• Заманхат
  • 09 Қаңтар, 2013

ЖОЛЫ КЕСІЛГЕН ГЕОЛОГ

Медеу СӘРСЕКЕ, жазушы

Сталинге бас ұрған бұрынғы қатыбас жүйені адамгершілік жолға бұрған «тарихи жылымық» 1954 жылдың көктемінде қауырт басталып, соның алғашқы кезегінде Сібірдің суық төріне 1951-1952 жылдарда ширек ғасыр мерзімге жөнелтілген «қазақ ұлтшылдары» елге қайтты. Соның артынша, 1937-1938 жылдарда 58-бапқа қойша көгенделіп, «Халық жауы» атанғандардың атылудан аман қалып, ГУЛАГ-та ұсталған­дардың тірілері отбасына оралды. Жер жас­танғандардың «қылмысты» істерін қайта қарау басталды. Ең ғажабы, үкіметтің арнаулы қаулысы бойынша, азап шеккендерге, солардың отбасына бір жылдың ішінде кезексіз пәтер берілді, егде жастағыларға зейнетақы тағайындалды. Соның бәрі мейірімі мол Құдай тағаланың ісі емес, әділін айту парыз, КПСС-тің жаңа басшысы Н. С. Хрущевтің батыл қимылдап, жүзеге асыр­ған, күллі халық зарыға күткен, риза болып, тәубе деген игі шара еді. Қандайда тәубенің соңынан «Неге?», «Не үшін, кім?» деген күпті сұраулар туатыны мәлім. Солардың жауабын қайткен күнде білуге құштарлық өрбіп, бұрынғы қорқынышты ұмыттырғаны да – сол заманның айтулы шындығы. Қауымдық сананың оянуы, өткендегі одағай оқиғаларға күмәнмен қарау да, тарих қалтарысында қалған ақтаңдақ жылдарды қайыра сүзуге жетелегені сөзсіз. Сондай жан азабына түскен шермен­делердің бірі – Байжумина атанса да, түп тегінде Қадылбекова екенін ешқашан да ұмытпаған Рузима Мерғалиқызы. «1931 жылы Жаманқыстаудан тұтқындалған соң-ақ із-түзсіз жоғалып кеткен Қадылбек атамды, атақтары таудай демесем де кіші­гірім төбе дерлік оның екі баласы, Кеңес үкіметінің қарымды қайраткерлері Нұрғали мен Мерғали Қадылбековтерді жоқтап, ел тарихына қайтаруға бел будым. Кім-кім, мен үшін екі арыстың тынымсыз күреске толы өмірі көңілімде сайрап тұр, екеуінің де Кеңес өкіметіне алғашқы жылдарда қыруар игі істер атқарып, Қазақстанның индустриалды-аграрлы социалистік ел болуына үлес қосқанына ешқандай шүбәм жоқ-ты. Ендеше?.. – деп қамкөңіл Рузима апай ішінде жатқан өксік әңгімесін екін­ші кездесуде маған ағыл-тегіл шертті. – Садық көкеммен ақылдасып едім: «Әй, қара­ғым, жас күніңде сол бейнетті бізбен бірге өзің де тарттың. Рухы түгілі есімі де ұмытылған аруақтарды қайта тірілтем деп шатаспа. Өзіңнің де, біздің де қазіргі тыныш тірлігімізді бұзба. Сенің де, менің де балаларым аман болса, біздің әулеттің өзімен кеткір сұрқия заманда жоғалтқаны әлі-ақ орнына келеді...» – деп қорғаншақ жан байбалам салып, теріс қарап жатып алды... Қысқасы, 1956 жылы Рузима Байжумина Кеңес түрмесінде басы жойылған үш Қадылбековтің қылмысты ісіне сұрау салып, жазалаушы органға хаттар жолдайды. Бұрынғыдай емес, айбыны қайтып, иншаллаға келе бастаған Ішкі істер минис­трлігі мен Қауіпсіздік мекемесіне жолдаған хаттарына ол: «Бізде сіз сұраған адамдар ту­ралы құжат сақталмаған, іздеу саламыз, нәтижесін хабарлаймыз...» – деген сарында қашыртқы жауаптар алады. Әкелі-балалы Қадылбековтердің жоқтаушысы (біздің халық құныкері дейді) екі-үш ай тосып, сұрауын қайталайды. Бір емес, бірнеше мәрте. Баянауылға да ат басын бұрып, ағайын­­дарын тауып алып, сұрау салады, Жаман­қыстаудың бұрынғы иелері туралы деректер, естеліктер іздейді. Жас күнінен жадында жатталып қалған жантүршігерлік оқиғаларды есіне түсіріп, қайсыбірін елде отырған қарттардан естіп, талай кеш қамы­ға­ды, жылайды, әлсіздігіне торығады, сірә, осы қаракеті де құм қабатының ас­­тын­­да қалған қу медиен даладан атасы мен әкесінің, ел көгіне тұлғаланып шыққан ағасының ізін іздеп, тектен-текке бейнет кешу екенін ұғады. Арада өткен ширек ғасырда сол іздердің бедері өшіп, ел жадынан мүлдем ұмытылғанына көзі жетеді... Сөйтсе де ата-бабасынан дарыған, ұс­та­ған бетінен қайтпайтын қайсарлық, көп жыл жүрек түкпірінде жатқан өксік пен наланың қозғаушы болғаны айқын, Рузима Қадылбекованы әділдікке жетпей тоқтамауға жетелейді. 1960 жылғы көктемде Қазақ КСР Жоғарғы сотының төралқасына жолдаған арызында ол: «Те­келі комбинатының бас директоры Оразалы Жандосов, оның туған ағасы Ораз Кәкімұлы бұдан екі жыл бұрын ақталды, ал, сол комбинаттың бас инженері болған М. Қадылбековтің қылмысты ісінің қайта қаралмайтын себебі неде? Менің жылына екі-үш мәрте жолдаған хаттарыма сіздер неше түрлі сылтау айтып, мәселені қасақана ушықтырып отырсыздар. Сіздерден жуық арада жарытымды жауап алмасам, жазғы демалысымда Мәскеуге барып, Н.С. Хрущев­тің қабылдауына сұранамын. Ол кісінің бұл мәселеге нағыз лениндік жанашырлықпен қарайтынына кәміл сенімдімін...» деген сарында ашулы хат жолдаған. Сөйтіп, қажымай-талмай іздеудің 4-жылында (!) Рузима Байжумина-Қадыл­бекова бір аптада жазалаушы жүйеден екі хат алады. «22/063н, 9 мамыр 1960 жыл. СПРАВКА Дело по обвинению КАДОЛЕНКО Нургалия, 1896 года рождения, до ареста работавщего начальником сектора кадров «Карагандауголь», рассмотрено судебной коллегией по уголовным делам Верховного суда Казахской ССР 27 апреля 1960 года. Решение бывшей тройки ПП ОГПУ в Казахстане от 11 ноября 1933 года по делу по обвинению КАДОЛЕНКО Нургалия отменено и дело производством прекращено за отсутствия в его действиях состава преступления. Заместитель Председателя Верховного суда КазССР УРАЗАЛИЕВ» Екінші хат өз әкесі Мерғали туралы: 1960 жылғы 16 маусымда жолдаған КСРО Жоғарғы сотының № 4н-1496/60 АНЫҚ­ТА­МАСЫ (бұл құжаттың қазақша аудармасын ілгеріде келтіргенбіз). Айрықша ескертер гәп: КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасының соңғы үкімі 1960 жылғы 14 маусымда қабылданған... Қадылбек атасы Бейсеновті іздеген сұрауына тек ешқандай жауап алмаған. Рузима Қадылбекова ақырында тежеулі шектеуге бойсұнып, ізденісін үзеді. Сөйт­песке амалы да болмаған. Ұйыған қатықтай сыйластықта өмір сүрген отбасы бар, балалы-шағалы үйдің қожайымы. Тұрмыс күйті шүкір дерлік көңтерлі жағдайда, ұстаздық жұмысын да сүйсіне атқарады. Ақмола қаласында ері 16 жыл жұмыс істеп, 1966 жылы Алматыда тыңнан ашылған құрылыс банкіне меңгеруші болып ауысты. Қаулап та, қарамы да өскен астананың ортасына жақын орамынан жайлы пәтер алды. * * * Арада біраз жылдар өтеді. Зейнеткер атанған Рузима Мерғалиқызы із-түзсіз жоғалып кеткен әкесі туралы ізденісін қайыра бастайды. Тек бұл жолы өзгеше мақ­сатпен. Осы әрекеті жайында Баянауылда тұратын жанашыр туысы Ақбота Жетпісбаевқа 1996 жылдың 9 сәуірде жолдаған ұзақ хатынан үзінді келтіремін: «...Жер-жерге сұрау салған хаттар жазып, бәрінен де көңілін суытқан жауап алу мені әбден діңкелетті, бауырым. Ал, мен адамгершілік сезімнен жұрдай шенеуніктерге жолдаған хаттарымда партиялық газеттер 1935-1936 жылдарда бадырайтып жазып, тіпті суретін де басқанын көлденең тартып, «Өмірде Қадылбеков есімді геолог болмаған десеңдер – КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасының оның саяси қылмысын ақтаған 1960 жылғы үкімін жоққа шығарыңдар, оған қоса Орталық комитеттің екі бірдей газеті жариялаған 7-8 мақаланы (бұл менің іздеп тапқаным ғана, шындығында мақаланың саны одан да көп болуы мүмкін) архивтен өшіріп тастаңдар. Солай етуге құқықтарың жетпесе – туған әкемнің ақадал еңбегін өзіне қайтарыңдар... – деп қадала жазып, сөз соңында. – Қаратау бөктеріндегі Мерға­лымсай, Жоңғар Алатауындағы Те­келі, Орталық Қазақстандағы Қарағайлы мен Қайрақты полиметалл кендерін тұңғыш ашушы – менің әкем. Осы кендерді соғыстан бергі жылдарда қайыра зерттеп, қорын көбейтіп, өндірістік зор қуатын дәлелдедік, сондықтан да соларды біз аштық деушілер барын білемін. Бірақ, сол кендерді солардан кем дегенде 10-15 жыл бұрын үкіметке тұңғыш мәлімдеген геолог Мерғали Қадыл­беков екенін, сол жұмысты білетін, әкем басқарған экспедицияда жұмыс істеген техниктер, қарапайым жұмысшылар, құдайға шүкір, әзірше тірі. Қажет болса, мен соларды да куәлікке шақырып, әкемнің заңды құқығын сот арқылы қорғаймын. Ал, өйтетін болсам тарихи әділдікті қасақана көрмей, бюрократтық амалдармен теріске бұрып отырған әкімсымақтар, тарихи, ғылыми әділдікті түзетуге дәрменсіздік танытып отырған Қазақстан КП Орталық комитетінің осы саланы басқаратын секретары мен бөлім меңгерушісі жұрт алдында масқара болады. Мен, Рузима Қадылбекова, Кеңес халқы өткен қаһармандық жолда атам Қадылбекті, оның екі бірдей білімпаз ұлын жоғалтқан шерлі әулеттің ұрпағымын. Жас күнім менің жылаумен, сыпыра жоқшылық азабын тартып, бірнеше қалаға тентіреумен, одан соң шөл даланың шетіндегі Отар стансасында тұрмыс азабын тартумен өтті. Енді, құдайға шүкір, жаңарған уақытқа жеттік, қайта құру заманы салтанат құрған, Кеңес Одағы шынайы демократиялық ел атану үрдісіне бағыт ұстаған кезде өмір сүріп отыр­мыз. Бүгінде Қазақ елі тәуелсіздік алып, кү­ні кеше сол үшін аянбай күресіп, автоно­мия құрмақ болып арыстанша алысқан Алаш арыстары, «ұлтшыл топ құрды, Кеңес өкіметін құлатуға тырысты» деген нақақ жаламен атылған, айдау көрген, есімдері мен ұланғайыр еңбектері ел тарихынан сызылған жүздеген, мыңдаған қайраткерлеріміз, білімпаз зиялыларымыз ұлт тарихына қайтарылды. Тәубе деймін! Шексіз қуаныштамын! Солармен бірге шейіт болған Нұрғали ағатайым мен Мерғали әкемнің еңбектері неліктен ұмыт қалуға тиіс? Олар да өзінің ұлы замандастары сияқты Тәуелсіз Қазақстанның даңқты азаматтары, тұлғалы қайраткерлері санатында аталуға тиіс!.. Сол жайт түзелгенше мен тоқтамаймын, өйткені бір кезде табанға тапталған әділдік – менің жақтаушым, ағаларымның алмағайып зор істері де алыстан мұнартқан биік таулар сияқты ерекше айқын!..» Баянауылдағы немере бауырына мұңын шаққан хатында Рузима Қадылбекова: «Биік лауазым иелеріне ондаған хаттар жаздым. Арызданудан шаршадым, бірақ тоқтағым келмейді. Бұл да мен үшін емі жоқ дертке айналды. Қаланың қымбатшылық жағдайында төрт баламен ел қатарлы өмір сүру оңай емес, зейнетке шығып алып, пенсиямның елу пайызын үкіметке беріп, 1,5 ставкамен қайтадан жұмыс істеп, бір жаққа барып, бірер ай демалудың орнына балаларға жеміс болсын деген үмітпен дача дегенмен әлекпін. Жездең қазір 80-де, мен 69 жастамын. Үйдегі жұмыс та – менің мойнымда... Сен де, Ақбота, төрт құбылам түгел деп тыныш жатпай, ағаларыңды ұлықтау ісіне қатысып, жергілікті газеттерге жаз. Майқайында, Баянауылда, Павлодарда олардың есімі жазылған көшелер болуға тиіс. Есіңде болсын. Мерғали мен Нұрғали Қадылбековтер – өз заманында халық бақыты үшін еңбек еткен сабаздар. Олардың тұрлаулы істері қазіргі жастарға өнеге болуға тиіс. Ал, екеуміз үшін олар – зор мақтаныш! Мен сол үшін де күрес бастадым, сен де маған осы істе жәрдемші бол. Қысқасы, шаруа күйлеп, үйіңде тыныш жатпа! Түбінде жеңіс бізде болады... – деп те ой салыпты. – Баянауылдың әкіміне арыз жолдадым көше сұрап, Ал, саған мен Мерғали ағаңның газетке шыққан статьяларын жіберемін, оны арыз жазғанда әжетіңе жарат. Қысқасы, қазіргі ұрпақтарға екі Қадылбековтердің еңбегін, ерлігін паш ету керек. Саған ең жақын апаң – Тынышбала, одан соң Дәмежан Сәрсенбекқызы. Оның туған атасы – Қадылбекке әке. Яғни ол Бейсеннің кенже інісі. Жаманқыстауда бәріміз бірге тұрғамыз, мен сол кезде 4-5 жастамын, бүкіл ауыл ол кісіні тәте дейтіні есімде. Сақалы аппақ болатын, нақты есімін Дәмежан апаңнан сұра. Ол кісіні Тынышбала да біледі. Тәтемнің балалары – Ишан мен Сәрсембек, басқаларын жете білмеймін, ұмыттым...» Аңдауымызша, ағайындыларды жоқтау­шының осы жолғы ізденісінде қолы жеткен басты табысы – Нұрғали ағасының күллі өмір жолы ай, жылына дейін көрсетілген құжаттарды табуы. Сол ізденісте ол Пав­лодар, Солтүстік Қазақстан, Семей, Шы­ғыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Ақ­мо­ла, Қызылорда облыстарының КП ко­ми­теттерінің қарауындағы партия мұ­ра­ғат­тарынан және Қазақстан КП ОК жанын­дағы партия тарихы институтының мұ­рағат қорынан Н. Қадылбеков туралы нақты жұмысы, мүшелік билетінің нөмірі жа­зылған анкеталарын және өз қолымен жазған өмірбаяндық жазбаларының көшір­мелерін алған. 1956 жылдан бастап төрт жыл шұғыл­данғанда, одан соң 1966-1970 жылдары қайыра іздегенде, ең аяғында 1989 жылы үшін­ші мәрте белсене кіріскенде ол Нұр­ға­ли ағасының сотталған материалдарымен таныстыруды, оны ақтаған үкімнің көшірмесін талап етіп, ақыр аяғында ҚР Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облыстық басқармасынан ресми хат алады. «22.09.1995 г. № 202. 480033, г.Алматы, ул. Басенова, дом 16/1, кв. 6. Байжуминой Р.С. Уважаемая Русима Садыковна! По существу Вашего заявления сообщаем, что Ваш дядя Кадаленко (Кодаленко) Нургалий Кадильбекович, 1896 г.р., до ареста работавщий заведующим отдела кадров треста «Карагандауголь», арестован УНКВД по Карагандинской области 6 октября 1933 года по обвинению в организации националистической группы и проведении вредительской деятельности в вопросе подборе рабочей силы в системе «Каругля», т-е. в преступлениях, предусмотренных ст. 58 п.п. 7, 11 УК РСФСР. Решением Тройки при ПП ОГПУ в Казахстане от 11 ноября 1933 года Кадаленко Н. К. Осужден к 5 годам лишения свободы. Определением Судебной коллегии по уголовным делам Верховного суда КазССР от 27.04.1960 г. Вышеуказанной решение Тройки отменено и дело производством пре­кращено за отсутствием состава преступления. Кадаленко Н. К. реабилитирован. Его фамилия включена в список жертв массовых репрессий на территории Карагандинской области, который был представлен в 1994 году в КНБ Республики Казахстан для подготовки республиканской КНИГИ ПАМЯТИ. После осуждения Кадаленко Н. К. был этапирован в Средне-Азиатский ИТЛ (г. Ташкент). В материалах архивного уголовного дела имеется уведомление от 01.10. 1936 г. о том, что Кадаленко Н. «прибыл из Таш­кентской тюрьмы и заключен под стражу а Алма-Атинскую тюрьму». Иных сведений о его дальнейшей судьбе, в том числе о месте захоронения, в деле не имеется. Для выяснения данного вопроса Вам необходимо обратиться в органы МВД, где сосредоточены архивные материалы по местам заключения. Зам.начальника Управления, полковник А. В. Мешков» – Сенесіз бе, Медеу қарағым, небәрі 23 жол осы хатты артық-кемі жоқ ширек ғасыр қуып, әрең алдым. Нұрғали ағатайым 1936 жылы Алматы түрмесіне Ташкенттен әкелінген соң нендей қысасқа тап болғанын білетінмін. Сол себепті жүрек талмасынан түрме лазаретінде опат болды деген сияқты бір өтірікті жазатынын білгендіктен де қайыра қазбадым. Ақ қағаздың беті қандайда өтірікті болсын көтеретінін өмір шіркін маған үйреткен-ді. Сондықтан да, қалған өмірімді Мерғали көкемнің еңбегін елге қайтаруға сарп еттім... «Әкем қартайған кезінде көрген менің үлкен ұлыма Нұрғали ағайдың есімін қойып: «Саған Нұрғали атаңның бейнетпен өткен ғұмырын жазбасын, оның білімін, абыройын, ең бастысы, еңбекқорлығын берсін!» деп, үкілі тілек тілеймін...» – деген-ді. Ал, шешем бертінде туған кіші баламды Мерғали деп атауды ұсынды. Осыдан-ақ біздің шаңырақта Нұрғали мен Мерғали есімдерінің қаншалықты ардақты екенін аңғаруға болады. Қадылбековтердің ұрпақтары, туыстары кім дегенде, әкеміз Жетпісбай мен Садық Бейсенов марқұмның балалары алдыңғы кезекте ауызға түседі. Садық ағайдың балалары бұл күнде Ақмола, Павлодар қалаларында тұрады....» – деген мәнді уәжбен аяқтапты Ақбота Жетпісбаев Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің 1995 жылғы 7 қазан күнгі санында жарияланған «Жаңа заман үшін күрескен еді» деп атаған естелік мақаласын. «1935-1937 жылдары Текелі кен орнын­дағы қорғасын мен мырышты іздеп тауып, соны өндіруге жан-тәнімен кіріскен азаматқа алғыстан басқа ешнәрсе айтылмау керек еді, 1936 жылы «Социалистік Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде «Текелі», «Главцветмет неге үнсіз?», «Отан байлығын жалықпай зерттей беремін» деген мақалаларын жариялап, нақты ұсынысы мен ой-пікірін Отан-анаға арнап, үйдек-түйдек айтып жатты. Сол мақалаларында «Текелі кенін жолдастарыммен бірге аштым», «Текелі кенін өзім іздеп, зерттеп, ақыры таптым» деген нақты сөздерін де сүйсіне оқыдық. Бұл Мерғали Қадылбековтің әбден танылып, бедел ала бастаған тұсы болатын. – депті «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Мейрамбек Төлепберген «Кең даланың кенін тапқан» деп атаған көлемді мақаласында (біздің қолымыздағы ксерокөшірмесінде мақаланың жарияланған күні көрсетілмеген, материал «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» аталған 1998 жылы берілгенін редакциялық аңдатпадан аңғардық). – Сол бір кесірлі жылдар қадір-қасиеті асқақ азаматтарды қуғын-сүргінге салып, қорғасындай ауыр айыптар байлап, қауымнан жаппай аластаған алмағайып уақыт. Тіміскілеуге дағдыланған «қырағы» көздер мен сыбырлағыштар ұлтжанды, білімпаз азаматтың қандай қылығын ұнатпады екен? Билік басындағылар бе­делді азаматтардан қарадай шошыған кез. Қызғаныш оты да әлдекімдерді де құ­тыртқан содырлы жылдар. Бейшара пендешілікті қайда қоясың?.. Отыз жасында жігер-қайратымен көзге түскен Мерғали сорлы солақай саясат «мергендерінің» нысанасына ілікті. Текеліде қолына кісен салды. Түрмеге әкеп қамады. Бұл не сұмдық, түсінсе бұйырмасын? Санасын жаншыған жалғыз ой: «Не істеп қойдым? Терроршыл-ұлтшыл деген қандай топ? Олар кімдер? Өкіметке қарсы қандай әрекет жасаппын, о, тоба?! Текеліде маңдай терімді тамшылатып жүріп, күні-түні тау аңғарын кезіп, Отан үшін еңбек еттім... Елге пайдалы қазбаны тапқаны кімге қауіп?» Жо-жоқ, ұлт жайсаңдарын ұрымтал тұстан ұратын тәсілді кеңес билігіне наразылар ойлап тапқан...» «Почему одно из месторождений в горах Каратау названо «Миргалимсай»? Воз­можно, ему просто дали имя его первооткрывателя Мергали Кадильбекова. Случайных совпадений не бывает, да имя довольно редкое... Впрочем, история об этом умалчивает. Известно только, что ни в одном геологическом отчете, а также в других материалах по полиметаллическим месторождениям Южного Казахстана его имя нигде не упо­минается, а написанной им (и изданной) книги под названием «Минералогия и геология» будто и в помине не было...» – деген аңдатпа сөздер Қазақстанда шығатын республикалық «Достық-Дружба» журналының 2004 жылғы ақпан-наурыз айындағы санының 37-39 беттерінде жария­ланған, «Қуғын-сүргінге ұшыраған шерменделер ассоциациясының вице-президенті Жұмабек Ашуевтің «Кто открыл Миргалимсай» деп атаған мақаласына арналған. Өлкетанушы Д. Приймак «Тағы да Қадылбеков-Кодаленко турасында» (Павлодар облыстық «Қызыл ту» газеті, 19 шілде 1990 жыл): «Ұмытылмас есімдер» атты мақаламды архивтік документтер мен кейіпкерімнің жиені (?) Рузима Садыққызы Байжуминаның әңгімесі бойынша жазған едім. Осы мақала «Қызыл ту» газетіне жарық көргеннен кейін Нұрғали Қадылбековтің қызы Роза табылды. Ол Шымкентте тұрады екен. «Кейбіреулер өмірден керегін тауып алғыш. Мен болсам соның біреуіне де қолым жетпеді. Тек «Халық жауының қызы» деген қара күйе жағылып, жазықсыз жапа шегумен, үнемі жылаумен өмір сүріп келемін. Тіпті, бесінші класта мойнымдағы галстугімді жұлып алған...» – деп жазады Роза Нұрғалиқызы. Роза мен Рузима кейінгі кезде әкелері туралы документ жинап, іздеу салып жатыр. Соның нәтижесінде Қарағандының облыстық архивінен 1931-1933 жылдар аралығында Н. Кодаленконың (бұл оның партиялық лақап фамилиясы) «Қарағандыкөмір» тресінің қағаздарынан ол туралы үш документ алыпты. Алайда, жауапты жұмыстан не себепті босатылғандығы туралы бұйрықты бермепті... Омбының мұғалімдер даярлайтын семинариясындағы орыс-қазақ бөлімінде Н. Қадылбековтің оқығандығы туралы деректер де табылыпты. Павлодар тарихи-өлкетану музейі Ом­быдан осы документтердің көшірмесін алса нұр үстіне нұр болар еді. Ал, біздің қаладағы бұрынғы орыс-қазақ училищесі үйінің қабырғасына мемориальдық екінші (біріншісі Қ.И. Сәт­баевқа арналған) мемо­риальдық тақта орнатып: «Бұл үйде репрессия құрбаны Нұрғали Қадылбеков білім алып, 1916 жылы ойдағыдай аяқтады» деген белгі қойсақ қайраткер жерлесімізге жасаған құрмет болар еді...» * * * Оқиғаның одан арғы өрбуін Рузима Мерғалиқызының баяндауы бойынша беремін. – ҚР-ның Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі ұлы ақынның ескерткіші тұрған алаңға иық тіреген, Достық және Абай даңғылдарының қиылысындағы үлкен ғимаратта екен, министрдің көмекшісі аты-жөнімді жазып алып, ол кісі экспедицияға кеткен, оралған кезде айтамын, хабар өзімнен болады деді. Бірер аптадан соң үйіме телефон шалып, қабылдауға шақырды. Министр орта бойлы, кең иықты, қою, көмірдей қара мұрты бар, көрікті жігіт екен, жас мөлшері қырықты еңсерген шамада. Есімі – Серікбек Жүсіпбекұлы. Министр бері шығып, қарсысындағы кішкене үстелдің басына отырғызды. Өзі де жақынырақ жайғасты. Соңымнан ілесе кірген секретарь әйел алдыма шай қойды. «Ә, құдай, жолымды оңғар!..» деп, аруақтарға сиынып отырып, шерлі әңгімемді бастадым, ұзақ сөзге түсерімді аңдаған сияқты, кабинет иесі кенет жымия қарап: – Апай, нендей шаруамен келгеніңізді біліп отырмын. Марқұм болған геологтың перзенті екеніңізді де білемін. Менен нақты не тілейсіз, әуелі соны айтыңыз? – деді. Маған ақыл берушілер жаңа министр мезі сөзді сүймейді, қысқа сөйлеуге тырысыңыз деген-ді. Сөзімді бөлгенін соған жорыдым да: – Серікбек қарағым, ақиқат іздегеніме қырық жыл болды, мен осы дауды бастағанда өзің мектепке бармаған шығарсың... – дедім бетіне тура қарап, – Алайда сол ақиқатқа жете алмай, міне, жетпіс жастың өрінде діңкелеп отырмын. Енді соның жай-жапсарын айтайын, қырық жыл бойы сұрап жүрген ақиқатым төртеу, олар – Кентау қаласындағы Мерғалымсай, Жоңғар Алатауындағы Текелі, Қарқаралы іргесіндегі Қарағайлы және Алматы-Қарағанды тас жолының бойындағы Ағадыр стансасына ұрымтал жердегі Қайрақты кендерін геолог әкем Мерғали Қадылбеков ашқан. Қаратау бөктеріне ол Геолкомның экспедициясын бастап, 1928 жылы келген. Сол кезде небәрі 21 жаста. Сенесіз бе, Қазақ даласының қазба байлығын іздеуге Қаныш ағамызбен қатарлас шыққан... Тоғыз жылға созылған ғұмырында он шақты кен көздерін зерттеген, ал мен тек қана төртеуін қуып, соларды тұңғыш ашқан атағын түп иесіне қайтар деген арызбен өзіңе келіп отырмын. Сол үшін мемлекеттен бір тиын сұрамаймын. Алла тағаланың барлығы рас болса, екеуміз туып-өскен Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына мені сендіргің келсе, Серікбек қарағым, жаңағы төрт кенді әкемнің ашқанын бекітетін қолыма құжат бер!.. Талабымның заңды екенін дәлелдейтін, қырық жыл бойы жиған-терген құжаттарды қолыңа беремін, мінекей... – деп кеудеме басып отырған жуан папканы Серікбек Жүсіпбекұлының алдына қойдым. Министр мен ұсынған құжаттарды асықпай парақтады. Ескі газеттердің көшір­месін ежіктеп оқыды. Көбірек оқығаны – екі геолог-ғалымының ұзақ түсініктемесі. Ең ақырында менің машинкаға басылған, көлемі екі парақ арызымды қолына алып: – Рузима апай, үлкен шаруамен келіпсіз. Соны мен шешеді деген сеніміңізге рақмет. Сұрап отырған ісіңіз – өте ауыр, бірер ай­да шешетін жұмыс емес. Арада көп жыл өткен, сіз сұраған кен орындарын есімдері Одаққа белгілі ғалым-геологтар көп жыл зерттеп, кейбіріне тұңғыш ашушы атанған. Алпыс жылдан бұрынғы ақиқат басқаша деп түзетудің қиын іс екеніне сіз мән бере қараңыз... Бірақ, қалай болған күнде де қиянатты түзетуге тырысамын. Мәселені тек жан-жақты тексеру керек. – деп кабинет иесі арызымның бірінші бетіне әлдене жазды да, папканы жапты. – Қарағым, менің алдағы өмірім өзің үміт отын жаққан қуанышты күнді асыға күтумен ұзармақ. Жасымның 68-де екенін ұмытпағын!.. – деп орнымнан тұрдым. Үй-ішіме төбем көкке жеткендей болып мейірленіп оралдым. Көптен бері мұндай көңілденбеген едім. Ғабдышүкір ақсақалым жымия күліп, «Асқақтама, бәйбіше. Лауазым иелерінің жымиысы кейде жалған болып шығады...» деп сәуегейлік жасап еді, сірә, өтірікке айналса көтере алмай, ауырып қалады деп қауіптенген сияқты. Сөйтсе де мен сол күннен бастап: «А, жаппар құдай, Серікбек інімнің іс-қаракетіне демеуші бол, құтты орнында ұзағырақ сақта!..» деген тілеуден жаңылмадым. Көңілімді үміт сәулесі шуағын төгіп, телефон шылдырына елеңдеп жүргенімде Серікбек Жүсіпбекұлының көмекшісі геолог-ғалым Нұрғазы Нұралиннің Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің сұрауы бойынша жазған ғылыми сараптамасын қолыма берді. Жазылған күні 1996 жылдың 14 ақпаны. «Мерғали Қадылбековтің өмірі мен қызметі туралы, біз, геология ғылым­дарының докторлары В. Г. Ли екеуіміз 1990 жылы зерттеу жасап, өткен уақыттың аса ірі маманы екендігіне ресми тұжырымдама жазып, Ғылым академиясына тапсырған соң, сол азаматтың кен барлау жолындағы таңғажайып ізденістері мен табыстары жайында «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде кө­лем­ді мақалалар жарияладық. Содан кейін де мәлім болған қосымша материалдар Қадылбековтің қорғасын, мырыш кендерінің сүбелі қорын іздеп табудағы еңбегі зор екеніне бізді күмәнсіз сендірді. Шынтуайтын айтқанда, ол сол қарсаңда іске қосылып, металл қорыта бастаған Шымкент қорғасын зауытын сенімді шикізатпен қамтамасыз еткен: Қаратаудың Жамбыл облысына қарайтын бөктерінен бұрыннан мәлім Ащысай, Байжансай кеніштерін тыңғылықты зерттеумен қоса соған дейін қоры мардымсыз саналған Қарасай және Хантағы кен көздерін қайтадан барлап, бертінде Мырғалымсай және Сүлейменсай аталған кен орындарын өндіріске қосқан. Демек, Мырғалымсайды жұрт айтқандай, бақташылар мен жергілікті тұрғындар ашыпты-мыс деген сөз – әншейін лақап. Оны ашып, өз атына жазған геолог Мер­ғали Қадылбеков. Осы күнге дейін құнарлы кен беріп келе жатқан кеніштің аты Мырғалымсай болып бұрмаланбай, Мерғалисай аталуға тиіс!.. Республикалық баспасөз бетінде жа­рия­ланған қысқа да тұжырымды мақала­ларында М. Қадылбеков Орталық Қазақстан алқабындағы Қарағайлы және Қайрақты деген жерлерден қорғасын мен мырышқа бай екі кен орнын тапқанын жазады. Бұл екеуі де қазірде Қазақстанның сүбелі кен орындары ретінде танылды. Таңғаларлық жайт: көпшілікке жария еткен жазбаларында ол Оңтүстік Қазақстан және Шу-Іле бойындағы таулы аймақтарда орналасқан көптеген қорғасын-мырыш белгілері байқалған кен көздерін, яки Ащысай, Байжансай, Сүлейменсай және Қарасайдан өзгесін, қоры мардымсыз деп мәлімдеген; бұл да оның геологтық танымы мен өзгеше көрегендігін айқын аңғартады. Сонымен қатар білімдар геолог Текелі тобындағы ұсақ кен көздеріне бірден назар аударып, 1935-1936 жылдарда өзі басқарған барлау экспедициясының негізгі құрал-күшін, үкімет қаржысын да осы кенді шұқшия зерттеуге жұмсаған. Нәтижесінде сол кезде-ақ Текелі қойнынан қорғасын мен мырыштың аса ірі қорын тапқан. Сірә, Текелінің зор мүмкіндігіне сенгендіктен, Қазақ даласынан жаппай кен көздерін іздеуден сап тиылып, Текелі кен комбинатының бас инженері міндетін атқаруға өз қалауымен құлшына кіріскен. М. Қадылбековтің Текелі кенін тұңғыш ашушы екендігі – күмәнсіз ақиқат... Сондай-ақ, Мырғалымсай кенін тұң­ғыш ашушы – экспедиция жұмыскері, ұлты татар, геологиялық әдебиеттерде көрсетілгендей, Мерғалы Фахрезетдинов пе, әлде сол кенді түу бастан зерттеп, мол қорын нақты ізденіспен дәлелдеген геолог М. Қадылбеков пе – бұл мәселе де ешқандай күмән туғызбауға тиіс. Соған шүбәсіз илану үшін М. Қадылбековтің газетте жарық көрген «Текелі», «Главцветмет неге үнсіз?» және «Отанымның жер асты қазынасын қажымай іздей беремін» атты үш мақаласымен танысу жеткілікті деп есептеймін. ...Баспасөз бетінде 1935-1936 жылдарда жарияланған мұндай мәлімдемеге сенімсіздік жасауға болмайды, әсіресе «Текеліні ашқан өзіммін» деген сөзді автор жұртқа ашық түрде жариялап отырғанда? Сондықтан да, газет мақаласын геоло­гиялық есеп құжаты санап, тарихи әділ­дік түзетілуге тиіс! М. Қадылбековтің қысқа өмірі мен инженерлік қызметінің ұлағаты мол мәнді деректері мұрағатта сақталмаған. Сірә, солардың сақталмауына репрессия доңғалағына түскен ауыр тағдыры түрткі болып, қасақана жойылған... Осы айтылғандардан біз мынадай қортынды жасадық: М. Қадылбеков екі бірдей аса ірі қорғасын-мырыш кендерін – Қаратау бөктеріндегі Мерғалисай және Жоңғар Алатауындағы Текеліні тұңғыш ашушы (ұсақ кен көздерін де ашқанына әдейі назар аудармай отырмыз). Жайсаң геологтың осы кендерді ашып, Отан алдындағы кәсіби борышын адал атқарған жанқиярлық ерлігі мен ұланғайыр ісі бүгінде халыққа жарияланып, лайықты түрде ұлықталуға тиіс. Көрегендік қабілет, яки жеті қат жер астында жатқан құпияны білу мен соны батыл түрде мәлімдеп, іздеу жасау – екінің бірі ғана емес, жүздеген, мыңдаған кен барлаушының бақталайына жазбаған. Демек, Мерғали сияқты дарабоздардың ерлігімен, еңбегімен, көкірек танымымен келетін игілік екенін жұртшылыққа паш етіп, геологтың есімін есте қалдыру шараларын да ойластыру қажет!..» – Әлқисса, содан 1996 жылдың көкте­мінде Геология министрінің көмекшісі телефон шалып: «Рузима апай, бүгін, түскі сағат екіде министрдің қабылдау бөлмесіне келіңіз. Серікбек ағай сізді көргісі келеді...» деді. Мен: «Жайшылық па? Менен әлдебір құжат сұрай ма?» – деп едім, ол: «Жоқ, сізді ол кісі коллегияға шақырады...» – деді. Ақсақалым: «Бәйбіше, ең тәуір деген киімдеріңмен сықиып бар. Зейнеткер кемпірді коллегияға тектен-текке шақырмайды. Не естісең де сабырмен тыңда, жазатайым сыр алдырсаң – сені олар ынжық, бейшара әйел екен деп ойлайды... » – деп мені өзінше ширатып бақты. «Бірге барайық» деп едім, шақырылмаған кеңсеге сақалды басыммен қалай барамын?» деп көнбеді. Шешеңнің қасында бол деп, тек кенже қызымды қосты. Сонымен, тағайындалған сағатта министр Дәукеевтің қабылдау бөлмесінде болдық. Ауызғы бөлмеде кісі көп екен, отыз шамалы адам. Кілең қасқа мен жайсаңдар. Сірә, жасаң кезінде дала кезген, жел өтін­де болған, кен іздеген мамандар. Сағат екіге бес-алты минут қалғанда қабылдау бөлмеге Серікбек Жүсіпбекұлы келді, әріптестерімен басын изеп амандасып, бұрышта бүрісіп отырған менің қасыма келіп: «Апай, денсаулығыңыз қалай? Ақсақалыңыз, бала-шағаңыз аман ба?» – деді, мен: «Шүкір қарағым, шақырды деген соң асыға жеттім» деп едім, ол жымиып: «Жақсы хабарға шақырдым, апай. Қазір, бірінші кезекте сізді жөнелтемін...» – деп кабинетіне беттеді. Бөлмеде тұрғандар төрдегі кабинетке жапа-тармағай кірді. Мен сыпайылық сақтап, отырып қалдым. Қызым қолымнан ұстап, «Мама, түсіңіз бұзылып кетті, мына дәріні ішіңіз!» – деп, қол сумкасын ашты. Дәрінің екі түйірін жұттым. Су ішіп тұрғанымда, көмекші қасыма келіп: «Апай, жүріңіз!» – деді, абыржыған жайымды сезді-ау деймін, қызыма да бірге жүр дегендей иек қақты. Министр Дәукеев орнынан тұрып: – Мырзалар, мына кісі – Рузима апай Мерғалиқызы, есімі мен іздемпаздық зор еңбегі көп жылдарға жабылған, 1937 жылғы Үлкен репрессияның құрбаны, біздің аға әріптесіміз, қазақ қауымынан Қ.И. Сәтбаевтан кейін, сірә, екінші кезекте, сонау 1928 жылы Мәскеудің тау-кен институтының үздік дипломын иеленген геолог Мерғали Қадылбековтің артында қалған жалғыз перзенті, зейнеткер-мұғалима... – деп, көкемнің өмір жолын, қайда туғанын, тоғыз жылдық геологиялық ізденістерін атап өтті де, менің арызым бойынша арнаулы мамандар тобы тексеру жүргізгенін, оның ұсынысын ведомствоаралық комиссия бекіткенін жариялады. Содан соң, маған қарады да, қолына көкшіл тыстықпен қапталған дипломды алып, – Рузима Мерғалиқызы, әкеңіз Мерғали Қадылбековке «Текелі қорғасын-мырыш кенін тұңғыш ашушы атағы берілсін» деген бұйрыққа, міне, қол қойдым. Енді, сол атақтың дипломы мен омырау белгісін марқұм геологтың мұрагері өзіңізге тапсырамын! Сіздің осы ақиқатты дәлелдеу үшін қырық жыл қажымай ізденіп, қыруар бейнет шегіп, таңғаларлық қайрат пен төзімділік көрсеткеніңізді білемін. Соған таңданып әрі сүйсініс білдіремін! Министрліктің алқа мүшелері түгел бас қосқан жиында, өзімнің және осы мырзалардың атынан, Рузима апай, Сізді шын жүректен құттықтап әрі табанды еңбегіңіз үшін рақмет айтамын!.. – деп тебіріне сөйлеп, диплом мен айрықша белгіні қолыма ұстатты. Үстел басындағылар дүркірей қол соқты. Қапелімде үнім шықпай, абдырағаным сонша, көзімнен ыстық жас домалап, ойымда сайрап тұрған сөзімді тарс ұмытып, тым-тырыс тұрып қалдым. Серікбек Жүсіпбекұлы тағы да жымиып: – Апай, бізден сіз күткен қуаныштың алғашқысы бұл. Әкеңіз ашты деп арызы­ңызда көрсеткен кен орындарының тарихын тексеру жүріп жатыр. Көп жыл жабық жатқан мәселенің әлі де анықтайтын гәптері бар. Бұйырса оны да шешіп, нәтижесін өзіңізге хабарлаймыз... Ал, Текелі туралы сол өндірістің өзінен, Текелі қаласының басшыларынан да сұрау түскен соң бұл мәсе­лені тездетіп шештік. Ал, мынау, сіз­ге ұсынған диплом мен омырау белгінің байғазысы!.. – деп қалың конвертті алдыма қойды. Көмекші жігіт бір құшақ гүлді қолыма ұстатты. Құдай дес бергенде есімді жиып, өзіме аңтарыла құздиған азаматтарға қарап: – Серікбек қарағым, саған серік болып осы министрлікті бірге басқарып отырған қымбатты азаматтар!.. – деп бастап, жүрекжарды сөзімді айттым. – Менің қырық жылдан бергі ізденісім, басымнан кешкен бейнетім сыпыра тұман еді. Сол тұман ашылмай, күн көзін көре алмай, өмірден өтетін шығармын деген құса оймен мәңгу болған бейкүнә жан едім. Бүгінгі сыйлықтарыңмен сол тұманды сейілттіңдер, қарақтарым! Өмірде ақиқат барын білетін едім, ерте ме, кеш пе, соған қолым жетеріне сенгенмін. Бүгін міне, алдымнан жарқырап күн шықты. Соны жасаған Серікбек, айналайын, сенсің, мына отырған серіктерің. Бәріне ақ күміс шалған ғазиз басымды иіп, рақмет айтамын. Алдағы күндерің жарық, маңдайларың ашық болсын! Әрқашанда ақиқаттан таймаңдар! Ақиқат үшін арыстанша күресіңдер, қарақтарым!.. Министр қызым екеумізді ауызғы бөл­меге дейін шығарып салып, хатшы келіншекке мына кісіні үйіне жеткізіп салсын, жүргізушіні шақыр деді. Сол күні дастарқан жайып (әкеміздің Жоңғар Алатауының аса көрікті аңғарынан 1936 жылы іргесін қалаған Текелідей көркем қаланың өмірге келуіне негіз болған мемлекеттік құжат, № 61, 2 сәуір 1996 жыл­ғы куәлік біздің үйде сақтаулы), туыс-жақындарымызды шақырып тойладық. Енді, арызымда қадала сұраған үш кен орнының да тарихын айтайын: министр С. Ж. Дәукеев, қазірде басқа жұмыста деп естідім, қайда болса да Алла жолын оңғар­сын, оларды да оңды шешті. 1997 жылдың қаңтар айының аяқ шенінде Серікбек Жүсіпбекұлы мені алқа мәжілісіне шақырып, әкемнің Қарағайлы және Қайрақты түсті металл кен орындарын тұңғыш ашушы дипломы (екі кен орны да 1997 жылғы 23 қаңтарда толтырылған № 157 бір куәлікте бірге жазылған) мен омырау белгісін тапсырды. Сол марапатты ұсынып тұрып: «Апай, Кентау қаласындағы Мерғалымсай кен орны туралы даулы мәселені шеше алмадық. Бірақ, сіз осы кен орнының жергілікті халықтың атауымен түу бастан, қазірде де Мерғалымсай атанғанына тәубе деңіз. Ол енді шынында да сіздің әкеңіздің есімін алған кеніш. Кен орнының қоры таусылғанда да сол жерде ірге тепкен қалашық сол қалпында қала береді. Ешкім де оны жұмыскер Миргалим Фахрезетдинов ашты дегенге сенбейді. Солай деп газеттер де жазыпты, біз де осы уәжге тоқтадық. Соған сіз де разы болыңыз!...» – деген ойлы сөзін естіген соң, «Жарайды, қарағым, түйе сұрап бие алғаныма разымын. Кезінде өз заманына басы сыймаған әкеме сүбелі үш кен орнын ашушы деген атақты сый еттің. Мен енді сол куәліктерге сүйеніп, әкемнің есімін сол кеніштерде сақтау, құрметтеу ісімен шұғылданамын!..» – деп рақмет айттым. * * * Рузима Мерғалиқызы бізге ұсынған құжаттардың бірі – Текелі қаласының әкімі Н. Русиновтың 1998 жылғы 27 наурыздағы (№ 1-26-189) хаты. Онда ҚР Президентінің 1998 жылды «Халықтар бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялауына байланысты және Р.М. Қадылбекованың біздің әкімшілікке ұсынған құжаттарын негізге ала отырып, осы жылғы 2 наурыздағы № 364 шешімімен Текелі қаласының орталығындағы бұрынғы Щорс көшесіне Мерғали Қадылбековтің есімі берілгені айтылған. Осыған ұқсас екінші игі жораны Баянауыл ауданының әкімі К. Кеңесбаев 1999 жылы 27 желтоқсанда 310-санды әкімият шешімімен Майқайын кентіндегі бұрынғы Геологтар көшесін Мерғали Қадылбековтің есімімен аталғанын мәлімдеген. Тәубе делік! Алайда?... «Нұрғали мен Мерғали Қадыл­беков­тердің есімін қазірде күллі Қазақстан біледі. Екеуінің де есімдері «АЗА» кітабына жазылып, туған халқы үшін жасаған айтулы еңбектерін республиканың бас газеттері соңғы 10-15 жылда неше мәрте қайталап жазды. Олардың авторлары – мен емес, жазушылар, газет тілшілері, әлеуметтік қоғамдардың ресми өкілдері. Рас, соған мен де, сендер де атсалыстыңдар. Жә, содан не шықты? Әзірше ауыз толтырып айтқандай игі шаралар жасалған жоқ. Сірә, Мерғали көкеме құрмет Майқайын кентінің бір көшесін атаумен тоқтайды. Біздің баянауылдықтардың дәті ерекше берік жандар десем де артық емес. Оларға менің қазандай өкпем бар... – деп мұңын шағады Рузима Мерғалиқызы Баянауылдағы туыс­тарына жолдаған хатында. – Нұрғали Қадылбековтің Қазақстанның 6-7 облысында атқарған партиялық қызметтері ерекше зор, кезінде ол Солтүстік Қазақстан губерниялық партия комитетінің екінші секретары болған, Түрксібті салуға атсалысып, құрылысты жұмысшылармен қамтасыз ету саласын екі жыл басқарған, одан соң «Қарағандыкөмір» тресінде де кадр басқармасына жетекшілік еткен. Сол кездегі жанқиярлық жұмысы үшін Қарағандының, Қызылжардың, Алматының бір көшесіне есімі қойылып, өлкетану мұражайында суреті мен өмір жолы көрсетілсе немесе Павлодар өңірі туралы жазылып жатқан сан алуан кітаптарға енсе деген арманым қиял қалпында қалып, жыл ұзаған сайын сағымға айналып барады. Мерғали көкемнің тынымсыз еңбегі арқасында Кентау мен Текелі қалаларының қаз тұрып, ондаған мың халық қоныстанған шаһар болғанын елемеу, көрмеу, ескермеу – ұлттық болмысымызға мін емес пе? Ең құрғанда, Кентаудағы Мерғали көшесінің бір жеріне гранит тастан кеудемүсінін қойып, соның астына «Осы қаланың ірге көтеруіне дәнекер болған дарынды геологқа қала тұрғындарынан...» деген бір ауыз сөз жазылса – әкімият басшыларының беделі өспесе, төмендемесі айқын. Амал қанша, мен қарапайым зейнеткермін, сендер аудандық деңгейдегі қызметкерсіңдер... Қысқасы, аман болайық! Ақбота, бауырым, менің осы ісімді жалғастыруды саған аманат етемін. Алла саған жар болсын!..» Ағайынды Қадылбековтердің шерлі тағдырына азды-көпті жанасып, өмір жолының қаһармандық оқиғаларына сүйсінген, ауыр тағдырының бүге-шігесін деректермен шерткен қаламгер ретінде, мен, осы эссенің авторы, Рузима Мерғалиқызының жүрекжарды хатында сөз еткен мәселелердің әлеуметтік мәнді іс екенін қолдап, Кентау, Текелі, Баянауыл, Қайрақты, Қарағайлы кенттерінің, Талдықорған. Қызылжар, Қарағанды және Павлодар қалаларының зиялы қауымына, билік басындағы азаматтарға ағайынды Нұрғали мен Мерғали Қадылбековтердің есімін, ел тарихындағы еңбегін қандайда бір игі шаралармен ардақтау туралы өтініш айтумен шерлі хикаятымды аяқтаймын. Ел түтінін түзеуге, Ел мерейін көтеруге 1919-1937 жылдарда белсене қатысып, сол жолда мерт болған ағайынды Қадылбековтер есімдері Ел тарихына қайтарылар деген үміттемін!.. 20 маусым 2012 жыл, Семей

549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз