• Заманхат
  • 09 Қаңтар, 2013

СЫН СӘЙГҮЛІГІ

Жалпы, қазақ әдебиетінің сыны мен журналистикасын, содан соң филологиясын Құлбек Ергөбексіз еш көз алдына елестете алмайсың. Өйткені, оның аталған салалардағы еткен еңбектері ұлтымыздың сана-сезіміне, көкей-көңіліне сіңгелі отыз жылдан астам уақыт болды. Осынау кезеңде ол қалам тартпаған жанр кемде-кем. Оның қай-қайсысы болса да толған, толысқан, жан-жақты теориялық және практикалық тұрғыдан қалыптасқан дүниелер. Мысалы, Құлбек Ергөбек қазақ поэзиясы, прозасы, жеке шығарманың жазылу тарихы, жазушы шеберханасы мәселлеріне арналған «Жан жылуы» (1981 ж.), «Мейірім шуағы» (1985 ж.), «Қазақ совет балалар жазушылары» (1987 ж.), «Сәбит Мұқанов» (1989 ж.), «Баянғұмыр» (1992 ж.), «Жақсыдан қалған сөз» (1992 ж.), «Өтебай Тұрманжанов» (1992 ж.) және ғалым сыншының «Арыстар мен ағыстар» (2004-2007 жж.) аталатын алты томдық шығармалар жинағы жоғарыдағы сөздеріміздің айғағы. Ол сонымен бірге 1978-1990 жылдары «Лениншіл жас» («Жас алаш» және «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан) ) газеттерінде түрлі қызметтер атқарды. Оның журналистикадағы қалыптасқан кезеңінің бірі – «Ақиқат» журналы. Онда ол өзінің жан-жақты қаламгерлігін көрсете білді. Әріптесімізді, 60-жылдық мерейтойымен құттықтаймыз.

Содан бері артық емес, кем емес, аттай жиырма жылдың жүзі аударылған екен. Оның филология ғылымының кандидаты дәрежесін қорғауына арналған ғылыми кеңес, өзге орын емес, тұп-тура еліміздің Бас ғылым ордасында өткізілген еді. Сәті түсіп сол алқалы жиында болғаным бар. Қызық болғанда, Қазақ ғылымының шаңырағын биік ұстап келе жатқан небір ғұлама ғалымдар зерттеудің зерлі зердеден туған дүние екендігіне сүйсіністерін білдіріп, үміткерге бірден филология ғылымдарының докторы ғылыми атағын беруге ойысып бара жатты... Тек бір ғана кісінің, Құлбектің өзінің сүйікті ұстаз­дарының бірі, қазақ әдебиетін зерттеу ғылымының көрнекті өкілі Рымғали Нұр­ғалиевтың: «Бұлай етсек, алар асуы биік талантты тоқырауға ұшыратамыз. Бірден докторлық атаққа ие болған соң, «көздеген асу алынды» деп, талантының хас тұлпарын қаңтарып қоюы мүмкін. Біз оған құдайдың берген дарынын әлі де молынан шығаруына мүмкіндік берейік. Демек, тереңінде алтыны бар екен, ендеше оны алу үшін белшеден қаздырайық», – деген сөзі әуелгі ду көтерілген ұсыныс пікірлерді басып-ақ тастады. Талапкердің ғылыми оппоненті Тұрсынбек Кәкішевтің жалғыз өзі: «Докторлық дәреже берілсе, тоқырап қалады, одан әрі еңбектенбейді дегенді қайдан шығарып отырсыздар? Өздеріңіз докторлық атақ алған соң, қалам-қағаздарыңызды жинастырып қойған ба едіңіздер?» – деп шыр-пыр болды да қалды... Құлбек Ергөбек араға үш жылға жуық уақыт салып, докторлықты да сәтімен қорғап шыққан болатын. Өзім әдебиет зерттеушісі немесе оны сараптап, қолына қалам ұстағандардың сыбағасын үлестіріп жүрген сыншылық еңбекпен айналысып жүрмегендіктен, бұл екі арада қандай белеске көтерілгенін айтамын деп уақыт оздырмай-ақ қояйын. Бір білгенім – ғылыми кеңес оны да аса жоғары бағалап, филология ғылымдарының докторы деген ғылыми атақты алуына бір ауыздан дауыс берген-ді. Осынау жиында сөз алған академик Зейнолла Қабдолов: «Сөз сабақтауы сүйкімді, зерттеулері әрі нақты, әрі зат­ты, теориялық түйіндеулері ден қойғызарлық», – десе, профессор Тұрсын­бек Кәкішев жас талапкердің қадамын бұл жолы да бар ықылас-пейілімен құп­тайтынын жеткізіп бақты. Ал, қазақ қалам­герлерінің абызына айналған Әбділда Тәжібаев бәрінен асып түсті. Тіпті қызды-қыз­дымен: «Осы мен де доктормын. Осы сендер де докторсыңдар. Бірақ, осы доктор болып сендер не бітірдіңдер? Доктор болғаныма кейде мен де өкінемін. Құлбек доктор болмаса да жаза береді. Тіпті Құлбекке докторлықтың керегі де жоқ», – деп ағыл-тегіл ақтарыла сөйлеген-ді. Иә, шын дарынға атақ-дәреже ат шалдыратын меже болмайды екен. Ол – оған өлшем емес. Оны Құлбектің докторлық дипломды алған соң да бір сәтке іркілместен, тынымсыз еңбектеніп, туған әдебиетіміздің топырағын құнарландыра түсу үшін қаламының түренін ақ қағаздың бетіне бойлата салып келе жатқандығынан аңғарамыз. Соның нәтижесі ретінде бүгіндері Құлбек қаламынан туған дүниелер отызға жуық жинақ болып, оқырмандарына жол тартыпты.. Солардың бірі – отыз екі баспа табақ етіп құрастырылып, осы таяуда ғана Алматының «Ел – шежіре» баспасынан жарық көрген «Өлеңсөз» аталатын жинақ. Осы кітабы арқылы құс жолы іспетті арайланып, қырық жылға созылып жатқан зерттеушілік, зерлеушілік шығармашылығының өлеңсөзге арналған саласын байыппен барлап, бар-жоғын түгендеп, бір қорытынды жасап алуды мақсат еткен сияқты. Сол себептен де оған назар аудармай қала алмадық. Құлбектің аттай жиырма жылды қамтып жатқан шығармашылығы кеңестік дәуірде жазылғандықтан, сол кездің тынысы айқын сезілетіні, оның Қазақ елі тәуелсіздік алып, бодандықтан босап шыққаннан кейінгі талабына сәйкес келе бермейтіні белгілі. Ендеше, сол кезде жазылып қалған дүниені сүзгіден қайта өткізіп шығу керек пе еді? Жоқ, Құлбек кітапты құрастыру барысында олай етуден бас тартыпты. Бұлай еткенде, кезінде айтылған, өз қызметін атқарған талай ойға қиянат жасалады екен. Менің ә дегеннен «сол тұстарды қайта қарау керек пе еді» деген ойымның өзі коммунистік партияның талабымен санаға сіңіп қалған, оның кез келген қаулы-қарарларын әй-шайға қаратпай үрлеп жандырып, дауылдатып-жауындатып алып кеткісі кеп тұратын баяғы «ләппай тақсырлық» елгезектіктің әсері екен. Біздің қазіргі көңіл күйімізге сәйкес келсе де, келмесе де кеңестік дәуірдің құзырында өткен жетпіс жыл қайтып оралмайды. Сол жетпіс жыл бойына созылып көлбеп жатқан тарихымыз өткен дәуірдің еншісінде. Бүгін сөзімізді қанша жерден құбылтқанымызбен, халқымыздың үштен бірінен астамын жұтып жіберген қасақана қолдан жасалған сұрапыл аштықтың аранды аузын, елге егелік етпек болған марғасқаларымызды жайпап кеткен 37 жылдың сойқанды сұмдықтарын, Ұлы Отан соғысы деген қасиетті ат берілген, бірақ боздақтарымыз өзгенің жері мен мүддесі үшін жан берген қасиетсіз соғыс салған зардаптарды, патшалық Ресей екі жүз жыл бойы жұтып жібере алмаған жерімізді «тың көтеру» ұранымен көзді ашып-жұмғанша басып алған кәззаптықты өзгерте алмаймыз. Соларды көре-біле тұрып, партияның атымен жүзеге асырылып келген ұлы орыс шовинизміне құлдық ұрып, соны шабытымызды шалқыта марапаттадық. «Әлемдегі ең әділетті, ең бақытты ел біздікі» деп бойымыз балқып, жүрегіміз елжіреді. Ол біздің тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізгенге дейінгі әрбір тынысымыздан, жүрегіміздің әрбір дүрсілінен сезіліп тұрды. Әлсіз соқпақтардан жол жасадық, социализм дәуірінің туын көтердік, социализм елінің бұзылмайтын берік іргесін жасадық. Ерлігіміз, елдігіміз адамзат үшін мәңгілік мақтан. Ленин жолына иелік ете алмай алжасқан, адасқан шақтарымыз үшін де жауаптымыз. Енді, міне, алдымызда ХХІ ғасыр тұр. Жас ұрпақ бізден барлық қате-кемісін, түзеген қиял қанатын кең жайған ғылымы мен поэзиясы қатар шарықтаған социализм Отанын қабылдайды». Ендеше, кітапқа енгізілген дүниелердің бір де бірінің үтір-нүктесін өзгертпестен, сол әуел бастағы жазылған күйі бергені орынды болған. Сол арқылы оқырманының кезең келбетін со қалпында тануына мүмкіндік берген. Миымыздың қатпарларында не жатқаны, неге ұмтылып, нені қанағат еткеніміз, нені армандап, неден жерінгеніміз болған қалпында көрінген. Тарихта ертелі-кеш зерттеуші назары­нан тыс қалатын кезең болмайды. Бұған да көңіл көзі түсері сөзсіз. Барлық тарихи құбылыстар сияқты бұл кітаптағы тұжы­рымдар мен көзқарастар да өз кезеңі­нің шындығы. Сондықтан бұл кітапта ұсы­нылған дүниелер сол кезеңнің нақты кө­рі­нісі болсын деген ниет болса керек, мақалаларды беруде әуел баста жазылған қалпын сақтаған... Құлбектің әдебиет зерттеушілік өмір­баяны о баста-ақ сәтті басталған сияқты. Өзі мақалаларында зор сүйіспеншілікке толы сағынышпен еске алып отыратынындай, оқу іздеп Алматыға табаны тиген алғашқы сәтінен-ақ ауылдың қала көрмеген сарыүрпек баласы Әнуарбек Дүйсенбиев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Сағи Жиенбаев тәрізді достықтары балдай тәтті қазақ өлең-жырының айтулы марғасқаларының ортасына тап болды. Ал, университет қабырғасында қазақ әдебиетінің тарихын жасаушылар легінде өзінің айтулы орны бар, айналасына парасат нұрын сепкен ұлы ұстаз Бейсенбай Кенжебаевтың тұрақты махаббатына бөленуі ше? Оған төменіректе кеңірек тоқталатын боламыз. Қысқасы, темірқанат жас талап осындай абзал ағалардың, ұлағатты ұстаздың ықылас нұрына шомыла жүріп, әдебиет айдынына ерте кезден-ақ қайығын салып, желкенін керді. Қолымызға ұстап отырған кітап мақалаларынан олардың да бой көрсетіп қалатындығы сондықтан. Сөйткенмен, сол ертерек кезде жазылғандарының өзінде жеңіл тұжырым, үркек ойлар жоқ. Әрбір айтқан сөзі алтын балдаққа сіңірілген күміс шегедей орнықты да берік. Сабырхан Асановтың сонау 1974 жылы жарық көрген «Шолпан» жинағына жазылған пікірді балаң жігіттің қаламынан шыққан дүние дей алмайсыз. «Тақырыпты сөйлету – талантқа сын дегенімізбен, талант тақырып таңдаудан-ақ танытады өзін», – деген тұжырымында ойы орныққан салиқалы да салмақты көңілдің сенімі бар. «Алыс жол алғашқы қадамнан басталады» демекші, әдебиет сынына осылайша, алғашқы қадамының өзін нық басып келген Құлбек Ергөбектің мақаладан мақалаға, зерттеуден зерттеуге өткен сайын толыса түскені аңғарылады. Және ол әлдекімге еліктеу-солықтаудан ада, өзіндік жазу өрнегін қалыптастырған. Кім туралы жазса да, қаламын қай тақырыпқа сілтесе де жеріне жеткізіп, илеуін қандырып, өзінше тыңнан жол салады. Айналаны кеңірек шолу үшін неғұрлым биігірек көтерілу қажет. Құлбектің ол биігі – әлемдік әдебиеттің озық үлгілерінен молынан қанып ішуі. Бірақ сол «айналадағы» көрінгендердің қандай екенін тану үшін биіктен қарау да жеткіліксіз, оны көретін көз керек. Табиғатынан дальтоник (тауық соқыр) жан қызылдан көкті, жасылдан қоңырды ажырата алмай, пұшайман болады. Міне, осы жерде қиядағыны қалт жібермейтін қыранның жанарындай қырағы көз керек, көңіл көзі! Алла тағалы Құлбекті ең әуелі осындай қырағы көзбен жарылқапты. «Сұлтанмахмұттың лирикалары әлі терең талданып жетпеген» – дейді Қ. Ергөбек. «Әлі талданбаған» демейді, «әлі терең талданып жетпеген» дейді. Демек, өзіне дейінгі зерттеушілердің бұл саладағы еңбектерін көре-біле отырып, оны місе тұтпайды, айызы қанбайды, ұлы ақынның лирикаларын одан да терең талдап тануға құлаш ұрады, осы сөзімен алдына солай етуді міндет етіп қояды. Құлбектің С. Торайғырұлының әлеумет­тік көзқарасын пайымдауы кімге де болса үлгі тұтарлық. 1917 жылғы ақпан төңкерісі мен қазан төңкерісін нақты бағалап, жол табу қазақ үшін қан жұтып жүрген, туған халқының қамын жеген, бірақ өмір тәжірибесі аз саяси күреске енді-енді ғана қосылып келе жатқан Сұлтанмахмұт үшін жеңіл болмағанын мейлінше дәйекті тұжырымдармен ашып көрсетеді. «Расында С.Торайғырұлы дүниені, қоғамды қалай түсінді? Социализм идеясына келді ме? Бұл сұраққа жауап беру бүгін де оңай емес», – дейді «Сұлтанмахмұт социализмді қалай түсінді?» деген мақаласында. Мақала тақырыбының өзін осындай сұраулы сөйлеммен белгілеген Құлбек Сұлтанмахмұттың социализмді түсінудегі танымын тамыршыдай тап басып, дәл айтып бере алған. Мақаланы оқып отырып, өмірден асығыс аттанған ұлы ақынға шыр-пыр болып ара түсіп, Кеңес дәуірінде шығармашылығын танып білуге болатын ақындардың қатарында алып қалуға үлкен жігер жұмсаған профессор Бейсенбай Кенжебаевтың қарапайым тұлғасына шексіз риза боласыз. «Бар саналы ғұмырын Сұлтанмахмұт Торайғырұлын тануға Б. Кенжебаевтың ақынды «социалист» етіп, жанұшырып айқасып, бет жыртысып жүруінің өзіндік себебі бар. Сұлтанмахмұтты «ұлтшылдыққа» бердің-ақ ақиық ақын мұрасы жабылып қалады ол кезде», – дейді ол жөнінде зерттеуші. Оқырманға мектеп хрестоматиясынан таныс ақынның бірі Сәбит Дөнентаев шығармашылығын танытуда да Қ. Ергөбек өзіндік жаңа қырынан келген. Ол мақаланы оқырманның кітаптан оқуына мүмкіндігі бар болғандықтан, оған көп тоқталмастан, бір ғана тұсына назар аударайық. Мәселен, «Балалықты сағыну» және «Балалық» аталатын екі өлеңді өзара салыстырып көрейік», – дейді де тақырыбы ұқсас екі өлеңнің көтеріп отырған жүгі мүлдем екі бөлек екеніне, ол өлеңдерге сондай жүк артқан ақын шеберлігіне назар аудартады. Енді жаңа ғана сыдыртып оқып шыққан екі өлеңге қайтадан үңіліп, зердеңізге түскен суреттерді қайтадан саралай бастайсыз. Бұл мақала авторы зерттеушінің сіздің көңіл көзіңізді кеңірек ашып, алдыңыздағы қос өлеңге ерекше жарық түсіргендігінің нәтижесі болса керек. Сондай кезде, өмірден тым ерте аттан­ған, алдынан зор үміт күттіріп, айтарын түгесе алмай кеткен Баймағамбет Ізтөлин, Ғұбайдолла Балақадыров, Зияш Қалауова сияқты арманды жастардың балаң бейнелері көз алдыңызға тартыла қалады. Ол кездейсоқ көріну емес, Құлбек оларды тынымсыз ізденістің жемісі ретінде әкеп санаңыздың таным атты сөресіне жайып салады. Олардың жоқтаушысы боп, соңында қалған жыр мұрасына иелік жасап, оқырмандарына жеткізудің жолдарын қарастырады. Бұл бағытта Құлбектің алдынан кездескен бір де бір мұрағаттық дерек назардан тыс қалмайды. Баймағамбет Ізтөлиннің мұрағатынан табылған дәптерін шұқшия зерттеуші «Жапырақтар» кімнің өлеңі?» деп жаһанға жар сала халық жазушысы Дихан Әбілевке хат жазуы бағасын алмаған талант қалмасын, әдебиетте адасқан дүниелер иесін тауып, болашақ ұрпағына сенім артып, арттарына қарайлай алмай кеткен асылдарымыздың аруақтары риза болсын дегендікте жатса керек. Бағамдап қарасақ, мұнда жай ғана зерт­теушілік емес, міндетіне алған ісіне де­ген жауапкершілік, әдебиет атты киелі әлемге адалдық жатқанын аңдаймыз. Адалдық аралаған жерде шынайы шындық жүреді. Құлбек кімнің шығармашылығын талдаса да оған осы тұрғыдан келеді. «Сырбай Мәуленов» атты көлемді моно­графиялық очеркке, осылайша, білімі мен махаббатын қатар төккен. Көлемді дүние болғандықтан, мұнда зерттеуші Cыр­бай ақынды әр қырынан келіп еркін таныстырады. Қашанғысынша, мұнда да сырттай бақылаушы емес, шығарманың әрбір бұрылыс-қалтарысына жете үңіліп, жарқырата көрсетеді. Сырбай ақынның соғыс сойқаны жайында жазған жырларының бірі «Соғыстан қайтқан солдаттар» деп аталады. Оның ән қайырмасындай қайталанып отыратын әр шумағының соңғы тармағындағы «Соғыстан қайтқан солдаттар» деген жолда қаншама салмақ бар десеңізші! Хабарсыз ұлын сұрауға Жолыңды тосып ана жүр. Қанша үйдің ұрлап адамын, Қанша үйде сөніп қалды оттар. Көрдің бе ұлын ананың, Соғыстан қайтқан солдаттар? Осы жолдарға қосымша түсінік керек пе? Әбден керек екен! Құлбек сол тұстарды тап басып, оқырманның көңіл көзіне тосады. «Жанын майдан даласында қалдырып, тәні ғана оралған жауынгерлер не деп жауап берсін?! Үнсіздік!» деген күңіреністі сөзінен жаның мұздап, соғыстан қайтқан солдаттардың жеңіс қуанышына шаттана алмай, анау ұлынан хабар күткен ананың, жарын жоғалтқан арудың, әкесін әлі көрмеген, көре де алмайтын сәбидің шер-шемені оның ішіне барып қатып, жауап беруге тілдері байланып, барлығының ауыртпалығы жүректеріне түсіп, жаншылып бара жатқан солдаттардың қасіретті қалпын тани түсесіз. Міне, Құлбек сыншы осы сәтте де қыран көзді көрегендігін танытады. Өлеңнің өн бойына сиқыршының қолындағы шам сияқты сәулелі нұр шашып жібергенде, оның жаңаша бір қырлары арайланып шыға келеді. Қараңыз: «Өлеңде бір-бірімен ашық сұхбаттасып, диалогке барып жатқан бір де бір жан жоқ, алайда, өлеңде Ақын – Даламен, Анамен, Жармен, Сәби баламен іштей тілдесіп, «соғыстан қайтқан солдаттармен» іштей сөйлесіп», үнсіз. Тілсіз жауаптасып жатыр» деген сөздерден соң көз алдыңыздағы көрініс ауқымы ұлғая, молая, зорая түседі. Қай шығарма болса да дүниеге өз мінезімен, өз келбетімен келеді. Кәдімгі дара тұлға тәрізді. Оны Құлбектің «Бір өлең...» топтамасына енгізген талдау мақалаларынан айқын аңғарамыз. Бірі дүниеге келерде ақынды толғандыру күшімен ерекшеленсе, бірі өзгеге ұқсамайтын мінез-құлқымен көңіл аударады, енді бірі ғажайып қуатымен, жай көзге шалына бермейтін тереңдігімен таңдандырады. Құлбек жеке бір өлеңді таңдаған бес мақаланы бес түрлі қырынан қарастырады, сөйтіп, өзі де сыншы ретін­дегі өзінің сан қырлы зерттеуші екенін байқатады. Тегі, сыншының жинаққа енгізілген мақалаларының қатарында бұл сияқты жеке өлеңге жүргізген зерттеулері мен зерделеулеріне арнайы тоқталып өткен жөн сияқты. Оның себебі, Құлбектің бірнеше өлеңнің әрқайсысын жеке-же­ке алып талдағандығында ғана емес, біздің назарымызды аударған жай – әлем әдебиетінде бар мұндай үрдісті Құлбектің төл топырағымызда өндіруге ұмтылуы. Ол жайында жеке өлеңдерді талдауға арналған мақалаларына кіріспе лебізінде: «Бір өлең талдау – орыс әдебиетінде ертеден бар үрдіс», – дей отырып, А. С. Пушкиннің көптеген өлеңдеріне талдау жасалғанын, И.Л.Андронниковтың, М. Ю. Лермонтовтың әрбір өлеңін ат сабылтып іздеп, оны тапқан соң, әрбір лирикалық кейіпкердің ата-тегін түп-тұқиянына дейін зерттеп жазғанын айтады. Сөйте тұра зерттеуші қазақ әдебие­тінде қондыма дәстүр жасағалы отырған жоқ. Ондай қадамдар Абайдың әрбір өлеңінің шығармашылық психологиясына зер салған ұлы Мұхтар Әуезовтен бастап, Бейсенбай Кенжебайұлының да ғылыми талдамаларында жалғасын тапқандығына көзімізді жеткізеді. Одан беріде бұл қатарға Жарасқан Әбдірашевтің бір өлеңін талдаған Тәкен Әлімқұлов, онымен пікір сайыстырған Мұзафар Әлімбаев қосылыпты. Әдебиет сынының шаңырағына өз уығын қадаған Құлбек Ергөбек ендігі жерде әрі қызықты, әрі құны салмақты осы үрдіске үлес қосып қана қоймай, оны әдебиетімізге біржола орнықтыруды межелепті. Көз алдында көлбеп жатқанды көріп қана қоюмен қанағаттанбай, одан арыға зер салатын жан үшін аяқ жеткенмен, көз көргенмен тізгін тарту мұрат емес. Білсем, анықтасам, сырын ашсам деген ұмтылыс оған ешқашан тыным бермейді. «Жапырақтар» кімнің өлеңі?» деп қарт қаламгер Дихан Әбілевке хат түрінде жолдаған толғанысы соның көрінісі. Әдебиет зерттеушісінің тынымсыз көңілі бір өлең болса да оны өз иесіне табыстау үшін шарқ ұрады. Сөйтіп, оның шын авторы болуы мүмкін деген ұлы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық қол­таң­басына, өмірбаянының кейбір қалта­рыстарына, кімдермен аралас-құралас болғанына зер салады, салыстырулар жасап, талай деректерді ой елегінен өткізеді. Онымен тынбай, зор үмітпен Сұлтанмахмұт Торайғыров өмірінен трилогия жазған Дихан Әбілев ақсақалға сұрау салады. Сәбит Мұқановтың атақты «Майға сәлем» өлеңін қарастыруда оны жазар кездегі ақын толғанысынан сыр шертеді. Он саусағынан өнері тамған зергердің қолынан шыққан асыл бұйымдай, бұл мақаласы да еріксіз қызықтырады. Оқырман одан «Майға сәлем» жазылар кездегі ақынның дүниетанымын, рухани кемелденуімен суарылған шығармашылық қуат күшін, поэзияға деген талап-талғамын, толғаныс-тебіренісін айқын аңғарады. Ал, оны көз алдыңызға әкеп тарту үшін өлең жазу­ға қойылатын теориялық талапты білу жеткіліксіз, автордың жан дүниесін, жүрек лүпілін, немен тыныстағанын қалтқысыз білу қажет. Құлбек зерттеуші осындай аса жауапты міндетті абыроймен атқарып шыққан. Құлбектің осындай зерделі зерттеуі келесі бір өлеңді талдауында да мақсат биігіне жеткізген. Ол қай тақырыпқа қалам тартса да болған оқиғаны сидаң, жеке-дара алмайды. Қылтиып көрінген жауқазын ойдың тамырына нұқсан келтірмеу үшін оны кере қарыс аумағымен ойып алып ұсынады. «Сәбитке» қалай туған?» мақаласы соның айқын көрінісі. Мұнда әдебиет зерттеушісі қан майдан­да жүрген дарынды ақын Қасым Аманжоловтың Сәбит ағасына хат жазып отырып, шабыттың асау арғымағына қалай қарғып мінгенін сезбей қап, отты жырды төгіп-төгіп жіберген ақындық қуатынан пайда болған жыры туралы сыр айтады. Қасымның хат соңына жалғаған жиырма жолдық сол өлеңін майданнан келгеннен кейін Сәбит ағасынан арнайы барып алып, қайта қарап, сегіз жолдық шымыр дүние етіп шығарғанын айтуы жыр жалына қол артпақ болғандардың қайсысына болса да үлгі алар өнеге. Сыншы жазылған шығарманың жетіс­тігі мен кемшілігін көрсетумен шектелер болса, одан әдебиетке мысқалдай да пайда болмайды. Оның құдіреті автордың өзі байқамаған сырларын айқындап, жалтыратып, үзілдіріп көрсетуінде болса керек. «Тал бесіктен жер бесікке дейін» мақаласын оқығанда, көзіміз соған жетті. Мұнда көзі тірісінде тиісті сыбағасын тата алмай, Мұқағали Мақатаевтың «Бесік басында» өлеңін сөйлетеді. Иә, «сөйлетеді» деген сөзді байқамай айтып отырған жоқпыз. Сөйлемек түгілі, өзі жырлап тұрған үздік шығарманы бұлай дегенде, оның тұл­пар шабысты тынысына қанағаттанбай отырған жоқпыз. Сол «сыңғырап өңкей келісіммен» әдіптелген тамаша өлеңнің өн бойындағы жай көзге шалына бермеуі мүмкін жақұттарды зергерлік зердесімен жарқыратып жіберген Құлбектің зерек­тігіне риза болмасқа шараңыз жоқ. Біреулер бір поэмаға қырық романның міндетін артып жібергенін айтқан екен, сол сияқты Мұқағали Мақатаевтың бес шумақтық бұл өлеңі қанша романның міндетін атқарып тұрғанын бір алланың өзі білер. Ал бесіктегі сәбидің бал шырын ұйқысына байланған бүкіл әлем тағдырымен шендескен жырдың құлпын алтын кілтпен ашып, ғажайып дүниеге енгізіп жіберген Құлбек шеберлігі қалай құптасаңыз да тұрарлық! Мұнда көлемді тұтас мақаланы бас-аяғы жиырма жолдан тұратын бір ғана өлеңге арнаған. Ондағы әрбір сөзді түртіп оятып, зерттеушілік тұрғыдан мәнін ашқанда, ғажайып олжаға кенеліп, көкжиегіңіз кеңіп, рухани байып шығасыз. «Публицистикалық лепті, поэти­калық әуезге бөленіп, төгіліп тұрған шумақ бала мінезін беруімен де баурап алады. Бала мінезін суреттеумен де адамзат баласы тіршілігінің мәнін ұғындыратындай. Шындығына келгенде, бұл жырдың бір қанаты ғана. Шумаққа, шумақ астарында қатталып жатқан ойларға тереңірек зер салайық», – деп көз алдыңызға көңіл дүрбісімен әкеп қондырады. Одан әрі өлеңдегі қат-қабат жақұт ой ердеңізге самала сәулесімен жарық беріп, қабылдау мүмкіндігіңіздің аясы кеңи түседі, жырдың тіл үйірер мәйегінің дәмін аласыз тамсанып. Япыр-ай, солай екен-ау, деп жаңа ғана желдірте оқып өткен жолдарға қайтадан қызыға ден қоясыз. Міне, талантты таланттың тану, таныту құдіреті бұл! Құлбек «Бір өлең» мәселесіне жайдан жай назар аудармаған екен. Әлемдік әдебиеттен лайықты орын алған бұл үрдістің қазақ топырағында да жайқалып өсуіне қажетті жағдайдың бәрі жеткілікті сияқты. Солардың қатарында Құлбектің зерттеушілік зердесін Мағжан Жұмабаевтың «Түрік халықтарының гимні» өлеңіне аударуы кездейсоқтық емес. Керек десеңіз, оны, тіпті, қажеттілік дәрежесіне көтерген. Иә, тап солай! Сол арқылы Құлбек өзінің жай ғана әдебиет зерттеушісі емес, сонымен бірге бұл күндері кешегі алғыр ойлы, батыл пікірлі балаң жігіттен тұтас елінің мәртебесін биіктете түсуді ойлаған ел қамқоры, қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілгенін танытқан. Мақалаға «Мағжан Жұмабайұлының «Түркістан» өлеңі және одан туындаған ой» деп қосымша ат қойып, оны Түркістан әкімі Қ. Молдасейітовке хат ретінде жазуын осындай толысқан кемеңгерлік ойдан туған деуіміз қажет. Олай деп отырған себебіміз, Құлбектің бұл тақырыпқа жай әдебиет зерттеушісі ретінде ғана назар салып отырмағандығында. «Өткен жылы «Тәуелсіздік дастарханы» басында, одан беріде бір әңгімелесіп қалған кезде де мен бір мәселеге назар аударуыңды өтіндім. Ол – Түркістандай қалада қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлына кісі бойы ескерткіш соғу! Сол ойымды ауызша айтып қана қоймай, арнайы өзіңе хат райында жазуды жөн көріп, қолыма қалам алып отырмын. Бұл – үлкен елдік мәселе», – дейді. Одан әрі туған халқының тарихтан ойып алған абыройлы мәртебесін таныта түсуді мақсат еткен зерттеуші осынау өлеңнің жазылуына себеп болған уақыт шындығына зер салып: «Мағжан өлеңінде барша түрік тайпалары бір-бірінен енші алып тарасқанда, Түркістан қара шаңырақ ретінде қазақтарда қалғаны әдемі айтылады. Ол үшін «Түркістан» өлеңін оқысақ жетіп жатыр. Бар тарих бір өлеңге сиған». «...Бір кезде киелі түрік тайпалары тоқайласа келе, шоғылыса келе енші алысқан жер ретінде Түркістан күллі түрік халқына ортақ. Олай болса, осындай қалада түрік ынтымағын ойлаған, жырлаған Мағжан Жұмабайұлына ескерткіштің болмауы ұят-ақ. Қала әкімі ретінде бұл сенің қабырғаңа батуға тиіс», – деп келіп, назарымызға жиырма жеті шумақтан тұратын өлеңді тұтасымен ұсынады. Өйткені, Мағжандай ұлы ақынның ол өлеңінің бір де бір әрпін қалдырмай тұтасымен оқу қажет. Ол – сол күйінше тұтасымен саф алтын! Түрік тайпаларынан тараған барша туыстас халық өкілдері бей-жай қарай алмайтын Түркістан туралы одан артық жеткізе айту мүмкін емес. Бұл өлең бойында түрік қаны ағып жатқан кім-кімді де тебірентпей қоймайды. Осыны пайымдаған Құлбек: «Қаншама түрік тарихы қозғалып, нешеме астарлы ой айтылып жатыр. «Түркістан» түрік дүниесін ынтымаққа шақырған өлең». «...Мағжан Жұмабайұлының «Түркістан» өлеңі мына біздің – Түркістанның гимні дер едім», – деп өз пайымдауын білдіріп ағынан жарылады. – «Мағжан Жұмабайұлына Түркістан қаласында ескерткіш орнатылса, оның тұғырына ма, болмаса қасына мрамордан панно жасап, соған ба, ұлы ақынның «Түркістан» аталатын өлеңін тасқа қашап жазып қойсақ орынды-ақ емес пе? Құлбекті өзгеге ұқсатпай даралай түсетін ерекшелігінің бірі – оның сыни немесе зерттеу мақалаларының қайсысы болсын, көркем шығарма тәрізді өмірдің бояуы қанық бір бөлігін ойып көрсете отырып, сол қызықты сюжетіне еліктірген күйі назарыңызға ұсынбақ ойларыңызға қызықтыра жетелеп әкететіндігі болса керек. «Жақында Алматыда болдым. Қазақтың мәйін мінез уылжыған лирик ақыны Оразақын Асқар қолынан Мұқағали Мақатаевтың «Жалын» баспасынан жаңадан шығып жатқан шығармалар жинағының 3 кітабын алдым», – деп басталыпты «Балдырған» жорналында туған өлең...» деп аталатын мақаласы. Кітапқұмар жанның жаңа кітапты қолына түсіруі жаңа дүниенің есігін ашқанмен барабар екені бесенеден белгілі десек, Құлбектің ондай олжаға кенелуінің жөні бөлек екені сөзсіз. Болмаса, оны арнайы сөз етудің қисыны бар ма? Десе, дегендей! Әдебиет зерттеушісі оны жайдан-жай айтып отырған жоқ екен. Олжаға кенеліпті! Ол қандай олжа дейсіз ғой?! Ол – өлең! Екі шумақ өлең. Мұқағали Мақатаевтың екі шумақ өлеңі! Бір қызығы ол өлең қолына ұстап, сырлы тереңіне сүңгіп кеткен үш томдықтың ішінде емес. Сол шәрбаттан сусындап отырғанда, ойдан ой туып, ол өлеңді Құлбек өз мұрағатынан іздеп табады да соның жайын айтуға көшеді. Сөйтіп, тағы да бір өлеңге зердесінің зерін салуға мүмкіндік алыпты. Байқап отырсаңыз, оның дүниеге келуінің өзі бір қызық хикая! Мұзағаңа Мінезім бар секілді құймақ-өлең, Анам маған «Үлкенді сыйла» – деген. Үлкендерден ауысқан кішілікті Үлкендердің өзіне сыйға берем. Қалған мұра атамнан – ізеттілік. Арымды соған қойдым күзеттіріп. Адалдық – менің сәби Айбарым ғой, Маңдайынан жүргені жүз өптіріп. М.Мақатаев 14 август, 65 жыл. «Балдырған» Өлеңнің бар болғаны осы. Бір себептермен Құлбектің қолына түскен де, оның мұрағатында сақталып қалған. Енді, Мұқағали Мақатаевтың үш томдығын оқып отырғанда, сол есіне түседі де жарты ғасырға жуық оқырман назарынан тыс қалған сол дүниені Иесіне (оқырманға) табыстау үшін соған байланысты небір қызықты жайларды жайып салады. Міне, Құлбектің сөз зергерлерінің мұрасына деген махаббаты, оған деген жауапкершілігі осындай. Қазақ әдебиеті аталатын сәулетті ғимараттың қабырғасына қалануға тиіс бір де бір кірпіш оның назарынан тыс қалмайды. Оны қалайда өз орнына қалауға тырысады. Бұл орайда Құлбектің өзі: «Біздікі... қазақ әдебиетіндегі тағы бір ардақтымыз Мұзафар Әлімбаевқа арнаған өлеңін «үйіріне» қосу ғана!» – деген екен. Құлбек «Ақынның өзіне ескерткіші» аталатын мақаласында да мойнына осындай жауапкершілік жүктеген. «Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің кезекті номерін оқып отыр едім. Таныс бейнеге көзім түсті. Үңіліп қарадым. Қази Данабаев! Таяуда ғана өмірден өткен азамат, ақын». Көрдіңіз бе Құлбектің қырағы жанары өзге облыстың әдеби тыныс-тіршілігін де қалт жібермейді. Оған қоса мақала салғаннан тап осы сөйлемдермен басталған. Қалай ғана селт етпейсіз, селт етпек тұрмақ, арнайы бұрылып қарай­сыз. Осынау қарапайым сөйлемдердің аржағынан құлағымызға тұлпар шабыстың дүбірі келгендей болып, енді біржола мақалаға ден қоясыз. Құлбек өзге облыс газетіндегі жарияланымға бекер назар аудармапты, қазақ жыр дариясына бір тамшы боп қосылатын дүниені байқап қалыпты. Онда да өмірден мезгілсіз аттанған ақын азаматтың газетке берілген түгел топтамасы емес, оның ықыласын соның ішіндегі біреуі ғана айрықша аударған. Сөйткен де қашанғы дағдысынша, қаламын сияға малып алып, олжа-жырдың қыр-сырын ашып, бет бейнесін бедерлеуге білек сыбана кірісіп кеткен! «Замандас ақынның осы өлеңіне менің ықыласым неге ауды?» – деп өзіне өзі сұрақ қойып алады да: «Бұл – ең алдымен шынайы поэзия. Тақырыбы – отаншылдық», – деп жауап беріп, оның кеңестік дәуірдегі осы тақылеттес жырлардан түбірлі артықшылығын, шыншылдығын, шынайылығын жан-жақты дәлелдермен кестелеп, көз алдыңызға діңі берік, ұстыны биік көркем дүниені әкеп көлденең тартады. Осыдан соң, жаңа ғана сыдыртып шыққан өлеңнің әрбір тармағы мен сөзіне бүкіл зердеңізді жұмылдырып, қайтадан үңілесіз. Осы «Бір өлең...» топтамасының ең соңына «Құлаған – «Қазақ», құлатқан – Қазақ!» аталатын мақала тіркелген екен. Құлбек мұнда да бір өлеңнің тағдырын сөз етеді. Сөйткенмен, оның атқарып тұрған қызметі өзгелерінен мүлдем алабөтен ерекше сияқты. Кеуде тұсымыз әлдеқандай у жалатқан пышақпен тіліп жібергендей дуылдай ашып кетті ме, қалай өзі?! Ол жайындағы пайымдауымызды айтуға кіріспес бұрын Құлбектің жазуындағы өзін салғаннан айқындап тұратын тағы бір ерекшелігін айтпай кетпеске болмайтын сияқты. Ол зерттеу еңбек жазуға отырса да, әдеби сынға кіріссе де оны қайнаған өмірдің өзімен астастырып, күнделікті өмірдің көрінісіндей жанды дүниеге айналдыра отырып, оқырманын сол ағыстың арнасына түсіріп алып, бір кезде, өзінің көздеген нысанасына қарай ағызып алып кетеді. Бірақ ол ағыс сізді тереңіне батырып тұншықтыратын дүлей күш емес, бір кезде сол арнамен барып, кеудеңізді бұйра толқындарға шайғызып, айдынды теңіздің бетінде жүзіп бара жатқандай сезінесіз. «Түсімде көрдім Әбекеңді. Алды – көкмұнар. Әрі қарап отыр. Оянып ойға берілдім. Ойыма ол шеккен қасірет түсті...» Қалай, бірден жанды тіршілікке қойып кеттіңіз бе? Иә, дәл солай! Құлбек оқырманын ә дегеннен осылай баурап алады. Одан әрі «әрі қарай не болар екен» деп, бұйдалы ботадай, жетекке еріп жүре бергеніңізді сезбей қаласыз. Бұл жолы да солай болды. Құлбектің кигізген ноқтасынан басымызды шығармаған күйі әрі қарай бөкектей жөнелдік. Әбекең – Әбділда Тәжібаев – оның түсіне бекер енбеген екен. Оның түн ұйқысын төрт бөліп түсіне еніп, онымен қоймай, түрткілеп оятып жүргені – әдебиет мәселесі екен! Құлбектің тағы бір ерекшелігі – ол қай мақаласын жазса да тереңдете, індете келіп, шығарманың шынайы болмысын көрсетуге күш салады. Кейде ол жазушы шығармашылығы туралы жазып отырғанын ұмытып кеткендей, олардың адамдық, адамгершілік болмысын сипаттауға ойысып, оларға деген сағынышты махаббатын (Бейсенбай Кенжебаев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Сабырхан Асанов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Сағи Жиенбаев) төгіп-төгіп алады. Әдебиет сынын қаузап отырған Құлбекті жоғалтып алғандай боламыз. Оны өзі де аңғарып: «Ақын жайлы сөзді оның отбасына, әдебиет жайлы әңгімені тіршілік түйткілдеріне аударып жібердік пе, қайдам», деп бір кезде селт ете қалады. Сөйтеді де: «Өнер өмірден бастау алады. Әдебиет әдептен басталады. Қаламгер отбасы азаматтық тұлғасымен қымбат. Әдебиеттің айтары – әдеп, шашары – өнеге» – деп, қаламгерде әдебиеттен бөлек тіршілік болмайтынын айтып, осы азын-аулақ бұрылысының өзін әдебиет мүддесіне әкеп тірейді. Десе дегендей, оқырман жазушының жеке түлғасының шеберлік үлгісін көргендей ғибрат алады. Әрине, кітапқа енгізілген мақалалардың барлығының қалай жазылғанына жеке-жеке тоқталып жату міндет те, қажет те емес. Біз тек әдебиет зерттеуші Құлбек Ергөбектің кейбір мақалаларын мысалға келтіре отырып, оның зерттеушілік, ғалымдық, сыншылық болмысынан шама-шарқымыздың келгенінде хабар беруді мақсат еттік. Бұл күндері өзінің қасқа жолын салған көрнекті әдебиетші-ғалымның шығармашылық, азаматтық болмысы ұлттық әдебиет деңгейінен әлдеқашан шығып кеткен. Оның қалам қуаты жайында өзімен қатар жүрген әріптестерінен бастап адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматовқа дейін талай сөз зергерлері жүрекжарды ризашылықтарын сан рет айтқан, айтып та келеді. Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы: «Ергөбековті Ергөбековтей бақайшағына дейін жіліктей шағып, жіліктей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек. ...таңғалдыра біледі. Тамсандыра біледі» десе, Гера-ағаңыз (Герольд Белгер): «Анализ одного стихотворения» – на мой взгляд принципиально новое явление в казахской критике. Книга Кулбека Ергобека, посвященное казахской поэзии, дает не только углубленное представление о национальной поэзии, но и определяет горизонт ее перспектив», деп жазды. Ал, Семен Данилов Құлбек туралы: «Қазақ поэзиясын зерттеуде түрік дүниесі әлемінің деңгейіне көтерілді» десе, Шыңғыс Айтматов: «...ты никогда не замыкался одной лишь родной литературой, а выступаешь как тонкий знаток и арбитр всех литератур нашей Центральной Азии» деп ризашылығын білдірді. Біз жарқын талантымен, осылайша, заманымыздың аса ірі сөз зергерлерінің де ықыласына бөленген Құлбек Ергөбектің көлемді монографияға өзек боларлық зерттеушілік, сыншылық еңбегінің үстіңгі қабатын ғана қалқып өткен болдық. Қысқасы, көрнекті әдебиет зерттеуші, зердесі биік білгір сыншы, талантты ғалым Құлбек Сәрсенұлы Ергөбек алпыс атты тал түсіне қойын-қонышын құт мекендеген қазыналы қаламгер ретінде келіп отыр. Әдебиет әлемі одан әлі талай шырайлы һәм шұрайлы шығармалар күтеді. Ол, айтулы әдебиет сыншысы, сын сәйгүлігі! Кемелбек ШАМАТАЙ

558 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз