• Заманхат
  • 12 Желтоқсан, 2012

«ОВ» ТУРАЛЫ

Міржақып Дулатұлы

Газет, журналдарымызда көбінесе «ұлы», «баласы», «қызы» дегеннің орнына «ов», «ова» жазылады. Бұл қазақ тілінде болмаған себепті, құлаққа тіпті ерсі естіледі, «ов», «ев», «ин», «ова»-лар жалғыз-ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Европа халықтарында да жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Бұларды орыстан көріп еліктеуіміз орынсыз, басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қанша қажеті бар. «Ов»-тарды орысша жазғанда қолдансақ та, қазақша «ұлы», «баласы», «қызы» деп жазуымыз келіспей ме. Мұнан былайға жұртқа өнеге беретін газет-журналдарымыз мұны ескерсе, қандай жақсы болар еді, қиындығы да болмас еді. Студент Ыдырыс Оразалыұлы. Басқарма. – Біз Ыдырыс мырзаның бұл пікірін мақұл көреміз, мұны елеусіз тастамасқа іжтихад етерміз. Бұл туралы айтарлық бірер сөз бар. Біздің қазақ фамилия орнына өз әкесін атаса, «ов», «ин», «ова», «на» орнына «ұлы», қызы» деп жазуда ыңғайсыздық жоқ. «Ыдырыс Оразалыұлы» деген секілді. Ал, жұрттың көбі фамилия орнына үлкен әкесінің я бабасының, атын жазады, мысалы: «Әлихан Нұрмұхамбетұлы Бөкейханов» деген секілді. Мұндайда «Нұрмұхамбетұлы» деу ыңғайлы болса да, «Бекейханұлы» деп атасының ұлы қылып жазудың реті келмесе керек. «Әлихан Бөкейхан» десе ретке келіңкірер еді. «Бөкейхан» деген руын атағандай болар еді. Атығай, Қарауыл, Айдабол, Қаракесек деген секілді. Қазақтың руының өзі орыстың фамилиясына тура келеді ғой. Енді, бір әйел атын алайық: «Нәзифа Сағызбайқызы Құлжанова» дегенде, «Құлжан» деуіміз һәм «Нұрғали Құлжанов» дегенде де «Құлжан» деуіміз, яғни әйелдің де, еркектің де фамилиясын бір қалыпта атауымыздың ыңғайсыздығы болмас па? Және де мұндайда «ұлы», «қызы» делінбей, әкесінің атын қалдырып «Нұрғали Кұлжан», я «Нәзифа Кұлжан» деп жазсақ, жай екі кісі ат алып тұрған секілді болады һәм ілгері-кейін тұрғаннан білінбесе, араласқанда қайсысы өз аты, қайсысы фамилиясы екендігі білінбей қалса керек. Фамилияны жоғарғы айтқандай қылып қалдырамыз ба, жоқ, басқа бір ыңғайлысын табуға болар ма, оқушылар, не айтасыздар? «Қазақ», 1915 ж. №121. ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗЕТІН КОМИССИЯНЫҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА Қазақ тілі мемлекет тілі болды, енді заң-закун, бұйрық-жарлықтың, кеңсе істерінің бәрін қазақшаға айналдырамыз деп талпынғанымызға талай жыл, қазақ тілін жүргізу үшін орталықта дербес комиссия да құрылды. Бірақ, орталық комиссияның өзі болсын, я жер-жердегі бөлімдері болсын, қазақ тілі қалай жүріп жатқанын жете тексеріп отырғандығына шегіміз бар. Комиссия ел арасындағы істер түгіл, орталық мекемелердің өзінде не болып, не қойып жатқанын да білмейтін көрінеді. Мұның растығына ішкі істер комиссариатының бір жарлығын (приказын) оқушылардың алдына тарталық. Бұл жарлықты Қызылорда болысының төңкеріс комитеті алғаннан кейін, көшірмесін куәландырып қарауындағы 4-ауыл аткоміне қолданып орындап тұрмаққа жолдаған екен. Қызылорда қаласының көшесінде, «шырағым, мынаны бізге түсіндірші, өзіміз не екенін біле алмай қойдық» деп әлгі жарлықты қолына ұстап жүрген қазаққа кездестік. Бірақ, жарлықтың тіліне біз де түсіне алмадық. Содан кейін, қазақ деген бірсыпыра елміз ғой, көп ішінен бір зерек табылар деген үмітпен мұны газет жүзінде жариялауды лайық көрдік. Оқып қараңдар, бір сөзі өзгертілген жоқ. Жарлық мынау: ПРИКАЗ: Ішкі істер халық комиссариатының бөлеу бөлімінің бастығының, 70 санды 15 июльдегі Осымен мәлім қылады қолданып орындап тұрмаққа дайындалған инстрокцияны бұл инстрокция қабылданған халық комиссар, халық соты, жер, су бөлімінен ден саулық бөлімінен 1. кімге қай бөлімнен бұйыратын міндетті жұмыс Сәлсәбет, ауылатком дайындалады. Халық ортасынан міндетті жұмыс Сәлсәбет бұйырады. Өзінің қол астындағы отырғушы граждандарға Сәлсәбет ауыл атком дайындалады, яки сайланады. Әр төрт айдан бұрын өзінің айналасындағылар мен екі рет бір айда бір адам екі рет сайланады. Реттесіп үй басына барлық Сәлсәбет ауыл аткомдары сайлайды. Еркек болса 20 жас пен 50 жастың арасында болса, 20 жас пен 45 жастың арасында болса әйел сайланады. Егерде Сәлсәбет ауыл аткомдарға қарсылық қылған адам болса ол уақытта Сәлсәбет ауыл атком 79 уголовный статьяға муашық айыпты қылып ұстайды. Сәлсәбет ауыл аткомынен ыхтиярсыз кетуге болмайды. Өзінің қармағындағы Сәлсәбет ауыл аткомына бағынады. Сәлсебет өзінін халқының тыныш болуы үшін нағызына қолын қойған копия дұрыс көшірілді, деп Қызылорда болревком іс басқарушысы Садақбаев. Қызылорда болысының төңкеріс комите­ті­нен ауыл аткоміне. 25. VIII–25 ИСХ, № 429 Осының сыртындағы приказды қолданып орындап тұрмаққа Қызылорда ревком жауапты хатшысы Удербай ұлы. Іс басқарушы Садақбаев. Міне, осы да қазақша ма? Бүйтіп қазақшалағанша орысшаласа біреу оқыр еді. Түсінер еді. Бұл приказ бүкіл Қа­зақстан еліне тегіс жайылды ғой. Мұндай приказ біреу ғана емес, осы сықылды талай «қазақша» жазулар елдерде тарап кеткен шығар. Осы күнде де жазылып жатқан шығар. Қазақ тілін жүргізетін комиссия болсын, өзге мекемелер болсын, мұндай со­рақы іске көзінің қырын салмаса, әрі-беріден соң «қазақшаң» мынау болса, орыс болып-ақ кетелік» – деушілер табылмай ма? Сонда не бетімізді айтамыз? «Еңбекші казақ», 1925 ж. 7 қыркүйек.

354 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз