• Ұлттану
  • 19 Наурыз, 2019

«МҰҚАҒАЛИ ТІЛІ СӨЗДІГІ» ОСЫЛАЙ ЖАСАЛҒАН

Байынқол Қалиұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

Қарапайым тілмен айтсақ, Мұқағали өлеңдері қазіргі кез үшін «мода» болып жүр. Түрлі қонақтарда, отырыстарда, той-томалақтарда болсын, көңілді кештер мен концерттерде, театрларда болсын, Мұқағали өлеңдерін оқымайтын, оның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқамайтын адам жоқ. Өзім де солардың бірімін. Мамандығым тілші болғандықтан, кей-кейде, шіркін, Мұқағали тілінің сөздігін жасар ма еді!» – деп қиялданатынмын. Осы ойымды бір күні реті келіп, шәкірттеріме айтып едім, олардың қолдай кеткені. Қуанып қалдым. Бірақ артынша: – Қаржыны қайдан аламыз? – деп сұрады. Мен: – Қаржы жоқ. Нағыз ғалым ғылымды қаржысыз-ақ істей береді, – дедім. Олар біраз ойланып, келісетіндіктерін айтты. Сөйтіп, сөздік жасаудың жұмыс жоспарын жасап, әрқайсысымыздың міндеттерімізді бөлісіп алдық та, іске кірісіп кеттік. Содан бері, міне, бақандай 5 жыл уақыт өтіпті. Сөздікті түбегейлі түрде жасап бітіріп, нәтижесін халықтың талқылауына ұсынып отырмыз. Менің о бастағы мақсатым – ақиық ақын Мұқағали тілін зерттеу болатын. Бірақ, ол үшін бірінші кезекте бір-бірімен ұштастыра отырып, ақын тілінің түсіндірме сөздігі мен жиілік сөздігін жасап алудың қажеттігін түсіндім. Ақыры солай істедік те. Сөздік жасаудың нәтижесінде Мұқағали өз шығармаларында 13.348 сөз, 5.035 тұрақты тіркес қолданып, оларды 21.453 мағынада жұмсағандығы анықталды. Олардың қандай-қандай сөз, қандай-қандай тұрақты тіркес, қандай-қандай мағыналар екендіктерін оқырман қауым өздері-ақ сөздіктен тауып ала алады. Бұл тұрғыдан біз өз міндетімізді абыроймен орындап шықтық. Ендігі кезек – кейінгі ұрпақ жастардікі. Олар осы сөздікті пайдалана отырып, Мұқағали тілінің байлығын көркемдік тұрғыдан жан-жақты зерттеп шығуларына болады. Сөздік жасау, оның ішінде Мұқағали сияқты ақынның сөздігін жасау өте қиын істердің бірі. Мұқағали өз шығармаларында қанша сөз, қанша тұрақты тіркес қолданғандығын анықтау оңай емес. Ол тілдік бірліктерді ақынның қанша рет қайталап қолданғандығын есептеп шығару да қиынның қиыны. Ақын қолданған сөздер мен тұрақты тіркестерге анықтама беру одан да қиын. Айтпақ болған ойымды («қиындықтарды») «бір» сөзіне талдау жасау арқылы түсіндіріп көрейін. Картотекалық қорымызда «бір» сөзіне қатысты 2 ұяшық (жәшік) бар екен. Ондағы сөздерді (карточкелерді) санап көріп едік, 1935 карточке (сөз) шықты. Бұл – «бір» сөзі Мұқағали шығармаларының 5 томында 1935 рет қайталанып қолданған деген сөз. Содан кейін, осы 1935 карточкені (шумақты) құнттап, тәптіштеп 1935 рет оқып шығып, оларды алдымен омоним сөздерге бөліп алдық. «Бір» сөзінде үш омоним бар екен: Біріншісі – сан есім (1141 карточке), екіншісі – есімдік (576), үшіншісі – үстеу (277). Бірінші омонимге (сан есімге) қатысты 1141 карточкені 2-ші рет оқып шығып, оларды «мағына» және «тұрақты тіркестер» деп аталатын екі топқа бөліп алдық. «Мағына» тобына – 1098, «тұрақты тіркестер» тобына – 110 карточке бөлінді. «Мағына тобындағы» 1098 карточкені 3-ші рет оқып, оларды мағыналарға бөлгенімізде, небәрі үш-ақ мағына шықты (сөздікке қараңыз). Ал, «тұрақты тіркестер» тобындағы 110 карточкені оқып, оларды да саралап, даралап көріп едік, олардың ішінде 43 түрлі тұрақты тіркестің бар екендігі анықталды. Ең соңында осы екі топтағы шумақтарды (мәтіндерді) 4-ші рет оқып, әрбір мағына, әрбір тұрақты тіркестер үшін солардың ішінен 1-2-ден ғана мысал таңдап алдық та, сөздік жасауға содан кейін барып кірістік. «Бір» сөзінің басқа омонимдері де, келесі атау сөздер де дәл осы тәртіппен істелді. Мұқағали шығармаларындағы сөздердің бір тобы өте жиі қолданылады екен де, екінші бір топ сөздер онда өте сирек қолданылады екен. Өте жиі және сирек қолданылған ондай сөздердің 100 шақты үлгі тізімі сөздіктің «Қосымшалар» бөлімінде берілді. Көп қолданылатын сөздердің басым көпшілігі есімдіктер мен шылаулар және етістіктер (әсіресе көмекші етістіктер) болып шықты. Сөздігіміздің «Қосымшалар» бөлімінде біз «Есімдіктер» мен «Шылаулардың» жиілік кестелерін бергенбіз. Сондықтан бұл жерде жиі қолданылған етістіктер туралы аздаған мәлімет бере кетейін: Мыс.: бол (2320+1), тұр (1713+20), ал (1705+96), кел (1585+5), кет (1061+11), бер (978+8), көр (926+16), қал (904+26), жүр (787+30), біл (758+10), жат (501+7) т.б. Жақша ішінде тұрған бірінші цифрлар – қайталанып қолданылған сөздердің санын, екінші тұрған цифрлар – қайталанып қолданылған тұрақты тіркестердің санын көрсетеді. Жеке тұлға тілінің сөздігін жасау үстінде бізге қиындық келтіргендер – карточке саны көп осындай сөздер болды (олардың қандай қиындықтар екендігі жоғарыда айтылды). «Мұқағали тілі сөздігін» (МТС) жасау үстінде барлық сөздер бізге дәл осылай қиындық туғызды деп айта алмаймыз. Карточке саны аз, мағыналары түсінікті сөздерді сипаттап беру бізге онша қиынға түскен жоқ. Жиі (көп) қолданылатын есімдіктер мен етістіктерге қатысты тағы бір ерекшелік – олар көп жағдайда «қысқа» және «толық» деп аталатын екі нұсқада ұшырасады. Мысалы, есімдіктер: ме – 1368 + мен – 1438=2806, се – 652 + сен – 973 =1625, о – 966 + ол – 586=1552, бұ – 75 + бұл – 536=611, со – 20 + сол – 547=567 т.б. Етістіктер де дәл осылай: а ~ ал, бо ~ бол, ке ~ кел, қа ~ қал, са ~ сал, т.б. Біз мұндай сөздік формалардың бәрін сөздікке атау сөз ретінде жеке-жеке алдық. Сөздігіміздің қолжазбасын талқылау үстінде кейбір мамандастарымыз «мұндай жарыспалы сыңарларды бір сөз ретінде бір-ақ жерге алу керек еді» деген пікір айтты. Біз бұл пікірге келісіңкіремедік. Рас, қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздіктерінде мұндай жарыспалы сыңарларды жеке-жеке алудың қажеті жоқ. Ал, «Мұқағали тілі сөздігі» тәрізді жеке тұлғаның сөздіктерінде мұндай формаларды жеке-жеке алу артық болмайды. Қайта керісінше, ондайларды біз жеке-жеке алуға міндеттіміз. Өйткені мұндайлар, біріншіден, поэзия тілінің өзіндік ерекшелігін көрсетеді, екіншіден, олар тек Мұқағалида ғана емес, басқа ақындардың шығармаларында да жиі ұшырасады. Кез келген өлең белгілі бір буын санымен шектелетіндігі белгілі. Егер өлеңнің буын саны артып кетсе, ақын әлгіндей жарыспалы сыңарлардың қысқасын, ал буын саны жетпей жатса, оның толығын пайдаланды. Мұқағали шығармаларында көптеп ұшырасатын барман ~ бармаймын, келмен ~ келмеймін, мылқаудай ~ мылқаудайын, сағымдай ~ сағымдайын, тұрғандай ~ тұрғандайын сияқты жарыспалы сыңарларды да осы қатарға қосуға болады. «Мұқағали тілінде көп қолданылатын сөздердің бірі – көмекші етістіктер» деген пікір жоғарыда айтылды. Олар тек Мұқағали тілінде ғана емес, қазақ әдеби тілінің өзінде де жиі қолданылады. Соған қарап, біз көмекші етістіктерді МТС-те жеке алсақ па екен, әлде өзі «көмектесіп» тұрған негізгі етістіктермен бірге алсақ па екен деп, біраз ойландық (Себебі «Қазақ тілі» оқулықтарында негізгі етістіктер мен көмекші етістіктердің тіркесін күрделі сөз деп түсіндіреді). Сыншыларымыздың «көмекші етістіктер жеке атау сөз бола алмайды» деп сынайтындарын да білдік. Соған қарамастан, біз оларды (көмекші етістіктерді) сөздікке атау сөз ретінде жеке алғанды жөн көрдік. Сондағы сүйенген тірегіміз – біріншіден, олардың тілімізде жиі қолданылып, орасан зор тілдік қызмет атқаратындығы, екіншіден, көмекші етістіктердің өздері тіркескен негізгі етістіктерге қосар мағыналық реңктерінің молдығымен және олардың сан түрлілігімен ерекшеленетіндігі. Мәселен, Мұқағали тілінде тұр етістігі көмекші етістік ретінде 978 рет қолданылса, негізгі етістік ретінде ол 735 рет, қал етістігі көмекші етістік ретінде 548 рет қолданылса, негізгі етістік ретінде ол небәрі 352 рет қолданылған. Кет, жат, жүр етістіктерінің де негізгі етістіктерден гөрі көмекші етістік ретінде көп қолданылатындығы байқалды. Бұл мәнбірлермен (фактілермен) бізге есептеспеске болмады. Біз Мұқағали шығармаларындағы сөздер мен тұрақты тіркестердің мағыналарына құнттылықпен қарап, олардың дұрыс саралануына, бір-бірінен айырмашылықтардың айқын көрініп тұруына мүмкіндігінше көңіл бөлуге тырыстық. Соған қарамастан, сөздігіміз көпшіліктің қолына тигелі кейбір мамандастарымыз МТС-тегі мағыналарды 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігіндегі» (ҚӘТС ) мағыналармен салыстыра келіп, «МТС-тегі сөз мағыналары жұтаң (аз); әрі оларға берілген анықтамалар өте қысқа» деген пікір айтқан кезі болды. Солай екендігі рас. Бірақ, сын айтушылар бір нәрсені ескермей отыр. Ол – жалпы халық тілінің сөз байлығы мен бір ғана жеке тұлғаның сөз байлығын (сөз мағыналары да тіл байлығына жатады – Б.Қ.) бір-бірімен салыстыруға болмайды. Өйткені «ҚӘТС» сияқты көп томды түсіндірме сөздіктерде қазақ халқының бұрыңғы-соңғы барлық тіл білгірлерінің күллі сөздері мен тұрақты тіркестері және барлық сөз мағыналары түгел қамтылады. Ал, жеке тұлғаның сөздіктерінде тек бір ғана, яғни төлие (автор) қолданған тілдік бірліктер мен мағыналар ғана қамтылады. Олай болса, жалпы халық тілінің байлығына қарағанда жеке тұлғаның тіл байлығының «жұтаң» болуы заңды. Осы ойым дәлелді болу үшін мына бір мәнбіні (фактіні) келтіре кетейін. 15 томдық «ҚӘТС»-те орал сөзі (2-ші омоним) 10 мағынаға бөлініпті. Сол 10 мағынаға берілген мысалдардың ішінде М.Мақатаев шығармаларынан алынған үш мысалы (шумақ) бар екен. Егер мысалдағы сөздер («ол үйіне оралды» деп келсе бір мағына (1-ші мағына), «туған жерге, еліне оралды» болса – екінші мағына (2-ші мағына), «бала күндері қайта оралды» делінсе – үшінші мағына (9-шы мағына) болған. Бұл сөз (орал сөзі) Мұқағали шығармаларында 17 рет қайталанып қолданыпты. Сонша рет қайталанғанына қарамастан ол сөз – барлық жерде бір-ақ мағынада қолданылған. Бұдан шығатын қорытынды: қаламгер бір сөзді қанша рет қайталап қолданса да, ол сөзді ақын тек өзі білетін, өзінің санасында қалыптасқан мағыналарда ғана қолданады. «МТС-тегі сөз мағыналары жұтаң, әрі қысқа» деушілерге айтар тағы бір уәжіміз бар. Ол: Мұқағали шығармаларында, барлық басқа да ақын-жазушыларымыздың шығармаларындағы сияқты, әдеби тілдің сөздерімен бірге онда ауызекі сөйлеу тіліне тән сөздер мен жергілікті сөздер, шет тілі сөздері мен авторлық қолданыстар (бірқолданым сөздер), лексикалық түрпеттер (қонақ ~ мейман, көрші ~ қошына т.б.) мен синоним сөздер көптеп ұшырасады. Сөздігімізде мұндайлардың негізгі бір сыңарына, айталық, бастысына немесе әдеби сыңарына толық әрі жан-жақты түрде сипаттамалы анықтама бергеннен кейін, қалған сыңарларына дәл әлгіндей толық анықтама беріп жатуды артық санадық. Оның үстіне жарыспалы сыңарлардың әрқайсысына толық әрі жан-жақты анықтама берген болсақ, мұнымыз стильдік тұрғыдан да дұрыс болмаған болар еді. Сонымен бірге, егер олай етсек, сөздігіміздің көлемі шектен тыс ұлғайып кеткен болар еді. Осы жайларды ескере келіп, біз жарыспалы сыңарлардың әдеби сыңарларын түрлі стильдік белгілер қою арқылы оларды әдеби сыңарына сілтеп отырдық (Мыс.: Қаңырсы сөйл. Қаңсы) немесе теңдік белгісін қою арқылы олардың мағыналарының бірдей екендігін ұғындыруға тырыстық (Мыс., Қаңғы = қаңғыр, Пенен = пен т.б.). Мәселен, біз мақтан сөзіне (бұл сөз Мұқағалида 33 рет қолданыпты) «Өз жетістігін өзі айтып марқаю, өзін-өзі дәріптеу» деген тәрізді сипаттамалы анықтама бергеннен кейін, ол сөздің ауыспалы, бейнелі мағыналарда қолданылатын бөс (10 рет), лепір (5), көпір (2) сыңарларына да дәл сондай толық анықтама беріп жатудың еш қажеті жоқ деп ойлаймыз. Тәңір (92 рет), құдай (85), құдірет (69), ием (45), алла (41), жаратқан (15), жасаған (6), жаратушы (5), тағала (1) сөздерінің мән-мағыналары да дәл осылардай. МТС-тің өзі сияқты басқа сөздіктерден басты айырмашылығы – фразеологиялық тұрақты тіркестердің сөздікке қалай алынғандарына байланысты. Бұған дейінгі жасалған басқа барлық сөздіктерде, мейлі ол «Абай тілі сөздігі» болсын, мейлі 10 томдық немесе 15 томдық түсіндірме сөздіктерде болсын, барлығында тұрақты тіркестердің құрамында қанша сөз болса, олар сонша жерге қайталанып алынып, тіліміздегі тұрақты тіркестердің саны жасанды түрде көбейтіліп келген болатын. МТС-тің жасалу нұсқаулығы бойынша біз тұрақты тіркестерді тек бірінші сөзі бойынша бір-ақ рет алдық. Ол аз болғандай егер әлгі тұрақты тіркестің фонетикалық, грамматикалық түрпеттері болса, оларды квадрат жақша арқылы бір жерге сыйдырдық (Мыс., ойға [ойына] түсті т.б.). Айталық, МТС-те түс етістігіне байланысты «түсе берісте» деген бір ғана тұрақты тіркес тұр делік. Соған қарап, Мұқағали тілінде «құрамында түс етістігі бар басқа ешқандай тұрақты тіркестер (фразеологизмдер) жоқ екен» деп ойлап қалуға болмайды. Мұқағали шығармаларында «түс» етістігі қатысқан тұрақты тіркестер аз емес: Мыс., ақау түсті, ара түсті, араша түсті, әуреге түсті, бағасы түсті, басына қайғы түсті, дақ түсті, еске [есіне] түсті, етбетінен түсті, ой түсті, жолы түсті, жүрегі орнына түсті, кем түспеді, көзге түсті, көктен түсті, күн тәртібінен түспеді, қалыпқа түсті, қолынан қаламы [ұршығы] түспеді, қолына түсті, құны түсті, мейірі түсті, мойнына құрық түсті, ойға [ойына] түсті, оқуға түсті, ортасына түсті, отқа түсті, сабасына түсті, сарапқа түсті, сараңға түсті, сәті түсті, сергелдеңге түсті, сұлқ түсті, тозаққа түсті, торға түсті, төмен түсті, тұзаққа түсті т.б. Жоғарыда айттық, біздің жеке тұлғаның (Мұқағали тілінің) сөздігін жасау ұстанымымыз бойынша, мұндай тұрақты тіркестер бірінші сөз бойынша әр жерге (сөзге) беріледі. Сонда, Мұқағали тілінде қандай және қанша тұрақты тіркес бар екендігі дәл және анық көрініс табады. Ал, фразеологиялық тіркестерді көп томды түсіндірме сөздіктердегідей әр сөзі бойынша қайталап ала беретін болсақ, онда, біріншіден, олардың саны шамадан тыс көбейіп кетеді, екіншіден, толып жатқан басқа да кемшіліктерге ұрынуымыз мүмкін. «Ол қандай кемшіліктер?» дейсіздер ғой. Тағы да мысал арқылы жауап берейін. «Аяғын алшаң басты» деген тұрақты тіркес 15 томдық ҚӘТС-те құрамындағы сөздердің саны бойынша үш жерге алыныпты. «Аяқ» сөзінде тұрақты тіркесті «аяғын алшаң басты» деп толық алып, оған бір ғана мағына беріледі. «Алшаң» сөзіне барғанда тіркес құрамындағы «аяқ» сөзін түсіріп тастап, «Алшаң басты» деп алады да, бұған үш түрлі мағына береді. Ал, «бас» етістігіне келгенде тағы да «алшаң басты» деп алып, оған екі мағына береді. Үш жердегі бір ғана тұрақты тіркеске берілген мағыналардың саны жағынан да, анықтамалардың мән-мағынасы, сапасы, мазмұны жағынан да, олар бір-бірімен сәйкес келмейді. Егер, бір ғана тұрақты тіркесті бір жерге бір-ақ рет алсақ, мұндай сорақылықтар болмаған болар еді. 15 томдық ҚӘТС-тің жасалуы нәтижесінде «онда 57.856 фразеологиялық тіркес қамтылды» деп көрсетілген (15-ші томның 819-бетіне қараңыз). Акад. І.Кеңесбаевтың атақты «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігіндегі» тұрақты тіркестердің жалпы саны 10 мыңнан сәл ғана асады. Сонда, 15 томдықтағы 58 мыңға жуық тұрақты тіркестер қайдан шықты?! Жауабы біреу-ақ. Ол – фразеологиялық тұрақты тіркестерді синтаксистік қатынаста тұрған дара сөздердің жай ғана тіркестерінен ажырата білмегендіктен және мұндайларды да, фразеологиялық тұрақты тіркестерді де құрамында қанша сөз болса, сонша жерге (2-3 кейде 4 жерге) қайталап ала бергендіктен шықты. Олай болса, фразеологиялық тұрақты тіркестерді сөздікке бірінші сөзі бойынша бір-ақ рет алғанның ғылыми мән-маңызы өте зор. Ойым дәлелді болу үшін мына бір мәнбіні келтіре кетейін: МТС-те «көз» сөзіне байланысты 96 фразеологизм алыныпты. Олар 10 бетті алып жатыр. Егер, әр фразеологизмде орта есеппен 3 сөз бар деп есептеп, 15 томдық ҚӘТС-тің ізімен оларды әр сөзі бойынша қайталап алсақ, әлгі 96 фразеологизм 288 рет қайталанып, кемінде 30 бетке созылған болар еді. Соңына қарай айтарымыз. Жай қарағанда елеусіз көрінгенімен МТС-тің «Қосымшалар» бөлімінде қомақты қазына жатыр. Онда қазақ тілі грамматикасындағы түрлену формаларының: яғни, көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғаулары мен көсемше, есімше, рай, шақ жұрнақтарының және есімдіктер мен шылаулардың Мұқағали шығармаларында қанша рет қайталанып қолданғандығын көрсететін кестелер (ондай кестелердің жалпы саны – 15), сондай-ақ, Мұқағали шығармаларында кездесетін кісі есімдері мен жер-су атауларының және қате жазылған сөздердің тізімі берілген. Сөздердің түрлену формалары (грамматикалық тұлғалары) «Абай тілі сөздігінде» де алынған. Онда атау сөздер мен тұрақты тіркестерге анықтама беріліп, мысалдар келтіргеннен кейін іле-шала әлгі сөздің (айталық «мал» сөзінің) түрлену формалары: мал, малға, малда, малдан, малды, малы, малым, малын, малына, малының, малыңды деп, жеке-жеке беріліп, бұл формалардың Абай шығармаларында қанша рет қайталанып қолданғандығы және олардың қай томның қай бетінде кездесетіндігі тізіліп көрсетілген. Сөздердің түрлену формаларын МТС-ке біз де алдық. Бірақ, біз оларды «АТС»-тегідей әр атау сөз сайын емес, Мұқағали шығармаларының барлық 5 томы бойынша түгелдей есептеп (санап) алып, алынған нәтижелерді тақырып-тақырып бойынша жасалған кестелерге сыйдырып, бір-ақ жерге топтап бердік. Сөйттік те, ол грамматикалық формалардың әрқайсысының тұсына олардың қанша рет қайталанып қолданылған санын (бетін емес) көрсетіп отырдық. Бұлай еткен себебіміз: сөздердің түрлену формаларын әр атау сөз сайын жеке-жеке көрсетіп отыру оқырманға да, қазақ тіл біліміне де еш нәрсе бермейді. Ал, егер, оларды жинақтап, тақырып-тақырыпқа бөліп, Мұқағали шығармаларындағы қолданыс жиілігінің санын кесте түрінде көрсетсек, соның нәтижесінде грамматикалық формалардың Мұқағали тілінде қайсысы көп, қайсысы аз қолданылғандығы белгілі болады. Соған орай, грамматикалық формалардың тілде атқаратын қызметтері де айқындалады. «Қосымшалардағы» көрсетілген кестелердің нәтижелерін кейінгі ұрпақ келешекте салыстыра жатар. Ал, қазір, олардың кейбіреулерін өзіміз салыстырып көріп едік, есімдіктердің ішінде жіктеу есімдіктері мен өздік есімдіктерінің 1-ші жақ тұлғалары, жіктік жалғауларының ішінде мейлі жекеше болсын, мейлі көпше болсын, олардың да 1-ші жақ тұлғалары, ал септік жалғауларының ішінде ілік септік тұлғаларының басқа тұлғаларға қарағанда жиі(рек) қолданылатындығы байқалды. Бұл жерде ақын Мұқағалидың өзіндік «мені» үстемдік құрып тұрғандығы сезіледі. Өйткені барлық ақындар өз атынан, 1-ші жақта сөйлейтіндігі белгілі. Қорыта айтсақ, ақын тілінің сөздігін жасау – әрі мән-маңызы зор, әрі қиын жұмыс. Сол арқылы біз Мұқағали тілін зерттеуге жол ашамыз және ақынның әдеби тілге қосқан өзіндік үлесін айқындаймыз.

685 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз