ақыреттегі бақытын қамтамасыз ету. Діннің мемлекетке қатыстылығы жайлы ғалымдар әлдеқашан классификациялар жасап кеткен. Дін мемлекетті басқаратын жүйе, мемлекет дінді басқаратын жүйе, дін де, мемлекет те бір-бірін басқармайтын, екеуі ажырайтын жүйелер де бар. Дін мемлекетті басқаратын жүйені теократиялық дейді. Бұл Аквинскийдің «Қос қылыш», «Ай мен күн» теорияларында орын алған. Ал, мемлекет дінді басқаратын жүйені клерикалды тұрпат дейміз. Дін мемлекеттен бөлінген тұрпатты лаицизм, секуляризм, светский дейміз. Ал қазір біз зайырлы деп қолданып жүрміз. Бұл жерде мынадай бір философиялық ұғым бар. Теократиялық мемлекетте халқының екі дүниедегі бақыты үшін күреседі. Ал, зайырлы мемлекетте, дін мемлекеттің басты мақсатына жатпайды. Онда ақыреттегі бақытын қамтамасыз ету мақсаты жоқ. Әсілі, Ислам үкімдерінің барлығы захири болып саналады. Яғни, зайырлы деген арабшаның захир анық, көрінген деген мағынадағы сөзден шығады. Исламда аянмен келген, түсінде көрген нәрселер құқықтық тұрғыда қабылданбайды. Яғни, батынмен ешқашан пәтуа берілмейді. Осы жердегі зайырлылық пен Исламдағы захир ұғымы бір мағына береді. Хазірет Әлидің басынан мынадай оқиға өткен.Өзінің әулиелігімен Харжидтерден кімнің өзін өлтіретіндігін сезген. Қасындағы достары: «Сен бізге жанкештіні көрсет, біз оны бірінші жазалайық», – дегенде Хазірет Әли: «Жоқ, біздің дініміз захири дін. Олар келіп мені қанжарын сұғып өлтіреді. Содан кейін сендер оларға пәтуа шығара аласыңдар»,– деген. Бұл Ислам дінінде аянмен, түспен келген дүниелерді құқықтық тұрғыда қабылдамайтынын көрсетеді. Біздің захир, зайырлы дегеніміз осы мағынаны білдіреді. Яғни, зайырлы мемлекетте тылсым дүниенің мәселесі қарастырылмайды. Жеке адам ретінде, зиялы адам ретінде халықтың ақіреттегі бақыты үшін күресуге болады. Ал, мемлекетті бұған жұмылдыруды деген қоғам көтермейді. Осылардың ішінде қай жүйені таңдауымыз керек дегенде, қазір, клерикалық жүйені Британия, Норвегия сынды мемлекеттер ұстануда. Клерикалық жүйе дегеніміз халқының басым бөлігі ұстанатын дінді мемлекеттік дін деп қабылдау, не мемлекеттік деңгейде басымдық көрсету. Меніңше, біз зайырлылық пен теократиялық жүйені қабылдамай, оның орнына осы клерикалық жүйені қабылдағанымыз дұрыс. Бұл бір күнде болатын дүние емес. Алдағы 20-30 жылда халық бұл жүйенің қажеттілігін түсініп, қабылдағанымыз жөн. Құдияр ағамыздың айтқан мәселесі өте орынды. Жастардың жаппай дінге ұрынуы қауіпті құбылыс екені рас. Дегенмен, оның сүйсінетін жері де бар. Бірақ, жастарымыз қазір саналы тұрғыда емес, еліктеу тұрғысынан ғана дінге бет бұруда. Теология ғылымында тахлиди ұғымы бар. Бұл еліктеу деген сөз. Ал, дінге саналы түрде келу керек. Исламда бұл яхини деп аталады. Жоғарыда айтылған мәселелер және осы түйткілдер шешімін тапса, тәуелсіздігіміз берік болары анық. Тағы бір үлкен мәселе, Жамағатшылыққа бөліну ұлтқа пайда әкеле ме, жоқ зиян әкеле ме? Дәл қазір, оның зиян екендігін тек сұңғылалар ғана аңғарып отыр. Ал, көпшілік, тіпті оқыған адамдар да оны байқамайды. Осы тұста мына мәселені қозғағым келіп отыр, қазақтың өзінің жамағаты, бар мәселені шешетін діни элитасы қалыптасу керек. Қазақстан мұсылмандар дін істері агенттігі сол элитаға айналу керек. Біздің ұстаныммен сәйкес келетін басқа да шетелден келген діни жамағаттар бар. Олар қатарлас жүре берсін. Бірақ, соларды түбінде «Қазақия» жұтып қояды. Яғни, «Қазақия» жамағаты шешуші рөл атқаруы тиіс. Мұртаза Бұлұтай: – Өткен құрбан айтта бір топ жастар Түр­киядан бір жамағаттың өкілдері келгенін айтты. Біздің Қазақстанға құрбандық алып келіпті. Сол адамдармен мені таныстырғысы келетіндерін айтты. Өзімді сырттай біледі екен. Сөйтіп, сол кісілермен кездестік. Барсам, 15-20 шақты өзіміздің қазақ жастары отыр. Түркиядан келген 4-5 адам. Бірден 5-6 диктофон, камераларды салып қойды да мені сұрақтың астына алды. Қазақстан мемлекеті Ислам дініне соғыс ашыпты, мұнда мешіттерді жауып, мұсылмандарды қудалап жатыр екен деген ақпараттар айтыла бастады. Танымасам да бұлармен бірден ашық сөйлесуге мәжбүр болдым. Сонсоң мен ептеп, түсіндіруге тырыстым. Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайының басқа екені жайлы сөз бастадым. Бізде ағайыншылық, туыстық, нағашылық қатынастар бар екенін айта кеттім. Түркияның жағдайы басқаша екенін айтып бақтым. Мен оларға біздің еліміздегі жағдайды түсіндіруге көштім. Біз қаншама қиыншылықты, ауыртпалықты басынан өткізген қазақ халқы екенімізді айта келе, енді-енді аяққа тұрып жатқанымызды айттым. Бірігіп ұлт болып қалыптасайық десек, сіз сияқтылар шеттен келіп жастарымыздың санасын улап жатыр дегенді баса айттым. Менің сөздерім оларға жақпай, ол кісілер маған ренжіп, айтыс басталып кетті. 3,5 сағат сөйлестік. Маған ұнамағаны, олар Қазақстан туралы, әсіресе, қазақ туралы өте теріс пікірде екен. Қазақты адам құрлы көр­мейді екен. Мен сонсоң, олардан Қазақстан ту­ралы осындай теріс пікірлерді қайдан алып жатқанын сұрап едім, шәкірттерінен естіп жатқанын айтты. Әңгімеміз өрби түсіп, мен оларға: «егер, менің қолымда билік болса, сіз сияқтыларды Қазақстанда бір күн тұрғызбай, шығарып салар едім», – дедім. Сөйтіп, мен кеткеннен кейін, шәкірттерін жинап алып, мені жамандап, өте қауіпті адам, екінші онымен байланыспаңдар депті. Бұған мен ешбір таң қалып отырған жоқпын. Ал, отырған қазақ балаларының кейбірінің маған қарсы сөйлеуі көңілімді қалдырды. Олар жаңа дін заңын қатты сынаумен болды. Неге екені белгісіз, бір уақытта жастар әлгі түріктерге қосылып Кемал Ататүрікті жамандай бастады. Оның бір көзі соқыр, дажжал, массон болған деп неше түрлі ғайбаттап қаралап жатты, шетінен. Ататүріктің өзінің елін орнатқаны, мықты мемлекет қалыптастырғаны баршаға белгілі, оны бүкіл әлем мойындаған. Сонда, мына Қазақстанда тұратын жастардың санасына Ататүрікті дажжал қылып шығарып, санасын улап отырған жаңағы келімсек ағымдар емес пе?! Әйтпесе, қазақтың баласының Ата­түрікте не шаруасы бар? Не болмаса Ата­түрік­тің Қазақстанға, қазаққа қандай зияны болған жақсылығы болмаса?! Енді, осындай жастармен отырып сөйлесе алмайсыз. Себебі, олардың санасы тар шеңберде кетті. Дәл осы заманда біздерге Ататүрік сияқты тұлғалар, мемлекет қайраткерлері керек болып тұр. Мемлекет дін мәселесінде қоғамның алдына шығып, қоғамға жол көрсетушілік міндетін атқаруы керек еді. Биыл міне, олимпиада ойындарынан 7 алтын алдық. 12-орынға көтерілдік. Бұл барлығымызды қуантады. Менің бұған қарсылығым жоқ. Бірақ, неге дін мәселесін сол олимпиада мәселесіндей жоғары дәрежеде көтермеске?! Қаншама трагедиялар болып жатыр. Радикалды ағымдар көбейді, экстремистік лаң беріп жатыр, қайда қарасаң да қазақтың баласы, айталық, Гуантанамада қазақтың баласы, Ауғанстанда қазақтың баласы, Пәкістанға барсаңыз да қазақтың баласы, көптеген елдердің түрмесінде қазақтың баласы жатыр. Атыраудағы баланың Гуантанамада несі бар? Қарағанды, Шымкенттің баласының мына Ауғанстанда, Кавказдық ағымдарда не қатысы бар? Ол қайдан келді? Кім апарды? Өзінің елі үшін, Қазақстанның дамуы, гүлденуі үшін тер төгіп, еліне тұтқа болып, еліне қамқор болып қалыптасатын жастарды алды да, дүниежүзіндегі радикалды экстремистік ағымдарға қосты. Бергісі, мына «әлжуаз» Ислам дегендер, яғни «жылымтыл мұсылмандылық» дегенді насихаттаушылардың жетегінде кетті, арғысы жаңағы ұрдажықтардың нөкері болды... Мұқан Исахан: – Сырттан келген жамағат қаншалықты заманауи тұрғыда жетілген болса да, ішінара қазақтарды бөлінушілікке ұрындырары анық. Біз қазақпыз деген ортақ ой болмаған кезде, ақыр аяғы немен бітері белгілі. Өкінішке орай, ең қынжылатын жағы, осы дертті көре тұра, біле тұра кейбір ағаларымыз бұны басқа бір діни ағыммен емдегісі келеді. Бұл да бір үлкен қателік. Ұлттық, тарихи ұстанымдарымыздан ауытқысақ, бұл бізге ешқашан ем болмайды. – Әлемдік қауымдастықта зайырлы­лықтың үш түрлі үлгісі қалыптасқан. Бірін­шісі – зайырлылықтың атеистік үлгісі. Оның көрнекі мысалы халқымыз бастан өткерген кеңестік режимді орнықтырған КСРО болып табылады. ҚХР да бүгінге дейін осы үлгіні пайдалануда. Оның екінші үлгісі – сепаратистік үлгі. Бұл үлгі діни қауымдастықтардың мем­лекеттен бөлінгенін және заңнамада қандай да бір діннің немесе конфессияның ерекше құқыққа ие болмайтынын негізге алады. Ал, енді үшінші үлгісіне келсек, ол – таңдамалы негіздегі үл­гі. Бұл үлгі қоғам үшін ерекше құнды болып табылатын, конституциялық деңгейде анықталатын діни басымдықтарды басты тірек етеді. Осы тұста Сіздердің пікірлеріңізше, Қазақстан үшін осы үлгілердің қайсысын ұстанған жөн? Мұқан Исахан: – Бұл анықтамалардың да қате тұстары бар. Зайырлылықтың бірінші классификациясы ретінде, атеистік үлгіні алсақ болады. Қытай, бұрынғы КСРО, Солтүстік Корея сияқты мемлекеттер зайырлылықтың атеистік бағытын ұстанды, ұстанады. Бірақ, зайырлылықтың одан басқа, клерикалды жаһандық үлгісін ұстанатындар да бар. Мәселен, Мысыр мемлекеті зайырлы мемлекет. Бірақ, билікке келген «Ихуан Муслим» діни сипаттағы партия. Одан кейінгі орынды иеленген «Хизбнур» партиясы уақаптардың партиясы. Түркия Республикасы өзінің зайырлы екенін Конституциясында нақтылай айқындаған. Бірақ, Түркияда Дін істері Министрлігі бар. Бүкіл имамдар мемлекеттік қызметкер ретінде жалақы алады. Менің айтайын дегенім, біз зайырлылықтың клирикалды сипатына жақындауымыз керек. Түптің түбінде соған барамыз. Бірақ, оған бірден емес, кезең-кезеңнен өтуіміз қажет. Ислам Жеменей: – Меніңше, шеттен келген бірде-бір ұғым бізге қайыр бермейді. Біз әр түрлі ұғымды, зайырлы ма, басқа ма өз мүддемізге қарай, өзіміз қалыптастыруымыз керек. Шындап келсек, қазір зиялыларымыз қорқақ әрі жалтақ. Өз қоғамымызға батыл көзбен қарап өзіне тән терминді қалыптастыра ала алмай келеді. Не үшін? Белгілі себептері бар, ұзақ әңгіме. Бұл жерде дін туралы әңгімеде екі мәселе бар. Бірінші, дін мемлекетті қалыптастыра ала ма? Екінші мәселе, дін мемлекетті қалыптастырса, дінді кім қалыптастырады? Мәселе, дінді Алла Тағала бізге адамзаттың бақытты болуы үшін құрал ретінде жіберіп отыруында. Біз дінді өзімізден жоғарыға қойып дінге табынбаймыз ғой. Дін бізге жол көрсететін бақыт құралымыз, қараңғыда жол көрсететін шамшырағымыз болу керек. Дінді кім қалыптастырады? Мәселен, Еуропада дінді билік қалыптастырады. Ал, біздер қай үлгі бойынша дінді азаматтарымыз үшін, мемлекетіміз үшін қалыптастырумыз керектігін түсінбестен жан-жаққа ұрынып жүрміз. Сол үшін әуелі ұлттық идеологиямызды қалыптастыруға тиіспіз. Әйтпесе, барлығы сырттан бізге қарай ағылады. Сондықтан, сырт күштер түрлі ағымдарды өздерінің мақсаттары үшін бізге жіберіп отырады. Мысалы, менің өзімде қалыптасып қалған қағидам бар. Ол-жалпы қоғамда тобырға жетекшілік ететін үш топ бардығы: билік, буржуазия (қалталылар), зиялы қауым. Қандай зерттеулер тұрғысынан келсекте , осыларға келіп тірелеміз. Ал, біздің билік қандай билік? Буржуазиямыз қандай? Зиялымыз қандай? Үшеуінің үш тірегі бар. Билік тірегі – заң, буржуазия тірегі – ақша, ал, зиялы тірегі – халық. Халықтың саяси санасы оянбаса, зиялыларымыз қанша сөйлесе де пайдасы жоқ. Қазір тіл мәселесін қозғауға қорқып бара жатырмыз, не үшін? Билікке жалтаған үшін.Ал,шын мәнінде тіл мен дін ұлттың тірегі. Кейбіреулер ұлттық идеология не екендігін түсінбейміз деп жатады. Жоқ, олар түсінеді. Тек шындыққа қарауға батылы жетпейді. Тарихты қарап отырсақ, саясатта үш буржуазия қалыптасты. Біреуі – ұлттық буржуазия, екінші – тәуелді буржуазия, үшінші – Кеңес одағы құлағаннан кейінгі уақытта пайда болған масыл буржуазия. Біздің қазіргі басты қасіретіміз, кей­бір масылдардың билікте отыруы, һәм ма­сылдардың байлықты ұстап отыруында. Себебі, оларға деген тек қана ақша құндылық бола алады. Олар мемлекеттің мүддесін ойланып, соған бағыт беріп отырмайды. Олар өндірісімізді дамытпайды. Себебі, олар делдал. Мәселен, оған газды Өзбекстаннан алып сату пайдалы. Ал, газды Қазақ даласы­нан өндірсек, жаңағы делдалдар ақшадан қағылады ғой. Сол үшін Билікте отырған масыл буржуазияның орнына адал, діндар адамдар келмей, бізде ешқандай да иманды қоғам қалыптаспайды. Исламның бастапқы Рашидин Халафаларының өмірбаянына,олардың ұстанымдарына қараңыз. Олардан кейін Ислам сол деңгейге көтерілген жоқ. Былай айтқанда, Исламды сол төртеуі қалыптастырып кетті. Ол кезде Құран жинақталды, Рим мен Иран империялары құлады. Сосын, олардың адалдығы Ислам туралы дұрыс түсінікті қалыптастырды. Сөйтіп, Әбубәкір(ғ.с), Омар(ғ.с), Осман(ғ.с),Әли(ғ.с) төртеуі үлкен еңбек етті. Айталық, біз қазір өзімізді алдаймыз. Қазақ тілі 10 пайызға ғана жүріп тұр­ған кезде, біздің тілімізді түсінбеген кезде ешнәрсе алға баспайды. Оппозиция болмай-ақ, азат пікір, азат ой айта алуымыз керек. Біз шындықты айта білуіміз керек. Алла Тағала Ислам дінінде нақтылап бергендей ешнәрсе себепсіз емес. Неге қазір түрлі діни ағымдар көбейіп кетті, дейсіз? Олардың барлығының себебі бар, олардың мақсаты – біздің ұлттық санамызды жойып, бірлігімізді жойғысы келеді. Егер, солай болса, мемлекетіміз иесіз мемлекетке айналары сөзсіз. Ал, ондай мемлекетті тонау да оңай. Қазір қазақ өз жерінде бірінші емес. Себебі, инвесторлардың көпшілігі шетелдіктер. Қай елге бармасаңыз да, оларда өз тілінде емін-еркін сөйлейді, шаттанады, күледі , өз тілінде жылайды. Біз сыбырласып сөйлейміз. Өзіміздің тілімізден, дінімізден ұяламыз. Жастарымыз қазақ ұлты болғанына ұялады. Қазақ тілінде оқып жүрген топтар қазақша сөйлемейді. Елімізге жанашыр болғымыз келсе, Ислам дінінің саяси, қоғамдық басқа да маңызды рөлдері жайлы ғалымдарымыз зерделеп, қоғамға енгізу керек. Ағаш екпей, қалай жеміс күтуге болады деген мәселе. Біз өзіміз қорқақпыз. Егер біз, батыл болсақ, дініміздің күйреп жатуының себебін айқындауымыз керек. Біз үкіметке де қарсы емеспіз, батыр да емеспіз. Біз жанашырмыз. Қараңыз, қаламыздың жоғарғы жақтарында Иегова куәгерлері емін-еркін өз ұйымдарын ашып жүр. Саяси, діни, ұлттық санасы жетілмеген кедейлікте жүрген қазақтарды, не болмаса ұлттық идеологиядан хабары жоқ талантты жастарымызды өзіне қаратып, өз секталарына кіргізуде. Бұл бір жағынан дін саяси құрал екендігін көрсетеді. Ол неден? Билік масыл саяси элита болғандықтан. Құдайға шүкір әзірше біздің зиялыларымыз ол деңгейге жете қойған жоқ. Ал, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ымырасыз күресіп, халқымыздың ынтымағын сақтап қалу үшін бір дінде болуларына еңбек етті. Үлкен нәтижелерге қол жеткізгендігінің белгісі ұрпақтары Ислам діні, сұнни-ханафи бағытында қалыптасты. Аталарымыздың діни мирасын кеңестік режим әбден талқандады, соның кесірінен бүгінгі ұрпақ зардап шегіп келеді. Ендігі міндет, оны қалпына келтіру болып табылады. Егерде, биліктегілердің жан-дүниесінде төңкеріс жасалып, ар-ожданы оянып, иманына келе қойса, олар барлық материалдық және рухани күш-қуатын халық үшін жұмсай бастар еді. Бұл Ислам тарихының бастапқы кезе­ңінде ұлық сахабалар тарапынан іске асып, адамзат тәжірибесіне енді. Құдияр Біләл: – Мемлекеттің өзі әуелі, дінге жағдай жасау керек. Біздің ана тіліміз, ата дініміз, мемлекет үшеуі ұлттық мүддеге қызмет ету керек. Бақтияр Сманов: – Біз мемлекет қалыптастыруда діннің үлкен рөлі бар екеніне тоқталғым келеді. Бүгін мәселен, Орталық Азия деп отырған мемлекеттер, республикалар: Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан – бес мемлекет. Бесеуі де сунниттік бағыттағы елдер. Бұл кездейсоқ емес. Қараханидтер болсын, сол кездегі басқа түркілер болсын мемлекетті қалыптастырды. Яғни, дін мемлекетті қалыптастыруға ықпал етті. Біз дінімізді сол Әбу-Ханифа мазхабында сақтап қалдық. Басқаларды кіргізуге мүмкіндік берілмеді. Оның себептері жайлы бұрында бір мақаламда жазған болатынмын. Екі себебі бар. Бірінші, түркілердің ішінде қазақтар көшпенді болды, басқалары отырықшы болды. Оларға парсы тілі, басқа діни ағымдар да ерекше әсер етті. Бұл жәйттар қазақ тіліне, дініне ықпал жасай алмады. Жалпы, қалай болған күнде де, дін, тіл, ұлттық тәрбие бәрі де мемлекетті қалыптастыруға, нығайтуға қызмет етуі қажет. Құдияр Біләл: – Егер, мемлекеттің, Діни агенттіктің ұстанатын идеологиясының негізі, темірқазығы ұлттық мүдде болса ғана бәрі дұрыс болады. Жамағат жайлы айтып жатырмыз. Осы мәселені шешу үшін, діни элитаны қалыптастыру керек деп дұрыс пікірлер айтылып жатыр. Діни элита жамағаттан биік тұру керек. Алау Әділбаев: – Қараңыз, қазір зиялы дегендер кімдер? Баяғы Совет үкіметінің тәрбиесін алғандар, біздің зиялылар. Олардың дінге деген көзқарасы қандай екені айтпаса да белгілі. Міне, осыдан дін мемлекетті қалыптастырады деген сана орнамайды. Қазір айталық, ұлт зиялысының біреуі Тәңіршілдікті көтеріп жүр, біреуі тағы басқасын көтеріп жатыр. Ұлт зиялыларының көбісі біздің мұсылман екенімізді мойындамайды. Біреу қазақтарда шаман болған, не зороастризм болған деп тағысын тағы жазып кетіпті. Сондықтан, әуелі зиялының дінге деген көзқарасы өзгеру керек. Сосын ғана, зиялының, халықтың дінге деген көзқарасын қалыптастыруына болады. Шетелдің әр жағынан оқып келгендер бар. Жан-жақтан оқымай, өзімізде жағдай жасалуы керек. Жергілікті зиялы бірден қалыптаспайды. Ол үшін, жергілікті, діни түсінікті қалыптастыратын мектеп,медреселеріміз болуы шарт. Діни сананы діни зиялы ғалымдар қалыптастырады. Діни ғалымдар түгілі, діннің қажет екенін мемлекет енді-енді ұғынып жатыр. Біз исламтану деген жеке ғылым екенін Білім және Ғылым министрлігіне сендіре алмай келдік. Ал, Ислам ғылым, білім ретінде қалыптаспаса, сіз қоғамда Исламды қалай дамытпақшысыз? Мұқан Исахан: – Тәуелсіздік алғалы, оның зайырлылық терминін енгіздік. Зайырлылықтың бағытын айқындағанмен құрылысында түрлі элементтер бар. Біз соған дұрыс қарауымыз керек. Ол – діни сауаттандыру. Қазір дінтану пәні бағдарламаға енгенімен, одан да үлкен әсер көріп отырған жоқпыз. Менің ұсынысым, біз діндер тарихын, соның ішіндегі Қазақстандағы діндер тарихын оқытсақ қателеспейміз. Міне, сонда жастарымыз өзіміздің ұлттық дінімізді анықтай алар еді. Мектеп бағдарламасына екі оқулық жазылды. Екеуіне де көңілім толмады. Авторлар бізге ренжіген кездер де болды. Бұндағы мақсат, оқушыға Қазақстандағы Исламның қандай болу керек екенін, қандай болғанын жеткізу. Мен жаңа клерикалдық деген мәселені айттым. Ол жүйеге де біртіндеп көшу керекпіз. Ғылымда конкордат деген ұғым бар. Ол мемлекеттік билік дін мәселелерін діни элитамен бірлесе отырып шешу керек дегенді білдіреді. Италияның, Португалияның басқару жүйелерінде осындай белгілер бар. Біз клерикалдылыққа өтпей тұрып, діни элитамызды мемлекеттік сананы қалыптастыратын дәрежеге дейін өсіру керекпіз. Бұл алғашқы баспалдағымыз болады. Діни элита қалай қалыптасады? Зиялы дегендеріміз кімдер? Расында, зиялы ұғымы дегенге түрлі анықтамалар айтылып жатыр. Қазір біз ұлттың осы дүниедегі бақыты үшін күресіп жүргендерді зиялы дейміз. Бұл анықтамада зиялылықтың белгілері бар. Бірақ, бұл дүниеде ұлттың жоғын жоқтап, ақыретке барғанда халқымыз не болса ол болсын, тозаққа кетсін десе ол зиялылық емес. Біз Абайды, Шәкәрімді, Қожа Ахмет Йассауиды ұдайы ұлықтап жатамыз. Олар халқының бұл дүниедегі мұңымен қатар, ақыреттегі мұңын жоқтаған адамдар. Сол үшін де оларды осы күнге дейін тұғырынан түсірмей келе жатырмыз. Зиялы халқының ақыреті үшін күреспесе, ол зиялы емес. Яғни, біздің ұлтымызға сондай шапағаты тиетін зиялылар керек. Діни элита содан қалыптасады. Ал, біздің зиялылар қандай? Аузымен халықтың мұңын жоқтайды, ал, халіне, іс-әрекетіне қарасаң, адам шошиды. Ондай адам қалайша зиялы болады. Сонда кімге қарап үлгі аламыз? Яғни, зиялымыз қалыптасып, мемлекет олармен санасқанда бар мәселелер біртіндеп шешіледі деп ойлаймын. Мұртаза Бұлұтай: – Бәрі мен сияқты ойлап, толғануы шарт емес. Бәріміз бірдей ойлауға мәжбүр емеспіз. Менің пікіріме қарама-қарсы пікірдегі адамды сыйластықпен қабылдауым керек. Ол да есесіне, өзінің пікірі менің пікіріммен келіспесе де, маған құрметпен қарауы керек. Келіспеушілік, пікір талас болуы заңды. Бірақ, сыйластық, елдің халықтың мүддесін ойлау баршаға ортақ. Сондықтан, біздің жіберіп отырған қателігіміз осы бір болмашы нәрседегі қайшылықтарды үлкен масштабтағы бөлінушілікке әкеліп қойғанымызда дер едім. Айтылған жүйелер Франциядан бастау алған. Лаик (laіque) көне грек тілінен француз тіліне енген сөз. Көне Грекияда қоғам касттардан құралған-ды. Онда діни тапқа кірмейтін адамдар болған. Олар: ауыл адамдары, саудагерлер және тағы басқалары, міне соларды «лаикус» деген. «Лаикус» дегеніміз шіркеу қызметкері емес, діни тапқа кірмейтін адам дегенді білдірген. Ал, Ислам дінінде діни тап (рұһбаният) атымен жоқ, христиандардағы сияқты «шіркеу» институты жоқ, демек мұсылмандар түгелдей «лаикус», яғни зайырлы болып табылады. Зайырлылық мемлекетті басқару билігін шіркеу қызметкеріне бермеу деген сөз. Оған да себептер болған. Себебі, осы зайырлылықтың шыққан жері Францияны қарап отырсақ, Еуропада 850 жыл инквизиция зұлматы орын алған. Ғасырлар бойы билік шіркеудің қолында болды. Оларда да иерархия, төбе билік үшін талас, ішкі қырқыстар бар ғой. Сыртынан рақымшыл, мейірімді көрінгенімен, олар да басқа адамдар сияқты, күнәкәрлық, жала жабу бәрі де болады. Тек қана бұның көбісі құпия жүреді, шіркеудің ішінде қалады да сыртқы жұрт оны көп біле бермейді. Мемлекеттің билігін шіркеу, діни тап қолына алғаннан кейін, олар Жаратушының атынан үкім шығара бастайды. Құранда бұған тыйым салынған! Орта ғасырдағы христиан шіркеуі әйелдердің рухы бар ма жоқ па деген сауалды талқылаған, әйелді шайтанның әріптесі деп қараған. Американы алғаш жаулап алғанда ондағы бишара халықтар отты қаруды білмеген, жаппай кісі өлтіруді білмеген. Оларды өлтіруді діни тұрғыдан заңдастыру үшін шіркеудің рұқсатын алған. Испанияда неше күн жиналыс жасалып, шіркеу шешім шығарады. Шіркеу Америка тұрғындарының рухы жоқ, сондықтан құдды хайуандар сияқты өлтіруге болады деп үкім еткен екен. Мұсылман елдерінде де биліктің діни фәтуаларды өз пайдасына жаратқаны белгілі, бұның бәрі дін мен саясаттың етене араласып кетуіне байланысты. Айталық, Осман патшалығында Стамбулды алған патша билікке келген кезде өз бауырларының билікке таласатынынан сескенеді. Сонда ол, муфтилерді шақырып алып, ертең билікке талас басталып, өзара ішкі соғыс басталып кетсе дұрыс болмайтынын айта, бауырларын өлтіруге рұқсат сұрайды. Сондағы муфтилер патшаның райына келетін шешім шығарады да патша осы ережені заң етіп бекітеді! Содан кейін, патшалар осы үкім бойынша, таққа отырған кезде інілерін, тіпті өз балаларын зынданға апарып өлтіргізетін болған. Міне, зайырлылық дегеніміз осындай қателіктердің болмауы, әр азаматтың заң алдында тең құқықты болуы деген сөз. Егер, Құранды ашып қарайтын болсаңыз, Құранның өзінде Алла Тағала адамдарға үкім ету, билік жүргізу құзырын берген. Адамдар өз мәселелерін ақылға салып, ізгілікке жүгіне отырып шешеді. Схоластика мен теократияда болса бір кездегі бір адамның келтірген шешімі діни сипат алады да, сол қалпында қалады. Ал, кейінгі ғасырлардағы адамдар өзінен 500 жыл, не 1000 жыл бұрынғы адамның үкімінен шығуға хақысы жоқ. Догматизмнің, догмалардың басталатын себебі де осы. Алайда, алғашқы буын мұсылмандар олай істемеген. Мысалы, Әмірші Омар ұрлық жасаған адамдардың жағдайын сұрастыра келе қолын кесу үкімін орындамаған, өзінше басқаша билік жасаған. Қазір Омардың істегенін істеймін десе, шариғатшылдар мен схоластиктер ондай адамды діннен шығарып, кәпір қылып шығарады. Омар жаулап алған жерлерді олжаға бөлмей «иқта» етіп, өз иелеріне қалдырған, бірақ, алым-салық алып тұрған. Бұл жерде де өзгеше ұстанымда болған, заманға сай, жағдайға сай билік жасап отырған. Әмірші Әбубәкір, мысалы, Пайғамбарымыздан кейін діннен шықққан адамдарға соғыс ашқан. Дінде сенім бостандығы бар, бірақ, ол мемлекеттің ішкі тұтастығын бүлдіргені үшін саяси тұрғыдан соғысты. Діннің ықпалы қанша жерден күшті болса-дағы Осман патшалығы тұтастай шариғат мемлекетіне айналған жоқ. Кешегі Алашорда зиялылары да зайырлы бағытта болған адамдар. Қазір, бізде дұрыс емес түсініктер қалыптасып жатыр. Зайырлылық десе, бұл дінсіздік, кәпір деп шығатындар бар. Әлі де, осы зайырлылықты түсінбей жатқандар көп. Негізінде Ислам дінінің өзі зайырлылықты ұстанып отыр. Адамның ісін адамға, Алланың ісін Аллаға беру. Аятта «Адамдардың Алланың алдындағы дәрежесі жоғарылары тақуалары» деп отыр, «адамдардың алдындағы дәрежесі жоғарылар тақуалар» деп отырған жоқ. Дінді монополияда ұстағысы келетін адамдардың немесе ағымдардың, жамағаттардың қиянатынан сақ болған жөн. Бұл кертартпа ағымдар қоғамның өсуінің алдында, дамуының алдында үлкен тосқауыл болып отыр. Еуропадағы шіркеу осы күнге дейін догмаларын жойған жоқ. Әлі күнге дейін ғылымдағы талай кітапқа тыйым салынған. Ал, Ислам әлемі Орта ғасырларда өте прогрессшіл болған, сөз бостандығы, ой бостандығы болған. Сіз қазір Әл-Фарабидің, Ибн-Синаның, Омар Хаййамның, қайсысының қандай пікірін қазіргі мұсылман қоғамдарға айта аласыз? Қазір бізде догма болып саналатын, тіпті ойлауға болмайтын делінетін күрделі проблемаларды олар еңбегінде талдаған, жүрексінбеген. Олар кейде өте ерсілі-қарсылы пікірлер айтқан. Бірақ, сол кездегі Бағдаттағы айтыстар, мұсылмандардың өз ішінде, не мұсылмандар мен христиандар, еврейлер, маздақтар арасындағы пікір-таластар неткен ғажап! Олар бір-біріне ұстаз да болған. Сондай еркін орта болған. Қазіргі күні мына Палестинада, Рамазан айында көшеде су ішкені үшін христиан арабты жазаға тартып отыр. Дүниежүзілік прессада үлкен әңгіме қозғалып жатыр. Бұл шариғатты мемлекет болған соң, ол кісіге ораза ұстасын, ұстамасын көшеде су ішуіне тыйым салынатыны айтылады. Пәкістанды айтып отырмыз, ол 1947-1948 жылдардан зайырлы мемлекет. Оларда тек бір аймақта ғана шариғат заңы енгізілді соңғы жылдары. Малайзия 1968 жылдан бері зайырлы мемлекет. Міне, соңғы он жыл ішінде Малайзияның мұсылман аумағын құрайтын бір-екі жерінде шариғат заңы енгізіліп жатыр. Бұл не үшін жасалуда? Бұл мұсылман халықтарын радикалдандыру арқылы олардың дамуының алдын алу мәселесі. Санаға тұсау салынғаннан кейін басқаша ойлау мүмкіндігі болмайды. Мидан жаңаша ой өндірісі шықпайды. Бұрынғы нәрсемен ғана шектелуге мәжбүр боласыз. Біз басқа елдердің үлгісін айна қатесіз көшіріп алмауымыз керек. Қазақстан қайда барады? Бірінші мәселе, егер Қазақстан Түркияның моделін қабылдаса, оның қандай мемлекет боларын көру үшін қазіргі Түркияға барыңыз. Егер, біз Түркияның діни ұстанымын айна қатесіз қайталасақ, біздің болатынымыз қазіргі Түркия. Ал, бізге қазіргі Түркиядай болып керегі жоқ. Екінші мәселе, Мысырдың үлгісін алатын болсақ, сол қазіргі Мысырдан-ақ қандай болатынымызды көруге болады. Бізге ешқандай да басқа мемлекеттің үлгісін ұстау қажеті жоқ. Қазір кеш те шығар. Қазақстанның, әсіресе, қазақтардың 30 пайызы басқа ағымдар артынан кетіп қалды. Санасы уланды. Қазақтың басын қосу қазір мүмкін емес. Бірақ, бір балама болу үшін, шынайы осындай білімді азаматтар бас қосып, зерттеу жасап, діндегі концепцияларды талдауымыз керек. Мүмкін, бір ымыраға келерміз.... Ислам Жеменей: – Мен өзім, мына берілген зайырлылықтың формасының біреуінде қабылдамас едім. Жаңа айтылып кеткендей, Алаш азаматтары зайырлылықты қабылдады дедік. Олар өздерінің ұлттық мүдделері негізінде мемлекет құрайын деп қабылдады. Ал, біздің зайырлы ел болу ұғымында билік кей тұстары қауқарсыздық танытып отыр. Зайырлылық, емін-еркін болу мағынада, дәстүрді дінді, киімді, тілді жоюға бағытталған. Зайырлылықты қабылдамайтыным сол. Зайырлылық дегенде ұлт қорғалмайды. Қанша оны әдемі көрсетем десеңіздер де, бұл мүмкін емес. Тағы бір мәселе, діни элита дейміз. Бағанағы ойымды жалғастырсам, діні, тілі бір қазақты Кеңес одағы бұзып кетті. Жастар дұрыс тарихты білу керек. Кеңестік билік рухымызды, жанымызды қиратты. Сондықтан, сопылық әдебиет, діни әдебиет дегенге бәрі қорқып қарайды. Шынында да, егер сіздің саяси-мемлекеттік санаңыз биік болмаса, адасып кетесіз. Ал, егер саяси-мемлекеттік сана­ңыз қалыптасса сергек те, белсенді түрде дін­ді адами һәм мемлекеттік мүддеге сай жұмсай аласыз. Біз діни элитаны қалыптастыру үшін, ақырындап тәрбие жұмыстарынан бастауымыз керек. Меніңше, тәрбие мәселесінде жалпы бес сана төңірегінде тоқталу қажет. Сонда, бес сананың ішінде біздің психологиямызды қалыптастыратын орнымызды таба аламыз. Ол бес сана: Иллаһи сана, әулиелік сана, адами сана, хайуандық сана, масылдық сана. Біз соның ішінде қай жерде тұрғанымызды түсініп, кемел сана Иллаһи санаға ұмтылуымыз керек. Адами сана бұл Абайдың арманы. Ол халықты барлық артықшылық кемшілігімен адами сананы қалыптастыруға шақырды. Абай масылдық, хайуандық санадан арылуды үгіттейді. Сондай-ақ, біз ғылымды тереңдетуіміз керек. Барлығын өз бойымызға сіңіре білсек қана, қоғамға жетекшілік ете аламыз. Бүгінгі отырысымыз да үлкен жетістік. Мұртаза Бұлұтай: – Біздің қазақ басқа халықтармен салыс­тырғанда дін мәселесінде кенжелеу дамыған. Қазақтың тағдырымен ойнап отырған өзіміздің ішкі күштеріміз. Сыртқы күштер осыны өте тиімді пайдалануда. Мысалы, Францияда Кельвиндер шыққан кезде католиктер протестанттар болып бөлінді. Еуропаның қай елін алсаңыз, олар қаншама жылдар бойы елінің ішіндегі ішкі жанжалдан, даудан өткен. Түркияны алыңыз, Осман империясы кезінде, оның алдында, бір-бірімен қырылысты. Ал, бізде ондай болмаған. Ондай сыннан біз өткен жоқпыз. Ондай сыннан өтпеген соң, біз бөлінушілікке қазір дайын емеспіз, оған иммунитетіміз жоқ! Біздің біртұтас ұйып тұрған халқымызды саяси жағынан да, экономикалық кландармен де, тіл және діни ағыммен тағы бөліп жатыр. Ал, іштегі талай тартыстар мен соғыстарды көрген халықтарда иммунитет бар, механизмдер бар. Бізді енді, бірімен-бірі қырылысатын ішкі жанжалға дайындап жатыр. Қазір, келіп жатқан қай ағымды алсаңыз да оларды іштен қолдаушылар бар. Егер, Қазақстан әуел бас­тан дұрыс жолды таңдауды ойласа, мына, ағымдарды кіргізбей, унитарлы, зайырлы, біртұтас, демократиялық құндылықтарды дәріп­теген керемет мықты мемлекет болса болады. Мына, Исекеңмен сонау 80-жылдары, Стамбулда Халифа Алтайдың үйінде отырып әңгімелесуші едік. Ол кісі Маңғыстауым деп, мен Алтайым деп жылап та алатынбыз. Бәрін тастап елге келдік, мен тіпті жап-жас болып келдім. Біз атақ, мансап, ақша іздеп келмедік. Мен бірде-бір діни ағымның ішінде жоқпын, уағызшысы да емеспін. Біз таза осы елге де­ген жанашырлықпен келген адамдармыз. Қазақтың осындай кейпін көріп жаныма өте ауыр батып отыр. Тәуелді ел болған кезде тыныш болған халықтың ішінен тәуелсіздік алғаннан кейін неше түрлі мәселелер шықты. Тіл, дін және миграциялық мәселедегі саясатты құптамаймын. Қалған нәрселер болар, келер-кетер. Біздің ерекше геосаяси, геоэкономикалық орнымыз бар, тәуелсіз ел болуға ұмтылып келе жатқан халықпыз. Жойылып кете жаздап, әншейін, сол асылдың сынығы секілді ана жақтан, мына жақтан жинап әкеп аман қалған халықпыз. Енді, аман болдық, ел болдық деген кезде халықты дінге бөліп, адастырып, ең бір кертартпа, адастырушы ағымдарды елге кіргізіп алғанымызға қатты қапаланамын. Осындай келелі әңгімелерден нақты нәтиже шығып, нақты іс-әрекет жасалса екен деп тілеймін...

910 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз