• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2024

СУ ТАСҚЫНЫНА ӘЛЕМДІК ЖЫЛЫНУДЫҢ ДА ӘСЕРІ БАР

Тасқынның себеп-салдары, өзендер мен көлдердің жүйесі, оның айналасындағы мәселелерді ғылыми тұрғыдан сараптап-саралап беруді география ғылымының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері Қастер Сарқытқан мырзадан өтінген едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз. 
 – Биылғы тасқын еліміз үшін аса үлкен мәселеге айналып отырғаны белгілі. Сіз осы апатқа не себеп болды деп ойлайсыз? 
– Биылғы су тасқыны 80 жылда орын алған алапат апат болып отыр, халқымыз қатты зардап шекті және шегіп жатыр. Соңғы мәліметке сүйенсек, 102,328 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Дәл осы шамада мал басы да қауіпсіз жайылымдарға айдап апарылған. Мал шығыны 7 мыңға жуық. Оның басым көпшілігі ұсақ мал. Ауылдық жерлерде мал – әрбір отбасының негізгі күнкөріс көзі болғандықтан мұның астын сызып айтып отырмын. Ал су тасқынының орын алуында бір ғана себеп бар, ол – климаттық өзгерістер негізіндегі табиғи фактор. Ал халықтың өте көп зардап шегуі – ол бөлек себеп. Оған бірқатар себептерді жатқызуға болады. Мәселен, әр дәрежедегі атқарушы биліктің жауапсыздығы мен немқұрайлығы; су қоймалары мен өзге де гидронысандардың тозып, ескіруі; өзендер мен су ағатын арналардың тазаланбауы; кейбір жерлерде жоспарланған су қоймаларының салынбауы, күрделі жөндеуден дер кезінде өтпеуі  – осы саладағы жемқорлықтың кесірі. Бұдан бөлек табиғи апаттармен күресетін немесе соны зерттейтін білікті мамандардың тапшылығы мен оларды даярлайтын оқу орындарының болмауы немесе тым аз болуы және басқа да себептерді жатқызуға болады. 
– Сіз неге табиғи фактор мен адами факторды бөліп қарастырып отырсыз? 
– Табиғи апаттар әртүрлі болады және әр елде орын алып отырады. Бірақ бір елде ол апаттан үйлер қирап, адамдар зардап шегіп жатса, дәл сондай апат болған екінші бір елде ондай деңгейде зардап орын алмайды. Мысалы жер сілкінісін алайық. Белгілі бір елдерде үйлер, қалалар қирайды. Ал Жапонияда дәл сондай сілкіністе анау айтқандай зардап орын алмайды. 
– Түсінікті, олай болса осы апаттың орын алуындағы табиғи факторларға тоқталсаңыз. 
– Жер бетіндегі халық санының көбеюі, отын ресурстарын көптеп пайдалану, зауыт-фабрикалардың үздіксіз әрі барған сайын көп тауар өндіруі, автокөліктер санының артуы, керексіз қоқыстар мен газдардың көп бөлінуі және басқа себептер табиғат экологиясын құртып барады. Салдарынан температура біртіндеп көтеріліп, жер жылынып келеді. Салдарынан мұздықтар еріп, су деңгейі үздіксіз көтерілуде. Осындай қалыпсыздықтан өрт апаты, тасқын су, құрғақшылық секілді бір-бірімен шарттас әрі қарама-қарсы құбылыстар орын алып жатыр және олар барған сайын жиілеп барады. Біз жерді де адам секілді тірі организм деп түсінуіміз керек. Адам қалыпты жағдайда +36,5°С пен +36,9°С арасында өмір сүреді. Егер температурасы бұдан көтерілсе, ол адам науқастанып қалады, 40 °С-қа барса өліп кетуі де мүмкін. Демек, жер ананың да белгілі шегі бар. Сол шектен асса, оның «денсаулығы» сыр беріп, сандырақтайды. Адам сандырақтаса көзіне әрнәрсе елестеп, ақылынан адаса бастағандай жер бетінде де түсініксіз құбылыстар орын алады. Биылғы тасқын судың келуі де, міне, жер шарының осындай қалыпсыз әрекеті. Жер ананың «денсаулығы» бір күнде күйреп кетпейді. Оған ұзақ жылға жалғасқан солақай саясаттың әсері мол болады. Айталық, бұрынғы кеңестік Орталық Азия аймағы. Оның ішінде бес ел: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан соңғы алты онжылдықта әлеуметтік-экономикалық және экологиялық өзгерістерге ұшырады, олардың ішінде 1960 жылдары кең ауқымды суармалы егіншіліктің дамуы, 1970-1980 жылдары оның күшеюіне байланысты өзендердің бұрылуы, 1950-1960 жылдардан бас­тап бөгеттер мен су қоймаларының құрылысы және 1990 жылдардан бері нарықтық экономикаға көшуі Арал және оның айналасындағы елдерді экономикалық дағдарысқа бастады. Соның зардабын әлі тартып келеміз. 
– Алдағы уақытта осындай табиғи апаттар біздің елде жиі орын ала ма, әлде өзінің бір белгілі циклі бола ма?
 – Қазақстан – Орталық Азиядағы ел. Бұл аймақтың су мәселесі тек аймақ үшін емес, жалпы әлем үшін аса күрделі мәселе болып отыр. Соңғы жылдардағы температураның көтерілуі өзендердің көлемі мен ағынының азаюына әкеліп, су ресурс­тарына сұранысты арттырып жіберді. Оның үстіне аймақ елдерінің ғылыми-техникалық әлеуеті төмен болғандықтан су ресурстарын тиімді пайдалана алмай отыр. Урбанизация мен жердің деградациясы, адамдардың ауылшаруашылық қызметінде тікелей немесе жанама түрде суға тәуелді болуы, энергетикалық қажеттіліктерінің 90%-ы гидроэлектростанциялар есебінен алынуы су тапшылығына алып келді. Қазақстан өзендері негізінен сырттан келеді. Ал өзендер бастауын биік таулардағы мәңгілік қар-мұздардан алады. Температураның жылынуы, сол қар-мұздардың көптеп еруіне алып келді. Оның үстіне өзеннің басында отырған елдердің су пайдалануда көбіне-көп өз мүддесін ескеруі ол өзендердің Қазақстанға келетін мөлшерін азайтып, су сапасын төмендетіп жіберді. Сондықтан қазақ жерінде алдағы уақытта су тапшылығы барынша өткір мәселеге айналары анық. Ал олай болса, экологиялық тәртіп бұзылып, түрлі апаттар мәселен, өрт, су, жер сілкінісі артуы бек мүмкін.
– Сіз географ және шығыстанушы ретінде Орталық Азия мен Шығыс елдерін зерттеп жүргеніңізді білеміз. Сол зерттеулердің құрамына өзіңіз айтып отырған трансшекаралық өзендер мәселесі кіретін болар?
– Әрине, кіреді. Менің жетекшілігіммен біраз ғалымдар «Орта Азияның қазіргі геосаяси кеңістігіндегі мүдделер ықпалдастығы: Экономикалық интеграция және ұлттық қауіпсіздік факторлары» тақырыбындағы гранттық қаржыландыру жобасы аясында зерттеумен шұғылданып жатырмыз. Осындағы «ұлттық қауіпсіздік» деген мазмұнға тек саяси фактор ғана емес, экономикалық, экологиялық, азық-түлік, демографиялық, ақпараттық және мәдени қауіпсіздік секілді көп мәселелер қамтылады. Міне, соның ішінде мемлекеттер арасындағы баянды қарым-қатынас трансшекаралық өзендер мәселесінің қалай шешілуіне тікелей байланысты. Шығыстануда дәстүрлі түрде архивтану, тарих, этнография, мәдениетттану бағыттары бойынша жұмыс атқарылып келген және атқарылып та жатыр. Ал менің бағытым немесе жаңалығым – шығыстануға экономика мен экологияны зерттеу тақырыбы етіп кіргізу. 2023 жылдың қыркүйек-қазан айларында Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінде өткен халықаралық конференцияға қатысып, өзара пікір алмастық. Ғалымдардың ойы мен мақсатын түсіндік. Трансшекаралық өзендер бойынша тартыстардың мәніне үңілдік. Сонда кейбір БАҚ айтып жүргендей өзен басындағы елдер суды бізге әдейі бермей отыр деген сөзінің шындыққа жанаспайтынына көзіміз жетті. 
Су тапшылығы Орталық Азияның бәрінің бас ауруына айналып, барған сайын асқынып барады. Бұған дәлел ретінде Ауғанстанның Талибан билігі 2022 жылдың наурыз айынан бастап елдің солтүстігіндегі Балх провинциясында Қостөбе (Qosh Tepa) деп аталатын канал құрылысын салуды қолға алуын айтуға болады. 2023 жылы қазанда Талибан үкіметі канал құрылысының бірінші кезеңін «жоспардағыдан бұрын аяқтап», 11 қазанда екінші кезеңнің басталғанын жариялады. Қостөбе каналының жобаланған ұзындығы 280 шақырым, ені 100 м, тереңдігі 8.5 м. су ағымы секундына 650 текше метр. Жобалық жалпы сомасы 684 млн АҚШ доллары болып, оны игеруге 6000-нан астам жұмыс күші тартылған. Қостөбе каналы жұмысының қолға алынуы аймақтың су тапшылығын тіпті де асқындыра түсуі мүмкін. Сонымен жаһандық жылынумен қатар, 2100 жылға қарай Орталық Азиядағы орташа жылдық температура 6,5°C-қа көтеріледі деп күтілуде. Сондықтан бұл жоба Орталық Азия мемлекетерін алаңдатып отыр. Өйткені, канал Әмударияның Ауғанстан мен Түркменстан шекарасынан өтетін тұсынан алынып отыр. Әмудария алабындағы суармалы жер шамамен 3.8-4 млн гектарды құрайды. Осыны ескергенде канал құрылысының аймақтың ауылшаруашылығы мен экологиясына жасайтын кері әсері зор болуы ықтимал. Оның үстіне Қытайлық «Климат» журналы 2023 жылы Әмударияның қазіргі су деңгейі 2019-2022 жылдағы орташа деңгейінің 60%-ын ғана сақтап тұр деп жазды. Егер жағдай осылай ушыға берсе, Орталық Азия елдерінің бәріне бірдей су тапшылығы туындауы мүмкін. Соның ішінде Арал теңізі бүгінгі жағдайынан да бетер нашарлап кетуі ықтимал.
– Қытайдан келетін өзендер туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінгі таңда дүниежүзінде екі миллиардтан астам адам жаңартылатын су ресурстарының біркелкі бөлінбеуіне байланысты су тапшылығы жоғары аймақтарда өмір сүреді. Қазақстан мен Қытай арасында 25 трансшекаралық өзен бар. Оларды ортақ әрі тиімді пайдалану мәселесі көтеріліп келеді. Нәтижесінде 2001 жылы трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімге қол қойылды. Бірақ Ертіс пен Іле мәселесі әлі толық шешілген жоқ.
 Қара Ертіс пен Іле өзендерінің 70% суы Қытайдың Шыңжаң провинциясынан бастау алады. Екіншіден, Қытайдың «Батысты игеру» стратегиялық жобасы 2000 жылдан бастап күшіне енгелі Шынжаңның экономикалық дамуы да артты, сәйкесінше суға деген сұраныс та көбейді. Бұлардан сырт, аталған провинцияда халық саны көбейіп, сұранысты барынша молайтып жатыр. 2020 жылғы 7 кезекті халық санағы бойынша Шыңжаңда 25 млн 850 мың адамның тұратыны анықталды. 
Шыңжаңның су ресурсы Қытай бойынша аз аймақтардың бірі. Өзен көлдерінің жалпы мөлшері 88 млрд 240 млн текше метр, алайда оның 3 млрд 780 мыңы үстірттер мен шөлдердің салдарынан пайдалануға келместен ысырап болып кетеді. Пайдалануға болатын көлемі 84 млрд 460 млн текше метр шамасында. Ал экологиялық-географиялық ортасының жылына қажетті су мөлшері 20 млрд 800 млн текше метр болса, күнделікті тұрмыс пен шаруашылыққа қажетті су мөлшері шамамен 40 млрд текше метр.
Ертістің Қытай жеріндегі ұзындығы 633 шақырым болып, су энергия потенциялы 3 млн. 420 мың кв. Қазір оның суының біраз бөлігі Жоңғар даласы арқылы Қарамайлы қаласының маңына келді. Оның негізгісі егіншілік пен мұнай өндірісіне пайдаланылуы мүмкін. Ертіс суының қазіргі кезде Қытай тарапынан пайдалануы өзен суының 20 пайызынан аспауы қарастырылған. Егер қажеттілік артып жатса, Шығыс Қазақстан өнеркәсіп салалары мен ауылшаруашылық салалары зардап шеге бастайды. Оның әсері тұтас респ­убликаны шарпуы мүмкін.
Ал Іле өзені Тянь-Шаньнның Тәңір шоқысынан бастау алады. Жалпы ұзындығы 1574 шақырым. Оның Қытай аумағындағы ұзындығы 125 шақырым, себебі ол Текес, Күнес және Қас секілді үш өзеннің қосылған жері – Жаматыдан басталып Іле өзені аталады.
Іле өзені әлі бұрынғыдай ағып келіп жатыр, бірақ Қытай өкіметінің межесі бойынша көп кешікпей Іленің негізгі тармағының бірі саналатын Қас өзені Тянь-Шань тауының солтүстік сілемінен асып, Жоңғардың оңтүстігіндегі Кұйтұн өзенінің құрғақ аңғарына құйылмақшы. Олай болғанда Іле өзенінің суы азайып, Балқаш көлі төңірегіндегі экологиялық мәселелер тіпті де ушыға түсуі мүмкін. Іле өзені ағысының бөгелуі, көптеген тұзды көлдердің қалыптасуына себеп болды. Мұның өзі Балқаш бойында құм, шаң-тозаң және тұздар бөлшегін әкелетін атмосфералық ағынды қалыптастырды. 
– Мұндай жағдайда бізге не істеу керек?
– Алдымен кеткен кемшіліктен сабақ алып, олқы тұстарды толықтырып, керек дүниелерді жасау керек. Елде жалпы гидронысандардың саны 1500 шамасында. Олардың ішінде су қоймаларының саны – 405, бөгеттер 250, плотиналар 460 шамасында. Бұлардың көпшілігі ескірген. Оның басым көпшілігі мемлекет меншігі болса, біразы жеке меншік қолында. Осы жеке меншік қолындағы гидронысандардың жағдайы біршама тұрақсыз, себебі, оларға мемлекет жауапты емес. Ал нысан иелері оған қаржы салуға құлықты емес. Сол үшін оны мемлекет игілігіне қайта алу керек, болмаса жекеменшік иелерімен белгілі келісімге келіп, қаржылық жағынан көмектесіп, меншік иесіне заң бойынша жауапкершілік белгілеу керек. Ал Республикалық меншіктегі нысандарды мүмкіндігінше басқаруға қолайлы болу үшін облыстық меншікке өткізген дұрыс. Осылардың ішінде 537 нысанға күрделі жөндеу керек екен. Тіпті, еліміздегі осындай нысандардың тек 8 пайызында ғана қауіпсіз деген құжат бар екен. 
Солай бола тұра бейқамдықтың да себебі болды. Мысалы, 2023-2024 жылдар үшін 5-6 облыста ғана су тасқынына байланысты қаржы бөлінсе, 2025-2026 жыл үшін ешбір облыста бұл қауіпке арнаулы қаржы қарастырылмаған. 
Бұл салада жемқорлық бар. Мысалы, Қаржылық мониторинг агенттігінің мәлімдеуінше Алматы, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында су қоймаларын жөндеуге бағытталған ірі көлемдегі сомалар жемқорлардың қамсауында кеткен. Ал оның зардабын ел-жұрт көріп отыр. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 39 су қоймасы бар екен, көпшілігі әбден ескірген. Тек Киров су қоймасы ғана жөндеуден өткен, бір жаңа су қоймасы салынады деген әңгіме осыдан 10 жыл бұрын көтерілген. Бірақ әлі сөз күйінде қалып отыр. Егер сондай су қоймалары салынғанда осы жолғы мол суды жинап алып қалса, шамамен 50-60 млн текше метр суды жазда пайдалануға болар еді. 
– Осы апатқа байланысты қоғамдық пікірде Қазақстанның білім-ғылым саласын сынға алушылар көбейді. Сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Бұл реткі су апаты Қазақстан білім және ғылыми-техникалық саласының үлкен есеп беру сынағы болды. Егемендіктің 30 жылында білім мен ғылымның қадірі төмендеді. Бұл салаға ЖІӨ-нің 0,13 пайызы шамасында қаражат бөлінді. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 3-7 пайызға дейін барады. Ал мемлекеттің білім мен ғылыми-техникалық салаға баса мән бермеуінің бірнеше себептері бар деп білемін. Бастылары: 
1.Мемлекеттің экономикалық саясаты дұрыс болмады. Нарықтық қатынастарға өтуде ұзаққа созылған «өтпелі кезең» созылмалы дерт болды. Өйткені, нарыққа өту сауатсыз жүргізілді. Соның салдарынан халықтың әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. «Алдымен – экономика» ұстанымы өміршең болды.
2.Жемқорлық, сыбайластық. Тамыр-таныстық қарым-қатынас білім саласында, әсіресе, мектептерде тамырын тереңге жайды. Дарынсыз, білімсіз мұғалімдер жоғары оқу орындарына (ЖОО) дәл сондай адамдарды ұсынып отырды. ЖОО-да оқытушылардың қолы қысқа, факультеттердің материалдық-техникалық әлеуеті өте төмен болды. 
3.Жалпы халық санасында болашақта маман болу емес, жақсы ақша табатын мамандықты оқу танымы жаппай қалыптасты. Соның салдарынан заңгер, экономист секілді мамандықтар көптеп ашылды. Ал кәсіби жұмысшылар, дәл осы гидротехниктер секілді мамандыққа, ауыл шаруашылығының маманы болуға ешкім қызықпады. 
4.Еліміз білім және ғылым саласында көп реформалар жасап, министрлері ең көп ауысқан сала болса да, тасы өрге баспаған сала болып келеді. Біздің университеттер түскен студенттер санына байланысты мамандықтардың тағдырын шешіп отырды. Мысалы студенті көп мамандықтар сақталды, студенті жоқ мамандықтар жабылды. Ол мамандық мемлекетке керек пе, жоқ па? Ол жағына ешкім бас қатырып жатпады. Былайша айтқанда, жаппай қысқарту жүрді. Басқа емес өзім 26 жылдан бері істеп келе жатқан Қазақ білімінің қара шаңырағы – Абай атындағы ҚазҰПУ-ін айтар болсам, мен жұмысқа келген 1998 жылдары география жеке факультет және 6 кафедрасы бар еді, жеке лабораториясы, таужыныстары мен минералдардың қоры жиналған бағалы аудиториялары болатын. Далалық практика үшін ағаш қобдишаларға салынған сан түрлі аппараттар, құрал-жабдықтар болатын. Қазір соның бірі жоқ. Қайда кеткенін өз басым білмеймін. Сол география факультеті қазір биология, химиямен бірлескен бір институт болды да, география соның құрамындағы бір кафедра болып қалды. 
– Үкіметтің тасқын апатынан зардап шеккендерге жасап жатқан көмегіне көңіліңіз тола ма?
– Адам баласы көмекке үнемі мұқтаж, сондықтан мемлекет пен халық бір кісідей жұмылып жұмыс істеп жатыр деп санаймын. Әсіресе біздің халықтың осындайдағы ауызбірлігіне дән риза боламын. Әдетте қазақтар бір-біріне көмектеспейді, жақын тартпайды деген сөздерді жиі естиміз. Алайда, осындай сын сағат туғанда бірлесе қалатынымыз атадан қалған жақсы дәстүрдің сынығы деп білемін. Үкімет әрбір зардап шегушіге 100 айлық көрсеткіш негізінде жоғалған, сынған мал-мүлкі үшін бір реткі көмек беріп, қираған үйлердің орнына үй салып береді немесе сатып алып береміз деп отыр. Өлген немесе жоғалған мал басына да, малдың түрі мен жасына қарай ақшасы өтеледі. Бұл қаражаттың үш қайнары бар: мемлекеттік бюджет, «Қазақстан халқына қоры» және ірі бизнес өкілдерінің көмегі. 
Қазіргі уақытта біраз облыстарда тасқынның беті қайтты, ал біршама қауіпті, екінші реткі су тасқыны болады деген аймақтар: Атырау, Ақмола, Батыс және Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Алла еліме бірлік берсе, ол аймақтарды да аман алып қалармыз.
– Ғалым ретінде ғылымды дамыту үшін не істеу керек деп санайсыз?
– Соңғы жылдары ел өкіметі ғылым және білім саласына көңіл бөліп жатқанын білеміз. Себебі, білімге жұмсалған инвестиция болашақта орта есеппен жылына 12-14 пайыз табыс әкелетінін, адами капитал бір пайызға артқанда, ЖІӨ-нің жан басына шаққандағы өсімін 3 пайызға дейін арттыруға болатынын білдік. Десе де, әлі талай істерге көңіл бөлу керек деп ойлаймын. Атап айтқанда: 
1.Білімнің сапасына, студенттің капитал болуына мән беру керек.
2.Білім мен ғылым саласына бөлінетін қаржыны арттыру керек. «Ғылым және технология жөніндегі Ұлттық кеңесте» айтылғандай 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1% дейін ұлғайтар болса, отандық ғылымның дамуы сөзсіз. Кезінде 1985 жылдары университеттің бастауыш курстарында оқып жүргенімде бізге физикадан сабақ беретін қарт ұстазымыз: «Біздің түркі жұртының миы алтын, тек мүмкіндік берілмей жатыр» дейтін. Қазір мүмкіндік елімізде біртіндеп беріліп жатыр. Мысалы 2020-2023 жылдарға – 249,5 млрд теңге бөлінсе, 2023-2025 жылдарға – 643 млрд теңге бөлінді. Осылай арттыра берсе, ЖІӨ-нің 1 пайызына жетеміз.
3.Ғалымдардың беделін заңдық негізбен көтеру керек. Сонда ғана олардың айлығы жоғары, қоғамдағы мәртебесі биік болады. Оларға көптеген әлеуметтік жеңілдіктер қарастырып, ақпарат құралдарында еңбегін жиі насихаттау керек. Бұрын педагогикалық университтерге аз адам түсетін, стипендияны көтеріп еді, қазір бір топта 80-90 студент оқып жатыр. Осы әдісті басқа да мамандықтарға студент тарту үшін пайдалануға болады. Сонда гидротехник, ауылшаруашылығы мамандары көптеп жетіледі.
4.Университеттердің басқару және білім беру құрылымын қайтадан құрған дұрыс. Көптеген мамандықтарда әлі де жаңа талаптарға сай, нарықтық қатынастардың қажетіне қызмет ететін мамандық иелері жоқ. Оның үстіне білім орындарының материалдық-техникалық базасын үнемі жетілдіре беру, жаңартып тұру қажет. Мысалы мен жақында ғылыми жоба бойынша Жапонияда болдым. Ондағы ғалымдардың барлық оргтехникалары әрбір екі жыл сайын жаңаланып тұрады екен. Бізде осындай деңгейге жетуге мүмкіндік бар. 
5.Әр облыс, аудан өздерінің табиғи жағдайы мен шаруашылығына, нарықтық ерекшелігіне байланысты мамандарды жергілікті бюджет есебінен оқытып алғанымыз жөн. Олар мамандықты алған соң жергілікті жерде жұмыс істеуге міндетті болады. 
Қорыта айтқанда, жуырда өткен ғылыми кеңесте Президенттің «елдің технологиялық және ғылыми-инновациялық егемендігін нығайтуға қажетті шараларды қолға алу» керектігін айтуы да тегін емес. Өйткені, 2030 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-нің 7%-ын жасанды интеллект өндіретінін, 2027 жылға қарай ғаламдық нарықтағы жасанды интеллект капиталы 400 миллиард долларға жететінін ескергенде біздің де осы салаға бар күш-қуатымызды салуға тура келетіні айдан анық болып тұр.

Әңгімелескен 
Дәуіржан ЖҰМАЖАНҰЛЫ

 

2075 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз