• Ұлттану
  • 08 Қараша, 2012

«ҚАЗҒАРЫШ», «РОСКОСМОС», «БАЙҚОҢЫР» ҮШТАҒАНЫ – не береді?

Серікқали ХАСАН, жазушы

Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшып, жерге аман-есен оралғаннан кейін, елімізде республикалық деңгейде «Қаз­ғарыш» агенттігі құрылып, бірден қызу іске кіріскендігі белгілі. Бірақ, біз құшағымызды қан­шама кеңге сермеген сайын, күні кеше ғана өзіміздің алақанымыздың үстінде тұрғандай-ақ болып көрінген алып «Байқоңыр» да бізден біршама алшақтай түскендей ме, қалай? Мәсе­лен, «Қазғарыш» сол алғашқы күндерден бастап-ақ, алып «Байқоңырды» көрші Ресеймен бірлесіп, не бірден өз мүмкіндігімізбен-ақ игереміз дегендей тәуекелмен (бұл жердегі тәуекел деп отырған да біз, әйтпесе, бұнда қаншама ғылыми, техникалық негіздер бар) жұмыс істеп, көптеген мәселелерді «Роскосмоспен» бірлесіп ақылдасып жүргендерінде, әлдеқандай жағдайлармен (кім білген, бәлкім, тәуелсіздігіміздің алғашқы күндеріне сай келген, өтпелі кезеңдегі қоғамдық-саяси жағдайларда бұның басқаша болуы біршама қиындықтар да туғызған шығар) «Байқоңыр» ғарыш кешені Ресей Федерациясына ұзақ мерзімдік жалға берілді. Жоқ, бұл жердегі «жалға» деген де тек аты ғана ғой, әйтпесе, «Роскосмос» біздің «Байқоңырды» сол алғашқы жалға алған күндерден бастап-ақ, бейнебір ерттеп мінген аттай қылып, өз игіліктері үшін пайдаланудай-ақ пайдаланып та келеді. Онда осы кезге дейін қаншама ғарыш зымырандары мен қаншама жер серігі көк аспанға қарай аттандырылды. Ал, қазіргі кезде онда тағы қандай іргелі шаруалар істелініп жатыр, оның қаншасы қоршаған ортаға зиянды, тағы қаншасы өз діттеген жерлеріне дейін жетіп болмай жатып, біржола істен шықты? Соның бәрі, осы бір ғана «Байқоңырдың» бойындағы мүмкіндігіне сай келіп жатыр ма? Ол жағы, әрине, бізге тағы да беймәлім. Кешегі КСРО-ның кезінде біз үшін, оның біраз жағдайын біліңкірейтіндей мүмкіндік болса, енді Ресей Федерациясы бүгінде өз алдына бөлек мемлекет болған соң, олардың өзімізден жалға алып отырған ғарыш кешеніндегі жұмыстарын жан-жақты бақылап, қадағалауға біздің елдің де шамасы келе бермейтін сыңайлы. Бұл жерде, біздің «Роскосмос» өздері үшін өте көп пайда түсіретін ғарыштық шаруаларды рет-ретімен атқарып жатыр ма, жоқ, әлде олар осынау жалға алынған мерзімнің ішінде қыруар пайда көріп қалайықшы дегендей тоғышарлық пиғылмен ғана жұмыс істеп жатыр ма?» деп отырғандығымыз да тегін емес. Олай дейтін себебіміз, соңғы жылдары «Байқоңырдан» ғарышқа ұшырылған Ресей ғарыш кемелерінің протондары ылғи да қазақ жеріне келіп түсіп, өзінің улы гептил және амилдерімен біраз берекемізді қашырғандығын ел-жұртымыз әлі де ұмыта қойған жоқ. Жасыратын несі бар, сол кезде Қазақстан жағының талап етуі бойынша, «Роскосмостың» бірқатар басшылары өздерінің нөкерлерімен біздің елімізге жедел ұшып келіп, болған жағдайдың бәрін өз көздерімен көріп, әлгіндей орын алған барлық шығынның өтемін жасайтын болып, сонымен бірге, енді қайтып бұндайға өздерінің жол бермейтіндіктерін де айтып кетпеп пе еді? Бірақ, болмайтын іс болмайды екен, протон мен улы гептилдің оқиғасы одан кейін де әлденеше рет қайталанды емес пе?!. Ақыры «Роскосмос» «Қазғарыштың» көптен бергі өздеріне айтып келе жатқан тілек-өтініштеріне барынша құлақ асқандай болып, «Байқоңыр» ғарыш кешенін екі елдің бірлесіп пайдалануы жөніндегі ұсыныстарымен келіскендіктерін де білдірген. Шындап келгенде, бұл келісім 2004 жылы еларалық келісім ретінде заңмен де бекітілген болатын. Енді, «Байқоңырды» бірлесіп пайдалану дегенге келейік. Жалпы, кәсіби тілде жеке мүлікті, не жеке кәсіпорынды бірлесіп пайдалану кезінде билік те, басқасы да ортақ, әрі іс барысында әлдеқандай бір пікір алшақтығы болмас үшін бірлескен кәсіпорындар да құрылып жататын. Бірақ, іргелес жатқан екі елдің арасында әлгіндей еларалық келісім бола тұра, «Байқоңырды» бірлесіп пайдаланудың кезінде бұндай жағдай болмаған сыңайлы. Ал, шындап келгенде, біздің елдің «Байқоңырды» Ресеймен бірлесіп пайдаланудағы алғашқы бір бастамасы ғарыш кешенінде екі ел бірлесіп пайдаланатын «Бәйтерек» ғарыш айлағын жасақтау болатын. Ол бұрынғы ғарыш айлақтарына қарағанда, экологиялық жағынан тазалыққа да үлкен кепілдіктер беретін. Соған орай, «Бәйтерек» әу бастағы Ресей жағы белгілеген 40-шы алаңнан 100-ші алаңға қарай көшірілді. Бұл бағытта біздің елдің мамандары біршама қыруар жұмыстарды да тындырыпты. Бұның бәрі, түптеп келгенде, «Бәйтеректің» жалпы құны мен оның іске қосылу мерзімін біршама азайтатын да көрінеді. Жоғары деңгейдегі қол қойылған келісімде де, солай делініп нақтылы атап көрсетілген. Бірақ, жеме-жемге келген кезде, әлгі бұған дейінгі біздің мерейімізді біршама тасытқандай болып көрінген бас келісімде «Бәйтеректі» жасақтау үшін, Ресей жағынан біздің елмен тең дәрежеде қаржы бөлінетіндей жауапкершіліктер мүлдем қарастырылмаған болып шықты. «Байқоңырда» бірлесіп жұмыс істейік» деп отырып, ал, өздерінің қалтасынан бір тиынын да шығармауын «Роскосмостың» қандай қулығына жатқызарыңды білмейсің. Жеме-жемге келген кезде, жағдай солай болып шығыпты. «Қазғарыш» қалбалақтап жүріп, бұндай қулықты аңғармай да қалған шығар-ау, әйтсе де, атақты «Роскосмостың» басшылары бұны білмей қалыпты деп еш айта алмас едік. Енді, олар еларалық келісімшартта өздерін әлдеқандай бір іске міндеттейтін ештеңенің жоқтығын айтып, кәдімгідей-ақ шалқайып отыр. Оны былай қойғанда, биылғы Ғарыш күні қарсаңында «Роскосмостың» басшысы Владимир Попович Ресей журналистерін жинап алып, Байқоңырдағы «Бәйтеректің» жұмысының тоқтап тұрғандығының басты бір себебі, Қазақстан жағының өз міндетіне алған қаржысын ортақ қазанға әліге дейін құймай отырғандығынан депті. «Асықпаса, өздері білсін. Бұл енді Қазақстанның өз шаруасы ғой. Ал, енді «Байтеректің» бағасына келетін болсақ, ол үшін алда 1 миллиард 600 миллион доллар қажет болады» дегенді де айтқан. Сонда, журналистер қауымы ол кісіден, ондай көп көлемдегі қаржыны неге сүйеніп айтып отырғандығын сұрағанда, Попович оны өздерінің Амурдағы «Восточный» ғарыш кешеніндегі атқарған жұмыстарының арқасында анықтағандықтарын да алға тартқан. Ешқандай дипломатияға сыймайтын, бұндай мәлімдемені «Роскосмостың» астам пиғылы мен біздің ғарышкерлерімізді басынушылығы десек те, еш артық етпес, сірә. Байқап қарасақ, «Роскосмостың» бұлайша бұлталаққа салуының басқалай да себептері бар көрінеді. Мәселен, «Роскосмосқа» біздің ел ұсынып отырған «Бәйтеректің» жобасы ұнамайтын сыңайлы. Олай болатын себебі, «Бәйтерек» болашақта бұған дейін біздің жерімізге өзінің залалын көп келтірген гептил, амил сияқты улы зымырандық отынмен жұмыс істейтін ғарыштық аппараттар мен «Протон» зымыран-тасығышын пайдалануды бірте-бірте азайтып, «Байқоңырда» ғарыштық қызметтің экологиялық қауіпсіздігін де жақсарта түспек. Ал, «Роскосмос» болса, өздері үшін пайдалы болып отырған «Протон» сияқты озық үлгіден қапелімде көз жазып қалғылары жоқ. Болмаса, 2004 жылғы еларалық келісімде гептил, амил сынды жоғары компонентті улы отындарды пайдаланатын «Протон» және басқаларын біртіндеп тоқтату жәйі нақтылы түрде атап көрсетілген. Соған қарамай, әу баста, осының бәріне бас шұлғып, өздерінің келісімдерін берген «Роскосмосқа» бүгінде «Байқоңырдың» түпқожайындарына қарай илігу деген мәселе тіпті де оңай болмай отыр. Әйтеуір, қалай болғанда да, олар «Бәйтеректің» жұмысын кешеуілдетіп, аяғына тұсау салғылары-ақ келеді. Бұлай демеске амал жоқ, өйткені, «Роскос­мостың» «Қазғарыштың» 2004 жылғы қол қойылған келісімшарттағы олқылықтарын бетке басып, «Бәйтеректің» құрылысына қаржы салудан бастарын әліге дейін алып қашып жүрген себептерінің басты бір сыры, олардың талайдан бері Амурдағы «Восточный» ғарыш кешенінде «Ангара» ғарыштық-зымыранды ұшыру айла­ғын салып жатқандықтарында сияқты. Бұрын бұл жұмыстарды Ресей ғарышкерлері көп жар­қыратып айта бермесе, бүгінде, оны өздерінің бар дауыстарымен де айқайлатып айтатындай жағдайға жеткен. Оның тағы бір сыры, олар алдағы уақытта «Қазғарыш» «Бәйтеректің» жырын айтып, біздің алдымызда көп қыр көрсете бермесін дегенді де аңғартып отыруында. Ал, әліге дейін өзінің бар сырын жұмбақ күйінде ғана ұстап отырған «Ангараның» «әні» әу баста неден басталып еді? Ресей эксперттерінің пікірлеріне сүйеніп айтар болсақ, алғашқыда олардың біртіндеп өз ғарыш кешендерін күшейту ойлары болса да, жеме-жемге келгенде, осы кезге дейінгі дәл біздің «Байқоңырдан» ұшып жүргендей, ауыр салмақты «Ангараны» аталмыш ғарышқа ұшып қана қоймай, оның ұшыру айлағын өз жерінде тұрғызу ойлары болмаған. Бұл жердегі «Ангараның» «әні» тым әріде жатыр. 2004 жылғы екі ел арасындағы келісімшартта көрсетілген жағдайлар «роскосмостықтармен» жан-жақты келісілгенмен, бертінде бұл мәселе оның басшыларын қайтара бір ойланып көруге де жетелеген сыңайлы. Қазақстан алдағы уақытта «Байқоңырда» Ресеймен бірлесіп, қарапайым ғарыш айлағын ғана емес, оның болашақта экологиялық жағынан тазалығы және ғарышты игеру кезінде біртіндеп улы гептил мен амилден арылу туралы үлкен жоспар-жобаларын да жасамақшы болды. Заманның ыңғайына орай, әрі алдағы үлкен болашақтың қамын күйттеген осы бір үлкен жоспар-жобалар бертінде «Роскосмостың» өзін де біршама қызықтырып, олар енді дәл сондай дәрежедегі күш-қуатқа ие «Ангараны» ғарышқа ұшыру айлағын Ресейдің өз жерінде тұрғызғанды да дұрыс көріпті. Олардың есебінше, бұл, бір жағынан, дұрыс та шығар. Бірақ, алып «Байқоңырды» бізден біраз жылдарға жалға алып, әрі оның барлық мүмкіндіктерін толығынан пайдалана отырып, енді онымен қоса-қабат, өз жерінде дәл сондай дәрежедегі ғарыш айлақтарын тұрғызып, кейін өздерінің «Байқоңырды» жалға алу мерзімдері аяқталған кезде, не одан да бұрын «Байқоңырды» біржолата тастап, өз елімізге қарай кете қаламыз дегенді ғарыш саласында біршама сауаттанып, өз күш-қаңқарын танытып үлгерген Қазақстан жағы қабылдай алар ма екен?!. Осыған орай, жуықта «Қазғарыш» Ресей жағына Амур­дағы «Восточный» ғарыш кешенінде «Ангараны» ұшыру айлағының құрылысына қатысты бірқатар сауалдар да жолдаған еді. Тіпті, онда, Ресей жағы өз елінде «Ангараны» ұшыру айлағының құрылысын салу жөнінде түпкілікті бір шешімдер қабылдар болса, онда, сөз жоқ, Қазақстан жағының «Байқоңырдағы» «Бәйтерек» ғарыш кешенін салуды мүлдем тоқтататындықтары да ашық айтылған. Өйткені, Қазақстан «Бәйтеректі» әу баста Ресей елімен бірлесіп пайдалану ниетімен ғана қолға алған еді ғой. Ал, алып зымыран «Ангараның» Амурдағы өз ұшыру айлағы тұрғызылатын болса, ол «Байқоңырдағы» біздің «Бәйтерекпен» үнемі бәсекелес болады да, біздің ел өзінің ғарыш кешеніндегі басты әріптесін жоғалтып тынады. Шындап келгенде, бұндай түсініксіз ойынның кімге керегі бар? Жалпы, «Роскосмос» ғарыш кешендерін пайдалану мәселесіне келгенде, «Қазғарышпен» неге жасырынбақ қана ойнай береді? Осындай тұрғыдағы сауалдар былтырдан бері Қазақстан республикасының Парламенті мен Үкіметінде және «Қазғарыштың» биылғы өткен кеңейтілген мәжілісінде де бірнеше рет айтылды. Сонымен бірге, осыдан аз уақыт қана бұрын, 2004 жылғы Қазақстан мен Ресейдің еларалық келісімдеріне толықтырулар енгізілген үкіметаралық келісімдер де болды. Сол келісім бойынша, «Қазғарыш» тиісті құжаттарды дер кезінде даярлап, Ресейге қайтадан жібергені де шындық. Алайда, «Роскосмос» «Қазғарыштың» ұсыныстарын қабылдауға келгенде, өздерінің жұмған ауыздарын әлі де ашар емес. Біздің ел үшін «Байқоңыр» ғарыш кешенін игеру деген мәселе әлі де өзінің өткір күйінде тұр. Мәселен, ел білетін атақты «КазСат-1»-дің өзі де, әу баста біздің еліміздің алып «Байқоңырды» Ресеймен бірлесіп пайдаланып, ғарыш кешенін біртіндеп игеру жөніндегі адал ниетінен туындаған идея еді. Ал, шындап келгенде, өз жерімізде «Байқоңырдай» алып ғарыш кешені өмірге келгелі бері арада елу жылдай уақыт өтсе де, біздің елімізде «болашақта оның жұмысын ұршықтай етіп иіріп әкетсек-ау» дегендей құр ынтадан басқа, ғарышты игеруге қажет болатын ғарыштық аппараттар мен басқа да қажетті жарақтарды жасақтайтын ғарыштық зауыттар мүлдем жоқ екен. Бұл жердегі барлық зәру құралдар мен аспаптардың бәрі іргеміздегі Ресейде ғана жасақталады. Ресей ертең-ақ, өзіміздің «Байқоңырымызды» өзімізге біржолата қайтарып бере қалған күннің өзінде де, біздің ғарыш саласындағы істе алып Ресейге әлі қанша уақыт бойына тәуелді боларымыз – тек бір Құдайдың өзіне ғана мәлім. Оның үстіне, бүгінгі біздегі Аэроғарыш агенттігі де осы кезге дейін өзінің құрылымдық жағынан сан рет өзгеріске ұшырап, жұмысын біраз ақсатыңқырап алғандығы тағы белгілі. Ал, «Роскосмос» үшін бұл тіптен де тиімді. Еларалық келісімге сәйкес, Қазақстанның өз жерсерігін ғарышқа ұшыру идеясын жүзеге асыру барысында біз, міне, тағы да алып Ресейге ғана тәуелді болып қалдық. Олар кезінде біздің тілегімізге орай, ғарышқа арналған «ҚазСат»-1»-мізді өз елдеріндегі М.В.Хрунчев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығында жасап беретін болып та келіскен. Жоқтың қолы қашан да байлау­лы емес пе?!. Біз кезінде соның бәрін бейнебір көзді жұмып қойып-ақ жасатқандай да болдық. Өйткені, «хрунчевтықтар ғарыштың тілін біледі, олар кейін бәрін де қатырады» дегенмен, кеше ғана біздің «КазСат»-қа орнатылған үлкенді-кішілі құрылғылардың бәрі Ресейдің жергілікті өндірісінікі («КБ «Марс») ғана еді. Ал, әлгі «КБ «Марс» болса, бар-жоғы тек бірыңғай ғылыми жаңалықтарға қатысты жасалымдарды ғана жасайтын қарапайым эксперименттік кеңсе болатын. Бірақ, оның элементтік базасы әлі жөндеп сыннан өтпеген, әрі сенімділігі кәдімгідей төмен бұйымдар екендігін кезінде біздікілер де білмей қалған жоқ. Әйтсе де, біздің ғарышкерлердің басқалай бір жол тауып кетердей амалдары да болмады. Өйткені, ғарыш аппаратындағы құрастырушы бөліктердің бәрін тек осы салаға маманданған қалыпты шетелдік элементтік базалар ғана жасақтай алатын. Ал, «Роскосмос» «Қазғарыштың» алдында қаншалықты дәрежеде өздерінің ауыздарын қомпитқанмен, 1991 жылғы КСРО-ның ыдырауынан кейін, Ресейде жерсерігіне қажетті жоғары сапалы элементтік базаларды өндіретін зауыттар мүлдем болған да жоқ. Біздің тұңғыш жерсеріміз «ҚазСат-1» осындай жағдайда өмірге келген еді. Тәуекелшілдік қана болмаса, оның алдағы тағдырына қапелімде ешкім де кепілдік бере алмайтын. Ақыры, ол осыншама дабыралатып жүріп, ғарыш кеңістігіне самғай ұшып шыққан соң, бір жалт етті де, одан былай, мүлдем жоғалып кетті. «ҚазСат-1»-дің ғарыш кеңістігінде ғаламды шарлап, басы ауған жаққа қарай қаңғып кеткендігі хақында кезінде әлемдік ақпарат құралдары да аз жазған жоқ. Алайда, мұқтаждық адамға не істетпейді десейші, араға тағы біраз уақыт салып, біздің ғарышқа ұшырылмақ болған «ҚазСат-2»-мізді де алдын-ала жасалынған келесімшартқа сәйкес, ресейлік Хрунчев атындағы орталық жасайтын болып келісілді. Оның үстіне, 2-ші жер серігін жасақтау мен құру үшін оларға өтемақының 65 пайыздайы алдын-ала төленіп те қойылған. Төленген ақшаны, енді, Ресейден кері қайтарып алып көр. Ол біздің қолымыздан келмейтін жағдай еді. Бірақ, соған қарамастан, алғашқы «ҚазСат»-тың ащы сабағынан кейін, біздікілер біршама шалымды қимылдар жасауға да тырысып бақты. Ие, сөйтсе, ынта-жігер болса, ол да біздің Қазақстанның қолынан келетін шаруа екен. Соның нәтижесінде біздікілер ғарыш саласындағы кәсіби жағынан білікті мамандарды жинақтап, жер серігінің конструкциясын құрастырушы бөліктері мен ондағы барлық көрсеткіштік аппаратураларды аса сенімді деген шетелдік техникаларға ауыстыру туралы өз ұсыныстарын да батыл түрде өткізе алды. Сонымен, не керек, еліміз үміт еткендей «ҚазСат-2» де өмірге келді. Көңілде көп күдік болса да, «ҚазСат-2» өзінің алғашқы әріптесінің қателігін қайталамады. Ғарыш кеңістігінің тілін тауып, кесте бойынша, біржола көкте тұрақтап қалды. Қазір ол өз мақсатына сәйкес, тым тәуір жұмыс жасап, жердегі басқару орталығының бұйрықтарын да еш бұлжытпастан-ақ орындап тұр. Бірақ, жасыратын ештеңесі жоқ, оның да бір «әттегенайы» тағы бар. «ҚазСат-2» өзінің қазіргі қалпында толық құрамда жердегі операторлармен тиімді дәрежеде жұмыс істей алмайды. Мамандардың пайымдауларынша, ондай мүмкіндікке ие болу үшін «ҚазСат»-2»-нің жанында «ҚазСат-3» сынды тағы бір жерсерігінің де болуы қажет. Бұны «Қазғарыштың» басшылары да еш жасырмай-ақ айтып отыр. Бірақ, үшінші жерсерігі ғарышқа көтерілуі үшін алда әлі екі жылдай уақыт қажет. Сондықтан, әзірге біздің операторларымыз басқа елдердің жерсеріктерін пайдалануға мәжбүр болатын түрі бар. Демек, соған сәйкес, қыруар қаржы да сол елдерге қарай кетіп бара жатқаны айқын. Кім білген, бәлкім, алғашқы жер серігіміздің бойындағы кінәраты болмағанда, ендігі бәрі де басқаша болар ма еді?! «Байқоңырдағы» ғарыш кешенін бірлесіп пайдалану дегенді, дәл қазіргі сәтте Ресей жағы да мүлдем жоққа шығарып отырған жоқ. Бірақ, «Роскосмос» біздің «Қазғарышты» әлі де «баласынып», тек бірыңғай өздерінің жетегіне ғана ерткісі келеді. Осы тұрғыдан келгенде, олар «Байқоңырдың» Қазақстанның өз меншігі екендігін, оны тек санаулы ғана жылдарға жалға алып отырғандықтарын да ұмытып кететін секілді. Олардың ғарыштық мәселелерге келгенде, қазақстандық бастамаларға бірыңғай салғырттықпен ғана қарап отырғандықтары да сондықтан. Оның үстіне, олар қит етсе-ақ болды, шалғайда жатқан Амурдағы «Ангараның» «әнін» айтып, жырын жырлап шыға келеді. Ал, дұрысына келгенде, Қазақстан бүгінде қаншама жерден күшті, инновациялы, қарқынды дамушы ел болса да, ғарыш мәселесіне келгенде, олар үшін аса бір қауіпті бәсекелес те емес қой. Бұл жағын ашып айтпағанмен, біздің көршілеріміздің өздері де жақсы-ақ біліп отыр. Байқауымызша, олардың Амурдағы «Ангарасы», біздің «Бәйтерегіміздің» жұмысын біршама кешеуілдетіп, ғарыштық бастамаларымыздың шапшаң қарқын алып кетпеуі үшін жасалынып отырған басты бір кедергілері сияқты. Бұл, бір жағынан, қазіргі кезде «Роскосмос» үшін ол елде «әй дейтін ажа, қой дейтін қожаның» болмай отырғандығын да көрсетер еді. Әйтпесе, әу бастан, тіпті, сонау кеңес өкіметінің әбден кемеліне келіп тұрған шағында-ақ үлкен бір есеппен, әрі өздеріне біршама ыңайлап салынған «Байқоңыр» ғарыш айлағынан арада талай ондаған жылдар өтсе де, қолды бір сілтеп, мүлдем кетіп қала алмайтындықтарын «Роскосмостағылар» да білмей отырған жоқ. Оның үстіне, олар «Ангараның» әні мен жырын айтып, қаншама жерден асқақтатса да, алдағы жиырма-отыз жылдың ішінде өздерінің «Байқоңырдан» біржола кетіп қала алмайтындықтарын да әлсін-әлсін ауызға алады. Сондықтан, бүгінде қалай бұлқынса да, алдағы уақытта «Роскосмостың» тағдыры, тек біздің «Байқоңырға» ғана байлаулы тұрғандығын ондағылардың өздері де біліп отыр. Бұл тұрғыда «Қазғарыш» «Байқоңырды» Ресеймен бірлесіп пайдаланып, алдағы уақытта өздерінің «Бәйтерекке» қатысты бірлескен іс-жобаларын әрі қарай жалғастыра бергендері де қажет дер едік. Ал, «Байқоңырды» Ресей сынды алып көршілерімізбен бірлесіп пайдалануға қатысты, біздің елдің үкіметтік деңгейдегі ұстанымдары мен көздеген мақсатына келетін болсақ, ол – өте нақтылы. «Қазғарыштың» биылғы кеңейтілген мәжілісіне қатысқан Премьер-министрдің бірінші орынбасары Серік Ахметов қалыптасқан жағдайды әр қырынан жан-жақты саралай келіп, алда «Байқоңырды» «Роскосмос­пен» бірлесіп пайдалану, еларалық бірлескен жобалардың кешеуілдемей, уақытылы жүргізіліп отырылуы үшін Ресей Федерациясының үкі­меті алдында біздің еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен «Қазғарыштың» өз тараптарынан да үлкен табандылық танытып, ел мүддесін әрдайым жоғары қоя білуге міндеттегендігі көп жәйттерден хабар береді. Ғарыш саласындағы жұмыстарға қатысты, осы бір табандылық деген мәселе жолымыздағы көптеген бөгеттерді біржолата ысырып тастай да алатын сияқты. Ал, енді «Байқоңыр» ғарыш кешеніндегі қыруар жұмыстарды игеру деген мәселеге келетін болсақ, тұңғыш Елбасымыз Назарбаев та, тұңғыш ғарышкеріміз Әубәкіров те әу бастан-ақ осы бағытты берік ұстанғандығы анық. Тек сол кезде бұндай мүмкіндіктер түрлі себептермен біздің уысымыздан сырғып кеткендігі («Байқоңырдың» Ресейге ұзақ мерзімдік жалға берілгендігі – С.Х.) ғана болмаса, Қазақстанның «Байқоңырға» қатысты позициясы қазір де айқын, әрі өте нақтылы. «Байқоңыр» ғарыш кешені – тәуелсіз Қазақстанның иелігі, ондағы құрылымдар да – Қазақстанның өз меншігі. Бірақ, «дәл қазір, «Роскосмос» өздерінің бұрынғы берген уәделерін тиісінше орындамай жатыр, не олар тым шабандау қимылдап, өздерінің тиісті жұмыстарын әліге дейін салғырттықпен жасауда» деп, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жасалынған еларалық келісімшартты бұзып, «Байқоңырды» біржолата өзімізге қайтарып алып, бәрін жаңадан қайта бастаймыз деу де – асығыстық. Бұл «Роскосмос» үшін де, «Қазғарыш» үшін де тиімсіз. Ал, Амурдағы «Восточный» ғарыш кешенінде «Бәйтерекпен» бәсекелестікке негізделген «Ангараның» ұшыру айлағын жасақтауға, осыдан біраз жыл бұрын жарлық берген Ресей Президенті Владимир Путиннің кешегі өткен мамырда Ресей Федерациясының Президенті қызметіне қайта кіріскендігі елге мәлім. Бірақ, біз бұл жағдай, Қазақстанның «Байқоңырды» игеру бастамаларындағы белсенділігін бір­шама әлсіретеді немесе «Ангараның» «Бәй­терекке» бәсеке болу ыңғайын тағы да өршіте түседі деп есептемейміз. Қайта, «Роскос­мостағылар» кезінде өздерінің кәсіби қызметтеріндегі монополияға, не бұрынғы кеңестік дәуірдегідей астам пиғылдарына белең алдырып алғандықтарын түсініп, алдағы уақытта өз Президентіне де дұрыс кеңес береді деген үміт бар. Өйткені, Ресей Федерациясы үшін өзімен ғасырлар бойына іргелес, тату және ең сенімді көрші болып келген Қазақстанмен ғарыш саласында жарысқа түсіп, соншама ақ тер, көк тер болудың ешқандай пайдасы жоқ. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, екі елдің де ойласып шешер мәселелері көп. P.S. Бет қатталып жатқан кезде Ресейден тарайтын Jamestown.org сайты «Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағы» туралы мақала жариялады. Онда «Кремль Амур аймағынан жаңа ғарыш айлағын салуды қолға алды. Мәскеу мен Астана Байқоңырдың қасынан тағы бір ғарыш алаңын салу туралы келісімге келе алмады. Осылайша екі елдің арасындағы келіссөз тұйыққа тірелді» деген мәлімет бар. Оның өтірік-шын екендігіне жауап бере алмаймыз. Бірақ, оқиға жариялап отырған материалымызға байланысты болғасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

514 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз